Балқаш өңірі


Кіріспе
Балқаш өңірі . . . Қазақстан картасында бұл аймақ сары түспен боялған. Шөл дала түсі Самолет қанатының астында көсіліп жатқан шексіз сары дала. Осынау ұлан-байтақ өлкенің көкшіл ноқаты мен Іле өзені атыруының көгілдір ирегі ғана көз кідіртеді. Алайда осы өңірмен жаяу жүріп өтсек, ерекше бір ғажайып әлемнің куәсі боламыз. Сырт көзге көріксіздеу шалынғанымен табиғат бұл қуаң аймаққа өзіндік сыйын аямай төккен. Мұнда шың-құздары таң-тамаша таулар да, тораңғылы тоғайлар да, жағалауы мақпал құммен көмкерілген тып-тымық көл шығанақтары да бар. Боз бетегенің күміс толқындары ойнаған дала көрінісінің өзі де ерекше ғажап. Бұл - Балқаш өңірі. Балқаш көлінің өзі жер ендігінің бойымен 600 километрге созылып жатыр. Батыстан оған тас-топырақты Бетпақдала шөлі жалғасады, ал солтүстіктен аласа тастақ шоқылар иектейді. Бұлардың арасын Тоқырау, Жәмші, Мойынты өзендері иректеп өтеді. Оңтүстігінен көлге Тауқұм, Сарыесік - Атырау құмды шөлейттері ұласып жатыр. Қазастанның табиғаты көркем жерұйықтарының бірі - Іле өзенінің атырауы осы тұста. Балқаш өңірі арқылы түрлі географиялық аймақтардың шекарасы өтеді. Бұл - солтүстікке ең жақын өсетін шөл дала өсімдіктері аймағы, сондай-ақ оңтүстікке ең жақын қарағайлы өңірлер. Мұнда бірегей және өте сирек өсімдіктер мен жануарлар көп, ал отызыншы жылдарда жолбарыстар мен құландар да еркін жортқан. Бұл - оңтүстікте және солтүстікте ұя салатын жыл құстары кездесетін сирек аудандардың бірі. Шөл даланың қатал тіршілік-тынысы өзінше әсем. Жаздың күні мұнда шаң-тозаңды, құмды дауылдар көтеріледі, ал қыста алай-түлей қарлы боран соғып тұрады. Жазғы ыстық 48 градусқа дейін жетеді, ал жауын мүлде жаумайды десе де болғандай. Мүмкін сол себепті де бізді шөлдегі тіршілік аталуының бәрі қызықтырып, таңдандыратын болар, сондықтан да біз ондағы өскен әр ағашқа, әр түп өсімдікке, әр гүлге қуана қарайтын болармыз. Бұлақ, көл, жаға, толқын . . . сияқты сөздер, әлбетте, құлаққа жайлы да жағымды естіледі. Мұнда бұл сөздердің мән-мағынасы ерекше маңызға ие бола түседі, өйткені көктемгі дала, Балқаш жағалауы, тап-таза тау бұлақтары мен көгілдір айдындағы ерке толқындар - табиғаттың тамаша да, талантты туындылары іспетті. Табиғатты жан-тәнімен беріле, шынайы сүйетіндер Балқаш өңірінің әсем көріністерінен көп қызық, ләззат, мол шабыт табады. Бұл өңір бағы заманнан-ақ жергілікті жыршы-әңгімеші қауымның қиялына қанат бітіріп, шабытына шырақ жаққан. Олар осынау қатал тынысты шөл даланың қайырымды өзен-көлі, жан-жануарлары мен өсімдік әлемі жайлы әдемі аңыздар құрған. Бұл аңыздардың мағыналық өзегінде көбіне табиғаттың ұйыған уыз қалпын сақтау, оған жанашырлықпен қарап, ұрпақтар игілігіне айналдыру идеясы жатты. Мұның өзі адамзат санасына шоқталған кездейсоқ түйін емес-ті, өйткені адамдар табиғат көркінің бұзылуына ежелден-ақ өздері кінәлі еді. Бірақ бұл олардың білместігінен, табиғаттың даму заңдарын түсінбегендігінен болатын. Ал қазіргі біздің, көркіне көкірек жая сүйсіне тұрып, табиғат-арудың соңғы тірі гүлін жұлатын, аққуын ататын, көзі ашық, көңілі ояу замандасымыздың қылығын қалай ұғу керек?. . Сырт көзге онша маңызды болып көріне қоймайтын осынау үйреншікті жайдың астарында біздің табиғатпен арақатынасымыз хақындағы терең ойланарлық тамырлы проблемалар жатыр. Жер бетіндегі әр қадамымызды байыппен басу қажеттігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұған келтірер мысалдар өте көп. Мұндай мысалдарды Балқаш өңірінен де алуға болар . . .
Көлді кім және қашан ашқанын дәл айту қиын, өйткені ол сонау ерте заманғы карталарда да кездеседі. Орта және Солтүстік-Шығыс Азияда, сондай-ақ Моңғолияда Балқаш туралы ертеден-ақ білетін, бірақ Россияның географиялық карталарында ол алғаш рет 1697 жылы пайда болды. “Барлық сусыз және өтуі қиын тасты далалар жерінің чертежі” деп аталатын бұл картаны орыс елшілері мен көпестерінің түсіндірулері бойынша Семен Ремезов жасаған болатын. Мұнда көл едәуір қате салынған және аты Теңіз деп аталған.
ХVII ғасырда “Теңіз” (“Тенгиз”) деген географиялық атау тұтқындағы швед офицерлері жасаған бірнеше карталарда пайда болады. Олардың ішіндегі анағұрлым белгілісі - Ф. И. Страленберг жасап, 1730 жылы Стокгольмде бастырып шығарған “Ұлы Татариядағы Россия картасы” болды. Алайда бұл картаның да дәлдігі шамалы еді, өйткені Страленберг көлді өзі көзімен көрмеген болатын. Жоңғарлар тұтқындаған тағы бір швед офицері Ренат көлді өз көзімен көріп, оның суретін бұрынғыдан дәлірек салды.
Бірақ бәрібір мұнан кейінгі жүз жыл бойына да адамдар Балқаш көлінің нақты орналасқан жерін шатастырып және ол туралы шындықтан алшақ аңыздар шығарып жүрді. Тек 1834 жылы ғана астраном Федоров алғашрет көлдің географиялық координаттарын айқындап, оның жағалауының белгілі бір бөлігін суретке түсіріп алды. Нақ осы кездерде Россияда Балқаш көлі қызыл балыққа аса бай екен деген қауесет тарады. Батыс Сібірдің генерал-губернаторы князь Горчаков бұл өңірге Сібір линиялық казак әскерінің жүз басы Асановты жібереді. Асанов көлден қызыл балық таппайды, бірақ та мұнда ол бұрын өзіне беймағлұм балық түрін - маринканы табады.
Солтүстік Балқаш өңірі алғаш рет өткен ғасырдың орта шенінде неғұрлым толығырақ сипатталады. Ал оның жан-жануарлары мен өсімдік дүниесін 1884 жылы Санкт-Петербург уиверситетінің зоологиялық музейін ұйымдастырушы А. М. Никольский тұңғыш рет жан-жақты зерттеді. Өзінің саяхатына қорытынды жасай келіп, ол былай деп жазды: “Түркістан округіндегі барлық өңірлердің ішінде табиғаты жөнінен анағұрлым белгісі - Балқаш және соған жалғас өңірлер болды. Бұл көл төңірегіндегі осы кезге дейінгі зерттеулер негізінен топографиялық жұмыстар сипатында жүргізілді. Ал осынау ұлан-байтақ Орта Азиялық бассейіннің табиғатының, әсіресе оның ихтологиялық фаунасының үлкен ғылыми маңызы бар. Саяхатшылар Шренк, Прежевальскийдің және Поляковтың бұл жақтан әкелген балықтарының басым көпшілігі тек осы Балқаш суына ғана тән жаңа балық түрлері болып шықты”. А. М. Никольскийдің Балқаш өңіріне жасаған саяхатынан бері де жүз жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде оның табиғаты көп өзгеріске түсті, сондықтан да Никольскийдің бізге қалдырған жазбаларының аса құндылығы сол, біз ол арқылы осынша уақыт ішінде табиғаттың нендей өзгеріске түскенін, қашан, қайда және не жоғалтқанымызды салыстыра аламыз. Кезінде жіберілген қателіктер қаншалық қымбатқа түскенімен, біз одан өмірлік сабақ алуға тиістіміз. Мейлі, бұл қателіктерді біз, біздің ұрпақ жібермегенімен, болашақта қайталап алмас үшін мықтап есте сақтауға міндеттіміз. Жергілікті халық мұнда табиғатпен тату тұрған, өйткені көшпелі өмірдің ғасыр бойлап қалыптасқан дағды-сабағы оларды табиғатқа толық бағынышты, кіріптар еткен. Көшпенділердің наным-сенімі, тәртібі мен әдет-ғұрпы, дағдысы ұрпақтан-ұрпаққа тарап, үлгі-дәстүр боп келген. XIX ғасырдың аяқ шенінде қазақ шаруашылығымен жете танысқан Ф. Щербина былай деп жазады: “Қазақ - өте білгір ботаник; оның бойында сан түрлі өсімдіктерді дәл түстеп танитын күрделі де жан-жақты қасиет және әр түрлікке жылдың әр мезгілінде берілетін әрбір өсімдіктің азықтық маңызын жете түсінетін керемет білгірлік бар . . . Қазақтар жалпы, өсімдіктердің сан қилы түрлерін ғана емес, сонымен қатар мал өрісіне даланың өзін де талғап, таңдап пайдалана берді . . . ”
Бұрын Балқаш өңірінде айтарлықтай шаруашылық жұмыстары жүргізілмеген. Бұл өлкенің табиғаты өзінің бастапқы қалпын толық дерлік сақтап келді. Бейне бір табиғаттың өзі осы өлкеде тек біздің ғасырымыздың басталар сәтінде ғана ашылған орасан зор табиғи қорық жасап қойғандай. Мұның өзі осы өлкенің табиғатында болып жатқан оқиғаларды обьективті түрде бағалауға мүмкіндік береді. Октябрь революциясынан кейінгі кездеңде Балқаш өңірін игеру ғылыми зерттеулерден басталады. Алдымен мұнда геологтар келді және олардың табанды зерттеу жұмыстары 1928 жылы Қоңырат мыс кен орнын ашу жөніндегі тамаша табыстарымен қорытындыланды. Балқаш қаласының бүкіл тарихы нақ осыдан бастау алған. Көлді зерттеу де осы кезден басталды. Алғашқы осындай экспедицияны 1928 жылы П. Ф. Домрачев басқарды. Экспедицияның негізгі міндеті көлдің балық шаруашылықтық маңызын анықтау болатын. Мұнымен қатар көлдің тереңдік сырлары, суының химиялық құрамы, көлдің түпкі қабаты, температуралық режимі және жануарлар әлемі зерттелді. Домрачев басқарған экспедиция көл табиғатының көптеген жаңа сырларын ашты, ал бұдан алынған ғылыми нәтижелер көлді шаруашылық мақсатта игеруге жол салды. Елуінші жылдардың аяғында көлдің гидрохимиялық ерекшеліктерін және ондағы ылғал жинау процестерін түбегейлі зерттеу жұмысын М. Н. Тарасов жүзеге асырды. Осы зерттеулердің нәтижелері бойынша Тарасов 1961 жылы “Балқаш көлінің гидрохимиясы” ашты монография шығарды. Нақ осы кездің өзінде Қапшағай су электр станциясының жобасы жасалып жатқан болатын. Ал Іле өзенінің ағысын өзгерту ісіне байланысты ғалым монографиясында жасалған көлдің өзіндік қалпы мен жағдайы жайлы болжамдар аса бағалы болып шықты.
Географиялық ғажайып құбылыс. Осы ғасырдың басында белгілі ғалым және саяхатшы Лев Семенович Берг Балқашқа ықылас қояды. Оны көлдің суы тұщы екендігі туралы көрген адамдардың әңгімесі таң қалдырды. Булану көлемі атмосфералық жауын-шашын мөлшерінен әлденеше есе асып түсетін шөл далада, қалай болған күнде де, көл суы тұзды болуға тиіс қой. 1903 жылы Л. С. Берг Балқаш көліне экспедиция ұйымдастырды.
Елдің айтқанына сенетіндей жеткілікті негіз таба алмаған Л. С. Берг өзінің жол лабороториясын теңіз суының құрамындағы хлор мөлшерін анықтайтын аспаптармен жабдықтаумен ғана шектеледі. Ал табаны жалпақ үлкен қайыққа тұщы су толтырылған көптеген бөшкелер тиеп алуды тапсырды. Олар Іле өзені бойымен төмен қарай ұзақ жүзді. Ал көлге келіп іліккенде, шыныда да, ауыз су құйылған бөшкелердің түкке де қажеті жоқ екені айқын болды. Алып шыққан зерттеу құралдары да қажетсіз болып шықты, ал тұщы судың құрамына химиялық анализ жасайтын ештеңе табылмады. Л. С. Бергтің экспедициясы қайда барса да суы тұщы бола берді . . .
Осы экспедицияның нәтижелерін қорытындылай келіп, Л. С. Берг былай деп жазды: “Балқаш айтылып жүрген басым пікірлерге қарамастан - тұщы көл болып шықты. Балқаш көлін түгел жағалап шыққан топографтар да осы пікірді қуаттайды. Бұл факт ерекше назар аударуға лайық. Құрғақ континентальдық климатты өлке, жылына 200 миллиметрге жетер-жетпес жауын-шашын бар шөл даланың кіндігінде тұрған ағынсыз тұщы көл - мұнда географиялық ғажайып бір құбылыс бар”.
Көлдің жасырын құпиясы жалғыз бұл ғана емес екен. Басқа бір зерттеушілер қазіргі су деңгейінің бұрын әлдеқайда биік болғандығын анықтады. Бұған түрлі зерттеулердің нәтижесі куә.
Географиялық атаулардың шығу тегін зерттейтін топономика деп аталатын ғылым бар. Бұған тек географтар ғана емес, сондай-ақ тарихшылар мен лингвистер де ынта қояды. Өйткені, жер атауларында белгілі бір тарихи дәуірлердің, нақты мәдени-тарихи оқиғалардың, түрлі халықтар арасындағы тілдік байланыстардың ізі бар. Сондай-ақ географиялық атаулар табиғаттың түрлі құбылыстары жайлы да көп мәлімет береді.
Балқаш көлінің атауы ұзақ та күрделі қалыптасты. Ежелгі қытайлықтар Си-Хай деп атады, түріктер мен моңғолдар өздерінің батысындағы жерлердің бәрін ақ түспен белгілеген. Олар бұл көлге Ақ теңіз деген ат берген. Жоңғарлар Балқаш-нор, ал қазақтар - Теңіз, яғни үлкен көл деп атаған.
ІХ ғасырда жасалған Орта Азияның географиялық карталарының бірінде Балқаш көлінің көлемінің үлкендігі сондай - тіпті қатар жатқан үлкен Алакөлдің өзі оған қосылып кеткен. Сол кезде кейбір ғалымдар, бұлардың ішінде Л. С. Берг те бар, Балқаш көлі бірде арнасы толып отырған деген пікірде болған.
Жаңадан туған бұл жұмбақ сыр көл зерттеуші ірі совет ғалымы Арсений Владимировия Шнитниковтың назарына ілікті. Ол мұндай табиғат құпиялары жайлы түрлі тарихи деректер мен Батыс Сібір және Қазақстан көлдерінің деңгейін бақылау нәтижелерін зерттей келіп, бұл көлдердің су деңгейі сырт көзге байқалмай, бірде жоғарылап, бірде тым төмен түсіп тұратындығын анықтады. Алайда табиғатта ешқандай құбылыс кездейсоқ болмайды, оның әр өзгерісі басқа да басы ашық себептермен тығыз байланысты. А. В. Шнитников нақ осы себептерді іздеді, іздеді де, тапты, бірақ оны көлдің өзінен емес, басқадан тапты.
Көлдер деңгейінің ауытқуы климат жағдайына байланысты болып шықты. А. В. Шнитников Балқаш көлі деңгейінің ең ұзақ ауытқу кезеңі 1800-1900 жылға тең екендігін анықтады. Бұл жаңа тұжырым, біріншіден, тарихи мағлұматтар бойынша, екіншіден, тек кәрі ағаштардың жылдық сақина белгілерінен, және үшіншіден, көл түбіне шөккен батпақ қабаттарынан көрінетін климаттың құбылу деректерімен анық сәйкес келеді. Көп ғасырға созылған бұл кезеңнің соңғы шегі ХVІ ғасырға келіп тіреледі. Сол уақыттан бері Балқаш көлінің деңгейі 7 метрге төмендеген. Көл деңгейінің ғасырлар бойғы ауытқуы 3-4 метр болған. Мұндай арнадан асу кезеңі Балқаш көлінде 1908-1910 жылдарда, су деңгейі 3, 5 метрге дейін көтерілген. 1946 жылы көл суының деңгейі күрт төмендеп кетті, ал 1961 жылы қайта көтерілді, бірақ жайылу көлемі бұрынғысынан азырақ болды. Сол кезден бастап көл деңгейі төмендей түсуде. Көлдің суы неге тұщы, осыншама климаттық күрт ауытқуларға қарамастан көлдегі жан-жануарлардың көптеген түрлері қалайша сақталып келген ?
Балқаш көлінің маңызы бір ерекшелігі сол - ол өз көлемінің өте үлкен екендігіне қарамстан тым таяз: көлдің орташа тереңдігі алты метрге жуық. Сонымен бірге оның солтүстік жағасы тік жарқабақты жағасында онша байқала қоймайды, оңтүстік құмдауыт жағасының көп жерлері құрғап қалады. Балқаш айдынында жыл сайын бір метрлік су қабаты суланып кетеді. Көл көлемінің бұлайша қысқаруы булануға кететін судың мөлшерін азайтады, сөйтіп көлге ағып қосылатын су мен буланып ұшатын судың арасындағы баланс ұдайы сақталып отырады. Мұндай құбылысты ғылымда гомеостаз деп атайды. Балқаштың тағы Ұзынарал бұғазымен екі бөлікке бөлініп жатыр. Бұғаздағы судың ағыны бір бағытта: батыстан шығысқа қарай ағады. Сондықтан да көлдің үлкен батыс бөлігі ағынды болып келеді және Іле өзені алып келетін тұздар мұнда шөкпей, шығыс бөлігіне қарай кетеді. Бірақ ең таңданарлығы, мұнда судың тым көп сортаңдануы байқалмайды. Бұл жөнінде Балқаш көлін зерттеуші, белгілі ғалым М. Н. Тарасов былай деп жазды: “ . . . өзендермен, жер асты суларымен ілесіп және атмосфералық жауын-шашын арқылы Балқаш көліне аса көп мөлшерде тез ерігіш минералды тұздар түсіп тұрады. Мысалы, өзен суларымен көлге жыл сайын 4, 07 млн. тоннаға жуық тұздар жетеді, жер асты сулары 1, 35 млн. тонна және атмосфералық жауын-шашын 0, 31 млн. тонна тұз алып келеді. Ал барлығы жылына көлге 5, 73 млн. тонна тұз сіңеді. Жыл сайын осындай мөлшерде түсіп отырған жағдайда қазіргі кездегі көлдегі еріген тұздың мөлшері - 305 млн. тонна - небары 53 жылдың ішінде ғана жиналуы мүмкін. Алайда көлдің қазіргі тұздық қоры мен жоғарыда айтылған дер есебінен иондық ағыс арқылы жиналуы мүмкін болған аз ғана уақыттың арасындағы сәйкессіздікті тек қана көлдегі тұздың ұдайы азайып отырғандығымен түсіндіруге болады. Мұндай азаю түрлерінің бірі, сөз жоқ, - көлге ерімейтін қосындалар түріндегі карбонаттардың тұнба болып түсуі . . . ” Енді көлдің батыс бөлігіне кальцит, ал шығыс бөлігіне - көбіне доломит тұнатындығы даусыз ақиқат болды. Карбонаттардың көл түбіне тұну процесінде, сондай-ақ, планктон мен жануарлар. Өйткені бұлар өзінің тіршілік қажеті үшін судан тиісті тұздарды бойына сіңіреді де, өлгенде көл түбіне шөгеді.
Міне, осымен Л. С. Бергтің “географиялық ғажайып құбылысының” сыры шешілген де сияқты көрінеді. Бірақ бұл әлі түбегейлі пікір түю жеткіліксіз. Балқаш деңгейі қайта көтерілгенде көптеген жаңа шығанақтар пайда болады. Бұл жыл сайын осылай қайталанып тұрады, анығырақ айтсақ, Іле өзендерінің суы тасып Балқашқа жеткенде осылай болып тұратын. Қазір бұл процесс күрт баяулады. Сонымен қатар қамысты қопалар да бойына көп тұз сіңіріп отырған. “Балқаш құпияларының” әлі де анықталмаған көптеген сыр-себептері болуы әбден ықтимал. Өйткені табиғаттың беймәлім сырлары шексіз ғой, бойындағы жұмбақтарын неғұрлым көбірек шешкен сайын ол бізге жаңа құпияларын соғұрлым молырақ жая түседі. Ондағы барлық тыныс-тіршілік өмірдің дами және баии түсуіне бағышталып үйлестірілген. Мәселен, Балқаш балықтарының уылдырық шашатын жерлерінің мезгіл-мезгіл құрғап қалып отыруының өзі судағы өсімдіктердің шіріп, көлдің түбін органикалық заттармен байытуына, майда балықтардың азықтық қорын молайта түсуге мүмкіндік жасайды. Міне, табиғат тіршілік тынысын осылайша қалыптастырған.
Көл жұмбақтары. Балқаш - өзіндік дара қасиеттері мол ерекше көл. Оның шөл даладағы бүкіл күрделі де қиын тыныс-тіршілігі өз бастауын Іле және Жоңғар Алатауларынан, Тарбағатайдан латын тау өзендерімен терең тамырлас, бұлар - Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу, Аягөз. Бұлардың барлығы дерлік көлге оңтүстіктен келіп құяды, ал өз арналарын 26 мың ұсақ өзендер мен бұлақтар арқылы біртіндеп толтырылады. Көлдің аумағы ондағы судың деңгейіне байланысты күрт өзгеріп тұрады, ал он бес, жиырма мың шаршы километр болады. Ал көлдегі су көлемі жүз миллиард текше метрге жақын. Бұл қазаншұңқырдың тек шығысынан ғана ұдайы ұйтқыған долы дауыл соғатын жіңішке Жоңғар қақпасы ашылды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz