А. С. Пушкиннің Капитан қызы повесінің қазақша нұсқалары


А. С. Пушкиннің “ Капитан қызы ” повесінің қазақша нұсқалары
Әрбір ұлы ақын - қашанда мәңгілік және бүкіл адамзаттық құбылыс. Оның өмірінде бір-ақ мезгіл болады. Ол - туу мезгілі. Уақыттың өзге қатал заңдары оның алдында дәрменсіз. Сондықтан да ол уақыт өткен сайын белгілі бір кезең мен жеке халықтың аясынан ұзап, әлемдік биікке самғай көтеріліп, өзінің соны сипаттарын әр кез және баршаға бірдей аша, ақтара түседі, жаңара, жасара береді. Ол әр адам үшін де, әр буын үшін де - қашан да ерекше жаңалық, жаңа бүтін бір дүние, өзгеше көркемдік дүниесі, шексіз-шексіз өнер мұхиты, поэзия мұхиты. Сондықтан да ол әрқашанда қандай қауым мен халықтыі да жүрегіне тікелей жол тауып, оның ең сүйер ұлы, ең сырлас замандасы болып кетеді. Оны әр ұрпақ өзінше оқиды, одан әркім керегін табады. Өйткені әрбір ұлы ақын бүкіл адамзаттық көтереді, оларды мәңгі ескірмес жаңа тұрғыда ғана шешеді, бейнелейді. Әлемдік поэзияның өрісін кеңейтіп, оған өлшеусіз зор үлес қосқан, адамзаттың көркемдік ойын батыл ілгері дамытқан Александр Сергеевич Пушкин осындай ұлы ақын еді.
Пушкиннің ақындық данышпандығын табиғатта тек күнмен салыстыруға болады. Ақын Пушкин әдебиет әлеміне келісімен оған дейінгі онан кейінгі және өзімен тұстас өзге ақындар екінші, үшінші қатарға ығысып, күн шыққанда өзге жарық денелердің күңгірт тартып көрінбей кететініндей, ұлы ақынға жол береді. Сонымен қатар оның тағы да бір елден ерек, қайталанбас қасиеті - арады қанша уақыт өткеніне қарамастан өзінің нұрлы сәулесін өзінен кейінгі әдебиетке заманалар биігінен түсіріп келеді. Сол себепті де А. Луначарский: «Пушкин - орыстың көктемі, пушкин - орыстың жарқырап атқан таңы, Пушкин - орыстың Адам - атасы. Италияда Данте мен Петрарка, Францияда ХVІІ ғасырдың алыптары, Германияда Лессинг, Шиллер, Гете не жасаса, Пушкин біз үшін соны жасады» дейді.
Өмірде де, өнерде де, қоғамнан тыс, оның өсіп, өркендеу қадамынан тыс ұлылық жоқ. Ұлы ақын, кемеңгер азамат Пушкин - өз дәуірінің жемісі. «Наполеон Россияға басып кірген кезде орыс халқы өз бойындағы алып күшті алғаш сезінеді, - деп жазады декабрист Бестужев, - сонда ғана әрбір жүректе тәуелсіздік сезімі оянды, алғаш ол саяси тәуелсіздік сезімі түрінде көрінсе, кейін бүкіл халықтық тәуелсіздік сезіміне ұласты. Міне, Россиядағы бостандық туралы ойлардың басы қайда жатыр!». 1812 жылғы Отан соғысындағы ұлы жеңіс тек орыс солдаты қаруының ғана жеңісі болып қалған жоқ, бүкіл орыс халқының жеңісі жеңісі болды, оның ұлылығын бар әлемге танытты, қоғам өмірінің әр саласында әсерін тигізді, халықтың ұлттық санасын оятып, патриоттық сезімдер тәрбиеледі, азаттық күресіне бастады. 1815-25 жылдар арасында белең алған ел ішіндегі саяси толқулар мен жиі-жиі шаруалар көтерілісі осының тікелей нәтижесі еді. Орыс революционерлерінің алғашқы буыны - декабристер де осы бүкіл халықтыққозғалыс толқынында туып қалыптасты.
Лицейдің соңғы жылдарында Пушкин әртүрлі әдеби ұйымдарға қатысады, гусар полкінің үкіметке қарсы ниеттегі жас офицерлерімен танысады, басыбайлылықты сынап, еркіндікті аңсаған көптеген өлеңдер жазады. Бірақ олар баспа бетін көрмей, қолжазба күйінде тарайды. Оның 1817-20 жылдардағы саяси өлеңдері мен эпиграммаларынан декабристер идеологиясының бар эволюциясын көреміз. Жас ақын өзінің «Еркіндік», «Чаадаевке», «Ертегілер», «Қыстақ» тәрізді саяси лирикаларында ел ішіндегі қараңғылық пен қаталдықты батыл сынап, езілуші көпшілікті құлдықтан босату идеясын асқақ жырлайды, жастықтың жалын атқан отты жігерін Отанға арнауға шақырады.
Пушкин 1820 жылы азаттық жырлары үшін оңтүстікке жер аударылады. Мұнда ол декабристердің оңтүстік ұйымымен байланысады. 1824-26 жылдары туған селосы - Михайловскіге оралып, онда жергілікті әкімдердің бақылауында болады. 1826 жылы І Николай шақыртып алып: «14 декабрь күні Петербурге болған болсаң, декабристер көтерілісіне қатысар ма едің?», - деп сұрағанда, ол ешбір тайсалмастан: «Сөз жоқ, тақсыр, бар достарым қатысқанда, мен қатыспай қала алмас едім», - деп жауап береді. Осыған қарамастан патша оны «өз» ақыны жасамақ ниетімен, оның цензоры да болады. бұл цензордың «қамқорлығы» сонша, тіпті ақынның әйеліне жазған хаттарын да жасырын тексеріп отырады. Еркіндік аңсаған ақынды қанша бұлқынса да, маңайынан ұзатпайды, бұғауынан босатпайды. Бірақ декабристер көтерілісі жеңіліп, ел ішінде реакция қанша етек алса да, жаулары тарапынан қандай қорлық пен зорлық көрсе де, Карамзин мен Жуковский тәрізді ақылгөй қариялар айналасынан алыстап, жалғыз қалса да ақын өз шығармашылығының негізгі өзегі - азаттық сүйгіш армандарынан бас тартпайды. Сол үшін де ол қыршын жас күйінде, талантының нағыз кемел шағында, қатал өмірдің қатыгез қыспағында, жалдамалы жау қолынан қаза табады. Ақын Пушкин осы тұстан бастап, мәңгілік өмір көгіне біржолата самғайды.
Пушкин поэзиясы да аса принципті проблеманың бірі - халыққа, оның фолкьлорына тікелей қатысты. Туған халқы мен оның ауыз әдебиетін жанындай жақсы көрген болашақ тіпті сәби кезінен тәрбиешісі Арина Родионовна арқылы сол халық даналағының асыл маржандарын бойына сіңіре, одан тағлым ала өседі. Есейген шағында да көркемдіктің осы аналық негізінен қол үзбей, өзінің «Руслан мен Людмила», «Алтын әтеш», «Балықшы мен балық туралы» т. б. тамаша өлең ертегілерін жазады. Бұлар ақын талантының қайнар бұлағы халық даналығында да жатқандығының баға жетпес айғағы.
Тарих, заман, болашақ проблемаларды Пушкин поэзиясында органикалық бірлікте, диалектикалық тұтастықта, бүтіндікке қойылып шешіледі. Қоғам мен халықтың келешегіне зор үмітпен қараған ақын өз заманының көкейкесті проблемаларын терең түсіну үшін тарихқа жүгінеді. Жалпы историзм - Пушкин мұрасындағы аса жанды да үздік принциптердің бірі. Оны әркез толғантқан ең негізгі мәселе - ақынның өз сөзімен айтсақ - «Адам мен халық. Адамзат тағдыры халық тағдыры». Пушкиннің «Борис Годунов» трагедиясындағы ең өзекті идея - тарихты жасаушы халық, халықтың қостауы мен қолдауынсыз қашан да, қандай да үлкен тірлік жасамаған да, жасалмақ та емес дегенге саяды. Тарихи тақырып - ақын шығармашылығының халық өмірі және оның бұлтартпас заңдарын көркемдік құралдармен ашу кілті. Шығармада Годунов трагедиясы - оның өз басының жеке қасиеттеріне байналысты емес, халықтан қол үзуінде, халықты өзіне қарсы қоюында, оны менсінбеуінде, елемеуінде. «Борис Годунов» трагедиясынан бастап Пушкин поэзиясында реализм жетекші орын ала бастайды.
Декабристер көтерілісі жеңілгеннен кейін Пушкинді көп толғантқан қоғамдық мәселелердің бірі - шараулар көтерілісі. Қазан, Орынбор сапарының нәтижесінде «Пугачев тарихы» атты еңбегін жазады. Патша оны Пугачевте тарих болуы мүмкін емес деп жаратпай қайырады. Алайда еңбектің жазылу және алғашқы нұсқасының өзгермеу фактісі ақынның қарапайым құл емес, оның да тарихи болғанын және болатынын дәлелдегенінің куәсі. «Капитан қызы» повесінде де Пушкин «Емельян Пугачевтің жанды бейнесін тарихшыға тән білімділікпен жасайды», «Дубровскийде» де шаруалар бойындағы алып күшті сүйсіне суреттеуі ерекше назар аударарлық.
Пушкинді тек бір ұлттың перзенті ретінде қарастыру әбестік, ол барша адамзаттың ұлы мақтанышы. Ол туралы айтқанда қазақ топырағында Пушкинтану ілімінің тууы мен қалыптасуын айтамыз. Әдебиеттердің өзара әсер-ықпалын айтамыз, ұлы тұлғалардың өре-деңгейін айтамыз, іштей үндестгін, пікір бірлігін айтамыз. Асылы түрлі ұлттар әдебиетін сөз еткенде, ағылшын әдебиеті, қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті т. с. с. деп шартты түрде жіктеп жатсақ та, ең ұлы руханият мұрасы ұлы арна - әлем әдебиетінен барып мекен таппақ.
Ал хатқа түсіріліп, баспа бетінде жарияланғаны А. С. Пушкиннің «Капитан қызы» повесінің Молданияз Бекімов жасаған жасаған алғашқы нұсқасы. М. Бекімов есімі зерттеушілер мен оқушы жұртшылыққа 1930-1911 жылдарда ғылыми басылымдар мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен аударма кітаптары арқылы таныс. А. С. Пушкиннің «Капитан қызы» повесі М. Бекімов аудармасында 1903 жылы Қазанда Харитоновтар бапаханасында басылып шыққан.
М. Бекімовтың шығармашылық қызметін төрт салаға бөліп қарауға болады:
Қазақ әдебитеті нұсқаларын жинауы;
Аудармашылығы;
Әдет-ғұрыпты зерттеуі;
Ағартушылық - методистік қызметі;
Қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларынан М. Бекімов жинап-жарияланған материалдар көптеп кездеседі. Жинаған материалдарының бәрін де орысша басылымдарда орыс тілінде жарияланған. Демек, М. Бекімов қазақ ауыз әдебиеті нұсқаларын шебер аударып, орысша басылымдарда жариялап, өзге халықтарға таныстырушы да. М. Бекімовтың қазақ тіліне аударып, жариялаған елеулі қызметі - бүгінде өзіміз тілге тиек етіп отырған А. С. Пушкиннің «Капитан қызы» повесі. Кітап көлемі қырық сегіз бет. Араб әріпнде басылған.
А. С. Пушкин творчествосы - ұлан байтақ Россия елінің понарамасы іспетті. «А. С. Пушкин творчествосында оның отаны жан-жақты қамтылуы табиғи еді», - деп жазды В. Брюсов. Пушкиннің поэзиясында Россияның барлық облыстарының суреттері көз алдыңнан өтіп жатады. Ол өзі ерекше жақсы білетін орталық аймақтың (лирикалық топтамасы, «Евгений Онегин», «Граф Нулин» повестері тағы сондайлар) ғана емес, сонымен бірге Россияның бүкіл шет аймақтарының - фин заливі жағалаулары «Мыс салт атты» (және Неманнан (Мицкевичтен) Қара теңізге, Қырымға, Кавказ бен Закавказьеге (Грузия, Арзрум) дейін Мало Росиия) «Полтава» (Бссарабия), «Цыгандар» (арқылы Дон, Урал, Волга бойымен барып, кейде бір сәнді понарамаға айналатын) «Онегиннің саяхаты» (Россия әлеуметтік өмірінде ұшығы көріне бастаған ынтымақтық, досьық идеялары Пушкин творчествасында терең тамыр жайды. А. С. Пушкин ұйымдастырып, редакциялаған «Литературная газета», «Современник» сияқты басылымдарда ақын үлгісімен Россия халықтары өмірін демократтық, гуманистік бағытта көрсететін шығармалар, хабарлар басылып тұру дәстүрге айналды. А. С. Пушкин ықпалымен көптеген ақын-жазушылар Россияның шет аймағында халықтар, ұлттар, бұрын белгісіз тайпалар хал-жайына көңіл бөле бастады. Пушкиндік дәстүр ХІХ ғасырда көрініс берген кейбір буржазиялық - отаршылдық ағымдарға қарсы дамыды. Орыс әдебиетінде басқа халықтар өмірінде жанашырлық көзқарас қалыптасты. Сөйтіп, әдебиеттер байланысы тарихы пайда болды. Ал біздің дәуірімізде қазақ және орыс әдебиеттерінің ынтымақ, байланысы үлкен тарихи маңыз-мазмұнға ие болды.
Ақын Орынбор, Орал сапарынан кейін Болдинадо «Пугачев тарихын» тәмамдап, «Капитан қызы» повесін жазуға кіріседі. А. С. Пушкинді «орыс әдебиетнің реформаторы» деген В. Г. Белинский анықтамасының терең мазмұны - орыс сөз өнерінде ұлы ақынның Пугачев көтерілісі тақырыбын тұңғыш көтерумен де, ойшыл қауымның назарын шаруалар көтерілісінің шежіресіне алғаш рет аударумен қатар, бұл тарихи құбылыстың мән-маңызын алғаш ашуымен де айқындала түседі. А. С. Пушкин «Пугачев жайындағы тарихи беттер ұрпақ үшін жоғалып қалмауға тиіс» - деп, кейінгілерге өсиет қалдырды.
Россия Империясының басқа халықтарының, оның ішінде қазақтардың да Пугачев көтерілісіне қатысуының кейбір жайлары ақынның әйгілі «Капитан қызы» повесінде айтылған болатын. Мысалы, шығарманың «Қамал» деген үшінші тарауында «Белогор крепосы Орынбордан қырық шақырым жерде. Жолы жайықтың биік жарлы жағасын қуалай жүреді. Өзен әлі қатпапты. Оның қорғасын түстес толқыны біркелкі қарлы жиекпен жарыса мұңая түнереді. Арғы беті қырғыз-қазақ даласына ұласады» деген суреттемелер бар. Осы тарауда комендант «Башқұрттар үркіп қалған халық, қырғыздар да дәмін татқандай болған. Бізге жұғысулары мүмкін емес дейді» дейді. «Капитан қызының» «Пугачевшілдік» деп аталатын алтыншы тарауы «өз көзім көрген керемет оқиғаны суреттеместен бұрын, сол 1773 жылдың аяқ кезіндегі Орынбор губерниясының хал-ахуалы жайында бірер сөз айта кетейін» деп басталады.
«Бұл жері байтақ мол өлкені Россия патшалығына жақында ғана бағына бастаған алуан түрлі тағылау елдер мекен етеді. Сәл күдік алса, шоршып түсетін, ішкі тәлім, тәртіпке үйренім болмаған жеңілтек, қатыгез елдер үкімет тарапынан кірпік қақпай бақылауды, тізерлеп күшпен ұстауды керек қылатын. Қолайлы орындарға крепостар соғылып, оған Жайық жағасын ертеден иеленген казактар орнықан-ды. Бірақ осы өлкенің тыныштығын күзетуді үкімет алдында міндетіне алған Жайық казактары біраздан бері толқи бастап, өздері қауіпке айналған еді». Осы тарауда Пугачевтің Белогорск крепосына жақындап қалғаны туралы хабарды естігенде Василиса Егоровна «жиырма екінші жыл жасап келеміз осында. Башқұртын да, қырғызын да көргенбіз: ендеше Пугачевке де беріспей шыдармыз!» - дейді. «Бұл соғысқа әзірліктің себебі не болды екен?» деп ойлады комендант әйелі: « - Әлде қырғыздар шабылуын күтер ме екен?»
Міне, «Капитан қызынан» келтірілген бұл мысалдардан қазақ даласы да жым-жырт үнсіз жатпағаны, онда да толқыныс дүбірі тоқталмағаны аңғарылады. Ақынның Орынбор, Жайық өлкелерінде болған кездегі әсерлері де осы шығармада көркем бейнеленген.
М. Бекімов «Капитан қызын» аударған тұста орыс классигінің шығармалары қазақ жеріне келе бастаған, бірақ біздің топшылауымызша аударушы өзінің туындысына дейін жарық көрген бұл шығарманың татар тіліндегі нұсқасын да назарынан тыс қалдырмаған ба дейміз.
20 ғасырдың басында қазақ тілінде басылып шығып жүрген кітаптардың бәрінің мазмұны, идеясы, көбінесе ескілік, діни, қиял-ғажайып болып келетін ертек екені көпшілікке мәлім. Осы жағдайда тарихи тақырыпқа реалистік әдіспен жазылған шығарманың - «Капитан қызының» қазақ тілінде шығуы, тіпті оның тек желісі ғана болса да зор әдеби жаңалық болды. Ол қазақ халқының жаңа бағытты әдебиетінің алдында жаңа белес есігі болып ашылды.
Бұл жөнінде З. Тұрарбеков: «Молданияз Бекімов А. С. Пушкиннің «Капитан қызын» өзгелерден бұрын қазақ тілінде сөйлетті, қазақ әдебиетінің тарихында елеулі іс атқарды. Ол орыс әдебиетінің тарихи және көркемдік мәні өшпейтін классикалық шығармасын қазақ даласында сөйлету арқылы мұндай азаткерлік идеяны насихаттайтын төл туындылардың тууына із салды, мұрындық болды. Қазақстанның батыс өлкесінде, туыстас Башқұрт елінде ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өрбіген патшаға, хандарға, билерге, езіп-қанаушыларға қарсы халық қозғалы-сын жырлаған тарихи шығармалардың тууына тікелей әсер етті. М. Бекімовтың бұдан сексен жыл бұрын істеген еңбегінің тарихи мәні, міне осында деп түсінуіміз керек», - дейді.
Қазақша тәржіма тәжірибесі жоқ кездегі, жоғарыда айтқанымыздай, М. Бекімов аудармасында татар, араб, парсы сөздері стильдік кемшіліктер кездесіп отырады. Әдебиет пен ғылым өркендеген сайын аударма өнерінің де кемелдене түсері, ізденіс молайса, білімді, талантты, тәжірибелі шебер аудармашылардың да көбейе түсері аян.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz