М.Шоқай—түрік әлемінің ХХ ғасырдағы демократиялық қозғалысының негізін салушысы


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 30 бет
Таңдаулыға:   

М. ШОҚАЙ-ТҮРІК ӘЛЕМІНІҢ ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ДЕМОКРАТИЯЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ НЕГІЗІН САЛУШЫСЫ

Р. Қ. Қожимбетова

М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз қ.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың ХХ ғасырды қорытындылаушы үш жылды: 1997жыл-Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы; 1998жыл-Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы; 1999жыл-Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастық және . . . 2004жыл «Мәдени мұралар» бағдарламасын қабылдау жылы деп жариялауы өткенімізді талқылап, таразыға салып, ақиқаттың үстемдік құруына арнауы заңды құбылыс. Бұл жылдары зердеміз жаңарып, санамыз сауықты. Тарихи әділет үстемдік алды. Ұлттық элитаның ұмыт бола бастаған есімдерімен және рухани мұраларына қайта қауыштық.

Осы тұста бүкіл саналы өмірін Түркістан ұлттарының тәуелсіз мемлекет, өз ықтияры өзіндегі ел болуын көксеген, ақиқат жаршысы, қазақ зиялыларының бірегей де біртуар өкілі-Мұстафа Шоқайдың аса көрнекті қоғамдық қайраткер, ғұлама тарихшы, жалынды публицист, белсенді саясаткер болғаны белгілі. Ол артына мол ғылыми мұра қалдырып кетті. Оның көптеген еңбектері кезінде Ташкент, Тблиси, Берлин, Париж, Ыстамбұл тб жерлердегі әр түрлі басылымдарда («Ұлуғ Туркистан»; «Бірлік туы», «Новый Туркестан», «Вольные Горцы», «На рубеже», «Жаңа дүние», «Арай», «Жас Түркістан», «Туркестан под властью Советов» тб жарық көрді.

Ол өз еңбектерінде тәлім-тәрбие мәселесін ұлт психологиясымен байланыстыра қарап, бұл жөнінде бірсыпыра сындарлы түйіндер айтқан. Ол әр халықтың өзіндік әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық мінез-білімі, әлеуметтік сезімдері мен көңіл-күйлері, мұраттары мен талап-тілектері болатынын ерекше еске сала келіп, бір кезде Ш. Уалиханов тұжырымдаған «Халық рухы» деген түйінді әрмен қарай түсіндіреді.

Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы-ұлттық рухтың нәтижесі.

Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздік аясында өсіп дамиды, жеміс береді. /1, 187-б/

М. Шоқай әр ұлттың сана-сезімінің дамуында оның белгілі іс әрекетін, тиянақты кәсіппен айналысуы ерекше маңызды дей отыра, бұл үшін қазақ халқы оқу-білім, айла-тәсіл, дағды, икемділікті терең меңгеруі қажет дейді. «Адам баласы, -дейді ол, -адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды қайта табу үшін де білім керек»/2, 2001-б/

М. Шоқай пікірінше туған халқы үшін қызмет ету-әр пенденің перзенттік борышы, бұл оның абыройлы міндеті, ол әр этностың өзіндік ерекшеліктерінің қалыптасуына оның нақты өсіп-өнген ортасы, табиғаты, тау-тасы, өзен-көлі, кір жуып, кіндік кескен жері ерекше әсер ететінін төмендегіше түйіндейді: «Атамекенді сүю» дегеніміз-өзінің жеке басының талаптарын қанағаттандыру, немесе белгілі бір топтың, не бір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю-оның тұтас мүддесіне қызмет ету, керек болса жан пида қылуға дайын тұру болып табылады. /3, 6-б/

Енді бір жерде ол «Біздің саяси және ұлттық азаматтығымыз ең алдымен біздің өз ісіміз. Біз осы ұлы мақсатқа өз ішіміздегі ынтымақты күшейте отырып, біздер сияқты ұлтының азаттығы жолында күресіп жатқан болса да, ұлттар тізе қоса қимылдағанда ғана тезірек жете алатын боламыз» дей келіп, қай істе болса да ынтымақ пен бірліктің қажет екеніне баса назар аударады. Оның бұл түйіні қазақ халқының «Бірлік болмай, тірлік болмас» немесе «Алты ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген шеберлікпен айтылған нақыл сөздерімен астарласып жатқан жоқ па?

Ғұлама ғалым ұлт мәселесінде өз диалектика заңдарын жетік білетін нағыз ғалым ретінде жақсы танытады. Біздің осы айтқанымызға М. Шоқайдың төмендегі тұжырымы жақсы айғақ. «Жалпы адамгершілік және философиялық тұрғыдан алғанда, -деп жазды ол, -жақсы халық, жаман халық деген ұғым жоқ, болмайды да». Осындай ғылыми тұжырымды бұдан 80жыл бұрын айтқан адамды «аса көреген тұлға», -деп қалай айтпасқа!

Алыста ауыр азап шеккен бауырым,

-Қуарған бәйшешектен кепкен батырым.

Қамаған қалың жаудың ортасында,

Көл ғылып көздің жасын төккен бауырым, -деп қазақтың дүл-дүл

ақыны Мағжан Жұмабаев жырлағандай, ол өзінің туған халқының тағдырына ылғи да бүйрегі бұрып тұрса да, бүкіл Түркістан халқының (Қырғыз, өзбек, түркімен, ұйғыр, қарақалпақ тб кемшілігіне қабырғасы қайысып келгенін жоғарыда айтылған жолдардан аңғару қиын емес.

Ол қазақ жерінде орын алған әділетсіздікке қарсы күресті. Сол үшін большевиктер соңына шырақ алып түсіп, ақыры туған жерінен кетуге мәжбүр етті. Алайда, шет жүрсе де, елден қанша алыс болса да бағытынан таймады, айтқанынан қайтпады. Кеңес туралы шындықты жер жүзінде хабарлады. Ақтық демі таусылмағанша қазақ халқының жыртысынан жыртып, тілеуін тіледі.

Ұрпақ тәрбиесіне ғылыми ой тұжырымдары мен ақыл-нақыл сөздерін қалдырып кеткен. Мұстафа Шоқайдың еңбектері қазақтың ұлттық педагогикасының тарихына негіз болары сөзсіз.

Ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім азаматтың қас жауы, ол келешекте оның өміріне апат әкеледі», -деген екен.

Ол үшін ең әуелі ұрпағымызды бала кезінен-ақ ұлттық тәлім-тәрбиеге, адамгершілік әдетке, рухани мәдениетке баулып, имандылық қасиеттерін жетілдірсек, сонда ғана халқының салт-дәстүрін жақсы білетін, елі үшін елең қағар азамат болып қалыптасады. Имандылық пен салауаттылық сынды қасиеттерді қатар ұстаған адам өмірде тура жолдан таймай, алдына қойған мақсатына жете алады. Сондықтанда болашақ ұрпақтарымызды тәрбиелегенде олардың бойына осы қасиеттерді сіңіре білсек, отанымыздың гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат болып өсері кәміл.

Мұстафа Шоқай ұлт жанды саясаткер де болды. Ол басқа өкілдерімен де тез тіл табыса алатын қабілетті болды. Бұл жөнінде жұбайы Мария айтқандай: «Мұстафа тар ауқымды ұлтшылдықтың ұшқыны еді. Ол бүкіл Түркістан ұлттарының бірігуі жолында еді, орыстар оны осылай танитын еді»/4, 103-б/

М. Шоқай патшалық Ресейдің Орта Азиядағы отаршыл саясатын әшкерелеп, Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін, оларды рухани құлдықтан құтқару үшін аса зор жауапкершілікті өз мойнына алды.

Мұстафаның саяси көзқарастарының кеңеюіне оның Петербордағы қызмет жасап жүрген отандастарының да үлкен көмегі болды. Мемлекеттік Думаның мүшелері Сералы Ланин, Мұхаммед Ходжа Бехмуди, Минур Қары тб тығыз байланыс жасап, өздерінінің отандары Түркістанның болашағы жайлы талқылап жүрді.

Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарастарының қалыптасуы жайлы саясаткер, ғалым, шет елдегі қазақ зиялыларының қазіргі көш бастаушыларының бірі Хасен Оралтайдың айтуынша: «ұлтшыл азамат, туған елін жат жұрттық езгі-қанаудан құтқарып, талан-таражға түскен жер-суын, игілігін өзіне қайтарып беруді, сондай-ақ халқын оқу-ағартумен жалпы шаруашылық саласында алға бастырып, оның ауыр жағдайын жеңілдетіп жақсартуды санау өзінің студенттік кезеңінде-ақ басты арманына айналдырған. Сол арманына жету жөніндегі ізденістерін ол Петербордағы өзі сияқты басқа Түркі тұқымды мұсылман халықтары жастарымен жиі кездесіп, әңгімелесу арқылы бастаған. » /5, 112-б /

Мұстафа Шоқай қоғамдық-саяси қайраткер ретінде І-ші және ІІ-ші Ресейлік Думаға мүше болып жүріп, Қазақстандық және Орта Азиялық депутаттарға ақыл-кеңес берді, олардың саяси қызмет атқаруына көмектесті. М. Шоқайдың Ресейдегі қайраткерлерімен, Дума депутаттарымен араласуы, іс жүзінде жалпы тәуелсіздік, жалпы мемлекеттік идеяларды қолдауына алып келеді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екендігін Мұстафа анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірден айныған жоқ.

Ұлы саясаткер Мұстафаның ұстаған жалпы жолы тәуелсіздікті қантөгіс арқылы емес, керісінше дүниежүзіндегі демократиялық күштерді араластыру арқылы бейбіт жолмен алу болды. Ұлы күрескер бүкіл түркі тектес, иісі мұсылман қауымын түгел көтеруді мұрат тұтты.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Шоқай М. Таңдамалы. І-том. Алматы, «Қайнар», 1998, 187-бет.
  2. Сонда, 201-бет.
  3. Шоқай М. Таңдамалы. ІІ-том. Алматы, «Қайнар», 1999, 6-бет.
  4. Мұстафа Шоқай, Мария Шоқай. Естеліктер. Ыстамбұл, 1997, 103-бет.
  5. Оралтай Х. Мұстафа Шоқай және оның шет елдегі ізбасарлары. Қазақ тарихы, 1997, №2. 112-бет

Мұстафа Шоқайдың фашизмге көзқарасы

Большевизмнің қас дұшпаны болғандықтан, билікпен ымыраға келмей шет ел асқан Мұстафа Шоқайға таңылған айыптар бұл кезеңде негізінен Түркістан легионы төңірегінде өрбитін еді. Бұл жайында тіпті, «социалистік реализмнің» аясында көркем шығармалар жазылып, қаралау науқанына түрлі бәйгелер беріліп жатты.

Еліміз егемендік алып, тарихтың ақтаңдақ беттері біршама ашылып, Алаштың ардақты ұлдары ақталып жатқан тұста Мұстафа Шоқайға қатысты ойлар да басқаша өрбіп, жаңа деректермен толысқан тарих көздері ақиқат сырларын аша түсті. Дегенмен, Мұстафа Шоқайға және оның мұрасына сын көзбен қарайтындар әлі де баршылық. Өйткені, әсіресе, қолына қару алып қан кешкен ардагерлеріміз бен аға буын өкілдерінің бір кездері сыңаржақ идеологияның біржақты және толассыз насихаты нәтижесінде қалыптасқан өзіндік түсініктері бірден сейіліп кете қоймайтыны түсінікті. Міне, сондықтан, Алаштың ардақты ұлы жайында ақиқатты білу үшін сезімге бой алдырмай, деректер көздеріне жүгінгеніміз абзал.

Сонымен, М. Шоқайдың фашистік билікпен байланысы бар ма еді? Оның фашизмге, ал, әсіреұлтшылдардың Шоқайға деген көзқарасы қандай еді?

Бұдан біршама уақыт бұрын, дәлірек айтқанда 2001 жылы Анкара қаласында жарық көрген «М. Шоқай, Өмірі, саяси қызметі және дүниетанымы» атты монографияда және республикалық деңгейдегі басылымдарда жарық көрген мақалаларымызда жаңа дерек көздеріне жүгіне отырып осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап жүргендіктен, Шоқайдың өмір жолына қайта оралып жатпай, мәселеге осылайша төтесінен килігуді жөн санадық.

Әуелі айта кетерлік жайт, Мұстафа Шоқайдың және большевиктерден теперіш көріп шет ел асқан эмиграциядағы түрлі ұлт жетекшілерінің ұйытқы болуымен құрылган «Промете» қозғалысы фашизмге әу бастан күмәнмен қарап, дүниежүзілік соғыс өртінің тұтанып кетуіне әрдайым алаңдаушылық білдіретін еді. Расында, 1939 жылы қыркүйек айында фашистік Алманияның Польшаға басып кіруімен бірге, осы «Промете» қозғалысы ең маңызды қолдаушысынан айрылды. Өйткені, Кеңестік жүйеге қарсы күресіп жүрген ұлт өкілдері маршал Пильсудский кезеңінен бастап Польша үкіметіне арқа сүйейтін еді. Ал, 1940 жылы неміс әскерлерінің Парижге басып кіруімен бірге қозғалыс мүшелері мүлде қорғансыз қалып, ресми басылымдары да жабылып қалды. Польшаның басып алынуы және оның Алмания мен Кеңестер Одағы тарапынан бөліске түсуі, оның үстіне, Алман-Кеңес басқыншылық келісімі «Прометейшілдердің» арманын көкке ұшырды. Осы кезеңде: «Гитлер де, Сталин де - залым. Бірі -әсіреұлтшыл, ал екіншісі - интернационалист болып көрінгеніне қарамастан, екеуінің де саясаты мен залымдығы тең дәрежеде», - деп жазған Мұстафа Шоқай өзінің пікірлес достары украиндық А. Шульгин, кавказдық Мир Якуб Мехтиев және грузиндердің көсемі Ное Жорданиямен бірге шет елдердегі барлық отандастарын Алман-Кеңес коалициясына қарсы бірігіп, қарсы тұруға шақырды. Сонымен қатар, Мұстафа Шоқай белсенді автор болған «Промете» журналының 1940 жылы сәуір айында шыққан соңғы саны финдердің кеңес әскерлеріне қарсы қаьарманша табандылық танытуынан қанаттанып, оқырмандарын «оба мен тырысқақ» арасында таңдау жасамауға үндеді. Мұндағы адамзатқа апат әкелетін індет аурулардың аттары екі империяға қаратылып айтылып тұрғаны белгілі болса керек. Осылайша, Мұстафа Шоқай ұлт шындығын жоққа шығарғысы келетін большевиктік билікке қаншалықты қарсы болса, әлемде тек бір ғана ұлттың үстемдігін қалайтын фашизмге де соншалықты қарсы екенін қаймықпай, ресми түрде мәлімдеді. Өйткені, жұбайының жазбаларына сенсек, нашар ұлттар емес, жаман адамдар болатынын айтатын ол, барлық ұлттардың терезесі ең дәрежеде өмір сүруін қалайтын еді. Сонымен қатар, ұлы тұлғаға лайықты жар бола білген Мария Шоқайдың естеліктерінде Мұстафаның мейлінше мейірімді және соғыс атаулыға қарсы екені сипатталып жазылған. Тұтқындар лагерінде Мұстафа Шоқайдың жәрдемі арқасында ғана аман қалған әйгілі тарихшы Баймырза Хайт, Стамбулда бір кездескенімізде Мария ханымның осы сөздерін айна қатесіз қайталап еді.

Ал, сонда соғыс атаулыға, қан төгуге және адамзатқа төніп келе жатқан алапат ауру - фашизмге қарсы болған Мұстафа Шоқай, расында, легион құруға ат салысып, қару кезенген бе еді? Мұстафа Шоқайдың легионның ресми құрушысы Уэли Қаюмға деген көзқарасы қандай еді?

Фашистер жаулап алғанда Парижде болған Мұстафа Шоқайға сол кездері Берлинде тұратын және гестапоға жұмыс жасайтын Уәли Қаюм келіп, әңгімелеседі. Алайда, шақырылмаған қонақты жақтырмай, әңгімеден мейлінше тартыншақтаған Шоқай, Қаюмды, тіпті, шайға да шақырмастан шығарып салады. Бұл - Шоқай мен Қаюмның алғашқы кездесуі еді. Өйткені, бір хат жазғаны болмаса, Уәли Қаюм Берлинде тұрғанына қарамастан осы қалада шығатын «Яш Түркістан» журналымен, оның бас редакторы Шоқаймен және басқа да түркістандық шәкірттермен араласпайтын еді. Осы оқиғадан екі аптадан кейін, яғни 1940 жылы сәуір айында тағы келген Уәли Қаюм бұл жолы Шоқайды Берлинге шақырады. Бұл жолы да қонағына ыңғай бермеген Шоқай, тек ықтият үшін әйгілі түрколог, профессор Герхард фон Мендемен хат алысқаннан кейін ғана ықтиярсыз болғандықтан, Берлинге баруға бел байлайды. Берлинде Кеңестер Одағы, оның әскери қуаты сияқты сұрақтар сұраған қызметкерлерге өзінің тек Түркістан аймағының жай-күйімен ғана таныс екенін, өзге жайттардан хабары жоқ екенін айтып, жауап береді. Осылайша, ол бір аптаның ішінде Парижге қайтып кетеді. Қағаз бетіне түскен бұл деректерден М. Шоқайдың фашистік билікке бүйрегі бұрмайтынын, онымен байланысқысы келмейтінін және арада жүрген Уәли Қаюмды жақтырмайтынын айқын аңғаруға болады.

ІІ-дүниежүзілік соғыс басталған күні Мұстафа Шоқай қатты дегбірі қашып, мазасызданады. Оны сол күні фашистер Ножандағы үйінен тұтқындап әкетеді. Тұтқындар лагерінде үш апта болған соң, үйіне екі күн рұқсат берген немістер оны Берлинге қайта алып кетеді. Өмір ағымының ыңғайында кете барған Мұстафа Шоқай, Берлинде жүрген кезінде тіпті, есірік фашист офицері тарапынан көше ортасында соққыға да жығылады.

Бұдан кейінгі өмірі аумалы-төкпелі жағдайда өткен М. Шоқай тұтқындар лагеріне жіберіледі. Отандастарының қасіретті тағдырына қабырғасы қайысқан қайсар ер, оларды тұтқыннан босатуға, тым болмағанда өлімнен арашалап қалуға үмтылады. Бұл кездегі оның көңіл күйін жазған хаттары мен күнделіктерінен айқын байқауға болады. Мәселен, жұбайына жазған бір хатында Мұстафа Шоқай тұтқындардың қорқынышты әрі үрейлі жағдайларын айту үшін тиісті мекемелерге мәлімдеме жасағанын, мұнда: «Сіздер - фашистер, өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті адамдардың қатарына жатқызасыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз мен көріп жүргендей болса, онда мен сендерге де тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асырып жібердіңіздер. Мәдениетті халық екеніңізді айтуға тіпті де хақыларыңыз жоқ», - деп жазғанын, бұл қорқынышты жағдайлардан кейін мұндай «мәдениетті» қоғамда тіпті өмір сүргісі келмейтінін, шынында да ұйқысы қашып, еш нәрсеге тәбетінің жоқ екенін хабарлаған. Ол жұбайына жолдаған басқа хатында фашистердің айуаннан да бетер екенін айта отырып, өзінің бүл жағдайға бұдан әрі төзе алмайтынын, өлгісі келетінін жазған.

Осы орайда айта кетерлік жайт, сонау бір жылдары Мұстафа Шоқайдың Гитлермен кездескені жайында неше түрлі аңыз-әпсаналар айтылып, фашистік формамен суретке түскен бір бейтаныс бейнені Шоқайға телу белең алған болатын. Мұстафа Шоқай туралы айтылған мұндай ақпараттардың сталиндік саясаттан туған жала екенін бірден ашып айту керек. Екіншіден, солай-ақ болып, фашистермен келісімге барған күннің өзінде Мүстафа Шоқайдың ел тәуелсіздігі үшін қандай да болмасын амал қарастырып, Түркістанның тәуелсіздігі үшін тәуекелге баратын саясаткер екенін ұмытпаған жөн. Өйткені, саналы ғұмырын елінің бостандығы мен азаттығы жолына арнаған Мұстафа Шоқай үшін ең басты мәселе - Түркістанның тәуелсіздігі болатын!

Дегенмен, фашистердің түпкі пиғылын сезіп, білген Мұстафа Шоқай олармен істесуге құлықсыз болды. Тұтқындар лагерін аралаған кезде де оның бар арман-мұраты - баудай түсіп, қырылып жатқан тұтқындағы Түркістандық бауырларын ажал аузынан аман алып қалу болды. Мыңдап қырылған туғандарына қорған болу үшін тиісті мекемелерден шырылдап араша сұраған, бірақ лайықты жауап ала алмаған Шоқай, алға қойған мақсатын белгілі бір дәрежеде атқарып, Парижге қайтуды ойлады. Фашистік билікпен ымыраға келе алмаған, олардың айтқанына көніп, дегеніне жүре қоймаған Мұстафа Шоқай соңғы хатында былай деп жазды: «Мұндағы байланыстарым бітті. Мен Парижге қайтамын деп шештім… Тезірек карантинаға жауып тастамай тұрғанда, құтылып шығуым керек».

Есіл ердің жүрегі бір сұмдықты сезгендей екен. Тағдыр оған Парижге жетуді жазбапты. Карантинада бірнеше күн болып, тексеруден өткеннен кейін Берлинге қайтар жолда Түркістанның ұлы қайраткері мәңгілікке сапар шекті. Құпия жағдайды көз жұмған оның жұмбақ өлімінен соң әртүрлі сөздер тарай бастады. Әрине, бұл сөздер негізсіз емес-тұғын. Өйткені, фашистік билікке «демократ, фашизмге қарсы» Шоқайдан дереу бас тарту жөнінде ұсыныс хат жазып, арыз ұйымдастырған Алимжан Идриси сынды түркістандықтардың Шоқай өлімінің құрметіне қуаныштары қойнына сыймай, тост айтып, бокал көтергені де тарихи шындық. Осылайша, келе жатқан жаңа жылды ерекше қуанышпен қарсы алғандардың бірі де кейіннен фашистер тарапынан «хан», «ата», «президент» атағы берілген Уәли Қаюм болатын. Сондықтан, адамзаттың келешегі үшін фашизмге қарсы болған Шоқай өлімінде фашистік биліктің суық қолы болғаны күмән тудырмаса керек.

Дархан ҚЫДЫРӘЛИ,

Астана қаласы

Әлем таныған тұлға

Тұлғалар. Алаш арыстары. Мұндай жандар туралы Елбасы Н. Назарбаев: “Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген”, дейді.

Сондай тұлғалардың бірі - Мұстафа Шоқай. Ол - Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. 1910 жылы Санкт-Петербург университетіне оқуға түскен күнінен бастап М. Шоқай дүниетанымының қалыптасуы, бір жағынан, түркішілдік-мұсылмандық қозғалыстың (С. Жантөрин), екінші жағынан “батысшылдар” демократиялық-либералдық қозғалысының, Ә. Бөкейханов ықпалымен өтеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
«ТҰРАН» ГЕОСАЯСИ БАҒЫТЫ: ТҮРКІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ БІРЛЕСТІГІ
Мұстафа Шоқай еңбектеріндегі тәуелсіздік идеясы
Мұстафа Шоқайдың Шығыс Түркістан ислам Республикасы туралы көзқарасы
Байтұрсынұлы - қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер
Мұстафа Шоқай қоғамдық - саяси қызметі
Тұтас Түркістан идеясы
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ - түрік саяси байланыстары
Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Кемал Ататүріктің ұлт топтастырудағы саяси қызметтері арқылы саяси лидерлік феноменін талдау
Мұстафа Шоқайұлы-тарихи тұлғалығын зерттеу
Мұстафа Шоқай және тұтас Түркістан идеясы
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz