Ежелгі аңыздар немесе қазақ халқының әлемдік өркениетпен жапсарласатын тұсы


Пән: Қазақстан тарихы
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 64 бет
Таңдаулыға:   

ЕЖЕЛГІ АҢЫЗДАР НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТПЕН ЖАПСАРЛАСАТЫН ТҰСЫ

Қазығұрт тауы жөніндегі ең көне мәлімет әйгілі Нұх пайғамбардың кемесінің әлемді топан су басқанда бір таудың басына қайырлап, аман қалуы туралы аңызда айтылады. Бұл жөніндегі жыр қазақ арасына кең тараған, көне дүние. Осы ұзақ жырдың ең болмаса алғашқы екі жолы:

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Болмаса ол әулие неге қалған, -

деген сездерді есітпеген қазақ азаматы кемде-кем шығар. Осы бір аңыз сарыны қолына қалам ұстаған көптеген азаматтардың шығармаларына арқау болған. Тіптен, арыға бармай-ақ, беріден қайтарғанның өзінде Валерий Брюсов «Қазақтың Пушкині» деп атаған Мағжан Жұмабаевтың көне Тұран өңірі мен Түркістан туралы жазған ұзақ ода-жырында түркі әлеміндегі атақты жерлердің бәрін тізіп келіп былай дейді:

Балқашты баурына алған Тарбағатай,

Жоталы жер кіндігі - Памир, Алай,

Қазығұрт қасиетті тау болмаса,

Топанда Нұх кемесі тоқтар қалай?

Ежелден жер емес ол қарапайым

Білесің тарихты ашсаң Тұран жайын.

Тұранға қасиетті құмар болған,

Ертеде Кей-Қысырау мен Зұлқарнайын.

Мағжан ақын осы толғауында түркі жері мен елін мадақтай келіп, Афрасиаф пен Фарабиді, Сыр мен Әмуды мадақтайды. Жоғарыда келтірілген осы үзіндідегі Кей-Қысырау мен Зұлқарнайынға біз сонырақ тоқталармыз. Қазірше Нұх пайғамбар мен Қазығұртқа оралайық. Айтпақшы, Қазығұрт туралы біздің мезгілімізде кітап жазған қаламгер Сәуірбек Бақбергенов ағамыз болатын. Ол кісінің «Қазығұрттың басында кеме қалған» деген кітабы көпшілікке кеңінен таныс. Ал осы ғасырдың басында көбірек қалам тартқан ғалым - әйгілі шығыстанушы, академик Әбубәкір Диваев болатын. Ол кісінің еңбектері сол кездегі Ресей басылымдарында жиі жарияланған.

Иә, сонымен әуелі Нұх пайғамбар туралы.

Нұх пайғамбар туралы аңыздар әлемге ең көп тараған аңыз. Дүниенің төрт түкпірінде бұл аңызды білмейтін ел жоқ. Әсіресе осындай аңыздар өзен арналары мен теңіз жағалауын жайлаған елдерде кең тараған (Вавилония, Мексика, Греция, Индия, Австралия, Меланезия, Океания аралдары т. б. ) . Бұл жерде біз топан су туралы айтып отырмыз. Немесе Нұхты (Нойды) есітпеген ел көп болуы мүмкін, ал Топан су туралы аңыз көпшілік елде бар. Ал өздерін өркениетті санайтын елдердің бәрі Нұхтың атын біледі. Әрине, діні мен дүниетанымына байланысты әркім өзінше атайды, өзіне тартады.

Осы жерде өркениетті елдің ең алғашқы тасын қалаған Нұх пайғамбар жөніндегі мәселені бірде Нұх деп, бірде Ной деп қосарластырып жатпай басын ашып алайық.

Библия аңыздары бойынша бұл пайғамбардың есімі - Ной. Ол қырық күн, қырық түн толассыз жауған жауыннан жер жүзін топан су басқанда өз кемесінде әйелі және Сим, Хам, Иафет деген үш баласымен аман қалып, су тартылғанда кемесі бір тауда қайырлап, содан барып кейінгі жан-жануар мен өсімдік әлемі пайда болады. Міне, осы тауды иуда дініндегі ағайындар Синай тауы десе, Христиан дініндегі ағайындар Арарат тауы деп болжамдайды. Дегенмен осы библиялық аңыздың өзі бұрыннан келе жатқан көне аңыздың қайталамасы ғана екенін де еске салып кеткен жөн. Ғалымдардың тұжырымдамасы бойынша Библияға енген бұл аңыз көне Вавилонияның Гильгамеш туралы эпосындағы сарынның қайталамасы. Міне, Ной пайғамбар туралы аныздағы деректер осылай. Осы аңыз дүние жүзіне көп тарап, әлемдік өркениетті дәуірдің (мировая цивилизация) басталуын осылардың есімімен байланыстырады.

Енді Нұх пайғамбар туралы аңызға келейік. Біріншіден, Библиядағы Ной қазақ аңыздарында Нұх деп аталған. Екіншіден, Нойдың үш ұлы болса Нұхтың да үш ұлы бар. Тек сол үш ұлдың кенжесінің есімі ғана өзгешелеу - Иафес. Ал кемедегі жағдай өзгешелеу. Бұл жерде қазақтың көне аңызына ислам дінінің жасаған ықпалы да нышан беріп қалады. Дегенмен әлемдік өркениетті өмір осы тұстан басталды деп есептейтін болсақ қазақ дүниетанымы дәл сол тұсқа барып жапсарласып жатыр. Сонғы бірер ғасырда қазақ немесе жалпы түркі халықтарын бұрын мәдениеттен мақырұм қалған, тек Европаның әсерімен ғана мәдениет пен өркениетке жанаса бастады деп белден басып, теориясымақтарды алға көлденең тартатын ғалымдар осы бір көне дәуірге неге көңіл бөлмейтіні белгісіз. Әрине, олардың қазақты тек бұратана ел етіп көрсеткісі келген ниетін білеміз, тек кезінде соған қарсы тұра алмадық. Әрине, зиялы қазақ азаматтары бұған қарсы үн көтерді-ау, тек олардың дауысы өз айналасынан ары көтеріле алмады. Әйтпесе, әлемдік өркениетті осы тұстан нәр алды дейтін болсақ, басқа түркі халықтарын қайдам, қазақтар өзінің Қазығұртымен бой жарастырып, тайталасып тұрған жоқ па? Иә, солай. Қазақ халқының әлемдік өркениетке косылатын жері осы тұста.

Енді қазақ арасында тараған аңызға тоқталайық. Мұнда да топан су, мұнда да кеме, мұнда да үш баласы бар бір жанұя. Тек кеменің тоқтаған жері Синай да емес, Арарат та емес. Кеме аласа ғана тау Қазығұртқа қайырлаған. Осы жерде біз Нұх пайғамбар жөнінде шығыстағы араб-парсылар арасында тараған нұсқасына да тоқтала кетейік. Сол аңыздардың жиынтығы Бурһанеддин ұлы Қазы Насреддин Рабғұзидің «Рабғұзи қиссалары» («Қисса Рабғұзи») атты 1310-жылы жазылған кітабында топтастырылған. Осы кітаптың баяндауы бойынша Нұх пайғамбар топан суды Алладан өзі тілеп алған. Оны мұсылман дініне еніңдер деп үгіт-насихат таратқаны үшін кәпірлер тас пен кесек атып зәбірлеген. Осыдан (кәпірлерден) құтылу үшін ол Аллаға жалбарынып, топан су жіберуін өтінеді. Осы топан судың басы таңсәріде нан жауып тұрған бір кемпірдің тандырынан басталап, соңынан барлық жерден су шыға бастайды. Аспаннан жауын жауады. Кәпірлердің бәрі судан қашып, тауға өрмелейді. Тек судың деңгейі сол ең биік деген таулардан қырық кез жоғары көтеріледі. Кәпірлер опат болады. Солардың ішінде Нұхтың үлкен ұлы Канан да кетеді. Өйткені ол кәпір болатын. Шыныдан сандық соғып, соның ішінде аман қалуды қарастырғанмен одан ешнәрсе шықпайды. Кеме тоқтаған соң жаңа өмір басталады. Рабғұзидің жазбаларында Нұхпен бірге кемеге мұсылман дінін қабылдаған сексен кісі қосыла мінген. Бұдан әрі кітапта Нұхтың қызы туралы, тағы басқа әңгімелер бар.

Топан су жайлы аңызды Әбілғазы өзінін «Түрік шежіресі» атты кітабында да келтіреді. Бұл автор өз баянын Адам атаның топырақтан жаралғанынан бастап, оның ұлдарының билік жүргізген мезгілдеріне тоқталады. Өзі мың жыл жасаған Адам ұрпағының ең көбейген мезгілі Мәһлайыл билік жүргізген тұс еді дей келіп, осы тұста Бабыл жұртында (Вавилония) Сос атты қала салдырғанын, кенттердің көбейгенін айтады. Осы Адамның ұрпақтарының бірі Нұх екі жүз елу жасқа келгенде құдай тағла оны пайғамбар етіп, ел арасына жіберді. Нұх халықты мұсылмандыққа жеті жүз жыл үгіттегенде ері бар, әйелі бар бары-жоғы сексен адам ғана мұсылмандыққа бас иеді. Осыған ренжіген Нұх құдайдан әлгі адамнан басқаның бәрін жоқ қылуын өтініп, дұға оқиды. Осы дұғасы қабыл болып, Нұхқа құдайдың атынан Жәбрәйл елші болып келіп, топан су басатынын, сондықтан әлгі сексен адаммен қоса барлық жануарлар мен өсімдіктерден бір-бір жұптан кемеге отырғызып, аман қалуына әрекет жасауын тапсырады. Нұх пайғамбар осылай етті. Кемеге раджаб айының алғашқы күні мінген топ алты ай он күн су үстінде болып, мұхаррам айының оны күні жағаға шығады. Кеменің қайырлаған жері Шам жұртындағы Мүсіл шаһарының Жудда тауы. Кемеде көпшілік адам ауруға шалдығады. Ақыры Нұхтың үш ұлы мен үш келіні ғана сау қалып, қалған адамдардың бәрі қайтыс болады. Нұх пайғамбар үш ұлын үш жаққа: Хам атты ұлын Үндістан жаққа, Сам атты ұлын Иран жаққа, Иафес атты ұлын Солтүстік жаққа жібереді. Осы үшеуінің кенжесі Иафестен Түрік, Хазар, Сақлап, Орыс, Мең, Шын, Кеймар, Тарих атты сегіз ұл өрбиді. Иафес өлерінде өз орнына Түрікті отырғызып, патша деп жариялайды. Ол өзіне аса ұнаған Ыстық көл деген жерді мекен етіп, тұрып қалады. Міне, осы Түріктен Түтік, Хакал, Барсажар, Амлақ атты төрт ұл қалады. Түркі тұқымдас халық осы Түріктен тарайды.

Міне, Батыс пен Шығыс елдеріндегі Нұх-Ной пайғамбар мен Топан су туралы аңыздар осылай өрбіген. Мұның бәрінде де сол халықтардың өздері ұстанған діннің әсері бары тайға таңба басқандай білініп тұр. Ал Қазығұрт туралы аңызда керісінше әмірге деген ынтықтық басым келеді. Айтпақшы, Әбілғазы нұсқасындағы Бабыл жерінде қала соқты деген тұсқа көне Вавилонияның Гильгамеш туралы эпосының жаңғырығы деп ескерте кеткенбіз. Әбілғазы нұсқасында да дінге канша матастырғанмен сол Вавилонияның аты және аталып тұр. Осының өзінен-ақ бұл аңыздың ислам діні пайда болудан әлдеқашан бұрын шыққанын байқауға болады. Көне аңызды әрбір дін өз ыңғайына икемдестіріп алғаны көрініп тұр.

Осы топан судың Қазығұртқа байланысты нұсқасындағы ерекшеліктерге тоқталудан бұрын, барлық нұсқаларда айтылатын жайларды жиынтықтап, бір ізбен баяндап еткен жөн секілді. Сонымен, Нұх пайғамбар кемесіне барлық жануар мен жәндікті, тал мен шөпті немесе солардың дәнін (ұрығын) жұптап жайғастырғанда кемеден орын берілмей қалғандары да болған. Соның бірі шайтан. Бірақ шайтан кемеге кірудің жолын табады. Кемеге жануарларды айдап кірерде шайтан есектің құйрығынан ұстап, кері тартып жібермей тұрған. Осыны көрген Нұх: «Әй, малғұн, неге тұрсың? Кір кемеге!» деп айқай салады. Осы сөзден кейін шайтан зып беріп кемеге кіріп кетеді. Нұх пайғамбардың: «Сен неге кірдің?» деген сұрағына «Өзіңіз: «кір малғұн!» деп менің атымды атап бұйырдыңыз ғой» - деп жауап береді. Пайғамбар қарсы келе алмай қалады. Ал шайтанды кіргізбеудің мынадай себебі бар еді. Нұх пайғамбар барлық өсімдіктің ұрығын жинастырғанда жүзімнің ұрығын таба алмай қояды. (Оны шайтан ұрлап алған болатын) . Барлық хайуанаттардан сұрап, еш нәрсе өнбеген соң шайтаннан сұрайды. «Жүзімнің ұрығына үш мәрте су құюды маған тапсырсаңыз тауып берейін» деп жауап қатады шайтан. Нұх келісім береді. Ал кемеден шығып, ұрықтарды жерге шашып, өсімдік пен жеміс өсірер кезде шайтан уәде бойынша жүзімді үш рет суғарды. Тек алғаш рет түлкі қанымен, екінші рет жолбарыстың қанымен, үшінші рет доңыздың (шошқаның) қанымен суғарды. Осының әсерінен арақ-шарап пайда болды. Оны ішкен адам алдымен түлкі болып, өмірінде көрмеген адаммен ауыз жаласады, одан соң жолбарыс болып бар дүниесін оңды-солды шашады, ал соңынан доңыз болып, еш нәрсемен ісі болмай адамгершілік қасиеттерден жұрдай болады. Соңынан Нұх пайғамбар көп азаптанып жүріп, жүзімді және екі рет суғарады. Оның бірі - пейіштегі Ранжбибил бұлағының суы еді де екіншісі Салсабил бұлағынын суы болатын. Осыдан барып шырын (сусын) мен мейіз пайда болады.

Міне шайтанның осындай шайтандық жасайтынын біліп, оны кемеге отырғызбаудың амалын қарастырғанда ол өзінше айла жасап «малғұн есектің емес менің атым» деп кемеге кіріп алған болатын. Айтпақшы, кемеге алғаш кірген шегіртке (кейбір деректерде құмырсқа) дейді. Кеменің ішінде үш түрлі хайуанат жоқ болыпты: доңыз, мысық, тышқан. Ұзақ жүрген кеменің іші әбден ыласталғанда Нұх пайғамбар жаратқанға және жалбарынады. Ол «пілдің арқасын сыйпа» деп нұсқау береді. Осы нұсқауды орындағанда пілдің тұмсығынан доңыз түседі. Ол хайуандардың нәжісін жеп, кемені тазартады. Кемеден орын алып алған шайтан шайтандығын жасамай жүрсін бе? Барып доңыздың арқасын сыйпаса мұрнынан тышқан түсіп, ол қашып жүріп кеменің ағашын кеміріп, еденін теседі. Осы жерден су атқылай бастағанда Нұх пайғамбар және жоғарыға жалбарынады. Жоғарыдан: «Бұл тышқанның ісі. Жолбарыстың арқасын сыйпала» деген нұсқау келеді. Жолбарыстың арқасын сыйпалағанда оның мұрынынан мысық түседі. Түсе сала-ақ тап беріп, тышқанның көзін жойып, сазайын тартқызады. Бірақ атқылаған су тоқтамайды. Енді Нұх пайғамбар айналасындағылармен ақылдасады. Сонда жылан:

- Мен тесікті бекітіп, суды тоқтатсам не берер едініз? - деп сұрайды.

- Не тілесең соны беремін, - деп жауап қылады Нұх пайғамбар.

- Кімнің қаны тәтті болса соны беріңіз.

- Құп болады, - дейді әбден амалы таусылған Нұх пайғамбар. Жылан суға сүңгіп кетеді де кеменің тесілген жерін тауып, тығын болып жата қалады. Қалғандары кеме ішіне жиылған суды сыртқа төгіп, кемені судан тазартады. Сонан соң тесікті мықтап бекітеді. Ал кеме тоқтап, бәрі жерге түскенде жылан Нұх пайғамбардан өз уәдесін орындауды талап етеді. Нұх пайғамбар қай мақұлықтын қаны тәтті екенін анықтау үшін масаға бұйрық беріпті. Маса бәрінің қанын татып керіп, адам қанынан тәтті қан жоқ екенін байқап, осыны баяндауға келе жатканда алдынан қарлығаш кездесіп қалады. Ол масаның адам қаны тәтті екен деп жауап беруге келе жатқанын білген соң айла жасап:

- Онда менде бір жалап көрейін, тіліңді шығаршы, - депті масаға.

Маса тілін шығара бергенде қарлығаш оны тұмсығымен үзіп алып, маса сөйлей алмай дүңгене болып қалады. Ол Нұх пайғамбарға келгенде қарлығаш та соңынан келіп тұрған екен. Нұх пайғамбар масаның қырылдап тұрғанына қарап:

- Ей, саған не болған? Кімнің қаны тәтті екен? - деп сұрағанда қарлығаш жұлып алғандай:

- Әлгінде ғана маған «бақаның қанынан тәтті қан жоқ екен» деп келе жатқан. Кешігіп келгені үшін сіздің сұсыңыздан қаймығып сөйлей алмай тұр ғой, - деп жауап беріпті маса үшін.

Нұх пайғамбар жыланға бақаны соруды бұйырады. Ал жылан болса қарлығаштын адамға болысып, өзіне қастандық жасағанын сезіп, оған тап бергенде тек кұйрығынын ортасын тістеп қалған екен дейді. Қарлығаштың құйрығының айыр болуының себебі осы екен. Сол заманнан бері қарлығаш өз ұясын үйге салып, адаммен бірге тұруға үйір болған екен. Ал жыланның үйдің боғаты мен төбесіне өрмелеп жүретіні, сол баяғыда қарлығашта кеткен кегінің есесін қайтармақ болған әрекеті.

Ұзақ уақыт жүзіп, кеме тау басына қайырлағанда енді айналадағы судың қаншалықты тартылып, жердің құрғауын байқау үшін барлаушы жіберетін мезгіл келеді. Сол кезде қарға: «Мен барайын», - деп тілек білдіреді.

- Онда саған біреу кепіл болсын, - дейді Нұх пайғамбар.

- Мен кепілдік беремін, - дейді қораз.

Қарға ұшып кетеді. Су тартылған, тек айналада сасып жатқан өлексе көп. Қарға осыларға мәз болып, келген жұмысын мүлде ұмытып кетеді. Кепілдік берген қораз кеменің басына шығып, қанша айқай салғанмен қарға қайта оралмайды. Осыған ренжіген Нұх пайғамбар қарғаны қарғайды, ал қораздың қанатын қысқартып, ұша алмайтын етеді. Қораздың әлі күнге дейін биікке шығып шақыруы - сол баяғы өзі кепіл болатын қарғаны іздеп жүргені болса керек.

Нұх пайғамбар бұдан соң барлауға көгершінді жіберіп, тек жерге қонбауын ескертеді. Бұл көгершін де өлексе қуып кетпесін деген сақтық болса керек. Кеуіп қалған жер ғой деп қонған жері батпақ болып шыққан соң ол тез қайтып келгенде тырнақтарындағы батпақты көрген Нұх көгершінді де жазалайды: оның аяғының түкті болуы осы алған жазасы дейді жұрт. Енді барлауға ақ кептер ұшады. Ол жерге қонбайды, айналаны түгел шолып, ақыры құрғақ жерге барып қонады да қайтарда бір тал жапырақты тістей қайтады. Ақ көгершіннің аяғының қызыл болуын азап суының сасығынан болған дейді. Нұх пайғамбар ақ көгершінге риза болып: «Сенің өмірің адамдармен бірге болсын, адамдар саған үйінен орын берсін», - деп бата береді.

Міне, осыдан кейін барып Нұх пайғамбар мен оның серіктестері жерге түсіп, жайғасады. Аңыздың осы бөлігінде араб-парсы аңыздарымен салыстырғанда мынадай өзгешеліктер бар. Рабғұзида масаның қызметін атқарған ара, адам қанын емес, етін жеуді талап етеді жылан. Оның үстіне қарлығаштың қызметін айтқанмен құйрығының неге айыр екенін айтпайды (ең болмағанда біздің қолымызға түскен нұсқада бұл жоқ) . Әрине, кеменің тоқтаған тауы жоғарыда айтқандай аласа болғанмен басқа тау - Жудда тауы.

Ал енді Нұх пайғамбардың кемесінің Қазығұртқа қайырлағаннан кейінгі уақиғасы қазақ аңыздары бойынша былай өрбиді.

Кеме тоқтаған соң Нұх пайғамбар қасындағы серіктестерімен жерге түсіп, өздерімен бірге аман сақтап қалған хайуандар мен жануарларды өріске жіберіп, алып келген тұқымдарын жерге сеуіп, жаңа өмірді бастайды. Бұл енді рухани арылудан (тазарудан) кейінгі жаңа өмір. Осы өмірдің өркендеуі туралы халық арасында сақталып қалған талай-талай жырлар бар. Белгілі жазушы Шерхан Мұртаза өзінің «Егемен Қазақстан» газетінде жазған мақаласында Нұх пайғамбардың кемесі қайырлады-ау деген өзге таулар туралы поэма бары-жоғын білмейтінін, ал Қазығұрт туралы поэма бар екенін айтады. Рас, өзге таулар туралы поэма (халық жаратқан көне туынды мағынасында) бары-жоғы бізге де белгісіз, тек Арараттың арғы-бергі бетіне барып жүргенде ешкімнен есіте қоймадық, ал Синай тауына байланысты эпос бола қойса оны еврей ағайындар әлдеқашан-ақ бүкіл әлемге таратып үлгіретін еді.

Қазығұрт тауы туралы поэма (Шәкеңнің сөзімен алып отырмыз) біреу емес, екеу. Оның екеуі де ешжақтан келген емес нақ осы таудың өз баурайында өмірге келген. Өйткені, оларды қанша балталасаң да Қазығұрттан бөліп әкете алмайсың. Соның бірі төрт түлік туралы. Әрі ол ешқандай діни немесе қияли коспасы жоқ таза халықтық ұғымдағы өмірдің өз талабымен, өмірдің өзіне бағышталған туынды. Бұл жырда қоғамдық дамудың (общественное развитие) нышаны жатыр, казақ дүниетанымының негізгі темірқазығы қағылған.

Қазығұрттың басында кеме қалған,

Болмаса ол әулие неге қалған.

Топан суда бір бота жатып қалып,

Ойсыл қара деген сөз содан қалған.

. . . Топан суда бір құлын жатып қалып,

Қамбар ата деген сөз содан қалған.

. . . Топан суда бір бұзау жатып қалып,

Зеңгі баба деген сөз содан қалған.

. . . Топан суда бір қозы жатып қалып,

Шопан ата деген сөз содан калған.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ ұлты және өркениет
М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі көне заманнан XX ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының кейбір мәселелері
Қазақ халқының рухани мұрасы
Сақ мәдениетінің ежелгі грек, ежелгі үнділік және ежелгі қытайлық өркениетпен мәдени өзара әрекеттесуі
Алтын Орда әдебиетінің көрнекті ақыны Хорезмидің Махаббатнаме дастаны
Қазақ әдебиеті
Мифология және қазақ мифтері
Көшпелілер рухани мәдениетінің ерекшелігі
Миф
Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамытуда этнопедагогика материалдарын пайдалану
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz