Қазақ әдебиеттану ілімінде тәуелсіздік жылдарында жарық көрген әйел ақындар поэзиясының өзіне тән ерекшеліктері мен ұқсастықтары.


Кіріспе
Поэзия- киелі сөз. В. Г. Белинский сөзімен айтсақ, «Поэзия-әлемдік өмірдің қан тамырының соғуы, сол өмірдің қаны мен оты, жарығы мен күні»[1] . Академик З. Ахметов: «Поэзия-сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі»[2] дей келіп, оның аса маңызды құбылыстарды бейнелеп көрсетуде зор мүмкіншілігі бар екенін айтады. Өнердің асыл тегі саналатын поэзия сонау күндерден қазіргі уақытқа дейін адам болмысының қат-қабат сырын бейнелеп көрсетумен құнды болып келеді. Бейнеліліктің негізгі өзегі - қадым замандарға көне адамдар танымынан бастау алған ұғым-түсініктер екені ақиқат. Поэзияны үлкен құлып десек, оны ашатын алтын кілт-ақын жүрегі. Ақын халықтың сүйкімді де ардақты адамының қатарында тұрады. Халық қалаулысы болуы ақынның тіл шешендігі ғана емес, халық тұрмысының шындығын суреттеуі, қуанышына бірге қуану, қайғысына бірге қайғыру, ақын сөзімен айтсақ:
«Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі, сыздаған барлық жараның»[3] .
Ақын жүрек жүгінің ауырлығын белі қайыспай биікке көтеру тума талантқа ғана тән.
Шетсіз де шексіз кең далада тыңдаушысы ашық аспан, толағай таулар мен жазира жайлау болған қазақ халқы әу бастан өлең мен жырды еншілеп өскен. Небір төкпе, суырып салма сұңғыла ақындар өз елін өнер құдіретімен тамсантып өткен. Бауыры жазыла түскен бәйге атындай арқалы ақындар алқалы топта жыр төккенде, бойында қаны қызып, бала қырандай шаңқ етіп сілкінбес дала перзенті бар ма еді. Сол ақын халық, батыр халық болған елдің қастерлеп, дәстүрінен нәр алып, оны уақыт елегімен елеп-екшеп, барған сайын жаңғырта, құлпырта беру болашақтың міндеті.
Ақын жүрегі жынысына, ұлтына, тегіне, нәсіліне қарамайды, бірдей соғады.
Қазақ поэзиясы -қызық та күрделі және жан-жақты поэзия. Соның ішінде әйел ақындар поэзиясының өзі бір шоқ. Олар: Шолпан Иманжанова, Марям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Марфуға Айтхожина, Ақұштап Бақтыгереева, Гүлнар Салықбаева, Әселхан Қалыбекова т. б.
Әйел поэзиясының шоқтығын көкке көтерген кезең бұл -«Тәуелсіздік жылдарындағы ақын әйел-қыздарымыздың шығармашылығы. ». Солардың ішінде біртуар ақын қыздарымыз-Жанат Әскербекқызы, Маржан Ершуова, Нәзира Бердалы, Танакөз Толқынқызы, Баян Бекетова, т. б.
Халқымыздың мәдени-рухани өміріңде қыз-келіншектер шығармашылығының алар орны ерекше. Өздерінің тамаша туындыларымен оқырман қауымының құрметіне бөленген. Олар қазір еліміздегі өзіндік келбеті, көркемдік сипаты, бағыт-бағдары, шығармашылық тарихы бар, жолы қалыптасқан жаңаша арнаның-әйелдер шығармашылығының көшін салды.
Көптеген халықтар әдебиетінде әйелдер поэзиясы туралы баспасөзде құнды пікірлер айтылып, кітаптар басылып, зерттеулер жолға қойылып келеді. Мәселен, орыс әдебиетінде бірнеше ғалымдар Анна Ахматова шығармашылығын әр қырынан зерттеді, өзбек әдебиетінде «Зебуниса, Дильшод және Анбар-атын» деген үш ақынның таңдамалы өлеңдері топтастырылған жинақ басылып шықса, түркмен әдебиетінде әйел-қыздардың шығармашылығының толық мәтінімен берілген «Женское поэтическое творчество» атты зерттеу кітабы басылып шықты[4] . Сол сияқты әзірбайжанда Мамедова А. «Творчество Медины Гюльгюн», грузин әдебиетінде Капашвили Щ. «Женщины-книжницы в древней Грузий»[5], черкес әдебиетінде Калиева Н. «Творческий путь Халимат Байрамакуловой», қырғыз әдебиетінде Егиналиев С. «Творческийпуть Райхан Шукурбековой» т. с. с зерттеу жұмыстары жүргізілді. Төл әдебиетімізде С. Айбергенова «Қазақ ақын әйел шығармашылығындағы дәстүр жалғастығы» деген тақырыпқа ғылыми еңбектер жазған[6] . Ал А. Кенжебаева «Әйел прозасындағы «әйел» образының ерекшелігі» атты кандидаттық диссертация қорғаған[7] . Бұл зерттеулерде ең алғаш рет әйел шығармашылығының өзіндік белгісі айқындалып, әдеби эволюция фактісі ретінде алғашқы кәсіби әйел қаламгерлердің көркем шығармашылығының ерекшеліктеріне талдау жасалынған.
Қазақ әдебиетіндегі ХХ ғасыр поэзиясы профессионалдық дәрежеге көтерілген ғылыми-техникалық прогресс заманының поэзиясы. Егер профессионалдық поэзияны ақ отау десек, оның бірнеше уығы әйелдер шығармашылығы.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде өмір сүріп, еңбек еткен қаламгерлерді біз «Кеңес ақындары», «Ұлтшыл ақындар», «Зар заман ақындар» деген сияқты қолдан жасалған топтарға бөліп келдік. Осы күнге шейін әдебиет атты ұлт рухының ақ отауының төрінен «Кеңестік өмірді жырлаған ақындар» орын алып, өзге бағыттағы қаламгерлер босағада қалса, егемендік алғалы бері театр сахнасында орындары ауысқаны секілді әдебиет сахнасында да бірқатар ақындар орны қалыптасты.
Әйелдің адамзаттық рухани байлығы көріністерінің ең айқын түрлерінің бірі-әдебиет көкжиегінен өзінің тұрақты да тұрғылықты тұғырын табуы, әйелдердің көркем шығармашылығы бұл күнде тарихи-әдеби процестің бөлінбес бөлшегін құрайды.
Проза шығармашылығындағы саласында да біздің арулармыз өзіндік қолтаңбасын таныта білді. Шәрбану Құмарова, Кәмилә Құдабаева, Сара Мыңжасарова, Күлиман Жүнісова, Күлиман Иманғазина т. б. жазушылардың туындыларында әйел бейнесі жан-жақты сөз болады. Олардың туындыларындағы кейіпкерлер (әйелдер) қиын да қызықты өмір кешкен, тіршіліктің бейнеті мен зейнетін арқалаған жандар.
Әйел тағдырын, әйел мұңын, әйел жанын әйелден артық түсінер жан болуы екіталай. Сондықтан қаламгер аруларымыз өз туындыларында әйел тақырыбынан сырт айналып кетуі мүмкін емес. Ал қазақ әдебиеті тарихында әйелдер арасынан дара шығып, тәуелсіздік жылдарында ерен еңбек етіп, қазақ қыздарының бейнесін сомдаған арулар- Жанат Әскербекқызы, Маржан Ершуова, Нәзира Бердалы.
Бұл ақын қыздарымыз тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінде жас толқындар қатарының көшбасшысында тұр. Әдебиет сахнасында, поэзия жолында өзіндік ерен еңбегі, қадір-қасиеті әр қырынан көрінген. Әдебиетке тың тақырыппен, жаңаша үрдіспен, ерекше сезіммен, жүрек жарды жырымен ақын қыздарымыз өз үлесін қосқан. Мұны біз жұмысымыздың барысында байқадық.
Бұл олар әйел махаббатын, тұрақтылық пен адалдық принциптерін арқау етеді. Әйел жүрегінің нәзік иірімдерін әдеби тілмен ұштастырған қаламгер туындыларының басты арқауы әйелге тән мейірім-шапағат, жарға, балаға деген іңкәр махаббаттан құралған. Ақындар өмірдің әр алуан құбылыстарына әйел көзімен қарайды, әйелдік жылы сезіммен тебіренеді.
Бүгінгі таңда әйелдің қоғамдағы орны, деңгейі өсіп, ой-таным шеңбері ұлғайып, көкжиектен көтеріліп отырған шақта өзінің қабілет-дарынын рухани байлығын әдебиет айдынына шығаруға ұмтыла түсуі де заңды. Өйткені жаңа дәуір ағысымен әлемдік әйел шығармашылығы дәстүрлі арна ретінде осы ғасырдың аяғына таман жан-жақты танылып отыр.
Әйел шығармашылығының зерттеу ағысын өз кезегінде белгілі ғалым Ю. М. Лотман атап өткен «әйел мәдениеті» атты құбылыспен тікелей байланысты. Ғалым өзінің «Орыс мәдениеті жайлы» еңбегінде әйел әлемі мен ер әлемінің өзгешелігін тани отырып: «Әйел мәдениеті дегеніміз- бұл тек әйелдердің мәдениеті ғана емес. Ол-мәдениетке деген өзгеше көзқарас, оның көп үнділігінің ең қажетті бөлшегі»-деп атап көрсетеді[8] .
Дарынды ақынымыз Нәзира Бердалы алдыңғы топтың ізімен келіп, қыз-келіншектер шығармашылығының әрі қарай жалғады. Әйел жаны түрлі иірімдерден құралған күрделі дүние. Кешегі Кеңес өкіметі идеологиясының басты қателігінің бірі - барлық адамды бір шеңберге жиып, индивидуальдық көзқарасты жоққа шығарды, әйел мен ер әлемінің қабілеттері мен мүмкіншіліктері арасындағы ерекшеліктері мен өзгешеліктеріне онша мән бермеді. Ал олардың әрқайсысының өзіндік сара да, дара жолы болды. Олардың әрқайсысының өзіне ғана тән «Өз әлемдерін» аша білуі қажет. Кейінгі кезеңдерде, яғни «Тәуелсіздік жылдарынан бермен қарай» ғана бұл ерекшеліктерге тереңінен үңілу, түсіну кезеңі басталғандай.
Қаламгер аруларымыздың бүгінгі өмірді, оның кейіпкерін әртүрлі қырынан суреттейтін туындыларына көбірек үңілу -әдебиет әлемінің соңғы кездегі ұстанған бағытын айқындай түскендей. Оның үстіне әйелдер шығармашылығына деген ықылас шет елдерге ғана емес, біздің елде де едәуір өсті. Бүгінде әдебиет зерттеушілері әдеби шығармалардың да айтулы үлесі бар деген тұжырымға келіп отыр.
«Әйелдер шығармашылығы-әйелдің ішкі рухани дүниесінің, қоғамның және адамзат тағдырының айнасы, қаламгер арулар мен әйел шығармашылығы сыншыларының, зерттеушілердің ортақ қызметі ХХ ғасырдағы әйел шығармашылығын зерттеу ағысы әлі де болса алғашқы қадамын тәй-тәй басқан кезеңде тұр. Болашақта бұл ағымның адамзат азаттығы, көркем әлем мен объективті орта үшін өз үлесін қосатынына ешқандай күмән жоқ» деп белгілі қытай әдебиетшісі Ян Чундэ атап көрсетеді[9] .
Ұлы сыншы әдебиет теориясы мен эстетиканың тарихында әйел шығармашылығының әдебиет өміріндегі орнын, мән-маңызын дұрыс тани алды. Әйел шығармашылығы жөнінде өз кезінде орыстың белді сыншылары, жазушылары В. Г. Белинский, Н. Г. Чернышевский, И. В. Кириевский де өз пікірлерін білдіріп, ең алғашқылардың бірі боп әйел шығармашылығының болашағына үміт артқан. Бұл ретте әйел психологиясының ерекшелігіне теориялық тұрғыдан жан-жақты дәйектемелер берген.
Әйелдің жан дүниесі - табиғаттың өзіндей жұмбақ әлем болса, сол әлемде осы ақындардың баспаған нүктесі кемде-кем. Әйелдің кез -келген адамға айтпайтын сезім мен жан күйінің шындығын айтады. Ақындар әйел болмысын әбден біліп, соның бір өкілі ретінде өз болмысының сан қырлы қатпарын, қырларын жан-жақты ашып көрсете білген. Әйел тағдырын өз басынан кешіріп жанымен сезінген ол нәзікте сезімтал жүрегімен толғана отырып жазады. Мәңгі гүлденуді ғана қиялданған нәзік әйел жанының арман- қиялы, шуақты сәттері, дүрбелең сезімдері, жүдеу жаны мен мұңға оранған жүрегі, кейде тұйық-тұңғиық, кейде аласапыран жан әлемі ақын туындыларында ерекше суреттеледі. Тайғанақ асулы тәкәппар әдебиет заңғарының сан алуан белестерінен өтіп, Нәзира, Маржан әйел сезімін өз өрнегімен бейнеледі, өнер құдіретінің мәңгілігін дәлелдеп келеді.
Әйел жаны әр кез әйел тағдырының асау ағыстары мен терең тұңғиықтары мен тылсым иірімдерін ашуға тырысады.
Әйелдің қоғам тұрмысында алатын орны, шаңырақтағы алуан түрлі проблемалары- қаламгер аруларымыздың шығармашылығында орталық объектіге айналады.
Қыз, келін, жар, әйел, ана. Осы қасиетті сөздердің қатарына әйел болмысының көп қырлы, көп жақты белгілерінің сыры мен сымбатын айқындайды. Адам баласы тіршілікті қалай қадір тұтса әйелді де солай қадірлейді, пір тұтады. Әйел, тіршілік бір-біріне етене жақын, төлтума ұғымдар.
Сондықтанда тәуелсіздік жылдарындағы ақын әйел-қыздарымыз поэзиясының даму кезеңдері мен тенденцияларын, көркемдік әлемін, стильдік ерекшеліктерін тап басып таны, айқындау үшін Жанат Әскербекқызы, Маржан Ершутегі, Нәзира Бердалы шығармашылығын бөліп алып қарағанда мынадай міндеттер қойылды:
- Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ өлеңдерінің жетіліп, толысып және жаңа бір арнаға түскенін аңғарту;
- Ақын қыздарымыздың ақындық лабораториясын зерттеу, жаңашылдық, поэтикалық стиль өзгешеліктеріне бақылау жасау;
- Жанат Әскербекқызы, Маржан Ершутегі, Нәзира Бердалы шығармашылығынан тәуелсіздік жылдардағы қазақ поэзиясына тән белгілерді іздестіру;
Сонымен, 90-шы жылдардан бермен қарай дамыған қазақ жыры туралы, оның өсу, толысу соқпақтарын саралап, басқаша айтқанда, әлем әйелдер көзімен демекші, қазақ поэзиясындағы ақын әйелдер шығармаларының көркемдік әлеміндегі көріністеріне барлау жасадық.
Бітіру жұмыстың құрылымы -кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
«Қазақ ақын қыздарының шығармаларындағы тақырыптық-идеялық ізденістер» деп аталатын алғашқы тарауда аты аталатын ақындардың бүкіл шығармашылығына тән көркемдік ерекшеліктері, тақырып алуандығы, көркемдік таным проблемалары қазақ өлеңіне тән тұрғысы мен жаңашылдық тұрғысынан қаралды.
Қазақ өлеңінің құрылысы 90-шы жылдардан бермен қарай қалай дамыды, ұлттық көрінісі қалай болды, қоғамда қандай салмаққа ие болды, жалпы қазақтың қара өлеңінің болашағы қандай деген сауалдар төңірегінде ой қозғалды.
«Өлең құрылысындағы ерекшеліктер» атты екінші бөлімде өлеңнің композициясынан бастап, ұйқас, буын, бунақ, ырғақ, екпін, сондай-ақ көркемдік компоненттерді құрайтын троп түрлеріне талдау жасалды. Ғылым мен техниканың дамыған тұсындағы ерекшеліктердің болашағы қандай, тәжірибе пен озық үлгінің арасында кездесетін өзгерістер-бәрі түгелдей ғылыми тұрғыда қаралды.
Біз жұмысымызда бұл мәселеге осы тұрғыдан қарауды көздедік. Ол үшін өз шығармашылығына адамгершілік қасиеттерін түп қөазық ете білген ақын қыздарымыз Жанат Әскербекқызы, Маржан Ершуова, Нәзира Бердалылардың поэзиялық туындыларын - зерттеудің негізгі объектісі етіп алдық.
Тақырыптың өзектілігі - мынадай жайттармен айқындалады:
Біріншіден, қазақ ақын аруларының поэзиялық шығармашылығының өсу дәржесі, әдебиетке әкелген жаңашылдығы, ізгілік, әсемдік әлемі. Сонымен қатар қазіргі таңдағы әдебиет сахнасында өзіндік тұғыры қалыптаса бастаған жазушылардың көркемдік шеберлігін айқындау, тәжірибесін игеру - қазіргі таңдағы әдебиеттану ғылымының теориялық деңгейін көтеруіне септігін тигізеді.
Екіншіден, өскелең өмір талабы әдебиет алдында жаңа міндеттер мен талаптар жүктейтіні аян. 90 ж, бермен қарай қазақ әдебиетінде ақын аруларымыз жаңаша қырымен көріне бастады, әдебиетке нендей үлес қосты? Әйел қаламынан туған туындылар қатарын саралау, олардың өзіндік ерекшеліктерін талдау, шығармашылық тәжірибесі игеру - бүгінгі әдебиетті зерттеуші ғалымдар мен сыншылардың, философтардың, ақын-жазушылардың еңбектеріндегі теориялық пайымдаулар мен пікірлерді зерттеуімізге ретіне орай қолдандық.
Зерттеудің басты мақсаты - қазіргі қазақ ақын әйелдер шығармашылығын ғылыми тұрғыдан зерттеу, яғни ақын шеберлігін таныту, қиял өрісінің, тіл мен суреттеу, көркемдеу құралдарын дұрыс пайдалану жағын және бейнелеу ерекшеліктерін көрсету болып табылады. Осы мақсатпен Жанат, Маржан, Нәзиралардың тәуелсіздік жылдарынан бермен қарай жазылған өлеңдеріне, оқырман назарын аударған лирикалық туындыларына ғылыми талдау жасалды.
Қойылған міндеттер:
- Әйел шығармашылығына тән ортақ белгілерді табу;
- Әйел ақындардың шығармашылығындағы асқақ армандар, сол жолдағы ұмтылыстарына, парасатына назар аударып, тәрбиелік-өнегелік мәнін ашу;
- Әйел қаламынан туған әйел шығармашылығының ерекшелігін ашу;
- Олардың шығармашылық лабораториясын зерттеп, дара қолтаңбасын айқындау.
Зерттеу әдісі: Жұмыс барысында салыстырмалы, құрылымдық-типологиялық, талдау әдістері бойынша қарастырылды.
Жұмыстың теориялық және методологиялық негізі ретінде қазақ әдебиетінде Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов, М. Базарбаев, Р. Нұрғали, С. Айбергенова, А. Кенжебаева, Н. Құмарова т. б. зерттеуші ғалымдардың құнды тұжырымдары басшылыққа алынды.
Жалпы дүние жүзі әдебиетінің даму тарихында көптеген ағымдар мен бағыттар туды. Мысалыға, натурализм, формализм, классицизм т. б. Бұрынғы буржуазиялық өнердегі қырық құрау қосындысы-өңі айналдырылып, қайта тысталған түрі-модернизм. Ал осы модернизмнен кейін дамыған бағыт-постмодернизм бағыты.
Біз қарастырған ақындар осы постмодернизм бағытында жазған. Бұлардың болашақтан күтетін үміттері үлкен. Нық сеніммен жырлайды. Енді осы постмодернизм туралы қысқаша айта кетсек, постмодернизм-мәдениет дағдарысының жемісі. Бұл бағытта сана деңгейі өте биік және өмірді басқаша қырынан түйінетін тұлғалар ғана жұмыс жасай алады. Постмодернизм дегеніміз-«модернизмнен кейінгі» деген мағына береді. Егер модернизм дәстүрмен күресуші, жеке тұлғалық сана қалыптастырушы болса, постмодернизм дәстүрді қайта қарап, өзгеше пайымдайық дейді. Постмодернизмде мәтін емес, интертекст немесе өзгелердің мәтінімен сайысқа түсу басым. Постмодернизмнің ерекшелігі, ол-модернизмнің кейбір құндылықтарын жоққа шығарады. Егер Қайта өрлеу дәуірі Құдай идеясынан жиренсе, постмодерн Адам идеясынан, Адамзаттың ісіне қабынған өзімшілдігінен жиренеді. Италия жазушысы У. Эко былай дейді: «Постмодернизм қандай да бір бекітілген хронологиялық құбылыс емес, ол-рухани күй . . . ».
Әрбір жазушының не ақынның өзіне тән стилі болады. Ал әдіс кейбір кездерде ортақ. Бірінде қолданылған әдіс екіншісінде қолданылады. Стиль- өнер ерекшелігі. Әр стиль- бір-ақ суреткердің өнеріне тән ерекшелік.
Стиль мен ағым тарихи категориялар. Стиль мен ағым бір-бірін қайталамайтын құбылыстар. Стиль мен ағым құбылмалы нәрселер.
Қазақ поэзиясының- шыққан тегі бар, өткеннің бәріне бірдей күл шашудан аулақ, текті орныққан әдебиет. Өлең техникасын, буын, бунақ, ырғақ жүйелеріне жасалған өзгерістердің өзі елді алатайдай бүлдіретіншу туғызған жоқ. Рас, халық талғамына сай келмеген туындылар, дүниелер ұзамай-ақ әдебиеттен өзін-өзі шығып қалып жатты емес пе?!
Бұдан қазақ өлеңі формаларды қабылдамайтын қасаң, консерватор деген ұғым тумауға тиіс.
Форманың негізгі элементтеріне сюжет, композиция, көркем тіл, көркемдегіш-күшейткіш құралдары (сөз, ұйқас, ритм, дыбыс интонациясы, гармония, колорит, линия, сурет, тектоника, киномонтаж т. б. ) жататыны белгілі.
Бүкіл өмірін әдебиетке бағыштаған ақындардың өмірінде, шығармашылығында не болмаған. Олар жан-тәнімен әдебиетке берілді. Бұл жерде мәселе ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында пайда болған футуризм, кубизм, абстракционизм т. б. ағымның өкілдері сияқты форма қуушылықта емес, мәселе шын мәнісіндегі біріңғай баяндаушылықтан қашуда, тілдік қорымызды кеңейтуде, өз заманымыздың жыршысы болуда.
Бірінші тарау
«Қазақ ақын қыздарының шығармаларындағы тақырыптық-идеялық ізденістер»
Бірде сәтті, бірде сәтсіз -ізденістер, іркілістер, -бәрі, бәрі түптеп келгенде қазақ поэзиясының даму, өсу, жетілу үстінде екенін көрсетеді. Демек поэзия туралы сөз-поэзияның өзі секілді үнемі үдей қозғалып, бірде баяу, бірде екпінмен алға жылжитын жанды құбылыс.
Қазақ халқы бар жерде -қазақтың қара өлеңі бар. Ақын қыздардың шығармашылығы туралы әңгіме болғанда тоқталмай кетуге болмайтын бір сала-өлеңдегі идеялық-тақырыптық ізденістер. Ендігі ойдың өрбуі сол туралы болмақ.
Ақын қыздарымыздың өлеңдерінің идеялық-тақырыптық негізі шартты түрде төмендегіше түрде топталып қарастырылады:
- Өмір шындығы, туған жер;
- шабытқа жалпы поэзияға байланысты толғаныстар;
- жастық, өмір, өлім, заман, уақыт туралы ойлары;
- адамгершілік, достық әуендері;
- Отан, жайлы философиялық ойлары;
- Арман мен бақыт жолындағы өлеңдері;
- Махаббат, көңіл-күйі және табиғат лирикасы деп осындай сан алуан тақырыпқа бөліп, лирикалық өлеңдерінің идеялық-эстетикалық, тәрбиелілік жағына баса назар аудармақпыз.
Жанат Әскербекқызы Асан Қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Марғасқа, Жиембет, Махамбет өлеңдерінен, бай әдебиетіміздің көне мұраларынан да сусындаған. Аталмыш ақын-жырауларымыздың үлгісінде, биік пафоста айтылған, жазылған жырлар қазақ әдебиетінде Жанат Әскербекқызы шығармашылығымен толысты. Мысалы, Жанаттың Қазтуған жыраудың стилімен, тақырып жағынан да ұқсас жазылған туындысы «Баба жұртына оралу» өлеңі:
Шалкиіз жырау шалған жұрт, Алаң да алаң, алаң жұрт
Қазтуғаннан қалған жұрт, Ақала ордам қонған жұрт . . .
Доспамбеттей қыршын ер, Қарғадай мынау Қазтуған батыр
Соңғы демін алған жұрт, туған жұрт,
Ақтамберді толғанып, Кіндігімді кескен жұрт,
Махамбет атой салған жұрт, Кір-қоңымды жуған жұрт,
Дауға түскен ептінің, Қарағайдан садақ будырып,
Жауға түскен тектінің Қылшанымды сары жүн оққа толтырып,
Таңдайынан түйірлеп, Жанға сақтау болған жұрт[11] .
Сөз асылы тамған жұрт[10] .
Жанат Қазтуғанмен қоса Шалкиіз жыраудың «Көп ішінде бір жалғыз» өлеңінің формасымен және өлеңде қойылған сұраққа жауап ретінде «Көп ішінде бір жалғыз» өлеңін жазған:
…Көп ішінде бір жалғыз Көп ішінде бір жалғыз-
Көп мұңайып жылайды- Көп мұңайсам себеп бар,
Күйбеңдеген көп жаман Бірдей емес мың жалғыз,
Сөзі тигенге ұқсайды …[10] Көп айырма - бөлек хал[11] .
Форма ұқсас па? Ұқсас! Рух ұқсас па? Ұқсас!
Демек, нәрсіз жерге дән өспейтіні секілді Жанат Әскербекқызы шығармашылығы да ғайыптан пайда болған жоқ, сахара далада сан ғасырлар бойы азбай-тозбай алтыннан ардақты боп бүгінге дейін жеткен бай дәстүрдің жалғасы, ұқсасы, бейнелеп айтсақ, биікке бет алған сансыз керуеннің адастырмас бір соқпағы.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz