Алашорданың құрылуы


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 7 бет
Таңдаулыға:   

АЛАШОРДАНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ

XX ғасырдың бас кезіндегі ұлтазаттық қозғалыс тарихының өзекті мәселелерінің бірі, әрине, «Алаш» партиясының құрылуы, оның тарихи негіздері, саяси әлеуметтік сипаты және қазақ тарихында алатын орны. Қазақ зиялылары қоғамдық сұранысты білдіре отырып, саяси партия құру әрекетін бірінші орыс революциясы жылдарында-ақ қолға алды. Бірақ белгілі объективті себептерге байланысты ол әрекеттен ештеме шыға қоймады.

Қазақ зиялылары тарапынан осы мазмұндағы әрекеттің нышандары 1913 жылы қайтадан бой көрсетті. М. Сералин бастаған «Айқап» журналы төңірегіне шоғырланған қазақ зиялылары ең өзекті қоғамдық мәселелерді талқылап, белгілі бір бағдарламалық тұжырымдарға келу үшін жалпықазақ съезін шақыру жөнінде бастама көтерді. Бірақ 1905-1907 жылдардағы бас көтеруден кейін қазақ облыстарында орнаған жандармдық тәртіп жағдайында ондай съезді өткізіп, шешімдерін іске асыру мұмкін еместігін жақсы тұсінген Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов бастаған топ жалпықазақ съезін шақыруға ұзілді-кесілді қарсы шықты.

Сонымен, қысқарта айтқанда, жалпықазақ кеңесін шақырып, онда ұлт өміріне қатысты өзекті мәселелерді қарау, саяси партия құру ісін қолға алуға қажетті алғышарттар тек 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін ғана қалыптасты.

Тұңғыш жалпықазақ съезін шақырту туралы шешім 1917 жылғы сәуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінде қабылданып, съезд оны дайындауды Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ зиялыларынан тұратын айрықша бюроға тапсырды. Міне, осы бюро облыстық қазақ съездерінің аяқталуын күтіп жүрген мезгілде Мәскеуде 1-11 мамыр аралығында бірінші Бүкілресейлік мұсылмандар съезі өтіп, оған өкіл ретінде қатынасқан бір топ қазақ зиялылары жалпықазақ съезін шақыру туралы «Қазақ» газетінде өз ұсыныстарын жариялайды. Арасында Көлбай Тоғысов, Аққағаз Досжанқызы, Ғұмар Қарашев бар бұл топсъезд 1-10 тамыз аралығында Ташкентте етсін және оған әр облыстан бір өкілден келсін деді.

Осы арада мұсылман съезі жайында мынаны айтып кеткен жөн. Мұсылмандардың Мәскеу съезі ресейлік мұсылман істерін жүргізуші «Шорай ислам» аталатын 30 адамнан тұрған орталық кеңес сайлап, оның ішінен 12 адамнан тұратын атқару комитетін құру туралы шешім қабылдайды. «Шорай исламнан» 5 орын қазақ өкілдеріне ұйғарылды. Ал «Шорай исламның» іс жұргізетін орталығы болып Петроград белгіленеді. Бұл, белгілі дәрежеде, Бүкілресейлік мұсылман халықтарының қоғамдық-саяси істерін бір орталықтан басқаруға ұмытылушылықтың көрінісі болатын.

Бұл жағдай қазақ демократиялық интеллегенциясы мен мұсылмандық қозғалыс ара жігінің ашылуына түрткі болды. Бірінші Бүкілресейлік мұсылман съезінің шешімдері мәлім бола салысымен Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсынов бастаған бір топ қазақ қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы мәлімдеме жасап, онда: « . . . Шорай исламға» сайланған қазақ ағзаларын халық тарапынан сайланған ағзалар дей алмаймыз һәм олардың қазақ атынан деп істеген істерін, сөйлеген сөздерін халықтікі демейміз деген сөздер бар еді. Мұндай мағынада мәлімдеме жасауға негіз жеткілікті болатын. Өйткені «Шорай ислам» сайлау тәртібі ешқандай да сын көтермейтін еді.

Көп ұзамай Орынбордағы жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы екінші рет мәлімдеме жасап, онда Қазан қаласында 21 шілдеде ашылатын екінші жалпымұсылман съезіне қазақ елі атынан өкілдер жібермеу туралы шешім қабылдағандарын білдірді. Мұндай шешімге негіздеме ретінде «әуелі қазақ көшін оңға бастайтын болсақ кіммен жолдас болуымыз қашпас. Өзді-өзіміз ауыз біріктірмей тұрып, дүрмекке шаба беруден пайда аз деген тұжырым келтірген еді.

Бірінші жалпықазақ съезін ұйымдастыру бюросы «Қазақтың»1917жылғы 11 маусымдағы санында арнайы мәлімдеме жасап, съезд 1 тамызда Орынборда ашылып, оған әр уезд екі кісіден өкіл жіберсін деді. Бірақ бұл аталған күн мен өкілдер саны көп ұзамай тағы да өзгеріске ұшырайды. Шілде айының алғашқы күндері Орынбордағы «Қазақ» басқармасына Петроградтағы «Шорай ислам» төрағасы А. Салихов пен сондағы қазақ өкілдері У. Танашаев, Ж. Ақбаев және Ж. Досмұхамедовтан жеделхат келіп, онда «Учредительное собрание сайлау 17 қыркүйекте болатын болды, депутаттар тізімі бір ай бұрын, яғни 17 тамызда тапсырылмақ болды. Соның үшін жалпықазақ съезін 20 шілдеден соңға қалдыру мүмкін емес, Қазанда ашылуға ұйғарылған жалпымұсылман съезінің де күні солай өзгерілді», - делінді.

Осы екі ортада Петроградтан Құрылтай жиналысына сайлау өткізуге дайындықпен бір мезгілде земство сайлауын өткізу туралы да хабар келіп жетеді. Сөйтіп, уақыт тығыз, ал істелген іс көбейе түскен еді. Солардың ішіндегі ең маңыздысы, әрине, Құрылтай жиналысына дейін халық өміріне қатысты ең өзекті мәселелерді талқыға салып, ел болып ортақ тұжырымға келу, құрылтай жиналысында сол тұжырымдарды өткізуге күш салу еді. Қалыптасқан жағдай туралы М. Дулатов «болыс басы кісі шақыру түгіл, уезд басы кісі шақырудың өзі қиындады. Айналдырған 12-13 күнде қайта хабар жетіп, шет облыстардың уездерінен 20 маусымға кісі жеткізу мүмкін емес болды. Сонан кейін бюро амалсыз әуелгі қаулысын өзгертіп, съездің күні 20 шілде болсын һәм әр облыстан областной комитет ағзаларынан екі өкіл келсін деді. Онан басқа лаж табылмады, бұрылуға, бұлтаруға болмады», - деп жазды.

Съезді ұйымдастыру бюросы «Қазақ» газетінің 24 маусым күнгі санында съездің күн тәртібіне қойылатын мәселелерге байланысты ел талқысына өз тұжырымдарын ұсынады. Тезистер түрінде баяндалған бұл мәселелердің бәрі дерлік кейін бірінші жалпықазақ съезінің күн тәртібіне енді. Бұл тезистер, белгілі дәрежеде, сол тарихи кезеңдегі қазақ демократиялық интеллегенциясының күрделі саяси мәселелерге байланысты ұстанған айқындамасынан, көзқарас деңгейінен хабар беретін еді.

Мәселен бюроның түсінігі бойынша, съезде қаралуға тиіс ең негізгі мәселе, әрине, мемлекеттік дербестік мәселесі еді. Олай болса бюро мүшелері өздері сұраған ұлттық автономия мазмұнын қалай түсінеді? Бұл сауалға біз тезистерден мынадай жауап аламыз: «Қазаққа . . . мемлекеттік автономия ма, яки уалаяттық автономия ма?. . Бұл екеуінің арасындағы айырмасы: мемлекеттік автономия болса өз государственное думасы болмақ, өзіне керек закондерді сол думасы шығармақ, ақшасын өзі жасап шығармақ, барша шаруашылық ісі темір жол, почта, телеграф сияқты істерінің бәрі де өзінде болмақ. Жер-суының билігі де өзінде болмақ. Өз алдына әскер ұстамақ; қысқасы, мемлекетке керек жабдықтарын өзі жайғастырып, өз қамын өзі жемек. Жалғыз-ақ шет мемлекеттермен арасында болатын істер жалпы мемлекет арқылы істелмек. Жалпы мемлекеттің мемлекеттік автономияда уәкілі ғана тұрмақ. Мемлекеттік автономияның бас мемлекетпен жалғасатын жері осылар ғана.

Уалаяттық автономия болса, оның өз алдында ақшасы, темір жолы, почта, телеграфы, әскері болмайды, жалпы мемлекеттік государственное думасына уәкілдерін жібереді. Өз думасы, сол жалпы Мемлекет думасында шыққан законге қайшы келместей закондерді шығаруға ықтиярлы болады. Жер-судың билігі жалпы мемлекет қолында боладың.

Бюро осылайша автономия жөнінде өз түсінігін ортаға салып «біздің қазақ автономия бола аламыз десе, осылардың бәрін қарап, ар жақ-бер жағын таразылап, тексеріп барып белгілі бір қорытындыға келуі керек деген пікірді айтады.

Съездің күн тәртібіне енгізуге ұсынылған мәселелердің бірі «қазақ саяси партиясын жасау мәселесі» болды. Бұл мәселеге байланысты бюро жасаған тұжырым мынау еді: «Ресейде осы күнде түрлі саяси партиялар бар. Олардың көздеген мақсаттары программасында жазылған. Оны білетін адамдарға мағлұм: қай партияның да болса программасы түп-түгел қазақ мақсаттарына үйлеспейді. Сондықтан біздің қазақ мақсаттарын түгел көздейтін өз алдына партия жасамайынша болмайды. Қазақ мақсаттарын теріп, программа жасап, сол мақсаттарға жету шарасын қарастыратын қазақ партиясын қалай жасау, қандай программа түзеу, қандай жол тұту оны һәм осы жалпы қазақ съезінде кеңесуіміз керек».

Саяси партия құруға байланысты айтылған бұл тұжырымның мынандай мәні бар. Біріншіден, ол тарихи деректермен толық таныс емес қайсыбір авторлардың «Алаш» партиясы шілдедегі жалпықазақ съезіне дейін-ақ қалыптаса бастады деген пікірін біржола жоққа шығарады. 1917 жылғы жалпықазақ съезіне дейін қалыптасып дамыған «Алаш партиясы емес, кейін алаштық атанған ұлттық интеллегенция басқарған ұлт-азаттық қозғалыс болатын. Ал бұл қозғалыстың бастаушы ұйытқысының саяси партияға бірігуі бірінші жалпықазақ съезінен басталғаны тарихи факті. Екіншіден, бұл айтылған тұжырым «Алаш партиясының саяси мәнін кеміту мақсатында оны ресейлік кадеттер партиясының филиалы есебінде бағалаушылар пікірінің негізсіз екендігін көрсетеді. Империялық езгідегі қазақ қоғамы жағдайында «Алаш» партия ретінде өзінің идеологиялық негізі етіп, әрине, жалпыұлттық мүддені, қазақ шындығын алуға тиіс болды. Бұл толық табиғи құбылыс және басқаша болуы мүмкін емес-тін.

Сонымен бірге съезд ұйымдастырушылары өз тұжырымдарын талқыға ұсына отырып, тек біздің айтқанымыз ғана оң деген ойдан аулақ еді. Олар «съезд бюросы жоғарыдағы айтылған мәселелер турасында съезге доклад етпекші, бірақ жалғыз бюроның докладына қарап тұрмай, әр облыс, әр уезден келетін өкілдер де барша көрсетілген мәселелер турасында елдің пікірін білдіргендей докладтар жасап келтірулері керек» деп қорытып, шынайы демократия принциптерін ұсынатындықтарын көрсетті.

Бюро сондай-ақ съезге өкілдер шақыруда да осы принципті ұстанды. «Еуропа жұртында съезге келген өкілдер, - деп жазды олар тезистерінде, - елден шығарда елмен кеңесіп, ел болып қорытқан пікірлерді съезд кеңесіне салады. Сондықтан олардың съездері 2-3 күнде тәмәм болады. Жалпықазақ съезіне келетін өкілдер жоғарыда айтылған съезде қаралуға тиісті болған мәселелерді жерінен қорытып, съезде көптің алдына салып, бата қылдыруға дайындап алып келулері керек. Сондай-ақ олардың пікірінше, съезге «қазаққа пайдалы іс істеуді тілейтін өкілдер ғана келулері керек», ал даярлықсыз адамдардың келгенінен қазаққа келер түк пайда жоқ».

Бюро жариялаған тезистерден келтірілген бұл үзінділер жалпықазақ съездеріне тек дала аристократиясының өкілдері ғана шақырылды, жалпықазақ съездері байлар мен ұлттық буржуазияның жиналысына айналды деген пікірдің қаншалықты дәлелсіз екендігін айғақтаса керек.

Съездің ашылар қарсаңында, анығырақ айтқанда, «Қазақтың» 4-шілде күнгі санында Ә. Бекейхановтың «Қазақ депутаттары» атты мақаласы жарияланады. Ұйымдастыру бюросының атынан жазылған бұл материалда ол «осы ақыл жұрт пайдасы-ау деп» бюроның «қазақ жұртынан депутат болатын жігіттердің атын» атағанын, съезд қолдаған адамдарды бүкіл қазақ болып сайлайтындығын, депутат саны адам санына тәуелді екендігін, ал Құрылтай жиналысына екі жүз мың адамнан бір депутат сайланатындығын халыққа жан-жақты таратып түсіндіре келіп, қазақ халқының 1917 жылдың орта тұсындағы жалпы санына тән мынадай қызықты фактілерді келтіреді: «1897 жылғы есепте қазақ тілін ана тілім деген адам 4млн 84 мың еді. Бірақ жылдағы адам баласының таза есімі екі жүзге 3 адам болады. Осы есепке салса біздің 9 облыс, бір губерниядағы қазақ биыл 5 млн 400 мың болса керек. Бұлай болса, біздің жұрт бір жерде иін тіресіп отырған болса, қазақ депутаты 27 болмақ. Бұларға 13-14 кандидат сайланбақ. Сонда біздің депутатымыз 40-41 болмақ».

Ә. Бөкейханов «бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім-бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ деп көрсетіп, бюроның атынан депутаттыққа кандидат деген 43 адамның атын атап, халықтың талқысына ұсынады. Олардың арасында Ж. Ақбаев, А. Бірімжанов, Х. Досмұхамедов, Р. Мәрсеков сияқты белгілі қайраткерлерден бастап А. Кенжин, С. Сабатаев, М. Төлебаев сияқты саясатқа енді араласа бастаған жастар, Уақытша үкімет комисарлары мен қатардағы мұғалімдер, дәрігерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдері бар еді.

Қорыта айтқанда, міне, осылардың бәрі отарлық езгі мен феодалдық тоқыраудың қойнауынан енді ғана бас көтерген қазақ қоғамы үшін мәдениет пен демократияның алғашқы сабақтары болатын, ал ол сабақты бастап жүргізуші жас қазақ демократиялық интеллегенциясы еді.

Сонымен, тұңғыш жалпықазақ съезі 21-26 шілде аралығында Орынбор қаласында өтті. Съезд жұмысына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана облыстарынан және Бөкей ордасынан барлығы 20-дан астам өкіл қатынасты. Оның күн тәртібіне барлығы он төрт мәселе қойылып, олардың арасында мемлекет билеу түрі, қазақ автономиясы, қазақ облыстарындағы жер жағдайы, әскер құру, земство, әйел теңдігі және басқа мәселелер бар еді. Өкінішке қарай, бізге мәлім деректерде съездің хаттамасы сақталмаған. Соған байланысты жасалған баяндамалар мен пікір алысу барысында сөйлеген сөздер туралы бірдеме айту мүмкін емес. Біздің қолымызда бары тек съезде қабылданған қаулы ғана. Ол «Қазақтың» 1917 жылғы 31 шілде күнгі санында жарияланды. Енді қысқаша соған тоқталайық.

Съезд қабылданған қаулы бойынша, Ресей «демократиялық федеративтік парламенттік республика болып, қазақ облыстары қоныс-ұлт жігіне қарай облыстық автономия алуға тиіс болды. Демек, съезд пікірі бойынша, бұл кезде қазақ автономиясы бүтін қазақ жерлерін негізге алып емес, «қоныс-ұлт жігіне қарай жариялануға тиіс еді. Бұл арада, әрине, дүдамәл жағдайлардың көп екендігі өзінен-өзі түсінікті. Жалпы басқа да деректерді саралай отырып, қазақ демократиялық интеллегенциясын мемлекеттік автономияға байланысты көзқарасы 1917 жылдың күзіне қарай айқындала түскенін аңғаруға болады.

Сонымен бірге съезд Жетісудағы қайғылы оқиғаларға байланысты оларға шек қоюды сұрап әскери

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Күнбатыс Алашорда қайраткерлері
Алаш орда туралы ақпарат
‘‘Алаш’’ партиясы, оның бағдарламасы.
Алаш Орда құрылтайы
Алашорда автономиясы
Қазақ саяси партиясы
Алаш зиялыларына қарсылық
Қазақ облыстарының автономиясын құру
Қазақ әскери революциялық комитеті және ұлт-зиялылары
Қазақстан тарихы тарихнамасының зерделену проблемалары
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz