Ақан сері өмірі мен шығармашылығы


Ақан сері өмірі мен шығармасы туралы әр тұста әркімдер жазып, бірін бірі толықтырумен келеді. Ақынның өмірінен көрі шығармаларының (ақындық және композиторлық) ғылыми зерттелуі қырық жылдың бойында недәуір кең қамтылып, терең тексеріле бастады, әдебиет тарихына қосылған тың олжаға айналды. Бұрынырақта басылған ұлтшыл-байшыл әдебиетшілердің еңбектеріндегі Ақан шығармаларына және оның өміріне байланысты теріс болжаулар мен бұрмалаулардан советтік әдебиетшілер Ақанды тазартты; асыл Ақанды феодалдар ақыны деп жариялаған, әсіре солақайлар пікірі де қазір ғылым санағына қосылмайды. Бұл жағынан біздің әдебиетші ғалымдарымыз Есмағамбет Ысмаилов («Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы 2-санында «Ақан сері» атты көлемді мақала бастырған), Ахмет Жұбанов (композиторлар туралы 1942 жылы шығарған кітабында), Қажым Жұмалиев (Қазақ әдебиеті) оқу құралы ІІ бөлім, 1940 жылы шыққан), Айқын Нұрқатов («Қазақ әдебиетінің тарихы» ІІ том, 1961 жылы шыққан), тағы басқа әдебиетшілер көп еңбек сіңірді.
Бірақ Ақанның өмірі жайындағы білігіміз 20 жылдардағы алғашқы қысқа мәліметтерден байыған жоқ, барлық зерттеушілердің өмірбаянында айтарлығы белгілі бір схемадан шықпайтын, жұқа сүрлеу ғана болып келді. Осы бәрімізге мәлім қысқа схема бойынша: біз Ақанның 1843 жылы туып, 1913 жылы өлгенін, алғашқы оқыған Көнтеу деген мұғалімімен он үш жасында ұрсысып оқымай кеткенін, серілік жолына түскенін айтамыз, ашық болған қыздарының аттарын атаймыз. Құлагердей жүйрігі, «Қара торғай», «Көкжендеттей» құстары, құмай тазысы болғанын айтамыз. Осының бәрін әркім өзінше әсемдеп, жан бітіріп әңгімелеуге тырысатын, бірақ сол Ақанның өзін көрген, әйтпесе Ақанмен бірге болғандармен сөйлесуден жазылған, кепілдікке жарайтын материалдар жоқ. Сондықтан кейбір жолдастар «Ақан сопылыққа ұрынған» дейтін, жалған, тарихи фактілерге сүйенбеген, логикасыз пікірлерді де растап келді. Мінеки Ақан өмірі туралы бүгінге дейін білетіндеріміз осы шамада ғана.
Ақан өмірінің осы кезге дейін дерексіз сипатталуына, аз ғана фактілердің айналасында ғана сөз болуына әдебиетшілеріміз айыпты емес. Соңында архивы, күнделіктері, жазысқан хаттары замандастарының естеліктері қалмаған ақын жайы мұндай қиындықтарға ұшырамауы мүмкін емес.
Осындай тұста Ақанды көзімен көрген, Ақан замандастарының бірсыпырасымен сырлас болған (әсіресе Ақанның 50 жасынан өлгеніне дейінгі өмірін өте жақсы білетін) Хамит Тілеубайұлы сияқты әрі білгір, әрі сауатты қарияның табылуы өте қуаныш. Хамит қарияның Ақан туралы жазған бірінші естелігін («Жұлдыздың» 1962 жылғы 7 санында жарияланған) Ақанның осы жинағына қоса бастық. Осы шағын естеліктің өзінде Ақан тірілгендей, өз тұстары, өз ортасымен қайта бір көрінгендей сезіледі: бірде сөйлеген сөзін, салған әнін естісек, бірде түр-сипатын, киген киімдеріне дейін көріп қаламыз. Ақан қуанса қуанған, ардагер жүйрігіне шадыман көзбен сүйсіне қараған халыққа да араласқандай боламыз, түп-түгел қонымды, түп-түгел сенімді.
Бізге 81 жасында келіп табысқан, Ақан туралы толып жатқан тың хабарлар әкелген Хамит ақсақалымыз маған тапсырған қара дәптерінде Ақанның өмірі туралы бірсыпыра қызықты әңгімелер айтқан. Мен әрі ақын, әрі композитор Ақан серінің өмірі жөнінде бұрынғы схемаларды қайталай отырып, көптеген жерде Хамит Тілеубайұлының куәліктеріне, оның өз қолымен жазған қара дәптеріне сүйенемін. Сонымен Ақан серінің өмір тарихы төрт аяғынан тік басады, барлық жетіспесі жетіледі, әбден толығады деуден аулақпыз. Бірақ Хамит ақсақалдың Ақанды бұрынғыдан молырақ тануымызға көмектесетінін кемітуге де болмайды.
І
Ақанның туған жері осы күнгі Көкшетау облысы, Айыртау ауданындағы Қоскөл деген жер. Бұл әсем Айыртау мен Бурабай тізбегіндегі аса бір көркем қоныстардың бірі. Қарағай мен ақ қайың шоғыр-шоғыр, ойдым-ойдым жарыса біткен, көлдері көлдеріне, таулары тауларына тізгін тастаған жасыл өлкеде 1843 жылы Ақан туыпты, орманы әнші, желі күйші дала жарық дүниенің жаңа қожасындай айқайлай туған нәрестені қуанышпен қарсы алыпты. Көлімен тербетіп, жерімен желпіпті, кеудесіне күй құйыпты, аузына жыр салыпты. Сол Ақанның руы Арғын ішіндегі Қарауыл, бесінші атасы Құдайқұл деген кісі де ақын, әнші болған кісі көрінеді. «Құдайқұл қасына он жігіт ертіп ел қыдырып жүріп Қанжығалы жұртына барыпты, - дейді Хамит қария. - Онда бір бай қызын ұзатайын деп жатыр екен, сол тойда Құдайқұл ау-жар айтады, көп қыздың ішінде Кенжебике деген қызға көзі түсіп ұнатады да, өлеңмен көңілін білдіреді. Жарамды жігітті Кенжебикесінің ұнатқанын білген соң қыз атасы да қуана ырзалық береді. Кенжебикеден Сапақ, Бекназар, Жаназар деген кісілер туған. Ақанның әкесі Қорамса осы Кенжебикенің кіші ұлы Жаназардың баласы. Қорамса да ерте піскен, үйлене сала әкесінен енші алған, өз алдына ауыл болған, Боқан өзегі деген жерге (қазіргі Комаровка деген поселкенің орны) қоныстанған кісі. Қорамса епті жігіт болып, жастайынан саудаға араласқан, тез байи бастағандардың бірі болыпты. Кең ащы мен екі арада Көлденең-Қаратал деген жерде сентябрь айында Ақан туыпты. Сол жер әлі «Ақан туған» деп аталады» - дейді Хамит ақсақал.
Молданың қойған аты Ақжігіт екен, кейін жұрт еркелетіп Ақан деп кетіпті. Ақан туыстарының үлкені Айша, інілері: Мұқамбет, Рамазан, Айберген. 13 жасына дейін әке қарамағынан шықпаған, Көнтеу деген молда әмірін екі етпеген Ақан өз аулында ескіше сабақ оқиды. Бірақ одан әрі хат танып болған, енді дүниені өз көзімен көріп, өз бетімен бағалай бастаған Ақан молда шеңберіне сыймайды. Әкесінің рұқсат бермегеніне қарамастан Қызылжардан келген бір сәудегермен қашып кетеді. Онда барған соң Уәли ахун кісінің медіресесінде екі-үш жыл оқып білімін арттырады. Мінеки Ақан білімінің мөлшері осы тәрізді. Бұдан кейін, 16-17 жастарынан бастап ақын қолы домбыраға табысады да, аузынан ән-жыр төгіледі, шәкірт жігіттен сері жігітке айналады.
Қорамсаның баласына әуелгі атастырғаны Қарауыл Бадырақ баласы Бекбас деген кісінің сегіз ұлының ішіндегі ерке қызы Бәтима екен, бірақ әні-міні аламыз деп жүргенде ол қыз қайтыс болады. Содан кейін, бір жылдан соң, ел жайлаудан қайтарда Баян көлінің басындағы бір қызойнақта Ақан Сумат қожа деген белгілі кісінің қызымен (оның да аты Бәтима) танысып, жарасады. Осы екінші Бәтимамен Ақан он жылдай өмір сүреді, екі қыз бір ұлдың атасы болады. Ақанның үлкен қызы өлген, кіші қызын белгілі Зілғараның Дәуітбай деген баласының баласы Қамитқа ұзатқан. Ал мылқау боп туған Ибраһим дейтін ұлы (кейін Ыбан атанып кеткен) ұзақ жасаған, 3-4 баланың әкесі болған. Ыбан кейін, 1932 жылы өзінің туған жері Кең-Ащыда өлген. Сауық-серуенге бірыңғай берілген, сері атанған отты жігіттің төңірегіне кілең дарынды жастар: ақындыққа, әншілікке, палуандыққа ыңғайлы қыз-бозбала көбірек үйіріледі; дархан мінез, еркінің қалағанын істейтін, өз құрбыларын думанға, тойға, ән-күйге бастап кететін Ақанды әсіре кертартпа кәрілер, шариғатшыл дүмше молдалар сүймейді. Солардың ішінде көбірек наразылардың бірі - Ақанның өз әкесі Қорамса. Бірақ ондай қарсылықтар құйындай үйірілген Ақан тобына төтеп бере алмайды, әке дәулетінің шайқалғанымен есептеспеген сері жігіт алған бетінен таймайды. Хамит ақсақалдың айтуынша Құлагерді Ақан қарауылдың көбей деп аталатын елінің ішіндегі Шөкетай деген кісіден бір ат, бір сиыр, 25 сом алтын ақшаға сатып алған. Құлагер тұлпар атанған кезде Ақан тобы да молая, ірілене түседі. Алыс - Кіші жүздегі үлкен бір асқа Құлагерді қоса барғанда, ұзақ сапарға қадірлі Ақанда шағын топпен жібермей, қасына белгілі мықты жігіттер де қосылады. Солардың бірі Зілғараның батыр атанған Әлібегі көрінеді. Үлкен бәйгенің алдымен келген Құлагер қарақшыға екі ұдай отырған қалың жұрттың ортасынан өтпей үркіп, сырт айналып кетіпті. Құлагерге «Үркеккер» деген атақ сол жолы беріліпті. Алыстан келген аз ғана топ Арғынға бәйге бергісі келмеген жергілікті жуандар шатақ шығарыпты, «қарақшыны айналып өткен үркекке бәйге бермейміз» депті. Бірақ тегеурінді Әлібек батыр бой бермей, бәйгесін алыпты. сонымен аттары озған, бәйгелерін алған Ақан тобы елге көңілді қайтады. Жолай шадыман Ақан серіктерін әнге бөлейді, асыл сөздің қызығына батырады. Озған Құлагерді өлеңге қосады. Ақанның ақындығы мен әншілігіне ырза болған Әлібек оны сол тобымен аулына әкеледі, өз үйінде бір жұма жатқызып сыйлайды, ақырында Ақанның астына жарамды ат мінгізіп, қолына Қара торғай дейтін қыран бүркітін қондырып ұзатып салады. Сайрат дейтін төреден бір қыста тоғыз қасқыр алған Базарала дейтін құмай тазыны қымбатқа сатып алады. Осындай даңқты жүйрік пен қыран ұшырып, құмай жүгіртіп қайтқан Ақан сүйіп алған жары Бәтиманың қатты науқастанып жатқан үстінен шығады, ұзамай Бәтима қайтыс болады.
Содан кейін жыл өткен соң ауылдасы дәулетті Боқтабай деген кісінің Ақтоқты атты қызына Ақанның көңілі ауады. Үстін-үстін барып жатқан ғашықтық өлеңдер әсем қыздың да жүрегіне толқу салады. «Ақ көйлек», «Сұлу қызға», «Ақиық пен ақ түлкі» дейтін әндердің өзіне арналғанын түсінген Ақтоқты Ақан серісіне еріксіз егіледі. Жүрекке жүрек, білекке білек ұсынады. Бірақ қосыла қою оңайға соқпайды. Өйткені Ақтоқтыны айттырып қойған Шамұқан берік жердің аты-шулы бай Сүтемгеннің баласы. Сол зор күштен сескенген ойлы қыз Ақанға ақылды кеңес айтады: «Әкем жуас, әлсіз адам еді, мені қазір әкетсең барлық жаман ат, барлық ауырлық әкеме түседі ғой. Мені аясаң, ауылдан кетіп, ұзатылып бара жатқанымда алып қаш, туыстарым сөзден аман қалсын», - дейді. Сонда Ақан: «Мен алсам қыз күніңде аламын, күйеуіңнің келгенін күтпеймін», - дегенді айтады. Ақан мен Ақтоқтының жарастығын білген жұрт гуілі ілезде тарап кетеді. Бір жағынан қыздың әке-шешесі жылап еңіресе, екінші жағынан хабарланып қалған қайын жұрт сақтығы күшейеді.
Қаруланған, жасақтанған жігіттердің күзеті қалыңдайды, ауыл төңірегі күндіз, түні торуға алынады. ақырында ұзатылар күні жақындаған қыз Еркімбай деген жездесінің аулына (туған апасының күйеуі) аттандырылады. Ақтоқтының әпкесіне: «Сіңлің сыйлайтын еді. Тіліңді алдыр, Ақанды ұмытатын ет» деген сәлем айтады. Жегжатпен танысуға шыққан қыздың сапары алып қашатын Ақанға ең қолайлы жол көрінеді де, алып қашуға бел буады. Ақан өзінің інісі мен Шәкей деген жігітті қосып аттандырады: «Сендер де қыз апасының аулына барыңдар да, қайтарда солармен бірге қайтыңдар. Біз пәлен жерде 25 кісі болып тосамыз. Егер қыздар тобын қорғаушылар көбейіп кетіп алдырмастай болса үнсіз өтіңдер, ал біздің шамамыз жетердей болса, қосылып ән салыңдар да, сол беттеріңмен өте беріңдер деп, уәде байласады, өздері тосады. Бір күн жатып, келер күні кешке екі жігіттің өлеңі естіледі. Қалың ағаштың ішінде бассалған қарулы топ Ақтоқтыны пәуескеден суырып алып кете барады. Бірақ апасы мен жездесінің ақылын ұйып тыңдаған қыз айнып қалыпты. «Бізді құдай қосылуға жазбаған болар, ата, анамның ақ батасын аттағым келмейді. Аз ғана күн күліп-ойнағанымыз жетер, енді, Ақан аға, мені босат!» деп отырып алады. Ақан еріксіз көнеді. Бірнеше күннен кейін Ақтоқты ұзатылады. Ақтоқты содан кейін барған жерінде 3-4 баланың анасы атанып, 70-75 жасқа дейін өмір сүреді. Ақан Ақтоқтының алам деп жүргенде 31-32 жаста болса керек дейді Хамит ақсақал, демек бұл 1877 жылдары.
Ақанның Ұрқия деген сұлу қызға үйленгенін осы кезге дейін барлық Ақанды зерттеушілер түгел растаған. Бұл туралы қысқа ғана Есмағамбет Ысмаилов жазған үлгіде айтылады. «Ақанның көзіне Қарауылдың екінші бір асқан сұлу ақмаралы Тінәлінің Ұрқиясы түседі. Соған ғашық болып, қызды бір түнде алып қашады. Қыз үш айдан кейін қызылша шығып өледі. Ақан қайта Ақтоқтыға айналып келеді. Ақтоқты Ақаннан бойын аулақ салады, махаббатың тұрақсыз дегенді айтып, Ақанға қайтып жылы жүзбен қарамай, суық түс көрсетеді» - дейді Есмағамбет Ысмаилов (жоғарыда аталған мақаласында) . Осы пікірді басқалар да қайталайды. Ақанның Ұрқияға қалай үйленгені туралы Хамит ақсақал да әңгімелейді. Ол кісінің білігі бұл турада болмысқа көбірек ұсайтын, ойға да қонымды сияқты. әйтеуір «алып қашыпты» деген сөздер көбінесе романтикаға айналдыру, Ақанды жалғыз көрсету түрінде баяндалса, Хамит ақсақал оған реалистік сипат береді, асырмай-төкпей халыққа, қауымға байланыстыра айтады. Қария былай дейді: - Қарауыл ішінде Қожым деген ел болған. Нұрбай деген кісіден алты-жеті бала өсіп, өнген. Сол Нұрбайдың баласы Тінәлінің Ұрқия атты жақсы қызын Ноғай Қарауыл-Балташы деген кісіге құда түсіп қойған екен. Ақтоқтыдан тірідей айрылған Ақан балдырған Ұрқияға үйріле түседі де, өлеңмен хат жазады, екеуі жақсы табысып қосылуға уәделеседі. Бірақ ұзамай қыз атастырған жеріне ұзатылуға айналады да, Ақан топ жолдасымен барып Ұрқияны алып қашады. Күллі Қожым болып жиылып сөйлеседі, бітімге келейік деп алдайды, сөйтіп іштерінде Қожымның батыры атанған Тулақ бар, жабылып Ұрқияны тартып әкетеді. Сонда жол үстінде бір жақтан Ұрқия зарласа, екінші жақтан Құлагермен топ кісіні айнала шапқан Ақан аңырайды. Сонда өзі істеп алған мылтығымен Тулақ Ақанды атпаққа ыңғайланғанда, «Ақанды оққа қалай қиясың!» деген ер-азамат аттырмай ұстап қалады. Күндерден күн өтеді, бірақ Ұрқия алған бетінен танбайды. Ата-анасына, ел-жұртына: «Мені Ақаннан айырмаңдар» деп жалынады. Ақаннан айырсаңдар асылып өлемін деген соң, үлкендер келісіп, қыздың тілегін орындайды. Ұрқияны сүйген жеріне қолдарынан ұзату үшін Ақанды шақыртады. Ақан содан кейін ақсақал адам ғой деп баяғы өзін атпақ болған Тулаққа Құлагердің бәйгесінен түскен екі тай-тұяқ жамбыны сыйға тартады. Тінәлі қажы Ұрқияны той жасап өз қолынан Ақанға ұзатады. Бірақ аңсап табысқан, ерлікпен қосылған екі жардың, тең ғашықтардың біріккен өмірлері ұзаққа созылмайды. Үш айдан кейін Ұрқия науқастанып өледі. Сүйген жары, тапқан ләззаті көрген түстей өткен Ақан тағы да жалғыз қалады.
Жығылған үстіне жұдырық дегендей серінің басына үйірілген қайғы бұлты қалыңдай береді. Күзде Ұрқиясы өлген Ақанның, сол жылғы қыста Әлібектен алған қыраны Қара Торғай бір түнде тұғырында өліп шығады. Артынан он күнге жетпей қасқырға салған күшаланы жеп Базарала деп аталатын қырғи құмайы өледі, ал көктем шыға Құлагерге шауып жүрген кенже інісі Айберген 14 жасында қайтыс болады. Сүйтіп келер жазға Ақан құшағында жары жоқ, ұшыруға құсы жоқ, жүгіртуге иті жоқ күйге жетеді, ендігі сүйенері де, сүйсінері де жалғыз Құлагер болып қалады.
Сол жылы Сағынайға август айында ас беріледі деген хабар таралады. Керейдің басты адамдары қол қойып, шалғай ағайынға асқа шақыру қағаз жібереді. Шабатын аттарын, күрескер палуандарын ала келсін делінеді. Осындай қағаздың бірі Ақанның құдасы, Шөбектің Бегалысына да жетеді.
- Ақан асқа барар ма екен, Құлагерін қосар ма екен? - деген жұртқа, Бегалы: - Ақанның басындағы қайғы аз емес. Ақанның өзінен артық бола ма деген інісі Айберген қыршын кетті. Ендігі алданышы жалғыз Құлагері емес пе, оны бәйгеге қос деп қолқаламайық, өзі апарам, қосам демесе, күштемеген дұрыс, күз жақындайды, ас дүмпуі ұлғая, күшейе түседі. Ақанның да елеңі артыла береді. Осындай тұстағы мәжілісте қатар құрбылары ас туралы Ақанның ойын білгілері келеді. Сонда Ақан: «Құлагерді асқа апару оңай боп отырған жоқ, апармай қалу одан да қиын көрінеді. Асқа барарда қарағым Айберген күн бұрын қуанып, Құлагерді сипап, жанынан шықпаушы еді. Соны ойласа басым айналып кетеді деп жылайды». (Хамит ақсақалдың дәптерінен) . Осыдан әрі Ақанның Құлагерді алып асқа барған сапарын Хамит Тілеубаев ақсақал былай әңгімелейді:
- Күндер өтіп, асқа аттанар мезгіл жеткенде, Құлагерін бәйгеге әзірлеген Ақан 25 кісімен, атқа мінгізер Мөкен деген баланы алып жолға шығады. Жолай Бегалынікіне түсіп Құлагерді белдеуге байлатады. Мына топқа Ақанның туған жездесі (Айшаның күйеуі) Ералы келіп қосылады. Сонда аттанғалы жатқандарға Бегалы өз кеңесін айтады: - Асқа аттанғалы отырсыңдар ғой, жолдарың болсын. Менің сендерге айтатыным - сақ болыңдар. Құлагердің атын атамай, басқа аттың қатарында апарыңдар. Құлагер келді дегенді естісе өш адамдар зиян жасай ма деп қорқамын. Осыдан бұрын бес аста алдымен келген жүйрікке алтыншы ретте қастандық жасалуы әбден ықтимал. Құлагерді бұл жолы келген жоқ деп жасырыңдар, - деп Бегалы кеңесін бітіреді. Бір жұма жол жүрген соң Ақан да тобымен асқа жетеді, өздеріне бөлінген үйге түседі. - Көкшетаулықтар келіпті, Құлагерлерін тастап кетіпті дескен лақап ілезде тарап кетеді. Төрт күннен кейін қосылатын аттарды көрмеге, есепке қосуға шығарады, ат сейстерден өткізіледі. Сонда қатар тұрған аттардың біріне аялдамай, көзімен шолып келе жатқан Күреңбай деген сыншы кежімдеулі бұрған Құлагерге кідіреді. Алды-артына шығып көріп болған соң, Күреңбай: - Құлагер келмепті дегендері қайда. Бұрын көрмесем де айтайын, мынау Құлагердің дәл өзі ғой, - депті. «Жоқ, бұл Құлагер емес» деп, Көкшетаулықтар шу ете қалады. Бірақ оған сыншы сенбейді: - Осы ат Құлагер болмаса да, бәйгеден бірінші боп келеді, - деп өтіп кетеді.
Осының аяғы бұрынғы өзіміз білетіндей: бәйгеден аттар оралады, алдымен келе жатқан Құлагерді Батыраш, Қотыраштардың (осыдан бұрын аттары қалып, Ақаннан сөз естіген жуандар) тосқауылға қойған адамы (Хамит ақсақалдың айтуынша Бөрібай осы Құлагерді өлтірушінің аты) Құлагерді мерт етеді.
«Алдыңғы ат баран болмай, қылаң болды,
Жығылмаса Құлагер қайда деймін?!» -
деп шошынған Ақан, жайрап қалған жүйрігінің үстінен шығады, еріп барған серіктерінің иығы түсіп, көздерінен жас төгіледі.
Осылай күңіреніп отырған Ақанға Қанжығалы Саққұлақ деген адам бір саба қымыз, бір қойдың етін апартып көңіл айтыпты: - Бұл атың жаласына біз де ортақпыз, өлер жануар өлді ғой, енді елден мүше тістеген аттардың бірін мініп қайт. Атыңа қастық қылғанның сазасын құдай берсін, аттың киесі ұрсын, - дейді. Сонда Ақан оған:
- Сөзіңізге рахмет. Менің атым жай өлген жоқ, қастандықпен өлді. Бұл бір маған емес, бүкіл Атығай-Қарауылға тиген соққы. Құлагерімнің құны бір атпен емес, осы елдің бар жылқысын алсам да толмайды. Мен енді құнға таласпаймын. Сөзге таласамын. Ердің құны белгілі, әйелдің құны белгілі. Қашса құтылатын, қуса жететін аттың құнын осы кезге дейін ешкім кеспеген көрінеді. Ондай аттың құны терісін толтыра алтын төлегенде қайтар, - деп сол үшін айтқан көрінеді ғой. - бірақ маған алтын керек емес. Қастандық қылғандардың алтыны да, өздері де Құлагерімнің тұяғынан садаға кетсін, - дейді. Сөйтіп, Ақан жанындай көрген жүйрігіне жүрегінен жарып шыққан ән мен жырын арнайды. Ұзақ жолдың бойын күн қатып, түн қатып қуалай, қайғы арқалай қайтқан топтың алдында Құлагердің басын құшақтаған шерлі сері:
«Ор болып қалушы еді шапқан жерің,
Сүйсініп тұрушы еді қосқан ерің.
Атығай, Қарауылға олжа салған
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz