ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ әдебиетіндегі символизм сипаты


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 69 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 6

1 Символизмнің әлем әдебиетіндегі көркемдік қызметі . . . 9

1. 1 Символизмнің шетелдерде ағым ретінде қалыптасуы мен дамуы . . . 9

1. 2 Орыс символизмі және оның көркемдік қызметі . . . 20

2 Қазақ поэзиясындағы символизм көріністері . . . 34

2. 1 Қазақ поэзиясының даму арналары және Мағжан символизмі . . . 34

2. 2 Символизмнің Бернияз Күлеев поэзиясындағы көрінісі . . . 52

Қорытынды . . . 61

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 64

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Символизм - теориялық тұрғыдан терең зерттеуді қажет ететін әдебиет тарихының ең үлкен салалық бағытының бірі. ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы символизм мәселесі - қазақ әдебиетінің тарихында әлі терең зерттелмеген тың тақырып. Қазақ әдебиетінің тарихи дамуында, өмір шындығын көркем бейнелеу жолында ХХ ғасырдағы әдебиеттің маңызды болғаны баршамызға аян. Аталған кезең шын мәніндегі ізденістер кезеңі болды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында сан алуан идеялық-эстетикалық арналар қалыптаса бастаған, соған орай әр түрлі әдеби бағыттар мен ағымдар көрінген күрделі кезең еді.

Жалпы ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті жайлы көптеген еңбектер жазылды. Б. Кенжебаев, С. Қирабаев, М. Базарбаев, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, Т. Кәкішев, Ә. Дербісалин, З. Бисенғалиев, Б. Майтанов, тағы басқа осы кезең әдебиеті туралы арнайы ғылыми-зерттеулері бар. “20-30 жылдардағы қазақ әдебиеті” атты еңбекте: “ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті жаңа басталған күрделі кезеңнің көркем сөзбен жасалған жайын ұқтыратын шежіре сыпаттас” [1, 20] - деп бағаланды. Бұл кезеңдегі әдебиет тұлғалы есімдерге толы болды.

ХХ ғасыр басындағы қоғамдағы түрлі өзгерістер әдебиетке тың сарын, жаңа тақырып әкелді. Осы кезеңдегі қазақ поэзиясы - қайшылығы мол күрделі жылдар поэзиясы. Қазақ поэзиясы әрқилы шығармашылық тағдырды бастан кешірді. Әдебиет тарихының аталмыш кезеңіндегі тұлғаларға әр түрлі дәрежедегі саяси айыптаулар тағылды. Әдебиетіміздің дамуына үлкен үлес қосқан Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қаламгерлер осы кезең әдебиетінде айырықша із қалдырды. Олар ғасыр басындағы шытырман оқиғалардың бәріне куә болды.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ әдебиетінің тарихында романтикалық бейнелеу тәсілі ондаған қаламгерлер шығармашылығынан орын алған болатын. Мәселен, романтикалық шығармаларында өлеңнің түрі саласында бірқатар ізденістер жасаған Мағжан сынды ақынның бұл бағыттағы суреткерлік тәжірибелері символизм тұсында кеңейді. Өзіндік өрнек тудырған, терең сырға, ұшқыр қиялға толы өлең дүниесін қалдырған ақындар Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев қазақ поэзиясына жаңа бағыт беріп, оған жаңа серпін әкелді. Түр, поэтикалық пішін сонылығы тұрғысынан келгенде аталған ақындар өлеңдерінің өзегінде қазақ тілінің мол мүмкіншіліктері өркендетіле дамытылды. Өлеңді дыбыстық жағынан үйлестіру - қазақ поэзиясына Мағжан әкелген жаңалық. Қаламгер ақындығы жөнінде алғаш құнды пікір айтып, үлкен баға берген кемеңгер тұлғаларымыздың бірі Жүсіпбек Аймауытов: “Қазақ әдебиетіне Мағжанның кіргізген жаңалығы аз емес, орыстың символизмін (бейнешілдігін) қазаққа аударды, өлеңді күйге (музыкаға) айналдырды, дыбыстан сурет туғызды, сөзге жан бітірді, жаңа өлшеулер шығарды” [2, 428] -деп жазған еді. Ж. Аймауытовтың бұл пікірі жоғарыда айтылған сөзімізге дәлел болмақ. Символизм арқасында қазақ өлеңінің бұған дейін ашылмаған қырлары ашылды. Символизм ойды бейне арқылы жеткізудің жаңа тәсілдерін алға тартты. Атап айтқанда, поэзия мен музыканы жақындастырды. Екі ақынның көркемдік түр саласындағы жеміс ізденістері - арнайы әңгіменің арқауы.

Жұмыстың зерттелу деңгейі. Зерттеу жұмысының тақырыбы - “ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі символизм” болғандықтан, осы орайда біршама ізденіс жұмыстар жүргізілді.

Бұл еңбегімізде қазақ поэзиясындағы символизм Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев шығармашылығы негізінде қарастырылған. Аталмыш екі ақынның поэзиясын қарастыруға олардың шығармашылығында символизмнің тұтас дүниетаным мен көркемдік-эстетикалық жүйе құрайтындай дәйекті, күрделі дәрежеге жетуі негіз болды.

Қазақ поэзиясындағы символизм хақында әдебиет зерттеушілерінің бірсыпыра пікірлері бар. Мәселен, әдебиеттанушы ғалымдар Б. Майтанов, Ш. Елеукенов, Б. Кәрібаева, жас зерттеушілер А. Шәріп, Е. Тілешев, т. б. осы мәселеге қатысты пікір айтып, тұжырымдар жасады.

Зерттеу нысаны. Еңбекте Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев шығармашылығындағы символизм мәселесін қарастыру, ақындардың өлеңдерін осы бағытта талдап, сипаттау басты нысанаға алынады. Еңбектің мазмұны Мағжан мен Бернияз поэзиясындағы символизм мәселесін негізге ала отырып, қазақ поэзиясындағы символизм мәселесін саралаумен сипатталады. Еңбекте ақындардың поэзиясындағы символизм көріністерін айқындау Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев өлеңдеріне талдау жасау арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда жалпы әдебиеттегі символизм туралы теориялық, зерттеу еңбектері басшылыққа алынды. Сонымен қатар Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеевтің шығармалар жинағы мәтіндік талдауға негіз болды.

Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. Жұмысымызда жалпы символизм мәселесі сөз етіліп, осыған байланысты орыс әдебиеттанушылары А. Г. Соколовтың, Н. А. Гуляевтің, А. П. Абраменконың т. б. зерттеу еңбектері қарастырылып, В. Брюсовтың, А. Белыйдың Д. Мережковскийдің, Вл. Соловьевтың т. б. символизмге қатысты ой-тұжырымдары зерделенген. Алдымен, символизмге жалпы түсінік беріліп, әдебиет тарихында ағымның пайда болуы, француз, неміс әдебиетіндегі символизм жайында әңгіме етіледі. Сонымен бірге еңбекте қазақ поэзиясындағы символизм мәселесі, Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев шығармаларындағы аталмыш ағымның көрініс табуы турасында айтылады. Осы мәселелерді саралауда әдебиетші, ғалымдар Б. Майтановтың “Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы”, Б. Кәрібаеваның “Қазіргі қазақ әдебиетінің даму арналары”, А. Шәріптің “Қазақ поэзиясы және ұлттық идея”, Е. Тілешевтің “Суреткер және көркемдік әдіс” т. б. еңбектерге сүйендік.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысын жазуда алға қойған негізгі мақсатымыз - Мағжан мен Бернияз поэзиясындағы символизм мәселесін жүйелі түрде қарастыру арқылы қазақ поэзиясындағы символизм мәселесін зерделеу. Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынадай міндеттер қойдық:

- Символизмнің әдебиет дамуындағы рөлін анықтау және қазақ символизміне теориялық тұрғыдан баға беру;

- Әдебиттегі символизм көріністерінің пайда болуының негіздері мен принциптерін қарастыру;

- Қазақ әдебиетіндегі аталмыш ағымның орнын, ерекшелігін зерттеу.

- Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев шығармашылығындағы символизмді зерделеу.

Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында әдебиеттің даму тарихындағы символизмнің алатын орнын, объективті түрде зерделеуде, көркемдік қызметін анықтауда, қазақ поэзиясындағы символизм мәселесін зерттеуде, Мағжан Жұмабаев пен Бернияз Күлеев шығармашылығындағы әдеби ағым көріністерін саралауда салыстырмалы және кешенді-типологиялық әдістер басшылыққа алынды. Сонымен қатар, зерттеу барысында жинақтау, салыстыру, көркем мәтінді талдау, баяндау сияқты тәсілдер қолданылды.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Қазақ әдебиетінің тарихында символизм мәселесі терең зерттелмеген. ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясындағы символизм, оның Мағжан мен Бернияз шығармашылығындағы көрінісі арнайы зерттеу нысанасына алынып отыр. ХХ ғасырдың басындағы қазақ поэзиясындағы символизм мәселесін зерделеу қазақ әдебиетіндегі ағымның көрінісі мен орнын, көркемдік ерекшелігін тануға мүмкіндік береді.

Зерттеу жұмысының құрылымы. Еңбек кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.

1 Символизмнің әлем әдебиетіндегі көркемдік қызметі

1. 1 Символизмнің шетелдерде ағым ретінде қалыптасуы мен дамуы

ХХ ғасыр басында ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңіндегі ағымдар мен көркемдік әдіс турасындағы көзқарастар. Әдеби сын осындай әдеби-теориялық ұғымдарды сол кезеңнің көркемдік дамуына қатысты сөз ете отырып, аса қызу пікірталастар туғызды. Жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы баспасөзде қазақ әдебиетінің даму бағыттары, болашақ белестері хақында бір-бірімен ымыраға келе бермеген, түрлі ұстанымдағы көзқарастар болды. «Еңбекші қазаќ», «Ақ жол» газеттері, «Шолпан», «Сана», «Таң», «Абай» журналдарының беттеріндегі әдеби-эстетикалық ой-пікірлерге назар аударар болсақ, жиырмасыншы жылдарда төңкерісшілерге біршама ашық қарсы тұра алған, идеология ықпалынан тәуелсіз ой-болжамдардың да өрістегенін атап өтуіміз қажет. Бір ғана Мағжанның шығармашылығының айналасында болған дау-дамайлардың өзі сол шақтағы әдебиет пен оны бағалау-игеру жолындағы қайшылықтардың тереңдеп бара жатқанының нақты көрінісі еді.

Біз 1920-30 жылдары әдебиеттің өре-деңгейі, даму өрісі турасында болған, кезінде үнемі таластар мен тартыстар туғызып отырған әдеби-теориялық ой-пікірлер ішінен өз мақсатымызға орай ағымдар мен көркемдік әдіс төңірегіндегі болжамдар мен көзқарастарға тоқталамыз. Ұлттық әдебиеттану ғылымының қалыптасуы мен дамуына арнап бірнеше сүбелі еңбектер жазған ғалым Ж. Смағұлов «1920 жылдары сыншылдық және әдеби-теориялық ой-пікірдің көбірек және қым-қиғаш сөз еткен проблемасы көркемдік әдіс пен әдеби ағым болғанын» атай отырып, өзінің зерттеу нысанына қатысты бірнеше мақалаларға талдау жасайды. Сол кезеңде жазылған еңбектердің әдіснамалық және теориялық құндылықтары туралы байламдарын алға тартады. Сонымен бірге «Жалпы қазіргі таңдағы қазақ әдебиеттануында ұлттық әдебиетіміздегі романтизм, реализм, сыншыл реализмнің көркемдік әдіс ретінде көрініс табуы мен әдеби ағымдар платформасының қалыптасуы кең масштабта қарастырылған жоқ. Әдебиет теориясына арналған монографиялардағы анықтамалық сипаттамалар мен жеке ақын-жазушылар шығармашылығын қарастырған еңбектердегі ой-пікірмен қанағаттанып жүрміз. Сол себептен де 1920 жылдар әдебиетіндегі көркемдік әдіс мәселесі даулы күйде қалып, 1930 жылдардан басталған социалистік реализмге бір-ақ секіріп келдік», - деп ағымдар мен әдістер теориясының әлі де болса жүйелі зерттелмей келе жатқанына қынжылыс білдіруі орынды.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі саяси қысымдардан салыстырмалы түрде болған тәуелсіздік әдеби-теориялық ізденістердің өрістеуіне біршама жағдай туғызды. Пролетарлық әдебиеттің өкіліміз дейтін төңкерісшіл қайраткерлерге әдебиеттің таза эстетикалық заңдылықтарына сүйене отырып жауап қатқан мақалалар - соның айғағы. Сөз өнерінің саясат шылауында қалуының неге апарып соқтырарын болжаған Қ. Кемеңгеров «Еңбекші қазақ» газетінде жариялаған «Көркем әдебиет туралы» атты мақаласында: «Шынында, біздің көркем әдебиет қоғам тұрмысын шет-пұшпағынан тартып жүр. Сол шет-пұшпақтың өзін көбінесе кейбір жазушылар романтизмге, символизмге айналдырып отыр. Кейбір жазушылар не үгітке, не жалаңаш парнографияға айналдырып отыр. Осы күнге дейін шын реализммен жазылған Бейімбет өлеңдері (мұның да біразы үгіт, насихат, ұран) шын реализмнен қоныс теппеу себебінен шын тұрмыстың бәрін қисайтып жібергендік», - дейді. Қазақ әдебиеттанушылары ұлттық әдебиеттің болашақ даму жолына байланысты «Тікен» деген бүркеншік атты иеленген автордың «Әдебиет мәселесі туралы» деген мақаласындағы айтылған ойларға да назар аударып келеді («Тікеннің» кейінде көркемдік әдіс мәселесінде біраз адасушылықтарға ұрынғаны да белгілі) . Ол: «Октябрь төңкерісіне орта жолдан қосылған жазушыларымыз шу дегенде балға, төс, фабрика, завод, автомобиль, аэропланнан бастап, жалпы бұқараның тұрмысынан алыс болса да, интернационализм бағытымен әдебиетке бір тарау жол салды. Міне, бұл - төңкерістің олжасы. Бұл жолдағылардың бағыты болмаса, өлеңдерінде, қара сөздерінде суретшілік кем. Көбі айқай, еліктеу, әдеби ұрлық» дей отырып әдебиеттің халық өмірімен қабыспай, оның тұрмыс-тіршілігінен бірте-бірте алыстап бара жатқанын дұрыс аңғарып, дер шағында мәселе көтере білді.

Ұлттық әдебиеттің алдағы өрісі төңірегіндегі таласты пікірлердің барлығы даурықпалы сипат алып кетті деуге болмайды. Ол тартыстардың ортасында ғылыми негізді ой білдірген, саясаттан дербес, әдеби-теориялық білікке сүйенген еңбектер болғаны белгілі. Аталмыш кезеңдегі әдеби-теориялық ізденістер көркем әдебиеттің табиғи сипатын ашуға ұмтылды да, көкейкесті деген бірнеше мәселелерді күн тәртібіне алып шықты. Әдебиет мәселелеріне белсене араласқан сыншылар мен зерттеушілер ең маңызды деген мынадай сұрақтарға жауап табуға тырысты: Ұлттық әдебиет қазір қандай дәуірді (сатыны деп те айтуға болады) басынан кешіруде? Қандай көркемдік әдістер мен әдеби ағымдар үстемдік құруда? Дәстүрлі көркемдік таным мен басқа әдебиеттер ықпалының арасалмағы қандай?

Әдебиетшілер алдына мұндай сұрақтардың көкейкесті қойылуы олардан әдеби-теориялық біліктілікті талап етті. Бұл әдеби үдерісті ғылыми-теориялық тұрғыдан талдауға мұрындық болды. Әдебиетті зерттеудегі осындай прогрестік жолды ұстанғандар деп Ж. Аймауытовты, Ж. Сәрсенбинді, М. Әуезовтерді айта аламыз. Әрине, олардың көзқарастарын жаңа қалыптасып жатқан саяси талаптарға көзсіз беріліп кеткендер бөлісе бермегені, әрбір әдеби-эстетикалық құбылыстың байыбына бармастан мейлінше қарсылық көрсеткені белгілі. Мысалы, «Соңғы жылдарда әдебиет туралы сөз қозғалғанда қойылған сұрауға көбінесе қазақ әдебиеті ќазір романтизм дәуірінде деген жауап беріліп жүр. Көбінесе б±л жауапты ұлтшылдық бағыттағы оқығандар беріп жүр. Олар әдебиет туралы сейлегенде романтизмді қайырылулы қаршығасындай қолына ќондыра сөйлейтін болып жүр . . . Әдебиетіміз романтизм дәуірінде деушілердікі - адасқандық. Әдебиетіміз - романтизм дәуірінде емес, көшпелі дәуірде. Бұл дәуірде көбінесе нағыздық пен төңкерісшіл сарындамалық бағыттар есеюге тиіс» («Еңбекші қазақ», 9 қараша, 1926 ж. Әбдірахман) немесе «Сентиментализм, романтизм, реализм секілді бастарындағы қиялдарын өмірге, әдебиетімізге әкеліп жапсырмақшы шығар, тексеріп көруіміз керек» деген сияқты біржақты пікірлер әдеби-эстетикалық танымның анағұрлым кең қанат жаюына кедергі болып бақты («Ақ жол», 1925, № 566, Тікен) . Бұл текетірестердің қазақ әдебиеттану ғылымы үшін маңыздылығы, сыншы-зерттеушілер әдеби дамудың идеологиялық-саяси жақтарымен қатар, әдеби ірі категориялар - ағым мен көркемдік әдіс мәселелеріне ой жүгірте бастауында еді. Қазіргі таңдағы таным тұрғысынан алып қарағанда өте сыңаржақ пікірлердің де теориялық ойды қозғауға тигізген ықпалын ескермеуге болмайды.

Дүние жүзінің барлық әдебиеттері сияқты фольклорлық-мифологиялық танымнан бастау ала отырып бірнеше даму кезеңдерінен өткен қазақ әдебиетінің ХХ ғасыр басында қандай сатыға көтерілгенін тарихи сабақтастық тұрғысында салмақтауды жөн санаған М. Әуезовтің зерттеушілер жиі тілге тиек ететін мына тұжырымына тағы бір назар аударайық: «Жазба әдебиетінің Абайдан бергі ұзақ дәуірін алғанда жолын өзгертетін жаңалық соңғы жылдарда туып келеді. Ол жаңалық жаңа басталып келе жатқан сезімшілдік, сыршылдық (романтизм) дәуірі, бұрынғы ауызша әдебиеттен, одан бергі Абай заманынан бері қарай келе жатқан нағыздық (реализм) сарыны осы күнде ішкі терең сезім, нәзік сыр күйіне айнальш келеді. Мұның белгісі Мағжан Ж±мабаевтың соңғы «Ертегі», «Қорқыт» сияқты өлеңдерінде бар . . . Сыршылдық дәуірі қай жұртта болса да, әуелгі кезінде ескі ертегі жын, пері, жалмауыз, жезтырнақ сияқты жаратылысы тұманды, қараңғы заттарды жыр қылумен басталған» дей отырып қазақ әдебиетінде романтизм әдісінің белгілері молайып келе жатқанын атап өтеді (1922-23 ж. «Шолпан», № 4-5, Қоңыр) .

Бір айта кетерлігі, сол дәуірдегі әдебиетте қуатты арна қалыптастырып, бөлекше поэтикалық құбылыс ретінде жарқырай көрінген Мағжан шығармашылығы әдеби үдеріс жаңалықтары мен қазақ көркем ой дамуының бет-бағдарын айқындаудағы ең басты материалдардың бірі болды. С. Қожанұлы айтқандай, «Мағжан Жұмабайұлының өлеңдері әдебиет тарихындағы соңғы 10-15 жылдағы ағымдарда тексеруге де жақсы құрал бола алды». Осындай ойды ақын шығармаларының көркемдік әдісі туралы толымды еңбек жазып шыққан ғалым Е. Тілешев те дәлелдей түседі. Ол: «М. Жұмабаев мұрасының күрделілігі мен ғылыми қызығушылық тудыратын айтулы қыры - бір емес, бірнеше көркемдік әдісті меңгеруі, солардан өтуі. Ағартушылық реализм, сентиментализм, романтизм, символизм, реализм - баршасы Мағжан өткен әдеби бағыттар. Тұтас ұлт әдебиеті өтетін өткелдерден М. Жұмабаев 15-20 жылда өткен . . . Міне, осы тұрғыдан алғанда Жұмабаев шығармашылығындағы әдеби бағыттар мен ағымдардың теориялық, әрі тарихи да мәні айтарлықтай», - деп жазады. Бұл дегеніміз - Батыс Еуропа елдері классикалық үлгі ретінде ғасырлап, онжылдықтап өткен сатыларды қысқа мерзімде игере алған қазақ әдебиетіндегі жедел даму құбылысының бір суреткер шығармашылығындағы тағы бір көрінісі. Әсіресе өткен ғасыр басындағы әдебиеттегі романтизмнің үстемдігі турасындағы байламдар тікелей Мағжан туындыларына қатысты өрбіді. М. Әуезовтің сыршылдықты, яғни романтизмнің ұлт әдебиетіндегі тарихи-эстетикалық тамырларын ХІХ ғасыр әдебиетінен, дәлірек айтқанда, Абай шығармаларынан іздей отырып, оның жаңа дәуірдегі жаңашыл әрі айқын көріністерін Мағжаннан байқайды. Ол әдеби ағымдар мен көркемдік әдіс мәселесінде ұлттық әдеби дәстүр бедерлерін айғақтаумен қоса, ақын шығармаларынан Еуропаның классикалық үлгілерінің біздің сөз өнеріміздегі ерешеліктермен қиындықсыз, ұлттық мазмұнды жоғалтпай үйлесе алғанын таниды. «Мағжанның Европалығын сүйетіні» сондықтан болар.

Ұлттық әдебиеттанудың буыны бекуінде әдеби-теориялық ұғымдардың кең талқылануы - басты себептердің бірі. Әсіресе жеке қаламгерлердің шығармашылығын әдеби заңдылықтарға орайластыра қарастыру ғылыми-зерттеушілік таным деңгейінің көрсеткіші екеніне дау жоқ. Осы тұрғыдан алып қарағанда, сын жанрының биік шоқтығы бола алған Ж. Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы туралы» мақаласы ғылыми аппараттың жетіктігімен бөлекше назар аудартады. Аталған еңбек «теориялық ұғымдар мен түсініктерді меңгеру жолында әр түрлі айтыс-тартысқа түсуге душар болған әдеби-теориялық ой-пікірдің жеке ақын поэзиясына ғылыми талдау жасаудың жаңаша бастамасы болды». Мақалада М. Жұмабаевтың шығармашылық эволюциясына тезистік түрде шолу жасалу барысында автор әдебиет теориясының іргелі мәселелерін аңдатып отырады. Жүсіпбектің әдеби-теориялық білігі ақынның дүниетанымдық қырларын, ұстанған көркемдік әдісін, суреткердің идеялық тұрғысын айқындайтын ағым-бағыттарды жіті талдауларынан байқалады. Ж. Аймауытов еңбегінде Мағжанның шығармашылық тұғырнамасына әсер еткен тарихи-әлеуметтік себептерді басшылыққа ала отырғанымен қоса, ақынның көркемдік көкжиегін кеңейткен әдеби дамудың ішкі заңдылықтарына да (әдеби дәстүр, әдеби-шығармашылық байланыс-ықпалдар) тереңдеп бара алған. Демек, ақынның шығармашылығының динамикасы әдеби өрістің имманенті және каузалды заңдылықтары аясында тексеріледі. Классикалық үлгідегі бұл мақала кейінгі онжылдықта бірнеше зерттеушілердің тарапынан қарастырылып, өзінің жоғары бағасын алды. Бұл жерде бізді қызықтыратыны Жүсіпбектің Мағжан туындыларының мысалында зерделеген көркемдік әдіс пен әдеби ағымдар туралы көзқарастары. Ж. Аймауытов «әр адамның, әр ақынның өрісі бірінші - заманға, екінші - туып-өскен әлеуметіне, үшінші - нәсіліне (тұқымына) байлаулы. Ақын ерікті-еріксіз өз заманының тонын кимеске, өз әлеуметінің мұңын жоқтамасқа, тілегін орындамасқа әдді жоқ» екенін тәптіштей келіп: «Бір жағынан, үй-іші - әкеге, әлеумет ру басыға бағынған, тапқа, жікке бөлінбеген, қазақ ішінде туып-өскен болса, екінші, татар медресесінде оқып, түрікшілік, исламшылдық рухында тәрбиеленсе, үшінші, патша саясаты шымбайға батып, отаршылдық зардабы қазақтың ұлтшылдық сезімін оятқан дәуірдің ұлы болса, төртінші, орыс зиялыларының қаймағы бұқарашыл, халықшыл болып жатқанын сезіп білсе, бесінші, батыстың, қала берсе орыс ақындарының санашылдық (идеализм), дарашылдық школынан сабақ алса, енді Мағжан қай пікірдегі ақын болып шығу керек? Сөз жоқ, Мағжан ұлтшыл, түрікшіл, санашыл, дарашыл ақын болып шығу керек? Олай болып шықпау мүмкін емес. Әлеумет ортасының, заманының жағдайы солай», - деген түйін жасайды. Бұл - Ж. Аймауытовтың Мағжан шығармаларында айқұлақтанып көрініс берген ағымдарды санамалап беруі. Ағымдар болғанда да - Мағжанның көркемдік әдісін қалыптастыруға негіз жасаған фактілер.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әдебиет сабағындағы романтизм және реализм әдістері
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми негіздері
Бала - ақыл мен сезім күресінің бейнесі
ХХ ғасырдағы әлемдік әдебиеттің негізгі бағыттары мен ерекшеліктері
Модернизм эстетикасы
Символизмнің әдеби стиль ретіндегі маңызы
Жаңа ғасырдағы әдеби ағымдар
Әдеби ағым мен көркемдік әдіс арақататынысындағы таным түсініктері
ХХ ғасыр басындағы әдеби процесс және символизм
ХХ басында қазақ жазба әдебиеті
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz