Қазақ халық прозасындағы әпсана-хикаят жанры


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   
Мазмұны
:
Мазмұны: Кіріспе . . .
: 6
: 1
Мазмұны: Қазақ халық прозасының зерттелу тарихы . . .
: 9
: 1. 1
Мазмұны: Қазақ халық прозасының түрлері . . .
: 9
: 1. 2
Мазмұны: Қазақ мифтерінің жиналуы мен зерттелуі . . .
: 21
: 2
Мазмұны: Әпсана-хикаят жанрының шығу тегі мен дамуы . . .
: 42
: 2. 1
Мазмұны: Қазақ фольклорындағы әпсана-хикаяттардың жанрлық ерекшеліктері. .
: 42
: 2. 2
Мазмұны: Әпсана-хикаят жанрының тақырыптық және сюжеттік жіктелісі . . .
: 48
:
Мазмұны: Қорытынды . . .
: 62
:
Мазмұны: Пайдаланған әдебиеттер тізімі . . .
: 64

Кіріспе

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ халқының фольклоры зерттеудің үлкен айналымына түскен ғылым саласы екендігі мәлім. Бүгінгі таңда фольклордың мәселелерін арнайы қарастырудың нәтижелері де баршылық. Әсіресе, жанрлық тұрғыдан зерделеуде біраз игі істер атқарылды. Дипломдық жұмыстың негізгі өзегіне айналып отырған қазақ халық прозасы ауыз әдебиетінде кейінірек қолға алынғанымен, арнаулы зерттеу еңбектер жазылды. Бұл мәселеде фольклортанушы ғалым С. Қасқабасовтың «Қазақтың халық прозасы» [1] атты монографиясының маңызы зор. «Халық прозасы» деген ұғым әлемдік фольклортану ғылымында 1950-60 жылдардан, яғни «Халық прозасын зерттеушілердің халықаралық қоғамы» құрылғаннан кейін қолданыла бастады. Дүние жүзі фольклортануында қалыптасқан түсінік бойынша, халық прозасына ауыз әдебиетінің қара сөзбен айтылатын барлық түрі кіреді. Олар екі үлкен топқа бөлінеді. Бірі - ертегілердің барлық жанры, ал екіншісі - ертегіге жатпайтын барлық прозалық шығармалар.

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ фольклортану ғылымында да халық ауыз әдебиетінің құрамында прозалық жанрлар бар екені, олар іштей жіктелетіні айтылып келеді. Мәселен, М. Әуезов пен Е. Ысмайылов оларды «Фольклордың қарасөзбен айтылатын бір түрі» [2] - деп атайды. Демек, басқа халықтардың фольклоры сияқты, қазақ ауыз әдебиеті де прозалық үлгіге бай. Сондықтан қазақ фольклорының прозалық жанрлары жеке бір жүйе құрайды деуге және оны «халық прозасы» деп атауға әбден болады. Оның құрамында ертегіден басқа да біршама прозалық жанрлардың үлгісі бар. Мысалы: аспандағы көптеген жұлдыздар, күн мен ай туралы мифтер, жеке-жеке тау, тас, көл, мекен аттарының бір шығуын бір тарихи оқиғаға байланысты баяндайтын аңыздар, жезтырнақ, жалғыз көзді дәу, әр түрлі үббе, күлдіргіш, албастылар жайындағы хикаялар, Лұхман, Сүлеймен, Ескендір хақындағы әпсана-хикаяттар ертегіге жатпайды. Тақырыптың өзектілігі осыдан аңғарылатынын ескере келе, біз бұл мәселені өзекті мәселеге айналдыруды негізгі нысана еттік.

Тақырыптың зерттелуі. Біздің ұлттық фольклортануымызда халық прозасының ертегілер тобы көбірек зерттелген. Ертегіге жатпайтын прозалық фольклор біраз уақытқа дейін жүйелі зерттелмеді. Бұл топ көбінесе ертегілермен бірге қарастырылып келді. Тек М. Әуезов пен Е. Ысмайылов бір топ прозалық шығарманың ертегі жанрына жатпайтынын анықтап, оларды «аңыз ертегілер» деп атаған [3] . Бұл топқа олар қысқаша шолу жасаған. Осы бастаманы әрі қарай жалғастыруда С. Қасқабасов зор үлес қосып, жоғарыда аталған монографиясында халық прозасының ертегіден басқа жанрларын (аңыздық проза) арнайы қарастырып жүйелейді. Фольклор жанрларының теориясына сәйкес халық прозасын бір жүйемен зерттеп шығу, оның жанрлық құрамын ашу, әрбір ішкі жанрдың шығу, даму процесін көрсету, халық прозасының өмір шындығына қатысын анықтау және оның поэтикасын талдау автордың негізгі мақсатына айналған.

Дипломдық жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Біз бұл шағын жұмысымызда қазақ фольклорындағы халық прозасын, нақтырақ айтсақ, аңыздық прозада қарастырылатын әпсана-хикаят жанрын объектіге ала отырып, өзіндік табиғатын таразылауды мақсат еттік.

Бүгінде тәуелсіздік тұғырына қонып, азат ел болған халқымыздың рухани өмірінде жаңа бетбұрыстар болып жатыр. Солақай саясаттан жапа шеккен халық мұрасының қыр-сырына үңіліп, бүге-шігісіне дейін зерттеп тану мүмкіндігіне ие болдық. Бұл ұлтымыздың рухани көкжиегін кеңейтуде, ұлттық болмысымызды танытуда ерекше маңызға ие.

Дипломдық жұмыстың зерттеу арналары мен негізгі тірегі - халық ауыз әдебиеті мұраларын танып-білуге қатысты, сондай-ақ, фольклордың теориялық мәселелеріне байланысты отандық және әлем ғалымдарының байыпты ой-пікірлерін темірқазық етіп ұстандық.

Дипломдық жұмыс зерттеу мақсатына қарай кіріспеден, екі бөлімнен және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген. Кіріспеде дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігі, зерттеу мақсаттары мен міндеттерін айқындап, теориялық мәселелердің қойылуына үңілдік. Бірінші бөлімде қазақ халық прозасы туралы түсінік беріліп, оның зерттелу мәселелері сөз болады. Екінші бөлімде әпсана-хикаят жанрының пайда болу заңдылықтарын, жанрлық ерекшеліктерін зерделеп, олардың тақырыптық жіктелісіне назар аудардық. Қорытындыда жұмыстың екі бөліміндегі ғылыми тұжырымдар мен талдауларға түйін жасалды.

Дипломдық жұмыс жаңалығы. «Қазақ фольклорындағы әпсана-хикаят жанры» атты тақырыптың негізгі арқауы халықтың ықылым замандағы көне түсінігі мен танымын көрсетеді. Адамды періште, пәк, ақ адал тазылықтың үлгі-өнегесі ету мен адамзатқа жауыздық жасаушы жамандықтың өкілдері арасындағы күрес әпсана-хикаят жанрынан танылады. Ең басты мәселе оның сыры мен сипатын ашудан танылады. Негізінен әпсана-хикаяттан өмірде болған айтулы өнер адамының бейнесін көрсек, оның бірте-бірте ертегілік сипатқа ауысып бара жатқандығын танимыз. Бұл сөзсіз ғылыми пайымдауды, белгілі бір түйіндемелер жасауға алып келеді. Жұмыстың ғылыми жаңалығы осыдан көрінеді.

Дипломдық жұмыстағы қолданылған әдіс-тәсілдер. Жұмыс жазу барысында қажетіне қарай тарихи-генетикалық, салыстырмалы әдіс-тәсілдер қолданылады.

Дипломдық жұмыстың практикалық маңызы. Дипломдық жұмыстың тақырыбының өзектілігі және ғылыми маңызы еңбегіміздің практикалық маңызын көрсете алады деген ойдамыз. Жұмыстың нәтижелерін студенттердің практикалық сабақтары мен өздік жұмыстарына пайдалануға болады деген пікірдемін.

Жұмыс нәтижесіне байланысты төмендегі мәселелерді қорғауға ұсынуға болатын тұжырымдар ретінде ерекшеледік:

- «Қазақ фольклорындағы әпсана-хикаят жанры» - «ертегіден тыс халық прозасының» бір саласы болып табылады.

- Әпсана-хикаятта белгілі бір болған оқиға негізге алынып, оның көркемделіп, ойдан шығарылып, мейілінше қиялдың үстемелей қосылынуынан баяндалатын ұзақ әңгімені түсінеміз. Асан қайғы т. б. туралы алғашқы аңыз әңгіме айтылу барысында, ауызша таралу негізінде әпсана-хикаятқа айналып үлгерген.

- Әпсана-хикаят жанры тақырыбына қарай бірнеше түрлерге бөлінеді:

- Жер-су аттарына байланысты әпсаналар;

- Діни әпсаналар

- Утопиялық әпсаналар және т. б. болып жіктеледі.

Бұның бәріде әпсана-хикаят жанрының табиғи болмысын көрсете алады.

Дипломдық жұмыс құрылымы. Диплом жұмысы кіріспе және екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Қазақ халық прозасының зерттелу тарихы

  1. Қазақ халық прозасының түрлері

Егер қазақ халық прозасын оның бұрынғы заманда атқарған қызметіне қарап топтастырып, сараласақ, онда ол үлкен екі топқа бөлінеді. Бірі - айқын көрінетін эстетикалық және ғибраттык функция атқаратын жанрлар (ертегінің бар түрі, мысал, хикаят-әпсананың кей түрі) . Бұлар көркемделген проза. Екіншісі эстетикалықтан басқа қызмет атқаратын прозалық жанрлар (аңыз, әңгіме, хикая, миф) . Ал бұл айтылғандар көркемдігі қарапайым проза. Әдетте, айтушы мен тыңдаушылардың өздері де бұларды көркем шығарма деп қабылдамайды. Айтылмыш жанрлардың басты мақсаты - тыңдаушыларға тарихи, саяси, діни т. б. практикалық мәлімет, хабар беру. Сол себепті оларда шығарма мазмұнын көркемдей, әсірелей баяндау мақсат тұтылмайды. Керісінше, олар нақтылы және қарапайымды сипатта баяндалады және сонысымен кәдімгі жай сұхбат-әңгімеге жақындайды.

Жалпы фольклор жанрларының өмірге қатынасына байланысты атқаратын қызметін сөз қылғанда, өте маңызды нәрсе - фольклордың көркемдігі. Көркем өнерге айналмаған фольклордың басты мақсаты танымдық. Бұған халық прозасының ертегіге жатпайтын тобы кіреді, атап айтқанда: ауызекі әңгіме, хикая, аңыз, шежіре, миф, әпсана-хикаят. Бұлардың міндеті - жас ұрпаққа белгілі дәрежеде маңайдағы табиғат, елдің өткен кеткен өмірі жайлы "білім" беру, тыңдаушыларды ел тарихынан хабардар ету. Сол себепті бұл жанрларда асыра көркемдеу, әсірелей суреттеу өте аз болады. Сөз өнеріне, көркем дүниеге айналған фольклор жанрларының басты функциясы - эстетикалық, тәрбиелік болып келеді. Ол жанрлар шығармаларында өмірді бейнелеу тікелей танымдық мақсат көздемейді, керісінше, адамды иландыру, сол арқылы тыңдаушыға үлкен әсер ету мақсатын көздейді. Оны ләззатқа бөлеуге тырысады. Қазақ халық прозасының ертегі жанрлары түгелдей осындай қызмет атқарады. Көркем фольклор ретінде ертегі өмірді, болмысты танып-білу ниетімен айтылмайды.

Фольклорды зерттегенде, оның танымдық түрін де, көркем түрін де жан-жақты қарастыру қажет. Өйтпеген күнде жанрлар теориясын жасау мүмкін емес, көркем түрлердің даму зандылықтарын да ашу қиын. Мысалы, көркемдігінен гөрі танымдық қызметі басым прозалық жанрлардың осы күнге дейін қазақ фольклортануында зерттелмей келуі - жоғарыда айтқан принципті сақтамаудың салдары. Соның нәтижесінде бізде әлі күнге дейін қазақ халық прозасы жанрлық тұрғыдан зерттелмей келді, жанрлар ғылыми саралауға түскен жоқ, олардың ішкі даму заңдылықтары мен тұрақты белгілері айқындалған жоқ. Ал, белгілі бір жанрдың табиғатын, ерекшелігі мен заңдарын білмейінше ол жанрға жататын шығарманы объективті түрде және дұрыс бағалау қиынға соғады. Себебі қашан болса да бір нәрсенің ерекшелігі, жалқылық қасиеті тек жалпымен, ортақтықпен байланысқанда ғана анықталады.

Жалпы, халық прозасының ертегіге жатпайтын жанрлары баяндалып отырған оқиғаны негұрлым шындыққа жақын, өмірде болған етіп көрсетуге тырысады. Бұл ретте меморат пен хикая жанрларынан басқа аңыз бен шежірені атауға болады. Олар көркем сөз бола тұрса да ел үшін ең алдымен тарихи және праволық қызмет атқарады. Шешендік сөз бен шежіренің эстетикалық қызметінен идеологиялық қызметі басым болғандықтан ол жанрларда ешқандай қиял-ғажайып қоспа болған жоқ. Сол себепті бұл жанрлардың шығармалары айтушының оқиғаға тікелей қатысуын керек қылмаса да өмірде шын болған жағдайды баяндайды деп есептелінген. Ондағы оқиғалар ешбір күдік туғызбаған, тыңдаушы оған күмәнданбаған.

Рас, бұл шығармалардың айтылу мәнері меморат пен хикаядан өзгеше. Мұнда, фольклордың көркем жанрлары сияқты, айтушы оқиғаны сырт баяндайды, шығармадағы іс-әрекеттер өзінен-өзі болып жатқан секілді қылып көрсетеді. Мұндай баяндауды презентативті, яғни нұсқай, көрсете баяндау дейді.

Ғылымға қиынырақ тиетін мәселе - фольклорлық прозаны күнделікті жай әңгімеден, жай сөзден ажырату, яғни фольклорлық прозаға не жатады, екі-үш адамның әңгімесі, сұхбаты қалай аталады (не болады) - міне, осыны анықтау қиын. Басқа сөзбен айтқанда, жай әңгіме де ауызша прозаға жатады, бірақ ол фольклор болып есептеле ме, жоқ па - мәселе осында. Бұл жөнінде ғалым С. Қасқабасов мынадай пікір айтады: " . . . жай сұхбат әңгіме циклге түспесе, бірден-бірге тарап, тұрақтаған сюжет құрамаса, фольклор болып саналмайды" [1, 32] .

Фольклорлық проза шығармаларын айтылу мақсатына (пайда болуына да) қарай үш топқа бөлуге болады. Бірінші топты танымдық (познавательный) мақсат көздейтін шығармалар құрайды. Мұндай шығармалар тыңдаушы жұртқа жаратылыстың, дүниенің адамды қоршаған нәрселердің және неше түрлі жан-жануарлардың пайда болуын, олардың мінез-құлқын түсіндіреді (мифтің барлық түрі, кейбір аңыздар) . Екінші топқа мағлұматтық (информативный) мақсатпен айтылатын шығармалар жатады. Бұл шығармалар көбінесе екі-үш адамның сұхбаты, әңгімесі түрінде болып келеді. Мұнда көп жағдайда айтушы өз басында болған ғажайып оқиғаларды немесе естіген хикаясын әңгімелейді (хикая, меморат-әңгіме) . Үшінші топтың шығармалары көркемдік-тәрбиелік (эстетическо-воспитательный) мақсатпен айтылады. Бұл шығармалардың көркемдігі жоғары, сюжеті дамыған болып келеді. Бұған классикалық ертегілердің барлық түрі кіреді.

Бұл сараланған проза жанрларының арасында қатып қалған шекара жоқ. Олар өзара тығыз байланысты. Бір-біріне кірігіп жатады. Мысалы, қиял-ғажайып жағдаяттар кәдімгі ауызекі әңгімеде де кездесіп жатады, немесе таңғажайып оқиғалармен қатар бір ертегіде болмыстың шындық суреттері де ұшырасады.

Оның үстіне оқиға желісінің дамуына байланысты прозалық жанрлар бір түрден екінші түрге ауысып та жатады, Мысалы, тіршілікте жиі кездесетін бір ғана оқиға жай әңгіме болуы да мүмкін, ал осы оқиға көркемделіп, сюжеттік дамуға түссе, ол аңызға немесе ертегіге айналып та кетеді.

Жанрлардың жалпы көркемдік және морфологиялық (құрылымдық) белгілері көркем творчествоның ғасырлар бойы жасаған тәжірибесінен туғандықтан айтарлықтай тұрақты. Сол себепті фольклорлық проза жанрларының әрқайсысының (айталық, ертегінің, аңыздың, хикаят-әпсананың т. б. ) композициялық және сюжеттік құрамын белгілі бір мөлшерде анықтауға, білуге болады. Белгілі зерттеуші М. Каган дұрыс жазған: «Жанрлар арасындағы жіктің шарттылығына, олардың өзара оңай кірігіп кету мүмкіндігіне қарамастан өзгермейтін нәрсе - жанрдың объективті түрдегі сапалық белгісі» [4] .

Прозалық жанрларда қаһармандық пен лирикалық элементтерді көптеп ұшыратуға болады. Бірақ олар жанрды анықтауда критерий бола алмайды. Біз жанрды айқындауда бірнеше шартқа сүйенуіміз қажет. Айталық, шығармадағы басым түсіп жатқан (доминирующие) элементтер қандай; басты оқиға, қақтығыс қандай, ол қандай көркемдікпен, құрылыспен бейнеленген; шығармада баяндалған оқиғаға тыңдаушы жұрт пен орындаушы қалай қарайды, сене ме жоқ па?

Егер баяндалған оқиғаға ел сенсе, оны құрмет тұтса, онда ол шығарма ертегі жанрына жатпайды, яғни аңыздық проза болып есептеледі; ал баяндалып отырған оқиғаға тыңдаушы жұрт пен орындаушы сенбесе, одан бір эстетикалық ләззат алса, көңілі қанағаттанса, ол шығарма ертегі жанрына кіреді.

Фольклорлық проза шығармалары табиғатқа табынушылықтың салдарынан да пайда болады. Ондай әңгімелер мен мифтердің алғашқы мақсаты - адамға қас табиғат күштеріне қарсы күрес. Сондықтан олардың мазмұны - адам небір ғажайып мақұлықтармен кездесіп, қақтығысуы, солармен соғысуы болып келеді.

Бірте-бірте фольклорлық проза адамның табиғат күштерімен қақтығысын тікелей бейнелеуден арылады, ол енді көркем жанрға айнала бастайды. Сөйтіп оу бастағы қарапайым миф, әңгіме енді көркем шығарма бола бастайды «Шығарма құрылысының қарапайымдылықтан күрделілікке ауысуы, іс-әрекетті төтелеп баяндаудан гөрі диалог, монологтар арқылы беруге ұмтылушылықтың бой көрсетуі олардың жаңа деңгейге көшуінің де көрсеткіштері болып саналмақ» [5, 60] .

«Прозалық фольклорды ертегілік проза және аңыздық проза деп екі үлкен топқа бөлгенде прозалық шығармалардың мазмұнына ел илана ма, әлде иланбай ма деген шарт негізге алынады. Сырттай қарағанда, бұл субъективті принцип болып көрінуі ықтимал. Бірақ шындығында олай емес. Ертегілік прозада қиял - көркемделіп, таңғажайыпқа айналған, яғни ертегілерде қиял - көркемдік құрал ретінде қызмет атқарады. Ал, аңыздық прозада қиял - көркемдік құрал емес, ол таңғажайыпқа (фантазияға) айналмаған. Бұл топтағы шығармаларда баяндау болған оқиғаны бейнелеп отырғандай сезіледі және айтушы мен тыңдаушылар солай түсінеді» [1, 54-55] .

Міне, шығармаға илана ма, иланбай ма деген шартты сұрақ бүкіл халық прозасын екі үлкен топқа бөледі. Бұл ең басты белгі. Оны екі топ жанрларының поэтикасы да, эстетикасы да дәлелдейді.

Фольклорлық прозаны ертегілік және аңыздық деп бөлгенді қолдай отырып, белгілі фольклорист В. Е. Гусев осы жіктеудің критерийі дұрыс емес деп есептейді. Ол былай деп жазады:

«Қара сөз түріндегі жанрлар тобын көп зерттеушілер ертегілік және аңыздық прозаға бөледі; олардың көпшілігі бұлай жіктеудің критерийі етіп әңгімеші мен тыңдаушының баяндалып отырған оқиғаға көзқарасын алады: ертегілік проза - қиял деп есептелінеді де, аңыздық проза ақиқат ретінде қабылданады. Біздің ойымызша, бұл субъективті шарт, өйткені мұнда жанрдың басты емес, тұрақсыз әрі бұлыңғыр белгісі негізге алынған. Тапсыз қоғамның адамы мифтің мазмұнына сенген, алайда объективті түрде ол миф, ертегі тәрізді, - көркем фантазияның туындысы. Кейін миф қиял есебінде қабылданатын болған, бірақ мифтің ертегіге айналуы үшін бұл жеткіліксіз» [6] .

Алайда, В. Е. Гусев бұл жерде бір нәрсені ескермей отыр. Тапсыз қоғамдағы миф - көркем шығарма емес. Біріншіден, оның, мифтің, ол кездегі функциясы - тек қана танымдық. Екіншіден, мифте қиял көркемдік қызмет атқармайды. Мұндағы қиял мифті шығарушылардың, айтушы мен тыңдаушылардың дүниетанымын, түсінік-пайымын дәлелдеуге арналған. Сол себепті алғашқы қауым адамдары мифке сенген. Мифті қиял деп қабылдау кейінгі замандарда пайда болған. Мысалы, құл иеленуші мемлекеттік формацияда алғашқы қауымның мифі циклге түседі, жүйеленеді, сөйтіп көркемделе бастайды. Көне Греция, Рим, Египет, Қытай мемлекеттерінде осындай процестің арқасында алғашқы қауымның жекелеген мифтері үлкен біртұтас система - мифологияға айналған. Бұл мифологияда қиял ұрпақ кана емес, көркемдік қызмет атқара бастайды. Сонда да ол дәуірдің кісілері мифологиядағы іс-әрекетке сенген. Дегенмен, қиял көркемдік қасиет ала бастайды. Енді ол қиялдан (вымысел) ғажайыпқа (фантазия) ауыса бастайды. Бірте-бірте, әсіресе феодалдық қоғамда миф бұрынғы танымдық, нанымдық қасиеттерінен ада болып, көркем сөз ретінде қабылданады. Бұл кезде бүкіл қоғамдық, экономикалық өзгерістермен қатар идеология да өзгеріске ұшырайды. Бұрынғы қоғамдағы діни нанымдар жоққа шығарылады, олар басқа сипат қабылдап, басқаша түсіндіріледі. Миф те сондай халді басынан кешіреді. Сөйтіп ол көркем фольклорға айналады.

Халық прозасының белгілі зерттеушісі К. В. Чистов фольклордың прозалық жанрларын атқаратын қызметіне қарай бес топқа бөледі:

Бірінші топқа фольклорлы сөйлеу (фольклорно-речевой) жанрлары. Бұған кәдімгі ел арасындағы жай әңгіме, сұхбат жатады. Олардың басты функциясы - коммуникативтік-сөйлеу (коммуникативно-речевая) .

Екінші топқа баяндай сөйлеу (повествователъно-речевой) жанрлары жатады. Олар сөйлеу жанрлары мен баяндау жанрларының екі аралығында, біріншіден екіншіге ауысудың көпірі сияқты. Сол себепті бұл топтың эстетикалық функциясы біріншіден гөрі басымырақ.

Үшінші топқа ғалым салт пен ғұрыптан қол үзбеген жанрларды жатқызады (обрядовая фолъклорная проза) . Бұл топтың ішінде проза үлгісіндегі жұмбақтар бар.

Төртінші топты құрайтын жанрлар хабарлы-жаттамалы (информационно-мнемомическая) функция атқаратын шығармалар. Негізінде, бұл топқа аңыздық прозаның барлық түрі кіреді: миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят. Автор бұл топтағы жанрларды ертегі сипаттан тыс ауызша әңгімелер (устные рассказы несказочного характера) деп атайды.

Бесінші топты эстетикалық функция басым жанрлар құрайды. Бұған ертегінің барлық түрі, анекдот, өтірік өлең, мисал мен мысал кіреді [7] .

К. В. Чистовтың бұл принциптерінің ішінде келісуге болатын да, болмайтын да жақтары да бар. Біздіңше, фольклорлық прозаны осынша ұсақтатып бөлшектеу айтарлықтай ұтымды емес, әсіресе, күнделікті әңгіме-сұхбат пен әр түрлі лақап-әңгімелерді (орысша "слухи и толки" яғни тура қазақшалағанда - "өсек-аяң") фольклорлық жанрға жатқызудың ыңғайы келмейді. Ғалымның өзі айтқандай, қандай бір хабар яки әңгіме болмасын тұрақты бір қалыпқа түсіп, дәстүрлі сюжетке айналмаса, сөйтіп вариант туғызбаса, ол фольклор бола алмайды ғой.

Бірақ, жанрларды жүйелеп, жіктеп, зерттеу үшін К. В. Чистовтың ұстанған басты принципі - жанрларды атқаратын функциясына қарай саралау - толық мақұлдауды қажет етеді.

Қазақ халық прозасын жанрлық классификациялауға байланысты фольклортанушы ғалым С. Қасқабасов мынадай шарттарын атап көрсетеді:

Жанрдың атқаратын қызметі. Бұл шарт бойынша, қазақ фольклорының прозалық жанрлары танымдық (позновательный), мағлұматтық (информативный), ғибраттық (воспитательный), тамашалық (развлекательный), эстетикалық болып бөлінеді.

Шындыққа қатысы. Бұл критерийге сәйкес қазақ халық прозасы тарихи негізі бар (деректі), тарихи негізі жоқ (дерексіз) деп жіктеледі.

Прозалық шығармалардың көркемдік сипаты. Аталмыш принцип бойынша қазақ халық прозасы қарапайым және көркем проза болып екіге бөлінеді.

Прозалық шығармаға айтушы мен тыңдаушының қатысы. Бұл шарт негізінде фольклорлық прозаны ел сенетін, сенбейтін деп саралауға болады.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Батырлық ертегілердің құрылымдық ерекшелігі
Қазақ халық прозасын ғалымдардың классификациялауы. Қарапайым прозаның шығу тегі мен жанрлық ерекшеліктері
Қазақ халық прозасын саралаудың шарттары
Балалар әдебиеті - тәрбие құралы
Ғалымның қазақ ертегілеріне қатысты ұстанған көзқарастарының концепциясын айқындау
Ескендірмен Асанқайғы жайлы әңгімелер
Қазақ әдебиетінің тарихы
Мифология және қазақ мифтері
Фольклорлық прозадағы жанрлар жүйесі
Жазушы шығармаларындағы ұлттық мінез бен қазақы болмыс
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz