Ауызекі және көркем шығарма мәтініндегі диалог: лексикалық, синтаксистік, стилистикалық сипаттама


ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКА ИНСТИТУТЫ
ӘОЖ 81 '42:81 '271 Қолжазба құқығында
АЙТБЕНБЕТОВА АЙГҮЛ ҚАДЫРЖАНҚЫЗЫ
АУЫЗЕКІ ЖӘНЕ КӨРКЕМ ШЫҒАРМА МӘТІНІНДЕГІ ДИАЛОГ:
ЛЕКСИКАЛЫҚ, СИНТАКСИСТІК, СТИЛИСТИКАЛЫҚ СИПАТТАМА
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация
Ғылыми жетекшісі
филология ғылымдарының докторы, профессор Б. Шалабай
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2007
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ . . . 3
1 ДИАЛОГ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ЗЕРТТЕЛУІ . . . 9
1. 1 Диалогтің табиғаты және тіл біліміндегі зерттелуі . . . 9
1. 2 Диалог құрылымындағы тілдесімдік көрсеткіштер . . . 24
1 - бөлім бойынша тұжырым . . . 30
2 АУЫЗЕКІ СӨЙЛЕУ ДИАЛОГІ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ЛЕКСИКАЛЫҚ, СИНТАКСИСТІК, СТИЛИСТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ . . . 33
2. 1 Ауызекі сөйлеу диалогінің
лексикалық ерекшеліктері . . . 33
2. 2 Ауызекі сөйлеу диалогінің синтаксистік
ерекшеліктері . . . 46
2. 3 Ауызекі сөйлеу диалогінің стилистикалық
ерекшеліктері . . . 57
2 - бөлім бойынша тұжырым . . . 68
3 КӨРКЕМ ШЫҒАРМА МӘТІНІНДЕГІ ДИАЛОГТІҢ
СИПАТТАМАСЫ . . . 70
3. 1. Көркем шығарма мәтініндегі диалогтің ауызекі сөйлеу
диалогінен айырмашылығы . . . 70
3. 2 Көркем шығарма жанрларындағы диалог . . . 83
3. 2. 1 Прозадағы диалог . . . 83
3. 2. 2 Драмадағы диалог . . . 93
3. 3 Авторлық реплика және оның көркем шығарма мәтінінде
кездесетін диалогтегі қызметі . . . …. … . . . 98
3. 4 Көркем диалогтің лексикалық, синтаксистік және
стилистикалық ерекшеліктері . . . 104
3. 5 Кейіпкер бейнесін ашудағы көркем шығарма мәтініндегі диалогтің қызметі . . . 117
3 - бөлім бойынша тұжырым . . . 123
ҚОРЫТЫНДЫ . . . 125
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР . . . 128
КІРІСПЕ
Зерттеудің өзектілігі . Қазақ тіл білімі ғылымында жалпы ауызекі сөйлеу тілі және оның диалогтегі көрінісі, олардың тілдік сипаттары мен түрлері бірқатар зерттеулердің нысаны болғанмен, ауызекі диалог пен көркем диалог, олардың стильдік ерекшеліктері осы күнге дейін бір концепция тұрғысынан арнайы зерттелген емес.
Диалог теориясының негізін жалпы тіл білімінде Ш. Балли, Л. В. Щерба, Л. П. Якубинский, Е. Д. Поливанов, В. Н. Волошинов, В. В. Виноградов, М. И. Бахтин, Ю. В. Рождественский т. б. сынды лингвистердің қалағаны белгілі. Ал, қазақ тіл білімінде диалог мәселесін алғаш рет қазақ тілтанымының негізін салушылар А. Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов көтерген болатын.
Ауызекі сөйлеу тілінің айтылуы мен жазба тілде қолданылуы бірдей емес. Жазба тілде ой стильдің өзіне тән, оған қажетті сөздерімен жүйеленіп, бір жақты баяндалып отырса, сөйлеу тілінде тыңдаушыларға лайықтанып, жазба тілдік үлгіден ауытқып отырады, дыбысталудағы сөйлеу тілінің жазба тілден өзгешелігі сөйлеу тілінің ауызша формасында іске асады.
Ауызекі сөйлеу барысында сөйлеуші алдына қандай мақсат қойса да, ол қашанда тыңдаушы реакциясын күтеді. Бұл тағы да коммуникативті процесті сөйлеуші интенциясы мен тыңдаушы реакциясымен санаса отырып зерттеу керек екенін нақтылай түседі. Сөйлеуші өзі үшін ғана емес, басқалар үшін сөйлейді.
Ауызекі сөйлеуде тілдің қатысымдық қызметі айқын көрінеді. Ауызекі сөздің диалог түрінде жұмсалуы оның лексикалық құрамы мен синтаксистік құрылысына әсерін тигізеді.
Диалогке құрылған сөйлеу тілінде лексика мен синтаксистің ауызекі және кітаби, стилішілік және стильаралық құралдарының бір мезгілде өзара жақын әрі қарама-қарсы екі тип ретінде жіктелуін зерттеу, сонымен қатар, олардың өзара қарым-қатынасы мен қызметін анықтау мәселесі шешімін табуға тиісті маңызды мәселелердің қатарына жатады.
Зерттеуде диалогке тән «сөз - белгілерді» әр түрлі қырынан алып қаралады. Диалогті құрастырушы компоненттер ретінде оларды орналасу қызметіне қарай сөз бастаушы, байланыстырушы, мақұлдаушы, әр түрлі эмоцияларды жеткізуші, бағалаушы, нақтылаушы, қолдаушы деп бірнеше түрлерге бөлуге болады. Бұл бірліктерді диалогтің құрылымдық-мазмұндық аспектісі тұрғысынан және одан жоғары қатысым стратегиясы тұрғысынан қызметтерін анықтауға, бағалауға болады. Мәселен, қолдаушы мақсаттағы сөз-сигналдарды сөйлеуші де, тыңдаушы да қолдана алады. Тыңдаушы қолдаушы мәнді сөз- сигналдарын ынтымақтастық принципіне сай қарым-қатынас, сыпайылық этикетін сақтау үшін, қарым-қатынас стратегиясын дамыту үшін қолданады. Сөйлеу тілінде сөйлеушілердің осы мақсатын жүзеге
асыруға қалыптасқан, дағдыланған сөз-сигналдары - сөйлесім түрлері бар. Олар ешқандай хабар жеткізбесе де, сөйлеушілер арасында сенімді қарым-қатынасты қалыптастырып, тыңдаушының әңгімелесуге белсенді түрде араласып, сол арқылы сөйлеушіге қозғаушы күш беруіне көмектеседі. Қолдаушы сөйлесімдер тыңдаушының мақұлдауын, қызығушылығын, нақтылауын, сөйлеу кезегін өзіне алуын, беретін бағасын жеткізуі мүмкін.
Көркем диалогті сөйлемде стильаралық синтаксистік құрылым қолданылады. Алайда, стильаралық құрылым көркем диалогте трансформацияға ұшырайды, ол диалогтің ауызша және жазбаша формаларының өзара әсерлесуінен туындайды. Ауызша диалогтің әсері трансформациялық құрылым қызметінде қаратпа сөздердің, кідірістердің, ерекше интонациялардың болуына әкеп соғады.
Тілдің қандай құбылыстары болмасын, көркем шығармада эстетикалық қызмет атқарып, белгілі көркемдік, стильдік мақсатта жұмсалып тұрады. Тілдің бейнелеу құралдары шығарманың көркем құрылысын жасауға бірдей дәрежеде қатыспайды. Ауызекі сөйлеу тіліндегі күнделікті сөз қолданыстары көркем шығармада жазушы тілінің өзіндік стильдік ерекшелігін байқатады.
Белгілі бір шығарма құрылысында бір тілдік категорияның конструктивтік рөлі өте жоғары болады да, басқа тілдік мәнбілерде төмен болуы мүмкін. Әртүрлі жазушылардың сөз қолданыстарының түрліше болатындықтарын көрсетеді. Тіпті, бір жазушының өзі творчестволық өсу дәуірінің кезеңіне сай өзгеше тілдік құралдарды пайдаланып отыруы мүмкін. Бұл құбылыс сол жазушының стильдік эволюциясымен тығыз байланысты. Жазушы тілінің синтаксистік, құрылымдық құралдарының көркемдік қызметі айтарлықтай мәнге ие де, енді бірінде метафоралық көркемдеу құралы шынында да, ол жазушының өзіндік стильдік ерекшелігін байқатады.
Көркем диалог сөйлемде стильаралық синтаксистік құрылым негізінде қолданылады. Алайда, стильаралық құрылым көркем диалогте трансформация процесіне ұшырайды, ол ауызша диалогтің әсерінен болуы да мүмкін, немесе жазбаша формасының әсер етуінен туындайды. Кітаби-жазбаша стильдің әсерінен стильаралық ой бөлісуге кітаби нышан беріледі, ол өзінің құрылымында қайталаудың, бірыңғай мүшелердің, ерекшеленген анықтамалардың пайда болуынан көрініс табады. Ауызша диалогтің әсері трансформациялық құрылым қызметінде қаратпа сөздердің, кідірістердің, ерекше интонациялардың кездесуіне әкеп соғады.
Тілдік ресурстардың стильдік жіктелуі қазақ әдеби тілінде толық қалыптасты деп айта алмаймыз, ол әлі қалыптасу үстінде және оларды айқын ажыратып жіктеу жұмысы да толық көлемінде жүргізілген жоқ.
Көркем әдебиеттегі диалог, оның стилі, құрылысы - өте күрделі мәселе, сан-салалы мәселелерді қамтиды. Жалпы, қазақ филологиясында төл сөздің бір түрі ретінде диалогке, оның құрамына, синтаксистік құрылымына, персонаждың тіл ерекшелігі мен жалпы түрлеріне арнайы тоқталған толық зерттеулер жоқ. Мұның басты себебі анықталған категориялары мен белгілі шекарасының болмауы тәрізді.
Жұмыста ауызекі сөйлеу тілі мен көркем мәтіндегі сөйлеу тілінің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктері ашылады. Қазақ тіл білімінде ауызекі сөйлеу диалогі мен көркем шығарма диалогі лингвостилистикалық сипаттама тұрғысынан әлі күнге дейін арнайы зерттелген жоқ. Тілдің қандай да құбылыстары болмасын, соның ішінде ауызекі сөйлеу тілінің құбылыстары да, көркем шығармада эстетикалық қызмет атқарып, белгілі көркемдік, стильдік мақсатта жұмсалып тұрады. Стильаралық бірліктер көркем диалогте транскрипция процесіне ұшырайды, ол ауызша диалогтің әсерінен болуы да мүмкін немесе жазбаша формасының әсер етуінен туындайды. Зерттеу тақырыбының өзектілігі осы айтылған жайлардан туындайды.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тілі диалог табиғаты, түрлері, тілдік және тілдесімдік қасиеттері.
Зерттеудің пәні . Ауызекі сөйлеудегі және көркем шығарма мәтініндегі диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ерекшеліктері.
Зерттеудің болжамы . Егер зерттеу жұмыстарын жалпы тілтанымы, лексикалық, синтаксистік, стилистика ілімдерінің негіздеріне, ауызекі сөйлеу және көркем шығарма мәтіні ерекшеліктеріне сүйеніп жүргізсе. Қазақ тілі диалогінің зерттелуі терең, кең және жан-жақты болады.
Зерттеудің методологиялық (теориялық және әдіснамалық) негіздері ретінде қазақ, орыс және жалпы тілтанымындағы талданып отырған мәселеге қатысты мамандардың фундаменталдық еңбектері орын алады. Олар: Л. В. Щерба, Е. Д. Поливанов, Л. П. Якубинский, В. В. Виноградов, А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, М. Джусупұлы, М. Балақаев, Е. Жанпейсов, М. Томанов, Б. Манасбаев, Р. Сыздық, Р. Әмір, Б. Шалабай, сонымен қатар ҚР Президентінің және Үкіметінің білім, ғылым туралы қаулылары, шешімдері негіз болды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты - диалогтің ауызекі сөйлеу түрлері мен көркем шығарма мәтініндегі түрлерінің ұқсастығын, айырмашылығын анықтап, олардың тілдік, тілдесімдік және стилистикалық қасиеттерін сипаттау. Осыған байланысты мынандай міндеттерді шешу көзделеді:
- индивидтердің сөйлеу үдерісіндегі диалогтерді үнтаспаға жазу, талқылау, түрлерін анықтау;
- көркем мәтін құрамындағы диалогтердің үлгілерін жинақтау, түрлерін анықтау;
- ауызекі және көркем диалогтерді стильдік бояуы әр түрлі синтаксистік конструкциялардың қызмет етуі тұрғысынан зерттеу;
- ауызекі және көркем диалогтерде стильаралық және стильдік белгісі бар лексиканы пайдалану тұрғысынан диалог типтерінің ұқсастығы мен айырмашылығын анықтау;
- диалог құрамында тілдің лексикалық және синтаксистік элементтерінің құрамы, үйлесімі мен қызмет етуінің ерекшеліктерін анықтау;
- синтаксистік құрылымның және оның лексикалық толықтырылуындағы қарым-қатынас түрлерін анықтау арқылы ауызекі және көркем мәтіндегі диалогтердің ұқсастықтары мен айырмашылықтарын талқылау.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы:
- Ауызекі сөйлеу тілінің диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ерекшеліктері анықталды;
- қазақ тіл білімінде алғаш рет диалог тілдесім үдерісінің бір моделі ретінде зерттеліп, оның тілдік және тілдесімдік ерекшеліктері анықталды;
- көркем шығарма мәтініндегі диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ерекшеліктері анықталды;
- диалогтің ғылыми классификациялары талқыланды да, оларға өзіндік (авторлық) ғылыми сипаттама берілді;
- ауызекі сөйлеудегі көркем шығарма мәтініндегі диалог түрлерінің статистикалық (жиілік) ерекшеліктері анықталды;
- ауызекі сөйлеу және көркем шығарма мәтініндегі диалогтің лексикалық, синтаксистік, стилистикалық ұқсастықтары мен айырмашылықтары айқындалды;
- қазақ тіліндегі диалогті терең және кең зерттеу мақсатында, қазақ тілінің материалы мен орыс тілінің материалдары салғастырылып қаралады да, диалогтің пайда болу табиғатының, қызметінің негізгі көрсеткіштері бірдей екендігі жарияланды.
Зерттеу әдістері. Ғылыми зерттемеде төмендегі зерттеу әдістері қолданылды: сипаттамалы (сипаттау) және баяндау әдісі, компоненттік талдау әдісі, стилистикалық эксперимент әдісі, статистикалық әдіс, құрылымдық талдау әдісі.
Зерттеу жұмысының теориялық мәні. Диссертация материалдары мен қорытындылары қазақ тіліндегі тілдесімнің бір үлгісі диалогтің түрлерінің және диалог туралы концепциялардың араларындағы сабақтастықты мәліметтеуде үлкен орын алады. Қазақ тіліндегі тілдесім жайындағы ғылыми ой-пікірлерді толықтырады. Қазақ тіл біліміндегі диалог және оның лексикалық, синтаксистік, стилистикалық сипаттарын зерттеп жазуда көлемді ғылыми дерек қызметін атқарады. Сонымен қатар, ғылыми ізденістің нәтижелерін тілдесімнің басқа үлгілерін зерттеу барысында да пайдалануға болады.
Жұмыстың тәжірибелік құндылығы. Зерттеу нәтижелерін, ғылыми тұжырымдарын жоғары оқу орындарында «Қазіргі қазақ әдеби тілі», «Қазақ тілі стилистикасы», «Жалпы тіл білімі» пәндерін оқытуда пайдалануға болады. Сонымен қатар, ғылыми жұмыстың материалдары қазақ тілі лексикасынан, синтаксисінен, стилистикасынан өтетін арнайы курстарда, арнайы семинарларда, оқулық, оқу құралдарын жазуда, сөздіктерді жасауда пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- Ауызекі және көркем диалогтердің бірқатар ұқсас белгілері бар:
а) ауызекі және көркем диалогтерге стильаралық және стильдік белгісі бар лексикалық элементтердің ара салмағына әсер ететін жалпы фактор тән;
ә) ауызекі және көркем диалогтерде синтаксистік конструкциялардың бір ғана типтері пайдаланылады.
- Ауызекі және көркем диалогтердің өзара ұқсастығына қарамастан, олардың стильдік бояулары бірдей емес:
а) ауызекі диалогте стильдік бояуға ие құралдар шектеулі болуы;
ә) стильдік бояуы бар синтаксистік конструкциялардың ауызекі және көркем диалогтерде әр түрлі мөлшерде көрінуі;
б) синтаксистік конструкциялардың стильдік типінің және оның лексикалық толығуындағы стильдік сипаттаманың ауызекі және көркем диалогтердегі ара салмағының түрліше болуы;
в) стильдік бояуы бар бірліктердің пайдаланылу қызметінің түрліше болуына байланысты ауызекі диалогте стильдік бояуы бар бірліктердің аяқ асты туып, көркем диалогте автордың оларды саналы пайдалануымен ерекшеленеді.
Зерттеу жұмысының дереккөздері ретінде күнделікті сөйлеу үдерісі, прозалық, драматургиялық шығармалар мен ауызекі сөйлесу барысында үнтаспаға жазылған материалдар пайдаланылды. Көркем мәтіндегі диалогті зерттеу үшін төмендегі көркем әдебиет шығармалары пайдаланылды: Мұқан Иманжановтың "Жас өмір" пьесасы, С. Мұратбековтың "Жабайы алма" повесі, С. Балғабаевтың « Ең әдемі келіншек» повесі, Ш. Айтматовтың « Боранды бекет» повесі, Б. Майлиннің " Шұғаның белгісі", " Раушан- коммунист" романы, Ғ. Мүсіреповтің « Қос Шалқар», «Оянған өлке» повесі, Т. Ахтановтың Шығармалар жинағы. I, ІІ том, М. Әуезовтің «Алма бағында» повесі.
Зерттеу жұмысының жариялануы және сыннан өтуі: Диссертацияның негізгі мәселелері бойынша бірнеше баяндама жасалды: Қазақстандағы Ресей жылы мен Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика институтының 60 жылдық мерейтойына арналған «Мәдениетаралық қатысым мен қазақ, орыс филологиясының өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда, «12 жылдық білім жүйесі және педагогикалық технологиялар» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференцияда, «Бүгінгі түркітану және оның даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда; «Әлемдік рухани құндылықтар және қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда. Зерттеу жұмысының мазмұны мен тұжырымдары Комитет бекіткен басылымдарда 3 мақала түрінде жарияланды («ҚазҰУ Хабаршысы», «Тілтаным», «Қазақ тілі мен әдебиеті») . Жалпы диссертация тақырыбы бойынша 7 ғылыми мақала жарық көрді. Ғылыми еңбек Қазақ қыздар педагогика институтының Тіл теориясы, оқыту әдістемесі және Қазақстан тілдері кафедрасының мәжілісінде талқыланып, мақұлданды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
1 ДИАЛОГ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ЗЕРТТЕЛУІ
1. 1 Диалогтің табиғаты және тіл біліміндегі зерттелуі
Диалог сөзі гректің "діа1оgos" сөзінен пайда болған. Оның мағынасы - жалпы сөйлесу, екі я одан да көп адамдардың өзара әңгімелесу ұғымын білдіреді. Тіл білімінде ол екі не одан көп адамдардың кезектесіп сөйлесу формасын білдіретін термин ретінде қолданылады яғни, диалог - екі немесе бірнеше қатысушылардың бірігіп, бір тақырып төңірегінде пікірлесуі. Диалогқа қатысушылардың ойлары әр түрлі болады: келісу, талқылау, сұрақ-жауап, ойдың бірдей шығуы т. б.
Диалогті зерттеу бүгінгі таңдағы коммуникативті лингвистиканың негізгі нысанындарының бірі болып тұр. Қазіргі тіл білімінде қарым-қатынас қызметі жеке бірліктер түрінде емес, өзара хабар алысатын саналы әрекет түрінде жүзеге асатындығы нақтыланып келеді. Тұлға аралық қатысымның, диалогті қатысымның компоненттері ретінде мыналарды атасақ болады: 1) сөйлеуші мен адресат (субьект факторы жеке психологиялық, сөйлеушінің тұлғалық әлеуметтік ерекшеліктері; адресат факторына оның тең қатысымға дайындығы енеді, сондай-ақ, жеке мінезі; коммуниканттар арасындағы интеракциялық және тұлғааралық қарым-қатынас) ; 2) сөйлеушінің коммуникативті ниеті, уәжі, қатысым мақсаты; 3) қатысым өтетін уақыт пен кеңістікке (коммуникативті акт барысындағы қатысымның жалпы әлеуметтік-саяси, тарихи-мәдени жағдаяттарына сүйенетін шарттарын белгілейтін экстралингвистикалық факторлар) байланысты шынайылық деңгейі; 4) белгілі бір қоғамдық және статустық рөлі бар коммуниканттардың өзара қарым-қатынасы; 5) қатысым жағдаятына сай пресуппозияларды (авторлық интенцияның дұрыс қабылдануы, өйткені сөйлесімнің прагматикалық мағынасы сөйлеуші мен адресаттың пресуппозияны оқи алуы, тезаурустарының ұқсастығы, импликацияны анықтай алу қабілеттілігіне байланысты жүзеге асады) [1, 12] .
Б. Хасанұлы «Язык - средство общения или коммуникации?» деген мақаласында коммуникативтік қатынас пен тілдік қатынас құралының өзара алмасу кызметінің ара жігін ажыратып көрсетеді. Диалог пен монологті оған қатысушылардың санына қарай ажыратуға болады: бір адам сөйлесе - монолог, екі не одан да көп адам сөйлесе - диалог. Ал қатынас - (коммуникация) тілдік қатынастан (общение) айырмашылығы жауап алуда болжауды, егер ол болмаса көбінесе ақпараттық сұранысқа өзіндік жауап табылу болып табылады [2, 289] .
Диалогтің мазмұны мен оны құрайтын сөйлемдердің құрылымы немесе жеке сөздердің тұлғалары әр түрлі болып келеді. Мысалы:
- Жүр мына дүкенге кірейік!
- Не істейін деп пе едің?
- Тапсырыс берген болатынмын, түссе, алайықшы.
- Жүрсең жүр! (Айымбетов М. «Нәзік жаңғырық»)
Демек, мұндай репликада сұраққа тура жауап болмаса да, репликалардың мазмұнынан екі адамның бірін-бірі түсініскені білініп тұр. Сөйтіп, диалогке қатынасушы адамдардың сұрақ - жауап немесе керісінше, жауап-сұрақ түріндегі сөздері жағдайға және сол диалогтің алдында немесе одан кейін айтылған сөйлемдерге байланысты. Диалог ауызекі сөйлеу тілінде де, көркем әдебиет шығармасында да көп кездеседі. Алайда диалогтің екі түрінде елеулі айырмашылық бар. Бірінші жағдайда әңгімеге қатынасушылар сөздің орын тәртібін, сөйлемнің құрылымын немесе сөз тазалығын таңдамай сөйлесе береді, ал көркем шығармада ондай диалогтер автордың үлкен толғанысын, суреттеліп отырған кейіпкерлердің бейнелерімен, оқиғамен байланысты ой елегінен өткізіледі. Қысқасы, диалог жазушының индивидуальдік (даралық) стиліне және жанрдың ақпараттық - эстетикалық нормасына тікелей қатысты болады.
Диалогтің күнделікті тұрмыста қолданылатын сөйлеу түрлерін және әлеуметтік, этникалық, психологиялық көрсеткіштерді басшылыққа ала отыра қатысым мақсатына қарай Г. Иманғалиева диалогтің 3 түрін анықтаған. Олар: хабарламалық, прагматикалық, модальдік түрлер. Бұлар төмендегідей түрлерінде көрінеді: өз тарапынан әңгімелесу, хабарласу, сұрасу, сұхбаттасу, хабарлама жасау, түсінісу, пікірталас, ұрыс, талқылау, өтініш, ұсыныс, түрткі жасау, қорытындылау, мақұлдау, сәлемдесу, қоштасу [3, 19] .
Диалог сөйлеушілерді бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол автор мен тыңдаушының арасында қарым-қатынас орнауына себеп болатын коммуникативті жағдаят; прагматика үшін маңызды-тыңдаушының сөйлеу мәнбісі мен оның коммуникативті интенциясына негізделген-тыңдаушы реакциясы деуге болады. Тыңдаушының реакциясы диалогті құрайтын әртүрлі мақсатты анықтайды. Әртүрлі мақсаттың үйлесуі арқылы диалог қалыптасады. Диалогті бір ғана мақсат құра алмайды, сондықтан, әртүрлі сөйлесім түрлері, мысалы, диалогті бастаушы сөйлесім түрі өтініш білдіруден немесе қажетті мәліметті алудан басталғанымен, бұл тыңдаушының әртүрлі реакциясын тудырып, қарым - қатынастың орнауына себеп болуы мүмкін, себебі, сөйлеушінің тыңдаушыға бағытталған сөзі - оның өзіне қайта оралатын қоздырғыш түрткі.
Диалог теориясының негізін орыс тіл білімінде көптеген ғалымдар қалаған. Солардың ішінде В. Брыдина диалогке қатысушы мен жауап қайтарушының функционалды жағдайына, әлеуметтік жай-күйіне байланысты сөйлеу диалогінің қолданымдық негізін атап көрсетеді [4, 81] .
Диалогті коммуникативті прагматика тұрғысынан айқындау негізінде М. М. Михайлов «Принципы коммуникативно-прагматического конституривания диалогической речи» атты еңбегінде төмендегідей ұстанымдарды анықтайды:
1. Коммуникативті ынтымақтастық принципі диалогті сөйлеу формасы ретінде айқындаудың жалпылығы мен орнықтылығын белгілейді. Коммуникативті мақсатқа сәтті жетуге ұмтылған сөйлеу әрекеті белгілі ережелерге бағынуы, үйлесімді болуы тиіс. Коммуникативті қатысым кезінде сөйлеу этикетінің ережелерін ұстанып, орнықты және дұрыс жауап қайтарылуы тиіс.
2. Әрекеттесу принципі сөйлеудің құрылымында әңгімелесушілердің екеуінің де белсенді атсалысуын ұсынады. Коммуникация процесін басқару үшін әңгімелесушілердің коммуникативті бағдарламасының өзара келісімі, коммуникативті интенцияның үйлесімділігі мен қолданылу аясының коррекциясы талап етіледі.
3. Әсер ету принципі әрекеттестік принципімен тығыз байланысты. Әсер ету жоқ жерде, әрекеттесу де жоқ. Тыңдаушыға әсер ету сөйлеушінің коммуникативті интенциясының вербалдануына тікелей байланысты.
4. Коммуникативті-прагматикалық үстемдік принципі сөйлесімнің нақты коммуникативті-прагматикалық құрылымы семантикалық құрылымның бір компонентінің үстемдігіне байланысты болады. Көп жағдайда фунционалды-прагматикалық доминант пропозиция компонентімен әрекеттеседі. Сөйлемнің экспрессивтік деңгейі өзгереді.
5. Коммуникативті толықтық принципі коммуникативті үстемдік принципімен тығыз байланысты. Коммуникативті интенция - анық та нақты көрінген иллокуцияны (сұрақ, тілек, кеңес, т. б. ) ғана емес, сонымен бірге, сөйлесімнің эмоционалды, экспрессивті, көркем сипаттарын да қамтиды.
6. Алдын алу принципі адамның жиған тәжірибесінің нәтижесінде коммуникация процесінің өту барысына сай белгілі реакцияға дайын бола алу қабілеттілігі. Сөйлеу жағдаятындағы тыңдаушының әрекеті алдын-ала болжаумен байланысты қалыптасады [5] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz