Ұлттық мерзімді басылымдардың Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне жаңа көзқарасты қалыптастырудағы рөлі: тарихнамалық талдау (1985-2005 жж.)


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
ӘОЖ: 050:94(574) :930. 2 Қолжазба құқығында
ЖҰМАДІЛ МАХАББАТ ТОҚТАРҚЫЗЫ
Ұлттық мерзімді басылымдардың Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне жаңа көзқарасты қалыптастырудағы рөлі: тарихнамалық талдау (1985-2005 жж. )
07. 00. 09 - тарихнама, деректану
және тарихи зерттеу әдістері
Тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші
Қазақстан Республикасы Ұлттық
ғылым академиясының академигі,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор К. Н. Нұрпейіс
Қазақстан Республикасы
Алматы 2007
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 3
1 Қазақстан тарихының методологиялық және теориялық мәселелерінің баспасөзде көтерілуі . . . 14
1. 1 Отан тарихының өзекті мәселелерін зерттеудің теориялық-концептуалдық және методологиялық негіздерінің баспасөзде көрініс
табуы . . . 14
1. 2 Қазақстандағы балама тарих құбылысы және оған қатысты ой-
пікірлер . . . 34
2 ҰЛТТЫҚ БАСПАСӨЗДІҢ БАЛАМА ТАРИХИ ОЙЛАУДЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУ ШАРАЛАРЫ . . . 45
2. 1 Қайта құру жылдарындағы жаңа тарихи көзқарастардың
баспасөзде насихатталуы . . . 45
2. 2 Тарихи сананы қалыптастыру бағытында баспасөздегі талпыныстар . . . 63
3 Баспасөз беттіндегі Қазақстан тарихына қатысты жаңа ой - пікірлер
мен ұстанымдар . . . 92
3. 1 Отан тарихының өзекті мәселелерін баспасөз бетінде балама түрде
зерттеу жағдайы . . . 92
3. 2 Отан тарихын жазудағы жаңа бағыттар мен ұстанымдардың
баспасөзде жариялануы . . . 114
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 123
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 128
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекетке айналғанға дейін Отан тарихы КСРО тарихының құрамдас бір бөлшегі, тіпті “қосымшасы” деңгейінде болды. Қазақстан тарихы Мәскеудің империялық, отарлық, миссионерлік, экспансиялық саясатын бүркемелейтін идеология шеңберінде, маркстік-лениндік методология негізінде таптық көзқарас тұрғысынан зерттелді. Кеңестік Ресей тарихшылары жасаған тұжырымдар мен қорытындыларды, концепцияларды қазақстандық тарихшылар ешқандай талқылаусыз қабылдап, оларды өз еңбектерінің өзегі мен ғылыми негізіне айналдыруға мәжбүр болды. Қазақстан тарихының “өзекті мәселелері” тек қана Коммунистік партияның Орталық Комитеті жүргізіп отырған саясатын мадақтап, насихаттау тұрғысында ғана зерттеу нысанына айналды. Бұл үрдіске қарсылық білдірген тарихшылар қуғынға ұшырады. Қазақ топырағында болған барлық тарихи оқиғалар мен құбылыстар, мәдени-рухани процестер ұлыорыстық көзқараста жазылып, түсіндірілді. Қазақ халқы өзінің шынайы тарихынан қол үзіп, дүниені “ұлыорыс” халқының көзімен тануға мәжбүр болды.
Ұлттық тарихты тізгіндеген Коммунистік партия мен Кеңестік Ресей билеушілері осындай идеология негізінде орыстандыру саясатын белсенді түрде жүргізді. Тарих ғылымы дербес пән ретінде емес, Компартияның насихат құралы деңгейінде қалып қойды. Қазақ халқының тарихы тұтастай “ақтаңдақ” беттерге айналды. Ұлт тарихшылары қанша тырысқанымен коммунистік цензура аясында өз дәрежесінде дербес зерттеу жұмысын жүргізу мүмкін емес еді. Мұны аға буын тарихшы қауым жақсы түсінді.
Ата тарихы мен ұлттық санадан ажырап, ана тілін ұмытуға айналған қазақ халқын 1986 жылғы ұлттық бұлқыныс пен оның артынша жүргізілген қайта құру саясаты, көп ұзамай төтеден келген тәуелсіздіктің сақтап қалғаны жасырын емес. Қайта құру жылдарындағы серпіліс нәтижесінде Алаш қозғалысының кейбір өкілдері мен қазақ мәдениетіндегі қайталанбас дара тұлғалардың шығармашылығы мен өмірін зерттеуге мүмкіндік туды. Одақ көлемінде ұлт-азаттық қозғалыстар тарихы жаңа тұрғыда зерделеніп, ұлттық мәдениет тарихы қайта қарастырыла бастады. Осы кезеңде Қазақстан тарихының ұлтымызға белгісіз беттері көптеп ашыла бастағанымен, отандық тарих ғылымының өзекті мәселелері әлі күнге дейін толық зерттеліп болған жоқ. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның тарих ғылымы, бір жағынан, жаңа нысандарды зерттей отырып, қарқынды дамуды басынан кешірсе, екінші жағынан, теориялық-әдістемелік тұрғыдан дағдарысқа ұшырады. Сондықтан да, Қазақстан тарихы мен оның өзекті мәселелерінің зерттелу тарихын тарихнамалық талдауға алу аса қажетті болып табылады.
Қазақстан тарихының “ақтаңдақ” беттері мен тарих ғылымының өзекті мәселелері ең алғаш рет талқылауға түсіп, жұртшылық назарына ілігетін орны - мерзімді басылым құралдары. Отан тарихының “ақтаңдақ” беттеріне қатысты ең алғашқы мақалалар мен материалдар да баспасөз беттерінде жарияланды. Тарих ғылымының теориялық - әдістемелік мәселелеріне қатысты зерттеулер де алғаш баспасөз бетінде жарық көрді. Қайта құру және тәуелсіздік кезеңінде Қазақстанның мерзімді басылым құралдары - Қазақстан тарихының даму барысы мен “ақтаңдақтар” құпиясының ашылу тарихын, тәуелсіз тарихи және тарихнамалық зерттеулердің жүргізілу тарихын, тарихи сана мен жаңаша ойдың дамуын, тарихты зерттеуде жаңа бағыттар мен ұстанымдардың қалыптасуын, теориялық-әдістемелік негіздердің қалыптасуы мен “ақтаңдақтардың” ашылуындағы ортақ заңдылықтарды бейнелейтін бірден-бір дерек көзі болып табылады. Сондықтан да, баспасөз бетіндегі тарихи еңбектерді тарихнамалық тұрғыдан талдауға алу, осы арқылы отандық тарих ғылымының өзекті мәселелерін айқындау, жаңа зерттеу нысандары мен бағыттарын ашу аса өзекті мәселе болмақ.
Әсіресе, тәуелсіздік кезеңінде мерзімді басылым құралдарында Отан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты жарық көрген еңбектерге тарихнамалық талдау жасай отырып, кеңестік кезеңде қазақ тарихы үшін қалыптастырып берген қасаң тұжырымдар мен зерттеулердің теориялық-әдістемелік негіздерінің, зерттеу әдістерінің қалайша өзгергенін, дамығанын, кеңейгенін көруге болады. Сондай-ақ, тарихи білім мен тарихи сананың қазіргі деңгейі айқындалады. Тарих ғылымының қазіргі жай-күйі мен тарихи өзекті мәселелердің зерттелу дәрежесіне тарихнамалық талдау жасай отырып, зерттеуді қажет ететін тақырыптар мен бағыттарды белгілеп беру, оларды зерттеушілердің назарына елеп-екшеп ұсыну да тарихнама ғылымы үшін өзекті мәселе болып табылады.
Сонымен қатар, баспасөз беттерінде жарық көрген Қазақстандағы тарих ғылымының өзекті мәселелерін зерттеудің теориялық-концептуалдық және методологиялық ұстанымдарын арнайы қарастырып, қазіргі кәсіби тарихшы қауым үшін көкейкесті болып табылатын тарих ғылымының болашақтағы даму бағытының негізделетінін ескерсек, тақырыптың өзектілігі тағы да арта түседі. Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мерзімді басылымдарда қылаң беріп, бүгінде тереңдей түскен “балама тарих құбылысының” табиғаты мен оның даму заңдылықтарына үңілу, қолдан тарих жасау бағытының қалай қалыптасатынын анықтау ғылым үшін де, қоғамдық пікір жинақтауда да аса маңызды. Сондай-ақ, балама ой-пікірлер мен тұжырымдар тартысының себептерін ашуға ұмтылыс - біздің зерттеу жұмысымыздың өзектілігін тағы бір қырынан көрсетіп, дәлелдей түседі.
Кәсіби тарихшылармен қатар Отан тарихының бұрын-соңды үстірт немесе бұрмаланып зерттелген тұстарын ашу жолында әуесқой тарихшылар да көп еңбектеніп, мерзімді басылымдарда өздерінің зерттеулерін, пайымдауларын жариялады. Олардың қатарында барлық мамандық пен кәсіп иелерінің болғанын ескерсек, тәуелсіздік кезеңінде тарихқа деген қызығушылықтың деңгейін анықтауға болады. Алайда, олардың ғылыми деңгейін айқындауға тарихнамалық талдау жасау арқылы ғана қол жеткізуге болады. Тарихнамалық талдау негізінде, жансақ зерттеу бағыттары мен біржақты, жалаң көзқарастарды анықтау, теріс пікірлер мен шалыс ойларды әшкерелеу біздің зерттеу жұмысымыздың негізгі өзегі болып табылады.
Қайта құру жылдары мен тәуелсіздік кезеңіндегі мерзімді басылым құралдарында жарық көрген Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты баспасөз беттерінде жарияланған еңбектерді тарихнамалық талдаудың ғылыми-практикалық маңызы зор екендігі дау тудырмаса керек.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Осы уақытқа дейін Отан тарихының әртүрлі тарихнамалық кезеңдері мен тақырыптарына қатысты тарихнамалық зерттеу жұмыстары жүргізілгенімен, Қазақстан тарихының “ақтаңдақ” беттері мен тарих ғылымының өзекті мәселелеріне байланысты мерзімді басылым құралдарында жарық көрген еңбектер арнайы тарихнамалық талдауға алынған жоқ болатын.
Мерзімді басылым құралдарында “тоқырау” жылдары айтылмай, жылы жабу астында жасырылып келген мәселелердің көтеріліп, тарих ғылымында “ақтаңдақтар” деген терминнің қолданыла бастауы - қайта құрудың екінші кезеңіне (1987 жылдың ақпаны - 1988 жыл) жатады. Мұның өзі “демократия”, “жариялылық” деген халыққа жаңа желпініс, жылы леп әкелген ұрандармен байланысты болды. Кейін академик М. Қозыбаев: “Ақтаңдақ” беттер деген терминнің өзі алғаш рет 1987 жылғы ақпанда қолданылған екен” [1, 9 б. ], - деп еске алды. Оны алғаш рет қолданысқа енгізген КСРО Орталық комитетінің Бас хатшысы М. С. Горбачев болды. Ол: “ . . . тарихты өзінің қаз-қалпында көру керек. Бәрі де болды, қателіктер, тіпті ауыр қателіктер болды. Тарихта да, әдебиетте де ұмытылған есімдер, ақтаңдақ орындар болмауға тиіс. Әйтпесе бұл тарих та әдебиет те емес, жасанды құбылғыш конструкциялар болып шығады” [2], - деген болатын.
Академик М. Қозыбаев ақтаңдақтарға “тарихтың бұрыс түсіндірілген беттерін, зобалаңның астында қалған оқиғалары мен тұлғаларын” [1, 9 б. ] жатқызса, 1917-1937 жылдардағы Қазақстан тарихының “ақтаңдақтарын” арнайы зерттеген Л. Нұрғалиева: “Ақтаңдақ” деген ұғымының өзі шартты түрде алынған анықтама. Ғылыми-методологиялық тұрғыдан алғанда бұл ұғымға сол кездегі саяси жүйенің қалыбына сыймаған, ол жүйенің идеологиялық негізіне қайшы келетін, шын мәнінде тек тәуелсіздік тұрғысынан ғана зерделеу мүмкін болатын мәселелер жатады . . . Сайып келгенде, “ақтаңдақтар” - қазақ тарихының мүддесіне сай, бодандық пен отаршылық идеологиясына қарама-қайшы келетін мәселелер” [3, 4-5 бб. ], - деп анықтама береді.
Айта кетерлік бір жайт, “Ақтаңдақ” термині горбачевтік қоғамды қайта құру және демократияландыру жылдары мен тәуелсіздіктің алғашқы сатысында уақыт талабына байланысты өзекті болып саналып, ғылымда зерттеушілердің жиі қолданатын сөзіне айналды. Дегенмен, төл тарихымыз терең зерттеліп, бұрмаланған тұстары қалпына келтіп, тың деректер негізінде шынайы еңбектер жазылу барысында бұл термин уақытша ғана қолданыста болғанын аңғарамыз. “Ақтаңдақ” сөзі Отан тарихына қатысты біржақты термин екендігін, оның мағынасы бұрын-соңды объективті түрде зерттелмей, бұрмаланып, саяси жүйелер шеңберінде айтылмай келген мәселелерге ғана қатысты қолданылғаны тарихи зерделеу көрсетіп берді. Сондықтан да, тарихта зерттеуді қажет ететін мәселелерді ақтаңдақ дегеннен гөрі өзекті мәселелер деп атау қисынды екенін тәуелсіздік кезеңіндегі ғылымның теориялық-әдістемелік негіздерінің қалыптасуы мен дамуы дәлелдеп берді.
Қазақстан тарихының өзекті мәселелеріне қатысты баспасөзде жарияланған еңбектерге ең алғаш тарихнамалық талдау жасауға тырысқан Л. Р. Нұрғалиева болды. Ізденушінің диссертациялық жұмысы “1917-1937 жылдардағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелері баспасөзде: тарихнамалық зерттеу” [4] деп аталғанымен, зерттеу жұмысының тарихнамалық деректері көп жағдайда баспасөз материалдарына емес, арнайы зерттеулерге (монографиялар) негізделгені байқалады. Сонымен қатар, зерттеліп отырған 1917-1937 жылдар аралығын қамтитын тарихнамалық кезеңге қатысты баспасөз материалдары толық қамтылмаған. Сондай-ақ, ізденушінің еңбегіне тарихнамалық талдау жасау барысында 1917-1937 жылдардағы Отан тарихының күрделі, әрі қайшылықты мәселелері тарихнамалық шолу деңгейімен шектелген. Бұл Қазақстанның тарихнама ғылымының кеңестік кезеңде кенже қалып, оның әдістемелік негіздерін ізденушілердің толық меңгере алмағандығын көрсетеді.
Тәуелсіз Қазақстан жағдайында тарихнама ғылымының теориялық және әдістемелік мәселелерін алғаш рет арнайы қарастырып, Қазақстан тарихының кейбір мәселелеріне жаңа көзқарастарды талдауға алған ізденуші Ш. Ж. Нартбаев өз зерттеуінде [5] жаңа тарихи және тарихнамалық ой-пікірлерге талдау жасап, құнды тұжырымдар мен ғылыми жағынан маңызды, нақты ұсыныстар айтады. Бірақ, тарих ғылымының дамуы мен өзекті мәселелердің зерттелу тарихы тарихнамалық талдаудан тыс қалды.
Зерттеу жұмысымызда қарастырылған әдістемелік мәселенің бірі - Отан тарихын дәуірлеу мәселесі. Бұл тақырыппен арнайы айналысып, кандидаттық диссертация қорғаған ізденуші С. К. Кентбеков болды. Автор өзінің зерттеу жұмысында [6] тұңғыш рет тарихты кезеңдерге бөлудің формациялық, яғни маркстік-лениндік методология ұстанымдарынан бас тартып, кезеңдерге бөлудің жаңа нұсқасын әлемдік дәуірлеу теориясы негізінде ұсынды. Бірақ оның өзі, мәселені түбегейлі шеше алмаған. Дегенмен ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі Отан тарихын кезеңдерге бөлуде әзірше С. Кентбековтің зерттеуінен басқа еңбектер, әзірше, ғылымнан орын алмай келеді.
Ал, тарих ғылымдарының докторы, профессор З. Алдамжар өзінің монографиясында [7] тарих ғылымының өзекті мәселелерін талдай отырып, отандық тарих ғылымы мен тарихнама ғылымының теориясын және методологиясын толықтыра түсетін, жас зерттеушілерге бағыт-бағдар беретін құнды ғылыми тұжырымдар жасаған.
Біз баспасөзде жарияланған, Отан тарихының Қазан төңкерісіне дейінгі өзекті мәселелеріне және оларға қатысты тұжырымдардың айналасында болған пікірталастар тарихына тарихнамалық талдау жасағанда, белгілі тарихнамашы, ғалым Д. Дулатованың еңбегі [8] басшылыққа алынды. Осыған орай, белгілі ғалымның жасаған ғылыми тұжырымдары біз қарастырып отырған мәселерге көп қырынан жанасады деп айта аламыз.
ХХ ғасырдың басында Алаш қозғалысы мен зиялыларының қызметі тарихына қатысты тарихнамалық зерттеу жүргізген ғалымдар Отан тарихының бұрын-соңды бұрмаланған, әрі үстірт зерделенген мәселелерді ашуда және оларды зерттеудің теориялық-әдістемелік негіздерін қалыптастыруда үлкен еңбек сіңірген Д. А. Аманжолованың [9], А. К. Мамраеваның [10], Э. Г. Сейтовтың [11], Р. К. Нұрмағамбетованың [12], К. К. Канафиннің [13], Ш. Т. Омарбековтың [14] еңбектерін ерекше ілтипатпен атап өткіміз келеді. Олардың еңбектерінде мерзімді басылым беттерінде жарияланған зерттеулер, ғылыми мақалалар талданбаған. Ізденушілер өздерінің алдына мұндай мақсат та қоймаған. Бірақ, бұл еңбектер біз саралап отырған мәселенің теориялық-әдістемелік тұстарын толықтыруда, мерзімді басылымдарда жарық көрген әртүрлі пікірлерді таразылап, олардың объективтігін, тарихилығын айқындауда мұрындық болады. Сондай-ақ, тарихқа балама көзқарастардың “ақ-қарасын” анықтап, зерттеушілердің жаңа тарихи таным қалыптастыруда қосқан үлесін бағамдауда бағыт-бағдар көрсете алады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан тарихының мәселелеріне қатысты 1985-2000 жылдар аралығын қамтитын тарихнамалық кезеңнің материалдарына талдау жасаған Б. Рахымбекова Ресей империясының Орта Азия елдері мен Қазақстанда жүргізген отарлық саясатының озбырлығын кеңінен ашып көрсетеді [15] . Аталған зерттеу жұмысы да баспасөзде жарияланған бала тарих құбылысының мәнін ашып, мазмұнын айқындауға септігін тигізеді.
Қазақстанның көпұлтты мемлекетке айналуы, қазақ жеріне ХVІІІ - ХХ ғасырларда басқа ұлттардың келіп, қоныстануы сияқты өзекті мәселенің тарихнамасы С. Ковальскаяның диссертациясында [16] кеңінен көрініс тапқан.
Ал, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда меншік институтының қалыптасу тарихнамасын зерттеген А. Ешмуратов Кеңес мемлекеті ыдырағаннан кейін меншіктің әртүрлі формалары қалыптасып жатқан бүгінгі Қазақстан үшін маңызды мәселелерді анықтап, зерттеуді қажет ететін өзекті тақырыптарды көрсетеді [17] .
Қазақстан тарихына қатысты шетелдерде жарық көрген зерттеулерге тарихнамалық талдау жасаған К. Есмағамбетов өзінің докторлық диссертациясында [18] Қазақстандағы тарих ғылымын дамыту үшін шет елдерді зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтарды құру қажеттігін атап көрсетсе, қазіргі ағылшын-американ әдебиеттінде ХVІІІ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы орыс жаулауы мен отарлық саясатқа арналған еңбектерге өз докторлық диссертациясында тарихнамалық талдау жасаған К. Несіпбаева шетелдік тұжырымдарды Қазақстанда ғылыми айналымға енгізу арқылы тарих ғылымына үлкен еңбек сіңірді [19] . Отан тарихы мәселелерінің шетелдердегі зерттелу деңгейін көрсетуде осындай еңбектердің маңызы ерекше. Мұның өзі қазақ тарихының өзекті мәселелерін зерделеуде өркениеттік бағыттарды тануға септігін тигізеді. Ал, Қазақ тарихы өркениеттің бір бөлігі ретінде қарастырыла бастады. Сондықтан да, К. Есмағамбетов пен Қ. Несіпбаеваның еңбектері жарияланымдардағы мақалалардың заман талаптарына сәйкестіктерін анықтауға көмектеседі.
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырда Қазақстанда болған аграрлық өзгерістердің тарихнамасын О. Мұхатова докторлық диссертациясында [20] арнайы қарастырған. Ол Қазақстандағы аграрлық қатынастарды зерттеуде алдымызда тұрған міндеттерді нақтылы көрсетіп берді. Ал оның монографиялары [21; 22] отандық тарих ғылымында осы кездегі аграрлық қатынастар мен ондағы өзгерістерді зерттеген ғалымдардың еңбегін тұңғыш рет тарихнамалық талдауға алуымен құнды болып отыр. Сондай-ақ, тарихшы-ғалымның зерттеулері төл тарихымызды ұлттық тұрғыда зерделеудің әдіс-тәсілдерін ұстануға мұрындық болады, яғни біз талдап отырған мәселенің әлеуметтік мәнін түсінуге септігін тигізеді.
Ал ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанға капитализмнің енуін сипаттаған еңбектерге тарихнамалық талдау жасаған ғалым Т. Төлебаев өз диссертациясының [23] теориялық-әдістемелік мәселелерге арналған тарауында тарихнама ғылымын байыта түскен, көптеген ғылыми тұжырымдар жасады. Сонымен қатар, ол “нарықтық қатынастар” деген ұғым аясында дамып отырған, бүгінгі таңда капиталистік қатынастарды зерттеу үшін тарих ғылымының маңызды мәселелерін көрсетеді. Ғалым-тарихшының зерттеуі ғылымда кез-келген мәселенің қойылымын, оның маңызын, осы орайда мерзімді басылым беттерінде жарияланған еңбектердің мақсаты мен мәнін ұғынуға негіз болады. Мерзімді басылымдарда жарық көрген еңбектердің мақсаты мен ұстанымдары әртүлі болып келгендіктен, оларды талдау күрделі мәселе болып табылады. Сондықтан да, мұндай “ала-құла” шығармаларды салмақтауда нақты ғылыми “тұғырдың” болуы шарт, өйткені ғылымда орныққан тұжырымдарсыз олардың шынайылығына баға беру мүмкін емес.
Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстан әйелдерінің ерен еңбегіне арналған зерттеулерге Г. Бырбаева өзінің кандидаттық диссертациясында [24] тарихнамалық талдау жасады.
Қазақ халқының қалыптасуы, мемлекетінің құрылуы және нығаюы тарихнамасын арнайы зерттеген Г. Сәбденова осы тақырыпың өзекті мәселелеріне тарихшылардың назарын аударды [25] .
Тарихшы А. Әбділдәбекованың монографиясы [26] Қазақстанның патшалық Ресей бодандығын қабылдап, оның құрамына кіруі мен жаулап алынуына, сондай-ақ Ресей империясы тарапынан жүргізілген отарлық саясат тарихнамасына арналған. Ол осы мәселелерді тарихнамалық тұрғыдан талдай отырып, ХХ ғасырдың 30-90 жылдары тарихнамада орын алған тұжырымдамалық эволюцияның тарихын баяндайды және аталмыш мәселенің өзекті тұстарын көрсетеді.
Белгілі тарихшы Қ. Атабаевтың докторлық диссертациясы [27] деректану ғылымының теориялық - методологиялық негіздерін қалыптастырса,
С. Шеретовтың кандидаттық диссертациясы [28] естеліктану (мемуароведение) саласының теориялық мәселелерін Ресей тарихнамасы негізінде талдауға арналды. Тарихнама ғылымын теориялық-методологиялық тұрғыдан дамыта түсетін мұндай зерттеулер біздің зерттеу нысанымыздың бір қыры болып табылады. Тәуелсіз Қазақстан кезеңінде жазылған осындай зерттеу жұмыстары біздің таңдап алған тақырыбымызға біршама жақын, өйткені онда мерзімді басылымдарда жарық көрген еңбектерде қарастырылған мәселелердің жекелеген, кейбір тұстары айтылады.
Сонымен қатар, тарих ғылымының теориялық-методологиялық негіздері мен тарихты зерттеудің әдістеріне қатысты Д. Тош [29] және К. Поппер [30] еңбектері біздің тарихнамалық талдауымызда қарастырған мәселелерді көтерген болатын.
Бұрынғы Кеңес одағы мемлекеттерінде соңғы жылдары жүргізілген арнайы тарихнамалық зерттеулер [31-37] біз қарастырып отырған мәселелерге теориялық-тұжырымдамалық, әдістемелік қырлары жағынан қабысып жатыр. Олардан жаңа ғылыми бағыттар мен кейбір тың тұжырымдарды ұтымды пайдалана білсек, одан отандық тарихнама ғылымы байи түсері сөзсіз.
Біз өзіміздің зерттеу тақырыбымызға, теориялық-әдістемелік мәселелері жақын және балама көзқарастар танытуда дәйекті, әрі ұтымды ғылыми тұжырымдары бар еңбектерді ғана көрсетуге талпындық. Отан тарихының өзекті мәселелерін қамтитын зерттеулерді кешенді түрде талдау - ғылым үшін өте маңызды. Болашақта, осы бағытта арнайы ғылыми еңбектер шоғыры дайындалуы тиіс деп ойлаймыз. Сонда ғана отандық тарихымыздың әлі де зерттелуі тиіс қырлары анықталады.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Тақырыптың өзектілігінен - зерттеу жұмысының негізгі мақсаты туындайды. Қайта құру жылдары мен тәуелсіздік кезеңіндегі мерзімді басалым құралдарында жарық көрген тарих ғылымының өзекті мәселелеріне қатысты еңбектерді тарихнамалық талдау арқылы қазіргі тарих ғылымының жай-күйіне баға беру және кәсіби тарихшы қауым үшін өзекті болып табылатын тарих ғылымының болашақтағы даму бағытын анықтау - диссертациялық жұмысымыздың негізгі мақсаты болып табылады. Зерттеу жұмысының негізгі мақсатына қол жеткізу үшін төмендегі міндеттерді шешу жоспарланды:
- Қайта құру және тәуелсіздік жылдарындағы Отан тарихының өзекті мәселелерін зерттеудің теориялық-тұжырымдамалық және методологиялық негіздерінің баспасөзде көрініс табуын айқындау;
- Қазақстан тарихындағы “балама тарих құбылысы” мен оған қатысты мерзімді басылымдардағы ой-пікірлерді салыстыра талдай отырып, оның алғы шарттары мен туу себептерін, қалыптасу заңдылығын және тарих ғылымына, халықтың тарихи зердесіне әсерін көрсету;
- қайта құру жылдарында жаңа тарихи көзқарастардың баспасөзде насихатталуын талдау;
- мерзімді басылым материалдарының негізінде қазақ тарихындағы өзекті мәселелерді зерделеу және тарихи сананы қалыптастыру бағытында баспасөздегі талпыныстарды арнайы қарастырып, оларға баға беру;
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz