Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасы


Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасы
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Мазмұны:
Кіріспе . . . 4
1-бөлім. Экспрессивтік стилистиканың негізгі ұғымдары . . . 7
1. 1. Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мәселелерінің зерттелуі және басқа ғылым салаларымен байланысы . . . 7
1. 2. Экспрессивтік стилистиканың негізгі ұғымдары . . . 14
1. 3. Функционалды стилистика мен экспрессивтік стилистиканың ара қатынасы . . . 17
2-бөлім. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық сипаты . . . 19
2. 1. Дыбыстық қайталау және интонацияның экспрессивтік стилистикалық қызметі . . . 19
2. 2 Лексикалық құралдардың экспрессивтік стилистикасы . . . 26
2. 3 Сөз таптарының және синтаксистің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі . . . 30
2. 4 Ауызекі сөйлеу мен жазбаша тілдің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігі . . . 35
2. 5 Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мәдени ұлттық аспектісі . . . 37
2. 6 Экспрессивтік стилистика және сөз мәдениеті . . . 43
Қорытынды . . . 45
Пайдаланылған әдебиеттер . . . 48
КІРІСПЕ
Кез келген әдеби тілдің дамыған, жетілген, өзіне ғана тән шынайы табиғаты оның функционалдық стильдік салалары мен тармақтарынан байқалатыны белгілі. Қазіргі қазақ тілінің қоғамдық әлеуметтік қызметі өрістеп, әр алуан қарым-қатынас қажетін өтеуі, ең алдымен, оның стильдік, тілдік бірліктерінің қасиет-сапаға ие болу ерекшелігімен тығыз байланысты болады.
Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл саясатының басым бағыттарының бірі - қазақ тілінің әлеуметтік қолданыс аясын кеңейту, конституциялық мәртебесін баянды ету болып табылады. Мұның өзі тілді «қарым-қатынастың аса маңызды құралы» қызметімен қатар, мәдениеттану құралы болуымен тілдік ұжымның саналы әрекетінің нәтижесінде қоғамдық салада жинақталған дүние - әлем туралы білім қорын, ұлттың өзіне тән мінез-құлық, жан дүниесін, психологиясын, дүниетанымын тілдің стилистикалық жүйесімен тығыз байланысты қарастыруды қажет етеді, өйткені халықтың рухы тілдік құрылымдар арқылы, олардың стильдік мән-мағыналары арқылы объективтенеді.
Зерттеудің өзектілігі. Адамзат жаратылысында тіл айрықша маңызды рөл атқаратыны белгілі. Тіл адамдардың жай ғана қарым-қатынас құралы емес, оның ішкі құрылымдары мен жүйелері тым күрделі және олар бір-бірімен тығыз байланысты көпдеңгейлі құрылым болып табылады. Адам тіл арқылы жай ғана ақпарат алып немесе ақпарат беріп қоймайды, сонымен қатар әрдайым өзінің қоршаған ортаға, құбылысқа деген көзқарас, сезімін, субъективті қарым-қатынасын тіл арқылы жеткізіп отырады. Осылайша тіл адамның ішкі көңіл-күй толғанысы мен сезімін де жеткізудің басты құралына айналған. Психологияда адамға тән сезімдердің 500-ге тарта түрлері белгілі болса, олардың әрқайсысының тілдік жүйедегі мазмұны мен көрінісі сан алуан. Себебі тілдің басты міндеті адамға қызмет ету, ал адам - сан қырлы, күрделі құбылыс. Қазіргі ғылымның дамуындағы антропоцентристік бағыт адамды интеллектуал тұлға ғана емес, оны эмоционалды менталды қырынан да қарастырады. Жеке тұлғаның психикалық құрылым компоненттерінің бірі эмоция болса, бұл феномен стилистикада арнайы тіл құралдары мен стилистикалық амал-тәсілдер арқылы объективтенеді. Тілдің адамнан тыс тұрған жеке құбылыс емес, адаммен бірліктегі, бірін-бірі анықтайтын күрделі құрылымдар болып саналатыны да сондықтан. Тілдің ең кіші бірлігі дыбыстан бастап мәтінге дейінгі тіл бірліктерінің барлығы адамның қандай да бір ішкі эмоциясы мен көңіл-күйін жеткізуге қызмет етеді. Тіл тарихи категория ретінде өзінің дамуы барысында эмоцияны сыртқа шығарудың түрлі тілдік тетіктерін қалыптастырды. Алайда, тілдің шынайы мүмкіндігі, әлеуеті сөз әрекетінде әр қырынан ашылады, сондықтан қазіргі қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық қызметінің сөздегі мүмкіндіктерін арнайы зерттеу аса өзекті болып табылады.
Адамның эмоциясын жеткізудегі тілдің экспрессивтік қызметі ғалымдардың назарын көптен бері аударып келеді. Стилистиканың ғылым ретінде дамуына түрткі болған В. Гумбольдт, К. Фосслер зерттеулері дүниеге келген заманнан бері бұл бағытта көптеген еңбек жазылды. Сол кезеңдегі тілдің эстетикалық табиғатын оның экспрессивтік қызметімен тығыз байланыста қараған тұжырымдар бүгінде дамытылып, стилистиканың экспрессивтік стилистикасы саласының арнайы қарастыратын мәселелеріне айналды.
Дипломдық жұмыстың арқауы болып отырған қазақ тілі экспрессивтік стилистиканың бүгінгі күнде өзекті мәселеге айналуына қазіргі қоғамдағы жеке тұлғаны тануға деген ерекше ықыластың, осыған байланысты қоғамдық ғылымдардың дамуындағы жаңа гуманитарлық парадигманың қалыптасуы да ықпал етіп отыр. Бұл бағыттағы ғылыми-теориялық зерттеулер мен талдаулар психолингвистика, этнолингвистика, когнитивтік лингвистика, этнопсихология, жеке тұлғаның лингвопсихологиясы, лингвокогнитивтік психология, лингвомәдениеттану мәселелерін анықтауға қажетті ақпараттарды береді. Экспрессивтік стилистиканы ғылыми-теориялық тұрғыдан зерттеудің перспективасы тілдегі дара стиль категориясын, көркем шығарма тілін, функционалды стилистика, стилистикалық ресурстар, ортология, сөз мәдениеті т. б. мәселелерді әр қырынан және тереңірек зерттеуге ықпал етеді.
Халықтың ақыл-ой, дүниетанымы, өмір сүру тәсілі материалдық және рухани мәдениеті, тарихы, сол материалдық, рухани дүниелерінің қалыптасуы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары сияқты белгілер ұлт болмысын құраса, оны тіл арқылы танып білу бірінші кезектегі өзекті мәселе болып табылады. Ұлт болмысы - мазмұны кең, терең ұғым, сондықтан лингвистикалық зерттеулердің де шеңбері кеңейіп, этнос табиғатын танытатын ғылымдармен байланысы нығаюмен қатар, ұлт болмысын мәдени байлықтары тұрғысынан ашатын экспрессивтік стилистика тәрізді жаңа лингвостилистикалық саланың өмірге келуіне себеп болып, зерттеу аясының ауқымдылығы оны кең көлемде қарастырудың қажеттілігін қалыптастырады.
Зерттеудің нысаны. Қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық жүйесі.
Зерттеудің мақсаты мен міндеті . Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының ғылыми-теориялық негіздерін анықтау және тілдің экспрессивтік стилистикалық жүйесін зерттеу. Мақсатқа қол жеткізу барысында зерттеудің мынадай міндеттері анықталды:
- қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының философиялық негіздерін анықтау;
- экспрессивтіліктің психологиялық және лингвистикалық ортақ мәселелері мен айырмашылықтарын анықтау;
- қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының зерттелуі мен қалыптасу сипатына шолу жасау;
- қазақ тілі экспрессивтік стилистикасының мазмұны мен ұғымдарын, жалпы стилистикалық жүйедегі орнын анықтау және жүйелеу;
- сөз таптары мен қосымшалардың, синтаксистік құрылымдардың стилистикалық ерекшелігін талдау арқылы сипаттама беру;
- экспрессивтіліктің әртүрлі стилистикалық амал-тәсілдер жүйесі арқылы жасалатынын троп түрлері мен фигураларды талдап, жүйелеу.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруда тілдік деректер мен ғылыми тұжырымдарды сипаттамалы талдау, жинақтау, сипаттау, топтастыру, жүйелеу т. б. зерттеу әдістері қолданылды.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
- экспрессивтілік дегеніміз - бейнелеу, бағалау тілдік құралдардың айқындығымен ерекшеленіп, сөйлеушінің белсенді сезім-күй әрекеттері арқылы ойды әсірелеп, көркемдеп жеткізуде сөз өрнектерінің ұтымды қолданылуы, ал экспрессивтік стилистика аталған экспрессивтік ерекшеліктердің тілде жүзеге асу тетіктерін зерттейтін қазақ тілі стилистикасының маңызды саласы болып табылады;
- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикалық ерекшелігін анықтауда және осы бағытта зерттеулер жүргізуде лингвостилистиканың синонимия, транспозиция, экспрессивтілік ұғымдары негізге алынады;
- қазақ тілі лексикалық жүйесінің экспрессивтік стилистикалық құрылымына сөз және тұрақты сөз тіркесі семантикасы мен функциясы, олардың эстетикалық ерекшелігі мен контекстегі сипаты, синонимиясы, антонимиясы, омонимиясы, паронимиясы және троптар енеді;
- қазақ тілінің экспрессивтік стилистикасын түрлі ғылым салаларымен байланыста зерттеу халықтың ұлттық болмыс-бітімін айқындап, ұлттық тіл мәдениетін дамытуға негіз болып табылады.
Дипломдық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
І бөлім. Экспрессивтік стилистиканың негізгі ұғымдары
Мұнда тілдің экспрессивтік табиғаты мен болмысын логикалық, философиялық, психологиялық тұрғыдан тануға, оның тілге әсері мен тілде таңбалануын, жалпы тілдің қызметіне әсерін анықтау және осымен байланысты экспрессивтік стилистикалық мәселелердің зерттелуіне шолу жасау көзделді. Экспрессивтілік - адаммен, оның ойлауымен, сезімдік таным-түйсіктерімен тығыз байланыста танылатын күрделі құбылыс. Экспрессивтіліктің психологиялық табиғаты қаншалықты күрделі болса, оның тілдік таңбалық сипаты да соншалықты көпқырлы және сан алуан. Тілде таңбаланатын адамның шығармашылық танымы, көркемдік ойлау жүйесі, ұлттық дүниетанымы мен сезім-түйсіктері тілдің экспрессивтік күш-қуатын айқындайтын факторлар болып табылады. Тіл құралдарының экспрессивтілік нысаны болуы ақпараттық қана емес, экспрессивтік мәліметті жеткізу әлеуеті арқылы көрінеді.
1. 1 Қазақ тілі экспрессивтік стилистикасы мәселелерінің зерттелуі және басқа ғылым салаларымен байланысы
Стилистика - тіл білімінің бір саласы. Стилистика тілдің көркемдегіш амал тәсілдерін, тілдің жұмсалу аясының түрлі қоғамдық салаларда қолдануын, қатысымдық әрекетінің функциясын атқарады. Стилистика мәселесі өте күрделі, өзінің функционалдығымен қарым-қатынас әрекетіндегі тілдің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық тәсілдерді қолдану принциптерін ретке келтіретін сала. Стилистика сөйлеу коммуникация процесіндегі тілді пайдаланудың заңдылықтарын зерттейді.
Экспрессивті стилистика - тілдегі экспрессивті әдіс-тәсілдерді оқып үйретеді. Қазіргі стилистикада көріктеу, шеберлік тәсілдері көркем әдебиет стиліне ғана тән деп қарауға болмайды, ол барлық стиль түрлерінде коммуникативті-прагматикалық мақсатпен жүзеге асатын шеберлік тәсілдері экспрессивтік стилистикада жан-жақты көрініс табады. Экспрессивті стилистиканың зерттейтін мәселелері мыналар болып саналады: тілдік бірліктердің безендіруші тапсырмаларының сапалық және тиімділік қасиеттерін әр түрлі стилистикалық амалдардың көмегімен анықтау. Олар: стилистикалық мағына, стилистикалық тәсіл, стилистикалық амал, стилистикалық тапсырма.
Стилистикалық мағына қазіргі уқытта стилистикалық коннотация деген терминмен аталып жүр. Қазақ тіл білімінде стилистикаға байланысты еңбектерде де жан-жақты талданған, кейде мәдени коннотация ұғымымен қатар айтылады.
Қазақ әдеби ұлттық тілінде образды ассоциативті стилистикалық коннотациялар өте көп, ол ауызекі сөйлеу стилінде, көркем әдебиет тілінде молынан ұшырасып отырады. Мысалы, шегірткенің айғырындай, көздің құрты деген тілдік бірліктер осының айғағы.
Қазіргі уақытта тілдің ауыспалы мағынасынан туындаған стилистикалық коннотациялар жеке зерттеу салаларына айналып кетті. Ол негізінен стилистикалық мағына терминінен таралған. Тілдің номинативті жүйесі, әлеуеттілігі ұлттық әдеби тілдің байлық қорынан алына отырып, стилистикалық мағына кез келген қолданыс тілінде коннотация тудыратын образды бейнелі сөзге айналады.
Стилистикалық тәсілдер деп стильдерді құрастырушының әр түрлі тілдік бірліктерді қолдану амал-тәсілдерін айтады. Олар: троптың түрлері, стилистикалық фигуралар, стиль құраудың стратегиясы мен тактикасы. Тілдік бірліктердің дәстүрлі стилистикалық тәсілдері контекстен тыс стилистикалық коннотациялардың негізгі жүйесін құрай отырып, оның тұтас көркемдік сапасын жасайды. Қолданыс тілінің аясында тілдік бірліктердің анық, көркем, бейнелі шығуына стилистикалық мағына үлкен ықпал етеді. В. Г. Винокур бұл безендіруші стилистиканың негізгі базасын құрайтын атауларды «узуальды-стильді комплекс» деп атаған [1, 11], мәтінде коммуникативтік актінің құрылымдық-стильдік базасын толық қалыптастырады.
Экспрессивті стилистиканың енді бір негізін құрайтын белгісі - стилистикалық тапсырма. Стилистикалық тапсырма сөйлеушінің арнайы ойлап тапқан көркемдік, экспрессивтік айту мәнері, адресаттың қабылдауына арнайы стилистикалық тиімді әсер қалдыру үшін қолданылады. Стилистикалық тапсырма айтушы хабарының экспрессивті мағлұматын көрсете алады. Сөйлеу актілерінің стилистикалық құрылымдағы екінші (жанама) компоненттер сапасы ретінде көрінеді.
Стилистикалық тапсырма, стилистикалық мағына, стилистикалық тиімділік сияқты экспрессивті тілдік бірліктер өзара тығыз қарым-қатынаста бола отырып, жалпы узуальды-стильдік комплекс терминдерінің мән-мағынасын толық жеткізе алады, сондықтан мәтінде коммуникативті актінің құрылымдық-стильдік базасын толық қалыптастырады.
Сөйлеуде эмоционалды-экспрессивтік мағынаны жеткізуші тіл бірліктеріне дыбыс, сөз, сөз тіркестері, сөйлем жатады. Осылардың барлығы жиылып, тақырыптық-композициялық тұтастық құраған кезде тұтас мәтіннің эмоционалды-экспрессивтік тонын, ырғағын жасайды. Лексика адамның дүниеге, сыртқы ортаға қатысты сезімдік дүниетанымның тілдік картинасын бейнелесе, сөздің түрлі морфологиялық формалары, сөйлем мен мәтін және дыбыс адамның сыртқы ортамен сезімдік қатынастарының өзара байланысын, динамикасын нақты контекст жағдайында бейнелейді.
XX ғасырдағы Ш. Баллидің концепциясының негізінде стилистика тілдің экспресивтік формалары туралы ілім ретінде анықталды. Стилистика тілдік жүйе элементтерінің эмоционалды-экспрессивтік, сонымен қатар тілдің мәнерлегіш құралдарының қалыптасуына әсер ететін тілдік деректердің өзара әсерін зерттейтін ғылым ретінде таныла түсті [2] .
XX ғасырда тіл білімінің үлкен жетістіктерге жетуі, жаңа бағыттардың пайда болуы стилистика ғылымының қарқынды дамуына әсер етіп, стилистикада тілдің функционалдық қырлары басты назарға ілікті. В. Матезиус бастаған чех ғалымдары әдеби тілдің функционалдық сипатын зерттеуге ерекше көңіл аударды [3] . Орыс стилистика ғылымында В. В. Виноградов жаңа бір кезеңнің бастамасы болды деп айтуға негіз бар. В. В. Виноградовтың еңбектерінде [4] тілдік-функционалдық концепция басым бағыт болса, оның негізін тілдің халық өмірінің нақты тарихи жағдайларындағы шынайы қызмет атқаруын зерттеуі құрайды.
Стилистика жалпыхалықтық, ұлттық тілдің барлық қырын, оның дыбыстық құрылымын, грамматикасын, сөздігін, фразеологиясын толық қамтитын күрделі жүйе ретінде таныла түсті. Тіл тұтас құрылымның тарихи дамуындағы іштей байланысқан элементтері тұрғысынан емес, оның тарихи дамуы барысындағы функционалды жіктелісі және әртүрлі сөйлеу құбылыстарының экспрессивтік бояулары мен реңктерінің сәйкестілігі тұрғысынан қарастырыла бастады. Тілдік қарым-қатынастың салалық қолданысы, сөйлеудің жекелеген қоғамдық шектелген түрлерімен (яғни, функционалды стильдермен) байланыста алып зерттелді. XX ғасыр басындағы және одан кейінгі орыс әдеби тілі, стилистикасы мен тіл мәдениетін зерттеудегі ізденістер (Г. О. Винокур, Л. В. Щерба, А. Н. Гвоздев т. б. ) [5-7] осы бағыттағы зерттеулерді тереңдетіп, одан әрі дамытты. Сөз семантикасының экспресивтік, эмоционалдық және бағалауыштық компоненттері және олардың денотативті мағынамен байланысына айрықша назар аударылды.
Қазақ тіл білімінде стилистикаға қарасты мәселелердің зерттелуі А. Байтұрсынұлы [8], Қ. Жұбанов [9] еңбектерінен басталады. А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышында» көркем сөз бен көсем сөзге қатысты ой толғамдары, Қ. Жұбановтың Абай поэтикасының қыр-сырын ашқан мақаласы мен басқа да еңбектері бұл саладағы алғашқы қарлығаштар болды. Ал стилистиканың жеке ғылым тармағы ретіндегі іргетасы қалануы М. Балақаевтың есімімен байланысты. Алғашқы басылымы 1966 жылы жарық көрген «Қазақ тілінің стилистикасы» оқулығы стилистиканың пәні мен нысанын, ғылымдар ішінде алатын орнын анықтаған тұңғыш еңбек болды. Мұнда стилистика ғылымының мақсат-міндеттері, функционалды стиль түрлері, әсіресе қазақ тілі стилистикалық құралдарының сипаты бір жүйеге түсіріліп қарастырылады. Экспрессивтік стилистиканың мәселелері тілдік бірліктердің эмоционалды-экспрессивтік қызметіне қатысты қарастырылды [10] .
Кейінгі кезеңдерде қазақ стилистикасы І. Кеңесбаевтың, А. Ысқақовтың, М. Балақаев, Р. Сыздықованың, Е. Жанпейісов, С. Исаевтың, Ф. Мұсабекованың, Н. Х. Демесинованың, М. Серғалиевтың, Н. Уәлиевтің, Р. Әмірдің, Б. Момынованың, О. Бүркітовтың, Ж. Құрманбаеваның, Б. Хасановтың, Т. Қоңыровтың, Х. Нұрмұқановтың, Х. Кәрімовтың, Б. Шалабайдың, Ш. Мәжітаеваның, Д. Әлкебаеваның, Г. Әзімжанованың т. б. ғалымдардың зерттеулерімен толықты.
Стилистика мәселелері зерттеу нысанына тіл мәдениетінен ерте іліккен болатын, сондықтан қазақ ғалымдары олардың ұқсастығы мен айырмашылықтарын айқындап берді, мысалы, М. Серғалиев: «стилистика мен тіл мәдениетінің ұқсас және айырмашылықтары бәлендей көп емес» десе, Р. Сыздықова «стилистика және тіл мәдениеті ауылдары онша алыс қонған дүниелер емес» деген пікірді ұстанады. Қазіргі стилистика ғылымы өзінің жаңа мазмұнымен жаңа бағыттарын әкелуде. Стилистика ғылымы көптеген шектес ғылымдардыөзіне байланыстырып прагмастилистика деген жаңа бағытын ғылыми айналымға түсірді.
Ғалым Д. А. Әлкебаева «Қазақ тілінің прагмастилистикасы» атты еңбегінде қазақ тілі стилистикасының ғылыми-теориялық мәселелерін сөз ете отырып, бүгінгі күн тұрғысынан осы саладағы өзекті тақырыптардың бірі - прагмастилистика қатысты мәселелерге кеңінен тоқталады [1] .
Стилистиканың даму бағыттарының пайда болуына гносеология саласы ықпал етті. Гносеология - білім, логика, таным мәселелерінің жиынтығын қарастыратын философияның бір бөлімі. Адамның әлемді тану мүмкіндіктерінің заңдылықтарын және шындық, көзін жеткізу танымының критерийлерін оқып-үйретеді. Адам сөзін ақиқат пен жалғанға құруы белгілі бір мақсатқа пайдаланады.
Тіл мен ойлаудың байланысы, олардың өзара әрекеттесуі барлық лингвистикалық және философиялық бағыттарда мойындалып, қай уақытта да түрлі қырынан қарастырылып келеді. Бірақ стилистиканың философиялық негіздері мен ол байланыстың сипаты, маңыздылығы жөнінде қазақ тіл білімінде терең сөз бола қойған жоқ. Ал шындығында, стилистиканың философиялық негіздерін тану арқылы тіл мен ойлау мәселесінің тағы бір арнасы анықталып, стилистиканың теориялық бір тамыры анықталады және аса маңызды тұсы - адамның дүниетанымындағы тілдің түпмәні, адамзат қоғамы мәдениетінің мәртебесі айқындалады.
В. фон Гумбольдттың тіл мен ойлаудың өзара тығыз қарым-қатынасы туралы концепциясына сүйенетін болсақ, мынадай мәселелер ерекшелініп алынуы керек деп санаймыз. В. фон Гумбольдт ең алғаш рет тілді тек адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, дерексіз, топтастырылған ойлаудың аса қажетті шарты екендігін дәлелдеді. Ақыл-ой әрекеті - тек қана рухани әрекет, онда да терең тамырдан тыныс алатын дыбыстық тілмен білінбейтін, тек сезімдік қабылдауда ғана түсінілетін құбылыс болып табылады. Соның негізінде ғана тіл мен ойлау әрекеті айрылмас тығыз бірлікте болып танылады. Адамның «өз ішінен ойлау барысы» деген құбылыстың өзі тек қана тілдің көмегі арқылы жүзеге асырылады. «Тіл - ойлауды ұйымдастыратын орган болып табылады».
Ал тіл мен таным процестерінің ара қатысын көрсету тіл қолданысының когнитивтік жүйесіне сүйенеді. Тіл мен ойлаудың, тіл мен танымның ара қатысы адам баласының интеллектуалды өмірінде (оған тіл де кіреді) құндылықтар қаншалықты роль атқаратынын белгілеп береді. Тіл мен таным ара қатысын сипаттайтын ұғымдар белгілі бір құрылымға түседі. Аталған құрылымды жіктеп, бөлшектеп ұсыну өте қиын, дегенмен оны процесс ретінде алып қарау арқылы белгілі бір түйіндер жасауға болады.
Таным мен тілдің ара қатысы, сайып келгенде, адам проблемасының өзегі дара тұлға тұжырымдамасымен шешіледі. Оның себебі мынада: таным сыртқы дүние заттарына бағытталған тәрізді көрінгенмен, оны жүзеге асырып отырған адам болмысы тұрғысынан бағдарласақ, айтылған процестің үнемі ішке қарай (адамның ішкі дүниесіне қарай) бағытталғының көреміз. Таным процесі адамның ішкі дүниесінің күрделі құрылымдарын тудырады және соған сәйкес сипаты да өзгеріп отырады. Осылайша, танымның жүрісін адамның баласының ішкі қажеттіліктер дәрежесі белгілейді. Күрделі терең қажеттіліктердің біріне адамның өздігінен жетілуі кіреді. Өздігінен жетілу - ерекше дара қасиет. Іштей құптау, өзін-өзі өзектендіру, үздіксіз ішкі қозғалыста болу, өздігінен даму - терең беймәлім себептерден туындайды.
Ішкі терең қажеттіліктер ғана таным процесінің қозғаушы күші болады. Ішкі терең қажеттіліктер адам болмысының типі тілдік моделді анықтайды.
Қажеттілік - өте күрделі категория. Ағзаның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік, рухани проблемалары қажеттілік негізінде туысады. Қажеттілік - ағзаның өзін-өзі сақтау және өзін-өзі дамыту, жетілдіру мақсатындағы әрекетін ұйымдастырушы тетік. Жеке адамның жетілу дәрежесі - қоғамның болашақ мүмкіндіктерінің көрсеткіші болып есептеледі. Жетілу - өте күрделі ішкі процестердің нәтижесі арқылы жүзеге асады. Ең қиыны - болашақ қажеттіліктерін бейнелейтін, әлеуметтік прогресті тудыратын жетілудің - өздігінен жүретін процесс екендігі. Адамның өздігінен даму түйсіктері ішкі қажеттілік шамасына қарай дамып жетіледі. Жетілу таным арқылы жүреді. Ал танымның шексіз жолы ішкі қажеттіліктердің сипатына байланысты.
Ішкі терең қажеттіліктер символдар арқылы оянады. Бұл процесс санаға эмоция арқылы белгілі болады. Енді өз кезегінде сана ішкі қажеттілікті қанағаттандыру үшін қайтадан символдар дүниесіне жүгінеді. Сөйтіп, терең негізі бар қажеттіліктердің сипаты символдар арқылы анықталады. Яғни сана сыртқы факторларға таңдаулы түрдегі тәуелділігін немесе ішкі өсу, жетілу қажеттілігін белгілі бір модельдің, форманың бойына жинақтау арқылы шешеді. Дара тұлға болмысы тудырған модель, форма - тілдік сана тетігі іске қосылғанда барып көптің қолданысына көшеді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz