Фариза Оңғарсынова туындыларының орыс тіліне аударылу мәселелері


ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІ
МАГИСТРАТУРА
ӘДЕБИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ КӨРКЕМ АУДАРМА ТЕОРИЯСЫ КАФЕДРАСЫ
ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВА ТУЫНДЫЛАРЫНЫҢ ОРЫС ТІЛІНЕ АУДАРЫЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
МАМАНДЫҚ: “0207” - АУДАРМА ІСІ
Орындаған: Абдрахова Г. А.
Ғылыми жетекші:
ф. ғ. к., доцент Адаева Е. С.
Пікір сарапшы:
ф. ғ. к., доцент Исмаилова Ж. А.
“Қорғауға жіберілді”
Кафедра меңгерушісі, ф. ғ. д., профессор
Жақсылықов А. Ж.
“ ” 2007 жыл
Алматы 2007
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . . . … . . . 3-8
1. Лирикалық шығармалардың көркем аудармасы принциптері . . . ………. . . . …… . . . 9-12
1. 1. Аудармашының теориялық дайындығының аударма үрдісіндегі рөлі . . . 12-18
1. 2. Түпнұсқаның стильдік ерекшеліктері және олардың аудармада көрініс табуы . . . 18-22
1. 3. Түпнұсқа стилі мен аударма стилінің арақатынасы . . . 22-38
2. Фариза Оңғарсынованың шығармашылық мәнеріндегі өзіндік ерекшеліктердің аударма барысында сақталуы . . . 39-62
2. 1. Фариза Оңғарсынова шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары . . . 39-44
2. 2. Татьяна Фроловская аудармалары . . . 44-62
Қорытынды . . . 63-66
Пайдаланған әдебиеттер . . . 67-69
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Белгілі бір тілден екінші бір тілге жасалған көркем аудармалар әлем халықтары әдебиетінің өзара байланысы мен өзара бірін-бірін толықтыруында, ғылым, мәдениет және ағарту саласындағы халықаралық одақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады. Көркем аударма теориясы КСРО тұсында-ақ жасалған болатын және ол әлемдегі ең мықты мектептердің бірі деп саналды. Көркем аударма теориясы мен тәжірибесінің белгілі өкілдері К. Чуковский, С. Маршак, М. Лозинский, Л. Мкртчян, Г. Гачечиладзе, А. Федоров, А. Смирнов, И. Кашкин, М. Рыльский, С. Липкин аударма ісінің дамуы үшін көп күш жұмсады.
КСРО тұсында одақтас республикаларда ұлттық әдебиеттердің орыс тіліне аударылуымен қатар орыс классиктерінің шығармаларын ұлттық тілдерге аудару үрдісі қатар дамыды, яғни ұлттық әдебиеттердің өзара аударма дәнекерлігі арқылы бір-бірімен танысу үрдісі жүрді. Грузин, армян, тағы басқа тілдерден жасалған аудармалар өзіндік ерекшелігі бар қазақ поэзиясының орыс тіліндегі аудармаларына қарағанда анағұрлым жоғары деңгейде, алайда осы кезге дейін қазақ тіліндегі поэзиялық шығармалардың орыс тіліндегі аудармалары саны жағынан да, сапасы жағынан да біраз жоғары деңгейге көтерілгендігі аңғарылады. Қазақстан Республикасы бүкіләлемдік одаққа енген тұста өзге мемлекеттермен экономикалық, саяси, мәдени, оның ішінде әдеби байланыстар жақсартылуда. “Life of Kazakhstan” халықаралық журналында еліміздің әдебиет және өнер саласындағы жетістіктері жарияланып тұрады.
Аударманың, оның ішінде көркем аударманың әдебиет дәнекерлігі, ақындық сөз өнері арқылы дүниені қабылдауы әр түрлі, мәдени-тарихи ортасы алуан түрлі халықтарды біріктіретін фактор ретіндегі маңызы арта түсуде. Осылайша, аударма мәселелері тек маңызды ғана емес, сонымен қатар түрлі халықтардың өзара мәдени құндылықтармен алмасу үрдісіне, яғни әлемдік жаһандану үрдісіне енуі барысында қажетті деңгейде назар аударуды және дұрыс шешімді талап ететін мәселе.
КСРО тұсында және қазіргі күнде де орыс тілі ұлттық әдебиеттер арасындағы өзіндік ерекшелігі бар дәнекер рөлін атқаруда, бұл тіл арқылы түрлі халықтардың бір-бірімен диалогы жүзеге асады. Сондықтан-дағы қазақ тілінен орыс тіліне және керісінше орыс тілінен қазақ тіліне көркем аудармалар жасау мәселесі жаңа, әлемдік сипатқа ие болады. Бұл, өз кезегінде, қазақ әдебиетінің, оның ішінде, атап айтсақ, қазақ халқының ақындық өнерінің аудармаларының сапалы болуын талап етеді.
Орыс тілінен қазақ тіліне аударуға қатысты алғанда, көркем аударма теориясы республикамыздағы аудармашылық өнердің ұзақ уақыт бойы даму тарихында жинақталған көлемді тәжірибелік материалдардың сыни және теориялық мәнге ие болуы тұрғысынан жеткілікті түрде шешімін тапқан жоқ. Аударма мәселелерін көптеген қазақ ғалым-лингвистері, әдебиеттанушылары, аударматанушылары түрлі қырынан қарастырғанын айта кету керек, бұл күрделі аударма ісінде оң бағыт болып табылады.
Аударма мәселелері бойынша қазақ аударматануының негізін салған еңбектер деп қазақ зерттеушілерінің келесі еңбектерін атауға болады: “Көркем аударманың кейбір мәселелері” (жинақ, 1957) ; М. Қаратаев “Тынық Донның қазақша аудармасы және көркем аударманың кейбір мәселелері”; М. Жанғалин “Орысшадан қазақшаға аударудың негізгі принциптері туралы”; М. Қаратаев “Дүниетаным және шеберлік” (1965) ; М. Қаратаев “Эпостан эпопеяға дейін” (1969) ; М. Қаратаев “Асқар асулар алда” (1972) ; М. Жанғалин “Орысшадан қазақшаға аударудың кейбір мәселелері туралы” (1958) ; С. Талжанов “Көркем аударма туралы” (1962) ; С. Талжанов “Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері туралы” (1975) ; Ә. Сатыбалдиев “Рухани қазына” (1965) ; С. Сейітов “Өмір өрнектері” (1967) ; Т. Ахтанов “Керуен” (1969) ; Қ. Сағындықов “Көсемнің асыл мұрасы” (1970) ; Т. Әбдірахманов “Жаңа ғасыр көгінде” (1969) ; Ә. Нұрпейісов “Толғау” (1972) ; Ш. Сәтпаева “ХІХ ғасырдағы және ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ-еуропалық әдебиет байланысы” (1972) ; “Қазақ әдебиетінің ұлтаралық байланыстары” (жинақ, 1970) және т. б.
20-30 жылдардың басында, негізінен, орыс классикасы туындыларының қазақ тіліне сөзбе-сөз аудармасы мәселелері қозғалды. Кейінгі жылдары аударма әдебиеттің көлемі мен бағыты ұлғайды. Әсіресе, қазақ поэзиясы туындылары орыс тіліне көптеп аударыла бастады. Осыған орай, қазақ поэзиясы антологиясы басылымдарының өзіндік хронологиясын байқауға болады.
1936 жылы тұңғыш рет көлемі жағынан шағын “Қазақ поэзиясының антологиясы” шықты. Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған күндерде 1958 жылы екінші қазақ поэзиясының антологиясы шықты, бұл ішіндегі материалдары жөнінен үлгі тұтарлық басылым болып саналды. Бұған алғы сөзді М. Әуезов пен Т. Әлімқұлов жазды. 1972 жылы үшінші екі томдық “Қазақ кеңес поэзиясының антологиясы” жарық көрді, бұған 85 қазақ ақынының шығармаларының С. Маршак, К. Симонов, Я. Смеляков, Б. Слуцской, М. Луконин, М. Львов, В. Савельев, Т. Кузовлева, А. Жовтис, К. Алтайский және т. б. орыс ақын-аудармашылары жасаған аудармалары енді.
Осы аталған антологиялармен қатар кейін қазақ ақындары шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары енген өзге де антологиялар басылып шықты. Атап айтсақ, сол кездері жарық көрген аударма жинақтардың көбі қазіргі қазақ лирикасының, оның ішінде әйел ақындардың - М. Хакімжанова, Т. Әбдірахманова, Ф. Оңғарсынова, М. Айтқожина, К. Ахметова, А. Бақтыгереева, Р. Құнақова және т. б. шығармалары болып табылады. Поэзиялық шығармалар аудармаларының жинақтарының көбі Мәскеуде және Алматыда басылып шыққанын атап өту керек.
Аударма тарихын жасау - қазақ тілінен орыс тіліне аудару теориясы мен тәжірибесін зерттеудегі маңызды міндет. Өзге елдермен салыстырғанда қазақ аударматану мәселесінің бұл қыры жалпы әдеби үрдістің дамуынан көш кейін қалуда. Қазан төңкерісіне дейін қазақ тілінен орыс тіліне жасалған аудармалар санаулы болғанмен, одан кейін аудармашылық үрдіс елеулі түрде дамыды.
Тұңғыш рет орыс тілінде С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Мұқанов, М. Әуезов туындылары жарық көрді. Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнеріне арналған күндер (1936 жылы) атаулы оқиға болды. Осыдан соң орыс тіліне бірқатар қазақ ақындары мен жазушыларының туындылары аударылды. Бұдан сәл кейінірек Л. Соболевтың редакциялауымен орыс тілінде бірінші рет Қазақ поэзиясының антологиясы (“Песни степей”: Антология казахской литературы. - М., 1940) шықты. Бұдан кейін қазақ жазушыларының таңдамалы шығармалары орыс тілінде жекелеген жинақтар болып шыға бастады.
Ұлы Отан соғысы жылдарында орыс тілінде Жамбыл Жабаевтың жалынды жырлары жарқырап шықса, соғыстан кейінгі жылдары С. Мұқанов, Т. Жароков, Ә. Тәжібаев, С. Мәуленов, И. Байзақов, Қ. Бекхожин және т. б. шығармалары аударыла бастады. Қазақстандағы аудару ісінің дамығандығын республикамыздағы әдебиетшілерден шығармалары орыс тілінде жарық көрмегендері жоқ. Бұл жерде, әрине, өз оқырмандарын қазақ әдебиетіндегі шығармалармен таныстырып жүрген аудармашы ақындардың еңбегі зор. Бұл - белгілі факт, бірақ сонымен қатар көркем аударма сапасы мәселесі теориялық тұрғыдан өңдеуді қажет ететін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді.
Қазақ поэзиялық туындыларын орыс тіліне аудару тәжірибесін шартты түрде мынадай кезеңдерге бөлуге болады: төңкеріске дейінгі, төңкерістен кейінгі, соғыстан кейінгі. Бұл шартты түрде белгіленген кезеңдердің әрқайсысы сыншылар мен әдебиеттанушылар тарапынан назар аударуды қажет етеді. Бұлар - белгілі бір сәйкес тұрғыдан ерекше зерттеуді талап ететін өз алдына жеке тақырыптар.
Қазақ тілінен орыс тіліне аударылған поэзиялық шығармалардың көптігі соншалық, оларды зерттеп, жинақтап, ғылыми тұжырымдар жасап, қазақ поэзиясын орыс тіліне аудару теориясын жасау шарт. Республикалық мерзімді баспасөз беттерінде кейде қазақ ақындары шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары жөнінде мақалалар басылып, пікірлер айтылып жүр.
Негізінен, бұл басылымдарды үш топқа бөлуге болады: біріншісі аудармашының қателері мен кемшін тұстарын көрсетсе [1-8], екіншісі - қазақ ақынының шығармаларының немесе жеке жинағының орыс тілінде жарық көргендігінің өзін құптап оң пікірлер жазылған мақалалар [9-15] . Мақалалардың тағы бір типі бар, бұларда қазақ ақындарының шығармашылығы жөнінде олардың шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары бойынша ой айтылады және толықтай дәнекер өлеңдер мысалға келтіріліп, қандай да бір автордың шығармашылығына жоғары, кейде тіптен асыра мақтау арқылы баға беріледі. Не болмаса, керісінше, авторға сын айтады (аудармашыға осындай лайықты сын берілгенде немесе нашар аударманың баспасөз бетіне шығуына жол бергендерге сын айтылғанда) [16-21] .
Кей әдебиеттанушылар аударма мәселесіне келгенде туыстығы жоқ жүйелерге, яғни алуан түрлі тілдерге жататын өлеңдердің метрикалық сәйкестігін іздейді. Атап айтсақ, бұл мәселе Б. Кенжебаев пен А. Жовтистің мақаласында сөз болады, мұнда авторлар қазақ өлеңінің кейбір ерекшеліктерін атап өтеді, орыс тілінде ұқсастықтарды табу мүмкіндіктерін атап өтеді [22] . Бұл тақырыпқа арналған Г. Қамбарбаеваның мақаласында аударма өлеңнің түпнұсқаға сәйкестігінің шешімі көп екендігі айтылады [23] . Қазақ өлеңінің өзіндік ерекшелігін, атап айтсақ, ырғақтық табиғатын анықтау, қазақ тіліндегі және орыс тіліндегі өлең ұйқастарының арақатынасын айқындау шарт екендігі аталып өтеді. Г. Қамбарбаева “аударма барысындағы өлең формасы мәселесіне келгенде негізгі нәрсе өлшем болып табылады, қазақ өлеңінің негізгі өлшемдері (өлең, жыр, тақпақ) орыс тіліне аударылу барысында түрлі өлшемдер арқылы берілуі мүмкін” деп тұжырымдайды. 11 буынды өлеңдер көбінесе үнді (тоникалық) өлең түрімен және буынды-үнді өлең түрінің үш буынды өлшемінің біреуі арқылы берілсе, жеті-сегіз буынды өлеңдер буынды-үнді өлең құрылысының үш буынды, сонымен қатар екі буынды өлшемдері арқылы берілуі мүмкін, ал алты буынды өлең түрі әдеттегідей орыс өлең құрылысындағы анапест үлгісі бойынша беріледі.
Қазақ аударматануында қазақ тілінен орыс тіліне және орыс тілінен қазақ тіліне прозалық шығармаларды аудару мәселесін зерттеу әлдеқайда дамыған. Республика көлемінде мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар мен сыни пікірлерде қазақ тілінен орыс тіліне поэтикалық аударма мәселесіне сирек жағдайда ғана шолу жасалып келді. Мысалы, КСРО Жазушылар Одағының “Аударма шеберлігі” деп аталатын белгілі басылымында ол пайда болғаннан бастап 20-25 жылдай қазақ тілінен орыс тіліне поэзиялық аударма жасауға арналған мақалалар жарық көрген жоқ.
Қазақстанда 1938 жылдан 1970 жыл аралығында қазақ тілінен орыс тіліне жасалған поэзиялық шығармалардың аудармасы жөнінен бар-жоғы екі кандидаттық диссертация қорғалған болатын. С. Құспанова диссертациясында Абай шығармаларының отыз-қырық жыл ішінде жарық көрген аудармаларына талдау жасалады. Зерттеу хронологиялық тәртіппен жүргізілген, бұл авторға Қазақстандағы аударма ісінің даму сипатын көрсетуге мүмкіндік берген. Абай туындыларының аудармаларына арналған үстіртін мақалаларға сын айтылады. Автор талдай оқу мәселесін алға тартып, оны шешудің қажеттігін дәлелдеп шығады. Қазақ поэзиясы классигінің туындыларының аудармалары бойынша жазылған ескертулер орынды.
З. Жантекеева Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіров шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларында олардың мазмұнының жалпы идеялық-мағыналық қырын жеткізу мәселелерін ғана қарастырады, қазақ өлеңінің белгілі бір идеялық-эстетикалық мәнге, эмоционалдық-көркем тұтастыққа ие формасын орыс тілінде қайта жасауға қатысты нақты мәселелерге тоқталмайды. Осыған орай сол кезде қазақ тіліндегі түпнұсқа шығармалардың да, олардың орыс тіліндегі аудармаларының да поэтикалық ерекшеліктеріне жинақтау түрінде нақты әдебиеттану тұрғысынан талдау жасалмаған болатын.
Соңғы жылдары ғана қазақ аударматануының поэзиялық шығармалар аудармасына қатысты мәселелеріне арналған біршама еңбектер жарық көре бастады. Атап айтсақ, Н. Сағындықова, С. Алтыбаева сияқты зерттеушілердің еңбектерінде қазақ поэзиясының орыс тіліне аударылуы мәселесі сөз болады. Н. Сағындықова сонау ХХ ғасырдың бас кезіндегі Абай, Сұлтанмахмұт, Сәкен, Мағжан сияқты ірі поэзия өкілдері шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларына салыстырмалы талдау жасап, кейінгі 60-80 жылдардағы қазақ поэзиясының ірі өкілдері саналатын Ж. Молдағалиев, Ә. Тәжібаев, Ж. Сыздықов, А. Шамкенов, Д. Әбілов, Н. Баймұратов, А. Тоқмағамбетов, Х. Ерғалиев, Ж. Нәжімеденов, Қ. Бекхожин, Ғ. Қайырбеков, Қ. Мырзалиев сияқты ақындардың шығармаларын тілге тиек етеді.
С. Алтыбаева диссертациясында М. Хакімжанова, Т. Әбдірахманова, Ф. Оңғарсынова, М. Айтқожина, К. Ахметова, А. Бақтыгереева, Р. Құнақова сияқты қазақ ақын әйелдерінің шығармаларының орыс тіліндегі түрлі аудармашылар жасаған аудармаларына салыстырмалы талдау жасай отырып, аудармашылық стиль мәселесіне баса назар аударады. Алайда автор әр ақынның өзіндік ерекшелігіне, стиліне, оның орыс тіліндегі аудармасына талдау жасауда әрқайсысының санаулы өлеңдерімен ғана шектелген. Бұлардың әрқайсысы жеке зерттеуді қажет етеді.
Бұдан өзге лирикалық және азаматтық поэзияның корифейлері қаламынан туған туындылардың орыс тіліндегі аудармалары мәселесіне арналған көлемді еңбектер жоқ. Сондықтан аталмыш соңғы еңбек әлі де ғылыми өңдеуді қажет ететін бұл күрделі мәселенің бастамасы іспеттес десек те болады.
Көптеген өлеңді орыс тіліне бірнеше аудармашы аударған, бұл поэзиялық шығармалардың аудармасының көптеген мәселелерін, түпнұсқаны түсіндіруді әр түрлі тұрғыдан қарастыруды, түпнұсқаның стилі мен аударма стилінің қатынасын терең зерттеуге мүмкіндік береді.
Осылайша, қазақ поэзиясын орыс тіліне аударуда белгілі бір тәжірибе жинақталды, ол қазіргі таңда қазіргі қазақ аударматануында жеткілікті түрде зерттелген жоқ.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жұмыс барысында Н. Сағындықова, З. Жантекеева, С. Алтыбаева, т. б. ғалымдардың еңбектері теориялық тұрғыдан басшылыққа алынды.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты қазақ әйелдер поэзиясының көрнекті өкілі Фариза Оңғарсынова шығармаларының орыс тіліндегі аудармаларын зерттеу, тану. Сонымен қатар Т. Фроловскаяның аудармашылық шеберлігін анықтап, белгілеу.
Осыған байланысты төмендегідей міндеттерді шешу көзделді:
- қазақ поэзиясының орыс тіліне аударылуы мәселесіне байланысты деректерді анықтау;
- Фариза Оңғарсынованың орыс тіліне аударылу деңгейіне баға беру, яғни оның поэзиясын орыс тіліне аударған аудармашылар жайлы мағлұматтарды жинақтау;
- Т. Фроловскаяның түпнұсқаның стилін, ұлттық колоритті сақтаудағы шеберлігіне өзге аудармашылармен салғастыра отырып, сипаттама беру, аудармашылық шеберлігін айқындау.
Зерттеу нысаны. Фариза Оңғарсынованың поэзиялық шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ақынның лирикалық шығармаларының орыс тілінде жеке бірнеше жинақ болып жариялануы себепті, түпнұсқа мен аударма арасындағы стилистикалық айырмашылықтарды, аударма барысында ұлттық ерекшеліктің көрініс табуын сараптау, жеке аудармашының (Т. Фроловскаяның) аудармашылық стилін айқындау.
Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Зерттеу барысында алға қойған мақсат-міндеттерді шешу үшін негізгі дереккөздерді жинау барысында баяндау, түсіндіру, сұрыптау, жүйелеу, талдау, салғастыру, т. б. әдістер пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан және қорытындыдан тұрады.
- ЛИРИКАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДЫҢ КӨРКЕМ АУДАРМАСЫ ПРИНЦИПТЕРІ
Поэзиялық аударма - сөз өнері. Әр өнер түріндегі сияқты, аударма өнерінен де бұл күрделі де қастерлі істің әуелгі негізін салушылары қалыптастырған белгілі бір дәстүрін табуға болады. Қазақ поэзиясы үшін оны орыс оқырманына алғаш ашқан адам белгілі ленинградтық В. С. Рождественский болып табылады. Кеңес жазушыларының І съезінен кейін, 30-жылдардың басында Зоя Кедрина, Л. Соболевтермен бірге В. С. Рождественский қазақ халқының, оның поэзия өнерінің ұлттық ерекшелігімен жете танысу үшін, өзіндік болмысының түп-қойнауына ену үшін Қазақстанға келеді. Вс. Рождественский Абай, І. Жансүгіров, Жамбыл, Ә. Тәжібаев, Ғ. Орманов поэзиясын көп аударған. С. Маршак, Я. Смелякова, Б. Слуцкой аудармаларымен қатар оның аудармалары жоғары деңгейлі кәсібилікпен, қазақ ақындарының бейнелеудегі шеберлік әлеміне тереңдей енумен ерекшеленеді.
Вс. Рождественскийдің аударма тәжірибесі арнайы зерттеу бола қалса, ол қазақ поэзиясын орыс тілінде сөйлететін болашақ аудармашылар еңбегіне маңызды әдістемелік нұсқау болар еді [24] .
Қазақ әдебиетінің тарихы халық тарихымен, оның тұрмысымен, дәстүрімен, мәдениетімен, дүниені қабылдаудағы психологиялық-этникалық ерекшеліктерімен тығыз байланысты.
Қазақ халқының ақындық өнері оның ұлттық сипатын көрсетуінің ең жоғарғы формасы ретінде тамыры ғасырлар қойнауына жалғасып кететін дәстүрлерге бай.
Зерттеуіміздің объектісі болып отырған Ф. Оңғарсынова шығармашылығының ерекшелігін бөліп көрсетпес бұрын қазақ әйел ақындарының поэзиясы белгілі бір рөл атқарған қазақ поэзия өнерінің қалыптасу, даму тарихына аз ғана шолу жасап өтейік.
Қазақ поэзиясында әйел ақындардың (күйші, жыршы, айтыскер) шығармашылығы ерекше орын алады. Көне замандардан-ақ отбасы ошағының отын өшірмей, сақтаушысы, көшпелі қазақтың өмірлік серігі, анасы болып келген қазақ әйелінің, десек те, Азия жұрты әйелдерінен айырмашылығы, анағұрлым еркін және бас бостандығы болған, бұл көшпелі қазақ халқы өмір сүрген әлеуметтік және экономикалық жағдайларға байланысты.
Қазақ әйелінің ру басында, әскер басында жүргені, ауыл өміріне белсене араласқаны кездейсоқ сирек құбылыс емес. Мысалы, Малайсары батырдың қарындасы, әрі Қабанбай батырдың жары болған Гауһар халық есінде “Гауһар батыр” деген атпен қалды. Ақылымен, алысты болжай алғандығымен белгілі, халық оны күйеуімен қатар құрмет тұтқан тағы бір дана әйел - Есеней бидің адал досы, өмірлік серігі болған Ұлпан. Ғ. Мүсірепов қазақ даласында аты аңызға айналған осы бір жанға арнап “Ұлпан” романын жазған. Гауһар да, Ұлпан да, өзге де теңдесі жоқ қазақ әйелдері өз халқы үшін өзіндік ерекшелігі бар даналықтың, батылдықтың, ерліктің символы болумен қатар, сұлулықтың, нәзіктік пен махаббаттың үлгісі де болған, бұған олар жөніндегі қазіргі күнде де айтылар аңыздар дәлел.
Қазақ халқының эпикалық шығармаларындағы негізгі әйел образдары жайында Н. С. Смирнова [25], М. Ғабдуллин, Т. Сыдықов, Қ. Жұмалиев [26] еңбектерінде айтылған. Н. С. Смирнова қазақ эпосының поэтикасын зерттей отырып, онда “поэтикаға айналдырудағы объект батырдың жан жары мен жорыққа мінер аты болып табылады” деп атап өтеді [25. 247] . Қазақ әдебиетіндегі әйел образдарының өміршеңдігі мәселесін анықтауға белгілі бір деңгейде қызығушылық танытқан еңбек ретінде С. Тойшыбаеваның төңкеріске дейінгі қазақ әдебиетіндегі әйел образдары жөніндегі диссертациясын атап өтуге болады.
Төңкеріске дейінгі әдебиетіміздегі әйел образдарын көркем бейнелеу тәсілдерін, идеялық-көркемдік дамуын автордың қазақ халық әдебиеті дәстүрімен байланыстыруы орынды. Мұнда автор төңкеріске дейінгі қазақ поэзиясында болған әйелге деген қарым-қатынастың екі түрін анықтайды: ислам дініндегі және қарапайым көшпелі қазақтың әйелге деген қарым-қатынасы.
“Халық данасы, - деп жазады С. Тойшыбаев, - үстем таптың әйелге деген надан, сорақы қарым-қатынасын әшкерелеп отырған” [27] . Зерттеуші қазақ халқының батырлық дастандарында үнемі кездесетін үш ұнамды кейіпкерді бөліп көрсетеді: батыр, оның ең бірінші көмекшісі - адал да ақылды жары және жорыққа шығатын серігі - қанатты тұлпар.
Қазақ ауыз әдебиетіндегі үздік жанрлардың бірі болып табылатын айтыс - ақындардың домбырада сүйемелдеу арқылы орындалатын ақындық сөз жарысы. Бастапқыда ер адамдардың сөз жекпе-жегі болған айтысқа көркемсөзді шебер меңгерген суырыпсалма әйел ақындар да қатысқан.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz