Қазақ фольклортану ғылымындағы «Манас» жырының зерттелу тарихы


Пән: Әдебиет
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 160 бет
Таңдаулыға:   

Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университеті

ӘОЖ 398. 5 (584 5) К-60 Қолжазба құқығында

КӨЛБАЕВ МАДИ АНДАҚҰЛҰЛЫ

Қазақ фольклортану ғылымындағы «Манас» жырының зерттелу тарихы

10. 01. 09 - Фольклортану

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін

алу үшін дайындалған диссертация

Ғылыми жетекшісі:

филология ғылымдарының

докторы, профессор

Ибраев Шәкімашрип

Қазақстан Республикасы

Түркістан, 2007

МАЗМҰНЫ

Кіріспе . . . . 3

1 Ш. Уәлиханов және «Манас» жыры

  1. «Манас» жыры үзіндісінің жазып алынуы мен жариялануы . . . 9

1. 2 Жырдың ғылыми тұрғыда зерттелу мәселесі , тарихи-этнографиялық, тарихи - мәдени сипаттарының анықталуы . . . 18

  1. Манастанудағы Ш. Уәлиханов қалыптастырған зерттеу бағыттары мен арналары . . . 27

2 «Манас» жырының ХХ ғасырдың І жартысында зерттелуі

2. 1 «Манас» жыры М. Әуезов зерттеулерінде . . . ……. . 36

2. 1. 1 Жырдың шығу тарихын және жомықшылар мектебін анықтау . . . . . . 44

2. 1. 2. Жырдың көркемдік ерекшеліктерін айқындау…… . . . ………. 54

2. 2. Ә. Марғұлан және «Манас» жырының зерттелу мәселелері . . . 72

2. 2. 1 Манастану ғылымын қалыптастырған Ш. Уәлихановтың еңбегін зерделеу . . . 72

2. 2. 2 «Манас» жырындағы оқиғалардың тарихи кезеңін анықтау, тарихи-этнографиялық мәнін ашу…… . . . 86

3 Манастанудағы қазіргі ісденістер

3. 1 «Манас» жыры Р. Бердібаев зерттеулерінде……… . . . ………95

3. 2 Ә. Дербісалин және «Манас» жырының зерттелу мәселесі . . . 112

3. 3 Н. Мұхамедханұлының манастанудағы атқарған еңбегі . . . 113

Қорытынды . . . . . 123

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі . . . 126

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаттамасы

Зерттеудің өзектілігі Қазақстан халқының егемендікке ие болып, өз алдына тәуелсіз дербес мемлекет атануы тек саяси, экономикалық салада ғана емес, ұлттық рухани кеңістікте айырықша маңызы бар мәнді құбылыс екені еш дау тудырмаса керек. Қандай халық болса да оның рухани мұрасының аса бай болуы ұлттық рухқа байланысты, ұлттық дүниетаным мен қоғамдық, эстетикалық тағылым ұғымдарымен органикалық бірлікте, біртұтас байланыста болып келетіні баршаға аян. Уақыт өткен сайын, замана көші алға жылжыған сайын халықтың өзі жүріп өткен жолына, тарихының сан алуан, тар жол, тайғақ кешуге толы иірімдеріне тұтас назар аударуы, ой елегінен өткізіп, болашақ ғұмырына болжам жасауы - зерденің айқындығына, сананың сәулеленуіне тікелей қатысы бар құбылыс. Руханият мұралары мол ұлттың тарихы да бай. Тарихы бай халық қана сол тарихты жасай алады. Тарих дегеніміз кез келген халықтың, адамзат баласының ғасырлар бойғы жүріп өткен жолындағы жай ғана хронологиялық көрсеткіші емес, сонымен қатар сол халықтың ұзақ мерзім бойында ұлт болып қалыптасуы, өзіне тән әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық кескін-келбеті, болмыс-бітімі деген сөз. Сондықтан да қазақ халқының тарихындағы аса мол мұраларды қазіргі тәуелсіздік жағдайы тұрғысынан жаңаша саралап, бағалаудың, зерделеудің маңызы айырықша. Күні кеше ғана КСРО сияқты алып империя салтанат құрып тұрғанда кез келген ұлттың руханият мұрасының қаншалықты бұрмалаушылыққа ұшырағаны, әділ бағасын ала алмай, социалистік реализмнің негізгі принциптерінің туындауына жағдай жасаған кеңестік идеологияның салқынына ұшырағаны мәлім. Ендеше, ұлттық руханиятымызға қосылған аса ірі мұраларды қайтадан саралау, олар туралы ертелі-кеш жазылған зерттеу еңбектерін, әсіресе, олардың әдіснамалық сипаттарын тәуелсіз елімізде қалыптаса бастаған қазіргі ғылыми позиция тұрғысынан зерделеу, біле білсек, тәуелсіз дейтін ұғымның ғалымдар алдына қойып отырған тарихи міндеті деп қабылдауымыз керек. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Біз өзіміздің қазіргі тарихымызда тұңғыш рет тұрлаулы, қалыпты ертеңгі тіршілігіміз турасында, бір кездегідей бұлыңғыр мақсатымыз бен келешегіміз ретінде емес, іске асқан мұрат, үмітімізді ақтаған уақыт ретінде ауызға ала бастадық» деп айырықша астын сызып айтуы барша қазақстандық ғалымдар үшін ерекше маңызы бар мәселе деп атаған орынды.

Тәуелсіз Қазақстанның аз ғана мерзім ішінде демократиялық үрдістерді қоғамдық өмірге енгізе бастауы, әлемдегі өркениетті елдер қауымдастығынан лайықты орынға ие болуы т. б., тереңірек үңілсек, тек өзіндегі ұлттық мәдени, әдеби мұраларды төл топырақты ғана зерттеумен шектелмесе керек. Яғни жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосылатын рухани жауһарларды әлем халқына таныту, олардың зерттелу тарихын, әдіснамалық тәсілдерін зерделеу - бүгінгі күннің басты міндеті. Егер қазақтың ұлттық болмысын айдай әлемге танытып, жалпыадамзаттық құндылықтар қатарынан ойып тұрып орын алатын небір асыл мұраларының мол екенін айтсақ, түбі бір қырғыз халқының да ұлттық мақтанышы «Манас» жырының осы ауқымнан табылар асыл дүние екенін жаңаша көзқарас тұрғысынан пайымдағанымыз абзал. Себебі, түбі бір, тамыры бір туыстас халықтың осынау ғажайып мұрасын, бәрінен бұрын қазақ ғалымдары алғаш рет зерттеп, қағазға түсірді. Қазан төңкерісіне дейін-ақ орыстың зерттеуші ғалымдарының, атақты қазақ ғалымы Ш. Уәлихановтың [1], ал кеңес дәуірінде М. Әуезов [2], Ә. Марғұлан [3], Р. Бердібаев [4] т. б зерттеушілердің назарын айырықша аударды. Әрине, қандай қоғамда болса да, замана талабы, уақыт міндеті, дәуір мақсаты болатыны мәлім. Сондықтан да күні кешегі патшалық Ресей тұсындағы орыс зерттеуші ғалымдарының «Манас» жырын зерттеуде алдарына қойған мақсатының болғанын естен шығаруға болмайды. Ал, Ш. Уәлихановтың болмысына біткен асқан сұңғылалық пен «Манасты» жалпақ әлемге жария етіп, баршаға танытпақ болғаны тарихи шындық. Осынау аса құнды ұлттық мұраның алуан түрлі зерттеулерге арқау болуы тарихи және қоғамдық қажеттіліктен туындаған болатын. Кеңестік дәуірде М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Р. Бердібаев т. б. ғалымдар «Манас» жырының тарихи, әділ, шынайы бағасын алуына үлкен үлес қосып, оны жан-жақты зертеттегені мәлім. Алайда кеңестік дәуірі кезіндегі идеологиялық саясаттың салдарынан әдебиетте таптық, партиялық принциптерді айырықша назарда ұстаған социалистік реализм әдісінің қырағылығынан жоғарыдағы зерттеушілердің көкейіндегі көп ойларын жеріне жеткізіп айта алмағаны және аян. Ендеше, осынау ақиқат шындыққа ден қойсақ, «Манас» жырын зерттеген еңбектердің әдіснамалық тәсілдеріне назар аудару мәселесі өзінен өзі аса маңызды проблема ретінде туындайды. Ал, қандай ұлттың болсын руханият мұрасындағы зерттелу әдіснамасын зерделеу онда орын алып келген европацентристік таным, нигилистік көзқарас салқынын ашуға септігін тигізері анық. Сондықтан да бұл айтылған мәселелер қазақ фольклортану ғылымында күні бүгінге дейін жан-жақты зерттеу нысанасына айнала қоймағандықтан, тақырыптың өзектілігін көрсетеді деген қорытынды жасауымызға толық негіз бар. Екіншіден, біз алған тақырып, яғни «Манас» жырының зерттелу мәселелері, әдіснамалық тәсілдемелері белгілі дәрежеде қазақ фольклортану ғылымының туу және қалыптасу жолдарына да тікелей қатысы бар деп айтуға болады. Міне, осылайша қысқа тұжырымдағанның өзінде-ақ аталмыш тақырыптың аса өзекті де көкейкесті мәселеге арналғанын пайымдау қиын емес.

Соңғы жылдары қазақ фольклортану ғылымында кеңестік дәуірдегі идеология талаптарының қаншалықты дәрежеде зияны болғандығы жайлы недәуір ой-пікірлер ортаға салынып, бірталай еңбектер жарыққа шықты. Бұл орайда Р. Бердібаев [5], Б. Уақатов [6], О. Нұрмағамбетова [7], Б. Адамбаев [8], С. Қасқабасов [9], Е. Тұрсынов [10], Ш. Ыбыраев [11], Ә. Қоңыратбаев [12], Б. Абылқасымов [13], А. Сейдімбеков [14], С. Садырбаев [15], Б. Рақымов [16], З. Сейтжанұлы [17], Б. Әзібаева [18], Н. Қанафияұлы [19], М. Жармұхамедов [20] т. б. еңбектерін атаған жөн. Алайда қазақ фольклортану ғылымының аса көкейкесті мәселелеріне арналып, әдіснамалық мәселелерді сөз еткен бұл ауқымды еңбектерде біз алып отырған тақырып жалпы проблемалар ішінде, шолу ретінде қарастырылған. Ендеше, «Манас» жырының арнайы зерттеу еңбегіне арқау болуы өмір талабынан, қазіргі кездегі жаңаша көзқарас тұрғысынан туындап отыр деуге болады.

Тақырыптың зерттелу деңгейі Қазақ фольклортану ғылымында манастану ілімінің туу, қалыптасу, даму мәселелері, зерттелу тарихы, ең алғаш ғалым Ә. Марғұланның «Шоқан және «Манас» атты еңбегінде Шоқан Уәлиханов зерттеулерін зерделеу арқылы көрінген. Бұдан кейін қазақ- қырғыз әдеби байланыстарын зерттеген А. Мусиновтың еңбегінде, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, С. Садырбаев, Р. Бердібаев, С. Бегалин, М. Жолдасбеков, С. Мұхтарұлы, Ш. Сәтбаева, Б. Абылқасымов, Ш. Ыбыраев, Н. Қанафияұлы, Ә. Дербісалин, Н. Мұхамедханұлы т. б. зерттеулерінде пікір білдірілген.

Қазақ ғалымдарының «Манас» жырын зерттеу еңбектері орыс фольклортану ғылымының өкілдері В. М. Жирмунский, С. Е. Малов, А. Н. Бернштам, М. И. Богданов, Л. К. Климович т. б. ғалымдарының зерттеулерінде ескерілгенімен, көбіне жырдың көркемдік ерекшелігі, танымдық қуаты, тарихи кезеңдеріне байланысты пікірлеріне сын айту есебінде аталған.

Қырғыз манастанушы ғалымдары К. Рахматулин, Б. М. Юнусалиев, З. Мамытбеков, Э. Абдылдаев, Р. Кыдырбаева, С. М. Мусаев, Р. Сарыпбеков, А. Жайнакова, К. Карбышев т. б. еңбектерінде қазақ ғалымдарының қол жеткізген жетістіктеріне пікір білдіргенімен арнайы қарастырылмаған.

Зертеудің мақсаты мен міндеттері Қазақ фольклортану ғылымындағы манастану ілімінің тууы мен қалыптасу кезеңі, соған байланысты әр зерттеушіге тән замана талабынан туындаған әдіснамалық сипат-тәсілдер т. б. зерделеу - еңбектің басты мақсаты. Осыған байланысты, яғни негізгі мақсат биігінен көріну үшін алдымызға төмендегідей міндеттер қойдық.

  • Қазақ, қырғыз халықтарының тарихында қалыптасқан жағдайларға байланысты жалпыадамзаттық құндылықтар қатарына қосылатын әйгілі мұра «Манас» жырының, ең алдымен, қазақ зерттеушілерінің назарына ілігуі, келе-келе оның қазақтың ұлттық фольклортану ғылымының бөлінбес бір саласына айналып, ғылыми айналымға қосылуының негізгі себеп-салдарын анықтау;
  • Жырды зерттеген ғалымдардың еңбектерін талдай отырып, сол тұстардағы уақыт талабын, замана келбетін айқындау;
  • Манастану ілімін қалыптастырған зерттеушілердің еңбектерін ғылыми тұрғыдан саралай келе, әр зерттеушінің өзіндік ерекшелігін, алдына қойған мақсатын пайымдау;
  • Қазақ фольклортану ғылымының туу және қалыптасу процесінде айырықша орны бар манастану ілімінің қыр-сырын зерделей отырып, ұлттық сыншылдық-эстетикалық, қоғамдық сана, ой, таным-тағылымдарының өре-деңгейіне назар аудару;
  • «Манас» жырын зерттеу арқылы қазақ фольклортану ғылымының ұлттық шеңберден шығып түркілік деңгейде көтеріле білгенін дәлелдеу;
  • «Манас» жырының айтылуы, орындалуы туралы және манасшылар жөнінде ой-пікірлер білдіру;
  • «Манас» жырының көлемі, көркемдік жүйесі, жалпыадамзаттық мәдениетте алатын орны туралы пікір білдіру;
  • Манастану арқылы қазақ фольклортану ғылымының басынан кешірген қалыптасу, даму дәуірін, идеологиялық тартыстар сырын айқындау;
  • Манастану ілімінің зерттелу әдіснамасына ғылыми талдау жасай отырып, оның типологиялық байланыс өрістеріне саралау жүргізу;
  • Манастанудағы қазақ фольклортану ғылымының қолжеткізген табыстарын таныту.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы Қазақ фольклортану ғылымында үлкен бір зерттеу нысанасына айналып, өз алдына манастану ілімі аталған осынау әдеби мұраны ғылыми тұрғыдан әр зерттеушінің қолданған тәсілдерін тұңғыш рет жан-жақты қарастырып, талдауымен ерекшеленеді. Егер күні бүгінге дейін манастану ілімінің көптеген қыр-сыры түрлі жағдайлардың әсерімен толықтай айтылмай келсе, бұл еңбекте бұрын айтыла қоймаған жағдаяттар түгелдей ғылыми айналымға қосылды. Еңбекте «Манас» жырын алғашқылардың бірі болып зерттеген орыс ғалымдары мен Шоқан Уәлихановтың, кеңес дәуірінде бұл салаға ерекше үлес қосқан М. Әуезов, Ә. Марғұлан, Р. Бердібаев т. б. зерттеушілердің ғылыми еңбетері сараланды. Манастың поэтикасын зерттеуде қол жеткен табыстары, типологиясын зерттеуде түркі тектес халықтар әдеби мұраларымен үндестігін айқындауы, генезисін анықтауда қолданған тәсілдері, жырдың сюжеті мен мотивін зерттеуде «Шахнама», «Рустамхан», «Оғызнама» т. б. жырлармен салыстырулар жасап көркемдік ерекшелігін ашуы т. б. жан-жақты сөз болады. Әр зерттеушінің ғұмыр кешкен ортасы, сол тұстағы қоғамдық-әлеуметтік, тарихи, руханият жайттар, олардың зерттеушіге тигізген әсер ықпалы т. б. ғылыми талдаудан өтті. Манастану ілімінің туып пайда болуы, қалыптасуы, өсіп-өркендеуі сияқты проблемаларға хронологиялық жүйемен келе салмай, әр кезеңдегі әкелген үрдісі, тың ой-пікір, тұжырымдары т. б. жан-жақты қарастырылды, сол арқылы ұлттық фольклортану ғылымының да жетістігі зерделенді. Манастану ілімінің типологиялық өрісі алғаш рет сараланып, ғылыми талдаудан өтті.

Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері Фольклортану ғылымының теориялық және эпостану салаларындағы аса маңызды проблемаларға арналған еңбектер, тұжырымдар мен қағидалар құрайды. Қазақ фольклортану ғылымында манастану ілімінің қолға алынып зерттеле бастауы, бұл ілімнің уақыт өте келе үлкен бір зерттеу мектебіне айналғаны, манастану ілімінің зерттелу барысындағы әдіснамалық мәселелер т. б. қарастырғанымызда қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов, Х. Досмұхамедұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев, М. Ғабдуллин т. б. еңбектеріне тоқталдық. Сонымен қатар, жоғарыда айқанымыздай, манастану ілімінің қазақ фольклортану ғылымында үлкен сала екендігі, оның зерттелу әдіснамасы айырықша назар аударуды қажет ететіндіктен, әлемдік фольклортанудағы аса құнды пікірлер, теориялық тұжырымдар қалдырған Л. Гумилев, В. В. Бартольд, Д. Лихачев, Е. М. Мелетинский, В. Я. Пропп, Б. Н. Путилов, В. М. Жирмунский, Н. Я. Бичурин, С. Е. Малов, С. М. Абрамзон, Л. Ю. Климович, А. К. Боровков, П. Николаев, А. Курилов, А. Гришунин, С. Машинский, А. Бушмин т. б. авторлар зерттеулеріне сүйендік .

Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:

  • Қазақ фольклортану ғылымында қырғыз халқының көшпелі түркі халықтарына ортақ ежелгі дәуірдегі әдеби мұрасын игеруден басталған тарихи-этнографиялық, тарихи-мәдени, әдеби-теориялық ізденістер ғылыми зерттеушілік ой-пікір дәрежесіне көтерілді;
  • Қырғыздың рухани мұрасы «Манас» ғылыми жағынан зерттеліп монографиялық тұрғыда тұтас және толық қарастырылды;
  • Фольклорлық тұрғыда зерттеу алға басып, бүкіл әлемдік теориялық ұғым-түсініктер ұлттық сипатта меңгерілді;
  • Қазақ фольклортануындағы манастану ілімі кеңестік идеологияның бұрмалаушылықтарына көп ұрынбай жырды тарихи тұрғыда әділ, ұлттық сипатта дұрыс, ғылыми бағытта терең зерттеулерге жол ашты;
  • Эпикалық жырлардың шығуына негіз болған жоқтау өлеңі екені және оның эволюциялық даму жолындағы көп қабаттылық сырлары, генезисі, сюжет пен мотивтері зерделеніп өзге түркі халықтарының әдеби мұрасымен типологиялық, генетикалық жағынан зерделенді.
  • Қазақ фольклортану ғылымында «Манас» жырының халықтық сипаты бірінші рет сөз болады.
  • «Манас» жырының зерттелу мәселелері, әдіснамалық тәсілдері белгілі дәрежеде қазақ фольклортану ғылымының туу және қалыптасу жолдарына да тікелей қатысы бар.

Зерттеу жұмысының әдісі Қазақ фольклортану ғылымының тарихында айырықша орны бар «Манас» жырының зерттелуінен бастап, оның манастану іліміне айналған үрдісін ғылыми талдаудан өткізу барысында жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы әдістер басшылыққа алынды. «Манас» жырының алатын орнын көрсетуге деген талпыныс әр жылдары осы жырдың зерттелу әдіснамасын ғана емес, сонымен бірге қазақ фольклортану ғылымының өсу, өркендеу табиғатын да айқындауға мүмкіндік береді.

Тарихи-салыстырмалы және жүйелі-кешенді әдістер аясында зерттеудегі басым мақсат - жырдың бүкіл табиғатын өз ортасы, яғни әдеби процесс контексінде қарап, типологиялық үндестікті және жырдың зерттелуіндегі даралық ерекшеліктерді айқындау.

Манастану ілімінің қыр-сырын, көркемдік тұрғыдан ғылыми зерттелуін ұлттық фольклордағы осы тұрпаттас зерттеулермен салыстыра отырып, жүйелі зерттеу нәтижелі болады деген ойдамыз.

Еңбектің теориялық және практикалық мәні Аса ауқымды тарихи, әдеби, мәдени мұраның зерттелу деңгейі, әдіснамалық тәсілдері, типология, поэтика, құрылымы, сюжеті, идеялық қуаты, тарихи тамырластық тағылымдары, танымдық ерекшеліктері т. б. қатысты зерттеу жұмысының нәтижесі ретіндегі теориялық бағыты мен тұжырым қағидалары және ұзақ мерзімнің әр кезеңіндегі фольклортану процесімен тұтас байланыста зерттеу бағытын анықтайды.

Зерттеудің тәжірибелік мәні Жоғарғы оқу орындарында қазақ фольклортану, сондай-ақ әдебиеттануға кіріспе, түркі халықтар әдебиеті пәндерінен көмекші құрал бола алады. Сонымен бірге арнаулы курс және арнаулы семинарларда пайдалануға болады.

Жұмыстың сыннан өтуі Зерттеу жұмысының тұжырымдары мен негізгі нәтижелері республикалық, халықаралық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларда, ҚР Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті бекіткен басылымдарда мақала, баяндама ретінде жарияланды. Диссертациялық жұмыс М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті кафедрасында талқыланып, қорғауға ұсынылды.

Диссертацияның құрылымы Жұмыс кіріспеден, үш тараудан және қорытындыдан тұрады. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.

1 ШОҚАН ШЫҢҒЫСҰЛЫ УӘЛИХАНОВ ЖӘНЕ «МАНАС» ЖЫРЫ

Әлемде теңдесі жоқ ең ұзақ жыр болып саналатын бауырлас қырғыз халқының эпикалық мұрасы «Манас» жырын жинап, зерттеуде қазақ ғылымдары атап айтарлықтай үлкен жетістіктерге жетті. Мұны телегей теңіз эпикалық мұраны зерттеп жүрген көптеген манастанушылар мойындаған. Себебі ең алғаш ұлы мұраны шығыстың биік шыңына балап, бүкіл әлемге танытқан Шоқан Уәлиханов болса, жырдың бүкіл болмыс-бітімін зерттеуге жан-жақты үлес қосқан М. О. Әуезов еді. Мұнан кейін Ә. Марғұлан, Р. Бердібаев, Ә. Дербісалин, Н. Мұқаметжанұлы және т. б. манастанудың жаңа бетерін ашып, соны соқпақтарын қалыптастырды. Бұдан біз қазақ фольклортану ғылымында манастанудың қарыштап дамығанын көреміз. Ал олардың әрқайсысының жеке-жеке зерттеу арналары, көтерілген мәселелері жетерлік. Біз бұл тарауда жаңа дәуірде тұңғыш манастанушы ғалым Ш. Уәлихановтың зерттеу мектептеріне арнайы тоқталып, осы арқылы қазақ фольклортану ғылымына қосқан орасан зор еңбегінің мәнін ашуды мақсат етпекпіз.

Әр халықтың ұлттық фольклортану ғылымы қоғамдық, әлеуметтік ой-пікірдің дәрежесіне орай өзіне тән ерекшеліктерімен дамиды. XVI ғасырдың соңына таман Ресейдегі ұлттық қоғамдық ой-пікірге сай қалыптасқан зерттеушілік дәстүрлі көзқарас көшпелі халықтардың фольклортану саласында еңбек еткен Шоқанға да ықпал етпей қоймады. Қазақ даласының фольклорын зерттеген орыс фольклорист-ориенталист ғалымдарының алдына қойған бағыты жинап-жариялау бағдарында жүргізілді. Олар көшпелі халықтардың мұрасын жинап жариялауда, орыс тіліне аударып, басып шығаруда таныстырмалық, түсіндірмелік мақсат ұстанды, текстологиялық жұмыстар көбірек жүргізілді. Бұл мақсаттағы ізденістер ғалымның алғашқы кездегі жұмыстарында айқын көрінеді. Бірақ бірте-бірте білім мен тәжірибе жинақтаған Шоқан кейіннен фольклорлық мұраны ғылыми тұрғыда зерттеуді қолға алды. Шоқан хатқа түсірген, орыс тіліне аударып, бүкіл әлемге таныстырған «Манас» жырының үзіндісі - «Көкетай ханның асы» осыған айғақ. Шоқан өзінің халық поэзиясы туралы айтқан ойларында қазақ және қырғыз халықтарының әдеби мұраларына ерекше көңіл аударып, оларды жинап жариялау ізгілікті іс деп таныған.

«Әрбір халықтың, - деп жазады Шоқан, - әдеби мұраларын зерттеудің этнография үшін керектігін ғалымдар әлдеқашан ескерткен. Өйткені, халық тұрмысы, оның қылығы, оның дүниетануы мұнда ашығырақ сипатталған. Өздерінің мәдени мұраларын ерекше сүю, ертегі, жыр байлығын мақтаныш ету, әсіресе, Орта Азиядағы көшпелі елдердің айырықша қасиеті. Олардың аңыз-жырларын, қария сөздерін әрбір тайпаның басынан кешірген тарихы, соларды еске түсіру деуге болады. Ондай аңыз-әңгімелерді сәуегейдің сөзіндей есте сақтап, оны бірден бірге жеткізіп отырушылар - әрбір ру ішіндегі қариялар. Олар оны заң ретінде, белгілі ақын-жыраулар тобының ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған ұзақ дастан түрінде сақтап келген. Бүгінде қолданбайтын, жырда кездесетін көне сөздер олардың тым ерте дәуірде шыққанын көрсетеді» [1, 417 б. ] . Шоқанның бұл пікірінен өз халының рухани байлығы - сөз өнері деп танып, оны басқа халықтарға барлық болмыс бітімімен толық таныстыруға, дүние танымының, эстетикалық тағылымының еш халықтан кем түспейтінін дәлелдеуге ұмтылғанын көреміз. Сонымен қатар Шоқанның ғылыми зерттеу еңбектерінен жариялау бағыты ғана емес, әдеби-теориялық, тарихи-этнографиялық зертеу сипатының басым болғанын аңғарамыз. Олай болса, Шоқан Уәлихановтың фольклорлық мұраларды жинап, зерттеу, жариялау жұмыстарындағы ой-көзқарасын, ғылыми зерттеушілік ой-пікірін, өз заманындағы ғалымдармен салыстырғанда анағұрлым жаңашылдығын, зерделі зейінін, зерттеушілік қабілетін «Манас» жырына байланысты жүргізілген ғылыми зерттеу жұмыстарынан анық көреміз.

  1. «Манас» жыры үзіндісінің жазып алынуы мен жариялануы
... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ әдебиеттануында “Манас” жырының зерттелу тарихы
Қобыланды батыр жыры туралы
Мұхтар Әуезовтің қазақ әдебиеттанудағы өзекті мәселелерге сіңірген еңбегі
Қазақстанның ең ірі жазушыларының шығармасы
ФОЛЬКЛОРЛЫҚ ПРОЗА
Кеңестік дәуірдегі ауыз әдебиетіндегі қазақ тарихының зерттелу мәселелері
Тарихи өлеңдердің зерттелуі
Мифология және қазақ мифтері
ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ: ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫ
Ұлт-азаттық көтерілістері туралы Қытай қазақтарының тарихи жырлар
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz