1930-40 жылдардағы ана тіліндегі математика оқулықтары және олардың ерекшеліктері


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
Қолжазба құқында
Сламжанова Салтанат Бейбітқызы
1930-40 ЖЫЛДАРДАҒЫ АНА ТІЛІНДЕГІ МАТЕМАТИКА ОҚУЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
6N0102 - бастауыш оқыту педагогикасы және әдістемесі мамандағы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі дәрежесін алу үшін дайындалған
Д И С С Е Р Т А Ц И Я
Ғылыми кеңесші : педагогика
ғылымдарының кандидаты,
доцент Қосанов Б. М.
Алматы, 2007
Мазмұны
Кіріспе . . . 3
І-тарау. Оқулықтанудың педагогикалық негіздері
- Оқулық туралы түсінік . . . 8
- Оқулықтарға қойылатын негізгі талаптар . . . 19
ІІ-тарау. 1930-40 ж. ж. бастауыш мектепке арналған математика оқулық тарының ерекшеліктері
2. 1. Ғали Бегалиевтің «Есеп құралы» . . . 30
2. 2. Ш. Рахметұлы, С. Баймырзаұлы, А. Хасенұлы және А. Жаманұлының «Есеп құралдары» . . . 38
2. 3. Педагогикалық тәжірибе жұмыстары және олардың нәтижелері . . . 53
Қорытынды . . . 74
Пайдаланылған әдебиет тізімі . . . 77
Қосымшалар . . . 82
КІРІСПЕ
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақстан Республикасындағы саяси, экономикалық және мәдени -әлеуметтік өзгерістер халыққа білім беру ісін жан-жақты дамыған үрдісте жаңа сатыға көтеруді талап етіп отыр. Қазіргі кезде еліміз үшін қоғам өмірінің барлық салаларына еркін араласа алатын білімді және шығармашылық іс- әрекетке бейім білімді жас ұрпақты даярлау өзекті мәселе болып отыр. Соңғы кездегі білім беру саласындағы елеулі өзгерістердің бірі - Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы болып табылады. Онда: «… әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған және жеке тұлға мен қоғамның қажеттіліктерін қанағаттандыратын көп деңгейлі үздіксіз білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру үшін білім беруді дамытудағы стратегиялық басымдықтарды белгілеу керек », - деп атап көрсетілген болатын. Осы аталған басымдақтардың бірі ретінде 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, білім беруді сапалы дамытудың жаңа сатысына көтерілу болып табылады. Осы 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу барысында бастауыш буынға, соның ішінде математиканы оқытудың әдістемелік жүйесінеайтарлықтай көңіл бөлінуде. Бастауыш мектепте математиканы оқыту әдістемесін жетілдіріп, оны қазіргі заман талабына сай дәрежеге көтеру үшін біз бүгінгі күнгі оқулықтарды ғана емес, сонымен қатар өткен кезеңдерде жазылған оқулықтардағы озық педагогикалық және әдістемелік ой - пікірлерді жаңғыртып, оларды тиілді пайдалана білуімізге ұмтылуымыз қажет.
Оқулықтану үлкен педагогикалық мәні бар өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл мәселеге педагогика классиктерінен бастап, қазіргі күнге дейінгі көптеген ғалым - педагогтардың еңбектері арналған.
Ұлы ғалым - педагогтардың (Я. А. Коменский, К. Д. Ушинский, Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, Ж. Аймауытов және т. б. ) оқулықтану мәселесіне баса назар аударғаны тегін емес. Оқулықтанудың өзекті мәселелері Е. П. Есипов, Д. Д. Зуев, В. П. Стрекозин және тағы басқалардың еңбектерінде тереңірек қарастырылған. Оқулықтанудың кейбір мәселелеріне ұстаздарымыз, профессорлар С. Р. Рахметова, Т. С. Сабыровтың, А. Н. Ілиясованың, Р. М. Қоянбаевтың және т. б. еңбектерінде де айтарлықтай көңіл бөлінген. Бұл орайда, әсіресе оқулықтануды арнайы педагогикалық проблема ретінде қарастырған Д. Д. Зуевтің еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады. Ал Қазақстанда оқулықтану мәселесі А. Құсайынов, Л. Асыловтың, Ж. Т Қайыңбаевтің еңбектерінде арнайы проблема ретінде қарастырылған.
Қазақ тіліндегі математика оқулықтарының тарихына көз жіберсек, ол өзінің бастауын ХХ ғасырдың басынан алады. Қазақ мектебіне арналған тұңғыш математика оқулығы 1914 жылы « Есеп құралы» деген атпен жарық көрді. 1920-30 жылдары математика оқулықтарын дайындауға М. Дулатов, К. Жаленов, С Қожанов, Қ. Сатбаев, Е. Омаров сияқты алаш азаматтары атсалысты. 1930 жылдан бастап алаш қайраткерлерінің бұл істен аластатылуына байланысты қазақ тіліндегі математика оқулықтарын жазу Ғ. Бегалиев, Ә. Сыдықұлы, А. Жаманұлы, С. Рахметұлы, Ә. Хасенұлы, Т. Құралов сынды педагогтарға тапсырылды. Осы авторлар 1930-40 жылдары көптеген математика оқулықтарын жазды. Бұл оқулықтардан қазіргі күнгі жаңа сипаттағы қазақ бастауыш мектебі үшін математика оқулықтарын дайындауда пайдалануға болатын аса маңызды әдістемелік идеяларды кездестіруге болады. Бұл біздің зерттеу жұмысымыздың тақырыбын « 1930-40 жылдардағы ана тіліндегі матемтика оқулықтары және олардың ерекшеліктері» деп алуымызға себеп болды.
Зерттеу жұмысының мақсаты: 1930-40 жылдардағы ана тіліндегі математика оқулықтарындағы аса құнды әдістемелік идеяларды анықтап, олардың ерекшеліктерін айқындау.
Зерттеудің міндеттері:
- Оқулықтанудың педагогикалық негіздеріне сипаттама беру.
- 1930-40 жылдардағы бастауыш мектепке арналған математика оқулықтарының ерекшеліктерін айқындау және осыған байланысты жүргізілген педагогикалық тәжірибе жұмыстарын баяндау.
Зерттеу объектісі. 1930-40 жылдардағы ана тілінде жарық көрген математика оқулықтары.
Зерттеу пәні. 1930-40 жылдардағы ана тілінде жарық көрген математика оқулықтары ерекшеліктерінің маңызы.
Зерттеу көздері. 1930-40 ж. ж. кезеңдегі математикалық білім беру ісіне байланысты ресми құжаттар, математиканың оқу бағдарламалары, және оқулықтары, мерзімді педагогикалық басылымдар, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы, «Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы». және т. б.
Педагогика, психология, және математиканы оқыту әдістемесіне байланысты жарық көрген түрлі мазмұны құнды ғылыми еңбектер, білім беру мен тәрбие процесіне қатысты қағидалар, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің құжат-заңдары зерттеу жұмысымыздың әдіснамалық негізі болып табылады.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының нәтижелері педагогика тарихы мен математиканы оқыту әдістемесі ғылымын тың ғылыми деректермен толықтыра түседі. Сондықтан бұл тақырыпты зерттеу теориялық тұрғыда маңызды болып табылады. Зерттеу жұмысының материалдарын педагогикалық жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждерде болашақ бастауыш мектеп мұғалімдерінің кәсіби білімін жетілдіру саласында пайдалануға болады.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- Зерттеу жұмысындағы материалдар тұңғыш рет жүйелі түрде ғылыми айналымға түсіп отыр;
- 1930-40 жылдардағы математика оқулықтары тұңғыш рет жүйелі түрде ғылыми талдауға алынды;
- Математиканы оқыту әдістемесі ғылымын байытып тереңдете түсетін, аса құнды әдістемелік идеялар анықталды.
- Қазіргі мектеп тәжірибесінен өткен кезеңгі маңызды ой-пікірлерді ендіру.
Зерттеу әдістері. Зерттеу проблемасына байланысты педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді теориялық тұрғыда талдау және жүйелеу, архив деректері мен танысып, оларды жинақтау, өңдеп қорыту, озат педагогикалық тәжірибені оқып үйрену, қорытындылау және тарату.
Алғашқы ақпарат. Бастауыш сыныптарға арналған ана тіліндегі математика оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдары, оқу бағдарламалары мен оқужоспарлары, архив деректері.
Зерттеу базасы. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің психология- педагогика факультеті.
Жоспарланған апробация. зерттеу жұмысының материалдарын Психология - педагогика факультетінде «Бастауыш мектепте математиканы оқыту әдістемесінің тарихы» пәнінен практикалық сабақтар өткізу барысында пайдалану.
Зерттеуден күтілетін нәтижелер. Зерттеу жұмысының нәтижелерін қазіргі қазақ бастауыш мектебіне арналған математика оқулықтарын жетілдіре түсу бағытында пайдалануға болады. Сондай-ақ «Педагогика тарихы», «Бастауыш мектепте математиканы өзгерту әдістемесінің тарихы» пәндерін оқыту барысында кеңінен пайдалануға болады.
Зерттеу нәтижелерінің сынақтан өтуі және тәжірибеге енгізілуі. Зерттеу материалдары мен нәтижелері курстық жұмыс ретінде және ғылыми баяндама түрінде 2006 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-інің псхология-педагогика факультетінде өткізілген конференцияда және студенттердің ғылыми конференциясында талқыланды. Сонымен бірге зерттеу материалдары негізінде Абай атындағы Қаз ҰПУ-нің «Хабаршы» ғылыми басылымының «Бастауыш мектеп және дене мәдениеті» сериясының № 2, (11) 2006 жылғы санында «Ғали Бегалиевтің «Есеп құралы. Бірінші жылдық» атты оқулығы» тақырыбында, сонымен бірге келесі мақала «12 жылдық білім беруге көшу жағдайында болашақ мұғалімдерді дайындау мәселелері» сериясының халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары бойынша № 2, (11) 2006 жылғы санында «Усул-жадид» медреселерінде пайдаланылған математика оқулықтары» тақырыбында мақалалар жарияланды.
Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиет тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Кіріспеде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, объектісі мен пәні, зерттеу көздері, зерттеудің әдіснамалық негіздері мен теориялық және практикалық маңызы, ғылыми жаңалығы, әдістері, алғашқы ақпарат, зерттеу базасы, күтілетін нәтижелері және оның сыннан өтуі келтіріліп, зерттеудің ғылыми-әдіснамалық аппараты тұжырымдалды.
І - тарауда оқулықтанудың педагогикалық негіздеріне және оқулықтарға қойылатын негізгі талаптарға сипаттама берілді.
ІІ - тарауда бастауыш мектепке арналған ана тіліндегі математика оқулықтарының ерекшеліктері айқындалды және педагогикалық тәжірибе жұмсының мазмұны келтірілді.
Қорытынды бөлімде зерттеу жұмысы барысында алынған нақты тұжырымдар, сондай-ақ зерттеу проблемасы бойынша әдістемелік ұсыныстар келтірілді.
Диссертация көлемі 80 бет, 80 әдебиеттің тізімі және 17 қосымша берілген.
І-ТАРАУ
ОҚУЛЫҚТАНУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
- Оқулық туралы түсінік
Дәстүр бойынша да, мәні мен маңызы жөнінен де оқытудың сан алуан құралдары ішінде оқулықтың алатын орны ерекше. Ол мектептік білім-тәрбие беру қызметінің бірегей педагогикалық үлгі-моделі ретінде бүгінгі таңда да ең тиімді және ең кең таралған әрі оқыту, әрі оқу құралы болып қалып отыр. Сондықтан мемлекетімізде жүргізіліп жатқан мектеп реформасының мақсаттары мен талаптарын ойдағыдай жүзеге асырып, еліміздің жас ұрпағын өзіміз бүгін де іргетасын қалап жатқан алдағы өмірге неғұрлым жетілген деңгейде әзірлеуде уақыт рухына сай жоғары сапалы төлтума оқулықтар, француз педагогі А. Шоппе айтқандай. «ұлтты ұйыстыратын феномен» рөлін атқаратын оқулықтар жасау-дәуірлік маңызға ие міндет. Тәуелсіздік алғаннан бергі жерде еліміздегі білім беру тұжырымдамасын жасау, «Білім беру туралы» Заң қабылдау, жүйені реформалау сияқты аса маңызды іс- шараларға байланысты ғылыми ізденістерге негізделген ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Қазірге кезде шығарыла бастаған жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенінің концепциясы да ғылыми-теориялық бағамдаулар негізінде өмірге келген.
Оқулық жасау проблемалары кең ауқымда кешенді түрде қарастырылғаны дұрыс. Оқулық мазмұнының ғылыми жағынан ұстамды, талдаулары нақты да дәлелді, қарастырылған мәселелер терең жан-жақты білімге негізделген, шұрайлы тілмен жазылған тартымды еңбек болуы тиіс.
Оқулық-білім-тәрбие алудың ең басты шарты-оқушының ынтасын арттыратын құрал болуы тиіс. Оқулық қандай болса, оқыту да сондай болатыны, яғни мұғалім оқулықта қалай болса, солай оқытатыны мәлім.
Оқулықта дидактикалық-әдістемелік талаптар ескеріліп, оқушылардың жас ерекшеліктері мен психологиясын терең ескеріп, бағдарламада көрсетілген білімдері анық тұжырымдалған, жүйелі тартымды оқулық болуы керек. Көп адамдар, әдетте оқулықты оқушыларды ғылым негіздері мен таныстыратын кітап деп қана ұғады. Ал орыстың тамаша педагогі К. Д. Ушинский оны сонау ХІХ-ғасырда ғылыми категорияларды педагогикалық категорияларға айналдыру жолымен өңдеген, оқушыларға арналған құрал деген екен.
Оқытудың мектептік, сыныптық жүйесі өмірге келгелі, адамзат өзінің ұзақ тарихында жинақтаған бағалы білім, тәжірибелерін, ашқан ғылыми жаңалықтарын, жасаған рухани-мәдени құндылықтары мен тәрбие, өнеге үрдістерін жеткіншек ұрпағына шама-шарқына шақтап, сатылап жүргізудің, амалдап үйретудің оқулықтан қолайлы құралын ойлап шығарған жоқ. Білім берудің компьютерлік, аудиовизуалдық және басқа жаңа құралдары кеңінен, тіпті жаппай іске қосылып отырған біздің дәуірде де мектеп оқулығының рөлі арта түсуде.
Білім беруді қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымынан, мәдени құндылықтарынан, ұлттық дәстүр, рухани негізден бөле-жара қарауға болмайды. Жас ұрпақты халқымыздың рухани байлығымен және қазіргі замандық біліммен қаруландырып қана қоймай, олардың бойына жаңа сапалы дағдылар мен икемділіктерді дарытуда да жаңа буын оқулықтарымыз үлкен рөл атқарады.
Көрнекті француз педагогі Р. Сегэн өзінің мектеп оқулықтарын талдау методологиясына арналған іргелі еңбегінде қолжазбаны дайындау, басып шығару мен таратуға 6 жыл керек депті. Іс жүзінде атына заты сай оқулық жазу-орасан қиын іс, ал оған қайылатын талаптар - өз алдына бір ғылым. Оқулық теориясын оған қойылатын дидактикалық талаптарды үңіле зерттеп, сол негізде жазбақшы оқулығына қатысты тыңғылықты мәселелер ескерілуі тиіс. Оқулық жазудың машақатын басынан өткерген әйгілі ғалым, академик А. Колмогоров оның қиындығын жаңа бір реактивтік ұшақ құрастырып шығумен теңеген екен.
Егемен ел ретінде өзіміздің ұлттық төл оқулықтарымызды шығаруға кіріскен біраз ғалымдарымыз бар. «Педагогика ғылымы қандай болса, оқулықтарда сондай. Оқулықтарды жетілдіру дегеніміз-тікелей педагогика ғылымын дамыту деген сөз» (В. В. Краевский) .
Ресей педагогтерінің, сондай-ақ орысшаға аударылған өзге елдер ғалымдарының теориялық тұжырымды зерттеулеріне сүйенсек, Ю. К. Бабанский, В. В. Краевский, И. Я. Лернер, Н. Ф. Талызина, В. П. Беспалько, С. Г. Шаповоленко, Л. В. Занков, Д. Д. Зуев т. б. сияқты көрнекті ғалымдардың іргелі еңбектерінің нәтижесінде бүгінгі оқулық теориясы педагогиканың құнарлы да қомақты бөлігін құрайды.
Оқулық дегеніміз - ғылымды педагогикалық тұрғыдан баяндайтын, басқаша айтқанда, ғылыми категорияларды педагогикалық категорияларға айналдырып өңдеп, оқушыларға ұсынатын құрал. Белгілі теоретик С. Г. Шаповаленконың: «Оқулық - ғылым негіздерін меңгеру үшін оқушыларға арналған құрал., … Оқулықтарда белгілі бір мөлшерде оқу пәндерін оқыту әдістемесі де көрініс табады», -деген тұжырымының жоғарыдағы анықтама мен үндесіп жатқанын көреміз. Алайда, «ғылымды педагогикалық өңдеу» - өте күрделі және жалпылама ұғым. В. П. Беспальконың: «Оқулық жазу - оңай шаруа емес, нағыз оқулықтар жасайтындай болып кемелдену үшін, педагогика жөніндегі қазіргі ғылыми монографияларды байыбына және зерттеп оқыған жөн», - деуінің мәнесі де сонда. Кейбір педагогтар, мәселен, Л. В. Занков, оқулықты педагогикалық жүйенің үлгісі ретінде қарастырып, оқулықты түзудің негізінде қашанда оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің жалпы педагогика негізінде қабылданған әдістемелік жүйесі жатуға тиіс деп санайды. Белгілі ғалым М. И. Скаткин: «Оқулыққа белгілі бір мөлшерде оқыту әдістемесі де ендірілген…. Бұл мағынада оқулық алдағы оқыту қызметінің өзінше бір жобасы болып табылады», -дейді. Басқа да бірқтар ғалымдар өз еңбектерінде осыған ұқсас пікірлер айтады. Мысалы, И. Я. Лернер, В. В. Краевский, Н. Ф. Талызина сияқты көрнекті теоретиктер: «Оқулық жасау оқу-тәрбие процесін жобалау жөніндегі жұмыс», -десе, белгілі чех педагогі М. Караликова оқулықты «нақты оқу процесінің бастапқы нобайы» деп қарайды. (1976, б. 22) . Н. Ф. Талызинаның «оқулықтың іс жүзінде оқу процесінің барлық кезеңдерінде пайдаланылып әрі толықтай немесе ішінара оқытушының міндеттерін атқара алатыны» (1978, с. 32) жайындағы пікірі мен И. Я. Лернердің «Оқулық бүкіл оқыту процесіне қызмет етуге арналған» (1978, б. 46) деген және В. В. Краевскийдің «оқулықта оқушының қызметі ғана емес, солай болуға тиіс деп ұйғарылған мұғалімнің қызметі де көрініс тапқан, белгіленген (1976, б. 13) деген ой-пікірлерінің сабақтасып жатқанын көреміз.
Оқулық оқу материалына онымен жұмыс істеу әдістемесін қоса ұсынады, яғни мұғалімге оқу материалын қалай оқытып, меңгертудің, оқушыға қалай оқып, меңгерудің тәсілдерін береді. Басқаша айтқанда, оқулықта білім беру мақсаттары мазмұны әдістер түрінде нақтыланады. Сөйтіп мектеп оқулығы оқытудың тиімділігін арттыру мақсатымен құрастырылып, оқу процесінде енгізілетін, біріншіден, оқу процесінде сан қырлы қызмет атқарады, екіншіден, оқытудың әр түрлі объектілерін қозғалысқа келтіреді, яғни іс-қимылға жұмылдырады және үшіншіден, оқу барысына жәрдемдесетін неше алуан іс-әрекет түрлерін ұсына алады.
Оқулық о бастан, негізінен білімдерді ұсыну мен жаттығулар жинағы ретінде ғана пайдаланылып қоймай, сонымен қатар ол әлеуметтік және мәдени құндылықтарды тарату қызметін де өтеп келеді. Бұлар бүгінгі таңда да оқулықтың атқаратын басты қызметі болып қалып отыр. Алайда мектеп оқулықтары жаңа қажеттерді де өтеуге, яғни оқушылардың байында дербес іс-қимыл дағдыларын дамытуға, оқытудың әр түрлі тиімді әдістемелерін ұсынуға, алған білімдерді күнделікті тәжірибемен сабақтастыруға, пәндер аралық интеграцияны жүзеге асыруға тиіс.
«Педагогика энциклопедиясында» оқулық дегеніміз - «Оқытудың бағдарламада белгіленген мақсаттарына және дидактика талаптарына сәйкес белгілі бір оқу пәні бойынша ғылыми білімдердің негіздерін баяндайтын кітап», -деген анықтама берілген (ІV-т, 41б., 1967, М) . Оқулықтар оқу бағдарламаларының негізіндере жасалады. Анықтамада аталған оқытудың бағдарламада белгіленген мақсаттары мен дидактикалық талаптардың оқу орындарының түр-түріне және оларда оқылатын пәндерге қатысты елеулі --елеулі ерекшеліктері болатыны анық. Сондықтан бәрінің атауы бір болғанымен, бастауыш, орта, арнаулы орта, жоғары мектептерге, кәсіптік - техникалық оқу орындары мен жекелеген пәнді тереңдетіп оқытатын мектептерге т. б. арналған оқулықтарға қойылатын талаптар бірдей емес. Осылардың ішіндегі ең күрделісі, шын мәніне келгенде, нағыз оқулыққа саналатыны - орта мектептерге арналған оқулықтар.
Жоғарыда айтқанымыздай, егемендік алғаннан бері, республикамызда ғылымның әр саласына жататын пәндер бойынша көптеген жаңа оқулықтар жазылып, жарық көрді. Олардың авторлары ішінде педагогикалық жоғары оқу орындарының ғалым - оқытушылары мен тәжірибелі мектеп мұғалімдері, еліміздің бетке ұстар оқымыстылары бар. Оқулықта ғылым негіздерін, оның заңдары мен әдістерін жай ғана баяндап қоюмен іс бітпейді, бұл жағынан оның басқа кітаптардан айырмашылығы: оқулық ең алдымен, теориялық материалды оқыту мақсатына сай талғап, іріктеп алуымен, білімдерді баяндап жеткізудің өзіндік әдістемелік формасымен және бірізділігімен, тәрбиелік мақсаттағы материалдың болуымен, пәннің маман емес оқырманға - оқушыға арналғанын ескерумен ерекшеленеді.
Оқулық сонымен қатар әйтеуір бір оқырманға емес, белгілі бір дәрежеде дайындығы бар, белгілі бір оқу сатысындағы, яғни белгілі бір сыныптағы оқушыларға арналған. Оқулықтың атқаратын үш міндеті, білім беру, дамыту, тәрбиелу-міне, осы сыныптың мектептегі оқыту жүйесіндегі реттік орнына қарай айқындалады. Өйткені оқулық сол сыныпқа арналған бағдарламада көрсетелген материалдан ғана емес, сонымен бірге оқушының оқулықпен жұмыс істеу бағдарламасынан, игерген білімдерін өзіндік бақылау жүйесінен тұрады. Онда оқушының оқу материалы мен істелетін жұмыстарды белгілі бір тәртіппен орындау жөнінде де нұсқау беріледі. Оқулық қатаң түрде бағдарлама бойынша жазылады. Онда қамтылатын материал бағдарламада көрсетілгеннен көп те, аз да болмауға тиіс. Тек кейбір жағдайда ғана автор оқулық мазмұнының логикасынан туындайтын азды - көпті орынды ауытқуларға баруы мүмкін. Әйтпесе, оқулықты бағалауда: онда пәнді оқып-үйренудің бағдарламада тұжырымдалған жалпы мақсатының көрініс тапқан - таппағаны; пәннің тәрбиелік жағынан қаншалық қамтылғаны; ғылымның тәжірибемен байланысын көрсететін материалдың бар-жоғы; бағдарламада санамалап көрсетілген материалдардың бәрінің кірген - кірмегені; оқу материалын баяндаудың бірізділігі мен белгіленген көлемнің сақталған - сақталмағаны тәрізді мазмұндық және әдістемлік тұтастығын білдіретін шарттар негізгі алынуы тиіс. Әрине, материалдың ғылыми деңгейі, бағдарламалық қағидаларды баяндау мен алып түсіндірудегі әдеби және әдістемелік шеберлік: материалды білім сатысымен оқушылардың жас ерекшеліктеріне сай тапқырлықпен әрі иланымды етіп жаза білу, фактілік материалдарды әрбір параграфқа шақтап әрі дұрыс сұрыптап ала білу; оқулықтың сол сыныптың басқа оқулықтарымен (мысалы, физика мен химия, әдебиет пен тарих т. б) және төменгі, жоғарғы сыныпқа арналған сол пән оқулықтарымен байланысы; сөздік құралы, сөйлемдік құрылымы (сөздің тура немесе ауыспалы мағынада көбірек қолданылуы, жай, құрмалас, күрделі-аралас құрмалас сөйлемдерді қолдану, т. б), стилі (баяндау, суреттеу, сипаттау тәсілдерін, бейнелі, көркем айшықты сөздерді орынды қолдану, т. б) және т. б. - оқулық сапасын анықтайтын басты критерийлер болып табылады.
Әдетте, тәжірибесіз немесе мектеппен байланыстары жоқ авторлар бағдарламада көрсетілген білім мазмұндарын «толық және сарқа» баяндауға бой алдырып, басқа «ұсақ - түйекке» онша мән бермейді: Ал, шынына келгенде, оқулықты оқулық жасайтын, яғни оқытылатын, үйретілетін білімді оқушыларға жеткізіп, меңгертіп, «істі басшылыққа» айналдыратын әлгі «ұсақ - түйектер» болып табылады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz