Сөйлемнің оқшау бөліктері


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 166 бет
Таңдаулыға:   

К І Р І С П Е

Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, қоғам өмірінің сан алуан саласында белсенді қызмет атқара бастаған бүгінгі күні оның (тілдің) қоғамның әрбір саласындағы жұмсалу ерекшеліктерін, қызмет атқаруының аумағын, жұмсалым мүмкіндіктерінің себептері мен нәтижелерін тіл деңгейлерінің лингвистикалық табиғаты тұрғысынан қарастырумен қатар, тілдік құралдардың сөйлеуде жұмсалымға түсуіне себеп болатын және сол арқылы тілдік бірліктердің семантикалық реңкін нақтылайтын экстралингвистикалық факторларды анықтау қазақ тіл білімінің алдында тұрған, кезек күттірмейтін мәселелердің, аса жауапты мақсаттардың бірі болып табылады. Бұл мәселелерді шешу мен мақсаттарды орындауда, қазақ тілін әр алуан қырынан танып-білуге ұмтылып отырған қазіргі таңда тіл білімінің функционалдық стилистика деп аталатын саласына қатысты мәселелерді зерттеудің қажеттілігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Функционалдық стильдердің табиғатын, қоғамдық қызметін ашуда ең алдымен, сөз таптарының, яғни лексемалардың, сонымен қатар, синтаксистік бірліктердің де тілдік көрінісі мен сөйлеудегі қызметін талдап-таныту көп көмегін тигізеді, әдеби тілдің әрі қарай даму бағыттарын анықтауға мүмкіндік туғызады және стилистиканың көптеген мәселелерін шешуге де үлесін қосады.

Тілдің лексика-семантикалық және грамматикалық құралдары шығарманың көркемдік құрылысын жасауға әр түрлі деңгейде қатысатындығы белгілі. Жеке сөздердің немесе басқа да тілдік тұлғалардың қолданыста, айталық, көркем әдебиетте белгілі бір стильдік мақсатта жұмсалуын танып-білу аса маңызды нәрсе, өйткені көркем шығарманың қызметі тек бір нәрсе жайында ақпарат беру ғана емес, сол хабарды оқырман сезіміне әсерлі, бейнелі түрде жеткізу мақсатын көздеу болып табылады.

Қазақ тілі өзінің ұлттық ерекшелігімен, бай сөздік қорымен, грамматикалық жүйелілігімен, көркемдік әсерлілігімен бүгінгі күн талабына сай қызмет ету үшін оны әр қырынан зерттеу қажет болып отыр. Осы міндеттердің бірі - бүгінгі тіліміздің стильдік тәсілдер жүйесін зерттеу, оқиға, іс-әрекетті суреттеуде қолданылатын бейнелеуіш амалдардың рөлін көрсету.

Зерттеу жұмысында сөйлемнің оқшау бөліктерінің функционалды-стилистикалық қызметі, яғни, олардың стильдің қандай да бір түрінде жұмсалымдық аумағы мен мүмкіндігі қарастырылады. Сөйлемнің оқшау бөліктерінің мол қолданылатын жері - ауызекі сөйлеу тілі мен көркем әдебиет, публицистикалық стиль екендігін мойындай отырып, олардың «кітаби» стильдер мен сөйлеу стилінде қолдануындағы ұқсастықтары мен айырмашылық жақтарына кеңірек тоқталдық. Кітаби стильдердің басқа түрлерінде, яғни, ресми іс қағаздар және ғылыми стильде сөйлемнің оқшау бөліктерінің аз деңгейде қолданылуы бұл стильдердің өздеріне ғана тән ерекшеліктерімен байланысты екендігі белгілі жайт. Жұмыста сөйлемнің оқшау бөліктерінің функционалдық стильдердің әрбір түрінде әр түрлі дәрежеде қолданылуы сөйлеушінің ақпарат жеткізу мақсатына ғана емес, тілдің коммуникативтік, кумулятивтік, экспрессивті қызметіне орай, сөйлеушінің психологиялық деңгейіне, әлеуметтік дәрежесіне, мәдени өресі мен аялық біліміне, прагматикалық мақсаттарына т. б. экстралингвистикалық жағдаяттарға байланысты болатындығы да дәлелденді.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тілді қолданушы жеке субъекті болғандықтан, ол объективтік түрдегі тілдік бірліктер арқылы субъективті көзқарасын, яғни тыңдаушыға немесе қоршаған ақиқат шындыққа деген эмоционалды-экспрессивті қатынасын білдіреді. Бұл әсерлілік, экспрессиялық пен бейнелілік тілде әр алуан амалмен жүзеге асырылып отырады. Сол амалдардың бірі ретінде сөйлемнің оқшау бөліктерінің тілде әр түрлі стильдік қызметте жұмсалуын да атауға болады. Стильдік тәсіл ретінде және бейнелеуіш амалдар жүйесінде сөйлемнің оқшау бөліктерінің қазақ тіліндегі, әсіресе, көркем әдебиетте атқаратын қызметі орасан зор.

Қазақ тіл білімінде оқшау сөздердің (біздіңше, сөйлемнің оқшау бөліктерінің) морфологиялық құрылымы, синтаксистік сипаты сияқты грамматикалық табиғаты толық дерлік қарастырылды деуге болады. Сөйлемнің оқшау бөліктеріне қатысты осындай және басқа да мәселелерді қарастырған шетел және орыс тіл біліміндегі А. Н. Востоков, А. А. Потебня, Ш. Балли, А. М. Пешковский, А. А. Шахматов, В. В. Виноградов, И. И Мещанинов, К. С. Фортунантов, Г. Пауль, Л. В . Щерба, Р. А. Будагов, Н. Д. Арутюнова т. б., қазақ тіл біліміндегі А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, М. Балақаев, Т. Қордабаев, І. Кеңесбаев, С. Жиенбаев, С. Аманжолов, М. Томанов, А. Ысқақов, К. Аханов, Ш. Сарыбаев, Р. Сыздықова, Қ. Есенов, Е. Жанпейісов, Б. Манасбаев, Б. Хасанов, Р. Әміров, Б. Шалабаев, Н. Уәлиев, М. Бимағамбетов, Н. Егіншібаева, Л. Дүйсембекова, Г. Садырова т. б. ғалымдардың еңбектері жұмыстың теориялық негіздемесі ретінде алынды. Дегенмен бұл жұмыстың аталған ғалымдар еңбектерінен айырмашылығы, зерттелу зәрулігі, өзектілігі сөйлемнің оқшау бөліктерінің тіл ғылымында әзірше тың жатқан немесе түбегейлі зерттелмеген, әлі де толықтыра, айқындай түсуді қажет ететін проблемалардың бірі - олардың (сөйлемнің оқшау бөліктерінің) функционалды стильдердегі қолданысына арналғандығында болып отыр. Сөйлемнің оқшау бөліктері қай тілде болса да жиі қолданылып, сөйлеуде коммуникацияны «жанды» ете түседі, әр түрлі эмоционалды-экспрессивті реңктер үстеуде қызмет атқарады және олардың қолданылуының өзіндік ерекшеліктері болады. Сондықтан оның стильдік қызметін зерттеу стилистиканың жалпы проблемаларын шешуге де көмектеседі. Сөйлемнің оқшау бөліктерін стильдік жағынан зерттеу арқылы басқа да тілдік бірліктердің, сөз таптарының да функционалды стильдердегі қызметінің сырын аша түсуге мүмкіндік туындайды. Тіл деңгейіндік құралдардың, оның ішінде сөйлемнің оқшау бөліктерінің қолданылуының сырын ашу жалпы тіл мәдениетін жетілдіруге де септігін тигізеді. Зерттеу жұмысында сөйлемнің оқшау бөліктерінің сөйлеудегі қызметінің экстралингвистикалық факторларға байланысты, оның ішінде антропоцентристік бағытта қарастырылып, адам факторымен, ұлт менталитетімен, тілді тұтынушылардың психологиялық ерекшеліктерімен байланыстылығын көрсетілуін де жұмыстың қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелердің біріне арналғандығы деп көрсетуге болады.

Зерттеудің нысаны . Қазақ тіліндегі сөйлемнің оқшау бөліктерінің ауызекі сөйлеу, көркем әдебиет тіліндегі, публицистикалық шығармалардағы, ресми-іс қағаздары және ғылыми стильдердегі стильдік қызметі.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері . Жұмыстың негізгі мақсаты қазіргі қазақ тіліндегі сөйлемнің оқшау бөліктерінің функционалдық стильдердегі қызметін ашып көрсету болып табылады. Ол мақсатқа орай жұмыста мынадай міндеттер қойылды:

  • функционалдық стилистика тұрғысынан сөйлемнің оқшау бөліктерінің тілдік жүйедегі орнын және сөйлеудегі қызметін анықтау;
  • көркем әдебиеттегі сөйлемнің оқшау бөліктерінің қолданылуындағы ерекшеліктерді айқындау;
  • сөйлемнің оқшау бөліктерінің ауызекі сөйлеу стиліндегі стильдік қызметінің ерекшеліктерін ашып көрсету;
  • публицистикалық стильдегі сөйлемнің оқшау бөліктері қызметінің деңгейін анықтау;
  • ғылыми стильдің өзіндік ерекшелігіне байланысты ондағы сөйлемнің оқшау бөліктері қызметінің аясын айқындау;
  • ресми іс қағаздар стилінде сөйлемнің оқшау бөліктерінің қолданылу себептерін нақтылау.

Зерттеудің дереккөздері . Диссертациялық жұмыста талданған тілдік деректер ауыз әдебиетінен, тарихи поэзиядан, көркем әдеби шығармалардан, яғни, екі томдық «Бес ғасыр жырлайды» кітабынан, А. Құнанбаев, Б. Майлин, М. Әуезов, Ә. Кекілбаев, І. Есенберлин, М. Мағауин, Ш. Мұртаза, М. Мақатаев, Ф. Оңғарсынова, Д. Исабеков, С. Мәуленов, З. Ахметова, Қ. Сыдиықов, Б. Мұхай т. б ақын-жазушылардың, журналистердің шығармаларынан, ауызекі сөйлеу тілінен, бұқаралық ақпарат көздерінен, ғылыми және ресми-іс қағаздар мәтіндерінен жиналды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы жоғарыда аталған міндеттерді шешуден көрінеді.

- ауызекі сөйлеу тілі сөйлемнің оқшау бөліктерінің барлық түрлерінің ең мол қолданылатын жері;

  • сөйлемнің оқшау бөліктерінің көркем әдебиет тілінде айтушының өзіне тән ішкі жан дүниесі, мінез-құлқы, ойы тұрғысынан баға беру қызметін атқаратындығы; олардың өздерінің тілдік мағынасымен қатар түрлі көңіл күйді де білдіретіндігі; поэзияда ерекше поэтикалық әсер тудыру құралы болып табылатындығы, кейіпкерлерді мінездеуде, бағалауда қолданылатындығы; автордың көркемдік мақсатымен ұштасып жататындығы анықталды;
  • публицистикалық шығармаларда сөйлемнің оқшау бөліктері қоғамдағы әр түрлі құбылыстарға деген автордың позициясын, «өкінішін», «наразылығын», кейіпкерлердің қуанышын, үмітін т. б. сезімдері мен көңіл күй сезімдерін білдіру мақсатында жұмсалатындығы анықталды;
  • ғылыми шығармалардағы қолданылатын сөйлемнің оқшау бөліктерінің қызметі айтылған фактіге қатысты автордың қарым-қатынасын, ойын, пікірін білдіру, еңбекті оқырманға әсерлі, ұғымды, оқуға жеңіл, түсінікті жеткізуді ескеру талабынан туындайтыны көрсетілді;
  • ресми-іс қағаздар стиліндегі кейбір мәтіндерде эмоционалды-экспрессивтілік мақсатта қаратпалардың, қосымша мәлімет беру қызметінде қыстырынды құрылымдардың кездесетіндігі анықталды;
  • сөйлемнің оқшау бөліктерінің мағынасы актуальды сөйлеу жағдаяттарына байланысты контексте, сөйлеуде айқындалып отыратындығы дәлелденді.

Жұмыстың теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық маңыздылығы қазақ тіл білімінің стилистика саласының теориялық базасын толықтырумен негізделсе, практикалық маңыздылығы ретінде «Қазақ тілінің практикалық стилистикасы», «Стилистика және тіл мәдениеті негіздері» атты ғылыми курстардың оқу құралдарын жазуда, аталған курстардан дәрістер оқуда, семинар, практикалық сабақтарын жүргізуде, сонымен қатар, көпшіліктің сөйлеу мәдениетін нормаға түсіруде көмекші құрал ретінде қолдануға болатындығын атауға болады.

Зерттеудің әдістері. Жұмыста компоненттік, контекстік талдау әдісі, лексика-семантикалық талдау, ғылыми сипаттама, салыстыру, бағалау, қорыту және стилистикалық талдау әдістері қолданылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар :

- Сөйлемнің оқшау бөліктері қызметінің өзгеруі (күшеюі, кеңеюі) қазақ тілінің даму тарихымен, функционалдық стильдер жүйесінің қалыптасуымен анықталады;

- Ауызекі сөйлеу тілінің эмоциялы болуы онда сөйлемнің оқшау бөліктерінің барлық түрлерінің кеңінен қолданылуын түсіндіреді;

- Көркем әдебиетте сөйлемнің оқшау бөліктерінің барлық түрлері кездеседі және бұл стильде олардың адам ойы мен сезімін, көркемдік ойды берудегі мүмкіншіліктері барынша жан-жақты ашылады, көркемдік қызметі мейлінше тереңірек көрінеді.

- Публицистиканық бүкіл өне бойынан авторлық ой-пікір, көзқарастың көрінуі және журналистің «өз ойымды білдірсем, жеткізсем» деген мақсатының болуы бұл стильде, әсіресе, қыстырмалардың қолданылуының негізгі себебі болып табылады.

- Ғылыми әдебиетте қыстырмалар, әсіресе, қыстырынды сөздер белсенді қызмет атқарады. Олар тек хабарды толықтыру функциясын ғана орындамайды, айтылған фактіге қатысты авторлық қарым-қатынасты білдіру мақсатында да жұмсалады.

- Ресми-іс қағаздар стилінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты онда сөйлемнің оқшау бөліктері көп кездеспейді, ішінара қаратпалар мен қыстырынды құрылымдар қызметін байқауға болады.

- Сөйлемнің оқшау бөліктерінің мағынасы лингвистикалық факторлардан гөрі экстралингвистикалық факторлармен, яғни, адамның психологиясымен, көңіл-күйімен, әлеуметтік жағдаяттармен анықталады.

Зерттеудің жариялануы және мақұлдануы . Зерттеу жұмысының негізгі

теориялық тұжырым-түйіндері туралы «Казахстанская филология: проблемы и перспективы» (Алматы, 2002 ж., мамыр) атты халықаралық конференцияда, «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл: нәтижелері және болашағы» атты халықаралық ғылыми конференцияда (Алматы, 2001 ж) «М. Ғабдуллин - ғалым-педагог, қоғам қайраткері» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда (Алматы, 2005) баяндалды. Диссертациялық жұмыстың негiзгi өзегi бойынша ғылыми басылымдар мен арнайы жинақтарда 7 мақала жарық көрдi.

Диссертация кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.

1 СӨЙЛЕМНІҢ ОҚШАУ БӨЛІКТЕРІНІҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ-СЕМАНТИКАЛЫҚ СИПАТЫ

  1. Сөйлемнің оқшау бөліктерінің тілдік және экстралингвистикалық сипаты

Тіл қоғамда адамзат баласының бір-бірімен дыбыстық тіл арқылы қарым-қатынас жасауының маңызды құралы болып табылады және қандай да бір халықтың ұлттық тілі оның (халықтың) ықылым тарихынан хабар беретін ақпарат жинақтаушы, мәдениеті мен менталитетінің колориттік белгілерін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші когнетивтік сипаттағы құбылыс болып табылады. Осындай күрделі құбылыс - тілдің қоғамда қатыспайтын саласы, шынында да, жоқ деуге болады. Тіл ақпарат жинақтаушы/жеткізуші қызметінен бұрын, осы ақпаратты, яғни, адам ойын жарыққа шығармастан бұрын қорытып, талдап, «редакциядан» өткізеді. Бұл процесс кез келген халықтың ұлттық санасында қалыптасқан әлем бейнесі көрінісін жасауының, гендік-психологиялық қасиеттің жүзеге асырылуы болып табылады. Осындай ұлттық санада бекітілген ұғым-түсініктер сол халықтың тілдік санасында қалыптасқан тілдік (сөйлеу) нормасына түсіп, тілді жұмсаушының мақсатына байланысты қажетін қанағаттандырады. Бұл - тілдің адам санасында бекітілген табиғи «өмір сүруі», яғни, жасалу → туу → даму сатысының алғышарты. Ал тілдің аталған табиғи сипатынан басқа қоғамның әр түрлі дамуы мен өзгерістеріне, яғни, экстралингвистикалық факторларға байланысты қоғамның кез келген талаптары мен өлшемдеріне «икемделуі» кез келген тілдің ұлтпен бірге «өмір сүруінде» айрықша маңызды.

Тілді жұмсаушы адам, ең алдымен, өзінің мақсаты мен қажеттілігін өтеуді көздейді, соның нәтижесінде тыңдаушының әсерін туғызуды мақсат тұтады. Сөйлеуші кез келген ақпаратты тыңдаушыға тілдік жүйедегі барлық бірліктерді мүмкін болғанынша нормаға сай үйлестіріп жұмсауымен қатар, осы сөйлеуге түскен бірліктер арқылы өзінің «әлем бейнесі» жайлы субъективті көзқарасы мен түсінігін, қабылдауын қоса беруге ұмтылады. Демек, тіл кең мағынада дыбыстардың, сөздер мен сөз тіркестерінің немесе сөйлем, мәтіндердің белгілі бір үлгілерінен тұратын тұтастық болып қана табылмайды. Өйткені оны (тілді) жасайтын да, тудыратын да, пайдаланатын да - жеке тұлға. Сондықтан тілді пайдаланушы жеке тұлға тілдегі барлық деңгейлерді ұлттық санада, оның ішінде тілдік санада қалыптасқан ұғым-түсініктерге сай да, сондай-ақ одан саналы түрде «ауытқи» отырып, жалпы адамзаттық сананың шеңберіне шығу арқылы да жұмсауға ерікті, соның нәтижесінде ұлттық тілді дамытуға үлес қоса алады. Егер тіл «қатып қалған» норма десек, яғни, оны бұзу мүмкін болмаса, онда ешбір тіл де дамымас еді. Тілдегі қалаптасқан әдеби норманы «бұзып», қоғам қажетіне жауап бере алмайтын «үлгілерді» жұмсалымнан шығарып, жаңаларын қалыптастыратын, оларды нормаға айналдыратын да - жеке тұлға. Жеке тұлғаның санасында қалыптасқан субъективті ой сөз немесе тілдік бірліктердің қандай да бір түрі арқылы қоғамға таралып объективтенеді де, тілдік, одан әрі сөйлеу нормасына айналады. Бұл объективті сипаттағы тілдік жүйенің бастауында адам факторы тұрғандығын дәлелдей түседі.

Тілді жұмсалымға түсіретін адам факторы оның (тілдің) коммуникативтік, кумулятивтік, ақпараттық қызметіне қоса эмоциональдық қызметін күшейтуге алып келеді. Тілді тұтынушы жеке субъекті болғандықтан, тілдік жүйе жұмсалымға түскенде ақиқат шындықты тануда, әлем бейнесін жасап, қалыптастырып, танытуда субъективтілік пен эмоционалды-экспрессивтілік қасиеттің болмауы да мүмкін емес. Қоғамның кез келген саласында тіл арқылы қарым-қатынас жасағанда жеке тұлғаның субъективті пікірі мен эмоционалды-экспрессивті қатынасын білдіріп, коммуникацияны жандандырып, берілуге тиіс ақпаратты толықтырып отыратын, сонымен қатар кез келген функционалдық стильде әр түрлі деңгейде қатысатын тілдік бірліктердің бірі - сөйлемнің оқшау бөліктері.

Сөйлемнің оқшау бөліктерінің қандай да бір функционалдық стиль шеңберінде жұмсалуы тілді жұмсаушы мен қабылдаушының әлеуметтік дәрежесіне, психологиялық деңгейіне, мәдени өресі мен аялық біліміне байланысты болатындығы да ақиқат. Қазақ тіл білімінде сөйлемнің оқшау бөліктерін психолингвистикалық, этнолингвистикалық, әлеуметтік, лингвомәдениеттану, когнетивтік тұрғыдан зерттеу - болашақтағы кезекте тұрған мәселелердің бірі деп есептейміз.

Сөйлемнің оқшау бөліктерінің сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік байланыста болмайды да, сөйлем мүшесі қызметін атқармай, сөйлемдегі басқа мүшелерден оқшауланып айтылады.

Сөйлемнің оқшау бөліктері сөйлемде белгілі мүше қызметін атқармағанымен, сөйлем арқылы жеткізілетін ойды дәлелдеуде, әсерлеуде, нақтылауда, түсіндіруде, сөйлеушінің ой ретін, айтылатын ақпараттың кімнің тарапынан екендігін, әр түрлі эмоционалды-экспрессивті сезімдерін білдіруде, алуан түрлі стильдік мақсаттарда ерекше қызмет атқарады. Олар сөйлемге мағыналық қатынасына қарай, қандай сөздерден жасалуына қарай қаратпа, қыстырма, одағай деген үш түрге бөлініп жүр.

Түркітануда бұл үш категория жеке-жеке әр түрлі деңгейде Г. Гиганов [1], А. Казем-Бек [2], Н. И. Ильминский [3], А. Троянский [4], К. С. Аксаков [5], «Алтай грамматикасы» [6], М. Терентьев [7], А. Архангельский [8], И. Лаптев [9], Н. Сазонтов [10], қазақ тіл білімінде П. М. Мелиоранский [11], А. Байтұрсынұлы [12], Г. В. Архангельский [13], Қ. Жұбанов [14], М. Балақаев [15], С. Кеңесбаев, С. Жиенбаев [16], С. Аманжолов [17], А. Ысқақов [18], Н. Сауранбаев [19], қазақ тілінің грамматикаларында [20, 21, 22, 23, 24], Ш. Сарыбаев [25], Р. Сыздықова [26, 27], М. Бимағамбетов [28], Т. Қордабаев [29], Ә. Нұрмаханова [30], Қ. Есенов [31], М. Томанов, Т. Сайрамбаев [32, 33], Б. Хасанов [34], Р. Әміров [35], С. Исабекова [36], Р. Әсенова [37, 38], Н. Егіншібаева [39], Г. Садырова [40] т. б. еңбектерінде қарастырылған.

Аталған қаратпа, қыстырма және одағай категориялары қазақ тіл білімінде «оқшау сөздер» деген терминмен аталып келген еді. Алайда ғылымның қай саласында болсын, «қандай бір атау болмасын, шартты түрде қабылданып қалыптасып кететіні мәлім. «Оқшау сөздер» атауын да солай деп қараған жөн. Оған себеп, біріншіден, оқшаулар тобына кіретіндер тек жеке сөздер емес, сөз тіркестері, сөйлем де болуы мүмкін. Екіншіден, оқшау сөз, сөз тіркестері, сөйлемдер сөйлем құрамынан бөлек айтылмайды. Егер олар негізгі ойды, хабарды, әрекет-қимылды білдіретін сөйлемнен мүлде бөлекр лмайды. өз, сөз тіркестері, сөйлемдер сөйлемнің органикалық құім. ипорядок слов ( инверсивное или дистантное рс мәселе, оқшау айтылатын болса, олар негізгі құраммен мағыналық жағынан да ұласпас еді, ондай синтаксистік топтардың болатындығы жайлы мәлімет те болмас еді. Сондай сөздердің қатысуы арқылы сөйлемнің құрамы да күрделенеді, сөйлем тек қана оны құрайтын мүшелерден басқа, бүкіл сөйлемге әр түрлі реңктер қосатын сөздермен толығады», - дей келіп, М. Томанов пен Т. Сайрамбаев қаратпа, қыстырма және одағайлардың негізгі синтаксистік ерекшеліктерін саралай отырып, оларды «сөйлемнің оқшау бөліктері» деп атауды ұсынады [32, 6 деп атауды ұсынады [32, 6-б. ] . Біз де ғалымдардың осы ойын қостай отырып, «сөйлемнің оқшау бөліктері» деген терминді қолданып отырмыз.

Қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалаушы А. Байтұрсынұлы Қызылорда қаласынан 1925 жылы шыққан «Тіл - құрал» (Сөйлем жүйесі мен түрлері. III-інші тіл танытқыш кітап. Түзетіліп, толықтырылып, жаңа емлемен 3-інші басылуы. Қазағыстан Қалық Ағарту Комиссариатының білім-әдеби кеңесі ұнатқан. Қазағыстан мемлекет баспақанасы) еңбегінде «негізгі сөйлем мүшелерінен басқа сөйлем маңайында жүретін сөйлем мүшелерін бұратана сөздер» деп атап, оларға «сөз арасына керек жерінде қыстырыла айтылатын қыстырма сөздер » мен «сөз бетін біреуге қарата, қадап сөйлегенде айтылатын қаратпа сөздерді » жатқызса, оқшау сөздерге жатқызылып жүрген одағай сөздерді «Тіл - құрал» (қазақ тілінің сарфы) . Бірінші жылдық. Орынбор - 1914) және «Тіл - құрал» (Дыбыс жүйесі мен түрлері. 1-інші тіл танытқыш кітап (Қазақ-қырғыз білімпаздарының 1-інші тобының қаулысы бойынша өзгертіліп 5-інші басылуы) . Қазақстан мемлекет баспақанасы. Қзыл-Орда, 1925) еңбектерінде сөйлемде «одағайланып, оңаша айтылуына», яғни, синтаксистік табиғатына қарай ажыратып көрсете отырып, оларды жеке сөз «бөлігі» (табы) ретінде қарастырады. Ғалым «бұратана сөздер», яғни, қаратпа және қыстырма сөздер «сөйлем ішіндегі басқа сөздерімен үйлеспейді, байланыспайды, алып тастағанда орны ойсырай қоймайды», - деп түсіндіреді [12, 168 б., 196 б., 286 б. ] . Алайда ғалымның соңғы пікірі кейін толықтырылып, сөйлемнің оқшау бөліктерінің сөйлемде басқа сөздермен синтаксистік тұрғыдан ғана байланысқа түспейтіндігі, дегенмен олардың (сөйлемнің оқшау бөліктерінің) сөйлем мазмұнымен мағыналық байланыста болатындығы, сондықтан оларды алып тастағанда мағыналық толықтықтың, экспрессивтіліктің, әңгіменің коммуникативті «жанды» әсерінің әлсірейтіндігі кейінгі тілші ғалымдардың еңбектерінде дәлелденді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Оқшау сөздер және оның сөйлемдегі қызметі
Оқшау сөздердің морфологиялық құрылымы
Одағай
Одағай сөздер жайлы
Сөз таптары жүйесіндегі одағай сөздер
Одағай - сөз табы
Парцелляциялық құбылыстың көркем мәтін тіліндегі лексика-грамматикалық және стилистикалық қолданысы
Мектеп бағдарламасында жай сөйлем синтаксисі тақырыбының берілуі
Негізгі мектеп оқушыларының жай сөйлем синтаксисін модульдік оқыту технологиясы арқылы меңгеруі
Жай сөлем синтаксисін оқыту әдістемесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz