Әбілғазы ханның «Түрік шежіресінің» әдеби маңызы


Мазмұны
Кіріспе . . . 6
1 Шежірелік шығармалардың ұлттық әдеби даму
процесіндегі көркемдік-эстетикалық маңызы . . . 10
- Көркем тарихнамалық шығармалардың әдеби сипаты . . . 10
1. 2 Шежірелік дерек және әдеби жанр . . . 20
1. 3 ХІХ қазақ ақындары шығармашылығындағы шежірелік арна . . . 29
2 Әбілғазы баһадүр хан және оның «Түрік шежіресі» . . . 39
2. 1 Әбілғазы және оның өмір сүрген дәуірі . . . 39
2. 2 «Шежіренің» табылуы, жариялануы және зерттелуі . . . 45
2. 3 «Түрік шежіресіндегі» фольклорлық үлгілер және әдеби дәстүр . . . 51
Қорытынды . . . 62
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 65
Кіріспе
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақ сөз өнері тарихындағы жанрлардың барлығы да осы уақытқа дейін түп-төркіндері, қалыптасуы, дамуы, поэтикасы тұрғысынан фольклор мен әдебиет мәселелеріне арналған іргелі зерттеулерде жүйелі зерттеліп келеді.
Бүгінгі таңда қазақ әдебиетінің тарихын құрайтын мұраларды қазіргі заманғы талаптарға сай қарастырудың жаңа арналары кеңейе түсуде. Қазақ елі тәуелсіздік алған мерзімнен бері қарай ұлттық мәдениеттің бұрын назарға алынбай келген ақтаңдақ беттерін толықтыру талаптары жан-жақты жүзеге аса бастады. Қазақ ұлтының көп мыңжылдықтар жүйесіндегі қалыптасу, даму тарихын айқындауда мәдени мұраларды ұрпақтардың игілігіне айналдыру жолында мемлекеттік тұрғыдағы бағдарламалар да жүзеге асырылғаны белгілі. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасы мемлекеттік бағдарлама болуы тиіс» атты тарихи мәлімдемесінде: « . . . ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, келер ұрпаққа аманаттау - «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты болуға тиіс» [1, 1] деп атап көрсеткен.
Дегенмен, әлі күнге дейін қазақ сөз өнеріндегі ұлттық төл тарихымызды нақтылап бейнелейтін кейбір жанрлар зерттеу нысанына алынбай келді. Себебі, кеңестік идеология әдебиеттану, фольклортану ғылымының ұлттық тарихты көркем шығармалардағы деректер арқылы шынайы бейнелеген жанрларды арнайы қарастыруына мүмкіндік бермеді. Түрлі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет туралы таптық көзқараспен саясаттанған ғылымда, әрине, әрбір жеке ұлттардың ата-бабаларының ерлік, қаһармандық жолын, әлемдегі барлық халықтармен терезесі тең тарихын анықтау мүмкін емес еді. Қазақ әдебиеттануы ғылымында осы уақытқа дейін арнайы зерттеу нысанына алынбай келген осындай зәру мәселелердің бірі - шежірелік шығармалар.
Шежірелік шығармалардың тарихилығы мен жанрлық-стильдік ерекшеліктерін саралау - тарихи әдебиеттану ғылымының күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелердің бірі. Бұл зәру мәселе тарихи әдебиеттану ғылымының негізін салушылар А. Байтұрсыновтың [2] . М. Әуезовтің [3], Б. Кенжебаевтың [4], Қ. Жұмалиевтің [5], Ә. Қоңыратбаевтың [6], Ә. Марғұланның [7] және кейінгі толқын әдебиетші ғалымдар М. Мағауиннің [8], С. Қасқабасовтың [9] еңбектерінде әртүрлі жақтарынан қарастырылып келеді.
Қазақ әдебиеті - ұлттық тарихымыздың рухани өзегі. Қазақ сөз өнерінің фольклор мен әдебиет бірлігінен құралған жүйесінен халық тарихының барлық кезеңдеріне тән сипаттарды аңғарамыз. Әсіресе, авторлары белгілі шежірелік iығармалар арқылы қазақ халқының ежелгі замандардан бүгінгі күндерге дейін жеткен тарихнамасын айқынырақ көреміз. Профессор Б. Кенжебаевтың қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеуге байланысты ғылыми көзқарасы ұлттық сөз өнері мұраларын жаңаша зерделеуге, қарастыруға негіз болып келеді. Ғалымның ғылыми-методологиялық тұжырымдары қазақтың тарихи әдебиеттану ғылымының берік іргетасын қалады. Бұл орайда біз шежірелік шығармаларды да қазақ әдебиетіндегі өзіндік орны бар жанр ретінде тануға болатындығын ғалымның ғылыми тұжырымдарына сүйене отырып қарастырамыз: « . . . кейбір ғалымдарымыз әдебиеттің басы таза қолтума оригиналдық әдебиеттен, қандай да бір үлкен белгілі ақын-жазушыдан басталады деген пікір айтты. Біздіңше, мұны соншалық дәл ғылыми пікір деуге болмайды. Қай халықтың болсын әдебиетінің, жазба әдебиетінің басы бір адам, жеке бір ақын, жазушы яки соның шығармасы болуы заң емес. Жазба әдебиеттің басы, алғашқы нұсқалары түрлі дін, заң кітаптарының, ресми жазу-сызулар мен бұйрық-жарлықтардың, жеке кісі хаттары мен өмірбаяндарының шешен, өткір, көрікті, шебер жазылған жерлерінен іріктеліп алынуы, солардың жиыны болып келуі де мүмкін» [4, 154] . Ғалымның бұл пікірі қазақ мәдениетінің арғы-бергі тарихындағы елеулі, маңызды мұраларымызды ұлттық әдебиетіміздің тарихы құрамында қарастыруға ғылыми-методологиялық негіз болды. Әсіресе, халқымыздың жаңа тарихын, оның әдеби мұраларын толық қалпында қарастыру қолға алынып жатқан тәуелсіз Қазақстанның қазіргі мемлекеттік бағдарламалары профессор Б. Кенжебаев және оның мектебі ұстанған жолдың мәңгілігін, мәнділігін дәлелдеді.
Мысалы, академик С. А. Қасқабасов қазақ мәдениетінің тарихындағы авторлары белгілі шежірелерді «Жазбаша әдебиет», оның ішінде «тарихи шығармалар түрінде» қарастыра бағалайды: « . . . қара сөзбен тарихи және өзге де шығармалар жазылып, сол кезде олар тарихи еңбектер ретінде де қарастырылды. Сондықтан мұндай туындыларда әр түрлі әдеби тәсілдер, адам айтқысыз әсірелеулер, оқиғалардың айқын суреттемелері, поэтикалық жолдар мол кездеседі, ал поэтикалық жолдарда бейнелі теңеулер, ойға орала бермейтін эпитеттер мен көркем әдебиеттің басқа да белгілері болады» [10, 573] . «Қазақстан тарихы» атты іргелі еңбектегі осы тарауда автор Захир ад-дин Бабырдың «Бабырнамасын», Камал-ад-дин Бинаидың «Шайбани-намесін»', Мұхамед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиін», Қожамқұл бек Балхидың «Тарих-и Қыпшағын», Қадырғали бектің «Жамиғат-таварихын», Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресін» көркем әдебиеттің проза шығармалары тұрғысында сипаттайды. Демек, шежірелік шығармаларды қазақ әдебиетіндегі тарихи көркем шығармалар жүйесінде қарастырудың өзектілігі айқындалады.
XIX-XX ғ. ғ. қазақ әдебиетінің тарихында дәстүрлі шежірелік шығармалар қара сөзбен де, өлеңмен де жазылды. Ұлы Абайдың «Бірер сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» Шәкәрімнің «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі», Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының «Қазақ шежіресі», Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса», Шоқан Уәлихановтың «Ұлы жүз туралы», «Қазақ шежіресі», «Қырғыздар туралы жазбалар» және т. б. шежірелік шығармаларда қазақтың әуелгі пайда болуына негіз болған ататек, анатек бастаулары, өскен, өрбіген өркендері ұрпақтар жалғастығы тұрғысында баяндалады, Шежірелердің құрылымы тарихи прозаға тән - авторлық бағалаулармен баяндалады. Тарихи деректер жүйесінде жеке адамдардың іс-әрекеттерің, кескін-келбеттерін даралай мінездеулерде, оқиғаларды уақыт пен кеңістік бірлігінде бейнелей суреттеулер де ұшырасады.
Қазақ тарихы халықтың жадында сақталған ата-бабалар жолы арқылы танылады. Сондықтан, қазақ сөз өнері мұраларының тарихилық негіздерін саралауда шежірелік шығармалардың танымдық-тағылымдық маңызын үнемі басты назарымызда ұстаған жөн. Бұл зерттеуіміздің ұлттық әдебиет тарихын қарастырудағы өзектілігін дәйектей түседі.
Зерттеудің мақсаты мен міңдеттері. Қазақ әдебиетінің қалыптасу, даму жолындағы шежірелік шығарманың поэтикалық сипатын айқындау зерттеудің мақсаты болып табылады. Осыдан келіп мынадай міңдеттер туындайды:
- Қазақ әдебиетінің қалыптасу, даму жолындағы шежірелердің тарихи прозаның алғашқы үлгілері екендігін анықтау;
- Авторы белгілі шежірелік шығарманың идеялық-композициялық құрылысын, стильдік даралығын айқындау.
- Шежірелердің құрылысындағы өмірбаяндық-ғұмырнамалық баяндаулардың әдеби сипатын дәлелдеу.
- Шежірелердің құрылысындағы халық әдебиеті үлгілерінің көркемдік қызметін таныту.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Авторлық туынды ретінде шежірелік шығарманың прозалық және поэзиялық үлгілері жанрлар сабақтастығы аясында әдеби дамудың ықпалды арнасы ретінде бағаланады. Шежірелік шығарманың идеялық-композициялық желісіндегі фольклор (миф, аңыз, тарихи әңгімелер) үлгілерінің, ақын-жыраулар, би-шешендер туындыларының енгізілуі де тарихи туындылардың поэтикалық сипатын толықтыратын көркемдік тәсілдер ретінде сараланады. Шежірелік шығармалардың композициясындағы тарихи тұлғаларға берілген мінездеулердің, географиялық-топонимикалық атаулардың, этнографиялық дәстүрлердің мәні ғылыми жүйелеулермен байыпталады. Шежірелік шығарманың көркемдік, стильдік ерекшеліктері жанрдың өзгешеліктері тұрғысынан жүйеленеді.
Зерттеу әдістері. Шежірелік шығармаларды қарастыру барысында тарихи-генетикалық, тарихи-салыстырмалы, текстологиялық, кешенді-жүйелі талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу нысаны. Қазақ әдебиетіндегі шежірелік, шығармалардың көрнекті үлгілері Әбілғазы Мұхаммед ханның «Түрік шежіресі» мен қазақтың ХV-ХVІІІ ғ. ғ. ақын, жыраулардың шежірелік шығармалары қамтылады. Сонымен бірге, шежірелік шығармаларды негізге ала жазылған қазақ әдебиетіндегі көрнекті ақын-жазушылардың еңбектеріне де назар аударылды. Қазақ шежірелеріне негізделіп жазылған гуманитарлық ғылымдар салаларындағы жеке зерттеулер, әртүрлі жинақтар да пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының әдістемелік және теориялық негіздері. Зерттеу жұмысын жазуда әдебиеттану мен фольклортану ғылымындағы осы тақырыпқа қатысы бар отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми-теориялық тұжырымдары, талдаулары басшылыққа алынды. Ш. Ш. Уәлихановтың, А. Байтұрсыновтың, Х. Досмұхамедұлының, С. Сейфуллиннің, М. Әуезовтің, С. Мұқановтың, Б. Кенжебаевтың, Ә. Қоңыратбаевтың, Ә. Марғұланның, С. Ысмайыловтың, Қ. Жұмалиевтің, Х. Сүйіншәлиевтің, С. Қирабаевтың, З. Қабдоловтың, Т. Кәкішевтің, Р. Бердібаевтың, Н. Ғабдуллиннің, С. Қасқабасовтың, Т. Сыдықовтың, М. Мағауиннің, Р. Нұрғалиевтің, Ж. Шекенің және т. б. ғалымдардың еңбектері әдістемелік бағыт-бағдар тұрғысында негізге алынды.
Зерттеудің практикалық мәні. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелерін мектеп оқушыларына Қазақ хандығы және XIX ғ. және XX ғ. басындағы қазақ әдебиетінен оқылатын әдебиет сабақтарында пайдалануға болады. Сонымен бірге колледж студенттері үшін тарихи шығармаларға арналған арнайы курстар мен семинарларға да қосымша құрал ретінде пайдаланылу мүмкіндігі бар.
Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Шежірелік шығармалардың ұлттық әдеби даму процесіндегі көркемдік-эстетикалық маңызы
1. 1 Көркем тарихнамалық шығармалардың әдеби сипаты
Қазақ әдебиеті - әлемдік сөз өнері тарихындағы өзіндік орнымен танылған көркем шығармашылық әлемі. Қазақ әдебиетінің көп ғасырлар бойы қалыптасқан тарихындағы жанрлар жүйесі ұлттық мәдениеттің халықтық сипатына лайықты болмысымен дамып, ұрпақтармен бірге жасап келеді. Әдебиет тарихындағы көптеген жанрлардың қалыптасу, даму жолында дербестене танылуында поэтикалық ерекшеліктері даралана көрінетіні мәлім. Қазақ сөз өнері жанрларын алғаш жүйелеп қарастырушы ғалымдар Ш. Уәлихановтың, А. Байтұрсыновтың, Х. Досмұхамедұлының еңбектерінде әдебиетіміздің байырғы үлгілері хақында ғылыми бағдарлар жазылды. Мысалы, А. Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» әуезе (шежіре) түрлері туралы мынадай бағдарлы пікірлерін білдіреді.
«Әуезе әңгімесінің айтатын түріне қарай бірнеше тарауға бөлінеді. Біреулері өткенді сөз қылғанда, уақыт сарынымен айтады, екіншілері біреуден біреуді туғызып, туыс сарынымен сөйлейді, кейбіреулер өз заманындағы болған уақиғасын сөйлегенде, кей өткен замандағы уақиғаның әңгімесін сөйлейді. Біреуі бір адамның өмірін, яки мінезін әңгіме қылғанда, бүтін жұрттың өмірін, яки мінезін әңгіме қылады. Сондықтан, әуезелердің мынадай тараулары болады: 1) шежіре, 2) заман хат, 3) өмірбаян, 4) мінездеме, 5) тарих, 6) тарихи әңгіме» [2, 398] .
Қазақ әдебиетінің тарихындағы осы аталған әуезе түрлерінің халықтың ауызша шығармашылығы (фольклор) жүйесінде дара-дара, дербес қалыптарымен жүргендіктері белгілі. Ал, қазақ тарихындағы жазбаша шығармашылық өркендеген тұстарда авторлы әдеби туындылардың осы А. Байтұрсынов айтқан әуезе түрлерінің синтезі сипатымен де жазыла бастағанын аңғарамыз.
Бұл - XII-XIX ғасырлардағы әлем әдебиеттеріне де ортақ шығармашылық құбылыс. Бұл орайда біз XII-XIX ғасырларда әлем халықтары мәдениетінің дамуындағы тарихи-мәдени ықпалдастықтардың мол болғандығын да жадымызда ұстаймыз. Шежіре, заманхат, өмірбаян, мінездеме, тарихи әңгіме сынды түрлерді бойына жинақтаған туындылар әлем әдебиеттерінің тарихындағы көрнекті тұлғалардың шығармашылық мұраларында жиі кездесетін құбылыс.
Ежелгі римдік әдебиеттің құрамындағы осындай тектес шығармаларды «Көркем тарихнаманың поэтикасы» («Поэтика художественной историографии») методологиясы тұрғысында зерттеудің де әлемдік әдебиеттануда қалыптасқан жолы бар.
Көркем тарихнама атымен әдебиеттануда қарастырылып келе жатқан ғылыми-методологиялық концепция тарихилыққа негізделген әдеби шығармашылықтың поэтикалық табиғатын айқындайды. Әлем әдебиеттерінің тарихында әрі тарихи, әрі әдеби шығарма жанрындағы «Көркем тарихнаманың поэтикасы» («Поэтика художественной историографии») туралы ежелгі Рим әдебиетіндегі көрнекті зерттеушілер (Лукиан, Квинтилиан, Цицерон, т. б. ) арнаулы пікірлер айтқан. Тит Ливийдің «Римнің құрылуынан кейінгі тарихы» («История от основании Рима») атты туындысы осы жанрдың әлемдік әдеби дамуындағы классикалық үлгілі негізін салды. Зерттеуші Т. И. Кузнецова былай дейді: «Ливий не просто сообщает о событии в погодной последовательности, он показывает его читателью в живописной картине, анализирует причины войн, рассказывает о подвигах, о поступках и чувствах действующих лиц, дает им прямые и косвенные характеристики, прославляя их добродетели или же порицая пороки» [11, 226] .
Ежелгі Рим әдебиетінің аса ықпалды түрі болған шешендік өнердің дамуында осы тарихилық концепциясы берік ұстанылған.
Тит Ливийдің аталған шығармасында, зерттеушілер атап көрсеткендей Римнің өткен тарих жолы кең, жан-жақты қамтыла отырып, оқиғалардың хронологкялық байланыстылығы жүйесімен сипатталған. Оқиғалардың қамтылу сипаты эпостық туындыға жақындайды. Негізгі кейіпкері - бүкіл қоғамдық-әлеуметтік оқиғаларға қатысушы халық. Автор халықтың әділет жолындағы күресін, жеңілістерін, жеңістерін, қуанышын, қайғысын - бәрін де тарихи деректермен баяндайды. Жеке тарихи орталардың (сенат, форум, әскер, ) өкілдері (консулдар, магистраттар, қолбасшылар және адамгершілік қасиет сапаларымен (адалдық, мәрттік, борышына адалдық, қайырымдылық т. б. ), танылған тұлғалар - бәрі жинақтала келе халықтың шынайы тұрпатын ашады [11, 227] . Тит Ливий көркем тарихнамалық шығармада тақырып пен идеяны, өмір үшін әралуан әңгімелерді көркемдік тәсіл ретінде қолданған. Халықтың этикалық және патриоттық дәстүрлерін таныту, және оқырмандардың көңіл-күйін қаһармандық-романтикалық сарынмен көтеру үшін автор тарихнамалық шығармасында әр алуан әдеби-поэтикалық тәсілдерді қолданған. Шығарманың идеялық-композициялық құрылымында драмалық және хроникалық сипаттарды тұтастандыра отырып, оқырмандардың туындыға деген эстетикалық қабылдау дүниетанымын қалыптастыру көзделген. Бұл орайда тағы да зерттеуші Т. И. Кузнецованың пікіріне құлақ түреміз: «Главной повестововательной единицей «Истории» является событие и действие. Через их показ осуществляются заложенные в сочинении мысли. События и факты не просто нанизываются Ливием на хронологический стержень, но обрабатываются литературно, т. е. изображаются. Такое художественное представление событий имело целью привлечь и удержать внимание читателя ясным, правдивым и живым рассказом, воздействовать на его чувства, возбуждая гнев, гордость, удивление, сострадание и т. п. » [11, 228] .
Зерттеуші бұл әңгімелердің тарихнамалық шығармадағы түрлерінің қандай қызмет атқаратынына да ғылыми баға береді: «Нередко в нем сочетаются черты разных типов рассказов эпического, драматического, романтического, легендарного и др. позволяющие раскрыть многоплановость событий, обстоятельств, характеров» [11, 229] .
Әлем әдебиеттері құрамындағы біздің қазақ сөз өнері тарихында да ауызша және жазбаша тарихнамалық шығармалардың (оның ішінде, авторлы шежірелердің) құрылымы да осы аталған поэтикалық ерекшеліктермен үндеседі. Қазақ тарихындағы атақты оқымыстылардың (З. Бабырдың, М. Х. Дулатидің, Қ. Жалайырдың, Ә. Баһадүрдің, Ш. Уәлихановтың, Абайдың, Щәкәрімнің, Мәшһүр Жүсіптің) тарихнамалық туындылары әлемдік өркениеттегі кез келген тектес мұралармен теңесе алады. Аталған ерекшеліктерді бұлардың тарихнамалық шығармаларынан таба аламыз. Әлем халықтары мәдениеттерінің тарихында шежіре деректерін негізге ала публистикалық (көсемсөз, заманхат), жеке өзінің өмірбаянын қоса, қоршаған әлеуметтік орта мүшелеріне мінездеме беретін шығармашылық үрдісі әдебиет тарихында «Күнделік», «Эссе», «Мемуар» деп аталатын жанрлардың қалыптасуына жол ашты. Әдебиет дамуының тарихында халық мәдениетінде белсенді қолданылып келе жатқан, тектес үлгілерді жинақтаған осы жанрлардың авторлары әлемдік рухани мәдениет тарихында елеулі болып танылды. Мысалы, «Күнделік» деп аталатын әдеби шығармашылықтың да өзіндік үлгілері бар. Ғылыми анықтама бойынша: «Дневник записи личного научного, общественного характера, ведущиеся день за днем. Как литературная форма открывает специфические возможности для изображения внутренного мира персонажа» [12, 400] .
Бұл - романтизм көркемдік әдісі пайда бола бастаған ХVШ ғасырдағы әлем әдебиеттерінде қолданыла бастаған көркем шығармашылықтың бір үлгісі. Мысалы, Н. В. Гогольдің «Нақұрыстың жазбалары» («Записки сумасшедшего»), ал, Ю. К. Олешиннің «Жазу жолдарынсыз күн жоқ» («Ни дня без строчки») атты туындылары - осындай шығармалар. Күнделік жазу үлгісін көбінесе әлем халықтарының тарихында саяхатшылар жиі қолданған. Жол сапары оқиғалары, деректері ізімен кейін халыққа ұнасымды күнделік шығармалар жазылған. Ал, «Эссе (франц. еssаі - опыт, набросок), жанр философской, эстетической, литературно-критической, художественной, публицистической литературы, сочетающий подчеркнуто индивидуальную позицию автора с принуждённым, часто парадоксальным изложенние, орентированным на разговорный речь» [12, 1565] .
Эссе жанрының негізін қалаушы ретінде мәдениет тарихында француз халқының философ-гуманисі Мишель де Монтень (1533-1592), ал орыс әдебиетінің тарихында Ф. М. Достоевский (1821-1881) аталады. Мишель де Монтеньнің «Тәжірибелер» («Опыты») атты көп томдық туындысы [13] қоршаған қоғамдық-әлеуметтік ортадағы дамудың сипатына, ұрпақтар жалғастығына жеке тұлғалар мен әртүрлі әлеуметтік топтардың сапалық қасиеттеріне философиялық-гуманистік тұрғыда баға беруімен ерекшеленеді. Философ-гуманист Мишель де Монтеньнің «Тәжірибелер» атты бұл шығармасы эссе жанры табиғатына тән басты ерекшеліктердің поэтикалық сипатын тұтастандыра танытты, кейінгі әдеби дамуға пайдалы дәстүр жолын қалыптастырды. Нақтылап айтқанда, еркін ойларын қоршаған ортадан байқағандарын, бақылағандарын жүйелеп баяндау, баға беру, әртүрлі нұсқалы әңгімелерді дәйексөздерді шығарма желісімен сабақтастыру және т. б. Шығарманың құрылымында адамзат тарихындағы атақты қайраткерлердің өз ұлты мен басқа да халықтардың дамуына әсерін тигізген пайдалы жаңалықтары бағаланады. Қоршаған әлеуметтік-қоғамдық ортаға ортақ заңды құбылыстарды, жеке адамдардың оғаш әрекеттерін назарға алады. Эссе жанрындағы шығарманың авторлық «Мен» тұрғысында баяндалуы барысында халық тарихының шежірелік деректері жүйелене қамтылады. Тарихқа авторлық көзқараспен жазылатын эссе жанрындағы шығармаларда автордың өзімен замандастарға және кейінгі ұрпақтарға лирикалық-психологиялық тұрғыда сырласа сөз арнайтындығы - туындылардың тарихи шынайылығына тән ерекшелік. Қазақ әдебиеті тарихындағы Захир-ад-дин Бабырдың «Бабырнамасы», М. Х. Дулатидің «Тарихи Рашиди», Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер жинағы» және т. б. кейінгі дамудағы шығармалардың құрылысында осы Мишель де Монтеньнің «Тәжірибелер» туындысымен эссе жанры тұрғысында да үндесетінін байқаймыз.
Эссе жанрының әлем әдебиеттеріне өнеге болған тағы бір үлгісі - Ф. М. Достоевскийдің «Жазушы күнделігі» [14] атты туындысы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz