Би-би-си-дің әлемдік әуе толқынындағы бейнесі


Пән: Журналистика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 72 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Халықаралық қатынастардың жалпы кешенінде мемлекеттердің ақпараттық қызметінің атқаратын ролі мен алатын орны барған сайын өсе түсіп отырғаны бүгінгі күндердің жұрт таныған заңдылығы болып табылады. Мұның өзі сайып келгенде, объективтік факторларға, идеологиялық процестер күрделілене түсіп, ондаған тәуелсіз жаңа мемлекеттердің халықаралық саясатқа белсенді түрде араласа бастауына және де халықтың сауаты өсе түсуіне байланысты болып отыр. Бұл үрдістің өрістеуіне бейбіт қатар өмір сүру мен қарусыздануда қол жеткен табыстар күшті ықпал етіп, ол халықтардың ынтымақтастығы мен өзара түсіністігінің, соның ішінде мәдени және ақпараттық байланыстардың өркен жаюына жағдай жасауда.

Бұл процесте теледидармен және баспасөзбен қатар, радио хабары да үлкен роль атқаруда. Бүгінгі таңда дүние жүзіндегі мемлекеттердің көпшілігі радионы дипломатиялық қызметтің маңызды тірегі ретінде қарастырып, белгілі бір дәрежедегі және белгілі бір нысандағы сыртқы саясаттарын соған иек арта отырып жүргізуде. Бұқараның дүниетанымын қалыптастырып, қоғамдық пікірге бағыт-бағдар беруде үлкен роль атқарып отырған заманымыздың осы бір маңызды факторының тұғыры барған сайын нығая түсіп отыр.

Бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында әлемде бар болғаны ондаған ғана радиостанциялар бар болатын, ал радио қабылдағышы бар адамдар да онша көп емес-ті. Алайда арада он жыл өтпей жатып радио станциялар жүздеп, радио қабылдағыштар дегеніңіз мыңдап саналатын жағдайға жеттік. Хабарымен көпшілік қауымды қамтитын бұқаралылығы, сондай-ақ шекаралық бөгеттердің болмауы радио хабарын таратудың аса маңызды бағыттарының бірі - шет елдерге арнап насихат тарату бағытын айқындап берді. Голландия, Франция және Англия секілді отаршыл елдер алғашқылардың бірі болып шет елдерге хабар тарата бастады.

30 -жылдардың басында құрылған Би-би-си-дің шет елдерге хабар тарату қызметі маңызды құралға айналып, оның көмегімен Британия имперализмі халықаралық саясатқа, сондай-ақ белгілі бір елдердің ішкі саясатына ықпал етуге ұмтылды. Сыртқы саяси насихатта тәжірибе жинақталған сайын корпорацияның осы саладағы ролі өсіп, адамдардың психологиясына, қоғамдық пікірге әсер етудің әдіс-тәсілдері жетіле түсті.

Имперализм дәуірінде капитализмнің іркілісті дамуы капиталистік елдер арасында шикізат көздері жолындағы қайшылық күресті шиеленістіріп, оның ақыр аяғы соғысқа әкеліп соқтырды. Сондықтан да Англияның радиосы Ұлыбританияның сыртқы саясатын негіздеп, оны қолдап отыруға бағытталған саясат үшін пайдаланылды. Би-би-си радиосы, әсіресе, Англияның шет елдерге хабар тарату қызметі антифашистік күрес міндеттерімен тізе қосқан екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өрістеп дами түсті. Соғыстан кейінгі кезеңде Англияның шет елдерге хабар тарату қызметінің дамуы антисоциалистік сыртқы саясатпен байланысып жатты. Шет елдерге хабар тарату қызметі бұл уақытта имперализмге қарсы ұлт-азаттық қозғалысы өріс алған социалистік достастық елдерінде қарсы іріткі салу қызметінің міндеттеріне бағындырылды.

Бүгінгі күннің өзінде көп кезеңді дамуының нәтижесі ретінде жеделділігі жоғары әрі объективті ақпарат көзі деген биік беделге ие болып отырған Би-Би -Си дүние жүзілік радио қызметін барша әлемдегі алдыңғы қатарлы шетелдік қызметтердің қатарына батыл қосуға болады. Алайда Англияның шет елдерге хабар тарату қызметі бүгінгі таңда өзі ие болып отырған осынау қасиеттерінің, сапалары мен мүмкіндіктерінің баршасына бірден қол жеткізе қоймағаны белгілі. Сондықтан да магистрлік жұмысымның негізгі мақсаты: мұндай дәрежеге жету үшін Би-Би -Си өз дамуында қандай кезеңдерден өткендігін ашып көрсету. Бүкіл дүниежүзілік радио қызметтің құрамындағы өз хабарларын белгілі бір аудандар мен елдерге тарататын аймақтық қызметтердің қазіргі кезде дайындап жүрген алуан түрлі хабарлар мен бағдарламалар жайын, олардың Би-Би-Си радиосында қандай міндеттерді атқарып отырғандығын анықтау. Бүкіл дүние жүзілік радио қызметтің ақпараттық хабарларының жалпы бейнесін көрсету. Ол үшін мына мәселелерді қарастырдым: Би-би-сидің даму кезеңдерінің өзіне тән ерекшеліктерін көрсеттім. Ағылшын тілінде шет елдерге бағытталып әзірленетін бағдарламалардың берілу формасы мен жанрларын анықтадым. Орыс редакциясының жаңалық хабарларын мысалға ала отырып, ақпараттық хабарлардың мазмұнына талдау жасадым.

Аталған тақырыптың, атап айтқанда қазіргі кездегі Би-Би-Си-дің шет елдерге хабар тарату қызметінің зерттелу деңгейі, белгілі дейтін халықаралық радио қызметтерінің хабар тарату саласындағы жұмысына жүргізілген зерттеулермен салыстырғанда, онша көп емес. Би-Би-Си радиосын тереңдей зерттеген кітаптар да аз және де олар негізінен алғанда Кеңес Одағы кезінде, 70-80 жылдары жазылған. Осыған орай көптеген есерткіштер ескірген, жылдар өте келе Англияның өзі де экономикалық, әлеуметтік-саяси және коммуникациялық тұрғыдан өзгеріске ұшыраған. Осы саланы үңіле талдаған әрі өз еңбектерін Би-би-си радиосын, соның ішінде оның Бүкіл дүние жүзілік радио хабарын тарату қызметін зерттеуге арнаған мамандардың қатарында мен өзінің еңбектерінде 60-жылдардағы Британия радио хабарын тарату корпорациясының қызметін сипаттауға ұмтылыс жасаған Б. Фирсовты, сондай-ақ Би-би-си-дің 1975 жылға дейінгі даму үрдісін толық талдап шыққан В. Артемов пен В. Семеновты, өз зерттеулерін халықаралық радиохабарын тарату мәселесіне арнаған А. Панфиловты, Ұлыбританиядағы коммуникациялық жағдаймен шұғылданған В. Карелина мен Б. Любимовты алдымен атар едім. Би-Би-Си Бүкілдүние жүзілік радио қызметін зерттеген қазақстандық журналистер мүлдем дерлік жоқ. Сондықтан да менің магистрлік қорытынды жұмысымның құрылымы ресейлік зерттеулердің және бірқатар шетелдік журналдардың ақпарат көздеріне негізделіп құрылды. Сондай-ақ мен өз жұмысымда Бүкіләлемдік Интернет желісінен алынған тың деректер мен материалдарды пайдаландым.

Қазақстанның шетелдік әріптестермен арадағы экономикалық, дипломатиялық, саяси қарым - қатынастарында қол жеткен табыстармен қатар, шет елдердің ішкі өмір -тіршілігі туралы, олардың бұқаралық ақпарат құралдарының әлемде атқарып отырған ролі туралы ақпараттарға деген қажеттілік те өсе түсіп отыр. Республикамыздың бүгін таңда барлық салалар бойынша іске асырып жатқан көп қырлы ынтымақтастығы аталған тақырыптың өзектілігін айқындайды, өйткені шет елдердегі бұқралық ақпарат құралдары жайында, олардың әлемдік эфирдегі қызметі жайында біліп отыру Қазақстанның журналистері үшін өте қажет. Сондықтан да менің жұмысымның мақсаты Би-Би-Си Бүкіл дүние жүзілік радио қызметінің шет елдерге хабар тарататын жүйесін таныстыруға, кейінгі жылдары ақпараттық саясат қандай өзгерістерге ұшырағанын, олар әлемдік хабар Тарту ісінде қандай бағыт ұстанып отырғанын ашып көрсетуге бағытталдыв.

Жұмыстың қүұрылысы - кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, библиграфиялық көрсеткіштерден және қосымшадан тұрады.

Бірінші тарада, Лондон радиосының даму кезеңдері, мемлекеттің жүргізген саясатына байланысты олардың атқарған міндетттері мен ұстанған бағыттары жайында баян етіледі.

Екінші тарауда, Би-Би-Си радиосының шет елдерге хабар тарату қызметінің бүгінгі таңдағы даму үрдісіне арнадым.

Үшінші тарауда, Бүкіл дүние жүзілік радио қызметі орыс редакциясының жаңалық хабарларының құрылымын мазмұны жағынан қандай екендігін қарастырдым.

Қорытындыда жұмыстың негізгі қол жеткен қағидалары, Би-Би-Си-дің қазіргі кездегі жетістіктері атап өтіледі.

Қосымшада Интернет жүйесінен алынған кейбір материалдар келтірілген.

І ТАРАУ

“БИ-БИ-СИ-ДІҢ“ ӘЛЕМДІК АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДАҒЫ ОРНЫ

1. 1 Тарих және насихат

Бүгінгі таңда осы заманғы қоғам дамуын радиосыз ойға алудың өзі мүмкін емес, ол қазір жұмыр жердің әртүрлі түкпірлерінде әлденеше миллиондаған адамдардың негізгі ақпарат көзіне айналып отыр. Бұқараның дүниетанымын қалыптастыруда үлкен роль атқаратын осы заманғы бұл маңызды фактордың қоғамдық пікірге бағыт-бағдар берудегі тұғыры барған сайын беки түсуде.

Егер тарихқа үңілер болсақ, біз радиоэфирді игеру ғаламат қарқынмен басталғанына көз жеткізер едік. Бірінші дүние жүзілік соғыстың қарсаңында радио ең алдыменен таза қадеге жарайтын мақсатта - атап айтқанда, байланыс үшін пайдаланылды. Радионың әскери мүмкіндіктеріне мүдделілік танытқан Британия мен Американың әскери-теңіз күштері кемелерге байланыс орнату тәжірибесін қолға алды. Радио олардың бір-бірімен байланысуына, сондай-ақ алыс көкжиектің арғы жағындағы жағалау бекеттерімен байланыс орнатуына мүмкіндік берді /1 /. Алайда объективтік жағдайларға - әртүрлі елдердің экономикалық және саяси мүдделеріне, әртүрлі әлеуметтік топтар мен таптардың мүдделеріне орай радио бірте-бірте халықаралық насихат құралына айнала бастады. Әсіресе, Германия, Италия, АҚШ және Англия секілді алдыңғы қатарлы елдер радионы халықаралық насихат мақсатында пайдалануға тырысып бақты. Енді Англияның халықаралық раио хабарын таратуда қандай роль атқарғанын қарастырып көрелік.

Үстіміздегі ғасырдың жиырмасыншы жылдары отаршыл империялардың, соның ішінде Англияның тарихында езілген халықтардың ұлт-азаттық қозғалысының кең қанат жаюымен атап өтілетіні белгілі. Басқа да капиталистік елдер секілді, Англияның билеуші топтары өздерінің отаршыл өктемдігін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін істеп бақты. Радио насихаты да дәл осы мақсатқа қызмет етті. Ұлыбритания Би-Би-Си пайда болған сәттен бастап-ақ радионы отарлау саясатының құралы, халыққа ықпал етудің жаңа мүмкіндігі ретінде, ағылшын билеп-төстеушілерінің әлемдік саясат пен экономикаға ықпал етіп, бақылап отыруының әдіс-тәсілі ретінде пайдалануға ұмтылды.

Би-Би-Си-дің шет елдерге хабар таратуы 1932 жылдың 19 желтоқсанында ресми түрде ашылды. Ағылшын тіліндегі оның хабарлары Австралияның, Үндістанның, Оңтүстік Африканың, Батыс Африка мен Канаданың аумақтарын қамтиды /2 /.

Техникалық себептерге байланысты шет елдерге хабар тарату ішкі хабарларға қарағанда он жыл кеш басталды. Алайда 1925 жылдың өзінде-ақ әскери - әуе күштері Еуропа құрлығына тәжірибе ретінде ағылшын тілінде хабар тарата бастады, ал 1930- 31 жылдары АҚШ-тың, Австралияның, Скандинавия елдерінің ішкі радио хабарлары Би-Би-Си-дің қайсыбір мәдени, спорт және басқа тақырыптағы бағдарламаларын таратып тұрды. Билік басындағы топтар шет елдерге хабар таратуды одан әрі өсіре түсуге мүдделі болатын, сондықтан да 1933 жылдың күзінде үкімет радио насихатына қаржы салуды едәуір арттырды /3/.

Би-Би-Си-дің шетке хабар таратуы тек 1938 жылы ғана жеке - дара қызмет болып ресми түрде рәсімделді және де мұның себебін ең алдымен Ұлыбританияның ішкі саясатындағы ерекшеліктерден іздестірген дұрыс. Ең алдымен империяны “ ықпалдастырумен“ әбігерге түскен Англияның билеуші топтары белгілі бір уақытқа дейін отар елдерде радио насихатын жүргізген дұрыс деп санап, шет тілдерде хабар таратуға асыға қойған жоқ, оның үстіне ағылшын үкіметі ынтымақтастық саясатын ұстанып, “агрессорды ауыздықтауға“ бағыт алған болатын. Бұл жердегі тағы бір себеп тілдің кең таралғандығы еді, ал мұның өзі, түптеп келгенде, әлемнің барлық аймақтарында ағылшын тілінде хабарлар тартуға мүмкіндік бергшен- ді. Ағылшын тілінің кең таралғандығы тілдік кедергілерді ғана емес, сонымен бірге психологиялық кедергілерді де атап өтуде үлкен роль атқарды, сөйтіп бүкіл әлем сөйлеп отырған тілде хабар тарататын ақпарат көзінің беделін асқақтатты. Осылайша, Британ империясы 1938 жылға дейін өзінің колонияларына қысқа толқындағы хабарларды тек ағылшын тілінде ғана таратып келді. Әйтсе де Британияның билік басындағы топтарының саясатына қажет болған кезде Би-Би-Си бұл кемшілікті барынша қысқа мерзімде түзетіп, радио майданына бел шеше кірісіп кетті.

30-шы жылдардың екінші жартысында Жерорта теңізі мен Таяу Шығыс ауданындағы саяси, әскери, экономикалық ықпал жолындағы тартыста ағылшын және итальян имперализмінің мүдделері бір-біріне кереғар келіп қалды. Нацистік Германияның пікірлесі болып табылатын Италия, Муссолини, өкімет билігін басып алғаннан кейін, сыртқы саяси насихатты өрістете түсіп, 1935 жылы Бариде қуатты станция салды, сол жерден Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстың ұлан-байтақ аудандарына араб тілінде насихат жүргізе бастады. Өзінің империалистік мүдделерін қорғап, Италияға қарсы Англияның экономикалық санкциялар саясатын жүргізуі итальян фашистерін әбден ашындырды. Олар Жерорта теңізіне көрші жатқан елдерде ағылшындарға қарсы кең ауқымды науқан бастады. Ағылшындар жағы да итальян насихатына есе жібермей бақты. Сөйтіп, эфирде “ағылшын-итальян радиосоғысы“ деп аталған шын мәніндегі шайқас қызу өрістеді.

Бұл тақырыпты қозғамас бұрын “радио соғысы“ ұғымын талдап алған дұрыс. Шынында, радио соғысының өз тарихы бар. Оның пайда болуы мен өрістеуі, бағыт-бағдары мен мазмұны, нысандары мен әдіс-тәсілдері таптық саясатпен астасып жатыр. Капитализмнің әр текті дамуы империалзм дәуірінде капиталистік елдердің арасындағы өнім өткізу рыногы, шикізат көздері жолындағы қайшылықтар мен күрес-тартысты шиеленістіріп жібереді. Осының бәрі соғыс өртін тұтандырып, өзге біреудің жерлерін басып алуға апарып соқтырады. Экономикалық экспанция саяси және идеологиялық экспанциямен біте қайнасып, бұл өз кезегінде капиталистік мемлекеттердегі бұқаралық ақпарат құралдарының қызмет сипатына ықпал етеді. Ақпарат құралдары белгілі бір капиталистік елдің басқыншы сыртқы саясатын негіздеп, қолдауға бағытталған насихат үшін қолданыла бастайды.

Халықаралық радио хабарының пайда болу процесі әрқилы болып келетініне қарамастан, әртүрлі капиталистік елдерде оның аппаратының қалыптасу ерекшеліктерін, бағыт-бағдарларын, жұмыс тәсілдері әрқалай болса да, ол “өзі ықпал жасап отырған мемлекеттегі көпшілік аудиториялардың қалыптасқан түсініктерін, талап-тілектері мен арман-мүдделерін өзгертуге, осы арқылы бұл қаруды қолданып отырған мемлекетке ұнамды болатын қарым-қатынастар мен саяси-сипаттағы іс-әрекеттерді туындатуға немесе ынталандыруға “ /4/ әрдайым ұмтылып бағады.

Сөйтіп, АҚШ-тың, Англия мен Германияның, сол секілді басқа да бірқатар капиталистік елдердің халықаралық радио хабарының пайда болуы ең алдымен олардың агрессияшыл сыртқы саясатына байланысты болды. Осылайша империалистік радиосоғыс басталып кетті. Ағылшын-итальян соғысы 1935 жылдан бастап 1938 жылға дейін созылды. Жоғарыда атап көрсетілгеніндей, итальяндар Бариде өздері салған радио станциясы арқылы британ империясы хақындағы жан түршігерлік жаңалықтарды өз тыңдаушыларына күн сайын әртүрлі араб диалектілерінде хабарлап жатты, осы арқылы олар араб халықтарын ағылшындарға қарсы айдап салып, оларды көтеріліске үндеумен болды. Ең бір сорақысы, эфирдегі осы бір империалистік радио соғысында, осы бір саяси ойында негізінен тыңдаушы халық қақпақылға түсті. Колонияларда қолынан келгенше қонышынан басып дағдыланып қалған Англия бұл радио соғыста есесін алдыра бастаса да, көп кешікпей өзінің насихатын қайта құра алды.

Үкіметтің демеу қаржысына араб тілінде хабар тарататын арнайы қызмет құрылды. Сөйтіп, Би-Би-Си 1938 жылдың 3 қантарында өз тарихында алғаш рет шет тілде насихат жүргізе бастады /5/. Лондон радиосы өзінің хабар тарататын қызметін ашқан бойда қарсы шабуылға көшті. Итальяндық қарсыластары секілді, олар да араб әлемінде тұрақты бағытталған радиоқабылдағыштар тарата бастады. Би-Би-Си-ге Кипр радио станциясынан тәжірибелі екі бірдей маман шақырылып, жаңалықтар, “көңіл көтеретін көріністер“, араб әлемінің ағылшындарға іш тартып тұратын белгілі саяси серкелермен әңгімелері беріліп жатты. Ислам да қадеге жаратылды. Бари радио станциясының “қос әншісіне“ жауап ретінде Би-Би - Си мұсылман дінінің ықпалды қайраткері Мұхамед Абдолла Вакабтың уағыздарын таратып, Құран оқуға кірісті. Дініне берік әрбір мұсылман баласы күн шыққаннан күн батқанға дейін ораза айы бойы Би-Би-Си мұсылман әлемінің тағы бір беделді дінбасы - Абдол Мұстафа аль-Марагхидің оразаны қалай ұстап жүргенін бейнелеп көрсетумен болады /6/.

Лондон радиосы халықтың психологиясына шебер ықпал ете отырып, араб тыңдаушыларына ықпал жасау жолындағы күресте итальян насихатын тықсыра берді. Араб халықтары біртіндеп Бари радиосының ақиқаттығына шүбә келтіре бастады. Ақырында, 1938 жылы қарсыласушы жақтар арасында келісім жасалып, ол бойынша Италия өз насихаты арқылы Араб Шығысы елдеріндегі ағылшын шептеріне тиіспейтін болды. Осы радио соғысының қорытындылпарын шығара келіп, мына жайды атап көрсетуге болады: эфирдегі бұл шайқас империалистік державалардың Таяу және Орта Шығыс елдеріне ықылас қоюынан пайда болды. Италиямен арадағы радио жекпе-жегін ойдағыдай өткізген Би-Би-Си эфирдегі өз қарсыластарымен күш сынасуда айтарлықтай тәжірибе жинақтады. Екінші сөзбен айтқанда, Би-Би-Си радио өнерінің жаңа заңдарын қолдана отырып, бұқара халықтың сана - сезіміне ықпал ету технологиясын -ежелден буржуазияның қолшоқпары болып келген алдау-арбау, өтірік-өсек, демагогия технологиясын дамытып, жетілдіре түсті.

Араб тілінде хабар таратумен қатар Би-Би-Си-де шет тілдерде хабар беретін бөлімдер де бірінен соң бірі құрыла бастады. Мысалы, 1938 жылы Латын Америкасы мен Еуропаға хабар тарату қолға алынып, француз, неміс және итальян тілдеріндде жаңалықтар бюллетеньдері беріліп тұрды /7/. Би-Би-Си есе қайыруға асығып бақты. Ол Германия тарапынан кеңейе түсіп келе жатқан идеологиялық экспанцияны, оның қару- жарағы көбейіп бара жатқанын сескене қадағалап отырған Британия бишікештерінің саяси мүдделеріне сай әрекет етті. Мюнхен шарты гитлерлік басқыншылықты тіптен де кеміте алған жоқ, қайта Германия соғысқа әзірленуде белгілі бір қадамдар жасап, насихат аппаратын қайта құрып, оның қуатын арттыра түскен еді. Сөйтіп, Германия ағылшындарға қарсы саясатпен дендеп айналуға кірісті. Ал Англия боса, ол да өз кезегінде саясатын біртіндеп қайта қарауға, демек жалпы насихат ісін, соның ішінде шетелдік аудиторияға арналған насихатты қайта қарауға мәжбүр болды. Би-Би-Си хабар таратылатын тілдердің санын көбейтіп қана қоймай, радио насихатын айтарлықтай кеңейте түсу мақсатында 1939 жылы қысқа толқында төрт бірдей қуатты хабар таратқыш салды. Нақ сол жылы Ұлыбританияда Ақпарат министрлігі, сондай-ақ “психологиялық соғыс комитеті“ құрылды. Насихат жұмысының сол кездегі аумағын мынадан аңғаруға болады: Англияның өзінде ақпарат министрлігінің 2950 қызметкері және шет елдерде 3600 қызметкері болды. Шет елдердегі ақпарат және насихат органдары ағылшын елшіліктері мен дипломатиялық миссияларына бағынышты етілді /8/. Бұған қоса, Лондон радиосы Ақпарат министрлігінің көмегімен хабарларды жасырып тыңдау және оларға көлденең килігу қызметін құрды. Бұл бөлім басқа елдердегі радио насихаты туралы ақпараттардың басты көзіне айналып, әртүрлі мемлекеттердегі халықаралық саясат мәселелері бойынша, сондай-ақ олардың ішкі жағдайы жөнінде алуан түрлі құнды материалдар беріп отырды.

Бірінші дүние жүзілік соғыс басталғаннан кейін Британия радиокорпорациясына, ең алдымен оның шет елдерге хабар тарататын бөлімдеріне, жаңа да жауапты міндеттер жүктеді. Би-Би-Си ағылшын барлау орындарымен және құпия радиостанциялармен біріге отырып, неміс халқына, вермахтың жеке адам құрамына қарсы жаппай “психологиялық“ соғыс жүргізуге тиісті болды.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Би-би-си телерадиокорпорациясы
Журналистика пәнінен дәрістер
ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА ҮҢІЛУ: BBC-ДІҢ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК РАДИО ЖӘНЕ ТЕЛЕҚЫЗМЕТІ
“радиохабардың тілі мен стилін оқыту әдістемесі”
CNN компаниясының тарихы мен құрылымы
Қазақ тіліндегі электронды бұқаралық ақпарат құралдары және оларға шетелдік ақпарат агенттіктері материалдарының қажеттілігі
Қазақстан Республикасы мемлекеттік құрылысының қалыптасуы
Алматы қаласы экскурсиялық нысандарына бай қала
Халықаралық медиа нарықтағы ақпараттық биліктің рөлі
PR ҚЫЗМЕТІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПОЛИГРАФИЯ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz