Нарманбет поэзиясындағы азаттық идеясы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 68 бет
Таңдаулыға:   

Мазмұны

Кіріспе . . . 3

1 Нарманбеттің шығармашылық ғұмырбаяны . . . 9

1. 1 Ақынның өмір белестері . . . 9

1. 2 Нарманбет поэзиясындағы замана шындығы . . . 22

2 Ақын шығармашылығындағы азаматтық үн . . . 33

2. 1 Нарманбет өлеңдеріндегі отаршылдық көрінісі . . . 33

2. 2 Ақын поэзиясындағы ел, жер мәселелері . . . 44

Қорытынды . . . 61

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 64

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Адамзат баласы пайда болып, ұлт, халық, қоғам, мемлекет ұғымдары пайда болғаннан бері көкейден кетпейтін бір құндылық бар, баға жетпес асыл нєрсе бар, ол - тәуелсіздік. Бір халық ерте, бір халық кеш те болса, әйтеуір бодандық бұғауын серпіп тастап, дербес, тәуелсіз егемен ел атанса, одан артық мұрат та, мақсат та болмақ емес. Өркениетті елдердің әлемдік қауымдастығына танымал болып отырған біздің еліміз тек экономика саласындағы жетістіктерімен ғана емес, бай да құнарлы рухани мұраларымен де өзгеге әйгілі болып отырғаны мәлім.

Өзің өзгеге бодан болып отырғанда ұлттық рухани иігіліктерді қаншалықты дәрежеде зерттеп, насихаттай алатындығымыз айтпаса да белгілі. Күні кешегі КСРО сияқты алып империяда салтанат құрып, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған қатаң да қасаң иделогия дүниеге әкелген маркстік-лениндік әдіснама, социалистік реализм әдісі өз қолайына жақпаған небір ұлттық құндылықтарды жойып жібергені немесе басқаша бағалауға ұмтылғаны дау тудырмаса керек. Өзгеге өктемдіктерін жүргізетін империя қай уақытта болсын, сол өзге елдегі алдыңғы қатарлы перзенттерге, бостандықты, тәуелсіздікті ту етіп көтеріп, сана сілкінісі мен серпілісіне беттеген ақыл-ой иелеріне қырғидай тиетіні белгілі жайт. Ел бастар көсемі, қол бастар батырының кем болғанынан гөрі, мәңгүрттенген тобырдың мол болғаны пайдалы. Міне, негізгі мєселемізге осы тұрғыдан үңілсек, ұзақ уақыт бойы өзінің әділ де адал бағасын алаалмай, ұлтының, халқының қоғамдық-сана деңгейімен біртұтас құбылыс ретінде кешенді түрде қарастылырып, зерттелмей келе жатқан тұлға Нарманбет Орманбетұлы десек артық айтқандық болмас.

Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу мәселесіне бүгінгі күн биігінен үңілсек, өткен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық әдебиетіміздің аса құнарлы да мәйекті деңгейге көтерілгенін байқау қиын емес. Қос ғасыр тоғысында туып, өркен жайған, керегесін кеңейткен қазақ әдебиеті аса дарынды тұлғалармен толықты. Ұлт ретінде жаңа яғни ХХ ғасырда жүретін жолды, алатын асуларды межелеу қажет болды. Мақсат-міндеттерді айқындау, ұлт ретінде қазақы болмысты алдыңғы қатарлы елдердің өмір сүру нормаларымен ұштастыра сақтау мәселелері күн тәртібіне қойылды. Ал, бұл аталған аса күрделі жайттар қазақтың ұлттық әдебиетінде алуан түрлі әдеби бағыт, ағым, концепциялардың пайда болуына өз әсер-ықпалын тигізді. Қазақтың алдыңғы қатарлы зиялы, оқыған азаматтарының басым бөлшегі Ресей бодандығынан құтылу, ұлт ретінде жүрер жолымызды айқындау мәселелеріне қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Алуан түрлі әлеуметтік проблемалар ішінде аса өткір тұрған мәселе - жер мәселесі екені баршаға аян болатын. Қазақы ұғымында «жер» сөзі «ана» сөзімен қосақтаса айтылатыны тегіннен-тегін болмаса керек. Ата-бабаның кейінгі ұрпағына қалдырған жер-анасының өзгенің меншігіне айналып бара жатқаны, тұтас ұлттың біртін-біртін кескін-келбеті мен болмыс-бітімінен ажырап, мәңгүрттене бастауы «елім», «халқым», «жұртым» деген азаматтарды бейжай қалдырмайтыны анық еді. Міне, осынау айтылған жағдаяттар ұлттық әдебиетті жасаушылар үшін тақырыптық-идеялық ерекшеліктерді ғана емес, көркемдік тәсіл, ізденіс, стиль, жанр саласында да аса мол өзгешеліктерді, алуан түрлілікті, көп қырлылықты ала келгені және мәлім еді.

Тақырыпты зерттелу деңгейі. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті тарихындағы аса ірі ақын, философ-ойшыл Нарманбет Орманбетұлының әдеби шығармашылығын сөз еткен Т. Ахметұлы [1], Е. Ысмайылов [2] [3], Б. Кенжебаев [4], А. Нұрқатов [5], Ы. Дүйсенбаев [6], А. Туғанбаев [7], Қ. Мұхаметханов, Т. Жұртбайдың, Р. Сағынбекұлының т. б. зерттеушілердің еңбектері Нарманбеттану іліміне қосылған ірі үлес деуіміз керек. Бірақ, олардың тұсындағы замана талабы, уақыт тынысы, салтанат құрып тұрған идеология Нарманбеттей ірі тұлға туралы түбегейлі де кешенді, шыңғырған шындыққа негізделген саралы ой айтуға мүмкіндік бермегенін жадымыздан шығармағанымыз абзал. Өйткені әдебиет пен өнер бойынша 1930-40 және 1950 жылдар басында қабылданған партиялық қаулы-қарарлар 1989 жылы ғана күшін жойған болатын. Онда тұтас қазақ әдебиетінің, соның ішінде ХХ ғасыр басындағы сөз өнерінің айтулы тұлғаларының өмірі мен шығармашылығын зерттеуде, әдеби мұраларын бағалауда орын алған идеологиялық қателіктер «Советтік кезеңге дейін өмір сүріп, өз уақыты үшін көкейкесті болған қоғамдық тақырыпты, халық пен дәуір тақырыбын өткір сөз еткен бір топ тұлғалы қазақ ақындарының творчествосы да өзін бүгінге ғана емес, сонымен бірге өткенге де терең ізгі және демократиялық көзқарас рухында принципті жаңаша оқуды талап етеді» деп атап көрсетілді. Аталған партиялық қаулы-қарарлардың күшін жоюы қазақ әдебиетінің тарихын ақиқат тұрғысынан Жан-жақты зерттеуге жол ашты. Солардың қатарында ақын Нарманбет мұрасы да араға ұзақ жылдар салып туған халқымен қайта қауышты. Міне, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері өз ұлтының азаттығы мен еркіндігін жырлаған

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Дипломдық жұмыстың негізгі мақсат, міндеттеріне төмендегілер жатады:

-Қазақ әдебиеттану ғылымында Нарманбет ақын Орманбетұлының өмірі мен шығармашылық еңбегіне қатысты ертелі-кеш жазылған еңбектерді бүгінгі күн биігінен саралап, зерделеуден өткізу. Нақты, бұлтартпас айғақтарға негізделген ой-тұжырымдарды ғылыми айналымға қосу;

-ХХ ғасырдың басында Қазақстанда қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси, тарихи, рухани жағдаяттарды кеңінен шола отырып, ақын мұрасын сол жайттармен тығыз бірлікте, кешенді түрде, органикалққ байланыста қарастыру;

-Ақын шығармаларының көркемдік-эстетикалық құндылықтарын жан-жақты талдау. Дәстүр мен жаңашылдық сияқты категориялар ауқымында ақын төңірегіндегі, алды-артындғы рухани шүйгіндікті талдаудан өткізу;

-Нарманбет ақынның әдеби мұралары құдылықтарын талдай отырып, типологиялық өрісіне саралау жүргізу;

-Ақын поэзиясының тақырыптық-идеялық, құрылымдық, жанрлық, стильдік, тілдік сипаттарына қатысты ғылыми пайымдаулар жасау;

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізі. Зерттеудің теориялық және методологиялық өзегі Қазақстан және шетел ғалымдарының көркемөнер жайлы, әсіресе, көркем әдебиетті жасаушы аса танымал, ірі тұлғалар жайлы жазылған еңбектеріне негізделді. Нарманбет ақын мұрасы алуан қырлы, сан салалы және қазақ әдебиеттану ғылымында біртұтас кешенді зерттеуге айнала қойған жоқ, сондықтан да ұлттық әдебиеттану ғылымындағы салыстырмалы зерттеу әдісі басшылыққа алынды, мағыналық-құрылымдық талдау өлшемі басты назарда болды.

Зерттеу нысаны ретінде Нарманбет Орманбетұлының бізге мәлім бүкіл шығармалары алынды. Зерттеу жұмысында қазақ әдебиеттану ғылымының ірі зерттеушілері А. Байтұрсынов, Б. Кенжебаев, Е. Ысмайылов, Қ. Жұмалиев, М. Қаратаев, З. Ахметов, С. Қирабаев, М. Базарбаев, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Қ. Мұхаметханов, М. Мырзахметов, Ш. Елеукенов, Р. Нұрғали, Ж. Ысмағұлов, С. Негимов, Р. Тұрысбек, Б. Мамраев, З. Бисенғали, Б. Әбдіғазиұлы, Қ. Жүсіп, т. б. еңбектері басты назарда болды. Сонымен бірге орыс ғалымдарының зерттеу дүниелері пайдаланылды.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының ғылыми нәтижелері мен негізгі тұжырымдары мектеп оқушыларына ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихына арналған арнайы курстарда теориялық-тәжірибелік, дәйектік негіз бола алады. Сондай-ақ сол өткен ғасырдың бас кезіндегі танымал қазақ қаламгерлерінің шығармашылықтары туралы факультатив сабақтар мен арнаулы семинарларда пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының дерек көздері: Жұмыста ҚР Ұлттық Ғылым академиясының қолжазбалар қорындағы ақын Нарманбет Орманбетұлы өмірі мен шығармашылығына қатысты жазылған Тұрғанбек Ахметұының қолжазба (1939) деректері, Е, Ысмайылов алғысөзі, құрастыруымен жарық көрген «Нарманбеттің өлеңдері» жинағы (1939) пайдаланылды. Сондай-ақ Нарманбет Оманбетұлының А. Туғанбаев құрастыруы, алғысөзімен жарық көрген шығармалары (1998), Т. Жұртбай алғысөзімен жарық көрген «Кер заман» (2004) кітаптары пайдаланылды.

Зерттеу әдістері. Зерттеу әдістері мен тәсілдері жұмыстың алдына қойған мақсаты мен міндеттеріне байланысты айқындалды. Н. Орманбетұлының шығармашылық мұрасын зерттеу барысында жүйелі-кешенді, нақты талдау, жинақтау, қорыту, тарихи-салыстырмалы әдістер қолданды.

Диплом жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытынды мен пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Нарманбеттің шығармашылық ғұмырбаяны

1. 1 Ақынның өмір белестері

Қазақ поэзиясының көрнекті өкілі және ұлы Абай салған реалистік әдебиеттің арнасын заңды жалғастырушы ақындардың бірегейі Нарманбет Орманбетұлы.

Нарманбет ақынның қалам ұстаған уақыты ХІХ ғасырдың соңы болғанымен, өндірте жазып, шығармашылық жағынан толысып, поэзиясының үлкен көркемдік бағыт алған мезгілі ХХ ғасырдың басы болып есептеледі. Сол уақыттағы, яғни, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында өзіндік орны бар ақындар қатарында Н. Орманбетұлының шығармашылығы айрықша аталуы заңды. Алайда ол кешегі күйреген кеңестік дәуірдегі қатаң бақылауында болған қазақ әдебиеттану ғылымында өз бағасын ала-алмады. Оның басты себебі - кеңестік идеология талаптарынан туындаған әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 1930-40 жылдардағы және 1950 жылдардың басында қабылданған қаулы-қарарлар еді. Біріншіден, ақын поэзиясындағы елшілдік мұратымен астасып жатқан, мәні мен мағынасы зор азаттық ұранын ту етіп көтерген толғақты ойлар «зар заман» сарыны, «ұлтшлыдық» көрініс деп маркстік-лениндік әдіснама тұрғысынан қараланса, екіншіден, Алаш зиялыларымен рухани үндестігі, сондай-ақ болыс болуы, отаршылыдық саясатты ашық қасаң идеологиямен еш жанаспаған еді. Академик С. Қирабаевтың «Қазақ әдебиеті тарихының ақтаңдақ беттері ХІХ-ХХ ғасырлар тұсында тіпті көп. Бұл тұстағы біздің қоғамдық саясатымыз орыстармен қатынасымызға негізделеді. Барлық тарихи оқиғалар мен әдеби туындыларға осы тұрғыдан баға берілді. Сондықтан бұл дәуірлердің әдебиеті коммунистік идеологияның қысымына көбірек ұшырады» [8, 16] деген пікірі ойымызды нақтылай түссе, академик Р. Нұрғалидың: «Қазақ халқының ұлттық рухының тамырына балта шабу үшін коммунистер, ең алдымен, осы қозғалыстың бастау көзінде тұрған Алаш көсемдерін, большевизмді жақтаған, кеңес үкіметін мадақтаған коммунист зиялылардың өзін де сыпырып әкетіп, көзін жойды» [9, 5] деген пікірі қазақ халқының басынан кешкен талай қиянатты айқын танытады.

Н. Орманбетұлы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысында (Қарағанды өңірінің Тоқырауын өзенінің бойындағы Саға жерінде) өмірге келді. Оның туған жылына қатысты деректер бірізді емес. Мысалы, Е. Ысмайылов жарыққа шығарған «Нарманбеттің өлеңдері» атты кітаптың алғысөзінде ғалым ақын 1860 жылы туған деп көрсетеді [2] . Ал 1998 жылы Нарманбет ақынның шығармаларын толықтырып құрастырушы Қазақстан Республикасы оқу ісінің озық қызметкері, жоғары дәрежелі мұғалім А. Туғанбаев «Ақынды көрген, одан сөз үйренген қариялардың айтуына қарағанда Нарманбет 59 жасында 1918 жылы дүние салған. Бейітінің басына қойылған құлпытаста 1895 жылы туып, 1918 жылы өлді деп жазылған. Құлпытасты ақынмен көп жылдары қатар жүрген үзеңгілес жолдасы, Ә. Бөкейхановтың туған інісі Смақан қария қойған. Сондықтан біз осы деректерге сүйеніп, ақынды 1859 жылы туды деп көрсеттік» [7, 8] деп жазады. Біздіңше, А. Туғанбаев атап көрсеткеніндей, Смақан қария қойған құлпытастағы көрсетілген ақынның туған жылы оның өмірге келген уақытын айқындаудағы бірден бір дұрыс дерек болып табылады. Оны Қарағанды өңірінен шыққан айтулы қоғам, әдебиет қайраткерлерінің өмірін тыңғылықты зерттеуші, өлкетанушы Ю. Попов деректері де растайды.

Туған халқының рухани мұрасынан нәр алып өскен Нарманбеттің ақындық тұлғасының қалыптасуына от ауызды, орақ тілді шешендігімен дүйім елге әйгілі болған әкесі Орманбеттің де ықпалы зор болды. Орманбет Байжомартұлы қара қылды қақ жарған әділдігімен, турасын айтып тіліп түсер төрелігімен мәлім қазақтың атақты билерінің бірі болған. Сондай-ақ ол Қарқаралы уездік әкімшілігінде беделді қызметке де ие болған. Әке тәлім-тәрбиесіндегі болашақ ақын әуелі ауыл молдасынан сауатын ашады. «Болашақ ақын сегіз жасынан бастап сол кездегі дәстүр бойынша алғашқыда Түркиядан көшіп келіп, Орманбет ауылына тұрақтаған, аузынан дұға төгіліп, көріпкелдікпен ем жасайтын айтулы тұлға ғұлама Қари деген молдадан ескіше, кейін ел аралап бала оқытып жүрген татар Шаяхметұлы Хасен деген жігіттен жаңаша сабақ алады. Екі үлкен молданың алдын көріп, мұсылманша жақмы сауат алуы шығыс классикасымен ерте танысып, одан нәр алуына, әдеби тілде жазылған қолжазба-көшірмелермен таныс болуына мүмкіндік жасайды» [7, 11],

1872-73 жылдары Қарқаралыдағы екі кластық орыс мектебінде білім алады. 1939 жылы басылып шыққан «Нарманбет өлеңдері» атты кітаптың кіріспесінде ғалым Е. Ысмайлов жазғандай: «Нарманбет 10 жасынан бастап Қарқаралы қаласындағы екі класты орыс мектебіне түсіп оқиды, жас күнінен-ақ орысша оқи, жаза, сөйлей білетін білім алады, қалада оқып жүргенде, ел басқару ісіне байланысты орыстың оқыған адамдарымен жақындығы араласып, қарым-қатынасы күшті болады. Бертін келген кезде бірер жыл болыс болғанда дуанға, жоғарғы ұлықтарға жазылатын хаттарды, қатынастарды өзі орысша жазып отырған, хатшылық, переводшік қызметтерін өзі атқарған». Алайда Нарманбет оқуын толық тамамдай алмайды. Бұған қатысты зерттеуші А. Туғанбаев «Нарманбеттің түскен оқуын толық аяқтап шығуына ел ішіндегі бақталастық пен партиягершілік кедергі жасайды. Атадан балаға мұра ретінде беріліп келе жатқан ел билігін қолдан шығармау қамын ойлаған Орманбет баласын оқудан ерте шығарып, атқа мінгізеді. Өзіне көмекшіліккее алып, ел билеу істеріне баули бастайды» [7, 13] деп жазады.

Өзіндік ізденісімен туған халқының әдебиетін жетік білумен қатар Шығыс, Батыс елдерінің әдебиетін терең игереді. «Інжіл, Құран оқыдым, Көңіліме тоқыдым» немесе «Пушкин менен Лермонтов біздей ақын емес пе, Ақын болған адамдар елдің қамын жемес пе» деген өлең жолдары да Нарманбеттің білім алған нәрін көрсетеді. Бұл тұрғыда мұсылманша да бірталай оқыған ақын Шығыс әдебиеті мен философиясын жеткілікті меңгеріп, сонымен қатар орыс әдебиетінің озық үлгілері саналатын А. С. Пушкин, Ю. М. Лермонтов, Л. Н. Толстой шығармаларымен танысады.

Бұқар жырау, Дулат, Шортанбай сынды азулы ақындар мұрасынан сусындап өскен Нарманбеттің шығармашылық ізденісіне Абай поэзиясы айрықша әсер етеді. Ұлы ақын шығармаларын ынта қойып оқыған ол Абайдың ақындық дәстүрін тікелей бойына сіңіріп, ұлы сөз зергерінің әдеби мектебінің тағылымын алады. Абаймен аталас ақын ұлы сөз зергерінің әдеби мектебінен тәрбие алғанын:

«Өзімді алма, сөзімді ал», - деген Абай,

Алмаса да сөз жазды-ау талай-талай.

Ағаты болса ғадауын өтінемін,

«Сен соның інісі едің, -деме, пәле-ай» [10, 13] - деп мақтанышпен айтқан да болатын.

Ол өзінің ұстазы Абай хакімдей халықты оқу-білімге үндеді, патша өкіметінің отаршылдық саясатын, сол жүйеге малданған қазақ жандайшаптарының озбырлығын нысанаға алып әшкерелейді. Есейіп ел билігіне араласқан Нарманбет 1880 жылдардың аяқ шенінен бастап, сол кезде қазақ даласына кеңінен тараған Абайдың озық ойлы поэзиясымен танысады. Міне, осы кезден бастап, Абай өлеңдері ақынның қоғамға деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Оның шығармашылығы халықты құлдық санадан арылту үшін оқу-білімге үндеу, патша өкіметінің отаршылдық саясатын, ел атқамінерлерінің түймеге сатылған опасыздығы мен орыс шенеуніктерінің озбырлығын шенеу мен сынауға ойысады. «Абай - бүкіл дәуірдің перезенті, перезенттен көтерілген ұстазы» [11, 51] десек, азаматтық тұғыры, әлеуметтік мұраты асқақ Абайдың үлгі шашқан өнегесін ұстанып, өмір шындығын, заман келбетін Абайға тән реалистік тәсілмен мейлінше айқын єрі шынайылықпен бейнелей білді.

Сондықтан да ақындық ізденісіндегі алғашқы белес саналатын 1886-1895 жылдар аралығанда жазылған «Замана», «Патшаның тағы бір политикасы» өлеңдері Нарманбеттің азаматтық тұлғасының тұтас болмыс-бітімі туған халқының қайғы-қасіретімен, тағдырымен біте қайнаса қалыптасу үстінде екенін көрсетеді. Мәселен, «Заман» өлеңінде «зар заман» ақындары сарынында отаршылдық қысыммен қазақ халқының басына қилы да күрделі кезең туғанын айта келіп:

Бай озды қамал бұзған батырдан да,

Ақша озды бұл заманда ақылдан да.

Жетісіп жанның бірі ербеңдейді,

Япыр-ай, дария тасып, тартылған ба?!

Көптен аз қорқады екен ақырғанда

Түйме алтын түкірігі қақырғанда.

Ақуалын замананың ойлай-ойлай,

Жүрегім қарсы айрылды аһ ұрғанда [10, 58] деп жырлайды. Ал «Патшаның тағы бір политикасы» өлеңінде Ресей империясының орыстандыру, шоқындыру саясатын батыл да ашық әшкерлейді [10, 61-62] .

Нарманбет бірнеше жыл қатарынан болыс болған, қоғамдық өмірге жан-жақты араласқан көкірегі ояу, көзі қарақты адам. Ол Балқаш болыстығындағы №3 ауылға бірнеше рет 1888-1903 жылдар аралығында халық биі болып сайланады. 1895-1897 жылдары болыстық басқарма орынбасары, 1890-1892, 1908-1910 және 1911-1913 жылдары болыс болды. Он жыл көлемінде Қарқаралы уезінің сот алқасының құрамында да болды.

Оның болыстық қызметі халықтың береке-бірлігін сақтау, ел ішіндегі отаршылдықтан өрістей бастаған озбырлық пен парақорлықты ауыздықтау және әлеуметтің ғылым-білім жолымен дамуына ұйытқы болу сынды маңызды істермен сабақтас. Әсіресе, ел басқару жұмысында жүргенде ел ішіне дендей бастаған ұрлық, өтірік парақорлыққа қатаң тиым салып, балаларды оқыту, мектеп ашу ісіне айрықша көңіл бөледі. Сондықтан да Нарманбеттің осы игілікті істерін ХІХ және ХХ ғасырдың басында Балқаш өңірінде әйгілі болған Тілеш Тумабаев, Оспан Алданазаров, Ахмет Құбылтаев, Атығұл Бертісов, Домбай Қожажанов, Шұғайбек Ахметов сынды өзге де дала ақсүйектері мен билері қолдады. Ал дала генерал-губернаторы Г. А. Колпаковскийдің 1885 жылғы 6 қаңтардағы бұйрығымен Н. Орманбетұлы болыстық қызметіндегі адал еңбегі үшін мақтау қағазымен марапатталды [12] .

Қоғамдық өмірге белсене араласқан Н. Орманбетұлы Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы халықтық үн көтерілген 1905 жылғы Қоянды жәрмеңкесіндегі атақты Қарқаралы петициясына қатысушылардың бірі болды. «Патша өкіметі бұл акцияны барып тұрған саяси күрес деп тауып, жергілікті басқару органдарынан бақылауды күшейтуді талап етеді. Дала генерал-губернаторы хұзырхатты ұйымдастырған адамдарды анықтап, олардың үстінен іс қозғау жөнінде Қарқаралы уезінің бастығына нұсқау береді. Уез бастығы Оссовский өзінің тексеру жұмысытарының барысында хұзырхатты дайындағандардың басшылары Ә. Бөкейхан, М. Дулатов, А. Байтұрсынов, Ж. Ақбаев екендерін дәлелдеп, қазақ тілінен орыс тіліне аударған Т. Нұрекенов болғанын да анықтап, олардың үстінен іс қозғап, арттарынан аңдушылар қойды» [13, 646] . Бұл жерде атақты Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылар Алаштың көсемдері, соның ішінде А. Байтұрсынов десек, халқымыздың қоғам және әдебиет қайраткері Қарқаралыда бастапқыда сыныптық орыс-қазақ, кейін қалалық училищенің оқытушысы болғаны мәлім. Міне, Нарманбет ақын «Мектеп бастығына» өлеңінде А. Байтұрсыновтың ұлтты ағарту мен оятудағы қызметін ереше бағалап, халқымыздың отарлық қысымдағы мүшкіл халын жеткізеді:

Мүбәрәк болсын тойыңыз,

Мақпал болсын ойыңыз,

Зерек болып шәкірттер,

Бәлент болсын бойыңыз!

Бұйырмаңыз айыпқа, ауыл алыс,

Болмады тойғы сояр қойыңыз.

Қараңғы қасірет бұл күнде-

Басында тұр қазақтың.

Қатарында біз қалдық-

Ойын-күлкі мазақтың.

Дүниесін түзей бер!

Дін көңілді безей бер!

Атын естіп қорқамыз,

Ақыретті дозақтың [10, 73] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет
XX ғасыр басындағы тарихи қоғамдық өзгерістердың қазақ әдебиетінің дамуына әсері
М. Қалтаев - ағартушы-демократтық бағыттағы ақын-жазушылар
Ахмет Байтұрсынұлы және «Зар заман» әдебиеті
ХХ ғасырдың басындағы ірі саяси- қоғамдық өзгерістердің ұлттық әдебиетке тигізген ықпал
ХІХ ғасыр ақындары туындыларындағы заман бейнесі
XIX ғасыр поэзиясындағы өнер, білім, ғылым тақырыбы
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі әдеби ағымдардың ерекшелігі
Нарманбет Орманбетұлы, Тайыр Жомартбайұлы, Ығылман Шөрекұлы шығармашылығына мәтіндік талдау
Қазақ әдебиеті тарихын дәуірлеудің ғылыми негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz