Адам организмінің өсуі мен дамуының негізгі заңдылықтары


Балалар мен жастардың организмі үнемі өсіп дамуда болады. Организмдегі клеткалардың саны мен салмағының ұлғаюына байланысты дене көрсеткіштерін өсу деп атайды. Организмнің негізгі үш дене көрсеткіші бар: бойы, салмағы және кеуде шеңбері.
Даму – сапалық көрсеткіш. Организмнің дамуы дегеніміз ұлпалардың жекешеленіп белгілі бір қызмет атқаруға бейімделуі, организм мен оның жеке мүшелерінің қызметінің артуы, баланың ақыл-ой өрістерінің молаюы. Организмнің дамуы екі түрлі болады: физикалық және функциялық.
Физикалық дамудың көрсеткіштері барлық мүшелерге бірдей: мүшенің ұзындығы, ені, тереңдігі, көлемі, аумағы, салмағы.
Функциялық дамудың көрсеткіштері мүшенің атқаратын қызметіне байланысты әртүрлі. Мысалы, жүректің функциялық дамуын анықтау үшін оның систолалық немесе минутық көлемін өлшейді.

Пән: Медицина
Жұмыс түрі: Материал
Көлемі: 78 бет
Бұл жұмыстың бағасы: 500 теңге




Лекциялық сабақтар

1-тақырып. Адам организмінің өсуі мен дамуының негізгі заңдылықтары

Балалар мен жастардың организмі үнемі өсіп дамуда болады. Организмдегі
клеткалардың саны мен салмағының ұлғаюына байланысты дене көрсеткіштерін
өсу деп атайды. Организмнің негізгі үш дене көрсеткіші бар: бойы, салмағы
және кеуде шеңбері.
Даму – сапалық көрсеткіш. Организмнің дамуы дегеніміз ұлпалардың
жекешеленіп белгілі бір қызмет атқаруға бейімделуі, организм мен оның жеке
мүшелерінің қызметінің артуы, баланың ақыл-ой өрістерінің молаюы.
Организмнің дамуы екі түрлі болады: физикалық және функциялық.
Физикалық дамудың көрсеткіштері барлық мүшелерге бірдей: мүшенің
ұзындығы, ені, тереңдігі, көлемі, аумағы, салмағы.
Функциялық дамудың көрсеткіштері мүшенің атқаратын қызметіне байланысты
әртүрлі. Мысалы, жүректің функциялық дамуын анықтау үшін оның систолалық
немесе минутық көлемін өлшейді.
Өсу мен дамудың барлық адамдарға ортақ бірнеше заңдылықтары бар:
1. Өсу мен даму гетерохронды болады, яғни үнемі біркелкі болмайды. Өсу
мен даму адам өмірінде бірде жылдамданып, бірде баяуланады. Тіпті бір
жылдың ішінде бойдың өсуі бірдей емес: бала жазда тез, қыста нашар немесе
түнде бойы көбірек, күндіз аз өседі.
Өсу қарқыны адам өмірінде үш рет күшейеді: 1) туғаннан 3 жасқа дейін;
2) 3-7 жас аралығы; 3) жыныстық жетілу кезеңінде.
2. Мүшелер мен мүшелер жүйелерінің өсу мен даму қарқыны әртүрлі.
Баланың алғашқы жылында миы тез өседі, 7 жасқа жеткенше оның миы ересек
адамның миының 80-90% шамасында болады. Ал лимфа ұлпаларының өсіп дамуы 10-
12 жаста күшейеді, жыныс мүшелерінің өсіп жетілуі 12 жастан әрі қарай
болады.
3. Өсу мен даму баланың жынысына байланысты. Жыныстық жетілу қыздарда 9-
10 жаста, ұлдарда 10-11 жаста басталады да жынысына сай бойжеткендерде 16-
18 және жігіттерде 18-20 жаста толық жетіледі. Жыныстық жетілгенге дейін ер
баланың антропометрлік көрсеткіштері қыздардан жоғары болса, жыныстық
жетілу басталған кезде, керісінше қыздардың салмағы, бойы, кеуде шеңбері
анағұрлым жоғары болады. 15 жастан әрі қарай ер балалар тез өсіп жетіледі
де олардың көрсеткіштері қайтадан қыздардан жоғары болады.
4. Өсу мен дамудың тұқым қуалау қасиеттері мен сыртқы ортаның
жағдайларына тәуелділігі. Организмнің өсу және даму қарқыны, жыныстық
деморфизм және жеке мүшелер мен мүшелер жүйесінің жетілуі тұқым қуалау
қасиеттеріне байланысты. Дегенмен олар сыртқы ортаның жағдайына байланысты
ауытқуы мүмкін.
5. Өсу мен дамудың акселерациясы. Акселерация дегеніміз өсу мен дамудың
қарқынды жүруі. Яғни, қазіргі балалар мен жастардың белгілі бір мерзімінде
олардың ата-аналарының сол жасындағы денесінен ірі болып, ерте жетілуін
айтады.
Өсу мен дамудың акселерациясының бірнеше белгілері бар:
- жаңа туған нәрестелердің ірі болуы;
- белгілі бір жас мерзімінде балалар мен жастардың денесінің ірі болуы;
-ерте жыныстық жетілу;
-баланың сүйегінің ерте қатаюы;
-бойдың өсуінің ерте тоқтауы.

Адам жасының кезеңдері
Оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырғанда балалардың жасын белгілі бір
топқа бөлуге тура келеді. Ол топтардағы балалардың жасын белгілі бір
мөлшермен шектеу қажет. Осыған байланысты адам өмірін бірнеше жас
кезеңдеріне бөледі. Жас кезеңдері деп өсу мен дамуы ұқсас физиологиялық
ерекшеліктері бірдей уақыт мөлшерінің шегін айтады. 1965 жылы Мәскеу
қаласында адам организмін зерттейтін түрлі ғалымдар өкілінің қатысуымен
болған дүниежүзілік жас кезеңдерінің жиналысында адамның барлық өмірін 12
кезеңге бөлген:
1. Нәресте- алғашқы 10 күн;
2. Емшектегі сәби -10 күн-1 жас аралығы;
3. Алғашқы балалық шақ - 1-3 жас аралығы;
4. Бірінші балалық шақ - 4-7 жас аралығы;
5. Екінші балалық шақ - 8-11жас (қыз бала), 8-12 жас (ұл бала);
6. Жасөспірім шақ - 12-15 (қыз бала), 13-16 (ұл бала);
7. Кәмелеттік немесе бозбала, бойжеткен - 16-20 (қыз бала), 17-21 (ұл
бала);
8. Кемел жас (ересектіктің 1- кезеңі) - 21-35 (әйелдер), 22-35 (ерлер);
9. Ересектіктің 2- кезеңі - 36-55 (әйелдер) , 36-60 (ерлер);
10. Егде жас - 56-74 (әйелдер), 61-74 (ерлер);
11. Қарттық жас - 75-90 (әйелдер, ерлер);
12. Ұзақ жасаушылар - 90 жастан жоғары.

2-тақырып. Қозу физиологиясы

Адам организмі екі түрлі қалыпты жағдайда болады: физиологиялық
тыныштық және физиологиялық белсенділік.
Физиологиялық тыныштық деп адам көзін жұмып, тыныш, ештеңені ойламай,
тыңдамай, денесін босатып, демалып, ояу жатқан қалпын айтады. Осындай
қалыпта жатқанда сыртқы ортаның қандай да болмасын бір жағдайлары әсер
етсе, организм физиологиялық тыныштықтан физиологиялық белсенділікке
ауысады. Организмнің қандай да болмасын жеке мүшесі немесе мүшелер жүйесі,
тіпті бүкіл организмнің қызмет атқаратын жағдайын физиологиялық белсенділік
дейді. Физиологиялық белсенділік кезінде зат алмасу артады, бірнеше
мүшелер, мүшелер жүйесі қызметін күшейтеді. Мысалы, тамақ ішкеннен кейін ас
қорыту мүшелері қызмет атқаруына байланысты оларға қоса жүрек-қантамырлар,
тыныс алу, зәр шығару жүйелерінің қызметі күшейеді. Мұндай жағдайда сыртқы
ортаның әсері денедегі ұлпаларды, жасушаларды тітіркендіреді.
Адам денесіндегі көпшілік тірі клеткалардың тітіркену қасиеті болады.
Тітіркену деп сыртқы және ішкі орталардың түрлі әсерлеріне жауап беру
қабілетін айтады. Сыртқы және ішкі орталардың әсерін тітіркендіргіштер деп
атайды. Тітіркендіргіштерді төртке бөледі: физикалық, химиялық, физико-
химиялық, биологиялық.
Физикалық тітіркендіргіштер деп түрлі механикалық (соққы, шаншу, қысым,
температура) және электірлік әсерлерді айтады.
Химиялық тітіркендіргіштерге тамақтың құрамындағы органикалық және
бейорганикалық заттар, дәрілер, улы заттар, қышқылдар, сілтілер тәрізді
заттардың әсері жатады. Физико-химиялық тітіркендіргіштерге ерітінділердегі
заттардың парциалды қысымы, осмостық қысымы, иондардың және түрлі заттардың
концентрациясы жатады.
Биологиялық тітіркендіргіштерге макро және микроорганизмдердің әсері
жатады.

Тітіркендіргіштердің әсерінен тітіркене алатын ұлпаларды тітіркенгіш
ұлпалар деп атайды. Оларға жүйке, бұлшықет, без ұлпалары жатады. Олар
тітіркендіргіштердің әсеріне қозумен жауап береді. Қозу аталған ұлпалардың
жұмыс қабілеті. Қозу кезінде бұл ұлпалардың электрлік және биохимиялық
қасиеттері өзгереді, ұлпалар қызмет атқарады, олардың қызметі күшейеді.

3-тақырып. Жүйке жүйесінің құрылысы, қызметі
мен дамуы

Жүйке жүйесінің маңызы:
- мүшелерді бір-бірімен байланыстырып, организмнің біртұтастығын іске
асырады;
- денедегі барлық мүшелердің және мүшелер жүйелерінің қызметтерін
реттейді;
- организмді сыртқы ортамен байланыстырады;
- сыртқы ортаның өзгермелі жағдайына организмді бейімдейді;
- денедегі барлық жасушалардың, ұлпалардың, мүшелердің, бүкіл
организмнің тірлігін қамтамасыз етеді.
Нейронның құрылысы. Жүйке жүйесінің құрылысы мен функциялық негізі –
жүйке жасушасы. Жүйке жасушасын нейрон деп атайды. Нейронның денесін сома
деп атайды. Нейронның көптеген ұсақ өсінділерін - дендриттер, ал ұзын бір
ғана өсіндісін – аксон (нейрит) деп атайды. Аксонның сыртын миелин қабығы
қаптап тұрады. Ол әрбір 1,5-2 см сайын үзіліп, Ранвье белдеуіне айналады.
Орталық жүйке жүйесінде нейрондарды қосымша клеткалар – глиялар қоршаған.
Нйрондар мен глиялар жүйке ұлпасын құрайды. Глиялар жүйке клеткаларының
тірегі болып, оны қоректендіреді және электр изоляторы қызметін атқарады.
Нейрондар бір-бірімен өсінділер арқылы байланысып, синапстарды (грекше
“synapsis” - байланыс) түзеді. Синапста бір нейронның аксоны екінші
нейронның дендритімен байланысады. Синапс екі бөлімнен тұрады: пресинапстық
және постсинапстық. Пресинапстық бөлімнің пресинапстық мембранасы бар, ол
аксонның жуандаған ұшы – синапс түймешесінің қабығы. Синапс түймешесінің
іші синапстық көбікке толы болады. Бұл көбік медиатор деп аталатын белсенді
химиялық заттан тұрады. Қозуды қабылдайтын дендриттің қабығын постсинапстық
мембрана деп атайды. Пресинапстық және постсинапстық мембраналардың
арасында синапс аралығы болады. Ол – клектааралық сұйыққа толы кеңістік.
Әр нейронның денесіндегі синапстардың саны 100, тіпті бірнеше мыңға
дейін болуы мүмкін. Синапстардың екі түрі бар: қоздырушы және тежеуші.
Адамның миы нәтижелі еңбек еткен сайын оның синапстары көп болады.
Сондықтан жаңа туған нәрестелерде синапстар аз болып, ержеткен сайын көбейе
түсіп, ересек адамдарда көп болады.
Жүйкелер мен жүйке талшықтары. Сырты қабықпен қапталған жүйке
жасушаларының өсінділерін жүйке талшықтары деп атайды. Жүйке талшықтары 2
түрлі болады: миелинді және миелинсіз.
Миелинсіз жүйке талшықтарының бойымен қозу үздіксіз жүріп отырады, ал
миелинді жүйке талшықтарының бойымен бір Ранвье белдеуінен екіншісіне
секіріп өтіп, қозудың қозғалысы жылдамдайды. Жүйке талшығы арқылы қозудың
өтуі жүйке талшықтарының диаметріне де байланысты. Жүйке талшықтарын
диаментріне байланысты 3 топқа бөледі: А, В, С.
А тобының талшықтарының диаметрі 22 мк, миелин қабығы болады, қозудың
жүру жылдамдығы секундына 120 м.
В тобының талшықтарының диаметрі 3 мк-ға дейін, миелин қабығы болады,
қозудың жүру жылдамдығы секундына 5 м.
С тобының талшықтарының диаметрі 1 мк-ға дейін, миелин қабығы болмайды,
қозудың жүру жылдамдығы секундына 2 м.
Балалрдың денесінде С тобының талшықтары көбірек болады. Бірақ бала
өскен сайын жүйке талшықтары жуандап орталық жүйке жүйесінде де және шеткі
жүйке жүйесінде де қозуды өткізу жылдамдығы артады.
Жүйке талшықтары организмде топтасып дәнекер ұлпадан тұратын қабықпен
қапталып жүйкелерге айналады. Бір жүйкенің құрамында қозуды орталыққа
жеткізетін (афференттік) және қозуды орталықтан жұмысшы мүшеге әкелетін
(эфференттік) талшықтар болады.

Орталық және шеткі жүйке жүйелерінің құрылысы, қызметі және дамуы.
Адамның жүйке жүйесі орталық және шеткі жүйке жүйесі болып бөлінеді.
Орталық жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұрады. Жұлын омыртқа өзегінде
орналасқан, ұзындығы ересек адамдарда жарты метрге жуық, салмағы 37-38 г.
Жұлынның жоғарғы ұшы сопақша мимен жалғасады да, төменгі ұшы шашақтанып І
және ІІ бел омыртқа тұсында бітеді.
Адамның жұлыны 31-33 сегменттен тұрады: 8 мойын, 12 арқа, 5 бел, 5
сегізкөз және 1-3 құймшақ бөлімдері. Әр сегменттен қос-қостан шыққан жүйке
түйіндері екі жұлын жүйкелеріне айналады (орталыққа тебетін немесе сезгіш
және орталықтан тебетін немесе қозғаушы жүйкелер). Жалпы жұлыннан 31 жұп
жүйке тарайды. Жұлын жүйкелері жұлын өзегінен шығып (І жұптан басқасы)
дененің терісін, аяқ-қолдарын, дене тұлғасының бұлшықеттерін
жүйкелендіреді. Әрбір бөлім өзіне тән жерлерін жүйкелендіреді.
Жұлын екі түрлі қызмет атқарады: өткізгіштік және рефлекторлық (тізе
рефлексі, зәр шығару эякуляция, жыныс мүшесінің эрекциясы).
Жұлын 10 жасқа келгенде екі есе ұзарады. Оның өсуі алғашқы жылы
қарқынды жүреді де, 4-6 жасқа келгенде жұлынның дамуы аяқталуға жақын
қалады. Дегенмен оның толық жетілуі 20 жасқа жуықтағанда аяқталады.
Ми. Ми ми сауытында орналасқан. Мидан 12 жұп нерв тарайды: І-иіс, ІІ-
көру, ІІІ- көз қимылдатқыш, ІҮ- шығыршық, Ү-үшкіл (үш тарамды), ҮІ- бет
бұру, ҮІІ- бет, ҮІІІ-дыбыс, ІХ-тілжұтқыншақ, Х- кезеген, ХІ-қосымша, ХІІ-
тіласты жүйкелері.
Жаңа туған сәбидің миының салмағы орта есеппен 360-390г, ересек
адамдарда 1400-1450г. Мидың толық жетілуі 17-20 жаста байқалады. Адамның
ақыл-ойы миының салмағымымен тікелей байланысты емес. Дегенмен мидың
физиологиялық қалыпты қызмет атқару қабілеті оның салмағы 900 грамнан
төмендегенде және 2100 грамнан асқанда бұзылады.
Мидың бөлімдері: сопақша ми, Вароли көпірі, мишық, ортаңғы ми, аралық
ми, үлкен ми сыңарлары.
Сопақша ми - жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Ол екі түрлі қызмет
атқарады: өткізгіштік және рефлекторлық. Сопақша мида тыныс алу,
қанайналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей шығару, қарын
және қарынасты безінің сөлдерін бөлу орталығы және ІХ-ХІІ жұп нервтерінің
ядролары орналасқан.
Вароли көпірі – сопақша мидың үстінде орналасқан. Көпірден Ү, ҮІ жұп
нервтері және көпір мен сопқша мидың арасынан ҮІІ- ҮІІІ жұп нерв тармақтары
шығады.
Мишық сопақша мидың артқы жағында орналсақан. Мишықта дененің қимыл-
әрекеттерін, тепе-теңдікті сақтау мен бұлшықеттердің тонусын реттейтін
орталықтар орналасқан. Мишықтың толық дамып жетілуі 7-8 жаста аяқталады.
Ортаңғы ми вароли көпірінің үстінде орналасқан. Мұнда сұр заттар 4
төбешік түрінде шоғырланған: көзді қозғаушы және шығыршық жүйкелерінің,
қызыл және қара субстанцияларының ядролары бар. 4 төбешіктің алдыңғыларында
алғашқы көру орталықтары, артқы төбешіктерінде алғашқы есту орталықтары
орналасқан. Қызыл ядро бұлшықет тонусын реттейді. Қара субстанция жұтыну,
шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады.
Аралық ми ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында орналасқан. Ол 2
төмпешіктен және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус,
төмпешік асты аймағын гипоталамус деп атайды. Таламус арқылы мидың барлық
сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамуста зат алмасуын, дененің температурасын,
аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу
орталықтары бар.
Аралық мидың дамуы 13-15 жаста аяқталады.
Үлкен ми сыңарлары (ми жарты шаралары). Мидың барлық салмағының 80%-ын
үлкен ми сыңарлары алып жатыр. Онда 17 млрд жүйке жасушалары бар.
Құрылысы жағынан ми сыңарлары бір-бірімен сүйелді дене арқылы жалғасқан
екі жарты шардан тұрады. Әрбір жарты шар 5 бөлімнен тұрады: маңдай,
орталық, төбе, шүйде және самай.
Үлкен ми сыңарларының сұр заты сыртында орналасқан. Ол ми қыртысы деп
аталады, оның қалыңдығы 2-4 мм.
Қыртысты қабаттың астыңғы жағындағы ақ затты сырты миелин қабығымен
қапталған нейрондардың аксондары құрайды. Олар ассоциативті, коммисуральді
және проекционды талшықтар деп бөлінеді.
Ассоциативті талшықтар әр жарты шардың жеке бөліктерін байланыстырады.
Комиссуральды талшықтар екі жарты шардың симметриялы бөліктерін
байланыстырады. Проекционды талшықтар жарты шардан тыс шығып кетеді.
Нейрондардың пішініне қарай ми қыртысы 7 қабаттан тұрады:
1. Молекулярлық қабат – ең үстіңгі қабат, ол ұсақ нейрондардан тұрады.
2. Сыртқы түйіршікті қабат. Нейрондардың пішіні дән тәрізді.
3. Сыртқы пирамидалы қабат. Нейрондардың пішіні пирамида тәрізді,
мөлшері әртүрлі.
4. Ішкі түйіршікті қабат.
5. Ганглиозды қабат. Ірі пирамдалы Бец жасушаларынан тұрады.
6. Полиморфты (көп пішінді) қабат. Нейрондардың пішіні әртүрлі.
7. Бұл қабат жіп тәрізді өте ұзын нейрондардан тұрады.

Ми жарты шарлары екі үлкен қызмет атқарады:
1. Организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамның
мінез-құлқы, ойлау қабілеті, санасы, ақыл-ойы – бұлардың бәрі жоғары жүйке
әрекеттері;
2. Организмнің қызметін бір-бірімен байланыстыру, ішкі мүшеледрің
қызметтерін қажетті жағдайға қалыптастыру. Бұлар төменгі дәрежелі жүйке
әрекеттері.
Бұдан бір ғасырдай бұрын ми жарты шарларының қызметі бірдей еместігі
анықталған. Мидың сол жағындағы сөйлеу орталығы зақымданса, адам сөйлей
алмай қалатынын Брок дәлелдеген.

Ми сыңарларының қызметі
Сол жақ жарты шар Оң жақ жарты шар
Сөйлеу, түсіну, ойлау, Есту, сөзсіз іс-қимыл,
тану, уақытты аңғару, кеңістікті қабылдау,
ұқсастықты байқау, болжау,заттарды тұтас түрінде
бағдарлау, тұжырымдау, қабылдау, олардың
жоспарлау функциялық ұқсастықтарын
байқау, заттардың
алыс-жақындығын байқау.

Ми қыртысындағы қозуды әрекет потенциалы ретінде жазып алуға болады.
Оны жазып алатын аспапты электроэнцефалограф дейді, ал жазылып алынған
биопотенциалдың қисық сызығын электроэнцефалограмма (ЭЭГ) деп атайды.
ЭЭГ-ның негізгі бес түрлі ырғағын бөледі: альфа, бета, гамма, дельта
және тета ырғақтары.
Альфа ырғағы – тыныштық ырғақ, жиілігі секундына 8-13 рет. Бұл ырғақ
адам жатқанда, тыныш отырғанда (көзін жұмып) байқалады. Ол ми қыртысының
желке және төбе тұстарынан жақсы жазылынып алынады.
Бета ырғағы - әрекет ырғағы, жиілігі секундына 14-30 рет. Бұл ырғақ
адам ой ойлағанда (мысалы, есеп шығарғанда) ми қыртысының маңдай және төбе
бөлімдерінен жақсы жазылады.
Гамма ырғағы қатты қозу кезінде (мысалы, қуаныш, реніш, қатты
ойланғанда) пайда болатын ең жиі ырғақ (орта есеппен 40гЦ.
Дельта ырғағы ең баяу, ұйықтағанда пайда болады, жиілігі орта шамамен
25 гЦ).
Тета ырғағы – жиілігі секундына 4-8 рет шала ұйқыда жатқанда жазылатын
потенциал ырғағы (5 гЦ).
Ми сыңарларының дамуы. 1 жастағы баланың маңдай бөлімі нашар дамыған,
оның сайлары мен қатпарлары ұсақ, таяз. Ми қыртысының қызметі нашар, қыртыс
асты бөлімін бақылауы төмен дәрежеде, жұлынға ықпалы аз болғандықтан
баланың ретсіз қимылдары көп болады.
4-6 жас аралығында баланың сезім және қозғалыс аймақтары қалыптасады.
Функциялық жетілуі төмендеу болғандықтан жүйке орталықтарының тежелуі –
нашар, қозуы – тез жайылады, бала тез қозады, әсіресе ойнағанда жаман
ұйықтайды, ұйықтап жатқанда мазасызданады.
7-13 жаста ми қыртысының үшінші қабатындағы пирамида тәрізді клеткалары
қалыптаспаған, байланыс бөлімдерінің нейрондары миелинденіп болмағандықтан
ойлау қабілеті, санасы әлі толық жетілмеген. Қозуы тежелуден басымырақ.
Сондықтан баланың зейіні 7-8 жаста 15-20 мин, 8-10 жаста 20-25 минуттай
ғана. Бастауыш сынып оқушылары тез қозады, үзіліс кезінде түрлі ойындардан
кейін ұзаққа дейін тыныштала алмайды.
13-18 жас арасында ми қыртысының үшінші қабаты толық қалыптасып
үлгереді. Баланың белсенді зейіні 30-40 минөттей болады. 17-18 жаста
баланың ми қыртысының құрылымдық дамуы аяқталады, бірақ қызметінің дамуы
одан әрі қарай жалғасады.
Шеткі жүйке жүйесі. Шеткі жүйке жүйесі ми мен жұлыннан шығып бүкіл
мүшелерге, олардың ұлпаларына, жасушаларына тараған нейрондар мен жүйке
талшықтарынан тұрады. Шеткі жүйке жүйесі соматикалық және вегетативтік
жүйке жүйелеріне бөлінеді.
Соматикалық жүйке жүйесі организмнің сыртқы мүшелерін және қаңқа
бұлшықеттерін жүйкелендіреді. Соматикалық жүйке жүйесінің орталықтары
жұлынның барлық сегментерінде, мидың барлық бөлімдерінде (аралық мидан
басқасында) орналасқан.
Вегетативтік жүйке жүйесі барлық ішкі мүшелерді, қантамырларды, жүректі
жүйкелендіреді. Вегетативтік жүйке жүйесінің орталықтары ми бағанасында,
жұлынның көкірек, бел және сегізкөз бөлімдерінде орналасқан. Вегетативтік
жүйке жүйесі симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйелерінен тұрады.
Симпатикалық және парасимпатикалық жүйке жүйелері орталық және шеткі
(перифериялық) бөлімдерден тұрады.
Симпатикалық жүйке жүйесінің орталықтары жұлынның І-көкірек
омыртқасымен ІІІ-бел омыртқасының арасында орналасқан. Перифериялық бөлімі
симпатикалық шекара бағанасы мен түйіндерінен, жүйкелер мен жүйке
өрімдерінен тұрады.
Симпатикалық шекара бағанасы мойын, көкірек, бел және сегізкөз
бөліктеріне бөлінеді.
Мойын бөлігі 3 түйіннен тұрады: жоғарғы, ортаңғы және төменгі. Ең
жоғарғы түйінінен ми сауытының ішіне қан тамырлары мен көздің қарашығын
қозғайтын еттерді жүйкелендіретін күре тамыры жүйкесі кетеді. Мойын
бөлігінің түйіндерінің үшеуінен де жүрек жүйкелері тарайды.
Көкірек бөлігі 10-12 түйіннен тұрады. Бұл бөліктердің жүйкелері көкірек
қуысындағы мүшелер мен қан тамырларды жүйкелендіреді, мұнда үлкен және кіші
құрсақ жүйкелері басталады. Олар диафрагмадан құрсақ қуысына өтіп, құрсақ
қуысындағы мүшелер мен қан тамырларды жүйкелендіреді.
Сегізкөз бөлігі 4-5 түйіннен тұрады. Олар жамбас қуысындағы мүшелер мен
қан тамырларды жүйкелендіреді.
Парасимпатикалық бөлімнің орталығы сопақша мида, ми көпірінде және
жұлынның сегізкөз бөлімінде орналасқан. Ми бөлімдерінен басталатын бұл
бөлімнің жүйке талшықтары көзді қозғаушы, бет, тіл-жұтқыншақ және кезеген
жүйкелердің құрамынан шығып өздері таралатын мүшелердің маңында немесе
тікелей мүшелердің ішінде ганглиялар түзеді.
Вегетативтік жүйке жүйесінің екі бөлімінің мүшелерге әсер етуі көбіне
бір-біріне қарама-қарсы өзгерістер арқылы байқалады.

Симпатикалық және парасимпатикалық бөлімдердің
ішкі мүшелерге әсері

№ Мүшелер Симпатикалық Парасимпатикалы
бөлімнің әсеріқ бөлімнің
әсері
1 Көз қарашығы Ұлғаяды Кішірейеді
2 Артерия Тарылады Әсер етпейді
қантамырлары
3 Жүрек Соғуы жиілейдіСоғуы баяулайды
4 Бронхылар Кеңейеді Тарылады
5 Ішек Жиырылуы Жиырылуы
баяулайды жиілейді
6 Сілекей Сөл бөліну Сөл бөліну
бездері азаяды көбейеді
7 Тер бездері Тер бөліну Әсер етпейді
күшейеді
8 Бауыр Өт бөліну Өт бөліну
азаяды көбейеді
9 Қандағы қант Көбейеді Азаяды
мөлшері

Жүйке жүйесіндегі қозу мен тежелу. Қозу мен тежелу екуі де нейрондардың
белсенді қызмет қабілеті. Қозу мен тежелудің пайда болуы нейрондарда жүріп
жатқан зат алмасуының өзгеруіне байланысты.
1862 жылы И.М.Сеченов орталық жүйке жүйесіндегі тежелуді зерттей келе,
оның 2 түрлі болатынын тапқан: пресинапстық және постсинапстық тежелу.
Пресинапстық тежелу кезінде қозу импульстерін өткізетін аксонның
тармағына басқа нейронның аксонының арнайы тежегіш синапстық ұшы келеді де
нерв импульстерін жібермейтін медиатор бөледі.
Постсинапстық тежелу орталық жүйке жүйесінде арнайы тежегіш
нейрондардың болуына байланысты. Тежегіш нейрондардың синапстық ұшындағы
тежеуші медиатордың әсеріне байланысты постсинапстық мембранада әрекет
потенциалының пайда болуына кедергі жасалады да, тежелу туады.
Орталық жүйке жүйесіндегі жүйке орталықтарының қызметі. Орталық жүйке
жүйесі синапстар арқылы бір-бірімен байланысқан жүйке жасушаларының
жинағынан құралған. Мұндай нейрондар жинағынан белгілі бір мүшелердің
қызметін реттеуге бейімделген нейрондар тобын байқауға болады. Ондай
нейрондар тобын жүйке орталықтары деп атайды.
Жүйке орталықтарының бірнеше қасиеті бар: жүйке орталықтары өзінің
қызметін жағдайға байланысты өзгерте алады., орталық жүйке жүйесінің
синапстарына сәйкес жүйке орталықтарында қозу бір бағытта ғана қозғалады,
қозу тежеледі, мүшелердің қызметі үйлестіріледі.
Көптеген мүшелердің қызметін біріктіріп, байланыстырып, сыртқы ортаның
әсеріне бейімделуін орталық жүйке жүйесінде организмнің қызметін үйлестіру
немесе координациялауы дейді. Орталық жүйке жүйесінің рефлекторлы
реакцияларды үйлестіру қозу мен тежелудің бір-бірімен байланысына және
олардың қасиеттеріне негізделген иррадация, индукция, доминанта,
концентрациялау және конвергенцияның қатысуымен іске асады.
Орталық жүйке жүйесіндегі бір жүйке орталығында пайда болған қозу мен
тежелудің көрші орталықтарға таралуын иррадациялану дейді. Қозу мен
тежелудің жайылуы жүйке талшықтарының миелин қабығының қалыңдығына
байланысты. Жаңа туған нәрестелерде миелин қабығы өте жұқа, тіпті болмайды.
Сондықтан қозу мен тежелу өте тез тарйды. Жүйке талшықтарының миелинденуі 5-
10 жасқа дейін созылады. Қозу мен тежелудің таралуы тітіркендіргіштің
күшіне да байланысты. Қозу мен тежелудің жайылуы балаларда күштірек.
Мысалы, қызық ойыншық көргенде баланың аузы ашылып қалады, қуанып секіре
бастайды, мәз болып күледі, яғни бірнеше орталықтардың қызметі пайда
болады.
Жүйке орталықтарында қозу тежелуге және керісінше тежелу қозуға жылдам
ауысады. Сонымен қатар, бір жүйке орталығының қозуына байланысты екінші
қозу орталығы тежеледі немесе керісінше тежелгенде екінші қозу орталығы
күшейеді. Мұны қозу мен тежелудің индукциясы деп атайды.
Бірнеше жүйке орталығындағы қозу мен тежелу бір орталыққа жинақталады.
Мұны қозу мен тежелудің жинақталуы дейді. Жинақталу таралуға қарама-қарсы
құбылыс. Балаларда ол нашар болады.
Жүйке орталықтарының негізгі қасиеттерінің бірі – доминанта. Оның
негізін ең алғаш А.А.Ухтомский ұсынған. Оның қозу мен тежелудің доминантасы
(лат. доминанта - басым) туралы ілімі бойынша жүйке жүйесінің қызметінде
бір жүйке орталығының қозуы басқаларынан басымырақ болады да, басқа
орталықтардың қызметін өзіне бағындырады. Мысалы, “2” алып жылап отырған
баланы жұбатса, оның жылауы үдей түседі. Балаларда басымдылық оңай және
жеңіл пайда болады. Сондықтан баланың зейіні тұрақсыз болады. Егер бала
жұмыстың бір түрімен ұзақ шұғылданса, оның басым орталығы шаршап белсенді
зейіні төмендейді. Сондықтан мұғалімдер балалардың сабаққа зейініне көңіл
бөліп, еңбектің түрін ауыстырып отыру керек.
Жүйкелік орталық байланыстың молдылығынан бір жүйке жасушасына жүйке
жүйесінің бірнеше жерінен нерв импульстері келуі мүмкін. Әртүрлі талшықтар
арқылы келген қозулардың ұшырасуын конвергенция деп атайды. Мысалы, дыбыс,
көру, тері рецепторларынан келген қозулар бір нейронда түйісуі мүмкін.
Жүйке жүйесінің үйлестіру қабілеті 18-20 жаста толық қалыптасады.

4-тақырып. Жоғары жүйке әрекеті, жүйке
жүйесінің гигиенасы

Жоғары жүйке әрекетіне ми сыңарлары мен оның қыртысының қызметі жатады.
Жоғары дәрежедегі қызметтер: ес, сана, ойлау, көңіл-күй, ұйқы, түс көру.
Адамның мінез-құлқы мен мидың арасындағы байланысты ең алғаш Платон,
Гиппократ секілді алдыңғы қатарлы ғалымдар болжап айтқан болатын. Ал,
психикалық әрекеттердің рефлекторлы табиғатына орыстың ғалымы физиолог
И.М.Сеченов Ми рефлекстері (1863 ж.) деген еңбегінде ғылыми түрде түсінік
берген. И.М.Сеченовтың бұл ілімін экспериментальды түрде дәлелдеген және
дамытқан орыс ғалымы И.П.Павлов. Ол жоғары жүйке әрекетін шартты рефлекстер
тудыру арқылы зерттеп, адам мен жануарлардың психологиясының заңдылықтарын
алғаш рет түсіндірген.
Рефлекс және оның түрлері. Рефлекс деп сыртқы ортаның
тітіркендіргіштерінің әсеріне жүйке жүйесінің қатысуымен берген жауабын
айтады. Рефлекс кезінде қозудың жүретін жолын рефлекторлық доға деп атйды.
Рефлекторлық доға бірнеше бөлімдерден тұрады:
1. Сезгіш бөлім. Мұнда орналасқан сезгіш рецепторлар тітіркендіргіштің
әсерін қабылдауынан қозу туады.
2. Афференттік жол рецепторларда пайда болған қозуды орталық жүйке
жүйесіне тасиды.
3. Жүйке орталығы. Орталық жүйке жүйесінде орналасқан, белгілі бір
қызмет атқаруға бейімделген нейрондар тобы орталыққа келген қозуды талдап
орталық жүйке жүйесінің жауабын тудырады.
4. Эфференттік жол орталық жүйке жүйесінде пайда болған жауап қозуды
эффекторға (жұмысшы мүшеге) әкеледі.
5. Эффектор орталықтан келген қозуға байланысты қызмет атқарады.
6. Эффектордың рецепторлық құрылымы. Жұмысшы мүше қызмет атқарғанда ол
мүшенің биохимиялық және электрлік өзгерістері пайда болады. Осы
өзгерістерді мүшеде орналасқан рецепторлар қабылдап, мүшенің жағдайына
байланысты оларда қозу пайда болады.
7. Эффектордың эфференттік жолы. Эффектордың рецепторында пайда болған
қозуды сол мүшенің афференттік жүйке талшығы қайтадан орталық жүйке
жүйесіне апарады. Мұндағы жүйке орталығы келген қозуды талдап, жұмысшы
мүшенің қызметін тоқтатып немесе қажеттігіне қарай жалғастыратын жауап қозу
пайда болады.
Рефлекторлық доғаның қозу жүретін жолдарын екіге бөледі: тура және кері
байланыс жолы деп. Рефлекторлық доғадағы сезім мүшесінде пайда болған қозу
орталыққа барып, одан жауап келген жол тура байланыс жолы деп аталады. Ал
жұмысшы мүшенің сезгіш рецепторында пайда болған қозудың қайтадан орталыққа
барған жолын кері байланыс жолы деп атайды.
И.П.Павлов барлық рефлекстерді шартты және шартсыз рефлекстер деп екіге
бөлді.
Шартты және шартсыз рефлекстердің айырмашылығы
Шартсыз рефлекс Шартты рефлекс
1 Туа пайда болған 1. Жүре пайда болған
2. Тұқым қуалайды 2. Тұқым қуаламайды
3. Рефлекторлық доғасы 3. Рефлекторлық доғасы ми
жүйке жүйесінің төменгі сыңарларының қыртысында
дәрежедегі жұлын, сопақша қалыптасады.
ми секілді бөлімдері
арқылы қалыптасады
4. Шартсыз рефлекс 4. Қажет
қалыптасу үшін қосымша
жағдайлар қажет емес

Шартты рефлекстің пайда болуына қажетті жағдайлар:
- әсер етуші шартты және шартсыз тітіркендіргіштер қажет;
- шартты тітіркендіргіштердің әсері шартсыз тітіркендіргіштердің
әсерінен сәл бұрын басталып (15-20 сек), олар біраз уақыт әсер ету керек;
- тітіркендіргіштер тұрақты ретпен әсер ету керек;
- аталған жағдайлар ұзақ уақыт қайталану қажет;
-шартты тітіркендіргіштердің шартсыз тітіркендіргіштен әлсіздеу болуы;
- ми қыртысының қызметі дұрыс болу керек.
Балаларда шартты рефлекстерді тудыру үшін 3 жасқа дейін шартты әсер
ретінде баланың жақсы көретін тамағын немесе ойыншығын қолданады. Мысалы
баланы жүргізіп үйреткенде кәмпит немесе ойыншықты көрсетіп шақырады да
бала тәй-тәй басып келгенде бере қояды. Кейіннен кәмпитті алуға ұмтылған
бала аяғын тезірек басуға ұмтылады.
Сөз әсеріне шартты рефлекс тудыру үшін 3 жасқа дейінгі балаларда
негізінен 3 жағдайды сақтау керек. Сонда бала тез, уақытында сөйлеп
үйренеді:
1. Үйретіп отырған сөздің мағынасына байланысты бейненің болуы. Мысалы,
әке деген сөзді үйрету үшін әке деп айтып отырып, әкесін көрсету керек.
2. Сөзді айтушы болу керек және алғаш кезде ол тұрақты кісі, айталық
шешесі болуы тиіс.
3. Бала сөздің мағынасына байланысты затты дұрыс көріп тұру керек.
Шартты рефлекстердің түрлері. Шартты рефлекстер рецепторлардың
тітіркенуіне және пайда болатын қызметіне байланысты, қозу мен тежелуге
байланысты бірнеше түрге бөлінеді.
Тітіркенетін рецепторларына байланысты төмендегідей бөлінеді:
1. Экстрорецепті шартты рефлекстер шартты тітіркендіргіштер сыртқы
сезім мүшелеріне әсер еткенде пайда болады: көзге, құлаққа, иіс және дәм
сезу мүшелеріне, тері рецепторына.
2. Проприорецепті шартты рефлекстер қаңқа бұлшықеттерін
тітіркендіргенде пайда болады.
3. Интерорецепті шартты рефлекстер ішкі мүшелерді тітіркендіргенде
пайда болады.
Туатын қызметтің түріне қарай шартты рефлексті екіге бөледі: қимыл-
қозғалыс және вегетативтік шартты рефлекстер.
Рефлексті тудыратын қозу мен тежелудің кезеңдеріне қарай шартты
рефлекстерді оң және теріс немесе жағымды және жағымсыз деп бөледі.
Уақытша нервтік байланыс. Шартты тітіркендіргіш әсер еткенде ми
қыртысының тітіркендіргішке сәйкес орталығында қозу пайда болады. Мысалы,
көзге әсер етсе – көру орталығы, дыбыс әсер етсе - есту орталығы. Шартсыз
тітіркендіргіштің әсерінен оған сәйкес орталықта екінші қозу ошағы пайда
болады. Организм үшін маңызды әсерді шартсыз тітіркендіргіш ретінде
алғандықтан екінші орталықтағы қозу ошағы біріншіге қарағанда күштірек
болады. Сондықтан бірінші қозу ошағындағы нерв импульстері екінші орталыққа
тартылады да екеуінің арасында байланыс пайда болады. Шартсыз
тітіркендіргіш неғұрлым күшті болса, соғұрлым екінші орталықтың қозуы күшті
болып шартты рефлекс тез туады. Шартты рефлекстің пайда болуының негізі –
ми қыртысындағы нерв орталықтарының арасында уақытша нервтік байланыстың
пайда болуы.
Шартты рефлекстердің тежелуі. Тежелу 2 түрлі болады: сыртқы немесе
шартсыз және ішкі немесе шартты тежелу.
Сыртқы тежелу туа пайда болады. Ол шартты рефлекторлы түрде пайда
болған кезде сыртқы ортаның күшті немесе ұзақ әсер ететін басқа
тітіркендіргішіне байланысты байқалады. Мысалы, мұғалімнің айтқанын ұқыпты
тыңдап отырған бала, кенеттен даладан шыққан қатты дауысты естісімен
мұғалімді тыңдамай, дереу терезеге қарайды. Мұнда ми қыртысында пайда
болған жаңа қозу ошағы шартты рефлекторлы түрде болған қозу ошағын тежейді.
Шартты немесе ішкі тежелу пайда болған шартты рефлекстердің жағдайы
өзгергенде туады.
Ми қыртысының талдау және талқылау қызметтері. Динамикалы стереотип.
Сыртқы және ішкі ортаның көптеген тітіркендіргіштерінің әсерінен
биологиялық маңыздыларын таңдап алу үшін олар мида талданады.
Талдау арқылы организм өзіне қажетті, тиімді әсерлерді бөліп алып,
ажыратады. Ми қыртысы әсер ететін тітіркендіргіштерді жіктеп талдайды.
Таңдалған әсерлерге дұрыс жауап қайтару үшін ми қыртысында олар қайта
жинақталып қорытылады, талқыланады. Мұны ми қыртысындағы талқылау дейді.
Өте күрделі талдау мен талқылаудың үлгісі ретінде динамикалы
стереотипті алуға болады. Динамикалы стереотип деп адам мен жануарлардың ми
қыртысында ұзақ мерзім тұрақты ретпен әсер еткен топты тітіркендіргіштердің
біртұтас шартты рефлекторлы әрекетті тудыратын қабілетін айтады.

Жоғары жүйке әрекетінің топтары
Әр адамның жүйке жүйесінің тұқым қуалаған жеке қасиеттері мен өмірден
алған тәжірибесін, сыртқы ортадан алған мағлұматын, мінез-құлықтарын жүйке
әрекетінің топтары деп жинақтайды.
И.П.Павлов жануарлардың жоғары жүйке әрекетінің топтарын ми
қыртысындағы қозу мен тежелудің негізгі 3 қасиетіне байланысты 4 топқа
бөледі. Ол қасиеттер: қозу мен тежелудің күші, теңдігі, алмасуы.
Қозу мен тежелудің күші деп ми қыртысындағы олардың өту дәрежесін
айтады. Қозу мен тежелудің теңдігі деп олардың бір-біріне қатынасын айтады.
Қозу мен тежелудің алмасуы деп олардың бір-біріне алмасу жылдамдығын
айтады. Олардың алмасуы ширақ немесе баяу болуы мүмкін.
Қозу мен тежелудің осы қасиеттеріне қарай И.П.Павлов жануарларда жоғары
жүйке әрекетінің 4 тобын ажыратады:
1. Күшті, ұстамсыз, қозуы тежелуден басым топ.
2. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы жылдам топ.
3. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы баяу топ.
4. Әлсіз топ. Ми қыртысының нерв клеткаларының қызмет қабілеті төмен,
қозуы нашар дамыған, тежелуі басым.
Гиппократ денедегі 4 түрлі сұйықтықтың өзара қатынасына байланысты
адамның темпераментін 4 топқа бөлген. Олар холерик (грек. холе- сары өт),
сангвиник (сангвине - қан), флегматик (флегма – кілегей, шырын), меланхолик
(мелайне холе – қара өт).
И.П.Павлов өзінің ашқан жоғары жүйке әрекеттерінің 4 тобын дәрігер грек
ғалымы Гиппократтың айтқан 4 темпераментіне сәйкес деп есептеген:
1. Күшті, ұстамсыз, қозуы тежелуден басым топ – холерик.
2. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы жылдам топ – сангвиник.
3. Күшті, қозуы мен тежелуі тең, алмасуы баяу топ – флегматик.
4. Әлсіз топ – меланхолик.
Аталған 4 топтың аралас түрлері жиі кездеседі.
1-ші және 2-ші сигнал жүйелері мен олардың дамуы. Адам баласының ми
қыртысының жануарлардың ми қыртысынан айырмашылығы бар. Жануарлар мен
адамдар үшін нақтылы әсерді және көз, құлақ т.б. организмнің сезгіш
рецепторлары арқылы келетін сыртқы ортаның көріністерін талдау мен талқылау
екеуінде де бар ортақ қасиет. И.П. Павлов сыртқы ортаның табиғи әсерін
сигналдар деп атады. Сол сигналдарды қабылдайтын мүшелер жүйесін 1-ші
сигнал жүйесі деп атады. Ал сол сигналдардың сөзбен белгісін сигналдың
сигналы деп атады. Сигналдың сигналын қабылдауға қатысатын мүшелер
жүйесін және сөйлеуге, сөзге байланысты ойлау қабілеттерін 2-ші сигнал
жүйесі деп атады. 2-ші сигнал жүйесі адамдарға ғана тән.
1-ші сигнал жүйесі жаңа туған нәрестеде бірнеше күннен кейін
қалыптасады. 7-10 күндері алғашқы шартты рефлекстері қалыптаса бастайды. Ал
2-ші сигнал жүйесінің даму белгілері 6 айдан пайда бола бастайды.
И.П.Павлов сигнал жүйесіне байланысты адамдардың жоғары жүйке әрекетін
3 топқа бөлді:
1. Көркем суретті топқа жататын адамдарда 1-ші сигнал жүйесі 2-ші
сигнал жүйесінен басым.
2. Ойлы немесе саналы топтағы адамдардың 2-ші сигнал жүйесі 1-ші сигнал
жүйесінен басым.
3. Орташа немесе аралас топтағы адамдарда екі сигнал жүйесі де бірдей
шамада дамыған.
Екі сиганл жүйесінің арасындағы мәліметтердің берілуі бойынша
И.П.Павлов адамдардың 4 тобын ажыратты:
1. Мәлімет 1-ші сигнал жүйеден 2-ге, 2-ші сигнал жүйесінен 1-ге жеңіл
өтеді.
2. Мәлімет 1-ші сигнал жүйеден 2-ге, 2-ші сигнал жүйесінен 1-ге қиын
өтеді.
3. 1-ші сигнал жүйеден 2-ге мәлімет бөгеліп өтеді.
4. 2-ші сигнал жүйеден 1-ге мәлімет бөгеліп өтеді.
Жоғары жүйке әрекетінің топтарының балаларда қалыптасуы. Баланың мінез
құлқының қалыптасуына екі сигнал жүйесінің даму дәрежесі, жоғары жүйке
әрекетінің топтары әсер етеді.
Баланың темпераменті мен мінез-құлықтарының қалыптасуы екі түрлі әсерге
байланысты:
1. Ата-анасынан тұқым қуалап ауысатын қозу мен тежелудің ми
қыртысындағы генотиптік қасиеті.
2. Сыртқы ортаның әсерінен (үйдегі тәрбиесі, дос-жолдастарының ықпалы,
әлеуметтік қоғам орындарының ықпалы) болатын фентоиптік қасиеттер.
Н.Н.Красногорский балалардың ми қыртысындағы қозуы мен тежелуін зерттей
келе, олардың жоғары жүйке әрекетін 4 топқа бөлді:
1. Қозуы мен тежелуі күшті, тең, алмасуы жылдам топтың шартты
рефлекстері тез пайда болып оңай тежеледі, пайда болған рефлекстері ұзақ,
жақсы сақталады. Бұл топтағы балалардың тілі жатық, сөз қоры мол, мінезі
ұстамды.
2. Қозуы мен тежелуі күшті, тең, алмасуы баяу топтың шартты рефлекстері
бірнеше рет қайталағанда пайда болады, бірақ пайда болған рефлекстері ұзақ,
жақсы сақталады. Бұл топтағы балалар ерте бірақ баяу сөйлейді. Мінезі - өте
шыдамды.
3. Күшті қозғыш ұстамсыз топтағы балалардың шартты рефлекстері өте
жылдам пайда болғанымен тез жойылып отырады. Мінезі - ұстамсыз, шыдамсыз.
4. Әлсіз топтағы балалардың шартты рефлекстері ұзақ көп қайталағаннан
кейін өте баяу туады. Ондай балалар жаңа жағдайға ұзақ бейімделеді. Мінезі
жасқаншақтау, тез шаршағыш келеді.

Эмоция және оның себептері
Эмоция немесе көңіл-күй латын тілінде эмовере – қобалжу, қозу деген
мағынаны білдіреді.
Эмоция дегеніміз адамның сыртқы ортаның жағдайына деген сезімін
білдіріп, белгілі бір тітіркендіргіштің әсеріне берген жауабы.
Эмоцияның 3 құрамы бар:
1. Ішкі сезім.
2. Сыртқы көрінісі.
3. Соңғы нәтиже.
Эмоцияны жағымды немесе жағымсыз деп екіге бөледі.
Жаңа туған сәбидің эмоция жағдайы ыңғайсыз болғанда жылау, терісінің
қызаруы арқылы білінеді. 7-11 жастағы балалар психикалық эмоцияның барлық
түрлерінің белгілерін көрсете бастайды. 12-16 жаста эмоцияның барлық
түрлері толық қалыптасады.

Ұйқы, оның физиологиялық негіздері мен жас ерекшеліктері
Ұйқы адам организмінің қалыпты қызмет атқаруы мен тірлігін сақтауға
қажетті жағдай. Ұйқы кезінде сыртқы ортамен байланыс нашарлайды, денедегі
зат алмасу, бұлшықеттердің тонусы, асқорыту, жүрек-қантамырлар мен тынысалу
жүйелерінің қызметі төмендейді.
Ұзақ уақыт ұйқы кемігенде адамның еңбек қабілеті, есте сақтау қабілеті,
ойлау қабілеттері төмендеп, нашарлап кетеді. Адам тәуліктің 13 ұйқыға
жібереді.
Ұйқыны азайтуға, әсіресе балаларда болмайды. Жаңа туған сәби алғашқы
күндері тәулігіне 21 сағаттай ұйықтайды. 1 жаста – 14 сағ., 4 жаста – 12
сағ, 7-жаста 10,5-11, 10 жаста – 10-10,5 сағ, 11-13 жаста – 9-9,5 сағ, 14-
17 жаста – 8-9 сағ, ересек адамдар 7-8 сағ ұйықтайды.
Бала мезгілінде дұрыс ұйықтау үшін жатар алдында ауыр тамақ ішпеуі
тиіс. Ауыр тамақты жатардан 2-3 сағат бұрын қабылдап, жатарда жеңіл тамақ
ішу керек. Баланың төсегі жайлы, бөлмесінің ауасы таза, температурасы 20-
220С болғанда ұйқысы дұрыс болады.

Ес. Бала есінің дамуы
Ес физиологиялық тұрғыдан қарағанда 3 бөліктен тұрады: ақпаратты
қабылдау, оны сақтау және мезгілінде қайтадан жаңғырту. Еске сақтау
әдістеріне қарай ес: механикалық және саналы, ерікті және еріксіз деп
бөлінеді.
Мәліметті сақтау мерзіміне қарай ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді ес
деп бөлінеді.
Қысқа мерзімді ес балада 3-4 айдан кейін іске қосылады. Баланың жасы
ұлғайған сайын еске сақтау мерзімі артады: 2 жаста бірнеше айға, 4 жаста
бір жылдан аса, 5 жаста өмір бойына еске сақтай алады.
7 жасқа дейін еріксіз еске сақтау қабілеті, одан әрі қарай ерікті еске
айналады. Ер балалардың есі 10 жастан бастап, ал қыз балаларда 11-14 жаста
жақсы дамиды Адамның есі 20-25 жасқа дейін қалыптасып дамиды.

5-тақырып. Сенсорлық жүйелер. Сезім мүшелерінің гигиенасы.
Анализаторлардың маңызы, жалпы құрылысы, ортақ қасиеттері.
Әр түрлі сыртқы және ішкі тітіркенгіштерді қабылдайтын және оларды
талдап жауап қайтаратын сезгіш жүйкелер жүйесін – сенсорлық жүйе немесе
анализаторлар (талдағыштар) деп атайды. Әрбір анализатордың 3 бөлімін
ажыратады:
1. Рецепторлық бөлім – сезгіш рецепторлардан тұрады. Олар
тітіркендіргіштің әсерін қабылдап, қозуға айналдырады.
2. Өткізгіш бөлім рецепторда пайда болған қозуды сезім мүшелерінен
шығып, ми қыртыстарына таситын сезгіш жүйкелерден тұрады.
3. Талдағыштың қыртыс бөлімін ми сыңарларының қыртысында орналасқан
сезім орталықтары құрады.
Талдағыштардың ортақ қасиеттері:
1. Талдағыштардың рецепторлары өзіне ғана тән тітіркендіргіштердің
әсерін қабылдайды. Ондай тітіркендіргіштерді адекватты тітіркендіргіш деп
атайды. Көру талдағышы үшін жарық сәулелері, есту талдағышына дыбыс
толқындары т.с.с сай келеді.
2. Талдағыштардың рецепторлары тітіркендіргіштердің күші өзгергенде
тітіркендіргіштердің жаңа күшіне тез бейімделеді. Мысалы, жарық бөлмеден
қараңғыға кіргенде, алғашқы кезде ештеңе көрінбегенімен біраздан соң заттар
көріне бастайды. Осы сияқты, бөлмеге кіріп келгенде әтірдің иісі
сезілгенімен, біраздан соң сезілмей кетеді.
3. Талдағыштар бір-бірімен байланысты қызмет атқарады. Сондықтан
бірінің қызметі күшейгенде, екіншісінің қызметі төмендейді және керісінше.
Мысалы, бар зейінімен сабаққа дайындалып, кітап оқып отырған оқушы
маңайындағы бөгде дыбыстарды естігенімен мағынасын түсінбейді.
4. Бір талдағыштың қызметі бұзылғанда қалғандары оның қызметін
бөліседі. Мысалы, соқыр адам көзі көрмегенімен басқа сезім мүшелері жақсы
дамиды.
5. Талдағыштардың рецепторларының сезімталдығын жаттықтыру арқылы не
күшейтіп, не төмендетуге болады.
Талдағыштар әр түрлі қашықтықта орналасқан заттардың бейнесін
қабылдауына байланысты оларды екі топқа бөледі: дистантты, яғни сезім
мүшесінен белгілі бір қашықтықта орналасқан заттардың әсерін сезу (көру,
есту, иіс сезу талдағыштары) және контакты, яғни сезім мүшесіне жанасқан
затты сезетін (дәм сезу, тері талдағыштары) талдағыштар.

Көру талдағышы
Көз аламасы шар пішінді. Оның алдыңғы және артқы полюстерін ажыратады.
Көз алмасының орталық бөлігін - ядро деп атайды, оның сыртын 3 түрлі қабық
қаптап тұрады.
Көз аламасының сыртқы қабығын - фиброзды қабық деп атайды. Оның алдыңғы
дөңестеліп келген бөлігі – қасаң қабық, артқы көп бөлігі – склера деп
аталады. Бұл қабықта қантамырлар болмайды. Көз алмасының ортаңғы қабығы –
қантамырлар қабығы деп аталады. Оның алдыңғы бөлігі – нұрлы қабық, ортаңғы
бөлігі - кірпікті дене, ал артқы бөлігі – нағыз тамырлы қабық деп аталады.
Нұрлы қабықтың ортасындағы тесік көз қарашығы деп аталады.
Көз алмасының ішкі қабығы – торлы қабық деп аталады. Онда колба тәрізді
және таяқша пішінді жарық сезгіш клеткалар орналасқан. Таяқша пішінді
клеткалар қараңғылықты сезеді, ал колба тәрізді клеткалар күндізгі жарықты
сезіп, заттың түсін ажыратады.
Көз алмасының нұрлы қабығының артқы жағында қос дөңесті линза пішінді
көз бұршағы (хрусталик) орналасқан. Оның артқы жағын толығымен шыны тәрізді
дене толтырып жатады.
Көздің қасаң қабығы мен нұрлы қабығының арасын - көздің алдыңғы қуысы,
нұрлы қабық пен көз бұршағының арасын -көздің артқы қуысы деп атайды. Бұл
қуыстарда аздаған сұйықтық болады.
Көздің қосымша мүшелеріне – 6 көзді қозғаушы бұлшықеттер (оның төртеуі
түзу, екеуі қиғаш), терілі қабақтар, жас бездері, кірпіктер жатады. Жас
бездері - көздің сыртқы бұрышының үстіңгі жағында орналасқан. Оның өзегі
көздің ішкі бұрышына барып ашылады. Одан бөлінетін ылғал көз алмасының
қасаң қабығын үнемі ылғалдап тұрады.
Көздің өткізгіш бөлімі көз алмасының торлы қабығынан басталады да, көру
жүйкелері арқылы ортаңғы мидың жоғарғы екі төмпешігіне барады. ... жалғасы
Ұқсас жұмыстар
Балалар және жасөспірімдердің өсуі мен дамуының жалпы заңдылықтары
Жас физиологиясы мен мектеп гигиенасы. Балалардың өсуі мен дамуының негізгі заңдылықтары
Гормондар – организмнің өсуі мен дамуының реттеушілері
Денсаулық – адам организмінің қалыпты формасы
Ғалам дамуының фракталдық заңдылықтары
Балалар және жасөспірімдердің өсуі мен дамуының жалпы заңдылықтары. Тұқым қуалаушылық және ортаның ролі
Денсаулық – адам организмінің қалыпты жағдайы
Денсаулық – адам организмінің қалыпты жағдайлары
Әлем халқының ұдайы өсуі. Халықтың өсу заңдылықтары
Жемісті өсімдіктердің өсуі және жеміс салудың заңдылықтары
Пәндер

Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор №1 болып табылады.

Байланыс

Qazaqstan
Phone: 777 614 50 20
WhatsApp: 777 614 50 20
Email: info@stud.kz
Көмек / Помощь
Арайлым
Біз міндетті түрде жауап береміз!
Мы обязательно ответим!
Жіберу / Отправить

Рахмет!
Хабарлама жіберілді. / Сообщение отправлено.

Email: info@stud.kz

Phone: 777 614 50 20
Жабу / Закрыть

Көмек / Помощь