Шериаздан елеукеновтің «абай жолы» романына қосқан ой - пікірі


Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВТІҢ
«Абай жолы»
романына қосқан ой - пікірі
Қазақ әдебиетіндегі пушкиннама өзі бір жатқан шалқар дүние. ХХ ғасырдың бас шенінде Шәкәрім Құдайбердиев А. С. Пушкиннің “Дубровский” хикаяты мен “Бұрқасын” әңгімесін өлең етіп жырлады. Кеңес кезінде “Евгений Онегин” романын қазақ ақындары Ілияс Жансүгіров пен Қуандық Шаңғытбаев толық қазақшалады. Кезінде Қазақстанда ұлы орыс ақынының екі томдық өлеңдер жинағы қазақ тілінде жарық көрген.
Бұл тараптағы біздегі аудармалардың тәуір жағы, қазақ ақындары “жаман көпір - подстрочникті” (М. Әуезов) қолданбай, орыс тілін жетік біліп, бар пейіл, ықылас-ынтамен тәржімалағандығы. Асыл нұсқаның тілін терең білетін Абайдан қалған мәдениетті дәстүрге беріктігі.
Ұлы ақынымыз орыс поэзиясының елуге жуық өлеңдерін аударып, түп нұсқадан қай жағынан да кем түспейтін шеберлікпен қазақ поэзиясын жаңа түр, соны сөзбен байытты. Пушкиннен шалыс ұйқас алды, өлең жолын сегіз буыннан құрайтын өлшем енгізді. Осы және басқа жаңалықтарын алғап айта келе, Мұхтар Әуезов: “Абайдың шын қуаты - бояуы айқын. Қыры мен сыры терең тілінде, сөздігінде жатыр” (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы. 17-том. “Жазушы”. 1986. 67 б. ) . Пушкинді тәржімалағанда “Абай не Крыловты, не Лермонтовты аударғандағы сияқты дәлшілдік әдеттерін қолданбайды”. “ . . . Абай өз бетімен еркіндеп, Пушкиннен ойқастап кетіп отырады”, (Жиырма томдық. 18-том. 12 б. ) - деген.
Абайдың шын қуаты жайындағы пікірді жалғай түскенімізде анық көзіміз жететіні, Александр Пушкиннің романына келгенде, “Евгений Онегинді” ықшамдап, тарауларының көбін қысқартып, эпистолярлық роман жанры күйіне түсірген. Яғни, жаңа нұсқасын жасаған. Нәтижесінде Абай нұсқасы төлтума шығармаға айналған. Ол, күні бүгінге дейін айтылып жүргеніндей, аударма емес . . .
Аударма дегеніміз не? Бір тілде жазылған мәтінді екінші тілде дәл, түсінікті етіп жеткізу ғой. Түсінікті етудің амалы әртүрлі. Нақпа-нақ аударма дейтіні бар. Мәтінді сөзбе-сөз беремін деп отырып, тәржіманың оқылуын қиындатады. Ал, еркін аударма дейтінің бөтен тілдегі мәтіннің мағынасын бұзып беталды лағып кетеді, тәржіманың дұрыс-бұрыстығына шәк келтіреді. Ең дұрысы - аударманың балама түрі (адекватный перевод) . Түпнұсқа авторының ой өрбіту, сөз сөйлеу мәнерін сақтау.
Бұл амалдың қай-қайсысы да “Евгений Онегиннің” Абай жасаған нұсқасында қолданылмаған. Пушкин өлең-романының эпистолярлық сүйіспеншілік роман жанрында қайта жазылуы тәржімалық амалдың бәрінен бас тартуға мәжбүр етті. “Пушкиннің үлкен шығармасын Абай өз тұсындағы қазақ оқушысына өз елегінен өткізіп, өзінше қорытынды жасап, өзі ойлаған түрдегі бір үлгі етіп ұсынбақ болады”. (17-том. 12, 13 бб. ) . Кең байтақ романның махаббат жырына айналуында, Пушкиннен өзгеше бітім алуында бірқатар сыр бүгулі.
Пушкиннің басты шығармасын қазақ жұртын таныстырмаққа бел байлағанда, Абай орыс данасының асыл қазынасын халқының санасына қалай жеткізудің жолдарын қарастырмады, көп ойланып-толғанбады дей алмайсың. Орыс пен қазақ ол кезде бір шаңырақтың астындағы ел еді десек те ментальділігі, бүткіл болмысы бөлек, ұқсастығы шамалы болатын. Орыс мәдениетімен аралас-құраластығы әлі жетімсіз көшпенділер үшін Пушкин туындысын бар қалыбында жеткізу, шығарманың тұқылын қалдырмай қотарып аудару әлі ертерек болатын.
Оны қойып, орыс тіліне жетік дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіровтің өзі 1937 жылы “Евгений Онегинді” толық аударғанда талай қиындықтарға кезікті. Ленинградтың оқуын тауысқан Әуезовтің өзі аудармаға жазған пікірінде “Евгений Онегиннің” бірінші тарауын ұғыну аса қиын”, ондағы аттары аталатын Фонвизин, Княжнин, Шаховскойлар, әртіс Семенова, биші Дюпло арқылы Пушкин өз уағындағы өнер қайраткерлерінің суретін беріп отырғанын түсіне қою оңай ма? Альбион, О’Брента, не Петрарканың ғашық тілі деген сөздерінің арғы сырын екінің бірі түсіне қояр ма екен? - деген.
Абай Пушкин романынан өз тұсындағы қазақ оқырманының ұғымына неғұрлым етбауыр жақын жағын іздеген. Абайға бәрінен де күшті әсер еткені Татьянаның Онегинге жазған хаты еді. Қыз елден ерек әрекетке барып, сүйген жігітіне асықтығын бірінші боп білдіреді. Және бейкүнә балаң сезім махаббаттың шапағатына бөленгенде қандай сыршыл да сазды тілге ие болған. Дәл осы хат эпистолярлық формаға жүгінуге түрткі болды деп топшыласа керек.
Қазақ бұрынғы өмір салтында хатқа түскен жазуға айырықша мән берген. “ . . . Ғалымның хаты өлмейді” деген мәтелді еске алсақ та жеткілікті. Ауыл жігіттері сүйіспеншілік сезімін хат арқылы жеткізуге ұмтылған. Хат жазу ұсталығы қолынан келмегені ақындық желі барға жалынған. Абай Пушкиннің романын қазақ жұртына жеткізбек талабында ауыл ғашықтарының хат арқылы табысатын сол ғадетін де есепке алғандай.
Пушкинде Татьяна хатына Онегин хатпен емес, ауызекі жауап береді. Байғұс қызбен деревня бағында көзбе-көз тілдеседі. Сол кездесуде қыздың меселін қалай қайтарғаны Абайда “Онегиннің Татьянаға жауабы”, “Онегин сөзі” деген бөлімдерде хат түрінде беріледі. Петербург салонында Татьянамен жүздескендегі Онегиннің сүйдім-жандымы, оған Татьянаның өр жауабы, “Онегиннің Татьянаға жазған хаты”, “Татьяна сөзі” боп тағы да хат формасына түсіріледі. Хатқа жатпайтын “Онегиннің сипаты”, “Ленский сөзінен” және “Онегиннің өлердегі сөзі” атты үзінді бөлімдер шығарманың эпистолярлық өрнегін біржолата анықтады.
Қазақ туындысының орыс түпнұсқасынан жанрлық айырмашылығын алғаш аңғарған кісі - Мұхтар Әуезов. “Көбінше, Абайдың аударуында хаттармен баян етілген роман (эпистолярный роман) қалыптанған тәрізді”. (Мұхтар Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы. 20 т. 199 б. ) - деп жазады ол “Абай (Ибрагим) Құнанбайұлы” атты монографиясында.
Эпистолярлық жанр . . . Жанр дегеніміз шығарманың белгілі бір тегі, түрі. Түрі өзгерсе туындының бүкіл көркемдік болмысы өзгермек. Эпистолярлық романның көп-көп тұсы Пушкиннен алыстап кеткендіктен, Абай туындысын академик-жазушы нәзира жанрына жатқызған. Абайтануда осы көзқарас күні бүгінге дейін сақталып келеді. Бірақ Мұхтар Әуезовтің талдауларын тағы да бір сүзіп өткенде, бұл көзқарасты да қайта қарау керектігі аңғарылады.
Абайдың эпистолярлық романының түпнұсқадан ауытқу себебі, Мұхаң пікірінше, Абайдың аударма жөніндегі түсінігіне байланысты. Әуезов Абайды нәзира формасына жүгінген дегенде “Ескендір” поэмасына арқа сүйейді. Тақырып желісін Низамиден алып, көп өзгертіп жырлағаны сияқты дейді. Міне, осы жерге келгенде әлі де біраз анықтай түсетін жайлар барлығы байқалмай қалмайды.
“Ескендір” поэмасы Абайдың эпистолярлық романы секілді нәзира жанрына жатқызылса, не себепті аударма деп күні бүгінге дейін аталмай жүр? Олай аталмауының жөні бар. Абай Низамиден періштенің Ескендірді “бүкіл дүниені жауласаң да саған тойымдық жоқ екен”, “топырақтан біткен топырақтан ғана тойым табады” деген идеяны ғана алған да, оны өзінше бейнелеген. Тіпті шағын детальға дейін Абай өзінше кетеді. Таразыға тартқанда не асылдың бәрін басып кететін қу сүйек Низамиде - періште сыйлаған кішкене тас. Абайдың “Ескендірінде” Низамиден тіке аударылған, не оқиға желісін қайталаған бір жол кездестірмейсің. Ескендірден өзге кейіпкерлерінің аттары бір-біріне ұқсамайды. Оқиға өтетін жері де басқа басқа. “Ескендір” - Абайдың төлтума поэмасы. Барлық басылымдарға өз туындысы есепті енгізіліп келеді.
Шын мәніндегі - нәзира Науаидің “Ләйлі-Мәжнүні”. Ол жайынан академик Конрад былай деп жазған: “Навои внес много своего. И в то же время это, по нашим современным понятиям, и не оригинальное произведение: слишком многое у Навои идет прямо от Низами”. (Н. И. Конрад. Запад и Восток”. М., 1966. Гл. ред. Восточной литеартуры. С. 346. ) . Пушкинге жақын жерінен гөрі Пушкинше емесі әлдеқайда басым шығарманы - Абайдың эпистолярлық романын нәзираға жатпайтынын айтатын уақыт жеткен сияқты.
Мұхаң тілінің ұшында тұрған “аударма емес” деген сөзді өз уақытының жоқ жерден пәле жапқыш, қитұрқы, құбылмалы мінезімен санасып айта алмаған тәрізді. Әйтпегенде “Евгений Онегиннің” қазақ нұсқасының Пушкиннен алыс-жақындығы мәселесін көп төңіректетпес еді ғой. Маза бермеген сол ойларын “Абай жолы” атты көркем дүниесіне де сыналап енгізіп жіберген.
“ . . . Татьянаны ақын өз елінің тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, бұл тілде де нәзік көркем күй толғап, ділмар жас шебер-шерлі боп барады. Қазір ұяң майда қызға Пушкин жазғызған хат пен өзі жаздырған хатты салыстырады. Кей жерлері Пушкинше емес . . . ” (Мұхтар Әуезов. Елу томдық. 412 б. ) .
Абайдың “Пушкинше емес”, өзінше кетуі ағыл-тегіл зерттеулерінде де ашық айтылады. Бұл тараптағы ойларын ол эпистолярлық романдағы хаттарды негізгі үш топқа бөліп қорытқан.
Бірінші топ - “Онегиннің сипаты”, “Татьянаның Онегинге жазған хаты” (“Амал жоқ - қайттім білдірмей”), “Онегин сөзі” (“Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін”), “Ленский сөзінен” бөлімдері. Аталған “бөлімдерде Пушкинге көп жерлерінде жақын келіп отырады”. “Кейбір жолдар мен Пушкин қолданған теңеулерді де Абай дәл шебер аударып береді. Бірақ сонда да бұл бөлімдердің өзінде Абайдың өзінен қосылған жолдар, шумақтар, ой сезімдер жиі ұшырайды”. “Абайдың бұл аудармасында Пушкиннің текстіне үнемі ұқсас келіп отырмайтын еркіндік бар”. (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы. “Жазушы” 1985. 20 том. 200 б. ) .
Екінші топты “Онегиннің Татьянаға жауабы” (“Таңғажайып бұл қалай хат”), “Онегиннің Татьянаға жазған хаты” (Құп білемін, сізге жақпас”), “Татьяна сөзі” (“Тәңірі қосқан жар едің сен”) өлеңдері құрайды. “Бұл тұстарында Абай Пушкиннен аударма жасамай, оның орнына Пушкиннің ізімен жаңа жайларды жырлап кетеді”. (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық . 20 том. . 200 б. ) .
Үшінші топ - жалғыз өлең: “Онегиннің өлердегі сөзі”. “Абай өз жанынан Онегинге ақырғы сөз береді. Бұл - Пушкинде жоқ, еркін өзгерістің, Абайдың сөзінше дәлелденген ерекше бір түр”. (Жиырма томдық 19. том. 8 б. ) .
Бүл жіктеуден түйетін түйін: Мұхаң Абай еңбегінің екі топтағы өлеңдерін яки шығарманың жартысынан көбі аударма саласына мүлде жатпайды деп кесіп айтқан. Сонда қалып отырғаны бірінші топтағы өлеңдері болса, оның өзінде де аудармаға “үнемі ұқсамайтын көп еркіндік бар”. Абайдың өзінен қосылған “шумақтар жиі ұшырайды”. Оны да айтушы Мұхтар Әуезовтің өзі. Абай Татьянаның хатын әлденеше қайтара оқып алып, терең түйсініп ұғынып, жүрегіне жеткен күйінде берген. Әр сөзін тіске басып, баламасын тура беруге тырыспаған. Осы принцип өлеңінің ақыр аяғына дейін сақталған.
Я к вам пишу - чего же боле?
Что я могу еще сказать?
Теперь, я знаю, в вашей воле
Меня презреньем наказать. (А. С. Пушкин. Сочинения. Том третий. Госиздат худежественной литературы. М:, 1954. С. 59) .
Пушкин сөзіне дөп сөз табуға Абайдың қалам қуаты жетпей тұрмаған шығар. Түсінікті етіп жеткізгенмен, қыз байғұстың шер-шеменіне еркін түйсінетіндей болмайды ғой. Сол себепті хат алғашқы шумақ өлеңінен бастап Татьянаның сөзі мүлде қазақы реңк ала бастайды.
Амал жоқ - қайттім білдірмей,
Япырмау қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын. (Абай. Бірінші том. Алматы, “Жазушы”. 1995. 138 б. ) .
Салыстырып көріңіз. Бастапқы төрт жолдың үшеуі Абайдың төл сөзі. Тек соңғы жолы ғана негізгі мәтіннің ой төркініне жақын. “Мені жек көріп кінәлап жазаласаң да төреңе құлдық” деген сөзді жып-жинақы етіп “не салсаң да тартамын” деп қайырған. Басқасы, әрине, Пушкинше емес. Өлеңнің бүкіл өн бойы - Абайша: “Жат үн, жат тілді Татьяна” ел-жұрттың “Абайдан да естіп көрмеген зарымен шерленеді” (Мұхтар Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. 23-том. Алматы. “Жібек жолы”. 2005. 421 б. ) . Сол зардың мұңды ырғағы демесең, бар соны сөз Абайдікі. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында туған Абай өлеңінікі. “Шығыс” деген ұғым кездейсоқ келтіріліп отырған жоқ. Татьяна:
Шеш көңілімнің жұмбағын,
Әлде бары - алданыс.
Жас жүрек жайып саусағын,
Талпынған шығар айға алыс, - дейді. (Абай. Бірінші том. 139 б. ) . Бұл Пушкин романы үшін өгей образ. Бояуы орыс өлеңінің өрнегіне кірікпей тұр. Сөз саптау айшығы таза қазақша.
Эпистолярлық романның түпнұсқадан алшақтығы алғашқы бөлім - “Онегиннің сипатынан”-ақ белгі бере бастайды. Роман сюжетінінің қозғаушы күші - характер десек, хат-романнан Пушкин романындағыдан мінезі өзгеше сомдалған характерге кезігеміз. Бас кейіпкердің сипаты Абайша бейнеленеді. Салыстырып көрелік .
Как рано мог он лицемерить,
Таить надежду, ревновать,
Раузуверять, заставить верить,
Казаться мрачным изнывать, . . (А. С. Пушкин. Указ. Соч. Т. 3. С 11. ) .
Абай “Евгений Онегинді” Пушкин романының бірінші тарауының осы Х шумағынан бастап аударған. Бірақ сол ең ілкі шумақ, не қалайы жоқ, аудармаға жатпайды. Жатпайтыны, Пушкин Онегині мен Абай Онегині характері, тағдырына дейін бір-біріне көп ұқсай бермейді.
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген. (Абай. Бірінші том. 136 б. ) .
Шумақтың тіпті бастапқы жолының өзі түпнұсқамен сәйкеспейді. Абайда Пушкиннің екіжүзді кейіпкері атымен жоқ. Қазақ нұсқасындағы Онегин сырын шашпайтын, ішіне не түйгенін сыртына шығармайтын абзал да асыл азамат көрінеді. “Лицемерить” деген сөз Абай кейіпкерінің характеріне, “опалы, жақсы жігіт” (М. Әуезов) мінезіне үйлеспеуі себепті эпистолярлық романнан сылынып тасталған. Өйткені эпистолярлық романның идеялық-көркемдік мақсаты Пушкин романымен дөп келе бермейді. Қазақ ақыны шығармасын ағартушы реализм рухында, әдебиеттің ұстаздық рөлін еске ала отырып жазған. Қазақтың жастары Онегиндей парасатты жігітті үлгі етсін деп ойлаған. Сол себепті “ . . . Абай Онегинді айыпты адам қылып шығармайды. Оны тек жұлдызынан жаңылған, жазықсыздан жаза басқан жазықсыз жан етеді”. (Сонда. 201 б. )
Қысқасы, Абайдың Онегині мен Пушкиннің Онегині көп тұстарда ұқсамайтыны, екі ақынның шығарма жазудағы көркемдік әдістерінің әртүрлігінен.
Мұхтар Әуезовтің “Пушкин мен Абай” мақаласының жазылғанына жарты ғасырдан асты. “Елу жылда ел жаңа” дегендей, көп қалыптасқан қағидалар, түсінік, бағам өзгеріс тапты. Әдебиеттану өлшемдері де бұрынғыдай емес. Айталық, Мұхтар Әуезовті бұрын “Шығыстың Шолоховы” дегенді едәуір мақтаныш тұтсақ, қазір ол ұғым да ескіргендей. Бір әдебиеттің табысын екінші әдебиетке телу оның ішкі заңдылықтарымен есептеспеуден, біздің ең бетке шығар туындыларымыздан Шолохов таңбасын іздеп әуре-сарсаңға түсушіліктен туған шалағайлық.
Біздіңше, ұлы жазушы бүгінгі тәуелсіздік мінберіне көтерілсе, уақыт қыспағынан күмілжіп айтуын кейінге қалдырған шындықтарды жайып салар еді. Абайдың эпистолярлық романы аударма емес, “Евгений Онегиннің” жаңа версиясы, тыңнан туған төлтума нұсқасы дер еді. Олай деп жорамал айтуға толық негіз бар. Шынында да тақырыбы, жанры бөлек, кейіпкерлері басқа үлгіде сомдалған, сөз саптауына дейін дара туынды қалайша аударма аталмақ?
Пушкиннің Онегині - жас кезіндегі адасу, жеңіл жүріс құрбаны. Өмірінің ең қымбат жастық шағының сегіз жылын салтаң серілік, әләуләймен босқа өткізді. Абайдың Онегині - өйтпеген. Ол сұм қоғамның әділетсіздігінен жапа шегіп жүрген “опалы жігіт”. Сондықтан да “Сорлы Онегин, жолды өзің біл, қай тарапқа қаңғырар” (Абай. 142 б) . деп қамығулы. Бұл өмірден жапа шегіп жүрген талайсыз тағдырлы кейіпкер ақыры фәни дүниемен қоштасып тынады.
Эпистолярлық романның аударма емес, Пушкин романының жаңа нұсқасы болатыны тіпті кейіпкердің сөйлеу мәнерінен, христиан дініндегі Онегиннің мұсылманша “гәпіруінен” көрінеді. Ол орыс арасында емес, бейнебір қазақ арасында өскен сияқты. Өйткені, ғашығына зарын тек дала тілімен айтады. “Сен - ағашта піскен алма”, “Гауһарым”, “Он сегіз мың бұл ғаламның Бар тынысы күнде тұр. Мен сықылды сорлы адамның Ықтияры сенде тұр”(Сонда. 145, 146 бб), тағы осы секілді Пушкинде атымен жоқ қазақы тіркестер Онегиннің машықты сөзі. Татьяна да бұл жағынан сүйген жарынан қалыспайды. “Сен жаралы жолбарыс ең, Мен киіктің лағы ем. Тірі қалдым, өлмей әрең, Қатты батты тырнағың”, т. т. Бәрі де Пушкинде кездеспейтін, кездесуі мүмкін де емес метафоралар, ауыстырулар.
Өлеңмен жазылған эпистолярлық роман Шығыс поэмаларымен жең ұшынан жалғасқан. Онымен типологиялық тамырластығы күшті. Онегиннің Татьянаға жазған хатында басталған образ жасақталуында түпнұсқадан соншалық айырмасы бар шығарма қалайша балама аударма болмақ?
Абай туындысы түпнұсқадан форма жағынан да алыс жатыр. Стилінде батыс-шығыс сарыны біте қайнасқан. Лексикалық құрамын “Абайдың өзі тудырған тамаша, нәзік те, терең сырлы ащы сөздер, көрікті ойлар немесе шанышпа, мысқыл, әжуа, ащы сөздер . . . ” (Мұхтар Әуезов. Жиырма томдық. 20 том. 198 б) құрайды.
Мазмұндық-формальдық сыпаты жағынан да түпнұсқа мен оның қазақша нұсқасы екі бөлек дүние. “Евгений Онегин” романында автордың өзінің образы үлкен рөл атқарады. Лирикалық кейіпкер кейпіндегі ақын қай тұста оқиғаға тікелей араласады. Онысы - бүкіл шығарма бойында көбіне оқиғаға баға беруінен, жеңіл я ащы мысқылмен бас кейіпкердің кей әрекетін әжуа етуінен, өзінің пушкиндік тағдырының ауырлығын шағынудан көрінеді. Ал, Абай нұсқасында мұның бірі де жоқ. Оқырман назарында - тек екі жастың бір-біріне іңкәрлігі. Сөніп жанған, ақыры баян таппаған өкінішті махаббат.
Версиялық бітім әдеби байланыстар түрінің алуан табиғатына қатысты. Әр әдеби шығарма басқа тілде әр түрде, әр нұсқада өмір сүре бермек. Поэзия қай тілде өмірге келсе, сол тілде салтанат құрмақ. Ақын айтқандай, аударма кілемнің өңінен гөрі сыртқы астарына көбірек ұқсайды. Астарда өрнек тым көмескі көрінеді. Сондықтан эстетикалық әсері түпұсқаға бара-бар бола алмайды.
Пушкин тоқыған кілемнен қатты әсерленген Абай, өз жанының жаңғырығын ұлттық ұғымда беруге тырысты. Татьяна мен Онегиннің шерлі махаббатының бейнесі кілемнің өң жағында ұлттық өрнек қалпында тоқылған. Қазақтың кәрі-жасы бірдей оны тамашалаудан жалығып көрген емес. Романды оқығанда не еске алғанда Абай жүрегін жарып шыққан Татьяна әнін іштей ыңылдап қоса айтып отырады. Сезім әлемі махаббат тазалығының шәрбәтінен сусындайды.
* * *
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz