Ұлттық поэзиядағы Ұлы Отан соғысы тақырыбы (Қ.Аманжолов, С.Мәуленов туындылары бойынша)


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 80 бет
Таңдаулыға:   

мазмұны

Кіріспе . . . 6

1 Қ. Аманжолов өлеңдерінің тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері . . . 9

1. 1 Ақын өлеңдерінің көркемдік жүйесі . . . 9

1. 2 Ақын өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер табиғаты . . . 39

2 С. Мәуленов және соғыс тақырыбы . . . 48

2. 1 С. Мәуленов поэзиясының арқауы - сұрапыл

соғыс жылдар жаңғырығы . . . 48

2. 2 Ақындық ойлау және поэтикалық құрылым даралығы . . . 64

Қорытынды . . . 73

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 79

Кіріспе

Тақырыптың өзектілігі. Поэзия - ұлы әлем, тылсым күш. Мұңайғанның жүзіне күлкі сыйлатқан, бейқам көңілді тұңғиық ойға шомдырған, ғашық көңілдердің асық жүректерін бір арнаға тоғыстырған ол-поэзия. Өлең - сөздің патшасы екендігі ықылым заманнан бері айдан анық. Соно-о-у замандағы «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» жырынан бастап, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған Абай атамызға дейінгі һәм одан кейінгі барша ақындар осыны дәлелдеп берді емес пе?!

М. Жұмабаев, С. Торайғыров, С. Сейфуллин бертін келе М. Мақатаев, Қ. Аманжолов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Мырзалиев, Ф. Оңғарсынова, К. Ахметова, М. Шаханов. Осы аталған барша ақындардың жыр-жауһарларының куәсі ХХ ғасыр. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында ерекше орын алған қазақ әдеби үдерісінде айрықша дамыған барлық жанрлар сияқты өлеңнің яғни поэзияның да ерекше өнімді болғаны сол тұстағы елуінші жылдардың соңы мен алпысыншы жылдардың басындағы «жылымық» кезең тудырған саяси, рухани жағдаяттармен тығыз байланысты екені бәріне мәлім. Ғасырлар бойы жасалған бай поэзия үлгілерінсіз кезең әдебиеті даму ерекшелігін көзге елестету мүмкін емес екендігі рас болса, сол кезеңдегі дүниеге келген рухани шүйгіндіктің алды-артындағы қайнар көзді айтпауға тағы болмайды. Қазақтың ұлттық поэзиясы мазмұн жағынан да, пішін жағынан да толығып, дәстүр жалғастығын, дәстүр сабақтастығын дамытты, сөйтіп, әдебиеттің келелі де жетекші саласына айналды.

Дипломдық жұмыста осындай ұлы өнердің қаймағы атанған, жайдың отындай жарқылдаған жігерлі, отты шығармаларымен қазақ әдебиетінің жыр жауһары атанған әйгілі ақыны Қасым Рақымжанұлы Аманжолов пен Сырбай Мәуленовтің өлеңдерін талдау, солар арқылы өмірін өлеңмен өрген тұлғалардың қазақ әдебиетіндегі алар орыны мен поэзияға алып келген жаңашылдығын талдап талқылау.

Қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі, кеңестік кезең поэзиясына еселей үлес қосқан іргелі дарын, шығармалары кезіндегі «бүкілодақтық» деңгейде танылған тарлан ақын - Сырбай Мәуленов. Әдебиетке Отан соғысының отты жылдары келіп араласқан Сырбай Мәуленов өмірі өз замандастары секілді өрілді.

Сырбай Мәуленовтың алғашқы өлеңі 1937 жылы Жамбыл облысындағы «Колхозшы» газетінде жарияланған. Ақынның «Өлеңдер» атты тұңғыш жыр жинағы 1948 жылы жарық көрді.

Қазақ поэзиясында лирика жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан ақынның «Жолдас», «Жас жүрек», «Жол үстіндегі жалындар» (1963), «Қызыл арша» (1969), «Боз қырау» (1976), «Тау гүлдері», «Шалқар», «Жалын» (1979), «Жаңбырсыз күз» (1980), «Шуақ», «Алтын тасқын» (1981) атты өлеңдер мен поэмалары, «Жұлдыз жүрек» (1985), «Шаңқай түс» жинақтары, «Таңдамалы» 2 томдығы шықты.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Қасым және Сырбай Ұлы Отан соғысы тақырыбын сыршылдықпен ұластырған ақындар, соғыстан соң Отан, туған жер тақырыбында, замандастарының ерлігі мен өрлігін, жасампаз еңбегін жырлаған. Дегенмен, соғыс тақырыбын шебер жеткізе білген ақындардың бірі- Қ. Аманжолов пен С. Мәуленов екені баршаға мәлім. Сырбай соғыста жүріп жазған «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған өлеңінде ақын «мұхиттың алып толқындарындай менің кеудемде де бір толқын бар, ол - ызаның кектің толқыны, мен соны жауға тоғытамын» деп жазған. Ақынның осы ерекшелігін баса көрсету жұмыстың жаңалық сипаты болып табылады.

Диплом жұмысының мақсаты мен міндеті. Негізгі мақсатымыз ақындардың Ұлы Отан соғысы тақырыбын жан-жақты жырлап, шебер бейнелей алғандығын дәлелдеу. Әрине, кез-келген ақын бірден ақын болып қалыптаспайды. Сондықтан соғыстың алдындағы кезеңдегі ақын поэзиясының өзіндік ерекшелігі, оның соғыс жылдарындағы поэзиясына қалай әсер еткендігі және соғыстан соңғы жылдардағы бейбіт өмірді жырлаудағы ақындардың стиль даралығын анықтау қосымша міндеттер қатарына жатады.

Зерттеу нысаны. Абай, Мағжан, Ілиястармен басталып, Қасым арқылы Мұқағалиларға жалғасар осынау нұрлы да сырлы қазақ өлеңінің бай палитралы әлемін бүгін де, ертең де, одан арғы замандарда да Қасым-Жырсыз елестету мүмкін емес. Ақындық ащы тағдырдың Аңызы ғана ма? Жоқ! Аңызға бергісіз құдіретті көркем сөздің Ақиқаты! Ал ақын қаламы жаратқан ақиқатқа бергісіз Аңыздың ұлт топырағындағы баламасы - Мәңгілік қана! Қасымның өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ. Ол мәңгілік. Құдірет деген осы. ХХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы қазақ поэзиясының негізгі даму бағыттары, поэзия туралы Қ. Аманжоловтың ұлттық руханият топырағында қалдырған мұрасының көркемдік желісімен сипатталады бұл еңбектің нысаны.

Сырбайдың өлеңдері әдебиет сыншылары тарапынан жоғары бағаланды. «Үркер төбеде тұр» атты кітабында Абай, Ыбырай, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қасымдардың өмір жолдары көркем бейнеленген. Ақынның балаларға арналған «Барлаушы бала»(1961), «Құлыншақ», «Бала жолбарыс»(1963), «Қорқақ торпақ»(1966), т. б. өлеңдер мен әңгімелер жинағын жазды.

Ол А. С. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Н. А. Некрасов, Дж. Г. Байрон, Ә. Науаи, Т. Г. Шевченко, А. Блок, Н. Хикмет, т. б. қаламгерлер шығармаларын қазақ тіліне аударды. Көрнекті ақын 1970 жылы «Апрель жаңбыры», «Қызыл арша» атты жыр жинақтары үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды. Қаламгер Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған. Ақын 1993 жылы дүниеден өтті [1, 429] .

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Адам мен қоғамның, табиғаттың үйлесімділігі поэзия арқылы көрінеді. Сол поэзияның құдіреті қандай болатынын ұқтырып кеткен Қасым ақын өзіне дейінгі ұлттық поэзия үлгілерінің озығын өз болмысына сіңіріп қана қойған жоқ, сонымен қатар ақындықтың шеберлік мектебін дамыттырды. Қасым жыры - қазақ халқының жүрек дауысы. Қасым рухы -заңғар биік, асқақ рух. Қасым - кешегі мен бугінгінің ақыны ған емес, Қасым - болашақтың да ақыны. Өйткені оның тәуелсіздік үнімен астасып жатқан жырлары халықтың көкейкесті сырын шертеді.

Жалпы, Қ. Аманжолов поэзиясы туралы ертелі-кеш жазылған ірілі-ұсақты дүниелер біршама екенін айту қажет. Алайда бір мәселенің басы ашық, ол - Қасым ақынның қазақ поэзиясында берік орныққан шеберлік мектебінің қырларын ашу, ұлттық поэзиядағы Қасым поэзиясы дәстүрінің қаншалықты дәрежеде жаңашылдыққа ұласуы т. б. Міне, бұл айтылған жайттар біздің жұмысымыз тақырыбының өзектілігін көрсетсе керек. Тақырыптық-идеялық сипаттар, стильдік өзгешеліктер, көркемдік-эстетикалық өре-деңгейді саралау т. б. - бәрі де осынау проблемалардан туындамақ.

Ал, мұның өзі, тұтастай алғанда қазақ поэзиясындағы өсу, өркендеу, кемелдену сипаттарын саралауға алғышарттар жасайтыны белгілі.

Өмірде мейлінше қарапайым Сырбай Мәуленов өлеңде мейлінше сыршыл, өрнекшіл, тегеурінді ойға құрып толқындатып жазатын хас шебердің өзі болған. Ақын өмірбаяны өлеңінде өлеңінде өзінің туу сәтінен бастап, өлең белеңдерін түп-түгел айтып, бейнелеп жазып, сағыныш сезіміне орап жырлап өтті десе де болады. Жұртына жұпар жыр, ғажайып сыр сыйлаған ақын тағдырына қызыққан жан оның әрбір өлеңіне, өлең әдібін, әрбір жолына үңіліп қараса ақын жүрегін көреді, қаламгер тұлғасы, шығармашылық тағдыры көзге нақты елестеп қоя береді. Ақынның осы бір шеберлігі көптеген қаламгерлерге үлгі болды.

Сондай-ақ жұмыс нәтижелерін орта арнаулы оқу орындарында қазақ тілі пәнінен факультатив және сабақ жүргізу барысында қосымша материал ретінде пайдалануға болады.

Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспе және көлемді екі бөлімнен, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 Қ. Аманжолов өлеңдерінің тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері

1. 1 Ақын өлеңдерінің көркемдік жүйесі

Ақын Қасым дегенге

Асыл Қасым дегенге -

Оқып едім өлеңін,

От ойнады денемде.

Мұхаң сын-ды ұлы адам -

Сынағанда ұнаған -

Қасым қыран дауылға -

Қарсы ұшқан ұядан!

Жыр тыңдатқан ғасырға -

Жету қайда Қасымға?! - деп Қабылхан Күзембай сынды ұрпағы еске алып, жырлап жүрген қазақтың жиырмасыншы ғасырда маңдайына біткен жарық жұлдызы Қасым Рақымжанұлы Аманжоловтың әдебиеттегі алар орыны айрықша. Қасым Аманжоловтың өміршең өлеңдері уақыт сынынан, дәуір сүзгісінен өтіп, жаңа ғасырдың табалдырығын бізбен бірге аттады. Демек, қазақ поэзиясының алыптарының бірі, «өртке тиген дауылдай өлеңдер» жазған Қасым поэзия патшаларының бірі болды. Жалпы адамзаттық құндылықтар қатарынан ойып тұрып орын алар қазақ поэзиясы - ұлттық рухани кемелділіктің ғана емес, ұлттық адами болмыстың да өре-деңгейі, шынайы көрсеткіші. Қазақ поэзиясы - қазақ рухының көрінісі. Рух - поэзия үшін мәңгілік мұрат. Себебі, өмір де - мұрат, өлім - ақиқат. Өмір - уақытша құбылыс, өлім - мәңгілік құбылыс. Осы екі ұғымның арасында ешуақытта өлмейтін, ғасырдан ғасырға жетіп, уақыт пен кеңістікті көктей өтіп, мәңгілік жасайтын қазына - рухани игілік, оның ішінде поэзия.

Қасым 1911 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Темірші болысында (қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы), Қызыл деген жерде туған. Аманжол Қасымның ұлы атасы. Бұл жерде айналасы қоры, тал, ши өсетін Қазанғап өзенінің тарамдары ағады. Бұл алқап бірыңғай жазық болмай, таулы, адырлы келеді. Зайсанның тұсынан басталған Сауыр, Тарбағатай, Шығыс, Қарқаралы таулары бірі мен бірі жалғасып, Арқаның биік жоны болып отырады. Қызыл, Көшен, Берікқара, Былқылдақ сол таулардың сілемі сияқты шағын таулар. Міне, Қасымның елі осы Қызыл.

Қасым Қазақстанның басқа да көп жерлерін аралады. Баянды, Көкшетауды, Алатау, Сыр, Жайық бойын да жақсы біледі. Алайда, қазақ даласын сүйсіне жырлаған уақытта жастайынан туып-өскен Қарқаралының суреттері Қасымның поэзиясында айрықша жарқын, сұлу елестейді. Сырнай тартқандай тасып аққан өзен суы, сылдыраған бұлақтың, шатырлаған найзағайдың, түнеріп төнген қара бұлттың, бұрқыратқан дауыл мен құйынның, кейде долы, кейде жұмсақ дала желінің, жұлдызды қаракөк аспанның, құлпырған жердің құбылысы мен сырлары бақташы, малшы Қасымның алғашқы ақындық сезімін, қанаттандырған сияқты.

Қасым ауылда жүргенде молдадан мұсылманша тиіп-қашып оқиды. Өте қиын болса да зерек, алғыр жас тез хат танып, өз бетімен қолына түскен бірлі-жарым кітаптарды оқи береді.

- Сол кезде оқығандарымның қайсыбірін білем, әйтеуір екі жетім бала туралы “Мұңлық-Зарлық” дастаны есімде қалыпты, - деуші еді Қасым өзі. Жиырмасыншы жылдардың басында Қасым жаңадан ашылған бастауыш мектепте бірер жыл оқиды.

Мұнда төңкеріс жаңалығын, жаңа өлең-жырды алғаш осы мектептен оқып танысады. Бірақ ауыл жеріндегі Қасымның оқуы жүйелі болмайды, себебі, мектеп оқуына Қасым күн сайын мезігілімен барып, қатынаса алмайды. Екіншіден, мектептің мұғалімдері де Қасымның аз-ақ алдындағы білімі саяз адамдар болады. Олардың бар білгені қымызы орта шағын ыдыс сияқты, Қасым бір қағып жұтып, түбіне қарап отырып қалғандай еді. Ол оқудың тәтті дәмін татқанымен, бірақ, сіміріп жұтарлық дариядай молына кездеспейді. Оқудың молы қалада екенін сезеді, бірақ, оған қалай жетпек? Бар арманы қалаға барып оқу… Осындай халде жүргенде 1923 жылы ағасы Ахметжан келіп, Қасымды Семейге әкетіп, қаладағы бастауыш мектепке түсіреді. Қаланың тіршілігі, мектеп өнері - барлығы Қасымға жаңа бір дүние болып көрінеді. Ол көп оқиды, көп үйренеді, ойы да, білімі де тез өседі. Қасымның алғырлығы сондай, алғашқы бір жылда екі сыныпты бірден бітіріп шығады.

Ахметжанның үйіне Семей қаласында ақын, әнші, сауыққой, өнерпаз жігіттер, жазушы-журналистер көбірек жиналып отырған. Әсіресе, Әміре, Иса, Майра секілді белгілі ақын, әншілер де, күйші-өнерпаздар да мезгіл-мезгіл Ахметжандікіне келіп ән салып, күй тартып сауық құрады. Мұхтар Әуезов, Сәбит Дөнентаев та бұл үйдің жиі келіп кететін мәжілісқор қонағы болады. Міне, мұның барлығы жас Қасымға қызығы таусылмас, қызуы басылмас аса бір сүйікті өнер, білім дүниесі, екінші бір мектеп еді. Осы ақын, әнші, жазушылар дүниесінен де ақын үлгі өнегені мол қармады. Домбыраны ғана емес, скрипка тартуды да үйренеді. Әсіресе, әдебиетке құмарлық талант та осы бір ортада тұтанып оянады.

Қалада театр, кино, ойын-сауық орындары да, мектеп, кітапхана арқылы білімі де Қасымның көркемөнерге, поэзияға деген құмарлығын арттыра береді. Енді ол мектептегі, қаладағы жастардың ынта-жігерімен қойылатын сауық кештерінің, спектакльдердің бірталайына белсене қатынасады. Ойын-сауыққа алғаш араласқан кездегі жолдасының бірі - Шәкен Айманов.

“- Семейдегі кезімде бірталай өлеңдер жаздым. Кейбірі қабырға газетінде басылып жүрді. “Қазақ тілі” газетіне Сәбит Дөнентаевқа апарып көрсеткен бірлі-жарым өлеңдерімді ол кісі тіл жағынан ұнатпады. Қайтып баспаға ұсынғаным жоқ. Семейде жүріп жазған өлеңдерім бір дәптер болатын, оның көбі жастық шақты, жолдас достар арасындағы әзіл-қалжыңды, жастардың үгіт-ұрандарын айтатын өлеңдер болатын. Кейін ол Семей дәптеріндегі өлеңдерім жоғалды. Жастық шақты еске түсіру демесең, ол дәптердің жоғалғанына “қымбат қазынам еді”, - деп өкінбеймін де, - дейтін ақын өзі” [2, 5] . Қасым Семейде жүрген уақытында ағасының үйінде онша көп тұрақтамайды. Ағасы Ахметжан үйде бар кезінде, үйде ақын, әншілер келген кезде Қасым үнемі болады да, ағасы жоқ кезінде бұл үйге көп болмайды. Себебі Қасымды туған шешесіндей жылы қабақпен қарсы алып, туыстық мейір көрсететін ешкім болмайды. Осындай өгейлікті сезген Қасым 1924-1926 жылдары Семей қаласындағы балалар үйіне түсіп, оқып тәрбиеленеді. Оған дейін мал-дәрігерлік техникумына түсіп оқиды.

Осы оқулардың арқасында Қасым аз жылдың ішінде орта біліммен қаруланады. Орыс тілін жақсы біліп шығып, сол кездегі қазақ әдебиетінің үлгілерін қызыға оқумен қатар орыс жазушыларының шығармаларын да еркін түсініп оқуына мүмкіндік алады.

Қасым балалар үйіне түсіп, одан кейін техникумда оқуы арқылы жетімдіктен құтылады. Әкесі де, жанашыр мейірімді анасы да - кеңес мектебі болғандығын ақын кейін жазған көптеген өлеңдерінде зор қуанышпен есіне түсіріп айтады.

Мектепке қарай жүгірдім,

Қолымды тұңғыш қойдым да,

Бетін бір аштым білімнің.

Сапқа да тұрдым, ту алдым,

Келді деп менің кезегім,

Әкемдей сонда қуандым [3, 45] .

Ақын өзі айтқандай ол мектепте білім алып, тәрбиеленіп, қажырлы күрес, жігерлі істің мектебінен өтеді. Бұл Қасым сияқты бұрын панасыз болып, кеңес мектебі арқылы қатарға қосылған жастардың бәрінің басынан кешкен негізгі өмір жолы еді. Бұл мектеп сонымен бірге болашақ ақынның қоғам өміріндегі орнын да, ақындық жолдағы өрісін де анықтап берді. Қасымның 1930 жылдардың бас кезінде жазған өлеңдерінен де осы ерекшелік айқын байқалып отырады. 1930 жылдардың басында Қасым оқу іздеп Алматы қаласына келеді. Бірақ қолайлы оқуға түсе алмайды, республикалық “Лениншіл жас” газетіне қызметке ораналасады. Кейін “Қызыл Әскер” газетіне қызметке ауысады.

Бір жағынан өз бетімен оқи жүріп, Қасым аз уақыттың ішінде газет қызметіне төселіп алады. Шағын мақалалар, очерктер жазуға машықтанады. Сонымен қатар, осы кезде жазған бірқатар өлеңдері “Лениншіл жас”, “Қызыл әскер”, “Пионер” газеттерінде жарияланады. Бұл өлеңдері жастардың ой-сезімін, ізгі талап-тілегін, күрестерін дұрыс қамтып жырлаған, идеясы айқын шығармалар болғанымен, көркемдік жағынан әлсіз еді. Отызыншы жылдардың бас кезінде жалпы басылып жүрген өлеңдері “есеп” үлгісінде еді.

Әрине, ешбір адам шу дегеннен үлкен ақын болып шыға қоймайды. Ұзақ жылдар оқу, үйрену, қажырлы еңбек істеу жолында өсіп жетіледі. Міне, Қасым да отызыншы жылдардың алғашқы жартысында ақындығының жастық шәкірттік дәуірін басынан кешеді. Бұл оның, әсіресе, Орал қаласындағы шығармашылық өмірінде айқын байқалады.

1931 жылы Қасым Ленинград қаласында Орман шаруашылығы институтына оқуға түседі. Бір жылдай онда оқып, денсаулығы жарамағандықтан оқуды тастап, Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласына келіп, сондағы “Екпінді құрылыс” газетінде қызмет істейді. Бір жылдан кейін 1933 жылы міндетті әскер қызметіне алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.

1935-1936 жылдары Оралдағы жаңа ұйымдасқан қазақ театрында қызмет істейді. Міне, осы Оралда болған кезінде Қасымның ақындық, әншілік өнері (таланты) жұртшылыққа танылады.

Қасымның Оралдағы өмірі туралы сол кездегі жақын жолдасының бірі, ақын Тіленов Жәрдем былай дейді: “Қасымның Оралға келуі жастардың ортасында үлкен бір оқиға болды. Өзі ақын, музыкалық аспаптардың барлығында ойнайтын, әрі әнші, әрі күйші өнерпаз. Оның жүрген, отырған жері ылғи думан ойын-сауық еді. Қасымның осындай өнері, ақындығы, ақкөңіл, ақжарқын мінезі әрдайым жастарды өз айналасына үйрілтіп алатын.

Қасым газет-журналистік жұмысқа да тез төселіп, өзіне жүктелген міндетті жылдам, тиянақты орындайтын. Ол “Екпінді құрылыс” газетінде аудармашы болып қызмет атқарды” [4, 28] .

1935 жылы Қасым рабфакта оқитын Марпуға Кенжеғалиевамен танысады.

- Мені театр жұмысына араластырғысы келді. Мен театрға араласпасам да, Қасым екеуіміздің арамыз алыстамады. Бір-бірімізді адал көңілмен сүйіп едік. Қасымның осындай жайларды, яғни өзінің айнымас достығын, махаббатын білдіріп жазған өлеңдері көп еді. Барлығы да соғыстың кесірі. Сол кезде үйіміз өртенгенде өлеңдерінің оннан бірі ғана сақталып қалды.

1935 жылдың ақыры мен 1936 жылдың басында арамыз алыстады. “Қыраулы терезе”, “Көре алмай қайттым үйіме” деген өлеңдерін осы қыс айларында жазған еді. “Кім кінәлі?” өлеңін 1936 жылы мамыр айында, Оралдан дәл кетер алдында келіп жазып тастап кеткен болатын.

Рас, Қасымның маған өкпелейтін жөні де бар. Тым қатал болғаныма кейін өзім қатты өкіндім де. Оралда айрылысып, Алматыда қайта көріскенде Қасым:

“Сенің гүлдей дидарыңнан,

Бақыт нұрын көруші ем,

Махаббатты жас жанымнан,

Жырлар жазып беруші ем!” -

деп сол махаббат ақындығына қанат бітіргендігін жасырмады” [5, 37], - дейді. Қасымның 1938 жылы “Өмір сыры” атты жинағы жарияланды. Осы алғашқы жинағымен ақын сол дәуірдегі шығармашылығына қорытынды жасады. Қасым Алматыдағы жас таланттардың ортасында жарқ етіп, әдебиет жұртшылығына өзін таныстырды. Дихан Әбілев, Жұмағали Саин, Қапан Сатыбалдин, Әбу Сәрсембаев, Қалижан Бекхожин және басқа біркелкі жас ақындардың қатарына Қасым да келіп қосылып, сол кездегі әдебиет сындарында ауызға алына бастаған. Бұл алғашқы ақындық жолдағы елеулі адым еді. Ақынның шығармашылық өсу жолы өте қиын. Ақын көп оқып, білім қорын жинау арқасында қажырлы, үздіксіз еңбек істеу арқасында өсіп, есейеді. Қасым поэзиясында әлі толғау жырдың үлгісі басым еді. “Өмір сыры”, “Тұрмыс толғауы” сияқты шұбыртпалы жырлары сол тұстағы қазақ ақындарының көбіне ортақ дәстүр болатын.

“Мен Қасымды 1937 жылдардан жақын біле бастадым. Ең алғаш “Лениншіл жас” газетінің басқармасында маған Жұмағали Саин: “бұл сері ақын”, - деп таныстырды. Ақынның таланты алдымен сезімді селт еткізетін айқын суретшілігінен танылады.

Ақын да, суретші де осы тұрғыдан бірдей бірі сөзбен, бірі бояумен жанды сурет сала білуге тиісті. Қасым көбінесе жатқа айтушы еді. Жатқа айтқандықтан ба немесе Қасым өлеңдерінің ерекше бір көркемдік күштері бар ма, әйтеуір оның өлеңі басқалардан көбірек ұнап, көбірек мақтау алатын. Қасымды “Тәңірдей” табынып, алдына ұстазындай иіліп, ерекше бір тағзым етіп мақтау сөзді Абдолла көбірек айтатын және басқа біздің сындарымыздан Қасымды қорғаумен болатын” [6, 3] - деп жазады Қ. Бекхожин өз естелігінде.

1939-1941 жылдар арасында Қасымның шығармашылық өмірінде елеулі өрлеу дәуірі басталды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қасым Аманжолов - қазақтың ұлттық ақыны
Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ әдебиеті туралы еңбектері мен сын мақалалары
Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ әдебиетінің даму ерекшелігі
Отызыншы жылдардағы әдеби сынның негізгі бағыттары
Отырарда өлеңі
Жақан Сыздықов поэмаларындағы ақын шеберлігі және тіл көркемдігі
Қазақ лирикасындағы көркемдік дәстүр
Азия мен Қазақстан халықтары әдебиеттерінің өзара жақындастығы
Соғыс жылдарындағы ақын жазушылардың шығармалары
Қазіргі қазақ өлеңінің құрылысы: дәстүр және даму үрдістері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz