Шахмет Хұсайынов драматургиясындағы тарихи-ғұмырнамалық пьесалар


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 158 бет
Таңдаулыға:   

Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия университеті

ӘОЖ 821. 512. 122-2’94342 Қолжазба құқығында

БЕКТАСОВА ЖОМАЖАН ТЕМІРБОЛАТҚЫЗЫ

Шахмет Хұсайынов драматургиясындағы

тарихи-ғұмырнамалық пьесалар

10. 01. 02 - қазақ әдебиеті

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін

дайындалған диссертация

Ғылыми жетекші: ҚР ҰАҒА академигі,

филология ғылымдарының докторы,

профессор Р. Н. Нұрғали

Қазақстан Республикасы

Астана, 2006

Мазмұны

Кіріспе . . . 3

1 Ш. Хұсайынов драматургиясының негізгі арналары хақында

1. 1 Ш. Хұсайынов драматургиясына жалпы шолу . . . ……. . …. . 9

1. 2 «Алғашқы ұшқындар» («Біздің Ғани») драмасындағы мінез бен тартыс… 37

2 “Үкілі Ыбырай” драмасындағы өнер адамы

2. 1 Әдебиет және өнер тарихын зерттеуші ғалымдар

нысанасындағы Үкілі Ыбырай мұрасы . . . 54

2. 2 «Үкілі Ыбырай» драмасының тарихи негіздері мен әдеби ерекшеліктері. . 61

3 «Әбунәсір Әл Фараби» драмасындағы тарихи

шындық пен көркемдік шындық

3. 1 «Әбунәсір Әл Фараби» драмасының әдеби-тарихи негіздері . . . 89

3. 2 «Әбунәсір Әл Фараби» драмасының көркемдік сипаттары . . . 115

Қорытынды . . . 123 Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 130

Кіріспе

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиетінде драматургия жанрының өрістеп дамуына елеулі үлес қосқан адамның бірі - Шахмет Хұсайынов. Ол драма саласына өткен ғасырдағы жиырмасыншы жылдардың аяғында келіп, өзінің саналы ғұмырын әдебиеттегі осы бір маңызды жанрға арнаған қарымды қаламгер. Сонымен қатар, қазақ театры өнерінің даму тарихында елеулі еңбек ете отырып, теориялық тұрғыдан зерттеп, ғылыми дамуына кең өріс ашқан адамдардың бірі.

Әдебиетіміздің басқа салалары секілді драматургия да өзінің тарихи даму барысында үнемі өзгеріп, жетіліп, кемелденіп келе жатқан жанр екені белгілі. Әйгілі Шекспир ескіліктің эстетикасын бұзып, жаңа реалистік драманы туғызса, Островский ХІХ ғасырда драматургиялық салаға «өмірге арналған» пьесаларымен келген ғой; ал әдебиет әлеміне сол ғасырдың аяғында келген Чехов дүниежүзілік драматургияда үлкен төңкеріс жасағаны мәлім. Біздің төл әдебиетіміз өзінің бастау арнасын сонау халық әдебиетінен алғандығын М. Әуезов пен Ш. Хұсайынов өздерінің ғылыми еңбектерінде жақсы танытқан болатын. Сол секілді драма жанры да өзінің негізгі бастауын халық әдебиетінен алғаны белгілі. Драма жанры қазақ топырағында тыңғылықты түрде ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында аса дарынды адамдардың қатысуымен әлемдік әдебиет көшіне тез ілескені осыдан. Дегенмен біз бұл ғылыми жұмысымызда драматургия саласы тәрізді әдебиеттің үлкен ұғымына баға беріп, оның даму тарихын саралап жатудан аулақпыз. Алайда осы жанрдың қазақ әдебиетінде қалай дамығанын, әрі оны драматургияның көрнекті өкілдерінің бірі болып танылатын Ш. Хұсайынов шығармашылығымен тығыз байланыстыра зерттегеніміз шындық. Онда да отыз жылдан астамғы шығармашылық кезеңінің кішкене бір үзігі болып табылатын тарихи-ғұмырнмалық пьесаларын ғана бөліп алып зерттегенімізді баса айтқымыз келеді.

ХХ ғасырдың басынан бастау алған қазақ драматургия жанры қазіргі таңда әлемдік драматургиямен қатар дамып келеді. Өткен мен жаңаның арасында, яғни драматургия жанрының отызыншы және жетпісінші жылдары аралығында драма жанрына, соның ішінде тұтастай әдебиеттің дамуына Ш. Хұсайынов елеулі үлес қоса отырып, әсіресе тарихи тақырыптар мен бүгінгі күннің мәселесінен сөз қозғауда батыл қадам жасады десек жансақтық болмас. Біз драматургтің басқа да қазақ әдебиетінің ірі өкілдері тәрізді өз бастауын халық ауыз әдебиетінен алғандығын драма жанрының даму жолдарын көрсеткен мына еңбектерінен көреміз, олар: «Қазақ ауыз әдебиеті және халық ойындарындағы театр - драмалық элементтер», «Шекспир», «Революция және көркемөнердің тууы» [1] .

Драматургтің шығармашылық жолында, жалпы өмірінде ақылшы, кеңесші болған ірі тұлға - Ә. Тәжібаев. Ш. Хұсайыновтың пьесаларына баға беріп, сын айтып, оның еңбектерінің жазылу тарихын, жалпы шығармашылығын насихаттау-шы ретіндегі Ә. Тәжібаевтің еңбегі зор. Ә. Тәжібаев өзінің «Қазақ драматургиясы-ның дамуы мен қалыптасуы» [3] еңбегінде Ш. Хұсайыновтың «Алдар көсе» пьесасына кеңінен тоқталады. Ә. Тәжібаев драматургтің үш томдық таңдамалы шығармасының алғы сөзін жазып, автордың үлкен жанрдағы елеулі еңбегі жайлы тамаша сөздер айтады [2] .

Драматург - театрда жастардың жалынды жаршысы болды. Ол Жастар театрының репертуарын жасауға барынша мол еңбек сіңірген драматург, өз шығармаларында жас көрермен қауымға революцияның отты күндерінен елес беріп, бостандық жолындағы қаһармандық күресін бейнелеуді мақсат тұтты. Осындай игі мақсатпен жазылған пьеса Қазақстанның жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасына қойылды. Ұзақ ізденістен туған пьесаның алғашқы нұсқасы сахнаға «Біздің Ғани» деген атпен шығып, бүкіл шығыс жастарының жалынды жетекшісі, революцияның жас жауынгері Ғани Мұратбаевтың сахналық бейнесін жасады. «Алғашқы ұшқындар» пьесасын жазу барысында автор Б. Кенжебаевтың [4], Ө. Тұрманжановтың [5] және Ғанимен қоян қолтық араласқан адамдардың еске алу, естелік әңгімелерін кеңінен қолданған.

Ал «Үкілі Ыбырай» пьесасын жазу барысында драматург қазақ әдебиетінде өзіндік орыны бар, қазақ тарихына қатысты кесек-кесек шығармалар жазған және солтүстік аймақтың әдеби тарихын зерттеуде елеулі орны бар белгілі әдебиет тарихышысы С. Мұқановтың [6], кемеңгер ақын, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы С. Сейфуллиннің [7], әдебиетші-ғалым Е. Ысмайловтың [8] ғылыми еңбектерін қолданғанын зерттеу барысында, пьесадағы тарихи жағдайларды аталмыш еңбектермен салыстыра зерттеген кезде байқадық. Драматург аталмыш шығарманы жазу барысында, А. Жұбановтың [9] да ғылыми зерттеу еңбектерін біраз ақтарғанға ұқсайды. Кезінде Ш. Хұсайынов А. Жұбановпен бірге фольклорлық-этнографиялық экспедицияда бірге болып, халық ауыз әдебиетінің мол мұрасы, халық әндерін жинауға қатысқаны да белгілі [2] .

Драматург әр кез жалған сюжетке, көпірме суретке жаны қас табиғатынан шындықты жақтаушы адам ретінде, пьесасын жазбас бұрын, жоспарлап алып, ғылыми тұрғыдан зерттеген. Мәселен, «Әбунәсір Әл-Фараби» пьесасын жазған кезінде тарихи тақырыпқа ғылыми тұрғыдан келіп, А. Көбесовтің [10] А. Машановтың [11] еңбектері мен кеңестерін толық пайдаланған болатын. Ш. Хұсайынов «Амангелді» пьесасын жазу барысында ғылыми-тарихи тұрғыдан зерттеп, Амангелді Имановтың өмірі мен тіршілігіне байланысты материалдар жинағаны өмір тарихынан белгілі.

Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазақ әдебиетін әр алуан қырынан танып-білуге ұмтылып отырған бүгінгі кезеңде 2006 жылы 100 жылдық мерейтойы өткен көкшелік қаламгер, кәсіби драматург Ш. Хұсайыновтың шығармаларына қатысты мәселелерді зерттеу қажеттілігі туындап отыр.

Қазақ әдебиетіндегі драматургия мәселесі жазушы-драматургтердің соның ішінде Н. Ғабдуллин зерттеген Ғ. Мүсіреповтің драматургиясы («Ғ. Мүсірепов-драматург»), Р. Нұрғали зерделеген М. Әуезов драматургиясы («М. Әуезовтің драматургиясы»), Ж. Әбілұлының «Қалтай Мұқамеджанов драматургиясы», М. Әбдіқақовтың «І. Жансүгіровтің драмалық шығармаларындағы тартыс пен қаһарман», Ә. Шапауовтың «Сәкен Жүнісов драматургиясы», Л. Аупбаеваның «Алғашқы қазақ пьесалары» атты ғылыми еңбектері драмалық шығармаларды талдауға арналған.

Алайда өзінің ұзақ жылғы шығармашылық жолында елуге тарта тартымды драмалық туындылар берген, оларының көпшілігі сыншылар мен көрермендердің ыстық ықыласына бөленгеніне қарамастан, драматург шығармашылығына арналған, арнайы зерттеу жұмысы жоқтың қасы. Тек кейбір шығармаларына газет-журнал беттерінде жарияланған сын пікірлер мен мүшел тойларына жазылған мақалалар, 1998 және 2004 жылдары Ғылым академиясынан шыққан «40-50 және 60 жылдардағы Қазақ әдебиеті» және «Қазақ әдебиеті тарихының» 8-томындағы драматург шығармашылғына жасалған шолулар, деректер ғана бар.

Сонау қырқыншы жылдардың өзінде театр сүйер қауымды баурап алған «Марабай» драмасымен жұртшылықты таңдантқан қаламгер еңбегі үшін бұл тым мардымсыз. Ш. Хұсайыновтың қаламынан туған көркем дүниелер және қазақ сахнасына шығарған туындылары болашақта мәдениетанушы, әдебиет тарихшыларын қызықтыратындығы сөзсіз. Әйтсе де осы уақытқа дейін драматургтің шығармалары жеке-жеке мақала көлемінде талданғаннан басқа күрделі жұмыстың нысанасына айналған емес. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында жазылып отырған осы еңбекте драматургтің туындылары алғаш рет көркемдік тұрғыдан талданды. Сондықтанда, бұл мәселелердің барлығы Ш. Хұсайынов шығармашылығын зерттеудің өзектілігін дәлелдейді.

Зерттеудің дерек көздері. Бұл ретте Ш. Хұсайыновтың 1991 жылы «Өнер» баспасынан жарық көрген «Өнер өрімдері» атты жинағын; 1972 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Үкілі Ыбырай» атты пьесалар жинағын және 1985-187 жылдар аралығында шыққан үш томдық шығармалар жинағын, сонымен қатар, «Жазушы» баспасынан 1967 жылы шыққан «Сырымбет саласында» атты жинағы мен «Жазушы» баспасынан 1961 жылы шыққан «Таныс адамдар» атты жинағын атауға болады.

Зерттеудің нысаны. Диссертациялық жұмыстың зерттеу нысаны - драматургтің «Алғашқы ұшқындар», «Үкілі Ыбырай», «Әбунәсір Әл Фараби» және т. б пьесалары мен ғылыми еңбектері.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты - қазақтың майталман, кәсіби драматургі, көрнекті жазушысы, өнер зерттеушісі Ш. Хұсайыновтың драматургиясымен таныстыру, драмалық шығармаларындағы әлемдік ғылыми деңгейі бар ғұлама ғалым әл-Фараби, жалпақ қазақ даласына аты мәлім көкшелік ұлы өнерпаз Үкілі Ыбырай, қазақ жастарының көшбастаушысы Ғ. Мұратбаевтың бейнесін ашу, ғұмырнамаларын тарихи деректермен зерттей отырып, пьесалардағы қолданылған көркемдеуші құралдардың берілу жолдарын анықтау. Осы мақсаттарға жету үшін төмендегі нақты мәселелер шешуші түйіндер ретінде міндетке алынды:

- драматургтің драма жанрындағы кейіпкер бейнесінің ашылу табиғатын және негізгі ерекшеліктерін ажырату;

- қаламгердің тарихи тұлға бейнесін сомдаудағы ерекшеліктерін анықтай отырып, Әл-Фараби образының тарихи шындық пен көркемдік шындық ауқымында жан-жақты ашылуына тоқталу;

- драматургтің дарынды да майталман ақын, жыршы, өнерпаз Үкілі Ыбырайдың образын берудегі көркемдік ерекшеліктерімен қоса сол заман тарихын саралау, салыстыру, еңбегін зерделеу;

- драматургтің Ғ. Мұратбаев бейнесін сомдау ерекшелігіне тоқталу, белгілі ғалымдардың, ақындардың тарихи тұлғаға деген көзқарастарына тоқталу, саралау;

- өнер тарихындағы ірі тұлғалардың көркем әдебиеттегі образдарының жасалу жолдарын анықтау және салыстыру;

Зерттеу жұмысының әдісі. Зерттеу барысында тарихи-салыстырмалы, типологиялық-салыстырмалы, текстологиялық, кешенді талдау, қорыту секілді тәсілдер басышылыққа алынды.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жұмыстың зерттелу көздері ретінде драматургия жанрына қатысты монографиялық еңбектер, түрлі басылымдарда жарық көрген ғылыми мақалалар мен еске алу эсселері пайдаланылды. Солардың ішінде Ш. Хұсайынов шығармашылығына тереңдеп еніп, автордың қазақ әдебиетіне қосқан үлесін айқындауға ат салысқан көрнекті ғалымдарымыз: Ә. Тәжібаев [3], Р. Нұрғали [14], М. Әуезов [15], Е. Ысмайлов [16], Б. Құндақбаев [17], Қ. Қуандықов [18], С. Ордалиев [19], Ф. Оразаев [20], С. Мәуленов [21] Н. Ыбыраев [35], А. Ысмағұлов [36] еңбектері ерекше.

М. Әуезов өзінің «Марабай мен Мардан» атты мақаласында. «Марабай» пьесасы жайлы сыни пікірін білдірген[15] . Е. Ысмайлов «Елудің өрінде» атты мақаласында «Ш. Хұсайынов драматург болуымен бірге театр сыншысы. Оның қазақ совет өнер тарихына қосқан үлесі Қазақ академиялық драма театрының өсу жолы жайынан, белгілі актерлеріміздің шығармашылық өмірі туралы жазған мақалалары, очерктері соңғы жиырма жыл ішінде газет-журналдарымызда үнемі басылып келеді. Осы сыншылдық қызметі арқылы Шахмет қазақтың сахна өнерінің дамуына едәуір үлес қосты» [16] деп жазған. Ә. Тәжібаев «Қазақ драматургиясының дамуы мен қалыптасуы» еңбегінде Ш. Хұсайыновтың «Алдар көсе» пьесасына тоқталады. [3] . Р. Нұрғали 1991 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан екі томдық «Арқау» монографиясының екінші томында драматургтің «Біздің Ғани» пьесасына тоқталып, аталмыш пьесаның тарихи-ғұмырнамалық пьеса екенін көрсеткен және сыни пікірлермен қатар текстологиялық талдау жасаған [14] .

Алайда, бұл жазылған мақалалар, айтылған пікірлер Ш. Хұсайынов драматургиясының ерекшеліктерін толық ашып бере алады деуге келмейді. Сондықтан да, көрнекті драматург шығармашылығын арнайы зерттеу күн тәртібіндегі мәселе деп білеміз.

Зерттеудің методологиялық және теориялық негіздері. Драматургтің шығармашылық жолын зерттеу барысында біз теориялық ғылыми еңбектерді, ғалымдардың ғылыми зерттеу, ой-тұжырымдарын бағыт-бағдарлық, теориялық және методологиялық әдістерін негіз ретінде қолданып, қажетті тұстарында кеңінен пайдаландық. Зерттеу пәні ғылымының әр саласын дамытуды талап ететіндіктен іздену барысында жүйелі, кешенді талдау әдісі пайдаланылды. Сол секілді зерттеуде Е. Ысмайлов [8], А. Жұбанов [9], М. Әуезов [15], Н. Ғабдуллин [12], Р. Нұрғали [14], Қ. Жұмалиев[23], М. Қаратаев [24], Б. Кенжебаев [25], Ә. Қоңыратбаев, Т. Қоңыратбаев [26], Ә. Дербісалин [27], Т. Кәкішев [28], М. Дүйсенов [29], Ы. Дүйсенов [30], С. Жүнісов [31], С. Негимов [32], М. Жолдасбеков [33] А. Қыраубаева [34] сынды ғалымдардың ұлт руханиятына қатысты көзқарастары, сөз өнерiнiң сыры мен сипатына байланысты толғам-толғаныстары, жазушы шығармашылығы мен шеберлігі хақындағы еңбектері, ғылыми тұжырымдары басшылыққа алынды.

Жұмыс барысында қазақ музыка тарихын зерттеген ғалым-өнертанушылардың еңбектері де қаралып, ондағы құнды пікірлер мен тарихи жағдайлар аталмыш ғылыми жұмыстың негізін құрады және сол ғалымдарды атап көрсетер болсақ: А. Затаевич [37], А. Жұбанов[9], Б. Ерзакович[38], З. Қоспақов, Қ. Жүзбасов [39], және т. б.

Сонымен қатар, аталмыш еңбекте Көкшетау өңірінің қазіргі таңдағы зиялы қауымының негізін құрайтын құрметті ақсақалдары, ақын-жазушылары Е. Мырзахметовтың [40], К. Салықовтың [41], жазушы-ақын Т. Қажыбаевтың[42], журналистері: Н. Мағзұмовтың [43], Ж. Бекеновтың [44] естелік эсселері де пайдаланылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертацияда қазақ әдебиеті тарихы саласында алғаш рет Ш. Хұсайыновтың драмалық шығармалары зерттеу объектісіне айналып, теориялық негізі анықталады. Шығармашының драма жанрын игерудегі алғашқы қадамынан бастап, драматургия шарттылықтарына жауап бере алатын толыққанды пьесасын дүниеге әкелгенге дейінгі жазушының үйрену, жетілу, шеберлік шыңдауы тәрізді кезеңдері қаралды. Кейіпкер образын жасау мен мінезін сомдау жолындағы автордың әдіс-тәсілдері айқындалды. Халық тарихында өшпес із қалдырған, алдарына ұлы мақсат қойып, өнегелі іс тындырған, ел үшін рухани игілік жасай білген даңқты ұлдарының сом бейнесін жасау жолындағы драматургтің көркем шеберлікті меңгеру деңгейі зерделенді. Сонымен қатар, Ш. Хұсайыновтың драмалық шығармалары арнайы ғылыми зерттеу объектісі ретінде қаралды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар.

  • Тарихи тұлғалар - Әл-Фараби, Үкілі Ыбырай, Ғ. Мұратбаев бейнелерінің жан-жақты көркемдік деңгейі сомдалды;
  • Ш. Хұсайынов шығармашылығындағы ғұмырнамалық туындылардың көркемдік табиғаты ашылып, сарапталды;
  • Ш. Хұсайыновтың жанр техникасын үйренудегі ғылыми тұғыры, еңбектері, ізденістері айқындалды;
  • Драматургтің кейіпкер бейнесін жасауы мен оның мінездік ерекшелігін даралаудағы шеберлігі көрсетілді;
  • Қаламгердің шығармашылығының идеологиялық болмысына баға беру жүзеге асырылды;
  • Тарихи оқиғаның шығармадан көрініс табуын салыстыра - салғастыра қарастыру үрдісі көрініс тапқан;

Зерттеудің теориялық және практикалық мәні.

Жұмыс нәтижелерін ғылыми негіздегі қазақ әдебиетінің тарихын жазуда; жоғары оқу орындарына арналған қазақ әдебиеті оқулығын жазуда; жоғарғы оқу орындарында қазақ әдебиеті мамандығы бойынша арнайы курстар оқуға; өнер тарихын зерттеушілерге көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.

Зерттеу жұмысының жарияланымы. Ғылыми жұмыстың мазмұны 2002-2006 жылдары өткізілген халықаралық және ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы аттестациялау мен қадағалау комитеті бекіткен басылымдарда жарық көрді. Зерттеудің теориялық мәселелері мен тұжырымдары:

1 Ш. Хұсайынов драматургиясындағы Ыбырай бейнесі//Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 40 жылдығына арналған «Шоқан тағлымы - 7» Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. - Көкшетау, 2002. - 36-39б.

2 Әл-Фараби бейнесі драмада//Көкейкесті әдебиеттану. 2 кітап. «Ғ. Мүсіреповтің шығармашылық тағылымы» атты Халықаралық ғылыми конференция. - Астана, 2002. - 146-154-б.

3 Ғ. Мүсірепов пен Ш. Хұсайынов драматургиясындағы ұқсастық// Көкейкесті әдебиеттану. 4 кітап. «Алаш қайраткерлері шығармашылық мұрасының қазіргі мәдени-рухани және ғылыми дамумен сабақтастығы» атты ғылыми-практикалық конференция. - Астана, 2004. - 154-157-б.

4 Ш. Хұсайынов драматургиясы хақында//«Б. Кенжебаев және қазақ әдебиеті тарихының мәселелері” атты халықаралық ғылыми конференция. - Алматы, 2004. - 304-309-б.

5 Қазақ жастарының көшбастаушысы Ғ. Мұратбаевтың Ш. Хұсайынов драмасында көрінуі//ЕҰУ хабаршысы. Филология сериясы. - Астана, 2004. № 2. - 57-61-б.

6 Үкілі Ыбырай - тарихи тұлға//ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. - Алматы, 2005. № 6. - 29-31-б.

7 Ш. Хұсайынов драматургиясындағы тарихи тұлғалар//ҚазҰУ хабаршысы. Филология сериясы. - Алматы, 2006. №1. - 15-17-б.

8 Ш. Хұсайыновтың драмалық шығармаларының көркемдік ерекшелігі// «Ахмет Байтұрсынұлы оқулары» атты республикалық І ғылыми-теориялық конференция. - Астана, 2006. - 243-249б.

Зерттеу жұмысының құрылысы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан және қорытынды бөлімнен тұрады. Жұмыс соңында пайдаланылған ғылыми және көркем әдебиеттер тізімі берілген.

1 Ш. Хұсайынов драматургиясының негізгі арналары хақында

1. 1 Шахмет Хұсайынов драматургиясына жалпы шолу.

Отызыншы жылдардан бастап, қалыптасып, іргесін бекіткен қазақ драматургиясының көш бастаушыларының бірі болып, өз өмірінде ірілі-уақты елуге тарта драмалық шығармаларын жазған, қазақ театрының туып-қалыптасуының басы-қасында болған бірегей тұлға - Шахмет Хұсайынов.

Бала күндерінде жазған өлең жолдарының өзінде ақындықтан гөрі, драмалық элементтердің басымдылығы байқалады. Бұл жайға кейін белгілі ғалым Ысқақ Дүйсенбаевпен бірігіп жазған «Қазақ ауыз әдебиеті және халық ойындарындағы театр драмалық элементтер», - деген мақаласында өзі айтқан ұлт ойындарындағы драмалық болмыстарға жастайынан ден қоюы әсер еткен де болар. Өнерлі ортадан өнер сүюді үйренген болашақ үлкен дарын өнер биігінен көріну үшін, білім қажеттілігін сезініп, оқуға аттанады. Шахметтің өзі ол туралы былай сыр шертеді:

«Жалаң аяқ, жалаң бас,

Ауылдан кеттік аяңдап,

Қарай бердім, артыма,

Жетсін деп досым аяңдап.

Дос та жетті,

Түн жарып,

Сапар шектік қалаға!»

Сол жолы (1923 жылы) Қызылжар қаласына келіп, мұғалімдер техникумына оқуға түскен Шахмет оны 1928 жылы аяқтайды. Өз заманындағы алдыңғы қатарлы оқу орны саналатын бұл білім ордасы талай таланттарды қанаттандырды. Осында жүріп ол рухани өміріне азық болған, оларға ұқсауға тырысқан ұлы жандармен кездесті. Соның бірі және бірегейі - Мағжан еді. Кейін өз өмірін тәлкекке салған, қиын кезеңде пәле боп жабысқан «Мағжаншылдық» оған осында жұққан болатын. Өйткені ұлы ақын техникумның сүйікті ұстаздарының бірі еді.

Басқалар сияқты Шахмет те ұлы ақынға еліктеп, шығарма жаза бастайды. Оның тұңғыш пьесасы «Көк шыбық» осында жүргенде жазылып, 1928 жылы техникумды тәмамдау кешінде қойылды.

Шығармашылық жолы осылай басталған болашақ драматург, өзінің шығармашылық арнасында тарихи тақырыптармен қатар, әлеуметтік шешуі кезек күттірмейтін тақырыптарды да игерген.

Ш. Хұсайыновтың шығармашылық жолының барысын аңдай отырып, шығармашылығын шартты түрде үлкен үш тақырыпқа бөліп қарастыруымызға болады. Атап көрсетер болсақ, ол тақырыптар мыналар: біріншісі - колхоздастыру және төңкеріс кезеңі; екіншісі - жаңа заман адамының келбетін іздеу немесе соғыстан кейінгі орта мен қоғам өмірін көрсету; үшіншісі - тарихи тақырыптар. Осы орайда сөзіміз құрғақ болмас үшін автордың шығармаларын атап өтуімізге әбден болады.

Мәселен, тарихи тақырыптардағы пьесалары: «Сырымбет саласында», «Біздің Ғани», «Әбунәсір Әл-Фараби», «Үкілі Ыбырай», «Сертке-серт» т. б. Колхоздастыру және төңкеріс кезеңіне арналған тақырыптарда: «Күн шуақта», «Дала жұлдызы», «Бір колхозда», «Қызыл бидай», «Ағайынды Айназаровтар», «Боран» т. б. жазылды. Жаңа заман адамының келбетін іздеуде драматург мынандай пьесалар жазған: «Есірткен ерке», «Кеше мен бүгін», «Көктем желі», «Құлпырма тон», «Қилы-қилы тағдырлар» т. б. жазылды.

Сол кездегі қазақ әдебиетінің ірі үш тақырыбын игеру үстінде автор үлкен-үлкен табыстарға да жеткен. Олай дейтініміз, Ш. Хұсайыновтың бар шығармалары сол кезеңде елдің барлық театрларының репертуарына енді. Сол кезеңдегі көрермендер автордың аталмыш шығармаларын жақсы қабылдады.

Ш. Хұсайыновтың шығармашылығы өз бастауын 1928 жылы Қызылжар қаласында педагогикалық техникумда оқып жүрген кезінен алады. Осы педагогика техникумын аяқтаған кезінде ол қоштасу кешіне арнап «Көк шыбық» атты бір актілі пьеса жазып, өз шығармашылық жолын анықтап қойған болатын.

1929-1931 жылдары ол «Колхоз жолы» (Көкшетауда), «Советтік Қарағанды», Алматыдағы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Әдебиет майданы» журналының редакциясында қызмет істеп жүріп, өзінің жазушылық талантын жұртшылыққа таныта түсті.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Шахмет Хұсайынов драмалық шығармаларының көркемдік ерекшелігі
Қазақ драматургиясы
Қазақ балалар драмасының шағын түрлері
Тарихи трагедия табиғаты
БАЛАЛАР ДРАМАТУРГИЯСЫНЫҢ БАСПАЛДАҚТАРЫ
Драма мен театр байланысы
Қазақ әдебиетінің 1956-1990 жылдардағы дамуы
Драмалық монологтың көркем әдебиеттегі рөлі
Балалар поэзиясы мен драматургиясы
Алғашқы қойылымдардың көркемдігі мен дәстүрі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz