Түркі тілдерін топтастырудың теориялық және практикалық мәселелері


КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі. Топтастырудың сенімді болуы ондағы тілдердің толық зерттелуіне, түрлерінің айқын саралануына тікелей тәуелді болып келеді. Қазіргі кезде түркі тілдері біршама дәрежеде жақсы зерттелді деп айтуға болады, өйткені оған бірнеше елдің ғалымдары жасаған әр алуан топтастырулар дәлел бола алады.
Түркі тілдерінің топтастырулары әр кезде, әр жерде жасалғанымен, олар бір жерге жинақталып, салыстырылған жоқ. Әртүрлі автордың топтастыру барысында ұстанған ұстанымдары анықталған емес. Бітіру жұмысы осындай өзекті мәселелерді көтереді.
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері. Барлық топтастыруларды салыстыра қарау арқылы, олардың өзара ұқсастығы мен ерекшеліктерін және ондағы негізгі ұстанымдарды анықтау бітіру жұмысының негізгі мақсаты болып табылады. Түркітанушы-ғалымдардың бірі топтастыру негізіне фонетикалық ерекшелігін алса, енді бірі грамматикалық ерекшелігін алады. Бірі тарихи негізге сүйенсе, бірі географиялық негізге сүйенеді. Ол мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер орындалады:
- түркі тілдері мен тарихынан мәліметтер жинау;
- түркі тілдерін жіктеудегі негізгі кемшіліктерді анықтау;
- түркі тілдерін топтастырудың алғашқы кезеңін салыстыру;
- түркі тілдерін топтастырудың ортаңғы кезеңін салыстыру;
- түркі тілдерін топтастырудың қазіргі кезеңін салыстыру.
Бітіру жұмысының ғылыми жаңалығы:
Түркі тілдеріне арналған негізгі-негізгі топтастырулар алғаш рет бір жерге шоғырландырылып, олардың жетістіктері мен кемшіліктері, салыстырыла беріліп отыр. Жалпы топтастыру дәуірін Н. А. Баскаковқа дейінгі кезең және Н. А. Баскаковтан кейінгі кезең деп екіге бөліп қарауға болатыны анықталды. Сонымен бірге мынау классикалық үлгі болады деп кесіп айтуға тағы келмейді. Өйткені әр топтастырудың өз жетістігі мен кемшілігі табылып жатады.
Бітіру жұмысының теориялық және практикалық маңыздылығы. Зерттеу жұмысы қазақ тіл білімінің түркітану, алтаистика, қазақ тілінің тарихы салаларын теориялық тұрғыдан байыта түседі. Ағайындас түркі халықтарының туыстығын тануға көмектеседі. Кейінгі жасалатын топтастыруларға теориялық тұрғыдан жолнұсқау бола алады.
Ал жұмыстың нәтижелерін түркітануға арналған арнайы курста, тіл тарихына арналған басқа пәндерде және салыстырмалы-тарихи әдісті меңгеруге қолдануға болады.
Бітіру жұмысының құрылымы. Бітіру жұмысы кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ТҮРКІ ТІЛДЕРІН ТОПТАСТЫРУДАҒЫ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР
1. 1 Түркі халықтары мен тілдерінің тарихынан
Қазақ тілінің шығу тегін, жалпы түркі тілдерін де, мынадай тарихи дәуірлерге бөлуге болады:
І. Ғұн дәуірі. Бұл біздің заманымызға дейінгі ІV - ІІІ ғасыр мен біздің заманымыздың V ғасырына дейін өмір сүрген Ғұн империясының атымен аталады. Ғұн одағы сол кездегі ерекше күшті мемлекеттердің бірі болған және ірі-ірі 24 тайпадан тұрған. Бұл тайпалар негізінен түркі тілді тайпалар болғанмен, олардың ішінде моңғол, тұңғыс-мәнжүр, угро-фин тайпаларының болуы да мүмкін. Әуелде Қытайдың Ганьсу (Ордос) провинциясынан солтүстікке және батысқа қарай Қазақстанның солтүстік-шығыс далаларына дейінгі кең байтақ аумақты алып жатқан. Біздің заманымыздан бұрынғы 177 жылы ғұндар Мөде ханның бастауымен үйсіндерге жорық жасап, оларды бағындырады, бірақ ішкі билігіне араласпайды. Біздің заманымыздан бұрынғы І ғасырдың аяқ кезінде Ғұн мемлекеті өз ішіндегі алауыздық пен Сяньби бірлестігінің шабуыл жасауынан Шығыс Ғұн және Батыс Ғұн болып екіге бөлініп кетеді. Кейіннен бұлар шығысты және батыста жаңа халықтық атау - түрік халық атауымен бірнеше тайпалық одақтарға бірігеді. Түркі халықтарының осы екі бөлік құрамында ұзақ уақыт болуы олардың тіл айырмашылығын туғызбай қойған жоқ.
ІІ. Көне түркі заманы (V - Х ғ. ғ. ) . көне түркі заманы өз ішінен үш дәуірге бөлінеді: а) Тукю (түрік) дәуірі (V - VІІ ғ. ғ. ) ; ә) Көне ұйғыр дәуірі (VІІІ - ІХ ғ. ғ. ) ; б) Көне қырғыз дәуірі (ІХ - Х ғ. ғ. ) .
Алтай мен Моңғолияның ұлан байтақ аумағында көшпелі түркі тілдес тайпалардың бастары бірігіп, 552 жылдары Түрік қағанаты құрылды. Мұның жері Әмудария, Мерв, Балх және Индиямен шектесіп жатады. Алайда ішкі араздық пен Қытай арақатынасының нашарлап, жауласуының нәтижесінде Түрік қағанаты 580-584 жылдары Батыс Түрік қағанаты және Шығыс Түрік қағанаты болып екіге бөлінеді. Батыс Түрік қағанытының құрамына негізінен Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандары және солтүстік-батыс жағы кіреді. Бұл қағандықтың орталығы Жетісуда Шу бойындағы Суяб қаласы болды. Шығыс Түрік қағандығы қазіргі Моңғолия жерінде болды. VІІ ғасырдың орта тұсында Шығыс Түрік қағандығы Қытай тарапынан ірі-ірі шабуылға ұшырайды, біраз тайпалары біршама уақыт Қытайдың қол астына қарайды. Батыс Түрік қағандығы да осы ғасырдың ортасында қытайлар тарапынан шабуылға ұшырап, көп бүліншілік табады. Оған басты себеп Батыс түріктерінің Он оқ тайпа одағының үлкен орда, кіші орда болып өзара араздасуы болды.
Бұл кезде оғыздар батыс жаққа қоныс аударып, Сырдарияның төменгі жақ алқабында өзінің мемлекетін құрды.
Аталған дәуірде түркі тайпалараның руналық жазуы болды. Бұлардың бізге келіп жеткендері кейін орхон-енисей жазбалары деген атпен белгілі болған жазба ескерткіштер: бірінші, V ғасырға тән делініп жүрген енисей, талас ескерткіштері - мола басына құлпытасқа жазылған эпитафиялар, яғни қайтыс болған адамның атынан жазылған шағын өмірбаяны; екінші, VІІІ ғасырға тән орхон ескерткіштері - мола басындағы тасқа қашап жазылған тарихи шежірелер, яғни түрік тайпаларының басын қосқан ірі қаған, батыр, кеңесшілер Елтеріс, Білге қаған, Күлтегін, Тоңұқұқтардың жорық жолдары, ішкі, сыртқы жаулармен арпалысқан соғыстары баяндалған; үшінші VІІІ-Х ғасырларға тән ұйғыр жазулары - жору, аян айту, діни аңыздар т. б.
ІІІ. Орта түркі заманы (Х-ХVғ. ғ. ) . Орта түркі заманы немесе негізгі түркі тайпалары тілдерінің даму, қалыптасу заманы деп аталады.
Орта түркі заманы қараханид дәуірі (Х-ХІІ ғ. ғ. ), моңғол дәуірі (ХІІІ-ХV ғ. ғ. ) болып екіге бөлінеді.
Тарихи деректерге қарағанда, Х ғасырда Қарлұқ тайпалық одағы күшейіп, Жетісуда түркі Қарахандық династиясының немесе Илек хан династиясының билеуімен қуатты мемлекет құрады. Мұның астанасы әуелде Баласағұн, кейін Қашқар қалалары болды. Қарахандықтар өзінің ықпалын Сырдария алқабында, Саманидтердің меншігі болып есептелетін Бұқар мен Самарқантқа да жүргізді. Бұл дәуірде түркі тайпалары мәдениетіне жаңа бет бұрыс жасалды.
Айталық, V-VІІІ ғасырларда Сыр мен Жетісу өлкесі Соғдиана, Иран сияқты отырықшы жұртпен іргелес қалалар салды, олардың экономикалық-мәдени қарым-қатынасы, этникалық араласуы күшті болды; сауда мен мәдениет орталықтары болған бұл қалаларда көп тілде сөйлейтін халықтар өмір сүрді; бірде түрік тілі, бірде соғды тілі ортақ қатынас тілі қызметін атқарды. Мұның өзі осы өлкедегі түрік тайпалары тілінің болашақ даму сипатына елеулі ықпал етті.
Ал араб жаулаушылары тұсында әуелде біршама құлдырау болғанмен, ІХ-ХІ ғасырларда бұл өлкеге араб-парсы мәдениетінің ықпалы күшейді. Араб жазуымен жазылған құнды еңбектер Сыр бойындағы Фараб, Шаш сияқты қалаларда туып жатты. Түрік жалқының үлкен екі ұлы перзенті Махмұт Қашқари мен Жүсіп Баласағұнның еңбектері бір мезгілде, осындай жағдайда жазылды. Ол дүниелер Жүсіп Баласағұнның 13 мың жолдық "Құтадғу білік" дастаны (1069-70) мен Махмұт Қашқаридың 3томдық "Диуани лұғат ит-түрік" сөздігі (1072-74) еді.
ХІ ғасырда түрік тайпаларының батысқа әрі оңтүстік-батысқа, Таяу Шығысқа қарай жылжу үдерісі басталды. Мақсат - жаңа қоныс іздеу. Оғыздар Сыр бойынан сырғып, ХІІ ғасырда Кіші Азиядан бірақ шықты. Қыпшақтар құман, половец деген атаулармен Қара теңіздің солтүстігіндегі печенектерді ығыстыра қоныстанды. Печенектер мен мадиярлар Дунайдың төменгі ағысына дейін барып, қазіргі венгер халқының этникалық негізін құрады.
Көшпелі тайпалардың осындай ыдырауын ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығы тоқтатып, қайтадан этникалық тұтастыққа біріктірді. Жаңадан Шағатай (ХІІІ ғ. ), Алтын Орда (ХІІІ ғ. ), Темір мемлекеті (ХІV ғ. ) сияқты мықты әкімшілік-аумақтық тайпалар бірлестігі пайда болды.
ХV ғасырда Алтын Орда батыста Қырым, Қазан, Астрахан хандығына бөлінді, Қазақстан жерінде Ақ Орда деп аталатын жаңа мемлекет құрылды. Мұның аумағына Сырдария алқабы, Арал теңізінің солтүстік шығысы, Есіл, Сарысу кірді. Ақ Орда көп ұзамай ыдырап бірнеше хандыққа (Ноғай, Өзбек) бөлінді. Өзбек хандығынан XV ғасырдың аяғында Керей мен Жәнібек сұлтан бастаған бірнеше тайпалар бөлініп, Шу өзенінің бойына көшіп келді. Жетісудағы өзге тайпалармен бірігіп Қазақ хандығы құрылды.
Міне, осы дәуірлерде түркі тайпалары, халықтары мекен еткен әр бөлек аумағында жаңа әдебиет туды. Тілдік үлгілер, сөздіктер жасалды. Олардың бойында түрік тайпаларында болған ілгері дәуірлердегі жіктелістің, жаңа араласудың іздері айқын көрінеді.
Бұл дәуірлерде негізі ХІ ғасырда Сыр бойында жасалып, ХV ғасырда Кавказда аяқталған, осы аралықтың әрі тілдік, әрі тарихи деректерді мол сақтаған "Китабун дедем Қорқұд", ХІІ-ХІІІ ғасырларда Сырдария бойында "Оғыз-наме", ХІV ғасырда "Мухаббат-наме", "Зылиха мен Жүсіп" сияқты шығармалар жазылды.
Аталып отырған кезеңде Алтын Орда қыпшақтары тілі негізінде едәуір шығармалар дүниеге келді. Атап айтқанда латын-парсы-қыпшақ тілдерінде жазылған "Кодекс Куманикус" (ХІІІ ғ. ), Египеттегі мәмлүк қыпшақтары тілінде жазылған "Түрікше-арабша сөздік" (1245 ж. ), "Әбу Хайанның сөздігі" (1313 ж. ), "Ибн Муханна сөздігі" (ХІІІ ғасырдың аяғы), Құтыбтың "Хұсырау-Шырын" дастаны (ХІV ғ. ) сиқты жәдігерлер жатады.
1. 2 Түркі тілдерін типтендірудегі негізгі сәйкессіздіктер
"Тілдер мен диалектілерді топтастыру принципі (ұстанымы) - түркі тілдерінің, сонымен бірге жалпы тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі, - дейді профессор Н. З. Гаджиева. - Тілдердің түрін (типін) анықтайтын, оны одан әрі ұсақ бірліктерге жіктеп әкететін теориялық негіздеме жеткілікті емес" [1, 100 б. ] . Нақты бір тілге қолданылатын түр ұғымының өзі көп белгісізі бар теңдеу сияқты болып келеді. Мәселен, өзбек тілі қарлұқ топшасына жатқанмен, екінші жағынан қыпшақ топшасының элементтері де мол кездесетіні белгілі.
Белгілі бір диалект, сөйленістің өзінде жеке түрге лайық белгілер табылып жатады. Мысалы, өзбек әдеби тіліне негіз болған диалект о -дыбыстық (окающих), үндестік заңы сақталмайтын, алты дауыстысы бар топқа жатады. Қазақ әдеби тілі ч >ш және ш >с дыбыс алмасулары тән диалектіні негіз етіп алған. Татар әдеби тілі тіл арты к және г дыбыстарын сақтайтын, ц дыбысы жоқ диалектіге сүйенеді.
Сонымен бірге тілдегі диалектілер тобын да бөліп көрсетуге болады. Әзірбайжан тілінің шығыс диалектісіне мұрын жолды дауыссыздар мен тіл арты ұ дыбысының болмауы, ашық дауыстылардың қысаңға айналуы тән болса, батыс диалектілер тобына сөз ортасында б>в дыбыс алмасуының орын алуы, сөз соңындағы қатаңдардың спирантталуы тән болып келеді.
Бір тілдің шеткі аймағына тараған диалектілер көрші түркі тілдеріне тән белгілерді қабылдауы мүмкін. Өзбек тілінің солтүстік диалектісі қазақ тіліне ұқсас болып келсе, басқа бір диалектілері ұйғыр тіліне жақындайды. Қырғыз тілінің оңтүстік диалектісі өзбек тілімен байланысса, башқұрт тілінің шығыс диалектісі қазақ тіліне біртабан жақын келеді.
Сөйтіп топтастырудың иерархиясы пайда болады: ірі топтардың түрлік белгілері, одан соң кіші диалект, сөйленістердің белгілері. Осыған орай өзбек, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, татар сияқты тілдердің түрлері туралы қазіргі кезде көп нәрсе айта аламыз. Олардың бір-бірінен айырмашылықтарын да осы анықталған түрлер арқылы ажырата аламыз. Сондықтан топтастырудың сенімді болуы ондағы тілдердің толық зерттелуіне, түрлерінің айқын саралануына тікелей тәуелді болып келеді.
Алайда қазіргі кезде қолда бар топтастырулардың барлығының дерлік түрді нақты айқындайтын белгілі бір критериилері жоқ. Ұстанған ұстанымдары (принциптері) де әртүрлі. Зерттеушілердің көбі әр диалект мен топтарды ерекшелейтін көзге түскен белгілерді санамалап шығумен шектеліп отырады.
Профессор Е. Д. Поливанов өзбек тілінің үш генетикалық сөйленістерін анықтайды: оңтүстік-шығыс немесе шағатай тобына тағ және сарығ сөзтұлғалары тән; оңтүстік-батыс немесе оғыз тобына дағ және сари (са:ри) сөтұлғалары тән; солтүстік-батыс немесе қыпшақ тобына тау және сары сөзтұлғалары тән дейді.
Ферғана сөйленісінің төрт түрі бар екенін де ғалым атап өтеді. Ферғана говоры, самарқант-бұқар және ташкент говорларына қарағанда, нг мұрын жолды дыбысын ң түрінде толық мұрын жолы арқылы айтатынын келтіре кетеді [2, 34 б. ] .
Академик В. В. Радлов Ташкент облысының курамин сөйленісін ерекшелейтін белгілерді былайша атап көрсетеді: 1) ж дыбысын толық айтатын топша (м. : жоқ) ; 2) а дыбысын анық айтатын топша; 3) сөз басындағы дауыстыларды барынша дифтонг түрінде айтатын топша; 4) қосымшадағы а/э алмасуынан э дыбысын баса айтатындар; 5) ийт, бийт сөздерінде дифтонгтің байқалуы; 6) х дыбысын қ дыбысына ауыстырып қолдану; 7) чай>шай ауысуының кездесуі; 8) а дыбысын айтатын топша сияқты ж дыбысын айтатын сөйленісте дауыстылар жүйесі 9 дауытыдан тұрады [3, 14 б. ] .
Н. А. Баскаков алтай тілін топтастыруда солтүстік және оңтүстік диалектілерге бөліп қарайды. Солтүстік диалект оңтүстігінен біршама алшақтанады және көрші шор тілімен ортақ элементтері басым болып келеді. Ал алтай тілінің оңтүстік диалектісі қырғыз тіліне сәйкестенеді дейді ғалым [4, 69 б. ] .
Түркітану тақырыбындағы әдебиеттерде жалпы диалектілерге тән белгілерді анықтауға талпыныстар жасалып отырды. Мәселен, Н. А. Баскаков ноғай тілінің диалектілеріне тән дауыссыздардың мынадай белгілерін бөліп көрсетеді: 1) ақноғайдың қаңлы және қараноғай диалектілерінде ш>с дыбыс алмасуы жиі кездеседі; 2) ноғай және қараноғай диалектілерінде есімдіктің 1-жағы көпше түрдегі қосымшасында з >с алмасуы орын алады; 3) ноғай және қараноғай диалектілерінде кірме сөздердегі х дыбысы къ дыбысымен алмасады; 4) ноғай диалектісінде сөз басында ж қолданылса, қараноғай диалектісінде й қолданылады; 5) н, нъ, м үнділерінен кейін д>т ассимилияциясы жүреді, ал ақноғайда дәл осы жағдайда д> н алмасуы жүреді; үш диалектіде де сөз басында п/б дыбыс алмасуы бар; 7) еріндік б дауыссызының диссимиляциясы көрініс береді; 8) метатеза құбылысы бар [5, 26 б. ] .
Алайда атап өтілген фонетикалық белгілер немесе ерекшеліктер тек ноғай тіліне ғана тән деуге болмайды. Мысалы, ш-с дыбыс алмасуы қазақ, қырғыз, өзбек, ноғай сияқты бірқатар түркі тілдерінде де кездеседі. Ал ж-й дыбыс алмасуы тіпті Орта Азия тілдеріне кең тараған құбылыс болып табылады. Дауыссыздардың н-д-т ассимилияциясы қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен диалектілерінде молдап ұшырасады. Бұл жерде олардың көрініс беру көлемі, ауқымы туралы ғана бөле-жарып сөз етуге болады. Сөз басындағы п/б дыбыс алмасуы барлық түркі тілдерінде бар өзгеріс екені дау туғызбаса керек.
И. А. Батмановтың қырғыз тілінің көршілері қазақ, өзбек тілдерінен өзгешелігін анықтауға арналған талпынысын атап өтуге болады: 1) дифтонгтерді созылыңқы дауыстылармен алмастыру (тау>тоо) ; 2) дауыстылар жүйесі 8 қысқа фонемедан: а, е, о, ө, і, ы, и, у және 6 созылыңқы дауыстыдан: аа, ее, оо, өө, ии, уу тұрады; 3) ж дыбысын айтады; 4) ерін үндестігі жақсы сақталған; 5) қосымшадағы л мен д н дыбысына ауыспайды; 6) һ фонемасы жоқ; 7) қырғыз, өзбек тілдерінде ч - қазақ тілінде ш -ға ауысады (қырғыз. чач, өзбек. чоч, қазақ. шаш) ; 8) қырғыз, өзбек тілдеріндегі ш - қазақ тілінде с -ға алмасады (таш-тас) ; 9) нақ осы шақ тұлғасы бар: барып жатат [6, 11 б. ] .
Алайда осы нақты зерттеудің өзі қырғыздың әдеби тіліне тән белгілерді ғана іріктеп алған да, барлық диалектілерді қамтымаған. Әйтпесе әдеби тілде жоқ э фонемасы басқа диалектілерде бар. Әдеби тілдегі тоо тұлғасы көптеген диалектілерде тау немесе тағ түрінде кездесіп отырады. Оңтүстік диалектісінде ж орнына й айтылады.
Бұл тұрғыдан алғанда, К. К. Юдахинның қырғыз тілін топтастырудағы таңдап алған белгілері назар аударуға тұрарлық: 1) шектеу демеулігі эле ; 2) нақ осы шақ тұлғасы -ыбатат, -атат : жазыбатат, баратат; 3) өткен шақтағы -чу тұлғасы бар: жазчумын "ол жазды"; 4) етістіктен есім жасайтын -май форманты бар; 5) ілік септігінде -н форманты кездеседі; 6) болымсыздық тұлғасы элек бар; 7) ерін үндестігі оңтүстігінде сәл-пәл әлсірейді, ал солтүстігінде күшті сақталған [7, 51 б. ] .
К. К. Юдахин осылайша әр диалектілерге тән белгілердің кездесу жиілігін анықтайды. Бұл жөнінде Э. Р. Тенишевтің ұйғыр тілінің диалектілерін анықтауы жүйелі сипатқа келеді. Ол барлық белгілердің ішінен фонетикалық ерекшеліктер жалпылық, жүйелілік қалыпта болатынын ескертеді: 1) і фонемасы және оның нұсқалары; 2) дауыстылардың бареп және йолдас түрінде үндесуі; 3) дауыстылардың тағы бір үндесуі беріп және томур түрінде келуі; 4) дауыссыздардың ассимилияциясы қаз-зар және той-йас; 5) келер шақтың 1-жақ тұлғасы: барымен, баретмен, баредемен түрлерінде айтылады; 6) келер шақтың 3-жақ тұлғасы: барыду, келіду немесе барыту, келіту болып келеді [8, 136 б. ] .
Ұйғыр тілінің диалектілерін топтастыруда Ә. Т. Қайдардың еңбегі біршама толық жазылған. Ғалым: "Ұйғыр диалектілері мен сөйленістеріне тән жалпы ерекшеліктерді анықтау өте маңызды. Олар белгілі бір топ құрап қана қоймайды, біріге келе біртұтас тілдің негізін құрайды", - дейді [9, 19 б. ] .
Алайда Ә. Т. Қайдардың теріп шыққан жалпы ерекшеліктері де ұйғыр тілінің өзіндік сипатын толық ашып бере алмайды. Академик айтқан дауыстылардың редукциясы, ерін, езу үндестігінің сақталмауы, геминация, й дыбысын айту, е фонемасының жиі қолданылуы басқа түркі тілдерінде де бар құбылыстар.
Бұның бәрі тіл біліміндегі жалпыхалықтық тіл ұғымына нақты анықтаманың берілмеуінен туындайтын мәселелерден келіп шығады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz