Қазақстандағы саяси процесс


Пән: Саясаттану
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 8 бет
Таңдаулыға:   

Қазақстандағы саяси процесс

Қоғамдық өмір, оның ішінде саяси сала - өте күрделі құбылыс. Онда өмір сүріп жатқан топтардың, жіктердің, ұйымдардың мақсат-мүдделері кейде қабысып, кейде келіспей, шырмалып жатады. Соған орай күн сайын көптеген өзгерістер болып, бір саяси нұсқаулар дүниеге келіп, екіншілері өз күшін сақтап, үшіншілері өшіп дегендей, өзгеріп жататыны белгілі. Осындай саяси жүйенің бір қалыпты жағдайдан екінші жағдайға келіп, ауысуын, өзгеруін, қозғалысын саяси процесс дейді. Бұл процесс саяси деп аталғандықтан ондағы өзгерістер алдымен билікке, оны бөлу және қайта бөлуге, азаматтарды шешім қабылдауға, басқарушылардың қызметін бақылауға және т. с. с. жұмылдыруға, халықтың саяси белсенділігін арттыруға байланысты болады.

Мен Қазақстандағы болған соңғы ірі саяси процесстерге тоқталдым. Соның ішінде 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында өткен «ЕҚЫҰ Саммиті», Референдум мәселесі немесе кезектен тыс сайлау және Қазақстан Республикасының Қазақстан халқына «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы.

Тәуелсіздігіміздің туын әлем аспанында желбіреткенімізге он тоғыз-ақ жыл болғанымен, Еуропа мен Азияның, Солтүстік Американың 56 мемлекеті мүше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті Орталық Азия елдерінің, сондай-ақ ТМД мемлекеттерінің ішінен бірінші болып Қазақстанда, Астанада өтті. Бұл еліміз үшін, халқымыз үшін жауапты әрі абыройлы, саяси һәм тарихи оқиға болғаны болғаны даусыз. Әлемдегі ең беделді ұйымдардың бірі - ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі арқылы Қазақстан мемлекетінің, Қазақ елінің тәуелсіздігі төрткүл дүниеге түгел танылып қана қоймай, оның дүрбелеңге толы дүниежүзілік саясат сахнасының төрінен берік орын алғаны дәлелденді.

Хельсинки Қорытынды актісіне - 35 жыл, Жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына - 20 жыл және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына - 65 жыл, еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өткен Астана Саммитіне Қазақстан ғасыр жүгін арқалаған толағай табыстарға толы жаңару, жасарудың жасампаздық жолымен келді. 2010 жылдың қаңтарында ЕҚЫҰ қауымдастығына өзінің бейнеүндеуінде Н. Ә. Назарбаев төрағалықтың ұраны - Сенім, Дәстүр, Ашықтық, Төзімділік деп жария етті.

Түркия саммитінен 11 жылдан кейінгі саммиттің Астанада өтуі, сөз жоқ, әлемдік деңгейдегі көшбасшы, аса дарынды саясаткер Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың беделінің, еліміздің даңқын шығарып, экономикалық әлеуеті мен мүмкіншіліктерін әлем алдында көрсетемін деп жүрген жанқиярлық еңбегін­ің нәтижесі екенін өз елімізбен бірге, бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Елбасымыздың бастамасымен Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 1992 жылы кірді. Хельсинки (1992), Будапешт (1994), Лиссабон (1996), Ыстамбұл (1999) саммиттерінде Қазақстан Президенті белсенді қатысушы болып қана қойған жоқ, өзінің әлемдегі мемлекетаралық келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу, ядролық қарудан жаппай бас тарту, ұлтаралық, конфессияаралық шиеленістерді болдырмау, ұлттық, нәсілдік зорлық-зомбылықтарға қарсылық, сондай-ақ нашақорлық пен адам баласын аздыратын түрлі әрекеттердің бәріне тосқауыл қою, т. б. төңірегіндегі ойлары мен пікірлерін, ұсыныстарын ЕҚЫҰ күн тәртібіне батыл қоя білді.

Адамзаттың болашағы бөлінуде емес, бірігуде екені адамның өмір сүруі үшін қажетті қазіргі уақыттағы зәру мәселелердің әлемдік, ортақ сипат алуынан көрінеді. Ортақ мәселені бірігіп шешу керектігін барлық мемлекеттік дәрежедегі басшылар, ғалымдар, дінбасылар, зиялы қауым өкілдері түгелге дерлік біледі. Осы орайда Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың ұсынысымен 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні» деп атауға БҰҰ шешімінің шығуы үлкен оқиға болды. Қазақстан Президентінің, Қазақ елінің бейбітшілік сүйгіш бастамаларының осылайша қолдау табуы әлем жұртшылығының назарын бізге аудара түсті және мұндай қадам әлемдегі беделді Ұйым - ЕҚЫҰ-ны бас­қаруға бағытталғанымен құнды еді. Президент Н. Ә. Назарбаев әлемдегі саяси ахуалды, экономикалық жағдайды жақсы түсіне отырып, үлкен державалардың назарын Қазақстанға аудару бағытында қолдан келгеннің бәрін істеді. ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету үшін Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның барлық жағынан осы мәртебеге лайықты екенін іс жүзінде дәлелдеп көрсетті.

Еліміздің еңсе көтеріп, әлемдегі беделді ұйымдардың бірі - ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалық жасағанының жалғасындай болып өткен саммиттің үлкен нәтижесі Астана Декларациясының қабылдануы болғаны тағы аян.

Еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімнің жаңа бірегей моделінің, республиканың тәуелсіздік жылда­рындағы әлеуметтік-экономикалық және саяси жетістіктерінің, Елбасының жаһандық ауқым мен халық­аралық ықпалдылығының арқасында Еуроатлантика және Еуразия аумағындағы жалпыға ортақ, бөлін­бейтін және ұжымдық қауіпсіздікке арналған маңызды мәселелерді талқылау үшін Қазақстан астанасына ЕҚЫҰ-ға мүше 55 мемлекет пен 12 серіктес елдің басшылары мен үкімет жетекшілері, 69 ха­лықаралық ұйым серкелері, 500-ге тарта үкіметтік емес ұйым өкілдері, 1500-ге жуық журналист келді.

Бұл саммиттен кейін, әлемдік деңгейдегі сарапшылардың айтып отырғандарына ден қойсақ, ЕҚЫҰ-ның негізгі жұмысы енді Балканнан Кавказ өңірі мен Орталық Азияға қарай бағытталатыны байқалады. ЕҚЫҰ күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі, сондай-ақ, есірткімен күрес болатыны да белгілі. Болашақта тек есірткі ғана емес, адамзаттың бүгіні мен болашағы үшін басқа да қауіпсіздік мәселелері туралы келелі әңгіме қозғалатыны анық.

Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде шешімін таппай келе жатқан Таулы Қарабақ, Днестр жағалауы, Қап тауы, Ауғанстан проблемаларының оңтайлы реттелуіне көп еңбек сіңірді. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы басталған тұста: «Ұйым ХХІ ғасыр әлемінің сан алуандығын мойындайтын құрылым ретінде бой көрсете ала ма, әлде «Венадан Шығысқа қарай» кеңістігінен дәстүрлі Батыс дараланып тұратын, блоктарға жіктелген Ұйым болып қала бере ме?» - деген болатын. Президенттің осы айтқанын Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде ұстанып қана қойған жоқ, алдағы уақытта осы бағыттың басымдық алатынын қазірдің өзінде дәлелдеді. Саммитте де осы тұжырым тиянақтала түсті.

Қазақстан көршілес, туыс мемлекет - Қырғызстандағы сәуір төңкерісінің салдарын үнемі бақылауында ұстады, төңкерістің соғысқа айналмауына күш салды, ЕҚЫҰ төрағасы ретінде ғана емес, іргелес ел, ағайын мемлекет тұрғысынан экономикасы тұралаған Қырғызстанға 11 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек те көрсетті.

Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың қазіргі ұстанып отырған саясатына сайсақ, ЕҚЫҰ болашақта тек мемлекеттер аралық шиеленісті жағдайларды шешумен шектелмей, экономикалық дағдарыстарға әсер ете алатындай әлеуеті мол күшке айналуы тиіс.

Ойымызды қорытындыласақ, ЕҚЫҰ Саммитінің Астанада өтуі Қазақ елінің, Қазақстан мемлекетінің Еуропаға, Азия, Америка елдеріне ғана емес, адамзат болашағы үшін прогрессивті ой-идеяларымен, озық та озат экономикасымен, ғылыми, саяси зор шығармашылық әлеуетімен әлемдегі озық елдердің қатарында көрінуінің дәлелі болып табылды.

Ал енді референдум мәселесіне тоқталсам, референдум туралы бастама Шығыс Қазақстан Облысында басталып, қазақтың маң даласын шарлады. Оңтүстік Қазақстан облысы, жиырма мыңнан аса адам Шымкентте митинг өткізді. Оңтүстік облыстың жұрты - Президенттен ел ішінде референдум өткізуге келісім беруін сұрайды. «Референдум өткізу - халықтың қалауы, шынайы тілегі», - деген оңтүстік облыс тұрғындары Елбасына ашық хат та жолдады. Қазақ елінің шығысы мен батысы, теріскейі мен күнгейі тұтас Референдум өткізу туралы бастама көтерілгелі бері оны қолдайтындарын анық білдірді.

Бұл мәселе Ақордада да сөз болды. Елбасы игі жақсылардың пікірін білді. Осы бастаманың басы-қасында жүргендер де, «Қазақстан - 2020» коалициясына кіргендер де іркіліп қалмады. Жиынға Парламент депутаттары, зиялылар, үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері, жастар ұйымдарының өкілдері мен жалпыұлттық демократиялық күштердің «Қазақстан 2020» коалициясына кірген «Әділет», «Патриот», «Руханият», «Ауыл», «Ақжол» партияларының жетекшілері қатысты.

Ерлан Сыдықов, Семей мемлекеттік университетінің ректоры: «Сауалнама жасаған кезде олардың көбінің айтатыны мына он жылға қабылданған стратегиялық жоспар, әсіресе, мынау индустриалды-инновациялық программа, содан өзіміздің келешегімізді көріп отырмыз, жұмыс орындарымызды көріп отырмыз. Интеллектуалды өсіміміз болатынына көзіміз жетіп отыр, - деді, - оның үстіне қосымша тыныштық бар екенін айтады. Тоқ етерін айтсақ, референдум сізден гөрі халыққа керек», - деді ол.

«Елбасының өкілеттігін ұзарту - ел үшін» деген пікірді саяси партиялардың серкелері де қуаттады. Әсіресе, қазақ мемлекетінің сыртқы саясаты үшін Нұрсұлтан Назарбаевтың зор беделі керек-ақ. Өйткені, кейінгі жылдары жаһандағы жуан елдердің пиғылы бұзылып барады, деген.

Әлихан Бәйменов, «Ақжол» демократиялық партиясының төрағасы: «Елдің ішінде, елдің сыртында кім не айтадыдан гөрі, бізге маңыздысы елмен не болады, әрі қарай қалай жүреміз? Әсіресе, бізді толғандырып, ойлантатыны - осы жөнінде көзқарасымызды қалыптастырғанда мынау үлкен көршілеріміздің бірте-бірте қоғамда арандарының ашылып, тәбеті ашылып келе жатқаны. Ал енді оларды ауыздықтап, тепе-теңдікте ұстап отыру да, сөзсіз, сіздің жеке басыңыздың беделі де, жеке басыңыздың саяси салмағы да біздің халық үшін өте керек», - деп өз ойын жеткізді төраға.

«Саясаткер үшін халықтың сенімінен артық марапат жоқ», - деді Елбасы осы жиында. Референдум өткізу туралы бастама көтерілгелі бері бірінші рет өз пікірін білдірген Нұрсұлтан Назарбаев әбден елеп-екшеп барып бір шешім қабылдайтынын аңғартты.

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Дұрыс -бұрысын» екшеп алып, халық пен мемлекеттің мүддесін есепке алып, халыққа қажетті шешім қабылдаймын.

Ел тынысын бағамдап отыратын сақа саясаткерлер де ауызы дуалы ақсақалдар да: «Халыққа керегі - референдум», - деді. Өйткені, тұтас қазақтың үштен бірі бастаманы қолдап, қол қойғаны белгілі.

Мақсұт Нәрікбаев, «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы: «Референдум Елбасы Назарбаевқа керек емес. Бұл халыққа керек».

Бақытжан Ертаев, ҚР Қорғаныс министрі бас инспекциясының басшысы, генерал-лейтенант: «Осы Елбасымыз әрі қарай басқарса екен. Ол - еліміздің, елдің тілегі. Әрине, ол кісіге ол жөнінде құлақ салу керек деп ойлаймын».

Әбіш Кекілбаев, ҚР халық жазушысы, Қазақстанның еңбек ері: «Құдайға шүкір, республикамызда саяси күрестерде саясаткерлеріміз шыңдалып жатыр. Бірақ, олардың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтай әлемдік саяси сахнада көрініп үлгерген жоқ. Тарихтың таласына түсіп тезден өткен жоқ».

Мырзатай Жолдасбеков, Президент мәдени орталығының директоры: «Бұл кісі - мемлекет жасаған адам. Жаңа заманның жаңа тарихын жасаған адам. Сөйтіп, халқын арманға жетелеген адам. Сондықтан, халықтың басқа арманы жоқ. Бұл ұсыныстың бәрі халықтың өзінен шығып отыр».

Елбасының өкілетін 2020 жылға дейін ұзарту үшін референдум өткізу жөніндегі бастаманы елдің өзі көтерді.

Дегенмен де, Елбасы өз шешімін қабылдап, оны Халқына арнаған Үндеуінде жариялады. Үндеуде Елбасы ҚР Президентінің өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөніндегі референдумды өткізбеу туралы шешім қабылдап, өкілеттілігін екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы Парламентке ұсыныс енгізетінін айтты.

Сонымен қатар, халқының дұрыс түсінетініне сенім артып, бұл жайтты жай «қабылдау немесе бас тарту» ретінде емес, өмірдің өзі ұсынған демократияның тарихи сабағы деп қабылдағанымыз жөн екенін баса айтты.

«Бұл - Елбасы мен халықтың Ата заңға адалдығын бағамдайтын тағылымды дәріс. Демократиялық жолмен сайланған тұңғыш Президент ретінде еліміздің биік мүдделерін басшылыққа ала отырып, мен референдум өткізбеу туралы шешім қабылдадым. Жұртшылықты бөлетін «референдум әлде сайлау» деген таңдаудың орнына мен халқымыздың еркі мен демократиялық қағидаттарға адалдығын ескеретін және бізді біріктіретін жолды ұсынамын. Мен өкілеттігімнің екі жылға қысқаратынына қарамастан, мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс енгіземін. Тиісті Заң Парламентке ұсынылады", - деді Мемлекет басшысы.

Сөз соңында: "Қадірлі қазақстандықтар! Сіздердің қолдауларыңыз мен үшін мемлекет пен халық мүддесі жолында қашанда сенім мен шындықтан айнымай қызмет етуге күш беретін бастау болады. Алдымызда әлі атқарылатын қыруар істер бар. Біз индустриалды-инновациялық және әлеуметтік жаңғырту бағдарламаларын батыл іске асырудамыз. Бірге кеңесе отырып ойға алған жоспарларымызды іске асырамыз және Отанымызды гүлдендіре түсеміз деп кәміл сенемін. Біз кемел келешегіміздің берік іргесін бірге қалаймыз!", - деді Елбасы.

2011 жылдың 28 қаңтарында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауын жариялады. Осы саяси процеске тоқталайық.

Жолдауда қарастырылған сұрақтарға шолу жасап өтелік. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 152 кәсіпорынның ашылғанын, 24 мыңдай қазақстандық азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілгенін айтқан Президент: «2014 жылға дейін біз сомасы 8, 1 трлн. теңге құрайтын 294 инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. 161 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, 207 мың жұмыс орны құрылыс мерзімі кезінде ашылатын болады. Елімізді индустриялық дамытудың бірінші бесжылдықтың қорытындысы бұл - экономиканың нақты секторының есебінен экономикалық өсудегі құрылымдық өзгерістердің басталуы», - деп атап көрсетті.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Әлеуметтік процесс туралы ақпарат
Басқарудың орталық деңгейінің құрылымын жетілдіру
Бүгінгі Қазақстандағы мемлекеттік басқарудың күйіне кешенді талдау жасап, орталықтандыру мен орталықсыздандыру балансына қол жеткізу қажеттігін елдегі әкімшілік реформасы тұрғысында негіздеу
Саяси процесстің адам өмірінде алатын орны
Егеменді Қазақстанның саяси ақиқат ретінде қалыптасуы мен дамуы.
Үшінші толқынның ерекшеліктері
Саясаттану ғылым және пән ретінде
Қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру мәселесінің көтерілуі
Қазақстан Республикасының ғылыми-техникалық саясаты
Қазақстандағы қайырымдылық негіздері
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz