Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін жазба жұмыстары арқылы қалыптастыру жолдары


Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі танда еліміздің білім беру жүйесінде оқыту үрдісін тың жаңалықтарға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр. Соның бірі - қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуға қабілетті, өзіндік пікірін ауызша және жазба түрде тиянақты, анық, жүйелі жеткізе алатын жеке тұлғаны қалыптастыру.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған ролі атап көрсетілсе, осы заңның 41-бабында: «педагог қызметкерлер оқушылардың мемлекеттік білім беру стандартында көздеген деңгейден төмен емес білім, білік, дағды алуын қамтамасыз етуге, жеке шығармашылық қабілеттерінің көрінісін, дамуы үшін жағдай жасауға міндетті», - делінген [1] .
Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің дамуында жағымды өзгерістер және оқыту мен тәрбиелеу ісінің ұтымды жақтары ашылып жатқанымен, оқушылардың жеке басының шығармашылық жақтарына терең үңіле бермейміз.
Тұжырымдамада көрсетілгендей, бастауыш сынып оқушыларына әдебиеттік оқу сабақтарында жазба жұмыстарын орындай отырып, тілдік құралдарды өз тәжірибесінде пайдалана білудің ғылыми-әдістемелік жолдарын көрсетіп, ойын жүйелі түрде дұрыс айта және жаза алатындай етіп үйрету-бүгінгі заман талабы [1] . Мұның себебі, біріншіден, тіл - адам мәдениетінің, интеллектісі мен жан-жақтылығының көрсеткіші болса, екіншіден, өз ойын байланыстырып айту және жазу баланың басқа адамдармен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Басқалармен қарым-қатынастың тартымды, сәтті болуы адамның өзінің ойын қаншалықты еркін, тиянақты, жүйелі түрде жеткізуіне байланысты. Бастауыш сынып оқушылары әдебиеттік оқу сабақтарында жазбаша жұмыстарды орындау және сөздерді байланыстырып сөйлеуге үйрену арқылы тілдің мағыналық, құрылымдық ерекшелігін тануға, көркемдік бейнелілігін ұғынуға, сөздік қорының кеңеюіне мүмкіндік алады.
Жазбаша байланыстырып сөйлеу әрекетінде окушы сөйлемнің мәніне, мағынасына көңіл аудара отырып, ойлау әрекеті мен пайымдауы арқылы санасынан өткізеді де, өз ойын байланыстырып, жүйелі жазудың нәтижесінде жазбаша тілдік қатынасты жүзеге асырады.
Баланың мектепке келгенге дейінгі өзі игерген ауызша сөйлеуімен салыстырғанда, тілдік қатынастың күрделі түрі жазбаша сөйлеуге үйрету белгілі бір жасанды дағды негізінде қалыптасады. Сондықтан да бұл жұмыс мұғалім мен оқушы тарапынан көп көңіл бөлуді қажет етеді. .
А. Байтұрсыновтың жазуға үйрету әдісі жайлы « . . . сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу кандай қажет болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек . . . Сөздің жүйесін, қисынын келтіріп жаза білуге: қай сөз қандай орында өзгеріп, қалайша бір-бірімен қиындасып, жалғасатын дағдысын білу керек», - дей отырып, сөйлеудің жазба түрінің күрделі екеніне көңіл бөліп, жазуға үйретуге ерекше мән берілуі тиіс екендігін айтады [2. 263] .
Жазбаша байланыстырып сөйлеу тілдік таңбаның мағыналық тұтастығынан тұратын, тілдік қатынастың іске асуына негіз болатын қатысымдық тұлға мәтін құру арқылы жүргізіледі.
Соңғы кездері әдістемелік еңбектерде мәтін тек оқу және оқыту материалы ретінде ғана емес, сөйлеу кезінде ойды басқаға жеткізу құралы тұрғысынан қарастырылуда. Сөйлеушінің айтатын ойы мәтін құру арқылы жүзеге асырылатыны жөніндегі ой-пікірлер, зерттеулер Ф. Ш. Оразбаеваның [3], Т. Әбдікәрімнің, С. Р. Рахметованың, Н. Ж. Құрманованың, А. С. Қыдыршаевтың, Б. Қалимұқашеваның, Ә. Е. Жұмабаеваның, Б. Қабатайдың, Н. Сламбекованың, Н. Тойбазарованың т. с. с. көптеген ғылыми-әдістемелік еңбектерінде қарастырылған [4] . Дегенмен бастауыш сынып жасындағы балалардың жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретуге байланысты шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес.
Бастауыш сынып оқушыларының әдебиеттік оқу сабақтарындағы жазба жұмыстарын тексеру барысында бірқатар олқылықтар бар екені байқалды. Мысалы:
1) оқушылардың көпшілігі өз ойын байланыстырып жүйелі жаза алмайтындығы;
2) бағдарлама, оқулық, оқу кұралдарындағы оқушыны жазбаша байланыстырып сөйлеу әрекетін меңгертуге байланысты берілетін материалдар көлемінің теориялық жағынан да, тәжірибелік жағынан да жеткіліксіздігі;
3) оқушының мәтін құру кезінде тақырып пен мазмұнының байланысын ұғына алмайтындығы;
4) мәтіндегі негізгі ойды анықтай алмайтындығы;
5) сөз таңдау қабілетінің төмендігі, бір сөзді ретсіз қайталай беруі;
6) оқушының құрған мәтініндегі сөйлемдерінің бір-бірімен байланыспауы.
Осы сияқты олқылықтарды есепке ала отырып, зерттеудің өзектілігі айқындалды.
Зерттеу мақсаты - бастауыш сыныпта әдебиеттік оқу сабақтарында ғылыми-теориялық тұрғыда негізделген тиімді әдіс-тәсілдер арқылы оқушыларды жазба жұмыстары арқылы шығармашылық қабілетін дамытудың әдістемелік жүйесін негіздеу және тәжірбиеде қолдануға ұсыну
Зерттеу нысаны - бастауыш сыныпта әдебиеттік оку сабақтарында оқушыларды жазба жұмыстарын орындату арқылы шығармашылық қабілетін дамыту үрдісі.
Зерттеу пәні - жазба жұмыстарын орындату арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мүмкіндіктер
Зерттеу болжамы. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту үшін әдебиеттік оқу сабақтарында жазба жұмыстарының тиімділігі мынадай шарттар орындалған жағдайда артады: егер оқушыға берілетін мәтін жайлы теориялық білім мен қажетті білік, дағдылар нақтыланып, тақырыпқа байланысты мәтін құрастырудың әдіс-тәсілдері саналы түрде меңгерілсе, онда оқушылардың өзіндік әрекеттері мен шығармашылық қабілетінің белсенділігі қамтамасыз етіліп, ойын тиянақты түрде жазуға дағдыланады.
Зерттеу жұмысының міндеттері:
- философиялық, лингвистикалық, психологиялық әдебиеттерді оқып, тақырып тұрғысынан талдау жасай отырып, жүйелеу арқылы оқушыларды жазба жұмыстары арқылы шығармашылық қабілетті дамытудың негіздерін айқындау;
- бастауыш сыныптардағы әдебиет оқу сабақтарына арналған оқыту бағдарламалары мен оқулықтарды талдау арқылы оқушының шығармашылық қабілетін қалыптастырудағы әдіс-тәсілдердің психологиялық, педагогикалық талаптарға сай келуін анықтау;
- анықтау эксперименті бойынша бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін жазба жұмыстарын орындату арқылы сөйлеу деңгейлерінің қазіргі жайын саралау;
- оқушыларды жазбаша сөйлеуге үйретуге арналған жаттығулар мен тапсырмалардың (2 сынып бойынша) қолайлы мазмұнын, көлемін, әдістері мен құралдарын ұсыну;
- ұсынылған әдістемелік жүйенің, жаттығулар мен тапсырмалардың ұтымдылығын оқыту эксперименті арқылы дәлелдеу.
Зерттеудің деңгейі және дерек көзіне талдау. Халықтық педагогика мұралары, оқулықтар, мектептегі педагогикалық тәжірибе жұмысы. Оқушылардың оқу танымдық іс-әрекетін ұйымдастырудағы педагогтың ролі жөніндегі ғьлыми еңбектер мен сабақ барысында оқушылардың шығармашылық қабілетін, іс-әрекетін ұйымдастыру жолдарын Б. А. Тұрғынбаеваның «Дамыта оқыту технологиялары» атты оку әдістемелік құралы басшылыққа алынды.
Зерттеудің әдіснамалық негіздері және теориялық негіздері. Зерттеуге қатысты философиялық таным теориясы, педагогика, психологиялық, лингвистикалық, ғылыми әдістемелік ой-тұжырымдарда қалыптасқан тұжырымдамалар алынды: оқыту және таным психологиясы, үйрету теориясы, әрекет теориясы, мәтін теориясы және оны оқыту әдістемесі, оқыту технологиясының жетістіктері мен тиімді әдістері.
Зерттеу әдістері. Зерттеу тақырыб19ы бойынша жазылған ой-пікірлерге, психологиялық, педагогикалық, әдістемелік ғылыми әдебиеттерге талдау жасау әдісі; эксперимент әдісі (анықтау, оқыту, бақылау) ; оқушы әрекетін талдау (салыстыру, жіктеу) ; статистикалық әдіс (эксперимент нәтижесінің сандық-сапалық көрсеткіштерін талдау) .
Зерттеудің ғылыми жаңалығы және практикалық маңыздылығы.
- бастауыш сыныптарда окушылардың шығармашылық қабілетін жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің әдістемесін қарастыру;
- бастауыш сынып окушыларын жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйретудің және шағырмашылық қабілеті лингвистикалық, педагогикалық, психологиялық негіздері баяндалды;
- оқушының шығармашылық қабілеттері мен тілдік-қатысымдық дағдыларын қалыптастыру бағытында өз ойын жүйелі жазуға үйретудің әдістемелік жүйесі ұсынылды;
- мәтін құру арқылы жазбаша байланыстырып сөйлеуге үйрету әдістемесінің тиімділігі эксперимент арқылы дәлелденіп, оқулықтарды осы саладан жетілдіре түсу жөнінде ұсыныстар дайындалды.
Зерттеу жұмысындағы тұжырымдарды мектеп мұғалімдері тіл дамыту сабақтарында қолдануына болады.
Практикалық базасы. Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы №19 жалпы қазақ орта мектебі.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, әдебиеттер тізімінен тұрады.
Қоғам даму деңгейі мен әлеуметтік сұраным талаптарына үндес жүйеленген білім көлемі оқыту мен тәрбиелеудің басты ұстанымдарына сәйкес іріктеліп, оны меңгеру үрдісі психологияның жаңа бағыттарын басшылыққа ала отырып ұйымдастырылған жағдайда көздеген мақсатқа қол жеткізетіні белгілі. Сондықтан заман талабына сәйкес оқыту үрдісін жетілдіре отырып, қоғам сұранысына сай жеке тұлға қалыптастыру мәселесі бойынша бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту бүтінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отырғаны мәлім. Адамзаттың, прогрестің, әрбір жеке адамның дамуындағы қозғаушы күш - шығармашылық. Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытуға деген бетбұрыстың болуы бұл мәселеге деген қызығушылықтың артуымен сипатталады.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытудың жолдарын, құралдарын анықтау, психология мен педагогика ғылымдарында ертеден зерттеліп келеді. Шығармашылық - әлемдік мәдениеттің барлық дәуіріндегі ойшылдардың назарында болғандығын, «шығармашылық теориясын» жасауға деген көптеген ізденістердің болғандығынан байқауға болады. Сондыктан шығармашылық педагогикасының негізгі мақсаты - бүгінгі күн талаптарынан туындаған озық қоғамға лайықты жаңа сана, рухани сапа қалыптастыру және дамытуда тың жолдар мен шешімдер іздестіру болып табылады.
Бастауыш сынып оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту мәселесін талдау ең алдымен «қабілет» ұғымының мәнін терең түсініп алуды қажет етеді.
«Қабілет» ұғымы психологияда күнделікті өмірге қарағанда біршама тар мағынада қолданылады, ал ғылымда - адамның нышандары, білімдері, ептіліктері және дағдылары бойынша өлшенеді. Білім, ептілік және дағдылар тұлғаның қабілеті ретінде өзбеттілі қарастырылуы мүмкін емес, дәл сол сияқты табиғаттан адамға не берілсе, сол қабілет болып есептелінбейді. Бұл тек қабілеттің дамуына алғы шарт болып табылады. Қабілет туралы айтқанда, тұлғаның қандайда бір нәрсені істеуге мүмкіншілігі көрсетіледі, ал талант, дарындылық туралы айтқанда тұлғаның аталмыш қасиеттің туа біткен сапасының сипаты көрсетіледі. Осыған қоса қабілет те, дарын да іс-әрекеттің нәтижесінде көрінеді.
Кейде қабілетті «табиғаттан берілген» тума қасиет деп есептейді. Дегенмен, ғылыми талдаулар тек нышан туа пайда болуы мүмкін, ал қабілет - нышанның даму нәтижесі болып табылатындығын көрсетеді. Тұлғалардағы нышанның өзгешеліктері қабілет арқылы көрінбейді және қайталанбайды, ендеше нышандар қабілеттің дамуын анықтамайды, ал қабілет тек нышандармен ғана байланысты дамымайды.
Бастауыш сынып оқушыларының қабілетін дамыту мәселесі өзінің тамырын адамзат тарихының тереңінен алады. "Қабілет" ұғымын зерттеушілер сапында көрнекті анатомдар, физиологтар, философтар, педагогтар, қоғам қайраткерлері, психологтар т. б. болған. Қабілеттер проблемасы психологияда көп зерттелген бөлімге жатады. Оның басында Платон және Аристотель болған, олардың еңбектері талай ғасырлардан өтіп, қазіргі уақытқа дейін жетті. Олардың бағыттары бойынша, қабілеттердің туысынан болатыны және сыртқы жағдайларға тәуелді екендігі қарастырылып келеді [5] .
Платонның пікірінше, « . . . барлық адамдар өзінің қабілеттілігімен тіптен әр түрлі: біреулер басқару үшін, басқалары көмектесу үшін, ал қалғандары жер шаруашылығы мен қолөнер үшін туғандар» [5] .
Аристотельдің пікірінше, қабілеттерді тұлғаның сапасын, оның іс-әрекетінің сапасын анықтаушы ретінде қарастыруға болады [5] .
Ежелгі грек философы Сократ оқушы бойында болатын қабілеттерге ерекше мән берген. Ол өз оқушыларының қабілеттерінің дамуына үнемі қамқорлық жасап отырғандығын оларға ешқандай дайын ұсыныстар бермей, "ақиқатқа жетуді" өздеріне тапсырғанын байқауға болады. Бұл әдіс "сократтық" әдіс деп аталған [5] .
Испандық дәрігер Хуан Уарте адам қабілеттерінің шектеулі екенін, сол себепті ол әртүрлі әрекеттерді бірдей нәтижелі орындауы мүмкін еместігін айтса, бұған керісінше педагог-гуманист Я. А. Коменский оқыту арқылы оқушыда әртүрлі қабілеттерді қалыптастыруға болады деген идеяны ұсынады [6] .
Өз заманындағы сан алуан ғылым салаларын меңгерген ғұлама ақын Жүсіп Баласұғын өзінің "Құтты білік" атты еңбегінде жан-жақты дамыған адамды, барлық қабілеттері дамыған "толық пішімді адам" дей келе, оған жетудің жолы білім, ғылым екенін атап көрсеткен. Адамның ақыл-парасаты барлық нәрсенің мән-мағынасын түсінуге қабілетті деген пікір айтқан [7] .
Адамның ақыл-ойын, қабілеттерін дамыту арқылы оны жолына жеткізу мәселесіне бірнеше еңбектер арнаған шығыстың әйгілі ойшылы Әл-Фараби, қабілеттер өзінен-өзі табиғат тудырған қалпында жеткізе алмайтындығына, оларды бағыттау, тәрбиелеу, дамыту керек екендігіне тоқталған.
Абай Құнанбаев " . . . жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зор айтады, ескерусіз қалса, ол куаттар жоғалады, не аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсе жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән куатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіруі үшін қам жеуі керек", деп тұжырымдайды [8. 251] . Бар өмірін ағарту, тәлім-тәрбие саласына сарп еткен, осы қызметті өз өмірінің негізгі арқауы деп санаған педагог, ағартушы Ыбырай Алтынсарин арнайы психологиялық еңбектер жазып қалдырмаған кісі. Әйтседе оның алуан сындарлы ойға толы шығармаларынан әлеуметтік, балалар және психологиялық-педагогикалық мәселелерге орайлас айтылған әртүрлі қызықты деректер кездеседі. Мысалы әңгімелерінде адамның тағдыры туысынан белгіленбейтіндігін, адамдық қасиеттердің, қабілеттердің қалыптасар жері өмір талқысы, әрекет ету екенін ескертеді [9. 38] .
Қабілеттер жайлы жазылған ойларды, тұжырымдарды, еңбектерді талдай келе, адам бойындағы табиғи мүмкіндіктер болады, олар тек белгілі бір әлеуметтік жағдайларда байқалып, әрі қарай дамиды, әр адам басқа адамнан өзінің табиғи психологиялық өзгешеліктерімен ерекшеленеді деген қорытындыға келуге болады.
Философияда "қабілеттерді" тұлғаның белгілі бір әрекеті орындауға жағдай жасайтын жеке ерекшеліктері дей келе, олар қоғамдық - тарихи іс-әрекеттердің нәтижесінде қалыптасып, әрі қарай дамып отыратындығын атап көрсеткен [7. 525] .
"Қабілет" ұғымына берілген психологиялық анықтамалар саны өте көп. «Қабілеттер білім алуға қажетті адамның психологиялық ерекшеліктері» [10] . "Қабілеттер іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай, нәтижелі орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті" т. б. [11] .
Кеңестік психологтардың қабілеттер жайлы еңбектерін шартты түрде 2 топқа белуге болады. Біріншілер қабілеттер мәселесін теориялық тұрғыдан талдаса, екінші топ өкілдері нақты қабілеттер құрылымын зерттейді.
Қабілеттер мәселесін көтерген С. Л. Рубенштейн іс-әрекеттің қабілет дамытудағы ролін нақтылады [12] . Осыдан бастап қабілеттердің әрекетте дамитындығы жайлы теория қалыптасып, бұл екі категория біртұтастықта қарастырылатын болды.
Ерекше тоқталуды қажет ететін қатарға Б. М. Теплов және оның шәкірттерінің еңбектері жатады [13] . Олар қабілеттерді жеке адамның психологиялық айырмашылығы деп қарастырып, қабілеттер дамуындағы нышандардың роліне ерекше назар аударады. Қабілеттер туа пайда болады деген пікірлерге қарсы, туа берілетін табиғи алғы шарттар, яғни нышандар деп қорытындылайды.
А. Н. Леонтьев басқа авторлардың қабілеттерге берген анықтамаларына қосыла отырып, оларды дамытудағы әлеуметтік жағдайлардың шешуші ролі болатындығына назар аударады [14] . Барлық психикалық қасиеттер сияқты, қабілеттер де алдыңғы ұрпақтар тәжірибесін меңгеруде қалыптасып, дамып отырады деген идеяны алға тартады.
Қабілеттер жайлы ой-пікірлерді әрі қарай өрбіте отырып, Б. Г. Ананьев қабілеттер тек білім, білік жиынтығы ғана емес, оларды қолдана білудегі дербестік, саналылық, шығармашылық деген пікір айтады [15] .
Қабілеттердің дамуын тұлғаның дамуымен байланыстырады. Сондай-ақ таланттылық жайлы мәселе көтеріп, таланттылық деп қабілеттердің көпқырлылығын айтады.
Б. Г. Ананьевтің пікірі бойынша нышан қабілеттердің алғы шарты және олар тек іс-әрекетте ғана қабілетке айналады [15] .
Оқушы бойындағы дарындылық сияқты ерекше қасиетті зерттеген Н. С. Лейтес қабілетке "іс-әрекеттің белгілі бір түрінде жетісіктерге жеткізетін психологиялық қасиет" деген анықтама береді [16] .
Ақыл-ой қабілетінің алғы шарты белсенділік және өзін-өзі реттеу деген қорытынды жасайды.
К. К. Платонов қабілеттер жайлы түсініктерді тұлғаның ерекшеліктерімен байланыста қарастырады. Ақыл-ой қабілетінің кейбір компоненттерін анықтайды.
Педагогикалық қабілеттерді арнайы зерттеген Н. В. Кузьмина оның құрамының 3 түрлі қасиеттер тобынан тұратындығын анықтап, олардың бір-бірімен байланысын ашып көрсетеді.
Қабілеттер жайлы еңбектер мен зерттеулерді талдай отырып, бұл проблемаға деген қызығушылықтың үнемі болып отырғандығын және оларда соншалықты қарама-қайшылықтардың жоқ екенін байқауға болады. Аталған еңбектердің әрқайсысы қабілеттер мәселесінің теориялық негіздемесін қамтамасыз етіп, әрі қарай жетілдіру жолдарын белгілеуге үлес қосады.
Қабілеттер проблемасы - оқушылардың жекелік айырмашылықтар проблемасы. Қабілеттер туа бітетін қасиет емес, олар өмір сүру барысында дамып отырады. Қабілеттер дәрежесі әр адамда әр түрлі деңгейде болады. Оқушы бойындағы жалпы және арнайы қабілеттердің алғы шарты нышан болып табылады. Қабілет әрекетте байқалып, сол әрекет арқылы дамып отырады.
Қабілет әрекеттің белгілі бір түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бейімділікте байқалады. «Бейімділік - адамның әрекетпен айналысуға бетбұрысы, оған көңілінің аууы, оянып келе жатқан қабілеттердің алғашқы белгісі» - деп жазады академик Т. Тәжібаев [11. 54] . Бала кезде ерекше көзге түсетін бейімділік оның келешек көрсеткіші екендігін айтады.
«Бейімділік пен қабілеттің соншалықты тығыз байланыстылығы кейде тіпті бірінен-бірін ажырату қиындығын туғызады. Дегенмен бейімділік ұмтылу, ал қабілет - мүмкіндіктер» - дейді көрнекті психолог Н. С. Лейтес [16. 117] . Оқушының бейімділігін тәрбиелей отырып, оның жалпы қалыптасуына, ақыл-ойының өсуіне жағдай жасауға болатындығына тоқталады.
Қабілеттер мәселесін қорытындылай келе, педагогикалық практика үшін мәні ерекше мына жағдайларға айрықша тоқталуға болады.
Бірінші - адамдардың қабілеттер деңгейі жағынан тең дәрежеде болмауы. Қабілеттердің бірдей еместігін сыныпта отырған оқушылардың әрқайсысының әр пәнге және әр деңгейде қабілетінің болатындығымен дәлелдеуге болады. Бірі есепке жүйрік болса, екіншісі тілге бай, ал енді біреулері сурет салғанды ұнатады. Олардың қабілеттерінің құрылымы да, оны құрайтын компоненттер де әртүрлі болады. Мәселен: математикалық қабілет басым оқушыларда ойлау операцияларының тез, дәл болады да, бейнелеу өнеріне қабілетті балаларда нақты заттардың бөліктерінің ара-қатынасын жылдам анықтай білу сияқты белгілер басым болады. Музыкаға қабілетті бала есту, ритмді түсіну, сезімталдық сияқты сапалармен ерекшеленеді.
Екінші - адамдар бойында қабілеттің бір түрі ғана бола ма, әлде әртүрлі қабілеттің белгілері бола ма деген сауал төңірегіндегі пікірлер айтылады. Ғалымдар, керісінше көзқарастардың бар екеніне қарамастан, адам бойында әрекеттің бірнеше түрін орындай алу мүмкіндіктерінің бар екенін дәлелдейді.
Психологтар қабілеттердің екі түрлі деңгейінің болатындығын дәлелдёйді:
1. Репродуктивті - іс-әрекетті, білімді берілген үлгі бойынша қабылдай алу деңгейі.
2. Шығармашылық - жаңалық ойлап табуға бағытталған қабілеттер деңгейі.
Зерттеу жұмысының негізгі категорияларының бірі «Шығармашылық»
ұғымының мәнін анықтауымыз қажет.
Шығармашылық деген сөздің сырына үңілсек, "Шығармашылық" сөзінің төркіні - "шығару", "іздену", "ойлап табу" дегенге келіп саяды. Ол тарихи қоғамдық мәні бар, жаңалық ашатын адамның әрекеті. Ол - адамның мақсатты ісіне жету жолындағы талаптануы мен талпынысынан, жігері мен сабырынан, сұранысы мен ізденісінен құралып, ақыл-ой мен сезімнің, қиялдың ерекше бітімінен көрінеді.
Шығармашылық - бұл адамның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы, ізденуі. Өмірде дұрыс жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білуге үйренуі керек. Адам бойындағы қабілеттерін дамытып, олардың өшуіне жол бермеу адамның рухани күшін нығайтып, өзін-өзі табуына көмектеседі. Өйткені, адам туынды ғана емес, тудырушы, жаратушы да. Адамның өз болмысын тануына көмектесіп, тереңде жатқан талап-тілегін, қабілеттерін дамыту, сол арқылы оған толыққанды өмір сүру үшін жаңа рухани күш беру - білімнің ең маңызды мақсаты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz