Қазақстанның жоғары білім беру саласы және оны мемлекеттік реттеу жүйесінің қазіргі жағдайын талдау


Мазмұны
Кіріспе
Жұмыстың өзектілігі. Әлемдік үрдістердің дамуын талдау ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі белгілі бір дәрежеде адами капиталдың жоғары білім деңгейімен анықталатынын көрсетеді. Яғни, Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болашағы жоғары білім жүйесінің даму үрдісі мен жағдайына байланысты болады. Еліміздегі жоғары білім жүйесінің мәселелері әсіресе қазіргі таңда үлкен мәнге ие. Себебі, білім беру қызметтері нарығының дамуы жоғары дәрежеде болмайынша, экономикалық өсу мүмкін емес.
Әлемдік тәжірибеде жоғары білім және экономикалық өсуді байланыстыратын көптеген факторлар белгілі. Халықаралық зерттеулерге шолу жоғары білім жүйесінің деңгейі мен ғылым, өнімділік және мемлекеттің жалпы экономикалық дамуы арасындағы тығыз байланыс бар екенін дәлелдейді. Сонымен қатар, зерттеулер білім беруді дамытудағы инвестициялар рөлінің маңызды екенін көрсетеді, себебі экономика неғұрлым білімді болған сайын, оның тұрақтылығы да соғұрлым өседі. Экономикалық серіктестік ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жұмысқа қабілетті халықтың орта білім деңгейін бір жылға жоғарылатқан жағдайда, экономика 3-6% көтеріліп, ал экономикалық өсу қарқыны 1%-дан жоғарылайды.
Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан-2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа жолдауында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек. Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет» - деп айтқан болатын [1] . Аталған стратегияда Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру, көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу, жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту секілді шараларды жүзеге асырудың маңыздылығы көрсетілген. Осыған байланысты жоғары білім саласының қазіргі жағдайына талдау жүргізіліп және болашақта мықты білім жүйесін қалыптастыру үшін басым мақсаттар мен міндеттер анықталуы керек.
Қазақстанның Болон үдерісіне белсенді қатысуы отандық жоғары білімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажет, бірақ мемлекеттік қаржыландырудың жеткіліксіздігі, және ең бастысы ол қаражаттарды тиімді бөлу механизмінің жоқ болуы алдыға қойған мақсатқа жетуге кедергі келтіреді. Жоғары білімнің сапасын көтеру мәселесі жоғары білімді басқарудың жүйесін жетілдіруді талап етеді. Сонымен қатар, бұл мәселенің шешімін табуда мемлекеттік басқарудың тиімділігі үлкен рөл атқарады, себебі әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, нарықтық механизмдер білім беру қызметтерінің сапасын көтеруді қамтамасыз ете алмайды.
Қазіргі қалыптасқан жағдай жоғары білім саласын басқаруда жаңа тәсілдерін құрастыруды, әлемдік тәжірибені зерттеуді, жоғары білімді реформалаудың ғылыми қамтамасыз етілуін, білім саласын қаржыландырудың жаңа көздерін іздестіруді талап етеді.
Нарықтық қатынастардың даму жағдайларында жоғары білімді жетілдіру үрдісінің теориялық және методологиялық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі және қиындығы дипломдық жұмыс тақырыбының өзектілігін анықтайды.
Зерттеудің мақсаты - Қазақстан Республикасының жоғары білім жүйесін мемлекеттік басқару үдерісіне талдау жүргізу, бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін анықтау, қазіргі жағдайды саралау арқылы жоғары білім беру жүйесін реттеу механизмін жетілдіру жолдарын ұсыну.
Зерттеудің міндеті. Мақсатқа қол жеткізу үшін жұмысты жазу барысында төмендегі міндеттер қойылған:
- жоғары білім беру жүйесін мемлекеттік реттеудің теориялық және әдістемелік негіздерін анықтау;
- Қазақстанның жоғары білім беру саласы және оны мемлекеттік реттеу жүйесінің қазіргі жағдайын талдау;
- жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерін талдау;
- жаһандану жағдайында жоғары білім беру жүйесін реттеу механизмін жетілдіру жолдарын ұсыну;
- жоғары білім беру жүйесін реттеудің жетілдірілген моделін әзірлеу.
Зерттеу жұмысының объектісі - Қазақстан Республикасының жоғары білім беру орындары.
Зерттеу жұмысының пәні - нарықтық экономика жағдайында жоғары білім беруді мемлекеттік басқару жүйесінде қалыптасатын қатынастар.
Зерттеу жұмысының теориялық және методологиялық негізі. Жұмыстың теориялық негізі ретінде отандық және шетелдік ғалымдардың, сонымен қатар жоғары білім саласын мемлекеттік реттеу саласындағы мамандардың еңбектері алынды. Зерттеу барысында талдау және синтездеу, экономико-статистикалық, жүйелік, құрылымдық-деңгейлік, тарихи-логикалық және басқада жалпы ғылыми әдістер қолданылды.
Дипломды даярлау барысында ақпараттық-аналитикалық база ретінде осы бағыттағы әдебиеттермен қоса Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік-құқықтық актілері және ҚР «Білім туралы» Заңы пайдаланылды. Зерттеудің эмпирикалық негізін білім берудің мемлекеттік бағдарламалары, Білім және ғылым министрлігінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитетінің ресми мәліметтері, методологиялық және нормативтік басылымдар және сарапшылардың бағалаулары құрады.
Жұмыстың зерттелу деңгейі. Жоғары білімнің қалыптасуы туралы теориялар мен экономика дамуындағы білімнің рөлін зерттеуге үлкен үлес
қосқан шетелдік ғалымдар мен экономистер ішінде Ж. Делор, А. Мэддисон, Т. Шульц, В. Роуг, Х. Ортега-и-Гассет, В. Гумбольдты атауға болады. Қазақстанда жоғары білім саласының қазіргі жағдайы мен өзекті мәселелерін, оның бәсекеге қабілеттілігі мен даму бағыттарындағы әртүрлі аспектілерін зерттеген Қ. С. Мұхтарова, Г. Н. Сансызбаева, Г. С. Смағұлова, Л. Ж. Аширбекова, С. К. Қожаева атты ғалымдардың еңбектерін жатқызуға болады.
Зерттеудің құрылымы. Дипломдық жұмыс кіріспеден, үш бөлім, қорытынды және пайдаланылған әдебиеттер тізімдерінен тұрады.
Бірінші бөлімде жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуының теориялық негіздері, білім саласын мемлекеттік реттеудің жкономикалық механизмінің теориялық-әдістемелік негіздері мен жоғары білім беру жүйесінің дамуын реттеудің әлемдік тәжірибесі туралы мәліметтер келтірілген.
Екінші бөлімде Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласы және оны мемлекеттік реттеу жүйесінің қазіргі жағдайына, жоғары білім жүйесінің бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштеріне талдау жасалынған.
Үшінші бөлімде жаһандану жағдайында жоғары білім беру жүйесін реттеу механизмін жетілдіру, Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесі мен еңбек нарығының өзара әрекетінің тиімділігін арттыру жолдары ұсынылған.
Қорытынды бөлім диплом жұмысын жазу барысында алынған тұжырымдар мен ұсыныстарды қамтиды.
Диплом жұмысы 87 бет көлемінде баяндалып, 10 кесте және 24 суретті қамтиды.
1 Жоғары білім беру жүйесін реттеудің теориялық және әдістемелік негізі
- Жоғары білім беру жүйесінің қалыптасуы мен дамуының теориялық негіздері
Қазіргі жаңа жоғары оқу орындарындағы білім жүйесі ұзақ даму жолынан өтті. Жоғары оқу орындарының тарихы өзінің қызметінде тұрақтылық пен өзгерістерге бейімділік, сонымен қатар қоғамдағы қайта құрулар мен серпінді ілгерілеуге жәрдемдесе алатынын көрсете білген, бірнеше жүзжылдықтарды қамтиды. Университет (лат. тілінен universitas - жиынтық, қосынды) - бұл әмбебап білім беру арқылы оқыту ғана емес, сонымен қатар ғылыми зерттеулер, мәдени даму, жаңа білім салаларын енгізу шаралары іске асырылатын және әлеуметтік-мәдени саланың қызмет көрсету ортасы болып табылатын жоғары оқу орны. Университеттің мұндай ерекшеліктері оның еуропалық мәдениетте ең алғашқы даму мерзімінде, яғни XI-XII ғасырларда қалыптаса бастаған. Жоғары оқу орындарының алғашқы түп бейнелері ретінде атақты антикалық орталықтар - Пифагорейлік мектеп, Аристотель Ликейі және Птолемей құрған, өте бай кітапханасымен әйгілі, Александрийлік мусейонды атауға болады. Бұл антикалық оқу орындары әлемдік мәдениетте үлкен із қалдырды, бірақ өз уақытынан озғандықтан, олардың тек бірліктері ғана қызметін ұзақ уақыт жалғастыра алды. Мұндай жоғары оқу орындарына деген сұраныс салыстырмалы түрде кейін ғана өсе бастаған болатын. Алғаш рет университет сөзінің мағынасына толық сәйкес келетін, Болон жоғары оқу орны 1088 жылы ашылды. Жоғары оқу орнына, оның идеясы және үлгісінің нақты жүзеге асыруына деген мұқтаждық қоғам дамуының жаңа деңгейіне көшуімен байланысты.
Әлеуметтанудағы білім берудің марксистік тәсілі университеттердің пайда болуын экономикалық және саяси факторлармен, дәлірек айтқанда - ақшалай экономиканың дамуы, сауда, қалалардың өсуі, ауылшаруашылық өндірістің жетілдірілуі, халықтың тұрмыс жағдайының өсуімен байланыстырады. Бірақ, көптеген зерттеушілер бұл фактілер әрбір нақты жағдайда университеттің пайда болуына алып келмеген деген пікір ұстанып, марксистік әдісті жоққа шығаруда. Ресейлік зерттеушілердің пікірі бойынша, қоғам университеттердің қалыптасуына белсенді ықпал етті. Осылайша, профессор В. Роуг, университеттер қоғамның әртүрлі таптары жоғары оқу орнына белсенді қызығушылық таныта бастағанда пайда болған деген пікірде. Университеттік білімнің қалыптасу тарихын зерттеушілер тобы, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры В. А. Садовничпен бірге ортағасырлардағы қоғам негізінен оқымаған адамдардан құрылғанына қарамастан, сол кездің өзінде қоғамдық топтар білімді шоғырландыруға мүмкіндік беретін мекемелер қажет екенін сезіне білген, деген пікір ұстануда [2; 89б] . Әлеуметтік көзқарас тұрғысынан, латын тіліндегі «universitas» сөзінің бір мағынасы «корпорация» болып табылатыны көрнекті құбылыс. Дәлірек айтқанда, Universitas (лат., - жиынтық) ортағасырларда осылай әртүрлі серіктестіктер, көпестік гильдиялар, сауда-өнеркәсіптік цехтар аталынған. Бұл жерде, ортағасырларда кәсіби белгі бойынша адамдардың кез-келген ұйымдасуы осындай атқа ие болғандығын айта кету керек. Осыған байланысты сол кездері ашылған «еркін» мектептер universitas magistrorum et scholarum (оқытушылар және студенттер корпорациясы) деп аталатын болған. Сондықтан, жоғары оқу орындарының кәсіби «университет» атауы салыстырмалы түрде кеш, нақты айтқанда XV ғасырдың басында ғана қолданысқа енген. Ең бірінші университеттер өз кезегінде, адамдардың зияткерлік еңбегінің корпорациясы бейнесінде көрініс тапқан. Олар оқытушылар мен студенттердің ұйымы ретінде құрылып, Болоньеде студенттердің басқаруымен, ал Парижде - оқытушылардың басқаруымен жұмыс істеді. Қазіргі заманғы университеттік білім берудің астарында екі қарама-қарсы үрдіс жатыр: біреуі - білім алу және оның таралымын көбейтуді көздеу; басқасы - практикалық жоғары кәсіби дайындық алуға бағытталу. Бұл екі үрдіс университеттік білімнің негізгі екі теориясының қалыптасуына ықпал етті: либералық білім және тәжірибелік (утилитаристік) білім теориялары. Либералдық білім теориясын жақтаушылар білім беру жалпы қоғамға емес, тек жеке тұлғаның қажеттілігіне ғана бағытталуы керек деген пікірді ұстанған. Олардың қарсыластары, яғни тәжірибелік білімді қолдаушылар, қоғам үшін білімнің маңыздылығын және пайдалылығын ерекше бөліп көрсеткен. Олардың көзқарасы бойынша, білім беру жүйесі барлық қоғамға бірдей қолжетімді және маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге арқау болуы керек. Бірақ, утилитаристер бір шектен екінші шекке шығып, білім арқылы жеке тұлғаның ішкі жан дүниесінің өсетінін жоққа шығарған болатын [3; 9-13б] . Профессор В. Роуг университет ұғымының дамуындағы либералдық және утилитарлық бағыттарының мағынасын келісідей түсіндірді: бірінші үрдіс шындықты табуға бағытталған фундаменталды алғашқы шабытпен байланысты, ал екіншісі прагматикалық кәсіби дайындық алуға ұмтылыспен байланыстырылады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарының жандана түсуіне ортағасырлардағы жаңа философиялық ағымдардың пайда болып, және бір жағынан ақыл-ой және сенімді, философия және дінді бітістіруге ұмтылған, ал екінші жағынан формалды-логикалық ойлауды дамытуға ат салысқан схоластика ілімінің дамуы өз үлесін қосты. Алғашқы университеттер XII ғасырда экономикасы дамыған Батыс Еуропа (Италия, Испания, Франция) елдерінде ашылды.
Зайырлы университеттерге қарсы, шіркеу өзінің шіркеулік оқу орындарын ашып, ғылымға деген әсер ету дәрежесін сақтап қалғысы келді. Бұл оқу орындарында болашақ дін басылар, дәрігерлер және заңгерлер ілім алды. XII ғасырда шіркеу билігі астындағы епископтың өкілі - канцлермен басқарылатын Париждік университет ашылды. Бұл университеттің дербестігі өте шектеулі болды: лауазымдық тұлғаларды тағайындауға студенттер қатыстырылмады, профессорлар таңдау арқылы емес, шіркеудің қаулысы бойынша жұмысқа алынатын болған. Кейінгі уақытта Францияның, Германияның, Англияның басқа қалаларында да Париждік университеттің үлгісі бойынша жоғары оқу орындары ашыла бастады. XII ғасырда Испанияда (Саламанка, Вальядолид), Португалияда (Коимбра) және Неапольда корольдік билік күшімен қаланған және қамтамасыз етілген университет түрлері пайда болды. Ол оқу орындарында профессорларды тағайындау, емтихандардың өткізілу ережелерін бекіту, ғылыми дәрежелерді беру тәртібін король анықтаған.
Қоғамның ықпалында пайда болған университеттер өз кезегінде, оларды тудырған социумды толықтырып және байытып, еуропалық ғылым, мәдениет және білім саласына ықпалын тигізіп, оны өзгерте бастады. Алғашқы университеттер замандастарымен шынайы өмірден үзілген, зайырлы монастырь ретінде қабылданғанына қарамастан, Alma Mater еуропалықтардың қоғамдық өміріне қашанда белсенді қатысқан. Уақыт өте келе университеттер қоғам арасында танымал бола бастады, ал алғашқы факультеттердің (өнер, заң, педагогика, медицина) түлектері маңызды мемлекеттік мәселелерді шешуге ат салыса бастаған. Мәселен, олар мемлекетті басқаруға қатысып, қоғамның рухани өмірінің дамуын қамтамасыз еткен. Университеттегі діни догматиканың кең етек жайғанына қарамастан, олар ғылымдардың дамуына мүмкіндік берді, ал университет қабырғасында жүргізілген жүйелі пікірталастар түлектердің ойлау қабілетін дамытуға септігін тигізген. Ол кездегі университеттің стандартты құрылымы келесідей төрт факультеттен тұрған болатын:
Сурет 1. Ежелгі университеттердегі факультеттер құрамы
Ескерту - [3] әдебиет негізінде автормен құрастырылған
Біртіндеп білім беру саласында нақты дәстүрлер қалыптасып, олар Өркендеу дәуірінде (XV-XVI ғғ. ғылым мен өнердің қайта өркендеген дәуірі) және жаңа заманда дами бастады. Осы кезеңде Оксфорд, Кембридж секілді университеттердің ашылуы ғылымдардың тез дамуына ықпал етіп, бұл бірінші өнеркәсіптік революцияның алдын анықтаған болатын.
Х. Ортега-и-Гассет өзінің «Университет міндеті» атты жұмысында XII-XV ғасырларда университеттер Еуропаның интеллектуалды дамуындағы көшбасшы рөлін атқарғанын ерекше атап өткен. Бұл уақыт аралығында қоғамдағы маңызды саяси және идеялық әсер етуші қабілеті бар 46 университеттер ашылған. Ал XVIII ғасырдан бастап, қоғам ішінде оқу және оқыту еркіндігін қалыптастырған, еркін ғылыми зерттеу қағидасы мойындалған еді. Қоғам дамуының және ұлттық мемлекеттердің қалыптасу ықпалында бірте-бірте университеттік білім беруде ұлттық дәстүрлер қалыптаса бастап, ғылыми-педагогикалық мектептер, ғылыми дәстүрлер орын алып, орта тап үшін жоғары білім алуға деген мүмкіндіктер кеңею үстінде болды. Университеттің ерекше тәрбиелік жүйе ретінде даму тарихы, білім беру механизмі нақты тарихи жағдайлармен қалыптасатынын дәлелдейді, сонымен қатар бұл кезден бастап университеттер мәдениеттің ерекше даму үлгісі ретінде көріне бастайды.
XIX ғасырда Пруссияда Вильгельм фон Гумбольдтың реформасының ықпалы нәтижесінде идеалды, классикалық университет үлгісі пайда болды. Жаңа модельдің қалыптасуы мемлекет маңыздылығының артуымен және ұлттық талпыныстың көтерілуімен қабаттаса жүргізілген болатын. Ғалымдар мемлекеттен теңдессіз институционалды мүмкіндіктер алып, ал өз кезегінде мемлекет университтерді ұлттық мәдениетке қолдау көрсетуге, ұлттық нышандарды және азаматтардың жеке тұлға болып қалыптасуына көмектесуге шақырды. Университеттің жаңа үлгісінің негізінде оның қоғам және мәдениетке тәуелділігі жатты. Олар белгілі бір талаптар қойып, университет формасын, міндеттерін, функцияларын анықтаған [4; 149б] . Гумбольдт университетті толық академиялық еркіндікке жол беретін, университеттік автономия шарты негізінде білім және ғылымның жинақталуы жүзеге асатын, элиталық жоғары оқу орны деп түсінген. Жаңа университет кәсібилілік, мәдениет және зерттеушілік институт ретіндегі үш функцияны орындаған. Классикалық, идеалды гумбольдтық модель бірнеше онжылдықтар бойы қолданылып, XX ғасырға дейін жоғары университеттік білім беру жүйесін қалыптастырып, дамытты.
XX ғасырдың ортасында жаңа әлеуметтік-мәдени жағдай туындап, университеттік білім беру үлгісі өзгеріске ұшырай бастады. А. Вебер өзінің «Университет және тарихи жағдай» атты еңбегінде атап өткендей, жаңа заманда бой көтерген бұқаралықтандырудың жаңа көптеген мәселелерімен бірге, сол мәселелерді шешуге бағытталған жаппай жаңа ұйымдар пайда болды. Мұндай жағдайда университет, Гумбольдтың «идеалды» үлгісінен қатты ерекшеленетін, үлкен ұйымға айналады. Әлеуметтік өзгерістердің тереңдігі білім беру құрылымымен қатар, университеттердің өздерінде революциялық қайта құруларға алып келді. Университеттердің мамандандырылуы белсенді түрде басталды, ал бұл өз кезегінде «жаңа заманға тән тоқтаусыз өзгерістердің салдары» болып табылды. XX ғасырдың 40-50 жылдары кеңестік университеттік білім беру жүйесінің көтерілуі байқалады. Ғарышты зерттеу саласындағы, ядролық энергетиканы дамытудағы жетістіктер жоғары университеттік білім жүйесінің беделін көтеруге септігін тигізген болатын. Сонымен бірге, бір мезгілде Батыста университеттік біліммен қатар, университеттік емес сектордың жандана басталауы кезеңінде, жоғары білім берудің бірінші толқыны орын алды.
Қазіргі заманда университет барлық білім түрлерінің қосындысы ретінде әмбебап білім алу бойынша оқу орны болып табылады. Университет - жастар үшін барынша қолжетімді, жаңа қоғамның әлеуметтік-мәдени институты. «Университет» сөзінің мағынасының және оған баламалы жоғары оқу орындарының айырмашылығы әр елде әр түрлі түсіндірілетіндіктен, жалпы әлемдік деңгейдегі жоғары білімнің құрылымдық өзгерістерін бақылау қиынға соғады. Осыған қарамастан, ЮНЕСКО-ның білім бойынша Дүниежізілік баяндамасындағы (2000 ж. ) әлемдегі университеттердің «баламасы» деп есептелетін жоғары оқу орындарында үшінші деңгейдегі жалпы оқушылар санының көбеюі байқалуда. Осылай, дүниежүзіндегі он ең дамыған аймақтарда университет қабырғасында 66% студенттер білім алуда, ал 34% - басқа жоғары оқу орындарында оқуда. Қазіргі заманғы университет қоғамның инттелектуалды капиталын тудырады. XXI ғасырда университеттер профессор Жак Делордың пікірінше, өзінің алғашқы функциясын атқаруда, яғни мәдени даму және әмбебап құндылықтардың кепілгері ретінде көрініс табады. Басқа жағынан дәстүрлі университеттер, бүгінгі күні жоғары білім беру үлгілері және әр түрлі типтегі жаңа ұйымдармен қатаң бәсекелестікке түсуде. Соңғы кездері пайда болған виртуалды, лицензиялық, корпоративтік университеттер, басқадай жоғары мектептің институттары жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың артықшылығын пайдалана отырып, бір жағынан жоғары білім алудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, екінші жағынан басқа білім сапасының төмендеуі, артық мамандықтардың көбеюі, білім саласының коммерциялануы секілді мәселелердің туындануына алып келді. Бірақ, осыған қарамастан, дәстүрлі университеттер, әсіресе кәсіби дайындық және жоғары деңгейде ғылыми зерттеулер жүргізу саласындағы жоғары оқу орындары, барлық мемлекеттерде дерлік өз беделін сақтап тұруда. Алайда университеттер қазірдің өзінде күрделі қайта құруларға ұшырау үстінде, олардың көбі қоғамның өзгеруімен, оның постиндустриалды және ақпараттық даму сатысына ауысуына байланысты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz