Мұқағали Мақатаев поэзиясынның көркемдік жүйесі


ӘОЖ 811. 512. 122-1 Қолжазба құқығында
ӨТЕЙҰЛЫ ЖҰМАШ
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ ПОЭЗИЯСЫННЫҢ
КӨРКЕМДІК ЖҮЙЕСІ
10. 01. 02 - қазақ әдебиеті
Филология ғылымдарының кандидаты
ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертацияның
авторефераты
Қазақстан Республикасы
Астана, 2007 ж.
Жұмыс Л. Н. ГУМИЛЕВ атындағы ЕУРАЗИЯ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы, профессор Қ. Алпысбаев
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы,
профессор Қ. Жүсіп
филология ғылымдарының кандидаты,
Н. Бекеева
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық
университеті
Диссертация 2007 жылы “ 31“ қазан сағат16 - 00 Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі 10. 01. 02-қазақ әдебиеті және 10. 01. 07- салыстырмалы әдебиеттану мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі Д 14. 31. 03 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.
Мекен - жайы: 010008. Астана қаласы. Қ. Мұңайтпасов көшесі, 5.
Диссертациямен Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында танысуға болады.
Автореферат 2007 жылы “27“ қыркүйекте таратылды.
Диссертациялық кеңестің ғалым
хатшысы міндетін атқарушы,
филология ғылымдарының
докторы, профессор Б. Ш. Абылқасымов
Кіріспе
Жұмыстың жалпы сипаттамасы . Шын дарын өз заманының шындығын шығарма арқауына айналдырып, халық көңіліне ұяласа, ол мәңгі өмір сүреді. Халық сеніміне ие болу, оның қас - қабағын бағып, көңілі қалағанын жырға түсіру, сыр ғып шерту келешектің жарқын сәулесімен нұрландыра түсуі сирек кездесетін бақыт. Оны Мұқағали ақынның поэзиясынан танып, көруге болады. Қазақ елінің тәуелсіздік алған кезеңінде Мұқағали Мақатаев мұрасына бұрынғыдан әлдеқайда басым жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармаларына өзі дүниеден қайтқаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мұқағали өлеңдері - ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса да, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай жарасымды табиғи дамытты. Ол бірде қоғамның керенаулығын бетіне басқан қатал сыншы, енді бірде бала мінезді кіршіксіз таза, аңқылдаған аңғал жан. Сөйтіп жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады. Осыған орай диссертацияда ақынның қазақ поэзиясындағы өзіндік ерекшелігі бар көркемдік жүйе тұрғысынан қарастырылады.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі . Поэзиядағы көркемдік жүйенің жасалу және қалыптасу сипаты бүгінгі әдебиеттану ғылымындағы ерекще назар аударуға тиіс мәселенің бірі. Қашанда өмір шындығын көркем түйіндеп суреттеу, яғни тарихи-қоғамдық болмысты сол болған қалпында жалаң баяндап қана қоймай, көркемдік үлгіде ләззат аларлық дәрежеде жеткізе көрсету аса мәнді де маңызды. Осы ретте ауыз әдебиеті үлгілерінде, жеке ақындар шығармашылығында көркемдік жүйе қандайлық дәрежеде. Олар өмір шындығын көркемдік шынайылық биігіне көтере алған ба деген мәселелер төңірегінде ойлансақ, мыналарға көзіміз жетеді. Бұған кейде онша мән берілмейді. Анығында бұрынғы және бүгінгі жеке ақындардың поэзиясына қарағанда, ауыз әдебиетінің туындылары деп саналатын “Қыз Жібек”, ”Айман - Шолпан”, сондай-ақ сол халықтық дәстүрден сусындай отырып, өз шығармашылықтарында оны жетілдіре, дамыта түскен ”Біржан-Сара”, ”Әсет пен Рысжан”, т. б. сияқты идеялық көркемдік мәні жоғары шығармаларда өмір шындығы анағұрлым кең, анағұрлым терең көрсетіледі. Мәселе сол өмір шындығы көркем өнердің биік талаптарына сай суреттеледі, эстетикалық ләззат береді. Адамгершілікке, бостандық пен теңдікке, ар-намысқа талпынған ақылды, тапқыр қазақ жастарының көркем образдарын, кесек мінезін жасаған. Олармен салыстырғанда ауыз әдебиетінің тұнығын ішкен жыраулар поэзиясының өкілдері, айтыс ақындары өмір деректерін әр көлемде қамтыса да шыншылдық, көркемдік сипаты жағынан төмен жататындығы жасырын емес. Алайда поэзияның осы шыншылдығы жетімсіз, көркемдік мотивтері кемшін тұсын Махамбет, Абай, Ыбырай, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс, Қасым өлеңдері төрт құбыласын түгендеді. Осының нәтижесінде поэзия өзінің өмірлік, сұлулық сипаты жағынан халықтың рухани дүниесін молықтыруға үлес қосты. Көркемдік биік сапаланумен, шыңғыртып айтқан шындықпен жазылған шығармалар әрқашанда халықтың, белгілі бір заманның кең тынысты рухани өмірінің айқын айнасы болумен бірге әдебиеттің даму тарихында жаңа дәуір жасалды. Бізде бұл поэзияда Абайдан, прозада М. Әуезовтың “Абай жолынан” басталғаны мәлім. Абай поэзияны идеялық, көркемдік жаңа биікке көтере отырып, оқушысына идеялық, эстетикалық тәрбие беруді, немесе шығармашылықты “өмір оқулығы” ретінде қызмет атқаруға жеткізді. Әрі ол өлеңдеріне мүлде жаңа міндет жүктеді. ”Түзетпек едім заманды” деп, көркемөнердің өмірді дамытуға, өзгертуге шешуші үлес қосуын, белсенді әрекет етуін, идеялық-көркемдік құрал дәрежесінде биіктеуін уақыттың үлкен талабы есебінде ұсынды.
Осы тұжырымдарды шығармашылығына мықтап өзек еткен Мұқағали - Абай мектебінің түлегі. Әсіресе шығармаларының көркемдік қуаты, тақырып ауқымының кеңдігі, идеялық мақсатының тереңдігі, философиялық түйіні тұрғысынан мәнділігі, ұлттық болмысты, ұлттық психологияны, ұлттық көзқарасты бейнелеудегі шеберлігі жағынан өзінідк ерекшелігі бар. Ақын поэзиясы тақырыбының молдығы, көркемдік қуатының өзгешелігі, философиялық түйіндеулері, образ жасау шеберлігі жайында бүгінгі таңда аз айтылып жатқан жоқ. Алайда өзі өлсе де өшпес мұраға айналған, оқырман көңіліне берік ұялап, әр ұрпақпен үн қатысып, жаңа буын өкілдерімен сыр шертісе бастаған Мұқағали поэзиясына терең бойлай түсу, әр қырынан ғылыми саралап зерттеу әдебиеттанудағы маңызды мәселенің бірі деп білеміз.
Мұқағали қазақтың бай ауыз әдебиетін, одан кейінгі жазба әдебетінің озық үлгілерін, әлемдік әдебиет жетістіктерін бойына толық сіңіріп қабылдай отырып, поэзияда қалыптасып орныққан өлшем-өрнекті керек жерінде қырнап-өңдеп, түрлендіріп қолдану жағынан шеберлік танытты. Осы негізде жаңа өлшем, ұйқас түрлерін қолдана отырып, ұлттық поэзияның ырғақтық, әуезділік байлығын да молықтыра түсті. Мұқағали поэзиясының көркемдік түрін құрайтын бөлшектерге, яғни композиция, сюжеттік құрылыс, жанрлық өзгешелік бен бейнелеу тәсілдері, тіл кестесі, өлең өрнегі, өлеңге тән ырғақ пен интонация жүйесі, шумақ, ұйқас түрлерін қарастыру, олардың тұтастығын көркемдік жүйе дәрежесінде қалыптасуын және сол шығарманың идеялық мазмұнымен ажырамас бірлестік табуын анықтау, ғылыми түрде дәлелдеу, ақындық құпияларына үңілу зерттеу жұмысының өзектілігін көрсетеді. Сондықтан ақын поэзиясын көркемдік жүйе тұрғысынан зерттеуді мақсат еткен диссертация тақырыбының өзектілігі талас тудырмайды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі Поэзияның көркемдік сипаты әрдайым зерттеу обьектісіне айналып, сыншылар мен ғалымдардың назарында болып келгені байқалады. Мәселен орыс әдебиетінде В. В. Виноградовтың, Е. И. Клименконың, З. С. Паперныйдың, В. Е. Холшевниковтың, К. Чуковскийдің, П. С. Шамсутдиновтың, С. Л. Сергеевтің, Л. Н. Смайлованың, М. Г. Михайлованың, С. Н. Степиннің ғылыми зерттеу еңбектерінде осы мәнді мәселені көтерген. Төл әдебиетімізде де көркемдік мәселесі әр қырынан қарастырылып келген. Нақтырақ айтсақ, Қ. Жұмалиевтің, М. Қаратаевтың, ӘТәжібаевтың, З. Ахметовтың, Р. Сыздықованың М. Дүйсеновтың, Т. Әбдірахманованың, Т. Ақшолақовтың, Т. Әбдірахмановтың, М. Базарбаевтың, Б. Кәрібаеваның, А. Нағметовтың С. Оразалиновтың еңбектерінде сөз болады. Сондай-ақ, Қ. Жүсіптің “Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік”[1] монографиясында, Ж. Боранбаеваның “М. Жұмабаев поэзиясының көркемдік жүйесі”[2], Тұржан Оңайгүлдің “Махамбет поэзиясының көркемдік ерекшелігі”[3] атты диссертациясында көркемдік жүйе мәселесі мен әдеби көркемдеу тәсілдері жан-жақты сараланып, арнайы қарастырылады. Ал мерзімді басылымдардағы, ғылыми конференциялардағы көркемдік мәселесінің жеке ақын-жазушылар шығармашылығы бойынша талдануы жеткілікті дәрежеде.
Ал тікелей М. Мақатаевтың шығармашылығы жайында сөз болғанда Ә. Тәжібаевтің алғашқы сәт-сапар тілеген мақаласынан бастап Мұқағали шығармашылығы әдеби сын назарынан тыс қалған жоқ. Қ. Алпысбаевтың “Мұқағали өрнегі”[4] зерттеуі, “Естеліктері” мен «Мұқағалидастан»[5] кітаптары шықты. Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығын арнайы ғылыми тұрғыда зерттеу соңғы он-он бес жыл ауқымында ғана басталды. Тындырылған шаруалардың қатарына жылма-жылғы туған күндері қарсаңында жарияланып жатқан мақалаларды, әрі 50, 60, 70 жылдық мерейтой қарсаңындағы ақын-жазушылардың, ізденушілердің, ғалымдардың 500-ге тарта ғылыми - танымдық материалдарын жатқызуға болады. Жеке ғылыми зерттеулерде бой көтере бастады. Қазанбаева Айнагүл Зікірқызының “М. Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері“ [6] мен Бекеева Нұр-Айша Жүсіпқызының “Қазақ поэзиясындағы қаһармандық рух пен трагедиялық ахуал”[7], Қарақалпақстандық Хамидуллаев Күрленбайдың “Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі“ [8], Бегманова Бибіжан Сейітханқызының “М. Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты”[9] кандидаттық диссертацияларын, Абишева Сауле Жүнісқызының “Поэтическая система “Мир природы “ структура и семантика“ [10] деген тақырыптағы докторлық диссертациясында да Мұқағали шығармашылығы бірсыпыра талданды. 2006 жылдың басынан “Мұқағали” журналы ай сайын шыға бастады. Міне бұлар ақынның бай мұрасын туған халқына жеткізудегі және оны зерттеп, ақынды ғылыми тұрғыдан танудағы істеліп жатқан жұмыстар. Осылар арқылы Мұқағалитанудың ғалыми-танымдық бұлақ көзі ашылды, оның сала - сала боп, арналана түсері анық. Демек Мұқағали туындылары түгенделіп, байыпты зерттелген сайын ақын рухы бізге жақындап, бізді өзіне барған сайын баурап отыр. Алайда Мұқағали поэзиясы бірыңғай көркемдік жүйе тұрғысынан арнайы қарастырылған жоқ.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері : Диссертациялық жұмыстың басты мақсаты - көркем әдебиеттегі, өнердегі ілгері-кейінгі көркемдік жүйесінің сөз болу жайына барлау жүргізіп, терең негіздеріне үңілу. Қадым заманнан қазірге дейінгі ұлтық белгілеріміз бен сапаларымыздың жай-күйіне назар салып, нақты мысалдар арқылы Мұқағали поэзиясының көркемдік жүйесін ғылыми саралау. Негізгі мақсатты орындау үшін диссертациялық жұмыста мынандай басты міндеттерді шешу алға қойылды.
- Мақатаев поэзиясының рухани құндылыққа айналуының басты себептерінің бірі - көркемдік келісімде екендігін ғылыми тұрғыдан дәйектей отырып, көркем әдеби тіліміздің жетілуіне, бейнелік күшінің толыға түсуіне қаншалықты үлес қосқанын саралау;
- Зерттеуде Мұқағали шығармаларының тек поэзия құдірет - күшінің ауқымы мен аясына сыйып тұрған жұмбақтарына жетелеу;
- Мұқағали шығармаларында мол көрініс табатын шеберлік тұғыры - тіл тазалығына, ой саралылығына, тебіреніс тереңдігіне көңіл бөліп, ұлттық тіл байлығын құбылтуы, қолданудағы көркемдік бейнелеу ерекшеліктеріне назар аудару;
- Ақынның эпикалық туындыларындағы өмір шындығының көркем шындыққа ұласуы, адам бейнесін жасаудағы көркемдік жүйе шеберлігін сараптау;
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы . Мұқағали шығармашылығындағы көркемдік жүйе осыған дейін дербес зерттелмеген. Зерттелсе де белгілі ортақ тақырыптардың аясында, не әлденеше авторлардың айналасында қарастырылатын. Бұл жолғы зерттеу арнайы әрі нысанды мақсатта жүргізілді. Сондықтан диссертацияның ғылыми жаңалығы көтерілген тақырыптың мәнділігімен, көкейкестілігімен айқындалады.
-Мұқағали шығармашылығының сүйенген үш тағаны, байланған үш қазығы бар. Оның біріншісі- ақынның әрқашан да жанымен ақтарылып айтқан бүкпесіз де қарапайым сыршылдығы. Екіншісі - асқақтық яғни өмірді сындарлы санамен екшеп, елеп парасатты пайым жасап, күрделі қорытындылар шығаратын сыншылдық көркемдеу жүйесі. Үшіншісі азаматтығы - қоғамдық әлеуметтік мәселелерді, күллі тыныс-тіршілікті өлеңіне арқау еткен ақын кемелдігі дәлелденеді.
- Еңбекте Мұқағали шығармаларындағы ұлттық айшықтар кең ауқымда, алдыңғы толқындармен ұштастырыла, кейінгі буындармен сабақтастырыла, ұлттық идея мен идеология негізінде, өмірмен өзектестіріле қарастырылады.
- Тақырып аясында көркемдік ой-санаға қозғау салып, ұлттық рухтың оянуы мен терең тамырлануына жетелеуде әдебиеттің орны Мұқағали поэзиясы мысалында ғылыми тұрғыдан тұжырымдалады.
- Поэзияның рухани азықтығына, адами қасиеттердің орнығуына, қоғам өмірін нұрландыруға септігін тигізіп, толыққанды азаматтардың қалыптасуына оңды әсер туғызатыны, негіз қалайтыны Мұқағали өлеңдері арқылы пайымдалады.
- Көркемдік - поэзия үшін жырдың сұлулығы, әсем нақышты сүйкімділігі, адам болмысын билер әсерлілігі. Жүйе - бір қалыпқа түскен арна, тоғыз ағыстың тоғысуы. М. Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі саралануын былайша тармақтауға болады.
Зерттеу тәсілдері : Зерттеу жұмысын жазу барысында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін өлең-дастандардағы көркемдік жүйелерге, ұлттық белгілерге, образдардың сұрыпталу ерекшелігі мен сомдалу дәрежесіне үңіліп, көтерілген идеялардың мәнділігіне назар аударылып, кешенді әдеби талдау әдіс-тәсілдері қолданылды.
Зерттеу нысаны ретінде М. Мақатаевтың өлең, толғау, поэмалары негізгі материал болды. Зерттеу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық кітапханасының, Қазақстан Орталық Мемлекеттік архивінің, ақынның жанұялық кітапханасы мен қолжазбалар қорының, әдеби-ескерткіш мұражайы мұрағаттары мен 1991-2006 жылдар арасындағы жинақ папкілер материалдары пайдаланылды.
Ғылыми жұмыстың теориялық - методологиялық негізі ретінде
А. Байтұрсынов, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Б. Кенжебаев, Қ. Жұмалиев, Т. Әлімқұлов, З. Қабдолов, Т. Кәкішев, Р. Бердібаев, С. Қирабаев, З. Ахметов, М. Қаратаев, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, Ш. Елеукенов, Ж. Ысмағұлов, Қ. Мәшһүр-Жүсіп, С. Негимов, А. Егеубаев, А. Еспенбетов, З. Жұмағали, Ж. Дәдебаев, Т. Жұртбай, Б. Майтанов, Д. Ысқақұлы, Б. Әбдіғазиұлы, Д. Қамзабекұлы, Р. Тұрысбек, М. Хамзин, Т. Есембеков, Қ. Алпысбаев, т. б. зерттеуші ғалымдардың тікелей және жанама қатысы бар сындарлы зерттеулері жұмысқа теориялық және әдіснамалық негіз ретінде пайдаланылды, таяныш етілді.
Зерттеудің ғылыми -тәжірибелік мәні : Жұмыстың нәтижелері мен тұжырымдары, орта мектептерге, жоғарғы оқу орындарына арналған оқулықтар жазуда, хрестоматиялар құрастыруда, бағдарламалар жасауда, сондай-ақ қазақ әдебиеті бойынша арнаулы курстар мен семинарлар жүргізуде, қазақ халқының тарихына, мәдениеті мен өнеріне қатысты зерттеулерде ғылыми мағлұматтар беруге көмектесері анық.
Жетекші идея : Құқықтық, демократиялық негізде қалыптасып келе жатқан жас мемлекеттің іргесін беріктеу, оған көркемөнерді сүйетін дүйім елді қатыстыру, әрбір перзенттің, Қазақстан азаматының ұлтжандылығын ұлғайту.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесінде төмендегідей тұжырымдарды ұсынамыз.
- Мұқағали поэзиясының көркемдеу жүйесі - ойлау деңгейінің биіктігімен, философиялық пайым жасау дәлдігімен, тереңдігімен дараланады. Өлеңдердегі сюжеттік желінің дамытылуы мен үндестігі ерекшелігімен, өлең мен сырласу шеберлігімен, муза құдіретін түйсіндіруімен оқшауланады.
- Мұқағали қазақ поэзиясында саяси-әлеуметтік, азаматтық, қоғамдық, табиғат, махаббат, тарихи-танымдық тақырыптағы лириканың дамуына мықтап үлес қосқан. Көркем ойлау жүйесінің соны соқпақтарын шолды, тың сонарларына алып шықты.
- Ауыз әдебиеті және Абай, Махамбет бастаған ақындарымыз шығармаларынан тәлім алған Мұқағали оны творчестволықпен дамытып өзіндік ерекшелік қалыптастыра білді, айшықты, көркем тілдің шебері дәрежесіне көтерілді, сапалық деңгейін өсірді, ұлттық сипатын ұлғайтты.
- Мұқағали поэзиясының ойлау, образдау, сюжеттік желі, өлең дестесіне түсіру көркемдігі үлгілі әрі айырықша мәнді дәрежеде. Оның өлеңдерін поэзия етіп тұрған ырғақ, ұйқас қана емес, сөздің ішкі құнары, терең мазмұндық қасиеті, асқақ пафостық үлгісі, образдар әлемінің табиғилығы мен үлттық мінез-құлқында.
- Ақын шығармаларындағы аталған келісті көркемдік жүйе, биік эстетикалық мұрат, терең философиялық тұжырымдар “Мұқағали мақамы”, “Мұқағали стилі” екенін бірден аңғартады.
- Поэмалары мен классикалық үлгідегі өлеңдері арқылы қазақ жырының інжу-маржандарын молықтырды. Өлең өресінің биіктігін, жыр тынысының ұлғайғандығын айғақтады.
- Алуан тақырыпта жыр тудырған ақын ұлттық-ұлыстық мәселелерді тарихи таным тұрғысында толғай отырып, поэзиямызда бітім-болмысы бөлекше, жыр жауһарын туғызды.
- Поэма, дастандары да замана тынысын танытуымен қатар, көркем ізденістерімен дараланады. “Өмірдастанда” - басты рух лирикалық кейіпкер мен Дариға-жүрек ару болса, “Аққулар ұйықтағанда” аққу ана мен алжасқан ана, “Ару-анада” асыл Ана бейнесі, «Райымбек, Райымбекте!» Батыр баба бейнесі соғылған. “Реквием. Жан азасында” өлімге қарсылық көрсеткен, өмір үшін күрес үстіндегі ақын рухы көрініс береді. Әрі бұл образдар жүйесінің соны байлам, тың тұжырымдарына қанықтырады. Бұлар қоғамның, адамның, өмірдің өз дастаны, өз сыры.
- Мұқағали мұрасы ән-күймен егіз. Сымбат, сәулет, сурет өнерімен өзектес. Композиторлардың қанып ішер бұлағы, қисапсыз музыка қазынасы.
- Мұқағали өлеңдеріндегі ұлттық көзқарас тілімізді тірілтуге, дінімізді құрметтеуге, ділімізді сақтауға баулитын сипаты мол.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен сыннан өтуі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде орындалып, осы аталған оқу орнының қазақ әдебиеті кафедрасында талқыланды әрі қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның негізгі тұжырымдары мен нәтижелері мақала түрінде 13 (он үш) ғылыми еңбегінде жария етілген. “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Қазақ тарихы”, “Жұлдыз”, “Мұқағали” журналдарында, Халықаралық конференция материалдары жинақтарында, ”Мұқағалидастан” ғылыми-сын зерттеу мақалалар жинағында жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі үлкен бөлімнен, қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
Жұмыстың негізгі мазмұны
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттеудің мақсаты мен міндеті, ғылыми жаңалығы, зерттеу нысаны, зерттеу барысында қолданылатын әдіс-тәсілдер, теориялық және әдіснамалық негіздері баяндалады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар анықталады.
Бірінші бөлім “Мұқағали поэзиясындағы дәстүрлі жүйе ” деп аталады. Онда көркемдік жүйе ұғымының мәні мен мазмұны, ол туралы ірі ғалымдар берген анықтамалар мен түсініктемелердің дәлдігіне сүйене отырып, поэзияның өмір сүруінің мәңгіліктігінің мәселесі екендігі айқындалады. Оған Мұқағали мұрасынан мол мысалдар келтіріле отырылып, талдаулар жүргізіледі. Сөйтіп өлеңдер өзегіне бойлай ендіріледі.
Құдіретті сөз өнері, оның ішінде поэзия XIX ғасырдың екінші жартысында Абай өлеңдері арқылы ең биік тұғырға көтерілді. Ал ХХ ғасырдың бел ортасында әдебиет есігін ашқан жас талап, жаңа буын өкілі Мұқағали жырлары да сол биікке арман сапарына яғни альпинистік заңғарға қол созып, шырқау шыңға жол тартты. Сөйтіп, Абай салған соқпақ ізімен ілгері басты. Мұқағали поэзиядағы парасаттылыққа мән бере отырып, ұлылықтан үйренуге талпынды. Әсіресе Абай парасатынан нәр алып, ұлы ақын талабына орай үн қатты. Ұлттық мұраны толықтыруға өз әлінше күш салды. Рас, Абай да, Мұқағали да тақырға түскен дән емес. Құндақтаған елдің, құнарлы топырақтың, қазыналы ортаның жемісі. Олар бай ауыз әдебиетінен жүзіп ішті, әсіресе шешендік өнердің шеберлігін меңгерді, философиялық тереңдігін игерді. Жыраулар поэзиясының өткірлігі мен өршіл рухын бойына сіңірді, тың сонарларын шалды. Яғни халық даналығының небір нәрі мен дәнін жинады. Өскелең орыс әдебиетінің озық үлгілерімен, әлем классиктерімен талмай танысты, Одаққа танымал таңдаулылардың суреткерлік қабілет қарымдарынан, әдеби әдіс-тәсілдерінен үйренді. Ғаламдық деңгейде дүние танымдарын жетілдірді. Өздеріне дейінгі мықты білім қорымен қаруланды. Заманның өнегесі неде, өріссіздігі қайда екендігін ажырата білді. Соған сәйкес ащы шындығын да айта алды. Шындықты айту қашанда қиын екендігін аңғарды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz