Махамбет – ұлт рухының айбары


Пән: Тарихи тұлғалар
Жұмыс түрі:  Курстық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 29 бет
Таңдаулыға:   

Ж о с п а р

Кіріспе

Негізгі бөлім

І тарау

Махамбет - ұлт рухының айбары

ІІ тарау

Драмалық шығармалардағы Махамбет бейнесін сомдаудағы тіл көркемдігі

Қорытынды

Кіріспе

Қай елдің, қай халықтың да дана тұлғалары, өжет ұлдары, қайсар батырлары болатыны белгілі. Біздің халқымыздың өзінің сөзін сөйлеп, сойылын соққан, өзінің кегін қуған, қарапайым халықты қасық қаны қалғанша қорғап, халық үшін жан аямай күрескен батыр ерлерінің бірі - Махамбет.

Махамбет - халқымыздың азаттығы мен бостандығын аңсаған, қазақ даласының дара тұлғасы, ержүрек ұлы. Махамбет есімінің өзі бүкіл қазақ халқы үшін қасиетті есім болып саналады. Оның атының әрбір әрпі атой салып тұрғандай болып естіледі. Махамбеттің өлеңдері телегей-теңіз тегеурінді, сөйлеген сөздері жалынды оттай, күйлері сезімнің сергек дірілін өз үні, өз тынысымен жеткізгісі келген жүрекжарды сырларының күміс құймасындай. Махамбетті алыстан жанартаудай жарқыратып көрсетіп тұрған да оның осы ерекшеліктері.

Елінің тәуелсіздігін аңсаған, жалынды жырларымен халқының көңіліне үміт, жүрегіне сәуле сыйлай білген Махамбеттің атын, тегін, сөзін өшірмеу біздің бірден-бір парымыз деп білемін. Мен өзімнің ғылыми жұмысымды жаза отырып, өжет ақын Махамбеттің драматургия саласында сомдалған бейнесіндегі тіл көркемдігінің зерттеле түсуіне аз да болса өз үлесімді қоссам деп алдыма үлкен мақсат қойып отырмын. Драматургияда сомдалған Махамбет бейнесіндегі тіл көркемдігін зерттеу мен үшін танымды, қызықты бола түсеріне нық сенімдімін.

Қазақ әдебиетінде неғұрлым жақсы дамыған екі ғылыми сала-арнаның бірі, ғасырға жуық қалыптасу тарихы бар Махамбеттану ілімінің бастау негізін Х. Досмұхамедұлы, Қ. Жұмалиев, М. Әуезов секілді ғұлама ғалымдар қалаған болатын. Олардан кейін де ержүрек Махамбет батыр туралы еңбек жазған ғалымдар қазақ жерінде аз еместігі сөзсіз Еліміздің біртуар ұлдары Ә. Кекілбаевтің «Шандоз» атты деректі тарихи баянын, А. Мамытұлының «Исатай - Махамбет» атты еңбегін, С. Тұрғынбековтың «Махамбет пен Жәңгір хан» тарихи дастанын келер ұрпаққа батыр бабамыз туралы мол мағлұмат берер құнды еңбек санауға болады.

Ә. Сарайдың «Махамбет пен Исатай тарихы» атты зерттеу кітабы - батыр бабамыз тарихын нағыз геологтарша тереңнен қопарып зерттеп, нақтылы деректерге сүйеніп, жүйе-жүйесімен өте әсерлі баяндауымен құнды. Филология ғылымдарының кандидаты А. Тәжіғалиеваның «Махамбет - ғасырлар жыры» деп аталатын зерттеу еңбегі ақынның өз дәуірінен бастап қазіргі қазақ поэзиясы өкілдерінің Махамбетке арнаған жыр-дастандарын әдеби тұрғыдан талдауымен маңызды.

Махамбет бабамыздың ержүрек бейнесін драматургия саласында сомдауға ат салысқан белгілі драматург-жазушыларымыз Ғ. Слановтың «Махамбет», Қ. М. Әлидің «Жаралы Жолбарыс», Б. Қорқытовтың «Махамбет», И. Ғайыптың «Махамбет», Р. Сейтметовтың «Туған ұлдан не пайда?», М. Ақынжановтың «Исатай - Махамбет» пьесалары өмірлік фактілерінің дәлдігі, оларды сұрыптауы, кейіпкерлерді даралауы, драматургиялық құрылысы, идеялық-эстетикалық нысанасы - жалпы маңызы жөнінен шоқтығы биік туынды деп санауға болады.

Сонымен қатар 30-жылдарда жазылған алғашқы драмалық туындылардың бірі, күрделілігімен ерекшеленетін І. Жансүгіровтің «Исатай, Махамбет» пьесасы жоғары тағылымдық-көркемдік деңгейімен, тарихи танымымен бағалы деп санаймын. Махамбет бабамыздың ержүрек бейнесін тамаша етіп жырлауда жерлесіміз Фариза ақын жырларының маңызы өте зор.

І т а р а у

Махамбет - ұлт рухының айбары

«Әрі сөзімен, әрі ісімен әлеумет қызметкері болып, сол жолға бойындағы бар қуатын сарп еткен адам - Махамбет».

Махамбет - аты аңызға, өмірі өнегеге, сөзі ұранға айналған ардақты, ойы озық, биік тұлға. «Дулығалы бас кескен, ту түбінен ту алған, жауды көріп қуанған» Махамбет батырдың рухына бас имейтін қазақ баласы жоқ.

Махамбет елін сүйген, елім деп еңіреген, халқым деп күңіренген ақын.

Махамбет! Бұл есім - өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты ат. Көзі ашық, көкірегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды.

Махамбет Өтемісұлы 1804 жылы осы күнгі Орал облысының Орда ауданында, Нарындағы Бекетай құмында туған. Туысы Беріш руынан. Әкесі Өтеміс - Ішкі Ордадағы ауқатты, ханға жақын, ықпалды адамдардың бірі. Өтемістің он ұлы болған, солардың ең үлкені Бекмағамбеттен кейінгісі Махамбет екен.

Махамбет жаратылысынан әрі батыр, әрі жырау, әрі күйші, әрі ақын болса керек. Оның арабша да, мұсылманша да, орысша да хат танитын сауаттылығы оның ерте есейіп, ой-өрісінің ерте қалыптасуына себепші болған. Еділ мен Жайық арасында, Қиғаш пен Сарыөзен суларының бойында өткен Қамбар мен Тарғын секілді батырлардың ерлігі, одан бергі Сыпыра жырау, Асан Қайғы, Қазтуған, Шалкиіз жыраулардың жырлары Махамбетке үлкен әсер етеді. Ол солардан жақсы тағылым алып өскен. Бастапқы кезде солардың жырларын жырлап, сонысымен көзге түссе, кейін өзі де жыр-толғаулар шығару дәрежесіне жетеді.

Махамбет жас кезінде хан ордасында болған. Хан ордасында жүріп, ол хандар мен сұлтандардың халықты қалай қанап отырғандығын, халыққа істеген озбыр істерін, әділетсіз қылықтарын көріп, елі үшін жаны ашиды. Содан болса керек, оның шешендігі мен ақындығын байқаған Жәңгір хан оны қанша өзіне тартқысы келіп, әрекет етсе де, ол тек ақиқат пен шындықтан аттамай, ханның әділетсіз, озбыр қылықтарының барлығын бетіне басып айтып, халық үшін ханмен ашық күреске шығады.

Мұхтар Әуезов «Соғыста батыр, сөзде от ауызды, орақ тісті» деп сипаттаған өткір ойлы, отты тілді, ержүрек Махамбет ақынымыздың өмірі мен халқы үшін жасаған елеулі еңбектерін, шешендігі мен қайсарлығын, өжеттігі мен өткірлігін, батылдығы мен батырлығын арқау ете отырып, белгілі драматург-жазушыларымыз драмалық шығармаларын тудырған. Бұл драмалық шығармалардың әрқайсысының халық өмірінен алар орны ерекше, олардың әрқайсысының тілдік көркемділігі, тіл байлығы мол, өте шебер жазылған туындылар десе де болады. Мұндай туындылар қатарына І. Жансүгіровтың «Исатай, Махамбет», Ғ. Слановтың «Махамбет», Б. Қорқытовтың «Махамбет», Қ. М Әлидің «Жаралы Жолбарыс», Р. Сейтметовтың «Туған ұлдан не пайда?», М. Ақынжановтың «Исатай, Махамбет» пьесаларын алуға болады. Бұл пьесалардың тіл көркемділігі өте бай.

Сөзімнің дәлелі ретінде, Ілияс Жансүгіров пьесасының мына бір жолдарын алуға болады:

Исатай: Махамбетім - батырым

Екі қашқын келді деп

Елден қашып кетіпсің

Қырғауылдай қорғалап

Ең қамысқа бекіпсің

Махамбет: Оларды ұстап беруге

Ханға қызмет етіпсің!

Қалдыбай: Махамбет, Құрттай қоя тұр!

Ей, Исатай, Исатай!

Ел болудан біз кеттік

Еңіреп мынау халқың тұр,

Халықты қойдай иіріп

Қарауыл мен Балқы жүр[8, 13] .

Бұл жолдарда жазушы «қырғауылдай», «қойдай» деген теңеулерді пайдалана отырып, кейіпкерлердің сөзін бейнелі түрде жеткізе білген.

Қадыр Мырза Әли «Жаралы Жолбарыс» пьесасында Махамбеттің:

Байеке сұлтан сен болып,

Сендей нар қоспақтың баласы

Маған оңаша жерде жолықсаң

Қайраңнан алған шабақтай

Қия бір соғып ас етсем,

Тамағыңа қылқаның кетер демес ем!-деген сан алуан құбылтуға толы сөздеріне Баймағамбеттің:

Қиялыммен келешекті шолам да,

Біле алмаймын сарқылам ба толам ба?

Мұны айтпаса - Махамбет пе Махамбет?!

Шыдамасам - Баймағамбет болам ба?![3, 196] -деп жауап бергізе отырып оның ержүрек ақынның шыншылдығы мен өжеттігін мойындағанын көрсетумен қатар, Махамбетті жолбарыстың жүрегіне теңетуі арқылы пьеса тілінің көркемділігін аша түседі.

Қадыр Мырза Әли осы пьесасында Махамбетті:

Қоғалы көлдер, қом сулар

Кімдерге қоныс болмаған?!

Саздауға біткен қара ағаш

Кімдерге сайғақ болмаған?![3, 228] -деп әсерлі сөйлетіп, пьеса тілінің шеберлігін дәлелдей түседі. Бұл жолдарда жазушы «қоғалы», «қом», «саздауға біткен қара» сынды эпитеттерді өте орынды қолданған.

Райымбек Сейтметов те өзінің «Туған ұлдан не пайда?» пьесасында сан түрлі құбылтуларды пайдалана отыра, пьеса тілін шебер әрі әсерлі ете білген. Айталық, Махамбеттің сарбаздары Иманбайға:

Күдеріден бау тағып,

Сауыт киер күн қайда?

Күмбір, күмбір кісінетіп

Күреңді мінер күн қайда?

Толғамалы ақ мылтық

Толғап ұстар күн қайда?!-дегізіп, Таңатарды:

Алты құлаш ақ найза

Ұсынып шашар күн қайда?

Садақ толған сайкез оқ

Созып тартар күн қайда?-деп, Махамбеттің өзін де:

Кетбұғадай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?

Бізді тапқан ананың

Асыраған атаның

Ризалықпен жайланып

Қолын алар күн қайда?![18, 277] -деп сөйлетеді.

Бұл жолдарда жазушы Махамбет пен оның жанындағы сарбаздарының сөзін айшықты етіп беру үшін әдебиеттегі құбылтулардың бір түрі қайталауды қолданған.

Сонымен қатар, Райымбек Сейтметов осы пьесасында құбылтудың басқа түрлерін қолданған. Айталық, жазушы пьесаның мына бір:

Исатай: Тағыдай таңдап су ішкен

Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,

Тағы сынды мырза едік

Тағы да келдік тар жерге.

Таңдансаң тағы болар ма?

Тәңірінің салған бұл іске.

Таңатар: Желп-желп еткен ала ту

Жиырып алар күн қайда?

Жауырынына мұз қатып,

Жалаулы найза қлға алып

Жау тоқтатар күн қайда?[18, 289] -деген жолдарында «тағыдай», «тарпаңдай», «тағы сынды» секілді теңеулер мен сөз кестелерін, қайталауды пайдаланған, аллитерацияны да шебер қолдана білген. Және бұл пьеса кейіпкерлерінің сөз өрімін құбылтып, әсерін күшейте түскен.

Иә, Махамбет тек шындықты сөйлеген, шындықты айтудан ешкімнен сескенбеген қайсар жан десек қателеспейміз. Қадыр Мырза Әлидің «Жаралы Жолбарыс» пьесасындағы мына бір жолдар сөзімнің дәлелі ретінде Махамбеттің өр мінезділігін, өжеттілігін, ойындағысын бүкпесіз ашық айтатындығын көрсетеді.

Махамбет: . . . Кімге керек төре, сұлтан болғаның?!

Өзің еркін көшіп-қонғаның

Осы сіздер өкілісіз қай жұрттың?

Кім ойлайды қазақ қамын?

Ел қамын?

Баймағамбет: Екшеледі дұрысы мен бұрысы

Өз қолында қазақтың өз ырысы . . .

. . . Ақыл айтар хандар менен сұлтанға

Уа, Махамбет соншалықты кімсің сен?!

Махамбет: Мен - мен едім, мен едім

Мен Нарында жүргенде

Еңіреп жүрген ер едім

Исатайдың барында,

Екі тарлан бөрі едім! . . .

Баймағамбет: Қиялыммен келешекті шолам да,

Біле алмаймын сарқылам ба?

Толам ба?

Мұны айтпаса Махамбет пе Махамбет?

Шыдамасам Баймағамбет болам ба?

Махамбет: Бәрі өтірік!

Өңім емес, түс дейсің

Сыртымыздан істеместі істейсің . . .

Жұрт алдында кешірімпаз көрініп

Жұрт кеткен соң бармағыңды тістейсің[3, 194] .

Істе де, сөзде де тек ақиқатты көздеген Махамбет көзі көріп, көңіліне түйген шындықты еш қалтқысыз, еш бұлтақсыз айта білді. Ілияс Жансүгіров өзінің «Исатай, Махамбет» пьесасында Махамбетті:

«Ханның түрін байқадым.

Қайқақтамай айтамын:

Халқымызға хан тұрды

Хан тұрмады - ант ұрды»[8, 15], - деп сөйлетуі арқылы оның еш нәрседен тіксінбейтін асаулығы мен өжеттігін байқата түседі.

Ержүрек Махамбет ақын өз ойындағысын айтудан билерден де, сұлтандардан да, тіпті, ханның өзінен де сескенбеді. Берік Қорқытовтың «Махамбет» пьесасындағы хан Жәңгірдің: « . . . Тірліктің бес күндік қызығы мен шыжығы кімнің басынан өтпеген, кедірлігің мен содырлығың басыңа бақ болып қонбас, қара орманға қарсы шапқан оңбас, сені құртсам халықтың азасына қаламын, мені шапсаң сен ақ патшаның назасына қаласың, қайт, Махамбет, райдан қайт![11, 259] »-деуіне, Махамбеттің: «Жақсы айттың, Жәңгір, өзгеден емес, өз аузыңнан естиін дегенім осы еді, қалтылдақ хан болсаң да осы жолы шыныңды айттың, бірақ сен,

Хан емессің қасқырсың,

Қара албасты басқырсың . . .

Хан емессің ылаңсың,

Қара шұбар жылансың,

Хан емессің аянсың,

Айыр құйрық шаянсың![11, 259] », -деп жауап қатып, хан Жәңгірді жерге қаратып тастауы осыған дәлел.

Әбіш Кекілбаев: «Махамбеттің Махамбеттігі шындық қуғандығында, әділет қуғандығында. Ол сөйлеген сөз бен істеген істің тарихи өміршең болып келетіндігі де осыдан[10, 76] », -деп дәл тауып айтса керек.

Қадір Жүсіптің «Махамбеттану мәселелері» атты еңбегінде «Махамбет өзінің пысықтығын, алғырлығын, батылдығын, тапқырлығын, ешкімнен тайсалмайтын өткірлігін өзін дақпырттап, жұртты қорқытып-үркіту үшін емес, шын мәнінде өзінің осындай асқан қас батырға тән мінезін мақтаныш ете отырып, қалған өз қанаттастарын осындай қайсарлыққа шақырып, жігерлендіре түсетіндей[9, 53] », -деп жазғанындай, Махамбеттің өткір мінезі мен алғыр сөздері артынан ерген сарбаздарына, туған халқына күш беріп, демеу болды.

Махамбеттің өзге сарбаздардан, тіпті, Исатайдың өзінен артықшылығы - тілінің найзағайдан өткірлігі мен сөзінің құдіреттілігі.

Махамбеттің қайсар мінезді, өткір тілді жан екендігінің тағы да бір дәлелі - Ілияс Жансүгіровтің «Исатай, Махамбет» пьесасындағы хан Жәңгірдің береке, бітімге келейік деп, Исатайға арғымағын мінгізіп, Махамбетке шапанын кигізіп, сарқытым деп сары қымызын жібертіп, ханның билеріне айтқан мына бір сөздері:

Махамбет: Билер, сені білеміз -

Құлқыны жаман құлдарсың!

Бегжан сені білеміз -

Әзәзілден жылмаңсың!

Адам болсаң - азғынсың,

Хан қасында - құмайсың

От басында - сұмырайсың[8, 53], -деуі арқылы өзінің бетке айтар өжеттігін танытады.

Дауылпаз дара ақын, ержүрек ер хақында Мұхтар Әуезов: «Махамбет сөзге өткір, шешен, қалжыңқой. Жақтырмаған нәрсесін бетің-жүзің демей, жара шауып, айтып салғыш болған[4, 121] », -дейді.

Махамбеттің өмірін, творчествосын талмай зерттеп, көптеген тың деректердің көзін ашқан жазушы Берқайыр Аманшин: «Махамбеттің ақын ретіндегі ерекшелігі - өз қарсыластарына айтайын дегенін тайсалмай бетіне айтатын батылдығында», -деп атап көрсеткендей, Махамбеттің:

Сұлтан, сұлтан дегенге

Көтере берме бұтыңды

Кептіре берме ұртыңды!

Күндердің күні болғанда,

Өзіңмен мықты жолықса

Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді[8, 32] », -деп, қасарыса бетке айтар қасиетін, батылдығын танытуды Ілияс Жансүгіров те өз туындысында берік ұстанған.

Махамбет тек өз қара басының қамы үшін емес, бүкіл қазақ баласының қамы үшін күресті. Халқының мүддесін жеке басының мүддесінен артық санап, қазақ елі үшін жанын пида етті. Қадыр Мырза Әлидің «Жаралы Жолбарыс» пьесасындағы мына жолдардан Махамбеттің халқын, елін сүйген патриот ақын екендігін аңғаруға болады.

Махамбет: Бұл ойымды баяғыда-ақ танытқам

Сенің басың қымбат емес халықтан!

Баймағамбет: Ел деп, жұрт деп құр лепіре бересің

Көресіні сол халықтан көресің!

Хан сарайдан іздей берме қасыңды,

Өзіңнің де қара алады басыңды

Иә, иә! Хан алмайды басыңды!

Қылышыңды сілтей бермей қодаңдап,

Сол басыңның қамын ойла одан да!

Махамбет: Қорқытпайды мені өлім!

Халық үшін бәріне де көнемін,

Халық үшін бәріне де төземін . . .

Баймағамбет. Саған ақыл қонбайды екен байқаймын!

Махамбет: Көк дауыл боп тұнығыңды шайқаймын,

Арамдыққа айбалта боп төнемін

Ақ ордаңды ақ боран боп көмемін!

Содан кейін армансыз-ақ өлемін[3, 212-213] !

Махамбеттің мақсат-мұраты - халқын шұрайлы жерге қондыру, барша қазақ баласына жер беріп, басына бостандық алып беру, хандардың әділетсіздігінен құтқару болғанын Берік Қорқытовтың дауылпаз ақын туралы жазған екі актілі, төрт көріністі «Махамбет» атты пьесасынан да көруге болады. Бұл пьесадағы хан Жәңгірдің сауалына жауап берген Махамбеттің мына бір сөздері оның бар мақсат-мұратын анық көрсетіп тұрғандай.

Жәңгір: Махамбет бір сауалым бар . . .

Махамбет: айтыңыз хан ием, құлағым сізде.

Жәңгір: қалың қазаққа хан болсаң не етер едің, қыбыр таптырмас қабағын бағар ма едің, әлде бәтуәсі жоқ сыпсың-сыбырын бағар ма едің?

Махамбет: халқымды қамдар едім, Еділдің бойы ен тоғай, қоңсы-қопсыларды толтырмай, ел қондырар едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырар едім, теңдікті малды бермес едім, теңдіксіз малға көнбес едім, аса жұртты меңгеріп, қара қазақ баласын хан ұлына теңгерер едім, жерімді беріп, сатпас едім, ақсақалмен астас, батырмен бастас, данасымен достас болар едім, басы үйірілсе аяғы айналамнан асып қайда барады[11, 258] ?

Өлеңі - өрт, жырлары - жалын Махамбеттің әрбір сөзі мен ісі оның жамбасы жерге, басы жастыққа тигенше халқын сүйген, халықтың мұңын жырлаған ақын екендігін дәлелдейді.

Жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Өттің дүние» пьесасындағы генерал-губернатор Перовский мен Махамбеттің диалогындағы:

Перовский: Елді дүрліктіргендегі мақсатың таққа отыру ма, әлде билікке жету ме?

Махамбет: Мен тақ үшін емес, елімнің бағы үшін бел буып, жорыққа шықтым. Менің ниетім тоз-тоз болып бірікпей жүрген үш қазақтың басын қоссам деп едім.

Перовский: Охо, үлкен іске ұмтылған екенсің. Далаға, шоқал-шоқалға малша жайылып кеткен халықты қайтіп біріктірмексің, сонда?

Махамбет: Генерал-губернатор мырза, сіз қазақты білмейсіз. Неге бірікпесін, бірігеді. «Кіші жүз көшсе, орта жүзге көшеді, орта жүз көшсе, ұлы жүзге сыяды» деген, қазақ бірігеді.

Перовский: Тұтқын Өтемісұлы, соңғы сұрағыма жауап бер. Қолыңа билік берсем не істер едің?

Махамбет: Не істер едім, жер-суымды, байтағымды, атамекенімді келімсектерден тазартар едім . . . [5] -деген түйдекті ой, тіркесті сөздері де Махамбеттің бар ой-арманы, мақсат-мүддесі - халқын аңсаған арманына жеткізу екенін айқындай түседі.

Махамбет халықтың нағыз жанашыры бола білді және әрдайым халықтың жағында болды. Мұны Ілияс Жансүгіровтің «Исатай, Махамбет» пьесасындағы Махамбеттің:

Жала, пара, шығыннан

Салғырт, зекет соғымнан

Сорлады жұрт, сорлады

Ел үстіндегі Исатай,

Ішіңе қалай сыйып тұр

Ел осындай болғаны?

Кім бұлардың қорғаны?[8, 16] - деп айтқан сөздерінен көреміз.

Туған ел, туған жер, туған топырақ Махамбет үшін сондай қадірлі де қымбат болғаны сөзсіз. Махамбет кіндік қаны тамып, туып-өскен жерін қара басының қамы үшін сатып жіберуге баратын әділетсіз ханның, төрелердің, билер мен сұлтандардың ақылға қонымсыз қылықтарына қарсы тұрып, туған жерін бөтен біреудің иелігіне бермеу үшін жанын пида етіп күресті. Махамбеттің Исатай бастаған күреске қосылу себептерінің бірі де - өзінің, тек өзінің ғана емес, бүкіл қазақтың туған топырағын қорғап қалу болатын. Иран-Ғайыптың «Махамбет» пьесасында ер ақынның әзиз-ана жерін сатқан хан Жәңгірге:

« . . . Жатып алған Тайлағы -

Жардай атан болған Жер.

Жабағылы Тоқтысы -

Қой болып, қора толған Жер . . .

Нарынды саттың,

Нәлет!

Нарынды сатқанша,

Жаныңды сатпаймысың,

Дүлей?!-дей келе, одан әрі қастығып, өзіне-өзі:

. . . Нарын, Нарын, Гөй Нарын,

Тағдырыңды ойладым:

Ертең күнің не болмақ,

Мен әрқилы жайдамын . . . [6, 321-322] -деуінен оның атамекенінің ертеңгі күнін ойлағанын, туған топырағының тағдырына қатты алаңдағанын байқаймыз.

Жазушы Мұсатай Ақынжанов өзінің «Исатай - Махамбет» пьесасында Махамбетті:

« . . . Сағынсам ауызға алам Исатайды

Ер тұрмас ел бағына одан сайлы . . .

Исатай ділмәр еді топтан озған

Нар еді бәйтерекке мойнын созған[1] », -деп жырлайды.

Махамбеттің бұл сөзінен Исатайға деген сыйластығын, ішкі адами сүйіспеншілігін, сөзге шешен ділмарлығын мойындап, аға тұтқан қасиетін аңғарамыз.

Халық үшін жанын қиятын, өз пайдасынан халық тілегін артық қоятын адам, Махамбеттің айтуынша, қиялындағы, арманындағы адам емес, ондай жақсы азаматты Махамбет шын ынтасымен, тілі жеткенше көтере мақтайды. Махамбет тұсындағы ондай мақтаулы, халық қамын ойлағыш, халықтың шын ұлы кім болды? Әрине, Исатай болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ поэзиясындағы батыр ақын бейнесі
М.Шаханов – халқымыздың ұлттық қасиетін қастерлеуші ақын
Мағжан Жұмабаевтың поэмалары
ЗАР ЗАМАН ӨКІЛДЕРІНІҢ АЗАТТЫҚТЫ ЖЫРЛАУЫ
Әңгіме кейіпкері көсем бейнесі бұлдыр
Махамбеттің әдеби дүниетанымы
Ата Заң - Тәуелсіздігімнің айғағы (эссе)
Шандоз шығармасының жаңа танымдарын зерттеу
Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі
Махамбет Өтемісұлы (1803 - 1846)
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz