Сырым Датұлы


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 11 бет
Таңдаулыға:   

СЫРЫМ ДАТҰЛЫ

Сырым Датұлы ескерткіші, Орал қаласы

Датұлы Сырым (1712-1802) - Ресей патшасының отарлау саясатына қарсы күрескен Кіші жүз қазақтары көтерілісінің көрнекті басшысы, атақты батыр, әйгілі шешен.

Шыққан тегі - Кіші жүздің Байұлы тайпасының Байбақты руынан. Өзінің асқан ақылдылығы арқасында өз ортасында тым ерте танылып, әділдігімен аты шыққан «Бала би» атанды.

Сырым Датұлы 1-ші көтерілісі

Жасы ұлғайған кезінде отарлаушылардың озбыр саясатына қарсы шығып, жерінен айырылып, жайылымсыз қалған, патша әкімшілігінің езіп-жаншуынан, тонауынан әбден титықтап біткен халқының наразылығына үн қосып, қарулы күреске шығады. Ол өзінің Орынбордың генерал-губернаторы Игельстромға жазған бір хатында былай деп жазады:

Сіздердің түрлі әдістермен алдап, қолға түсірген ноғай, башқұрттар сияқты бізге де бұғалық салып, езбекші екендігіңіз белгілі.

Бұдан Сырым батырдың қолына қару алып, көтеріліске шығып, басын бәйгіге тігудегі мақсатының айқындығы, халқының мойнына түскелі тұрған сол бұғауды үзуге ұмтылғаны анық аңғарылады.

1783 ж. Сырым бейқам жатқан қазақ ауылдарын шауып, кезекті тонауға келген казак-орыс атаманы Чагановтың отрядымен шайқасып, оны ойсырата жеңеді. Атаманның өзін тұтқындап, Хиуаға құлдыққа сатып жібереді. Бұл патша әкімшілігіне үлкен соққы еді. Соған орай Орал қаласындағы патша әскері түгел аттанып, осы жылдың күзінде Сырымды қолға түсіреді. Бірақ оны Нұралы хан қыруар мал беріп, бірер айдан кейін босатып алады.

Сырым Датұлы 2-ші көтерілісі

Түрмеден босағаннан кейін Сырым Табын руының старшыны Тіленші Бөкенбайұлының қолдауымен орал казак-орыс әскерімен күресін әрі жалғастырады. Бірақ Нұралы хан бұл жолы Сырымды қолдамайды, қайта оған қарсы шығып, шекаралық әкімшіліктен көтерілісшілерді басу үшін арнайы әскер жіберуін талап етеді. Сөйтіп ол былайғы жерде Сырымға қарсы күресте шекара әкімшілігімен бір болады.

Міне, осы кезден, яғни 1784 ж. бастап патшаның отарлау саясатына қарсы күресте ханының да, қарашасының да ортақ ниеттестігіне ие болып келген көтерілісшілер арасына жік түсіп, Сырым бастаған халық қозғалысының күресі енді Әбілқайыр әулетінен шыққан хан мен сұлтандарға қарсы бағытталады. Кіші жүздің көптеген рулары Нұралы ханға бағынбай көтерілісшілер жағына шығады.

1785 ж. күзінде болған старшындар жиналысы Нұралыны хан деп танудан бас тартады. Келесі жылдың көктемі қарсаңында көтерілісшілердің қысымына шыдамаған Нұралы шекаралық шептегі қамалға қашуға мәжбүр болады. Оның ақыры сол жылы Екатерина ІІ-нің Нұралыны хандықтан түсіру жөніндегі жарлыққа қол қоюына әкеп соғады.

Хан тағына Нұралы кетіп, Ералы отырғанымен де жағдай түзелмейді. Халықтың наразылығы одан сайын күшейе түседі. Сырым бастаған көтерілісшілер енді ашық соғыс қимылдарына көшіп, патша қамалдарына шабуыл жасай бастайды. Бірақ олар пәлендей нәтижеге жете алмайды. Елек қамалына жасаған шабуылдың сәтсіздігінен кейін Сырым соғыс тәсілін өзгертіп, партизандық әрекеттер жасауға көшеді. Шекаралық бекіністерге, сұлтандар мен оларды қолдаушылардың ауылына тұтқиылдан шабуылдап, адамдарын тұтқынға алады.

1797 ж. көтерілісшілердің үлкен бір тобы Ералыдан кейін хан тағына отырған Есімнің ауылына тұтқиылдан шабуыл жасап, ханды өлтіреді. Есім ханның өлтірілуі Сырымға тілектес билер мен старшындардың одан ірге ашуына себепші болады.

Хиуаға ығысу

Есімнің орнына Айшуақ хан сайлағаннан кейін, ол Есімнің кегін алмақ болып, арнайы отряд жасақтап, Сырымға қарсы аттанады. Соңынан індете қуып, маза бермеген патша экспедициясынан ығысып, Сырым Хиуа хандығының жеріне өтіп кетеді.

Ел арасына атағы кеңінен тараған батырдан қауіптенген Хиуа ханы оның көзін жоюдың амалын жасайды. Ақыры оның есебін тауып улап өлтіреді. Бұл жөнінде халық ауызында түрлі әңгімелер айтылады.

Сырым серті

Дара тұлғаның 265 жылдығы Жайық өңірінде кеңінен аталып өтті

Газетімізде бұған дейін хабарланғанындай, Ақжайық атырабында үш күнге созылған Сырым тойы өзінің бай да, терең мазмұнымен ерекшеленді. Ең бастысы, ол елге берері азырақ, ас ішіп, аяқ босатар жағы көбірек әншейіндегі көп жиынның бірі болып қалған жоқ. Сырым Датұлының 265 жылдығы аясында өткізілген мерекелік шаралар ә дегеннен құлашты кеңге сілтеп, ол осы бір ірі тарихи тұлғаның жан-жақты бітім-болмысы мен осы кезге дейін беймәлім болып келген кейбір қырларын ашуға бағытталды.

Бұл шаралар бір-бірімен қоса қабат жүріп жатты. Оның қай-қайсысы да тартымды. Қай-қайсысы да қажет. Дегенмен, осындай бір сәтте алда бір ғана таңдау тұрды. Оның біріншісі - Сырымның 265 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысы мен шешендер сайысы да, екіншісі осы датаға орай өткізілетін халықаралық ғылыми-практикалық конференция. Бір уақытқа белгіленген осы екі шараның қайсысына барған жөн. Таңдау конференцияға түсті.

Мұнда Ресейдің, Өзбекстанның және Қазақстанның белгілі ғалымдары мен тарихшылары, осы мемлекеттердегі архив жетекшілері мен мамандары отаршылдық езгіге қарсы шығып, жаңа саяси тәртіп орнатып, қазақ мемлекеттілігін сақтап қалуға ұмтылған, жәй ұмтылып қана қоймай, осы жолда аяусыз күрескен Сырым Датұлының сан қырлы қызметін ашып көрсетті.

Ғылыми-практикалық конференцияның басты мақсаты - осы қайталанбас тарихи тұлғаның мол мұрасы мен ол басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстың мәні мен маңызын жан-жақты зерделеу, - деді аталған тойды ұйымдастырушылар атынан сөз алған Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы А. Батырханов. Сырымның өмірі мен қызметі, өмірден өтуі, ол өмір сүрген дәуірдің ерекшелігі мен көп жықпылдығы жөнінде әлі де айқындай түсетін тұстар аз емес. Бүгінгі конференция сол күмәндер мен болжамдарды сейілтуге септігін тигізіп жатса - мақсатымыздың орындалғаны. Айдар Тапашұлы өз ойын осылай қорытты.

Осы арада айтпай кетуге болмайтын тағы бір мәселе бар. Биылғы көктемде С. Датұлының 265 жылдығын атап өту шаралары аясында Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М. Сыдықов басқарған экспедиция Оралдан Өзбекстанға аттанды. Құрамында еліміздің белгілі ғалымдары мен тарихшылары, археологтары мен зерттеушілері бар аталған экспедицияның басты мақсаты - Сырым бабамыздың қорымын анықтау еді. Бұл сапар жөнінде Мұрат Наурызғалиұлы конференция кезінде былай деді:

- Экспедиция Өзбекстанның Нөкіс, Үргеніш, Хиуа қалаларында және Қыпшақ, Бестөбе, Гүрлен ауылдарында болып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Айта кетерлік жәйт, Өзбекстанның ресми ғылыми орындары бабамыздың мәңгілік тыныс тапқан жері туралы ешбір ақпарат бере алмады. Сондықтан біз жергілікті тұрғындар мен батыр ұрпақтарының айтқандары мен жорамалдарына ғылыми-тарихи және археологиялық тұрғыдан талдаулар жасауды мақсат еттік.

Сөйтіп, көршілес елде Сырым Датұлының бейіті екі жерде болуы мүмкін деген тоқтамға келдік. Оның біріншісі - Қарақалпақстандағы Ғыжық батыр мазары. Этноархеолог мамандардың мұндағы зерттеулері бабамыздың бұл жерде жатқанына негіз қаламады. Екіншісі - Хорезм облысынан 50-60 шақырым қашықтықта, Майлышеңгел деген елді мекендегі Ғайып ата деген жер. Бұл мекен жөнінде еліміздің бірқатар ғылыми әдебиеттері мен мерзімді басылымдарында деректер бар болып шықты.

Біз сол деректер негізінде өзбекстандық ғалымдармен бірге зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Атап айтқанда, оған Ходжейлі ауданындағы Таза-База ауылының тұрғыны Исағали Құдіретов, мешіт қызметкерлері Аллаяр Халлиев пен Пулат Дәулетовтер көмек берді. Ғайып ата қорымның ең биік тұсында орналасыпты. Осы мекендегі жұртшылық бұл мазарды қазақ елінен келіп, осы жерде дүниеден өткен адамның зираты деп санайды. Бұған дейін ол биікке жергілікті қазақтар жиі келіп, құран оқып жүреді екен.

Алайда, мұнда ешқандай белгі, не жазу жоқ. Әйтсе де мазардың күмбезі, оның салыну ерекшеліктері ол Сырымның мәңгілік мекені екеніне негіз қалайды. Сондықтан да Майлышеңгелдегі бейіт Сырым Датұлыныкі деуге мүмкіндік береді.

Әрине, Қазақстаннан Өзбекстанға барып үлкен тарихи миссияны ойдағыдай атқарып келген экспедиция мүшелерінің бұл сапары тек қолдауға ғана лайықты. Әйтсе де осымен Сырым баба қорымын анықтаудың соңғы нүктесі қойылды деу ертерек секілді. Бұл тұжырым көрші мемлекетке барып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті тұрғындардың қисынды ой-пікірлеріне талдаулар жасаған топтың іс нәтижелеріне күмән келтіру ниетінен туындап отырған жоқ.

Аталған экспедицияның зерттеу нәтижелерімен таныс болды ма, болмады ма, ол арасын дәл айту қиын, әйтеуір Сырым Датұлының 265 жылдығына арналған Оралдағы салтанатты жиналыс үстінде сөйлеген терең мазмұнды сөзінің бір тұсында заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбай: Сырым бабамыз жатқан жер әлі анықталған жоқ, - деп қалды. Сондықтан бұл арада осынау ой-қисын арналарын бір жерге тоғыстыру, анықталған орынды әлі де нақтылап айқындау, сөйтіп оған нақты ғылыми дәлелдер арқылы көпшіліктің көзін жеткізу қажеттілігі аңғарылады. Бұл болашақтың иығындағы жүк болмақ. Оның үстіне экспедиция сапары мерзімінің шектеулілігі де кейбір жәйттерге асықпай назар аударуға аздық қылғанын ескерген орынды.

Конференцияда “Сырым Датұлы - дала демократиясының негізін қалаушы” деген тақырыпта баяндама жасаған Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Серік Мәшімбаев аталған тарихи тұлғаның реформаторлық қырларына тоқталды.

Ол кезде Ресей империясы қазақ даласы мен қазақтарға қатысты “бөлшекте де билей бер” деген зымиян саясат ұстанып, оларды бағындырудың басты жолы ретінде іштеріне іріткі салып, әлсірету мақсатын көздеді. Бұл хандық биліктің жойылуға тақаған кезі еді. Сол кезде кіші жүздің бас старшыны Сырым Датұлы халық кеңесі деген ел басқару үлгісін өмірге әкеліп, 1785-1787 жылдары оның үш отырысын өткізді.

Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың басты мақсаты - елде тыныштық орнатуға бағытталды. Осы кезде қазақтардың жері мен жайылымы тым тарылып кетті. Ал мұнсыз олардың өмір сүруі мен қазақ мемлекеттілігін сақтап қалу тіпті де мүмкін емес еді. Сондықтан да Сырым дипломатиялық жолмен Жайықтың оң жағалауын қазақтардың қайта иеленуіне қол жеткізді. Міне, оның реформаторлық ісінің нәтижесі. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, Сырым Датұлы тәуелсіздіктің іргетасын қалаушылардың бірі деп бағалауға әбден болады.

Баяндама жасағандар осылайша тарихи тұлғаға байланысты әр қырынан ғылыми түйіндер жасап, оның күрделі бейнесін толықтырып, одан әрі жаңғырта түсті. Мәселен, Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бөлім меңгерушісі Саттар Мәжитов Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың теориялық-методологиялық қырларына тоқталса, номаттардың мәдени мұрасы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Болат Жанаев Сырым жөнінде көпшілікке беймәлім дерек көздеріне ой жүгіртті.

Бұл ретте ол Ресей мен Қазақстан архивтерінде Сырымның өмірі мен қызметі жөнінде жаңадан табылған архивтік құжаттар жөнінде хабарлама жасады. Соның бірі - оның 1745-1786 жылдары Нұралы ханға жазған хаттары. Онда негізінен Сырымның хан мен екіарадағы жеке мәселелер тұрғысындағы қарым-қатынастары баяндалған, - деді ол.

Сырым жөніндегі көптеген құнды құжаттар Ресей архивтерінде, Санкт-Петербург, Орынбор қалаларында жатқаны белгілі. Ал оның бәрін көтеріп, қопара зерттеуде осы кезге дейін белгілі бір кедергілер орын алып келгені де шындық. Халықаралық конференция осы кедергілердің “томағасын сыпырып” екіжақты архивтік байланыстарды тереңдете алуымен де ерекшеленді.

Сырым Датұлының 265 жылдығына арналған Жайықтағы үлкен мерекелік шара кезінде ойдың басты қазығын қазақ сөз өнерінің хас шебері Әбіш Кекілбай шегеледі. Көршілес Ақтөбе облысында өткізілген Қобыланды батыр тойынан оралып, тікұшақ арқылы Оралға түскен ол сөзінің басында сол тойдың әсерінен әлі де айыға алмай тұрғандай көрінгенімен, санаулы сәттерден соң қолында қағаздың тілдей тілігі жоқ Әбекең Сырым жөніндегі ормандай ұйысқан терең ойларын ақ жаңбырдай төгіп кеп берді дейсіз. Сол сәтте үнтаспаға жазылып немесе қағазға түртіп алынбаса да оның санаға сіңген кейбір ой ұшқындары мен үзіктері төмендегідей болып шықты.

Сырым батыр тарихтың абақтысында көп отырған кісі. Оны сол абақтыдан шығаратын уақытымыз әлдеқашан жетті. Жайық бойында дүркіреп өтіп жатқан той осы бағыттағы қадамдарымыздың басы болғай. Мұндайда аруаққа табынып қана қоймай, оның атына лайықты істер тындырғанымыз жарасар. Батырлар тек бірөңкей күші көп жуанбілектілерден шықпайды. Батырды халық тумайды, тарих туады. Қатын тумайды, ұлт туады. Оны тарих ғасырлап толғатады. Сырымды да көпті көрген көнекөз тарих екі жарым ғасырдай толғатты.

Ел үшін еңкілдеп жауға қарсы шаба бергендердің бәрін батыр деп санауға тағы да болмайды. Қазақ тарихында Сырым жалғыз. Ол жай батыр емес - саясатшы батыр. Ресей империясының генерал-губернаторларын ғана емес, Петербордың императорлық сарайлары мен Хиуа хандықтарын қазақтың геосаясатына жүгіндіре білген батыр.

Сырым барша қазақ халқына ортақ батыр. Ол ұлт-азаттық қозғалыс делінетін биік тарихи ұғымның бастауында тұрған тұлға. Арғы-бергі тарихымызда дәл мұндай мәселемен Сырымға дейін ешкім шұғылданып көрмеген. Тіпті мұндай күрес күні бүгінге дейін жалғасып келеді десек, қателеспейміз. Бүгінгі тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін білмей төгіп алып жүрсек, халқымыздың болашағы бұлдыр болып қалады. Сырым есімі бізге сонысымен де қымбат.

Оны көсем еді, шешен еді деп ділмәрси беру де біртүрлі ыңғайсыз. Өйткені, Сырым көпірме, лепірме сөздің адамы емес. Бұлай төгілдіре беру оның бітім-болмысы мен табиғатына, жаратылысына жат. Сырым дүниеге келген кезде бүкіләлемдік саясат күрт өзгеріп кетті. Тарих өрнегін бүкіл адамзаттық коллизиялар тоқиды. Сырым нағыз рыцарь, ноян, пайғамбардай адал, құдіретті тұлға. Дегенмен, одан періште жасауға да болмайды. Осындай ірі тарихи тұлғаның мәңгілік жатқан жері әлі даулы. Әрине, кемшіліксіз, қателеспейтін, жаза баспайтын жан жоқ.

Адами тұрғыдан қарағанда Сырымның мәкілігі - халықтық мемлекет жасаймын деген утопияға берілуінде, - деді бұдан әрі ойшыл. Осы мақсатына жету үшін оның істемегені жоқ. Тіпті патша сарайымен ымыраласқан, ауыз жаласқан кездері де кездесті. Ел қамы үшін өзге де толып жатқан әртүрлі айла-шарғыларға барды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тарихында Сырым жалғыз
Сырым Датұлының өмірі
Сырым Датұлы басқарған Кіші жүз қазақтарының көтерілісі
Сырым Датұлы бастаған ұлт- азаттық көтеріліс
Сырым Датұлы кім
Кіші жүз қазақтарының көтерілісі
Сырым Датұлы баскдрған Кіші жүз қазақтарынын, көтерілісі
Көтерілістің қозғаушы күштері
Сырым Датұлы бастаған көтеріліс
Негізгі түсініктер және термодинамиканың бастапқы ережелері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz