Қазақ балалар драмасының шағын түрлері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 66 бет
Таңдаулыға:   

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Қазақ балалар драматургиясының бастау көздерін іздегенде қазақ ауыз әдебиеті үлгілеріне тірелеміз. Балаларға арналған сұрамақ, қаламақ, айтыс ойындар, мақал-мәтелдер, ертегілер мен аңыз әңгімелердің қазіргі қазақ балалар драматургиясының тууы мен қалыптасуына ықпал етті деуге негіз бар. Жаңа үрдіс бір күнде тумайды, ол ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрмен және ұрпақтан ұрпаққа берілетін рухани игіліктің негізінде дамиды. Ұлттық әдебиетіміздің рухани уызы - ауыз әдебиеті балалар драматургиясының да бастау көзі екені белгілі.

Балалар драматургиясы қазақ әдебиеттану ғылымында аз зерттелген. Балаларға арналған драмалық шығармалардың зертеуші ғалымдардың назарынан тыс қалуы балалар драматургиясының кенжелеп дамуымен байланысты деуге де болады. Әйтсе де, қазақ балалар әдебиетіне қазақ балалар драматургиясына арналған бірен-саран зерттеулер мерзімді баспасөз беттерінен орын алды. Ең алдымен балалар әдебиетіне көңіл бөліп, балалар әдебиеті мәселесіне мақала арнаған І. Жансүгіров болды. Осы орайда балаларға арналған алғашқы пьесаның ("Мектеп" пьесасы) авторы да І. Жансүгіров екенін еске алған орынды [1] .

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Балалар драмасын зерттеуде орыс әдебиеттану ғылымында бірқатар маңызды еңбектер жазылды. Бұл ретте ең алдымен: В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, М. Горький, К. Чуковскийдің т. б. балалар әдебиетіне арналған еңбектерін атаған жөн [2] .

Қазақ балалар әдебиетінің зерттелу тарихына көз салсақ, белгілі ақын, жазушы, ғалымдар: І. Жансүгіров, Ш. Ахметов, С. Қирабаев, Ә. Тәжібаев, А. Нұрқатов, Б. Ыбырайым, Қ. Ергөбеков, т. б. еңбектері де назар аударарлық [3] .

Тікелей қазақ балалар драмасына арналмаса да жалпы қазақ драмасы туралы зерттеулер: М. Әуезов, Ә. Тәжібаев, Р. Нұрғалиев, Р. Рүстембекова, М. Дүйсенов, С. Ордалиев еңбектері бұл салаға бастау боларлық, бағыт боларлық үлгілер [4] .

Ал, қазақ балалар драматургиясы жөнінде арнайы монографиялық зерттеулер жазыла қоймаса да, әр кезде, әр дәрежеде жекелеген ізденістер, пікір айтулар баршылық. Ерекше атап өтерлік мәселе, қазақ балалар драматургиясы туралы 2003 жылы зерттеуші А. Ақтанова "Қазіргі қазақ балалар драматургиясы" [5] деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.

Балаларға арналған драмалық шығармалар оқулықтар мен хрестоматияға арнайы түрде кіргізілмесе де мектеп, балабақшаларда ертеңгіліктер мен мерекелерде жас жеткіншектерге жол тауып жатты. Әсіресе, балаларға арналған "Ұлан" ("Қазақстан пионері"), "Ақ желкен" ("Пионер"), "Балдырған" сияқты газет-журналдар арқылы шағын пьесалар, мерекелік қойылымдар балаларға жетіп отырды.

Балаларға арналған пьесалардың арнайы жинақ болып шығуы да балалар драматургиясының дамып, қалыптасуына өз үлесін тигізді. Алғашқы балалар жинағының бірі ретінде 1959 жылы жарық көрген Б. Ысқақовтың "Кішкене театр" кітабын атауға болады. Зерттеуші Ш. Ахметов өз еңбегінде қаламгер шығармашылығына былайша баға береді: "Б. Ысқақов - қазақ балалар драматургиясын жасауға және оны дамытуға ат салысып келе жатқан қаламгерлердің бірі. Оның мектеп сахнасына арналған "Екі оқушы", "Түймедейден түйедей", "Ағалық ақыл", "Жаңа жыл кешінде", "Бейбітшілік жеңеді" атты пьесалары мен инсценировкалары "Пионер" журналы мен "Қазақстан пионері" газеттерінде жарық көрді. Ал 1959 жылы оның мектеп сахнасына арналған пьесалары "Кішкене театр" деген атпен өз алдына жеке кітап болып шықты. Автордың бұл пьесаларының қайсысы болса да қызықты сюжет, тартымды оқиғаларға құрылған. Оларда балалар бойында зеректік, тәртіптілік, еңбек сүйгіштік, адалдық, адамгершілік, ұйымшылдық сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі, ал кейбір балалардың бойында кездесетін тентектік, өтірікшілік, жалқаулық, дөрекілік, мақтаншақтық сияқты жағымсыз қылықтар әшкереленеді" [6, 198] . Ш. Ахметовтың аталған еңбегі балалар әдебиетіне арналған алғашқы зерттеу еңбек болуымен ерекше.

Ғалым С. Ордалиевтің "Қазақ совет драматургиясының очеркі" атты еңбегіндегі 1950-60 жылдардағы қазақ балалар драматургиясының мәселесін көтерген көлемді мақаласының да маңызы зор. Мақаланың авторы 1950-60 жылдардағы балаларға арналған пьесалардың біраз бөлігін идеялық, тақырыптық жағынан талдаған. Мақалада сол кездегі драматургиядағы тартыссыздық мәселесіне тоқтала келіп, Қ. Бадыров пен М. Ақынжановтың "Алтын сақа", М. Ақынжановтың "Ыбырай Алтынсарин", Ш. Құсайыновтың "Нұрлы тас", Ш. Байжановтың "Әлия Молдағұлова" және т. б. авторлардың шығармаларын талдап, өз бағасын береді.

Жұмыстың теориялық және әдіснамалық негіздері. Балаларға арналған туындылардың ерекшеліктері, балалар үшін жазылған шығармалардың көкейкесті мәселелері туралы сыншы Қ. Ергөбековтің құрастыруымен жарыққа шыққан "Сөзстан" кітабының айтары көп. Кітапта С. Маршак, А. Барто, С. Михалков, С. Бегалин, Ө. Тұрманжанов, С. Омаров, М. Әлімбаев, Б. Соқпақбаев, Ә. Дүйсенбиев, Қ. Ыдырысов т. б. балалар жазушыларының шығармашылықтары туралы және де балалар әдебиетінің мәселелері туралы мақалалар бар. "Ақ кеме алыстап барады" деген мақаласында Б. Сарбалаев қазақ балалар прозасындағы өрлеу, өсу туралы айтса, Қ. Ергөбеков "Мейір гүлденген жүрек" мақаласында ақын Ә. Дүйсенбиевтің ақындық шеберлігіне тоқталады. Б. Кенжебаев "Көне дәуірдің көркем мұрасы" деген сұхбатында ауыз әдебиеті мен балалар әдебиетінің байланысына назар аудартады. Осылайша жинаққа енген мақалаларда балалар әдебиетінің проза, поэзия саласындағы жетістіктер мен кемшіліктер туралы сыр шертіледі.

Балаларға арналған драмалық шығармаларды жас ерекшелігіне сәйкес шартты түрде негізінен екі топқа бөліп қарастыруға болады:

  1. Бүлдіршіндерге арналған драмалық шығармалар.
  2. Мектеп оқушыларына арналған драмалық шығармалар.

Мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес өз ішінде тағы да екі топқа:

а) төменгі сынып оқушыларына арналған,

ә) жоғарғы сынып (яғни ересектерге) арналған туындылар деп тағы жіктеуге болады [5, 4] .

Зерттеу нысаны. Жұмыста қазақ драмасының қалыптасу жолы айтыла келіп, балаларға арналған драмалық туындылардың шағын түрлері зерттеу нысанына алынды. Шағын драмалық туындылардың қатарына мектеп, балабақша өмірінде жеткіншектерге тәрбие беру мақсатында, тілді дамыту мақсатында қойылған скетчтер, инсценировкалар, интермедиялар мен тақырыптық қойылымдар алынды. Жұмыс көлемінде балаларға арналған шағын пьесалардың тақырыптық-идеялық мақсатын ашумен бірге көркемдік дәрежесін саралауды жөн деп санадық. Жас жеткіншекке сөз қадірін түсіндіріп, көркем сөздің құдіретін бағалауға тәрбиелейтін драмалық туындылардың мәні зор.

Жұмыстың мақсаты мен міндеттері. Қазақ балалар драматургиясының өзіндік даму жолы бар жеке арна екенін айқындау, балаларға арналған драмалық туындыларды жіктеп, жас ерекшелігіне сәйкес саралап, олардың көркемдік дәрежесін ашып көрсету.

Осы мақсаттан барып мынадай міндеттер шығады:

  • қазақ балалар драматургиясының туу кезеңін анықтау, алғашқы пьесаларға объективті талдау жасау;
  • қазақ балалар драматургиясын кезең-кезеңге жіктеп, кейіпкерлердің жас ерекшелігіне қарай сараптау және әр жастағылар үшін жазылған туындылардың ерекшеліктерін ашу;
  • балаларға арналған шағын драмалық шығармаларды тақырыптық, идеялық, бейнелілік тұрғысынан таразылап, дәстүр мен жаңашылдық нысанасы тұрғысынан қарап мәнін ашу;
  • балаларға арналған драмалық шығармалардың көркемдік, тілдік жағына назар аударып, олардың ұқсастығы мен өзгешелігін анықтау.

Жұмыс құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттерден тұрады.


  1. Ұлттық драматургияның қалыптасу тарихынан

1. 1 XX ғасырдың 20-30 жылдардағы ұлттық драма жанры

Қазақ драматургиясының әлем халықтарының драматургиясымен салыстырғанда тууы, дамуы, зерттелуі жағынан кейінірек. Қазақ сөз өнерінде драматургия классикалық үлгіде неміс, ағылшын, грек, орыс драма жанрымен салыстырмалы түрде ХХ ғасырдың басында қалыптасты. Қазақ әдебиетінде драматургия басқа әдеби жанрларға қарағанда көп кейін туды. Қазақтың ауыз әдебиетінің халықтың тұрмыс-салтына, әдет-ғұрпына тән шығармаларында: жар-жар, беташар, бәдік жыры сияқты өлеңдерде, айтыстарда драмалық элементтердің барлығы аңғарылады.

Қазақ халқының ғұлама ғалымы Мұхтар Әуезов: «Анығында ақындар айтысының негізінде, өзгеше жанрлық бітім мазмұнында қолдану дәстүрінде қазақтың халықтық театрлық өнерінің мол белгілері бар. Халық театрының дән ұрығы бар деуге болады» [7, 145-147], -деп айтқан болатын.

Қазақ жастары ұйымдастырған әдеби ойын-сауық кештері ұлттық сахналық өнер мен драматургияның бастамасы болды. Бұлардың тәжірибелері отандық драматургияның пайда болуына, ұлттық драмалық шығармалардың жазылуына ықпал жасады. Қазақстанның әр түкпіріндегі алғашқы сахналық талпыныстар Қазан төңкерісімен ілесе, ұлттық драматургияның дүниеге келуіне негіз болды. Алғашқы қазақ драмалары 1910-1915 жылдары пайда болды. Алғашқы пьесалар авторлары К. Тоғысов «Надандық құрбаны», И. Мендіханов «Малдыбай», «Тамырлар», «Байғұстар», А. Лиханов «Манап», Б. Серкебаев «Бақсы», «Ғазиза», «Жер дауы». 1915 жылы К. Тоғысовтың «Надандық құрбаны» драмасы жеке кітап болып Уфада басылып шықты. Одан кейін Ж. Аймауытов, С. Сейфуллин, М. Дулатов, Қошке Кемеңгеров, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин тағы басқалардың алғашқы драмалық шығармалары ұлттық драматургияның негізін қалады.

Еуропалық үлгіде драматургияның қыры мен сырын меңгеруге қазақ топырағында алғаш рет ден қойған Жүсіпбек Аймауытов. Оның тұңғыш үш пьесасы «Рабиға», «Мансапқорлар», «Қанапия-Шәрбану» 1916-1917 жылдары, ал «Ел қорғаны», «Шернияз», «Сылаң қыз» 1920-1925 жылдар ішінде жазылған.

XX ғасырдың 20-жылдарындағы Отандық драматургияда әйел бостандығы мен теңдігі басты тақырыпқа айналды. Ж. Аймауытов, К. Кемеңгеров, М. Дулатов, С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ж. Шанин, Б. Майлин шығармаларында туған халқының тарихы мен тағдыры, еркіндігі мен теңдігі қос арнадай ағынды ағыс құрайды. Қандай да бір пьеса болса да ел өмірінің тұрмыс-тіршілігі сол кездегі басты тақырыптары - 1916 жыл оқиғасы, би-болыстар мен қалың көптің арасындағы тартыс, әйел теңдігі мәселесі, түрлі әлеуметтік қайшылықтар тағы басқа мәселелер көтеріліп, театр сахнасында қойылды. Мысалы, 1926 жылы К. Кемеңгеровтың «Алтын сақина», «Ескі оқу» пьесалары Қазақ драма театр сахнасында қойылған. Бұл пьесалардың негізгі тақырыбы - әйел теңсіздігі мен қазақ балаларының ауыл молдасынан ескіше сауат ашып, білім алуы суреттеледі. Қазақ драматургиясының қалыптасып өрістеген дәуірі XX ғасырдың алғашқы ширегі болатын. Қазақ драматургиясының туу, қалыптасу және даму процесі сахналық драмалық өнері орыс, украин, армян және грузин халықтарын былай қойғанда, туысқан өзбек, татар халықтары драматургиясының даму процесінен өзгеше [8, 145-147] . Себебі, қазақ халқы бұрыннан өз өнерлерін тойларда көрсеткен болатын. Қазақ драматургиясының ұрығы ерте заманда елдің әдет-салтынан, ойын - сауығынан, ән - күйі мен өлең жырларынан басталған. Оған дәлел суырып салма ақындардың өнері, айтыс өлеңдер, ертегі, аңыздар бола алады.

Қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыру мәселесі ел ішінде «Дала театры» деп атауға әбден лайық халық өнерінің сан қилы түрлері дамып, жетілген тұста көтерілуі табиғи құбылыс. Солардағы драматургия мен театрға өзінің көркемдік табиғатымен етене жақын элементтер жаңа өнердің дүниеге келуінде ерекше орны бар. Қазақтың кең даласының әр түкпірінде тұңғыш әуесқойлық қойылымдар мен драматургиялық шығармалардың тууы халық шығармашылығының көркемдік құдіреті [9, 11] . Дәлел ретінде Жүсіпбек Аймауытовты келтіруге болады. Жүсіпбек Аймауытов Семейде оқып жүрген жылдары жастардың ойын-сауық кештеріне қатысып, домбыра тартып, ән салып, спектакльдер қойған және өзі басты ролдерде ойнап, өз өнерін халыққа паш еткен. 1917 жылы 17 желтоқсанда Семейде оқитын жастардың әдеби кеші болып, онда Ж. Аймауытовтың «Ескі тәртіппен бала оқыту», «Рабиға» атты бір перделі пьесалары қойылған. Осы кезден бастап Ж. Аймауытов әрі жазушы, әрі драматург, әрі режиссер, әрі актер ретінде көзге түсе бастады.

Қазақ сахна өнерінің тууына тікелей себеп болған тағы бір жағдай - 1905 жылғы төңкерістен кейін Қазақстанға жер аударылып орыстың прогресшіл-демократ оқығандарының келуі. Және осы кезде татар труппаларының Қазақстанда гастрольдері басталған. Міне, осы театрдың ойындарын көрген қазақтың беделді жастары ұлттық сахна өнерін құруға талпынды. Сахнаға қоятын пьеса болмағандықтан, олар алғашқы қадамдарын қазақтың әдет-ғұрыптарын, ұлттық ойындарын сахналаудан бастайды. Осы кезде көркем үйірмелер ұйымдастырылады. Қазақ жастары үйірмелерге қатысып, азды-көпті тәжірибе жинайды. Көркем үйірмелер әдебиетіміздегі драматургия жанрының дамуына ұйытқы болады. Бұған кәсіби театрымыз құрылмай тұрғаны кездегі Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Жұмат Шанин және тағы басқалардың драмалық шығармалары толық дәлел бола алады. Олардың драматургиялық қадамына көркем үйірменің ықпалы зор болған. Осындай ірі жазушыларымыздың әдеби сапарларының бастауында драматургия жанрының батыл енуі кездейсоқ оқиға емес.

С. Сейфуллиннің «Бақыт жолына» атты пьесасының негізгі тақырыбы - өмірі қорлық пен күндікте өткен бұрынғы қазақ әйелдерінің өмірі революция жеңісі нәтижесінде теңдікке, бостандыққа ие болуы, сүйгеніне қосылуға мүмкіндіктің тууы. Пьесадағы оқиға шағын да ықшамды, бірақ драмалық тартысқа толы. 1916 жылғы майданның қара жұмысына жігіт алу кезіндегі атақты дүрбелеңнің күндерінде Терлікбай деген шал өзінің кіші баласы Телжанды қалайда аман алып қалу мақсатымен жас қызы Мүслиманы елудегі Нөкербай деген болысқа бермек болады. Бірақ орысша оқыған үлкен баласы әке ниетіне қарсы шығып, қаладағы жолдастарының көмегімен қарындасына бостандық әпереді, оның сүйген жігіті Біржанға қосылуына мүмкіндік жасайды.

Бұл пьеса Жүсіпбек Аймауытовтың «Қанапия мен Шәрбану», «Рабиға» пьесаларына ұқсас келеді. Яғни бұл екі жазушы сол кездегі таптық күресті, әйелдердің революция жеңісі нәтижесінде теңдік алып, өз сүйгендеріне қосылуы суреттеліп көрсетіледі. Мысалы, «Қанапия мен Шәрбану» пьесасындағы «Жасасын бостандық! Жасасын әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!», - деп комиссардың сөзін барлығы шулап алып кетуі «Жасасын, жасасын!», «Рабиға» пьесасында да Рабиғаның әйелдерді теңдікке, бостандыққа шақыруы суреттеледі. Міне, пьесадағы суреттелінетін тақырыптың қысқаша баяндамасы осы. Бірақ бір адамның үй ішінде болған осы бір кішкентай оқиғаны автор драмалық тартыс дәрежесіне жеткізіп, мәселеге саяси мән беріп, суреттейді.

Адамды әрекет үстінде көрсету - драманың негізгі талабы. Бұл талап драмалық шығарманың табиғи жаратылысының жанрлық ерекшелегінен туған заңды талап. Драманың спецификалық ерекшелігі болып табылатын «әрекет»те, драмалық мазмұнды ашу, бейнелеу тәсілі болып есептелінетін «мінез»де драма жазған жазушылардан адамның ой-арманы мен іс-әрекетін жай сырттай баяндамай, солардың тікелей әрекеті арқылы көрсетуді талап етеді. Сөйтіп, суреттелініп отырған оқиғаға жазушының көзқарасын кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінезі арқылы танытудың қажеттігінен туады.

Драманың өзіндік осы бір ерекшелігін жазушы М. Горький жоғары бағалап, драманы әдебиеттің ең қиын жанры деп есептеген. Оның қиындығы суреттелінген оқиғаға қатысушы адамдар өздерінің бүкіл қасиеттерін роман, повестерден автордың баяндауындай емес, әрекет, қимыл үстінде көрсетуінде. «Пьеса авторды» еркін араласуына жол бермейді, пьесада көрушіге оның түсіндірушінің, баяндауының қажеттігі мүлде жойылады, - деген жазушы.

М. Горькийден басқа орыстың белгілі жазушылары драманың осы қасиетін сан рет айтқан болатын. Кеңес жазушыларының бірі А. Н. Толстой да драматургияның жанрлық ерекшелігін айта келіп драматургтің өз атынан ештеңе айта алмайтындығын, тек пьесадағы кейіпкерлердің ой-өрісі, іс-әрекеті, психологиясы арқылы ғана өз мақсатына жететіндігін айтқандығы мәлім.

«Театрдың жаны - драма», - деп Гоголь айтқандай, драмалық шығармасыз сахналық өнердің тууы мүмкін емес. Төңкерістен бұрын бұдан басқа да пьесалардың сахнаға қойылғаны туралы мәліметтер кездеседі. Мұндай дүниелер аз болғанымен, солардың кейбіреуінің авторы белгісіз, әрі баспаға басылмай қолжазба күйінде тарағандықтан, аты болмаса, заты бейтаныс болғандықтан, олардың көркемдік-идеялық мазмұнын айту қиын. Ал, баспаға басылып, жарық көрген пьесалар саусақпен санарлықтай болды [9, 18-19] . Жоғарыда айтып кеткен пьесалар 1915 жылы жеке кітап болып Уфада басылып шыққан Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны» мен уездік крестьян начальнигі А. И. Лихановтың «Манап» атты драмалары «Айқап» журналының бірнеше санына жарияланды. Бұл екі пьесада қазақ даласындағы ескіліктің шырмауын, феодалдық дәстүрдің пасық кәделерін пайдаланып, халыққа зорлық жасаған жуандардың сорақы қылықтары, әйелге деген қылмыстары көрсетіледі. Пьеса авторы заң орындарындағы шенеуніктердің, адвокаттардың, тілмаштардың ақшаға сатылып жасайтын әдет-қылықтарын дұрыс бейнелеген. «Манап» драмасына байланысты сыни пікірлер көп кездеседі. Мысалы, «Айқап» журналының бетінде «Манап» драмасы туралы Сәкен Сейфуллиннің мақаласы жарияланған. Осы мақалада драма біраз сынға алынды. Біріншіден жазушы қазақ тұрмысын білмегендіктен, қазақты мазақ қылып жазғаны және бұл шығарма қазақ тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына сай емес - дейді Сәкен Сейфуллин. Жазушының олай айтуының себептерін мына жағдайлардан көруге болады. Мысалы, Әлімбек шал өз немересіне айттырған Гүлбаһрамды, немересі қайтыс болғаннан кейін, өзіне әмеңгерлікке алуы. Манап драмасындағы қазақ әйелдерінің начальникке барып күйеуінің ұрғаны, малай қылғаны жайлы айтып, күйеулерінің үстінен арыз қылады. Бұны да Сәкен Сейфуллин жоққа шығарады. «Қазақтың әйелдері өйтіп топтанып та, жеке барып та начальникке арыз қылмайды» - дейді Сәкен Сейфуллин [10, 7] .

«Манап» драмасының тағы бір кемшілігі драманың қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылғандығы (аударған Мұхамбетқали Есенкелдин) . «Манап» драмасында қазақ халқына тән емес әдет-ғұрыптар көп кездеседі және орыс драмасына тән құбылыстар бар.

1919 жылы халық үйінің қасынан Ақмола жастарының тұрақты драмалық көркем үйірмесі ұйымдастырылды. Оның сахнасында Қошке Кемеңгеровтың «Бостандық жемісі», «Алтын сақина», «Ескі оқу» атты пьесалары мен Асаубаевтың «Бейнетті мал» пьесалары қойылды. Қазақстан қалаларында театрлар ашылып, қазақ жазушыларының пьесалары қойыла бастады.

20-30-шы жылдарда жазылған пьесаларда көтерілген мәселелер: ескі мен жаңаның күресі, сол кездегі кертартпа элементтерді әшкерелеу, молдаларды сықақ ету тағы басқа тақырыбы жағынан алғанда 1920-30 жылдардағы шағын пьесалар негізінен өмір талабынан қалыспай, оған сай дамыды. Осындай тақырыптарды қамтыған шағын пьесалардың Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Қошке. Кемеңгеров, Мұхтар Әуезов тағы басқа жазушылар қаламынан туғанын көреміз. Драматург-жазушылардың сол кездегі кертартпа жағдайларды, ескі мен жаңаның арасындағы жағдайды әшкерелеп жазғанын, өз шығармаларына арқау етіп алғанын пьесаларынан көруге болады. 20-30-шы жылдары жас қазақ драматургиясының тақырыбының шеңбері онша кең бола алған жоқ. Революция, әйел теңдігі, махаббат, ескі салт-санаға қарсы күрес, жаңа өмір шындығының кейбір көріністеріне арналып жазылған үлкенді-кішілі пьесалар болатын. Қазақ драматургиясы тарихында өз дәуіріне белгілі болған шығармалар: Жүсіпбек Аймауытовтың «Рабиға», «Шернияз», «Қанапия-Шәрбану», «Сылаң қызы», Сәкен Сейфуллиннің «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлары», М. Әуезовтің «Түнгі сарын», «Бәйбіше-тоқал», «Еңлік-Кебек», «Қаракөзі», Ж. Шаниннің «Арқалық батыры», Б. Майлиннің «Майдан», «Ауыл мектебі», «Шаншар молда», «Неке қияр», Ж. Тілепбергеновтің «Перизат-Рамазан» және Е. Ерданаев, С. Абланов, Асқар Тоқмағамбетов тағы басқа драматург-жазушылардың пьесалары ауылдағы көркем өнерпаздар үйірмелерінде, жаңа құрыла бастаған қазақ театрының сахналарында қойылып, көпшілік қауымның назарын аударды.

30-шы жылдары қазақ драматургиясына Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын», «Айман-Шолпан», «Абай», Ілияс Жансүгіровтің «Кен», Бейімбет Майлиннің «Аманкелді», «Талтаңбайдың тәртібі», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» сияқты пьесалары сахна төрінен орын ала бастады. Қазақ драматургиясының ішкі жанрлық сипаты (драма, трагедия, комедия, водевиль, скечь) айқындалды. Қазақ драматургиясында тап тартысы, революция, революциялық жеңісті баянды ету сияқты өзекті тақырыптарға: «Қызыл сұңқарлар», «Майдан», «Түнгі сарын», «Аманкелді» сияқты пьесалар жазылғанмен халық өміріне түбегейлі өзгеріс енгізген ұлы революция туралы айтылар сөз әлі де болса алда кезек күтіп тұрған шындығы бар еді [11, 7-10] . Бұған қоса Жүсіпбек Аймауытов пьесаларында айтуға болады. Жүсіпбек Аймауытов пьесаларынан 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс көріністерін, революцияның халық өміріне әкелген өзгерістерін айқын көре аламыз.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
БАЛАЛАР ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ БАСПАЛДАҚТАРЫ
Драма және драматургия негіздері
Драмалық шығармаларды оқыту әдістемесі
Драма - ежелгі өнер
Қазақ драматургиясы
Драманың өзіндік ерекшеліктері мен сипаттамасы
Драма мен театр байланысы
Жиынтық бағалау тапсырмаларының жинағы
Медеу Сәрсекеевтің шығармаларының бастауыш сыныпта оқытылуы
Алғашқы қойылымдардың көркемдігі мен дәстүрі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz