Қазақстан Республикасы саяси жүйесіндегі өзгерістер


ІX тарау. ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ
(1991-2000 )
§ 59. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ САЯСИ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР
Қазақстан Республикасының конституциялары. Қайта құру кезеңіндегі (1985-1991) Кеңес Одағында болып өткен айтарлықтай өзгерістер әлемге әйгілі ұлы мемлекеттің ақыр аяғында құлауы мен тарауына әкеліп соқты. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан демократиялық, адамзаттық құндылықтарға негізделген жаңа саяси құрылыстың жолында тұрды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның әділеттік тұрғыдан тәуелсіз мемлекет деп аталуын оның жаңа сапалық жағдайға бет бұруы деп ұғынуға болмайды. Бұл орайда Қазақстан шын мәніндегі тәуелсіз және демократиялық мемлекет болу мүмкіндігіне ғана ие болды. Алда саяси және экономикалық өзгерістер стратегиясын белгілеу міндеттері тұрды. Әсіресе дамудың мына жолдарын белгілеп алу керек болды: экономикада - нарықтық қатынастарды тұрақтандыру; саясатта - азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекет құру. Бұл бағыттың прогресшілдігі қоғамның ең жоғарғы құндылығы есебінде алдымен адамды танып-білуге негізделгендігінде еді. Нәтижеде, тәуелсіздік алған Қазақстанның алдында жаңа мемлекет құрумен бірге адамдардың жаңа өмірге бейімделуіне жағдай туғызу сияқты аса күрделі жауапкершілік тұрды.
Нарықтық экономика құрылымына негізделген демократиялық қоғам құрылысының нұсқасы - Қазақстанның экономикалық және саяси дамуының таңдап алған жолы болды. Бұл мақсаттың үдесінен шығу үшін Қазақстанға жаңа сипаттағы дамудың құқықтық негіздерін көрсетіп отыратын жаңа Конституция қабылдау керек болды. Мемлекеттің Негізгі заңына әзірлік, біріншіден - уақытқа, екіншіден - оның құрылымы мен мазмұнына тікелей байланысты. Себебі, бұл жаңа Конституцияда Қазақстан сияқты ұлттық, әлеуметтік жағынан бірегей мемлекеттің өзіндік өзгешелігі, басқа да құқықтық нормалар мен қарым-қатынастар қатаң да әділ реттелуі тиіс. Содан болса керек, ескі саяси жүйеден әлі толық арыла қоймаған 1992 жыл түгелімен осыған кетті. Қазақстан Республикасы өз атын өзгерткенімен, өзінің саяси құрылымының ішкі мазмұнын әлі толық жаңарта алған жоқ еді. Халықтың көпшілік бөлігінің сана-сезімінде кеңестік дәуір дүниетанымының сарқыншағы басым еді. Әйткенмен, уақыттың бұлжымас өз заңы бар, мұны ескермесе болмайды.
1992 жылдың 4 маусымында Мемлекеттік елтаңба мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы айшықтанды.
1992 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні бекітілді. Музыкасын жазғандар: Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский, Латиф Хамиди, мәтінін жазғандар: Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Жадыра Дәрібаева.
Мемлекеттік рәміздердің белгіленуі мен бекітілуі жаңа мемлекеттің сыртқы сипатын анықтай түсті. Бұдан соң көп ұзамай, яғни 1993 жылдың 28 қаңтары күні ҚР Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясының ХІІ шақырылуында Қазақстан жаңа Конституцияға ие болды. Бірінші Конституция, экономикалық және саяси реформа құрылымының негізін қалап, жеке меншік институтының заңдылығын жариялады, қысқасы, ұлттық-мемлекеттік тәуелсіздігі құрылысының құқықтық негіздерін белгіледі. Әйткенмен, аталмыш конституцияда қазақстандық қоғамның біркелкі еместігі жөніндегі талас тудыратын тұжырымдар көрініс тапты.
“Еліміздің алғашқы Конституциясы 1993 ж. қаңтар айында күшінде енген бойда-ақ, кемшіліктерін, әлеуметтік-экономикалық және саяси үрдістің шын ахуалынан аулақ жатқандығын көрсетті.
Желпіністің желі тез ыдырады. 1993 жылғы Конституция Егемен Қазақстанды құрудың күнбе-күнгі қарапайым да ауыр қызметіне құқықтық негіз бола алмайтындығын аңғартты. ”
(Назарбаев Н. Ә. Ғасырлар тоғысында. Алматы, 1996. 177-б. )
1993 жылдың желтоқсан айында Жоғарғы Кеңестің ХІІ шақырылуы мерзімінен бұрын өз өкілеттігін тоқтатты. Азаматтық талап негізімен Конституциялық сот 1994 жылдың 7 наурызында сайланған Жоғарғы Кеңесті бұдан былайғы жерде заңсыз деп тапты. Осы оқиға жаңа Конституцияны өмірге әкелуге бірден-бір себепші болды.
Алайда конституциялық бұл уақытша тоқырау, тұтас алғанда, саяси тоқырауға жол ашқан жоқ, керісінше, 1995 ж. Қазақстанда ішкі және сыртқы саясат едәуір айшықтана түсті.
Атап айтқанда:
- мемлекет ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатымен 1995 жылдың наурызында Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды;
- халықаралық аренада Қазақстан көптеген елдердің мойындауы мен көмегіне ие болды.
Осындай жағдайда Қазақстан Республикасының халқы ел президенті Н. Назарбаевтың ұстанған саяси бағытын қолдап-қуаттап, 1995 жылдың 29 сәуірінде өткен республикалық референдумда мемлекет басшысының өкілеттілігін 2000 жылға дейін ұзарту жөнінде өз дауыстарын берді.
“Тізімге іліккен 9. 110. 156 азаматтың 8. 309. 637-сі немесе 91, 21 пайызы дауыс берді. Дауыс беруге қатысқан адамдардан 7. 932. 834 адам немесе 95, 46 пайызы президент өкілеттігін ұзартуды жақтады. ” (Назарбаев Н. Ә. Ғасырлар тоғысында. А., 1996. 188-б. )
Бұл аралықта тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясының нұсқасы отандық және шетелдік мамандар тарапынан талқыланып жатты. 1995 жылдың 30 тамызындағы республикалық референдумда ҚР-ның жаңа Конституциясы қабылданды. Оған азамат және адамның азаттығы мен құқығы - ең бірінші негіз етіп алынды. Жаңа қабылданған Негізгі заңда атқарушы, заң шығарушы және сот өкіметінің функциялары нақты атап көрсетіліп, олардың өзара қарым-қатынасы белгіленді.
“Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады; оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. ”
(1995 ж. Конституция. 1-бап. )
Жаңа Конституцияда заң ережелері республикадағы мемлекеттік құрылыс талаптарымен үндестірілді.
1995 жылғы ҚР Конституциясында идеологиялық көптүрлілік бекітілген, мақсаты мен қызметі конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге бағытталған қоғамдық ұйымдардың қызметіне және құрылуына тыйым салынған. Қалыптасып келе жатқан ұлттық идеология тәуелсіз Қазақстанның идеялары мен құндылықтарының жүйесін бейнелеуі керек болды.
Ұлттық идеологияның негізгі мақсаты көпұлтты Қазақстан тұрғындарын бір мемлекеттің азаматтарының жиынтығы ретінде қайта жаңғырту болып табылады. Өйткені, оларды біртұтас тарихи-мәдени дәстүрлер, бүгінгі күннің ортақ құндылықтары ұмтылысы байланыстырады.
Мемлекеттік басқару органдары. 1995 жылғы Конституция бойынша Қазақстан басқарудың президенттік формасындағы унитарлық мемлекет болып табылады. Мемлекеттік өкіметтің бірден-бір қайнар көзі - халықтың өзі. Мемлекеттік өкімет бірегей, ол заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары болып бөліну принципіне сәйкес ҚР Конституциясы негізі мен заңдарына сүйенеді.
Тәуелсіздік алғаннан бастап республикада демократияландыруға бағытталған саяси өмір өзгерістері байқала түсті. Бұрынғы уақытта “өкімет - қоғам” формуласы іс жүзіне асырылса, ендігіде керісінше “қоғам - өкімет” негізге алынды. Мемлекеттік басқару органдары халыққа қалтқысыз қызмет ету арқылы құқықтық мемлекет пен еркін нарықтық экономикаға негізделген алдыңғы қатарлы азаматтық қоғам қалыптастыруы керек. Мазмұндық және құрылымдық жағынан келгенде, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылы ішінде мемлекеттік басқару органдары бірқатар өзгерістерді басынан кешірді. Құрылымдық өзгерістер мына төмендегіше көрініс тапты:
- 1990 жылдың 24 сәуірінен бастап республика Президенті орнының енгізілуі;
- ҚР Конституциясы атап көрсеткендей, өкіметтің үш тармақтық принципінің қолданылуы;
- орталық атқарушы органдардың қосалқы функцияларын жою, осыған байланысты “ҚР мемлекеттік органдар жүйесін реформалаудың кезекті шаралары туралы” 1997 жылғы Президент Жарлығы негізінде оларды ең кемінде 50 пайыз қысқарту;
- “2030 Стратегиясында” белгіленген міндеттерді орындау мақсатында олардың өзара іс-әрекетін реттеу үшін атқарушы органдардың функцияларын өзгерту.
Мазмұндық сипаттағы өзгертулер 1997 жылғы 10 қазандағы ҚР-ның стратегиялық дамуында (“Кәсіптік мемлекет”) нақты атап көрсетілді:
“Біздің міндет - Қазақстанда нарықтық экономика үшін оңтайлы болатын мемлекеттік қызмет пен басқару құрылымының осы заманғы, тиімді жүйесін жасау; басым мақсаттарды іске асыруға қабілетті үкімет құру; ұлттық мүдделердің сақшысы бола алатын мемлекет қалыптастыру”.
(Назарбаев Н. Қазақстан - 2030: Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы: Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы: Білім, 1998. 75 бет) .
Аталған басымдылықты жүзеге асыру үшін 1999 ж. “Мемлекеттік қызмет туралы” Заңға өзгертулер мен қосымшалар енгізілді. Осы шешімге сәйкес алдағы уақытта кадрларды таңдау, аттестациялау және қызметке тағайындау механизмі реттеліп отыратын болды. ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік қызметке кадрлар даярлау үшін Мемлекеттік басқару академиясы мен Мемлекеттік қызмет агенттігі құрылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998-2000 жылдарға арналған іс-әрекет бағдарламасынан:
“Үкіметтің алдағы үш жылға арналған басым міндеттері: стратегиялық жоспарлау мен бақылаудың бірыңғай жүйесінің негізінде ведомствоаралық және салааралық үйлестіру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, кадрларды даярлау және іріктеу жүйесін жетілдіру, мемлекеттік органдардың функциясын орталықсыздандыру, олардың жұмысына жаңа ақпараттық технологияларды енгізу, тиісті заңдармен қамтамасыз ету болады” (“Егемен Қазақстан”. 1998 ж. 15 сәуір) .
ҚР Президенті мемлекет басшысы, оның ең жоғарғы жауапты қызметкері, мемлекеттің ішкі және сыртқы негізгі бағыттарын анықтайды, оның ішінде және Халықаралық қатынастарда Қазақстан атынан сөйлейді. Президент мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісімді қызметін және биліктің халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
ҚР Парламенті республиканың заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғарғы өкілетті органы болып табылады. Парламенттің өкілетті мерзімі - төрт жыл. Парламент екі палатадан: сенат пен мәжілістен тұрады. Парламент сессиясы палаталардың біріккен немесе бөлек отырыстары түрінде өтеді. Заң шығару ынтасы, құқығы парламент депутаттарына, республика үкіметіне берілген.
Үкімет ҚР атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдар жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды. Республика премьер-министрі қызметіне парламенттің келісімімен Президент сайлайды. Премьер-министр ұсынысымен Президент үкіметтің қызметін анықтайды, оның мүшелерін қызметіне тағайындайды және босатады, сондай-ақ республиканың үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, жояды немесе қайта құрады.
Қазақстан Республикасында әділеттілікті тек қана сот жүзеге асырады. Сот билігі азаматтардың құқығын, бостандығын және заңды мүдделерін, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды, ҚР Конституциясының, тағы басқа нормативтік-құқықтық актілердің, Халықаралық келісім-шарттардың орындалуын қамтамасыз етеді. ҚР-дағы сот жүйесін ҚР Жоғарғы соты мен жергілікті (облыстық және оған теңестірілген ҚР әскерінің әскери соты), аудандық (қалалық) заңмен бекітілген соттар құрайды.
ҚР құқық қорғау органдарына ҚР Прокуратурасы және ҚР Ішкі істер органдары жатады. Прокуратура заңдардың, Президент жарлықтары мен өзге де құқықтық-нормативтік актілердің республика аумағында нақты әрі бірыңғай қолданылуына, жедел іздестіру әрекетінің, жауап алу және тергеу, әкімшілік және атқарушылық міндеттердің заңдылығына жоғарыдан бақылау жасайды. ҚР Ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті сақтау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, адам және азаматтың құқықтары мен бостандығына, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қол сұғушылық түрлері мен қылмыстың жолын қию және алдын алу сияқты атқарушылық және жарлық беру қызметтерін жүзеге асырады.
Ұлттық қауіпсіздік органдары тікелей Президентке бағынады, ҚР қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің құрамды бөлігі болып табылады және жеке адам мен қоғамның қауіпсіздігін, конституциялық құрылысты, мемлекеттің егемендігін, аумақ тұтастығын, елдің экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатын қорғауды қамтамасыз етеді.
Жергілікті мемлекеттік басқаруды тиісті аумақтағы жағдайға жауапты жергілікті өкілетті және атқарушы органдар жүзеге асырады. Жергілікті өкілетті орган - мәслихат тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктегі тұрғындар еркін білдіреді және жалпымемлекеттік мүддені ескере отырып, оны жүзеге асыру шараларын анықтайды. Жергілікті атқару органдары ҚР атқару органдарының бірыңғай жүйесіне кіреді, тиісті аумақтағы мүдде мен қажеттіліктер дамуына үйлестіре отырып, атқару билігінің жалпымемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында мемлекеттік қазақ тілімен бірге орыс тілі де қолданылады.
Негізінен, мемлекеттің саяси жүйесіндегі өзгерістер 10 жылғы даму ішінде (1991-2001) саяси жүйенің жаңа типін құруға қол жеткізді. Жаңа типті мемлекеттік институт дамуының алғашқы кезеңінде - 1991 ж. желтоқсаннан 1993 ж. желтоқсанға дейін мемлекеттік билік жүйесін трансформациялау үрдісі жүрді. Жаңа Конституция дайындалып, 1993 ж. қолданысқа енгізілді. Тұңғыш парламент - ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңес 1993 ж. желтоқсанға дейін жаңа жағдайға толық сәйкес келетін болды, өйткені ол бұрынғы саяси жүйенің соңғы буыны еді. Кеңестер бұдан әрі өз өкілеттігін жүзеге асыра алмады. 1993 ж. күзінен Кеңестер төменгі құрылымынан бастап өздерін-өздері тарата бастады. Сөйтіп, 1990 ж. сәуірде өз жұмысын бастаған тұңғыш парламент 1993 ж. желтоқсанда өз жұмысын мерзімінен бұрын аяқтады.
Бұдан кейін, 1993 ж. желтоқсанынан 1995 ж. тамызына дейін Қазақстанда атқарушы билік қызметін, бірінші кезекте Президентті күшейту үрдісі жүргізілді. Республикада экономикалық дағдарыс пісіп-жетілді. Екінші парламент - ХІІІ шақырылған Жоғарғы Кеңес жедел шешім қабылдай алмады. Еркін сайлау нәтижесінде екінші парламентке экономиканың, мемлекеттік емес секторының саяси партиялары өкілдері кірді, бұл ішкі күресті күшейте түсті. Конституциялық соттың 1994 жылғы парламент сайлауы Конституцияға сәйкес жүргізілмеді деген қаулысына орай екінші парламент те таратылды.
1995 ж. жаңа Конституция қабылданған соң Қазақстанның саяси жүйесінде тұрақтану үрдісі басталды. Жаңа саяси жүйенің негізгі сипаты 2001 ж. соңына қарай айқын байқалды:
- бірыңғай мемлекеттік биліктің атқарушы, заң шығарушы және соттық тармақтарға бөліну принциптері іске қосылған;
- президент биліктің үш тармағының бірлікте әрекет етуін қамтамасыз етеді;
- мемлекеттік қызмет лауазымдары 1999 ж. 23 маусымдағы “Мемлекеттік қызмет туралы” заңына орай саяси және әкімшілік болып бөлінді;
- демократиялық сайлау институты жетілу үстінде;
- көппартиялық жүйе қалыптасты.
§ 60. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ ЖҮЙЕСІ
Атқарушы органдардың қызметін Үкімет басқарып отырады. Ал оның құрылуына Президент тікелей қатысып, өз қызметінде Үкімет елбасы алдында жауапты әрі Парламентке есеп беріп отырады. Тікелей және өздері сайлаған өкілдер арқылы халық ел басқару ісіне қатыса алады.
Қазақстандағы сайлау республика азаматы өзінің сайлау және сайлану құқықтарын еркін жүзеге асыруға негізделген. Президентті, мәжіліс және мәслихат депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлау дауыс берудің құпиялылығы сақталып, жалпыға бірдей төте сайлау құқығы негізінде өткізіледі. Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерікті.
Қазақстанда жаңа сайлау жүйесінің енгізілуі қоғамның саяси жүйесін одан әрі демократияландыруға едәуір ықпалын тигізді. Парламент сайлауы мен оны қалыптастыруда саяси партиялардың белсенділігі арта түсті. Партиялық тізіммен дауыс беруге рұқсат етілген 2000 жылғы соңғы сайлау кезінде бұл анық байқалды. Бұл жағдай өз кезегінде елдің саяси өмірін одан сайын жандандыра түсті. Мұны мынадан көруге болады: 1998 жылдың соңы мен 2000 жылдың басында ҚР Әділет министрлігінде “Қазақстан азаматтық партиясы”, “Қазақстан халықтық республикалық партиясы”, “Республикалық саяси “Отан” партиясы”, “Қазақстан аграрлық партиясы” және басқа да партиялар тіркеуден өтіп, өмірге жолдама алды.
Алдыңғы саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың дүниеге келуі халықтың қалың көпшілігінің саяси сана-сезімін, сондай-ақ, саяси мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті. Саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар, ұлттық-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктер қоғамдық сананың түрліше тұстарын қамтыды. Әйткенмен, бұлардың ішінде саяси партиялар ғана қоғам мен мемлекет арасындағы дәнекерлеуші буын қызметін атқара алады. Өйткені ол ең алдымен өз қызметінде қалың көпшіліктің мұңын мұңдап, жоғын жоқтауы тиіс. Іс жүзіне келгенде, республикадағы саяси, қоғамдық партиялар өздерінің қаржылық және ұйымдық деңгейі, алға қойған мәселелерінің ауқымдылығы, бағдарламаларының бірін-бірі қайталайтындығы жағынан әлі де болса тар шеңберде екенін айта кету керек.
Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар. Қазақстанның социалистік партиясы (ҚСП) бұрынғы Коммунистік партияның тікелей мұрагері ретінде 1991 ж. 7 қыркүйек күні ҚКП-ның кезектен тыс ХVІІІ съезінің шешімдері нәтижесінде саяси аренаға шықты.
1991 ж. 21 қазан күні партия республикалық Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Партия Жарғысына өзгерістер енгізілуіне байланысты 1992 ж. 29 мамыр мен 1994 ж. 16 наурызда қайта тіркеуден өтті. 1991-1993 жж. ҚСП ымырашыл саясат ұстанып, солшыл-орталықшыл позицияда болып, үкімет жүргізіп отырған саясатқа ашық келіспеушілік көрсетпеді және ықпалды болды. 1994 ж. бастап оппозициялық көңіл күйге ауысып, солға ығыса түсті.
1995 ж. партияішілік проблемалардың асқынуынан партия басшылығымен облыстық ұйымдардың саяси бағытында келіспеушіліктер туып, тұтас ұйымдар коммунистер жағына шығып кетті. ҚСП қазіргі кезде нақты күші мен ықпалының жоқтығынан іске қабілетсіз.
“Алаш” Қазақстанның ұлттық партиясы (ҚҰП) қоғамдық ұйымы алғашқыда 1991 ж. 4 қыркүйекте өткен құрылтай конференциясында Қазақстанның Республикалық партиясы (ҚРП) болып құрылды. 1992 ж. 26 желтоқсанда ҚРП республикалық Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Республикалық статусы бар.
1999 ж. 29 мамырда Астана қаласында ҚРП ІІІ съезі болып өтті, онда ҚРП “Алаш” ҚҰП болып өзгертілді. Съезде партияның жаңа жарғысы мен бағдарламасы қабылданды, сайланбалы органның құрамы жаңартылды. Партияның аты өзгеруіне байланысты 1999 ж. 11 тамызда қайта тіркеуден өтті.
“Алаш” ҚҰП 1991-1992 жж. айрықша белсенділік көрсетті. 1993-1994 жж. Республикамыз мемлекеттік егемендік алуына орай, бірқатар саяси ұрандары актуалдылығын жоғалтуына және басшылығы арасында ала ауыздық пайда болуына байланысты партияның позициясы кәдімгідей әлсіреді. Ол 1995 ж. парламент, 1999 ж. елбасы сайлауларына қатыспады.
Қазақстан Халық Конгресі партиясы (ҚХКП) 1989 ж. құрылып, іле-шала Қазақстан бойынша басталып, Қазақстанның халқы және шет елдер құлшына қолдаған “Невада-Семей” антиядролық қозғалысының базасында дүниеге келді. Осы қозғалыстың даңқына орай, алғашында ҚХКП-ның жақтастары көп болды. ҚХКП 1991 ж. 5 қазан күні өткен І (құрылтай) съезінде бекітілді. Ресми түрде партия 1991 ж. 31 желтоқсанда ҚР Әділет министрлігінде тіркелді. Республикалық статусы бар. 1995 ж. 12 желтоқсанда қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты қайта тіркеуден өтті. Невада-Семей қозғалысының даңқтылығына байланысты партия алғашқы кезде көп жақтастар тауып, республиканың қоғамдық өмірінде аса белсенділік танытты. Алайда, 1995 ж. соңына қарай О. Сүлейменовтың партиялық белсенділіктен қол үзуіне байланысты, ҚХКП партияішілік өзінің идеологиялық позициясын анықтау үрдісінде күрделі жағдайларды бастан кешіруде. Осыдан да партия соңғы жылдары республиканың мемлекеттік-саяси дамуы үрдістеріне айтарлықтай ықпал көрсете алмай келеді.
Қазақстанның коммунистік партиясы (ҚКП) 1991 ж. қазан айында ХVІІІ кезектен тыс (төтенше) съезден кейін құрылды. ҚКП мүшелері бұл датаны “өзін-өзі таратқан партияның қайта бірігуі” деп, ал өздерін 1903 ж. құрылған большевиктер партиясының заңды мұрагері деп есептейді. ҚКП-ны қайта біріктіру шешімі партияның ХІХ съезінде коммунистердің бір тобының коммунистік партияны социалистік деп өзгертуіне қарсылық білдіруінен келіп шықты.
1994 ж. 28 ақпанда ұйым ресми түрде республикалық Әділет министрлігінде тіркелді. ҚКП-ның республикалық статусы бар. Қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты 1997 ж. 17 ақпанда қайта тіркеуден өтті. Өз қызметінің басынан-ақ ҚКП елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып келеді. Әсіресе 1998-99 жж. елбасын сайлау және ҚР өкілетті органдарына депутаттар сайлау кезінде елеулі де тиімді қызметімен көзге түсті.
Қазақстанның азаматтық партиясы (ҚАП) республикалық қоғамдық бірлестігінің 1998 ж. 17 қарашада Ақтөбе қаласында І (құрылтай) жиналысы болып өтті. ҚАП ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркелген. Республикалық статусы бар. Өз қызметінің алғашқы күнінен бастап ҚАП саяси белсенді өмір сүруде. Саяси аренада өз бетінше сенімді әрекет етеді. Партияның негізгі мақсаты - ҚР мемлекеттілігін нығайтуға және дамытуға үлес қосу.
“Отан” республикалық саяси партиясы” қоғамдық бірлестігі - “Отан” РСП 1999 ж. 19 қаңтарда Астана қаласында ҚР Президенттігіне кандидат Н. Ә. Назарбаевты қолдайтын республикалық қоғамдық штаб қоғамдық бірлестігінің жалпы жиналысының шешімімен “Отан” республикалық партиясы қоғамдық бірлестігі болып өзгертілді. 1999 ж. 12 ақпанда “Отан” РСП-сы ҚР Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өтті. Республикалық статусы бар. Алғашқы күннен бастап партия елдің саяси өміріне белсене араласты. Дүниеге келген күнінен бастап “Отан” РСП, өзінің ойынша, өз алдына қойған екі басты саяси міндеттерді орындаған: қатаң ұйымдық структура құрылды және 1999 ж. елдің өкілетті органдарына парламенттік және мәслихаттық орындардың көпшілігін иемденді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz