Ноғайлы дәуіріндегі жырлардың тілдік ерекшеліктері


Әл-Фараби атындағы Қазаќ ұлттық университеті
ӘОЖ 811. 512. 122’367 Қолжазба құқығында
Симбаева Салима
Ноғайлы дәуіріндегі жырлардың тілдік ерекшеліктері
10. 02. 06 - түркі тілдері
Филология ғылымдарының кандидаттық ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация
Ғылыми жетекші
филология ғылымдарының
докторы, профессор Б. Қ. Момынова
Қазақстан Республикасы
Алматы 2007
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 НОҒАЙЛЫ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ТІЛІ - ҚАЗАҚ АУЫЗША
ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІНІҢ БІРІ . . . 8
1. 1 Ноғайлы. дәуірі және ноғайлы әдебиеті туралы ұғымның
қалыптасуы . . . 8
1. 2 Түркі тілдерінің ноғайлы-қыпшақ бұтағы тілдік
ерекшеліктері . . . 23
1. 2. 1 Түркі тілдері элементтерін салыстыру арқылы түсінілетін
лексемалар, фразеологизмдер . . . 33
1. 2. 2 Ноғайлы дәуіріне тән және түркі тілдеріне ортақ
ономостикалық атаулар (кісі, жер-су т. б. атаулар) . . . 41
2 НОҒАЙЛЫ ДӘУІРІ ӘДЕБИЕТІ ТІЛІНІҢ ЛИНГВОМӘТІНТАНЫМЫ . . . 58
2. 1 Ноғайлы дәуірінде туған әдеби туындылар
жарияланымдарының салыстырмалы тілдік сипаты . . . 58
2. 2 Ноғайлы дәуірінде туған әдеби туындылар
жарияланымдарының лексикалық қабаттарына тән ерекшеліктер . . . 63
2. 2. 1 Көне түркілік қабат . . . 66
2. 2. 2 Бөгде тілдік элементтер . . . 88
2. 2. 3 Төл тілдік элементтер . . . 102
2. 3 Мәтінтанымдық түсініктер . . . 113
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 117
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ . . . 120
Кіріспе
Зерттеудің өзектілігі. Тіл - қоғамдық құбылыс, ол-халық өмірінің, тарихының айнасы. Тарихта, қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалық атаулының барлығы әуелі тілден көрініс табады, орнығады, сосын халық мұрасына айналады. Тілді зерттеу арқылы, оның түп негізін тексеру арқылы халық, ұлт өмірінің кезеңдерін, тарихын анықтауға болса, тарихы арқылы тілде болған өзгерістерді танып білуге болады. Қоғам даму кезеңдерін зерделеу арқылы тілдің эволюциялық өсу өрісін саралай, жіктей аламыз.
Халық тарихын алсақ та, тіл тарихын қарастырсақ та қалыптасу, даму үрдісі барлық уақытта бір қалыпты жүріп отырмайтыны белгілі. Қазақ тілі тарихынан да осыны анық аңғара аламыз. Тіліміз өз бастауын сонау есте жоқ ескі замандардан алады да, тайпалық, рулық қарым-қатынас құралы ретінде дамып, кезеңінде түрлі қауымдастықтар, хандықтар мен құрылымдарға, ірі мемлекеттерге қызмет еткен. Халық басынан өткен тарихи дәуірлер ізі тілімізде сақталып, бізге жетіп отыр. Сонымен қатар, тілдік қордың баюы мен молаюына өз үлесін қосып отырды.
Қазіргі таңның өзінде қазақ әдеби тілінің барлық мәселелерінің, әсіресе, оның тарихына байланысты туу, қалыптасу, даму жолдары мен кезеңдеріне, дәуірлеу қағидаларына қатыстылары толық шешімін тапты деп айта алмаймыз. Халықтың бір күнде немесе бір жылда қалыптаса қоймайтыны сияқты, оның тілі де даму деңгейінің жоғары сатысына бір күнде жете салмайды. Тіл өз тарихында дамудың ұзақ үрдісін басынан кешіреді. Белгілі ірі этникалық топтардың бірігуі арқылы халық пайда болса, оның жалпы халықтық тілінің жоғары сапалы түрі - сұрыпталған әдеби тіл бір күнде пайда болмай, сол ірі этникалық топтардың тілдік мұралары негізінде қалыптасады. Олай болса, халық болып құралғанға дейінгі сұрыпталған тіл, жазба нұсқалар тілі кейінгі кезеңде әдеби тілдің қалыптасуына, тұрақтануына әсер етуі немесе оған негіз де болуы ықтимал.
Тіл тарихында елеулі із қалдырған, бүгінде ғылыми зерттеу нысанына айналған дәуірдің бірі - Ноғайлы дәуірі, сол кезде дүниеге келген әдеби мұралар. Көненің көзіндей ұрпақтан-ұрпаққа жеткен рухани дүниемізді, әдеби мұраларды жинап, жариялау, оның байыбына барып зерттеу ісі тек әдебиеттану ғылымы үшін ғана емес, тіл тарихын зерттеу үшін де маңызды. Тіл тарихшысының өткен ғасырлар тілінің лексикалық қазынасын, грамматикалық құрылысын, тілдегі құбылтулар мен айшықтауларды және сол кездегі әдеби тіл нормаларын зерттеу үшін жүгінері сол дәуірдің мұралары болмақ.
Еділден Донға дейінгі Кубанның кең даласын, Арал теңізі мен Каспий жағасын, Қырым мен Кавказ арасын ен жайлаған ноғай-қыпшақ ұлыстарының тілі мен қазақ әдеби тілі арасындағы сәйкестіктер мен ортақтықтар болса, олардың арасындағы жалғастық дәстүрдің бар екенін көрсетіп, қазақ әдеби тілін қалыптастырудағы мұның рөлін, оған қандай дәрежеде негіз болғанын ашу қажет. Бұл - бүгінгі күн талабынан туындап отырған қажеттілік. Халықтың ертеректегі әдебиеті мен әдеби тіліне бүгінгі күн тұрғысынан, әдеби тілдің қазіргі жеткен деңгейінен қарау оған жасаған қиянат болар еді.
ХІҮ-ХҮ ғғ. және одан кейініректегі қазақ поэзиясы Ноғай Ордасында туындағандықтан да оны сол бірлестікте болған қазіргі ұлттардың өлең-жыр үлгілерімен, ауыз әдебиеті тілімен салыстыра зерттеу ақын-жыраулар поэзиясы тілін жан-жақты тануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ноғайлы дәуірінде туындаған әдеби мұраларға сол кезге дейінгі әдебиеттің тигізген ықпалын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл факторды ескеру әдеби мұралардың тілін жан-жақты талдап қарауға мүмкіндік береді.
Қазіргі түркі тілдерінен қазақ тілінен басқа қарақалпақ тілінде осы қыпшақ-ноғай элементтері болуы мүмкін. Себебі Астана қаласы «Фолиант» баспасынан 2002 жылы жарық көрген «Түркі тілдері» энциклопедиялық басылымда: «Қарақалпақ тілі - қыпшақ тобының қыпшақ-ноғай топшасына жататын түркі тілдерінің бірі. Қарақалпақ тілі туыс үш халық: ноғайлар, қазақтар мен қарақалпақтар бөлініп шыққан Алтын Орда мен Үлкен Ноғай Ордасының құрамында болған қыпшақ тайпаларының арасында қалыптасқан» деген мәлімет берілген. Сонымен қатар, «Алабұғат татарлары (ноғайлар) деп Қалмақ жері Каспий ауданы Ұлан-Холл бекетіндегі Северный қыстағында тұратын салыстырмалы түрде алғанда шағын этникалық топ өкілдерін айтамыз. Ресми құжаттар мен тарихи әдебиетте бұл топ «көшпенді алабұғат татарлары» деп берілген. Алабұғат татарларының этникалық тобы ноғай, өзбек, түркмен, қазақ, қазан татарлары мен қалмақтар сияқты түрік және монғол тектес этникалық топтардың сіңісуі нәтижесінде қалыптасқан. Алабұғат татарларының этногенезінде ноғай компоненті басым болса керек, олар да өздерін ноғайлар санайды.
Сонымен, алабұғат татарларының тілі түркі тілдерінің қыпшақ тобына жатады» делінген. Міне, осындай деректерге сүйене отырып, бір кездері ноғайлылықтар деп есептелген тұтас бір ұлыс өкілдерінің қазіргі таңда әр тектес, бірақ туыстас халықтар құрамында өмір сүріп жатқанына көз жеткіземіз.
Ноғайлы дәуіріне жататын қазақ әдебиетінің мол да құнарлы саласы - жыраулар мен ақындар шығармашылығы мен эпостык жырлар. Ноғайлы дәуіріндегі әдебиет жанрларының тіліне, оның әдеби тілге қатысына байланысты әлі зерттей түсуді күтетін мәселелер бар. Сондай соны зерттеулердің, дәлелді шешімдердің негізінде әдеби тілдің даму кезеңдерін дәуірлеуді жаңа қырынан қарастыра отырып, тіліміздегі семантикасы беймәлім сөздердің сыры ашылмақ. Әдеби тіліміздің қалыптасып, даму сатысында белгілі ізін қалдырған ноғайлы-қыпшақ жырларында кездесетін ономастика, топонимдер мен зоонимдер сырына үңіле отырып, олардың көмескіленген сипатын ашу арқылы тіліміздегі қолданыс белсенділігін арттыруға болады. Семантикасы көмескі сөздердің белсенді қолданысқа түсе қоюы екіталай.
Қазақ тілі өзге де түркі тілдері сияқты ХҮІІІ ғасырдың екінші жартысында ғана зерттеу нысанына айнала бастаған. Содан бері жарық көрген зерттеу еңбектерінде тілдің түрлі мәселелері әртүрлі көзқарас негізінде талқыланып, ғылыми бағасын алды. Тіл - қоғамдық құбылыс, ал қоғам үнемі жаңғырып, жаңарып отырады, соған байланысты бағаланып, жаңа түйіндер жасалады. Тілге де қатысты осы ойды айтпақпыз. Ноғайлы-қыпшақ жырларының тілдік ерекшеліктерін жан-жақты қарастыра отырып, қолданыстағы белсенділігін арттыру - бүгінгі күн талабы. Онда кездесетін жалқы есімдер мен ұғымдар терминжасамда, ұлттық тілдің лексикалық қабаттарын дамыта түсуде маңызды рөлге ие.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Жалпы әдеби тіл анықтамасы, оның арналары туралы Р. Сыздықованың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», С. Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка», С. Исаевтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы» т. б. еңбектерде қарастырылған. Ал ноғайлы жырларының тілдік ерекшелігі Қ. Өмірәлиевтің «ХҮ-ХІХ ғасырлардағы әдеби тілінің тарихы», Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді» еңбектерінде сөз болған. Сондай-ақ, Г. Боранбаеваның «XV-XVIII ғ. қазақ поэзиясы тіліндегі фразеологизмдер» атты кандидаттық диссертациясын атауға болады.
Зерттеудің нысаны. Ноғайлы дәуіріндегі жырлар мен ақын-жыраулар толғауларының тілдік ерекшелігі.
Зерттеу пәні. Ноғайлы дәуіріндегі жырлардың тілдік ерекшелігі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының негізгі мақсаты - ноғайлы дәуірі тудырған жырлар мен толғаулардың қазақ әдеби тілінің қалыптасу үрдісіндегі үлес-салмағын көрсету, жырда кездесетін антропоним, топоним, зоонимиялардың семантикасын анықтап, терминжасам үрдісінде белсенді қолданысқа түсіру, мәтіндегі сөздер сырын ашу.
Осы мақсатты айқындау үшін алдымызға мынадай міндеттер қойылды:
- қазіргі қазақ әдеби тілінің басты арналарының бірі - ноғайлы-қыпшақ жырларының тілі екенін көрсету;
- жырлар мен толғауларда кездесетін көнерген сөздер;
- антропонимдер мен топонимдер сырын ашу;
- араб-парсы сөздерінің кеңінен қолданыс табу себептерін анықтап, семантикасына талдау жасау;
- сан есім, соның ішінде түркі халқы үшін қасиетті болып табылатын сандардың қолданылу ерекшелігін көрсету;
- мәтінде кездесетін түр-түс атауларын қазіргі қолданысымен салыстыру.
Зерттеудің дереккөздері. Р. Сыздықованың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», Р. Сыздықованың «Сөздер сөйлейді», С. Аманжоловтың «Вопросы диалектологии и истории казахского языка», С. Исаевтың «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» (10 томдық), М. Қашқаридың «Түркі тілінің сөздігі», Л. Рустемовтің «Казахско-русский толковый словарь арабско-иранских заимствованных слов», Н. Оңдасыновтың «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздігі» сияқты зерттеу еңбектер әдеби тіл тұжырымдамасын жүйелеуде және ноғайлы дәуірі жырларында кездесетін семантикасы күңгірт сөздерді анықтау мақсатында пайдаланылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Ноғайлы-қыпшақ дәуіріндегі жырлар мен толғаулардың стильдік, тілдік ерекшеліктері алғаш рет жинақталып, жүйеленіп қарастырылып отыр. «Орақ-Мамай», «Ер Қосай», «Ер Көкше» сияқты зерттеу нысанына іліне қоймаған жырлардың тіліне талдау жасай отырып, сол кезеңнің сөз қолданыс ерекшелігі көрсетілді. Ноғайлы жыр-толғаулары тілінің қазақ әдеби тілінің қалыптасу үрдісіне тигізген ықпалы анықталды.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер ноғайлы-қыпшақ бірлестігі дәуіріндегі әдеби туындылар тіліне лингвистикалық талдау жасалып, семантикасы беймәлім сөздерге түсінік берілетін болса, онда түркі дүниесінен бері желі тартып келе жатқан ұғым мен түсініктердің беймәлім сыры ашылмақ. Сөйтіп, олар белсенді қолданысқа түседі. Жоғары, орта арнайы оқу орындарының бағдарламасы бойынша оқытылатын жырлар мен ақын-жыраулар толғауларының мәтінін оқып, түсіну, талдау жұмыстары сапалы деңгейге көтерілмек.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеу жұмысында әдеби тілге қатысты пікір айтқан, зерттеу жүргізген шетелдік ғалымдар еңбегі, ұлттық лингвистикадағы салмақты да маңызды зерттеулер мен тұжырымдар негізгі тірек болды. Ұлттық лингвистика бойынша қазақ әдеби тілі зерттелуінің негізін қалаған С. Аманжолов, Н. Сауранбаев, Қ. Жұбановтармен қатар, зерттеулерді жаңа белеске көтерген Р. Сыздықова, Ә. Әбілқасымов, С. Исаев, Қ. Өмірәлиев, Б. Момынова және түркі тілдері туралы толымды ой-пікірлер айтқан Л. Н. Гумилев, Б. Базылхан, В. В. Виноградов т. б. теоретик ғалымдардың еңбектері басшылыққа алынды.
Зерттеудің ғылыми іс-тәжірибелік мәні. Ноғайлы жыр, толғауларының тілдік ерекшелігі туралы мәселелерді зерделеген бұл жұмыс нәтижелерін қазақ эпосы және жыраулар толғауларының тілі, қазақ әдеби тіліне қатысты ғылыми зерттеулер жүргізгенде, жоғарғы оқу орындарының қазақ филология бөлімдерінде тіл білімінің лексикология саласы бойынша арнаулы курстар мен семинар сабақтарды оқытқанда, қазіргі терминжасам үрдісінің белсенді қолға алынып жатқан тұсында терминдерді аудару кезінде көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Зерттеудің әдістері. Зерттеу жұмысының барысында талдау, жинақтау және салыстыру, түсіндірмелі әдістер қолданылды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- қазақ әдеби тілі туралы түсінік бергенде халық тарихына шолу жасай отырып, ру, тайпа, қауымдастықтар мен бірлестіктердің рөліне тоқталу дұрыс болып табылады;
- әдеби тіл туралы тұжырым жасағанда оған бүгінгі күн тұрғысынан қарамай, бүкіл жүріп өткен ұзақ тарихын түгелдей саралап өткен жөн;
- қазіргі ұлттық тілімізге бөгде элементтердің ену, қалыптасу жолдары мен кезеңдерін көрсету - бірден-бір дұрыс қағида;
- ноғайлы-қыпшақ жырларының тілі - қазіргі қазақ әдеби тілінің негізгі арналарының бірі екендігі дау тудырмайтын мәселе;
- Ноғайлы ордасында дүниеге келіп, көптеген түркі тектес халықтардың ортақ әдеби мұрасына айналған дүниелердің тілдік ерекшелігін көрсету - оларды өз дәрежесінде дұрыс түсіндіріп оқытуға мүмкіндік тудырады;
- семантикасы түсінікті сөздер қолданысқа белсенді түсе алады;
- зерттеу нысанына алынып отырған дәуір әдебиетінде кездесетін сан есімдер жүйесін қарастыра отырып, халқымыздың дүниетанымы мен көзқарасын тануға болады;
- сол кезеңде қолданыс тапқан түр-түс атауларын бүгінгі қолданысымен салыстыра келіп, қалыптасу, орнығу ерекшеліктерін көрсету - олардың этимологиясын зерделеуге мүмкіндік береді.
Зерттеу жұмысының жариялануы мен мақұлдануы. Ноғайлы жырларының тілдік ерекшелігін қарастырған зерттеу жұмысының мазмұны республика көлемінде жарияланған ғылыми басылымдардағы мақалалар мазмұнынан және халықаралық, республикалық ғылыми-теориялық, ғылыми - іс-тәжірибелік конференцияларда жасалған баяндамаларда көрініс тапты. Атап айтқанда, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен «Мемлекеттік тілдің ахуалы, проблемалары және оны шешу жолдары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда «Ноғайлы-қазақ жырларында кездесетін ономастикалар мен қазіргі қолданыстағы терминдердің арақатынасы», Өскемен қаласындағы Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде өткізілген «Тәуелсіз Қазақстан: тарих және қазіргі заман» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында «Ноғайлы дәуіріндегі жырларда кездесетін сан есімдердегі түркілік дүниетаным көрінісі», С. Аманжолов атындағы ШҚМУ 55-жылдығына арналған «Аманжолов оқулары-2007» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясфнда «Ноғайлы дәуіріндегі толғаулар мәтінінде кездесетін фразеологизмдер семантикасы» тақырыптарында баяндама жасалды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Хабаршысында «Ноғайлы дәуірі тудырған әдеби мұраларда кездесетін антропонимдер сипаты», «Ноғайлы дәуірі әдебиетінде кездесетін антропонимдердегі халық дүниетанымының көрінісі», «Ноғайлы дәуірі әдебиеті үлгілерінде кездесетін зоонимияның этнолингвистикалық сипаты» атты мақалалар жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.
1 НОҒАЙЛЫ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ТІЛІ - ҚАЗАҚ АУЫЗША ӘДЕБИ ТІЛІНІҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІНІҢ БІРІ
1. 1 Ноғайлы дәуірі және ноғайлы әдебиеті туралы ұғымның қалыптасуы
Сан ғасырлық тарихы бар, миллиондаған адамға қызмет етіп отырған, мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілі сияқты дербес құбылыстың тарихын танып білу үшін, оның белгілі бір кезеңдердегі күйі мен қалпын сипаттау, жеке ескерткіштер тіліне талдау жасау, әр қаламгердің рөлі мен үлесін көрсету, белгілі бір кезең қолтаңбасын айқындау, әр дәуірдің қағидалары мен бағыттарын дұрыс табу сияқты мәселелерді қарастыру өте маңызды.
Қазіргі уақытта қазақ тілінің тарихын көне түркі, орта ғасыр, әдеби ескерткіштері материалдары негізінде зерттеу үлгісі қалыптасты. Қазақ халқы, оның тілі туыстас түркі халықтары мен этностары тарихы сияқты көне түркі, орта түркі дәуірлерінен, көне тілдер мен дәстүрлерден бастау алады.
Дегенмен, қазақ тілінің тарихи тамырларының бірі болып табылатын қыпшақ тілінде жазылған мол әдеби мұралардың барлығы бірдей толығынан ғылыми айналысқа түсті, олардың тілдік ерекшеліктеріне қатысты мәселелер толығымен шешімін тапты деп айтуға әлі де болса ертерек. Қазіргі қыпшақ тілдері тобына жатқызылып жүрген қазақ, татар, қарақалпақ, құмық, башқұрт, қырғыз тілдерінің өз алдына жеке ұлт, халық тілі болып қалыптасуына Ноғайлы дәуірінің әдебиеті де ұйтқы болды.
Әдеби тіліміздің даму жолы көркем әдебиет тарихымен ұштасып жатады және оның көптеген мәселелері ұлт поэзиясын танып-білумен де шешіледі. Халықтың әдеби тілінің қалыптасып, дамуы сол халықтың әлеуметтік тарихымен тығыз байланысты. Саяси-территориялық бөліктерге бөлініп тіршілік етуі де тілге өз ықпалын тигізеді. Әдеби тілді зерттеу үшін сол халықтың рухани-мәдени дүниесінің тарихымен жақсы танысу қажет. Көптеген халықтардың тарихында оның әдеби тілінің қалыптасып, дамуы көркем әдебиетінің, оның ішінде поэзиясының бары мен барысына тікелей қатысты болып келетінін бүгінгі тілтану теориясы мақұлдайды.
Қазіргі қазақ әдеби тілі қоғамға жазбаша және ауызша түрде қызмет етеді. Жазба әдебиеттің дамуы, кітап шығару ісінің орасан өсуі, баспасөздің молаюы, ғылымның бірқатар саласының қазақ тілінде зерттелуі, іс-қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізіле бастауы, қазақ мектептері мен жоғары оқу орындарын оқулықтармен және өзге де әр алуан құралдармен жабдықтаудың жолға қойылуы сияқты мәдени-әлеуметтік шаралардың кеңінен жүзеге асуы қазақ әдеби тілінің жазбаша түрде дамуына қандай жағдай жасаса, ауызша түрде қолданылуына жасалған жағдайлар одан кем емес. Ең алдымен, әр түрлі жиын, жиналыс, мәслихаттарда баяндамалар жасау, ғылыми тақырыптардағы дәрістердің оқылуы - осылардың барлығы да қазақтың әдеби тілінің ауызша түрі.
Әдеби тілдің ауызша түрі ел тарихында тым ертеден бастап бар.
ХІҮ-ХҮІІ ғасырлардағы халқымыздың мәдени-рухани өмірінде жаңа құрала бастаған халықтың сөйлеу тілі мен оны құраған ру-тайпалардың әріден келе жатқан поэзиясы тілінің негізінде ауызша дамыған әдеби тіл қызмет етті. Яғни, ХІХ ғасырдың ІІ жартысынан басталатын қазақтың төл жазба әдеби тіліне дейін оның ауызша тараған әдеби тілі өмір сүрді. Сонымен қатар ортаазиялық түркі әдеби тілі дәстүріне негізделген жазба әдеби тілі де болған. Әдеби тілдің бұл екі типі қазақтың төл, ұлттық жазба тілінің тез қалыптасып, әрі қарай дұрыс дамуына бірден-бір жол ашып, арнасын салды [1, 16 б. ] .
Әдеби тілдің ауызша түрі - өзінің атқаратын қызметі, тілдік-стильдік элементтерді пайдалану қағидалары, кімдерге қарата айтылатындығы т. б. жағынан жазба тілден де, ауызекі сөйлеу тілінен де бөлек танылатын құбылыс.
Соңғы жылдардағы еңбектерде радио мен телевизия тілін, лекторлар мен үгітші-насихатшылар, сондай-ақ баяндамашылар тілін әдеби тілдің топ алдында айтылатын ауызша түрі (устная речь), ал күнделікті тұрмыстағы сөйлеу тілін ауызекі сөйлеу тілі (разговорная речь) [2] деп санаушылық бар.
Әдеби тіл жайын арнайы сөз еткен М. Әуезов: «Қазақтың әдеби тілін Абайдан басталады дейтін тілшілерге дау айтамыз. Абайдың алдындағы қазақ халқының көп ғасырдан келе жатқан мол эпостарындағы, ұзынды-қысқалы салттық, тарихтық жырларындағы шебер, көркем өлең үлгілеріндегі тілдерді ұмытуға бола ма?» - деген өте құнды пікірімен сөзсіз келісеміз [3, 60-61 бб. ] .
Қауымдық (қоғамдық) мүдделерді топ алдында көздейтін жағдайлардың болуы, яғни жер дауы, жесір дауы, құн дауы сияқты дау-шарларды жиын алдында шешу, өлгенге көңіл айту, тірілерді мадақтау тәрізді тұрмыстық сөздердің де көбінесе ауыл адамдарынан, туған-туыстардан құралған үлкенді-кішілі ұжым алдында айтылуы, үлкендер мен «аузы дуалылар» тарапынан қара сөзбен не өлеңдетпей, тақпақтап айтылатын үлгі-өнеге, өсиет сөздердің де бір адамға емес, көпке арналатындығы қазақ өмірінде әдеби тілдің ауызша түрінің дамуына әрі ұзақ уақыт сақталып келуіне себепкер болған. Екінші жағынан, бұрын қазақтарда айтар сөзін жазып алып, мәтін бойынша сөйлеу дәстүрінің болмауы да көп әсер еткен. Қазақ топырағында шешендік дәстүр күшті дамып келді. Оның тәжірибесі болды, бірақ теориясы болған жоқ, яғни қазақта Демосфен мен Цицерон туралы естімеген шешендердің өздерінің сөздері қуатты шығып отыратын. Кейінірек авторлы ауызша поэзияны тудырушы-ақын-жыраулар осы дәстүрді дамыта түсті.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz