Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастыру


Пән: Педагогика
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 152 бет
Таңдаулыға:   

Кiрiспе

Зерттеудің өзектілігі: Қазіргі кезде қоғамда түрлі экономикалық-әлеуметтік реформалар жүріп жатыр. Мұндай өзгерістерден орта мектептерде сырт қалмады, себебі бүгінгі күнде білім беру салаларынан тәрбиелі, ұлттық мәдениетті меңгерген, шығармашыл ойлай алатын жастарды даярлау талап етілуде. Осыған орай, мемлекет тарапынан білім беру салаларына реформалауға ерекше көңіл бөлінуде.

Елбасы Н. Назарбаев: «Білім беру реформасы - Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі»-, деп, білім беру жүйесінде жүргізіліп жатқан реформалар бүгінгі кұннің талабынан туындап отырғанын атап көрсеткен. Сондықтан « . . . экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін» жас өскелең ұрпақты тәрбиелеп шығару оқушылардың ана тілінде шешен сөйлеуі, өз пікірін жүйелі жеткізуіне байланысты [1] . Ал мұның іргетасы бастауыш сыныптарда қаланады.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi бiлiм берудi дамыту Тұжырымдамасында бастауыш мектепте бiлiм берудiң маңыздылығын атай келiп, қазақ тiлiн оқытудың басты ұстанымдарын: «Бастауыш мектептiң негiзгi мiндетi - баланың жеке басын бастапқы қалыптастыруды қамтамасыз ету, оның қабiлеттерiн анықтау және дамыту. Осы сатыдағы оқу мен тәрбие оң уәждi қалыптастыруға, оқу қызметiн бiлуі, оқу, жазу, санаудың берiк дағдыларын үйренуге, тiлдiң қарым-қатынастық қарапайым тәжiрибесiне, өзiн-өзi шығармашылық тұрғыдан таныта бiлуге бағдарланады», - деп белгiленген [2] .

Бастауыш мектептiң қазақ тiлi сабағында жеке тұлғаны қалыптастыру оқушының өз ой-пiкiрiн ана тiлiнде еркiн, дұрыс, түсiнiктi жеткiзе бiлуден басталады. Оқушы айтайын деген ойын, бiрiншiден, жасқанбай жеткiзе бiлуi; екiншiден, сөйлемдердi дұрыс та нақты құрастыра алуы; үшiншiден, сөйлеу мәдениетiнiң алғашқы қарапайым элементтерiн меңгеруi; төртiншiден, қоршаған ортаға сай қарым-қатынас жасай бiлуі тиiс. Сайып келгенде, осының бәрi, Тұжырымдамада көрсетiлгендей, тiлдiк қатынастың басты қағидалары мен ұстанымдарын менгерудi қажет етедi. Сондықтан бастауыш мектепте қазақ тiлiн Қазақстан Республикасының мемлекеттiк сұранысына орай оқытып, қатысым арқылы балалардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру өзектi мәселеге айналып отыр.

Қазіргі кезеңде білім беру салаларында жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Осы үрдіс арқылы бастауыш мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесіне жаңа инновациялық технологиялар көптеп енуде. Әлемдік педагогиканың озық тәжірибелерін ұлттық педагогикада сапалы қолдану - бүгінгі күннің аса маңызды мәселелерінің бірі болып отыр. Ендеше, І сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын интерактивті әдістер, диалогті оқыту т. б. технологиялары арқылы қалыптастыру мәселесі оқушылардың жеке тұлғалық қасиеттерін тәрбиелеумен, олардың пәнге деген қызығушылықтарын арттырумен сабақтасуда.

Бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамыту мәселесіне Ы. Алтынсарин, А. Байтұрсынов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов т. б. ұлы педагогтар өз кезінде ерекше көңіл бөлген болатын. Бірақ, қазақ мектептеріндегі тіл дамыту мәселесі әсіресе егеменді ел болғаннан кейін ғана ғылыми зерттеу пәніне айнала бастады. Бұл жөнінде бастауыш мектеп оқушыларының тілін дамытуға арналған С. Рахметова, Т. Әбдікерімова, Г. Уаисова, Ә. Жұмабаева т. б. сияқты ғалымдардың зерттеулері мен еңбектерін түрлі кітапшалар, мақалалардың жарық көргенін айтуға болады. Дегенмен, кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру әдістемесі күні бүгінгі күнге дейін ғылыми тұрғыда зерттелген жоқ. Оқушылардың ана тілінде өз сөзін түсінікті, тартымды жеткізу дағдылары нашар қалыптасқан. Мұны мектеп бітіріп келген оқушылардың сөйлеу деңгейінен-ақ байқауға болады. Сонымен қатар, бөбектердің мектепке алты жастан қабылдануы да бұл проблемеға орасан зор көңіл бөлуді талап етіп отыр. Оқушылардың сөйлеу дағдысын кіші жастан бастап қалыптастыру жөнінде ғылыми зерттелген әдістеменің жоқтығы мұғалімдерге қиындық туғызуда. Оқушылардың өз ойын дәл, сауатты жеткізе алмауы осы жұмыстың мектепте жүйесіз, мақсатсыз жүргізілуінде. Мұның барлығы зерттеу тақырыбының өзектілігін көрсетеді.

Зерттеу пәні: І сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру үрдісі.

Зерттеу нысаны: І сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдістемесі.

Зерттеу мақсаты: І сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдістемесінің теориялық негіздерін зерделеу, соның негізінде кіші мектеп жасындағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдістемесін жасау.

Зерттеудің міндеттері:

- Кіші мектеп жасындағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға байланысты лингвистикалық, психологиялық, педагогикалық әдебиеттерді оқып, талдай келе, зерттеу жұмысымыздың теориялық негізін анықтауға пайдалану;

- Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың тәрбиелік мәнін ашып көрсету;

- Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын жаңа инновациялық технологиялар негізінде қалыптастыру әдістемесін жасау;

- Кіші жастағы оқушылардың қазақ тілі сабағында ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың ұтымды әдістерін айқындау;

- Кіші жастағы оқушылардың қазақ тілі сабағында ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар мен мәтіндер жүйесін жасау;

- Ұсынылған әдістеменің тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу.

Зерттеу болжамы: Бастауыш мектеп оқушылары ауызша сөйлеу дағдыларына төселсе, біріншіден, оқушылар қазақ тілінің заңдылықтарын тілдік қатынас кезінде еркін қолданады, екiншiден, орынды сөйлеуге үйренедi сол арқылы жеке тұлғалық қасиеттері тәрбиеленедi, үшiншiден, өз ойын орынды, дәл, жүйелеп жеткiзуге дағдыланады, төртіншіден, кіші мектеп жасындағы оқушылардың білімін көтеруге әсерін тигізеді.

Жетекші идея: Кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысы бірінші сыныптан бастап қалыптастырылуы олардың жеке тұлға ретiнде дамуына, оқу-танымдық әрекеттерінің жандануына, бiлiмдi жан-жақты меңгеруiне, тiлдiк қатынаста өз ойын дұрыс әрi толық жеткiзуiне игi ықпал етедi.

Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздері: Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негіздеріне психологиядағы әрекет теориясы, жас және педагогикалық психологияның, ұстаз психологиясы мен оқыту психологиясының деректері, педагогика ғылымының соңғы жетістіктері және ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған еңбектер негізге алынды.

Зерттеу әдістері: Ғылыми зерттеу жұмысында оқушылар әрекетінің нәтижесін қорыту, баяндау, талдау, салыстыру, жүйелеу, нақтылау, ассоциациялық әдістері арқылы сараланып, бастауыш мектеп мұғалімдерінің озат тәжірибелерін талдау-жинақтау, қорыту, эксперимент нәтижелерін тексеріп жүйелеу, математикалық-статистикалық әдiстер қолданылды.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы:

- Алғаш рет қазақ тілі сабақтарында кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың әдiстемесі ұсынылды;

- І сынып оқушыларының ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруда тиiмдi жаңа инновациялық технологиялар: диалогты оқыту технологиясы, интерактивтi әдiстердi пайдалану технологиясы, кейс технологиялары негізінде оқытудың өзiндiк белгiлерi айқындалды;

- Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға арналған жаттығулар мен мәтіндер жүйесі ұсынылды;

- Диалогты оқыту, топтық, ойын т. с. с. сабақтардың оқушылардың шығармашылық қабiлетiн дамытудағы ұтымдылығы айқындалды.

Зерттеудің теориялық маңызы: Қазақ тiлi сабақтарында кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға байланысты алынған тұжырымдар мен қорытындылар қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiн теориялық тұрғыдан толықтырады, сонымен қатар сабақта жаңа инновациялық технологияларды қолдану мәселесіне үлес қосады. Ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мәселесiнде белгiленген ұстанымдар бастауыш мектепте тiл дамытудың қағидалары мен заңдылықтарын дамытуға игi әсер етедi. Зерттеудің теориялық нәтижелерін мектепте және жоғары оқу орындарында қазақ тілін оқыту әдістемесі, тіл мәдениеті салаларын оқытуда арнайы курс ретінде пайдалануға болады.

Зерттеудің практикалық маңызы: Зерттеу жұмыстарының нәтижелері бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған әдістемелік құралда көрініс тапты: «Кіші мектеп жасындағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жолдары». Зерттеу жұмысының нәтижелерінің тиімділігі педагогикалық эксперимент барысында дәлелденді. Сондықтан, зерттеу жұмысындағы нәтижелердi бастауыш мектеп мұғалiмдерi мен әдiскер ғалымдар қолдана алады. Жұмыста ұсынылған тапсырмалар мен жаттығуларды, сабақ үлгiлерiн мектеп мұғалiмдерiнiң күнделiктi оқыту процесiнде пайдалануына болады.

Педагогикалық эксперименттік тірек ретінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласындағы №38 Н. Оңдасынов атындағы, № 50 А. Байтұрсынов атындағы, Шардара қаласындағы М. Әуезов және Шардара атындағы орта мектептері алынды.

Зерттеу үш кезеңде жүргiзiлдi:

Бiрiншi кезеңде (2003-2004 ж. ж. ) зерттеу жұмысының тақырыбына байланысты библиографиялық жұмыс жүргiзiлдi. Тақырыпқа байланысты лингвистикалық, педагогикалық, психологиялық, әдiстемелiк еңбектер қарастырылып, бастауыш мектеп мұғалiмдерiне анкеталар берiлдi. Осының негiзiнде ғылыми зерттеу жұмысының мақсаты мен мiндеттерi, пәнi мен болжамы айқындалды. Бастауыш мектепте қазақ тiлi сабағында оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың жетекшi идеясы белгiлендi. Бастауыш мектепте оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған анықтау, оқыту эксперименттері жүргізілді.

Екiншi кезеңде (2004-2005 ж. ж. ) ғылыми-әдiстемелiк әдебиеттер жүйелендi, озық тәжiрбиелi мұғалiмдер мен алдыңғы қатарлы әдiскерлердiң жұмыстарына сүйене отырып, оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастырудың тиiмдi жолдары қарастырылды. Мектептерде бастауыш мектеп оқушыларының ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған оқыту эксперименттері өткізілді. Шәкiрттердiң ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру тапсырмалары, мәтіндер жүйесі белгiленiп, жүйеге келтiрiлдi. Диалогты және монологты сөйлеуге үйрететiн тапсырмалардың, жаттығулар мен мәтіндердің, ойын, топтық оқыту т. с. с. сабақтардың тиiмдi түрлерi сұрыпталып алынды.

Үшiншi кезеңде (2005-2006 ж. ж. ) Кіші мектеп жасындағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған алдыңғы кезеңдерде анықталып, сараланған әдістеме іске асырылды. Бастауыш мектепте қазақ тiлi сабағында оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастырудың тәжiрибе материалдары тексеруден өткiзiлiп, нәтижелерi жинақталып, Стьюдент критериясы бойынша тексеріліп, қорытындыланды.

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

- Кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдістемесін теориялық жағынан негіздеп, оны практикада жүзеге асыру механизмдерін жан-жақты талдау мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушыға өз ана тілінің болмысын тәжірибе жүзінде аңғарып, оны меңгерудің тиімді жолдарын көрсетеді.

- Кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға арналған жаттығулар мен мәтіндердің ұтымдылығы, олардың тілін дамытып, білімін арттыратындығы;

- Кіші жастағы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруда қолданылатын жаңа инновациялық технологиялардың оқушылардың ой-өрісін кеңейтіп, жеке тұлғалық қабілеттерін дамытатындығы;

- Ұсынылған әдiс-тәсiлдер арқылы оқушылардың шығармашылық қабiлеттерiнiң артатындығы.

Зерттеу жұмысының талқылануы және жариялануы: Зерттеу жұмысының мазмұнын құрайтын негізгі тұжырымдар мен нәтижелер Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткізілген республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда, республикалық әдiстемелiк журналдарда жарық көрді. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетiнiң бастауыш мектепте ана тiлiн оқытудың теориясы мен әдiстемесi және қазiргi қазақ тiлi теориясы мен әдiстемесi кафедраларының мәжiлiстерiнде, әдiстемелiк семинарларда талқыланды. Зерттеу нәтижелері барлығы 1 әдістемелік құралда, 17 мақалада жарияланды.

Зерттеу жұмысының құрылымы : Диссертациялық жұмыс кiрiспеден, екi тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тiзiмiнен және қосымшадан тұрады.

I БАСТАУЫШ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ҒЫЛЫМИ- ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГIЗДЕРI.

1. 1. Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастыру мәселесiнiң зерттелуi .

Қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi өзiнiң ғылым ретiнде қалыптасу жолын ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнен бастау алады. Бұл қазақ халқының көрнектi ғалымдары, қоғам қайраткерлерi, ақындары мен жазушыларының өз ұлтының тағдырына немқұрайдылықпен қарамай, қазақ тiлiнiң өркендеуiне, тiлдiң өзiндiк ерекшелiктерiн айқындаудағы қажырлы еңбектерiнiң арқасы. Қазақ халқын сауаттандыру үшiн ұлтжанды азаматтар тiлдiң теориялық заңдылықтарын зерттеп, нәтижелерiн халыққа бiлiм беруде қолдануды өздерiне парыз санады. Ұлт мектептерiнде қазақ тiлiн оқыту әдiстемесi жөнiнде пiкiрлер сол кезеңдегi «Айқап», «Қазақ», «Шолпан», «Мұғалiм», «Сана» т. б басылымдарда жарияланып отырды. Сол жылдары жарық көрген А. Байтұрсынов, Қ. Жұбанов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Т. Шонанов, Ғ. Бегалиевтердің еңбектерiнде бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту жөнiнде елеулi пiкiрлер, қазақ тiлi сабағының құрылымы және сабақта қолданылатын негiзгi әдiстер мен мұғалiмге қойылатын талаптар айқындалған [3], [4], [5], [6], [7], [8], [9] .

Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнiң негiзiн қалаған ғалымдардың жоғарыда аталған еңбектерiнiң басты құндылығы - осы еңбектер арқылы мұғалiмдерге қазақ тiлiн қалай оқыту жөнiнде практикалық көмек берiлдi. Сондай-ақ бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiн теориялық және әдiстемелiк тұрғыдан зерттеп, оның жеке ғылым саласы болып қалыптасуына зор елеулi үлес қосты.

Кейiнгi жылдары осы мәселенi Ә. Сәдуақасов, С. Жиенбаев, Р. Әмiров, Ш. Сарыбаев, К. Бозжанова, М. Жұбанова, С. Рахметова, М. Жазыбаев, И. Ұйықбаев, С. Қазыбаев, Т. Әбдiкәрiмова, Г. Уайсова, Ә. Жұмабаева, М. Ермекбаев және т. б ары қарай тереңдетiп, келесi зерттеулермен, монографиялармен әдiстемелiк нұсқаулармен дамытты [10], [11], [12], [13], [14], [15], [16] . [17], [18] [19] [20], [21], [22], [23] .

Қазiргi кезеңде бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқыту үшiн жаңа буын оқулықтары, оқыту кешендерi, дидактикалық материалдар мен әдiстемелiк нұсқаулар шыға бастады. Ғалымдар, әдiскерлер бастауыш мектепте қазақ тiлi саласын оқытуға, оқыту үрдiсiнде жаңа әдiстер мен технологияларды қолдануға аса назар аудара бастады. Бүгiнгi таңдағы осындай өзектi мәселелердiң бiрi - оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру, шәкiрттерге бiлiмдi теориялық тұрғыдан ғана меңгертпей, олардың осы бiлiмдi тiлдiк қатынаста еркiн пайдалануға, дұрыс сөйлеуге үйрету. Бастауыш мектепте қазақ тiлiн оқытуға арналған ғылыми жұмыстарда оқушылардың тiлiн дамыту, олардың байланыстырып сөйлеу дағдылары мен бiлiктерiн қалыптастыру туралы пiкiрлер айтылғанымен осы кезге дейін ғылыми зерттеуге алынып, белгілі бiр әдiстемелiк жүйеге түсiрiлмеген. Біздің зерттеуіміз осы мәселені арнайы ғылыми тұрғыдан алғашқы қарастырған жұмыс.

Бастауыш мектепке арналған еңбектерде «тiл ширату», «тiл жетiлдiру», «тiл ұстарту», «тiл дамыту», «байланыстырып сөйлеу дағдысы» секiлдi терминдер ұшырасады. Осы терминдердiң мағынасын алғаш рет айқындап, олардың өзiндiк ерекшелiктерiн белгiлеген ғалым - профессор С. Рахметова. С. Рахметова терминдердiң әрқайсысына мынадай түсiнiк берген: « . . . еңбегiмiзде, тiл дамыту» терминiн қолданып отырмыз, өйткенi «тiл ширату» балалардың бiлетiн пассив сөздерiн активтендiру мақсатын көздесе, «тiл жетiлдiру» (усовершенствование) көбiне баланың тiлiн түзету мағынасында қолданылады. Ал «сөз байлығын арттыру» - сөздiкке ғана қатысты. Бiздiң ойымызша, «тiл дамыту» терминi осылардың барлығын қамтиды [16, 23] . Демек, оқушылардың тiлiн ширатуға, олардың тiлiн жетiлдiруге, шәкiрттердi байланыстырып сөйлеуге үйретуге арналған жұмыстардың барлығы балалардың тiлiн дамыту мақсатын көздейдi. Сондықтан, «байланыстырып сөйлеу» мен «сөйлеу дағдысын қалыптастыру» терминдерiнiң өзiндiк өзгешелiктерi бар екенiне назар аударған жөн. Оқушыларды байланыстырып сөйлеуге үйрету жұмыстары көбiнесе шығарма және мазмұндама, яғни оқушылардың мәтiн түзу дағдысын қалыптастыру жұмыстары болса, оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру жұмыстарына «сөйлеудегi, жазудағы тiл жұмсаудың өнегелi үлгiлерi, сауаттылық, айқын ойлылық, iзеттiлiкке» [16. 4] үйрететiн жұмыстары жатқызылады. Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарының тiл дамытумен ара-қатынасы жоқ деген ой тууы ағаттық. Қайта оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру жұмыстарының негiзiнде тiл дамытудың негiзгi заңдылықтары мен принциптерi тұрады.

Сондықтан оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру дегенiмiз - шәкiрттердiң бiр-бiрiмен күнделiктi пiкiрлесуi ғана емес, олардың тiлдiк қатысым барысында өз ойын анық, дұрыс және түсiнiктi жеткiзуге, сөйлер сөзiнiң тiлдiк нормаларын сақтап, iзеттi сөйлеуге үйрету. Оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға арналған алғашқы іргелі еңбектерге А. Байтұрсынов, Ғ. Бегалиев, Ә. Сәдуақасов, Р. Әмiров, К. Бозжанова, С. Рахметова т. б. ғалым-әдiскерлердiң жұмыстарын атауға болады

Қазақ халқының прогрестiк ағартушысы Ы. Алтынсарин -қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнiң алғашқы туындылары «Қазақ хрестоматиясы» және «Мактубатының» авторы. Бүкiл ғұмырын халық санасын көтеруге, қара халықтың баласын оқытуға арнаған ағартушы қазақ жерiне жаңа үлгiдегi мектептер керек екенiн заманынан бұрын түсiнген. Ы. Алтынсариннiң «Мектеп-қазақтарға бiлiм берудiң басты құралы. Бiздiң барлық үмiтiмiз, қазақ халқының келешегi осында, тек осы мектептерде ғана», - деуi, оның қазақ халқының болашағын оқу-ағарту iстерiмен байланыстырғанын көрсетедi. Кейiнгi өмiр ағартушы ғалымның пiкiрi орынды екенiн дәлелдедi.

Ғалымның еңбектерiнде оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға тiкелей практикалық маңызы бар тәсiлдер не әдiстер көрсетiлмегенiмен, оқушылардың сөздiк қорын молайтуға және танымын жетiлдiруге арналған өлеңдерi, әңгiмелерi мен ертегiлерi баршылық. Бұл жерде ағартушы-педагогтiң «Кел, балалар, оқылық», «Өнер бiлiм бар жұрттар», «Бай баласы мен жарлы баласы», «Әке мен бала», «Талаптың пайдасы» т. б еңбектерiнен шәкiрттердiң жеке басын, олардың мәдениетiн қалыптастыруды мақсат еткенiн көруге болады.

Бастауыш мектептегi қазақ тiлiн оқыту әдiстемесiнде А. Байтұрсынұлының орны ерекше, А. Байтұрсынұлының мектептегi оқу ағарту мәселелерiне арналған «Қай әдiс жақсы?». « . . . Жалқылау (айрырыңқы) әдiс», «Жалқылаулы, жалпылаулы әдiс». «Бастауыш мектеп», «Тiл-құрал», «Оқу құралы» т. б. оқулықтары мен мақалаларында айтылған пiкiрлерi мен көзқарастары бүгiнгi күнге дейiн өз құнын жоймаған. Ғалымның еңбектерiнде оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға ерекше ден қойылып, бастауыш мектеп мұғалiмдерiне тәжiрибе жүзiнде түсiндiрiлген. Ғалым «Түркологтардың бүкiлодақтық бiрiншi съезiнде» жасаған баяндамасында қазақ тiлiнiң тазалығына, оның басқа тiлден енген сөздерден арылуы керектiгi жөнiнде: «Так как ни одна область культуры так тесно не связана с духовной жизнью как язык, то вместе с религией и письменностью стала проникать и литература и светского содержания, а вместе с последней незаметно заимствовались слова из чужого языка. Языки постепенно испещрялись, терялись природные собственных языков», деп, тiл мәдениетiн жетiлдiру үшiн сөйлеу тiлi орфографиялық заңдылыққа сүйенуi қажеттiгiн атап көрсетедi [3. 420] .

Ғалым қазақ тiлi басқа елдерден енген кiрме, термин сөздердi қазақ тiлiнiң iшкi заңдылықтарына, оның табиғатына сай өзгертiлуi керектiгiне назар аударған. Сонымен қатар қазақ тiлiнiң варваризмдермен ластанбауы үшiн мынадай принциптерi қадағалау қажет дейдi:

а) Для терминов предпочтительно перед другими брать казахские слова с вполне соответствующим данному понятию значением.

б) в случае соответствия в казахском языке подобного рода слов, заимствовать таковые из родственных казахскому языков.

в) Общеупотребительные мировые термины могут приниматься по соответствующими природой казахского языка изменениями.

г) Все неказахские слова, не согласующиеся с природой казахского языка, точно должны подвергаться изменениям соответственно казахскому говору [3. 422-423] .

Ғалымның ұсынған принциптерi бүгiнгi таңда кеңiнен қолданылып жүр. Бұған мысал кiрме сөздердi қазақ тiлiне аудару болып табылады. Таможня- кеден, вертолет- тiкұшақ, самолет - ұшақ т. б.

А. Байтұрсыновтың ұсынған принциптерді бүгінгі күнде әліппеде әлі де болса назар аударылмай келеді. Әліппе оқулығында басқа тілдерден енген дыбыстарды үйретуде алынған сөздер қазақ тіліне аударылмай сол күйінде оқытылып келеді. Бұл әсіресе орыс тілінен енген (ь, ъ, в, ё және т. б. ) үйрету жұмыстарында анық байқалады. Осының әсерінен қазақ балалары бастауыш мектептен-ақ сөйлер сөзінде кірме сөздерді қолдануға дағдыланады. Мұндай дағдылардан арылу үшін орыс не басқа тілдерден енген сөздерді қазақ тілінің дыбыстау заңдылықтарына сәйкестендіріп, қазақ тіліне аударып берген орынды деп ойлаймыз.

А. Байтұрсынов оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға назар аударған. А. Байтұрсынов «Тіл жұмсар» кітабында оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын жүйелі жүргізу үлгілерін ұсынады. Оқушыларға мақсатты түрде сұраулар беріп, сол сұраулар, а жауап алған. Аталған еңбектегі «Сұрау», «Жауап жазу», «Сөз туғызу», «Құрастыру» сияқты жұмыс түрлерін кезегімен бере отырып, А. Байтұрсынов оқушылардың ауызша сөйлеу дағдыларын, сөздік қорларын жетіллдірген. Мұны А. Байтұрсынов қолданған тәсілдерді талдау негізінде толық көз жеткізуге болады:

Мысалы «Буыншы әріптер» атты тақырыпты өтерде қолданған тәсілдері.

Шәкірт әңгімесінен

Сабақтан шыққан соң жиылыс жасап жібердік. Кеңесіп мынадай қаулы шығардық:

1-нші, бәріміз тату болайық.

2-ші, біріміз-бірімізге көмектесейік.

3-ші, құр бетімізге шулай бермейік.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдысын қалыптастыру әдiстемесi
1-сынып оқушыларының сөйлеу дағдыларын қалыптастыру әдістемесі
Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдыларын қалыптастыру
Бастауыш сынып оқушыларының ауызша монолог және диалог арқылы қалыптастыру жолдары
Бастауыш сынып оқушыларының оқу дағдыларын қалыптастыру жолдары
Бастауыш сынып оқушыларының оқылым дағдыларын қалыптастыру
Бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеу дағдыларын жетілдіруде интерактивті әдістерді қолдану әдістемесінің теориялық негіздерін зерделеу, әдістемесін жасау
Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу деңгейін анықтау жұмыстары
ОҚУ ДАҒДЫСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК НЕГІЗДЕРІ
Бастауыш сынып оқушыларының оқу әрекетінің дағдыларын қалыптастыруда жобалау әдісін қолдану
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz