Қошке Кемеңгерұлы және ұлттық әдеби сын мәселелері


Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. XX ғасырдың бас кезінде, әсіресе 1905-1907 жылдары қазақ елінде баспа ісінің қолға алынуының үлкен маңызы болды. Қазақтар өз тілінде газет-журналдар мен кітап оқи бастады. Солардың ішінде жиырма жылдан астам үзбей шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінің орны ерекше еді.
«Дала уалаяты» - патша үкіметінің, дала уалаяты генерал- губернаторлығының ресми газеті болды. Патша үкіметі бұл газетті қазақ халқының қамын ойлап, саяси-шаруашылық, мәдени-ағарту тілектерін ескеріп отыру үшін емес, қазақ даласында өзінің отаршылдық саясатын түпкілікті орнықтыру мақсатында, бұйрық-жарлықтарын тарату ниетінде шығарып тұрды. Газет тек осы мақсатта ғана қызмет істеді. Ал «Туркістан уалаяты» мен «Торғай газеті» («Тургайская газета») ел жайында көптеген мақалалар басып, халық ауыз әдебиетінің нұсқаларын жариялап отырғанымен, «Дала уалаяты» сияқты қазақ арасына көп тарай қоймады. 1905 жылы Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс болып өтті. Бұл төңкеріс ондағы бұратана халықтар үшін ықпалды да нәтижелі болды, олардың рухании оянуына зор септігін тигізді.
XX ғасырдың басында қазақ арасында оқу-ағарту жұмысы екі бағытта жүргізілді. Оның бірі - мұсылманша, екіншісі - орысша оқу еді. Оқудың екінші түрі Қазақстанның Ресей патшалығына қосылғаннан кейін өріс алды. Ел басқарушы хан, сұлтандар мен ру басшылары балаларын орысша оқытты. Осы тұста екі жүзге тарта орыс-қазақ мектептері ашылды. Ауылдық мектептердің саны да артып жүзге жетті. Сөйтіп, ұлт зиялыларының қатары да молая түсті.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. XX ғасырдың басындағы тарихи жағдайлар қазақ елінің қоғамдық өмірінің қай саласына болса да, елеуі өзгерістер әкелді. Қазақ халқының жазба әдебиеті қалыптасты. Әдебиет қайраткерлері заманның қажет-мүддесіне белсене араласты, өмірді шынайы суреттеп, аса зәру әлеуметтік мәселелерді көтерді. Сол кездегі баспасөз беттеріңде көп көрініп, көп жазып жүрген мәдениет, әдебиет қайраткерлерінің ішінде Мұстафа Қайыпназаровтың, Мәжит Дәулетбаевтың, Елжас Бекеновтің, Самат Нұржановтың, Ерғали Алдоңғаровтың, Хамза Жүсіпбековтің, Нәзір Төреқұловтың, Ғаббас Тоғжановтың, Смағұл Садуақасовтың, Әбдірахман Айсариннің, Жұмат Шаниннің, Орынбек Бековтің, Ыдырыс Мұстамбаевтың, Шаймерден Тоқжігітовтің, Әмина Мәмбет келінінің, Камал Сағыровтың, Қошке Кемеңгерұлының, Тайыр Жомартбаевтың, Сұлтанбек Қожановтың есімдерін аса құрметпен айтар едік.
Зерттеу нысаны. Егемен ел болып, ес жиған кезде ғана алаштың осы азаматтарының елі үшін атқарған ерен қызметтері мен өнегелі өмірлері жайында біле бастадық. Қазақтың қамын ойлап қалам тартқан сол алаш ардағының бірі - Қошке (Қошмұхамбет) Кемеңгерұлы еді.
Көп жыл бойы бұрмаланып келген ақиқатты ашу, шынын айту керек оңай шаруа емес. Әлі талай мұрағат деректері табылар, әлі талай зерттеулер дүниеге келер. Ал бұл ұсынылып отырған жұмысымыз - сол бағыттағы алғашқы талап.
Егемен ел болған санаулы жылдардың ішінде әдебиет зерттеуші ғалымдарымыз өлгенімізді тірілтіп, өткенімізге өмір бере бастады.
Қошкетанудың көш басында жүрген Рәзия апай өзінің еңбекқорлығының арқасында қаламгердің шығармалар жинаған [1] 1995 жылы Қазақстан Республикасы мәдениет қоры жанындағы «Мұраттас» ғылыми-зерттеу және баспа орталығы жанындағы «Тұлға» жекеменшік өндірістік фирмасынан шығарып, тот баспаған асылдарды көпшілік оқырманға тарту етті. Соңғы жылдары әдебиетші Д. Қамзабекұлы [2] да осы тақырып төңірегінде көп ізденіп, нәтижелі еңбектеніп жүр. Ол мерзімді басылым беттерінде бірнеше мақала жариялады және екі бөлімді «Қазақтың Қошкесі» атты деректі фильм түсірді. Сондай-ақ қаламгердің таңдамалы еңбектерін 1996 жылы «Қазақстан» баспасынан кітап етіп шығарды.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қазақ әдебиет тарихының көп томдығын жасау ісін қолға алды. Осы үлкен іс жөнінде академик М. Қаратаев: «Көп томдық тарихта XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың бас кезіндегі әдебиеттің әлі зерттелмей келе жатқан немесе аз зерттелген проблемаларына назар аударылатын болады. Бұл тұста атышулы «ақ таңдақ» проблемасын шешу үстінде жекелеген ақын-жазушылардың идеялық-эстетикалық ізденістеріне, шығармашылық әдістеріне, шеберлік ерекшеліктеріне көбірек ден қойылар деп білеміз. Әдеби мұраны тарихи-нақтылық принципімен зерттей отырып, барды барша көрсету арқылы аталған кезеңдегі рухании байлығымыз едәуір молыға түседі-ау деп топшылаймыз» [3, 178], - деген еді. Аталмыш көп томдықты жасау үстінде бүкіл әдеби-тарихи процестің жеке дәуір, кезеңдерін түгелдей қайта қарап, қайта ұғынуға тура келетіндігі белгілі.
Осы институтта «1920-30 жылдардағы қазақ әдебиетін зерттеудің жаңа міндеттері» атты ғылыми-методологиялық конференция болған еді. «1920-30 жылдар әдебиетін зерттеудің методологиялық жайы туралы» профессор М. Базарбаев баяндама жасаған болатын.
«Жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстар» хақында баяндаманы филология ғылымының кандидаты әдебиетші Б. Дәрімбетов жасады. Баяңдамашы 1920-30 жылдар аралығындағы көркем әдебиет туралы айтысқа кеңінен тоқталды. Мұнда Қошке Кемеңғерұлының сол айтысқа ерекше үлес қосқаны баса айтылды» [4, 58] .
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Тағдыр тәлкегіне ерте ұшырап, өмірден қыршын кеткен Қошке Кемеңгерұлының аз ғұмырында артында өмірі өшпейтін, өлмейтін мұралар қалдырды. Біздің жұмысымыздың да негізгі мақсаты Қ. Кемеңгерұлының мұраларын жинақтап, әдеби-теориялық талдау жасау. Ондағы міндетіміз: біріншіден, Қошкенің өз тұсындағы қоғамдық өмірге белсене араласқандығын таныту; екіншіден, артында қалған мол әдеби-сын мақалалары арқылы сыншылдық көзқарасына баға беру; үшіншіден, поэзиялық, прозалық туындылары негізінде қаламгерлік шеберлігін көрсету еді. Оның драматургиясы туралы Б. Құндақбаев, С. Ордалиев, аудармасы жөнінде С. Сейітов, әңгімесі жайында Р. Рүстембекова танымдық мазмұнға бай еңбектер жазды. Сол себепті ол мәселе біздің назарымыздан тыс қалды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы.
Бұл жұмысымызда Қ. Кемеңгерұлының көп сөз болып, көп назар аударылған саласы - әдебиет. Соның өзінде толыққанды бас-аяғы бүтін ғылыми зерттеу жұмысы әзірге жазылған жоқ. Біз бұл еңбекте Қошке Кемеңгерұлының көркемсөз бен әдеби сынға қаншалықты үлес қосқанына баса көңіл аудардық. Және де оның қазақ әдебиетінің даму, өсу, қалыптасу тарихынан алатын орнын анықтауға тырыспақпыз.
Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында жинақтау, салыстыру, көркем мәтінді талдау, баяндау сияқты тәсілдер қолданылды.
Дипломдық жұмыстың практикалық маңызы. Жұмыстың нәтижелерін Алаш қайраткерлерінің шығармаларын оқытуда, студенттердің практикалық сабақтары мен өздік жұмыстарына пайдалануға болады.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Дипломдық жұмыс - кіріспе және іштей бөлімдерге сараланған екі тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 Қ. Кемеңгерұлының шығармашылық өмірбаяны
- Қ. Кемеңгерұлының өмірі мен қызметі
Мамандығы дәрігер Қошке Кемеңгерұлы 1896 жылы 15 шілдеде Омбы уезі, Теке болысы, №9-ауылда дүниеге келген.
Приходская школаны, ветеринарлық-фельдшерлік мектептің 2-класын бітірген ол 1913 жылы 1 тамызда Омбы ауыл шаруашылық училищесінің ауыл шаруашылығы бөліміне оқуға түседі.
Кемеңгерұлының Омбы сынды үлкен қалаға білім іздеп келуінің өзінде үлкен мән бар. Бұл кезде Омбы қаласы өнер-білімге ұмтылған қазақ жастарының орталығына айналған еді. Мұнда тұңғыш жастар ұйымы - «Бірліктің» ашылғаны да тарихтан белгілі. Ол жөніндегі деректерді біз Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуінен» [5] білеміз. Осы кітапта сол ұйым туралы көп айтылған, онда Кемеңгерұлының да ұйымға белсенді мүше болғаны жайында қызықты деректер бар.
«1913 жылы Омбыда ең әуелі жасырынып, жастар ұйымы «Бірлікті» ашқанымызда Шаймерденді ұйымның басқармасының төрағасы қылып сайлап едік» [5, 156] - дейді Сәкен Сейфуллин. Жастардың осы ұйымның ашылуы туралы дерек екі түрлі. Бірі, яғни Сәкен, 1913 жылы десе, екіншісі, яғни Смағұл Садуақасұлы, 1914 жылы дейді. Мұның екеуінің де жаңсақтығы жоқ. «Бірлік» 1913 жылдан жасырын ұйымдасқан да, 1914 жылдан бастап жария болған.
Туған елінің әдебиеті мен мәдениетін көтеруді мақсат еткен ұйымның негізгі міндеттерінің бірі - ұйымның журналын шығару болады. Көп кешікпей олар «Балапан» атты журнал да шығарады. Ал Қошке осы журналға редактор болып, үлкен ұйымдастырушылық қызмет атқарады. С. Садуақасұлының айтуынша, 1916 жылдан шыға бастаған «Балапан» журналы бірден-ақ ауызға ілініп, оқырман арасында аса зор беделге ие болады [6, 118] .
1917 жылы 1-4 қазан аралығында «Бірліктің» кеңейтілген жиылысы өтеді. Жиналыстың төрағалығына және «Бірліктің» үні - «Балапан» журналының редакторлығына енді М. Жұмабаев сайланғандығын тарихшы ғалымдар М. Қойгелдиев, Т. Омарбековтер растап отыр [7, 123] .
Алғашында Қошке, кейін Мағжан редакторлық еткен «Балапан» журналының күн көріс халі мәз емес еді. Ауыр жүкті көтерген бұл журналдың өмір сұруі де жеңіл болмағанға ұқсайды. «Балапанның» сол кездегі жай-күйін ақын Мағжан Жұмабаевтың мына бір жазғанынан да көруімізге болады:
«Балапан қанат қақты . . .
Жас еді. Қанаты да қатып жеткен жоқ еді. Амалсыз қақты.
Солтүстіктің суығына шыдай алмады. Суық жел сүйегіне жетті. Ызғар өкпесіне өтті.
Ұшып орманға барып еді, күні кеше күбірлесіп, күлімдесіп, жылы құшағын ашып тұрған ағаштар бұған мойнын бұрмады. Ұшып тоғайға барып еді, қанша шырылдап айналып жүрсе де, қалың ақ кебінін жамылып, тоғай тұрмады.
Балапан баспана таба алмады.
Балапан қанат қақты» . . . [8, 213] .
Қошке Кемеңгерұлы Омбыда жүрген кезінде «Айқап» журналынын шығуына да белсене ат салысады. Сол кезде оның журналдың бірнеше санында «Солған гүл», «Жазғытұры», «Сонда . . . » атты өлеңдерімен қатар «Пайғамбар» (Пушкиннен), «Сәскелік көлдің жағасында» (Никитиннен) аудармалары да жарияланып, көпшілікке таныла бастайды. Омбыда оқуда жүрген алаш жастарының ұйымына айналған «Бірлік» 1918 жылы мамыр айында «Жалпы жастар съезін» өткізеді.
«Кеңес үкіметін тану, танымау» мәселесі күн тәртібіне қойылғанда, сьезде қызу айтыс-тартыс туған. Жастар пікірі үшке бөлінген. Кеңес үкіметінің саясатына «Бірліктің» басшылары - «оң» (правое) пікірлі Қ. Кемеңгерұлы, С. Садуақасұлы, Ғ. Тоғжанұлы және басқалар қарсы шыққан. Осы съезден кейін Қ. Кемеңгерұлы Қызылжарда жабылып қалған Көлбайдың газеті - «Үш жүздің» орнына «Жас азамат» газетін шығарушы болып сайланады. Ол қоғамдық іске осылай белсене араласумен қатар білімін жетілдіруге де уақыт табады. Қошке Омбы политехника институтында, Сібір ауыл шаруашылық және өндіріс институтында, Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетінде оқып, білімін жетілдіреді.
1925 жылдың басында Қазақстандағы жағдай күрт өзгеріп, Қазақстан өлкелік партия комитетін басқаруға Ф. И. Голощекин келеді. Ол келген күннен бастап, қазақтың оқыған азаматтарының соңына шам алып түседі. Қазақ зиялыларының жүрген жолы мен істеген ісінен «тырнАқ астынан кір іздеу» басталады.
Осы жылы Мағжан Жұмабаев «Алқа» атты әдеби үйірме құруды көздеп, оның бағдарламасын жасаған. Онда тоғыз жолдың торабында тұрған қазақ әдебиетінің өткен тарихы, оның бүгіні мен болашағы кең сөз болады. Қаламгер бұл ұйымның оқушы жасқа жөн сілтейтінін, адасқандарды жолға салатынын айта келіп, қазақ әдебиетінің болашағын ойлар әдебиетші, тума таланттарды осы ұйымға мүше болуға шақырады. Осы ұйымның құрылуына ат салысқан Мұхтар Әуезов, Даниял Ысқақұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Абдолла Байтасұлы сынды қазақ әдебиетінің ірі өкілдері солшыл саясаттың қырағы сынына түсті. Жандайшаптардың қолына түскен осы бағдарлама жоғарыдағы аты аталған қаламгерлердің әрқайсысына сор боп жабысты. Пролетариат мәдениетін пролетарлар ғана жасау керек деген ұранның салдарынан бұл тұста Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Даниял Ысқақұлы, Жанша Досмұхамедов, Қошке Кемеңгерұлы сынды әдебиет майталмандары «жолбикелер» қатарында кете барды. Бұл топқа 1928 жылдары Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, 1932 жылы Сәкен Сейфуллиннің де ілінгені мәлім.
Голощекиннің атышулы: «Қазақ ұлтшылдары Байтұрсынов, Әуезов, Дулатов, Кемеңгеров, Омаров, Жұмабаев, Аймауытов, Жұматаев, Сейфуллин бұрынғы заманды мадақтап, жаңа заманды жамандап, өздерінің жебелерін кеңес үкіметіне қарсы жіберіп жатыр» [9, 156] - деген сөзінен кейін, жау табуға жандайшаптар жан сала кіріседі. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ қазақ елінің біртуар білімді азаматтарына жала жабылып, қоғамдық істерден аластатыла бастайды. Оларға жаңа өмірге, яғни кеңес өкіметіне қарсы деген қатаң айып тағылады. Жиналыстар жиілеп, «халық жауларын» жамандаушылар көбейеді.
1929 жылдың Қазақстан үшін аса ауыр болғаны тарихтан мәлім. Жеке адамға табыну зардаптарының алғашқы нышаны біліне бастаған осы бір тұста-ақ отызға жуық қазақ оқығандары Алматы түрмесіне қамалады. Бұдан кейін де зиялыларды қаралау, қамау қызыл шеке қырғын науқанға айналып, толас таппайды.
Бұл кезде М. Әуезов пен Қ. Кемеңгерұлы аспирантурада оқып жүрген болатын. Сол жылдардағы сталиндік жаппай жала жауып, мін тағудың қармағынан бұл таланттар да шет қалмайды. Мұхтар мен Қошке ұсталып, оқудан қуылады.
Құрамында М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, Ж. Досмұхамедов, Ә. Ермеков бар қырықтан астам қазақ зиялылары түрмеге қамалып, жазаға тартылады. Бес жылға жер аударылғандардың ішінде Қ. Кемеңгерұлы да бар еді.
Бір жақты қоғамдық пікір тудыруда саясаттың сұр семсері - комсомол ұйымдары да жала жауып, тіл безеуден алдарына жан салмады. Қазақстан комсомол ұйымының VI конференциясы: «Көркем әдебиет негізінен соңғы кезге дейін Алашорда идеологиясының творчествосы болып келді. Көркем әдебиеттегі басшылық орындарды өз қолдарына ұстап келген алашордашылар өткен жылдар-да бірқатар ұлтшыл-коммунистердің (Қожанов, Садуақасов) қолдауына сүйене отырып, өз әдебиетін бұқараға енгізумен болды. Жастар негізінен Жұмабаев, Әуезов, Аймауытов, Дулатов, Кемеңгеров, Байтұрсынов және басқалардың шығармаларынан нәр алды» [10, 178], - деп байбалам салды.
Сталиндік солақай саясат сілтеген сойылдың зардабы Қазақстанға да оңай тиген жоқ. Халқының қамын ойлап, болашағына болжау айтқан терең ойлы, ақыл-парасаты мол зиялыларын жазда жауған бұршақтай жайпай садды. Олардың қарақан басына ғана емес, айналасыңдағыларға да, ағайын-туғандарына да, жора-жолдастарына да бұлтты, бұршақты ауыр күн туды. Қазақ жазушыларын қуғындау, әсіресе 1932 жылы 10 қаңтарда ВКП (б) Қазақ өлкелік комитетінің Мәдениет және насихат бөлімі мен Қазақстанның марксизм-ленинизм институтының «Сталин жолдастың хатына байланысты Қазақстанда теория майданындағы күрес міндеттері туралы» [11, 180] түсіндірме хаты жарияланғаннан кейін мүлдем асқынып кетті. Республика көлемінде ресми нұсқау ретінде басшылыққа алынған бұл құжат қазақ әдебиетінің ұлттық кадрлары үшін аса қауіпті рөл атқарды. Біздің өткен тарихымыздың, соның ішінде әдебиетіміздің теріс бағалануы осы қаулыдан кейін тым өршіп, өрістеп кетті.
ҚАЗАПП-тың 1932 жылғы съезінде өлкелік партия комитетінің хатшысы М. Кахиани өз сөзінде әдебиеттің қай бағытта жұру керектігін кесіп, пішіп:
«Литература, написанная о Казахстане, в значитедьной своей части является не марксистской, сохраияет на себе влияние алаш-ордынской, кондратьевской и прочей враждебной марксизму-ленинизму иделолгии. Необходимо наряду с разработкой проблем социалистического стройтельства в Казакстане подвергнуть марксистко-ленинской критике все великодержавно- шовинистические и т. д. теории, проникшие в литературу о Казахстане.
Особое вимание должны привлечь вопросы казахской художественной литературы и литературной критики, которые далеко еще не стоят на уровне требований и задач переживаемого этапа соцстроительства в Казахстане и полностью еще не освободились от алаш-ордынских влияний» [10, 183] - деді.
Осындай қатал сынға іліккен сол кездегі әдебиет сыншылары ішінде Аймауытов, Әуезов тағы басқалармен қатар Қ. Кемеңгерұлы да бар еді.
Съезд өзінің кезекті міндеттерін белгілеген кезде, оның бірінші міндеті етіп: «Байшыл-ұлтшыл әдебиетті ортаға салып, талқылап, ең соңғы түрде бетін ашып салу үшін - А. Байтұрсынов, МДулатов, М. Әуезов, Ж. Аймауытов, С. Садуақасов, С. Торайғыров, Қ. Кемеңгерұлы, Х. Досмұхамедов және басқаларының шығармаларын тексеру» [12, 74] - деп нұсқау берді. Сөйтіп, жоғарыда аты аталған қаламгерлер төл туындыларында халық мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны үшін байшыл-ұлтшыл жазушылар болып танылды. Олардың халықтың болашағын толғаған рухании мол мұралары өздерін қуғынға ұшыратып, бастарына бәле болып жабысты.
Қаулы жарыққа шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ Қошке Кемеңгерұлы НКВД-ның тұзағына екінші рет түседі. Содан қамаудан аман-сау құтылмай, 1937 жылдың 21 қарашасында Омбы түрмесінде атылады.
«Ақын-жазушыларын жазалап, соттап, айдатып, атқызып жіберетін өкіметі болған елдің мандайындағы соры бес елі ғой. Ақын-жаушыларын жәбірлеген өкімет адамдары ше? Әне, халқының жауы - солар! Солар, солар!» [13, 213] - деп, академик жазушы Ғ. Мүсірепов айтқандай, біздің де мандайымыздың соры бес елі ел болдық. Замана тізгіні халқының нағыз жауы, яғни өкімет адамдарының қанды қолында болған XX ғасырдың алғашқы 30 жылы тарих парағынан ешқашан да өшірілмек емес. Елуінші жылдардың орта тұсында қоғамдық ойдың құрсауы босап, баспасөз беттерінде жұртшылық пікірі ашық, айқын айтыла бастады. Мұндай жағдайдың болуына СОКП XX съезінің (1956) әсері болды. Осыдан соң-ақ қараңғы қапаста шаң басып жатқан құжаттарға қол тиіп, сәуле түсіп, ақ-қарасы ажыратыла бастады.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ халқының әдеби-поэзиялық және музыка мұрасын зерттеудің, сын тұрғысынан қарап пайдаланудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» қаулысы жарияланғаннан кейін, яғни 1957 жылдың 17 тамызында Қошке Кемеңгерұлы да мыңдаған қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ақталды.
Қошке Кемеңгерұлы ресми ақталғаннан кейін зайыбы Гүлсім апайдың ізденімпаздығының арқасында шығармалар жинағы 1965 жылы жарық көрді. Бұл көп талқыға түскен, қаншама қысқартуға мәжбүр болған қаламгер туындыларының оннан бір нұсқасы ғана еді. Қайта жариялауға мүмкіндік болғанмен, кезінде шығармаларын қолға түгел түсіре алмай, әзірге жоқтан бар құрауға негіз болды. Қаламгер мұраларын оқып көрсеқ ол кісінің аз жылдың ішінде жемісті еңбек еткені көрініп-ақ тұр. Ол әдебиет, тіл білімі, тарих, журналистика, педагогика сынды әр алуын салада тебірене тер төгіп, қалам тартқан екен.
Сол кездегі қазақ, зиялыларының түрлі салада еңбек етуі ел қажеттілігінен, заман талабынан туған еді. Халқының болашағын ойлаған азаматтардың алдында сан-алуан міндеттер тұрды. Кемеңгерұлының тіл саласында жазған еңбектері тіл мәселесі жөнінде көкейтесті мәселелерді қозғады. Ол тілмаштардың бірінші конференциясында «Тілшілердің міндеті мәнісі туралы» («Ақ жол», 1925, сәуір) көлемді баяндама жасады. «Жат сөздер туралы» ( Қызыл Қазақстан», 1926, №11, 14, 138-143-б. ), «Қотыр сөздер» («Жаңа мектеп», 1926, №14, 15) мақалаларын жазумен қатар. «Қазақша-орысша тілмаш» (М., 1925), «Жағрапия үшін оқу құралы» (Т., 1928, 1-том., Қызылорда, 1929) атты еңбектер жазды. Сондай-ақ алғашқы кітабының соңынан сол кітап жайында «Қазақша-орысша тілмаш» туралы («Еңбекші қазақ», (24, XI, 1926) мақала жазғанын да еске сала кеткенді жөн көрдік. 1927 жылы «Жақа мектеп» журналының бетінде «Жат тіл оқыту әдісі» атты көлемді ғылыми-әдістемелік еңбегі де жарық көрді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz