Посткеңестік мемлекеттердің әлемдік шаруашылыққа экономикалық интеграциялануы: ерекшеліктері және қазіргі кездегі тенденциялары


Пән: Экономика
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 32 бет
Таңдаулыға:   

Жобасы

ӘОК 339. 9. Қолжазба құқығында

ҚАЛДЫБАЕВА АЙМАНКУЛ ЕРЕЖЕПОВНА

Посткеңестік мемлекеттердің әлемдік шаруашылыққа экономикалық интеграциялануы: ерекшеліктері және

қазіргі кездегі тенденциялары

08. 00. 14 - Әлемдік шаруашылық және

халықаралық экономикалық қатынастар

Автореферат

Экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми

дәрежесіне іздену диссертациясы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2005

Жұмыс Т. Рыскулов атындағы экономикалық университеттің «Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар кафедрасында» орындалды.

Ғылыми жетекші

э. ғ. д Д. М Мадиярова

Ресми оппоненттер:

Жетекші ұйым:

Қорғау 2006 жылдың күні сағат

КІРІСПЕ

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қарастырылатын мәселенің өзектілігі көптеген себептермен түсіндіріледі, ол әлемдік шаруашылықтың дамуына арналған жағдайлардың күрделенуімен сипатталады.

Біріншіден, қазіргі кездегі әлемдік экономиканың елдері жаһандану әсерінен әлемнің басқа елдерімен көпжақты ынтымақтастықты интенсивті түрде дамыта бастады. Оның бірден-бір себебі - бірқатар жаһандық проблемаларды бірлескен күштермен шешудің қажеттілігі, табиғи ресурстарды және инфрақұрылымның бірлескен объектілерін тиімді пайдаланудың қажеттілігі және т. б. Ол елдер деңгейінде де, кәсіпорындар мен ұйымдар деңгейінде де интеграцияның барлық формаларын жүзеге асырумен өрнектеледі. Әлемдік қауымдастықтың материалдық және рухани сұраныстарының өте толық қанағаттандырылуына ықпал ету осындай бірлестіруші күштердің нәтижесі болып табылады. Сол арқылы жаңа ғасырға кіру әлемнің барлық мемлекеттерін әлемдік құқықтық ережені және жекелеген елдердің жан-жақты экономикалық дамуын бекіту жолында жүруге мәжбүрледі.

ТМД елдері ұзақ уақыт бойына социалистік достастық елдері шеңберімен шектеле отырып, халықаралық экономикалық ынтымақтастықтан тыс қалып қойды. Әлемдік экономикалық кеңістікке кіру кезінде нарықтық өзгертулер курсын таңдай отырып, ТМД-ның барлық елдері үшін ортақ экономикалық блок ретінде ену тиімді және қауіпсіз болар еді. Ол ТМД мемлекеттерінің тең құқықты серіктестер ретінде басқа экономикалық және саудалық одаққа қатысуының маңызды шарты болады.

Қазақстан үшін бұл мәселе айырықша мәнге ие, өйткені, біріншіден, Қазақстанның халықаралық экономикалық интеграцияға қатысуы Қазақстан Республикасы егемендігінің экономикалық негіздерін құрудың, Қазақстанның жоғары экономикалық өсуін қамтамасыз етудің, толыққанды мүше ретінде оның әлемдік қауымдастыққа кіруінің шарты болып табылады.

Екіншіден, бұл мәселені шешудің маңыздылығы бүгінгі таңда қалыптасқан күрделі саяси жағдаймен түсіндіріледі. Екі полярлы әлемнің күйреуі, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің туындауы және әлемдік экономикалық қатынастардың жаһандануы нәтижесінде қалыптасқан жаңа жаһандық жағдайдың артықшылықтарына мыналар кіреді: әлемдегі әскери-саяси шиеленістердің едәуір азаюы, көптеген елдердің ықпал ету және басымды болу сфералары концепциясынан бас тартуы, мемлекеттердің экономикалық өсуі мен мәдени дамуына арналған кеңейтілген мүмкіндіктердің туындауы, халықаралық қатынастардың аймақтық құраушыларының күшеюі. Ол қауіпсіздіктің жаңа мәселелері мен тәуекелдіктері ретінде сипатталатын жаңа элементті халықаралық қатынастарға енгізді.

Бұл жағымсыз тенденциялар жаһандану процесімен тығыз байланысады және халықаралық ынтымақтастықтың саяси аспектісінде көрініс табады. Жаһандану және трансформациялану процестері нәтижесіндегі шығындар жаңа қауіптердің туындауына әкелді. Әр түрлі конфликтілер (дау-дамайлар), аймақтық және ұлттық қақтығыстардың болу мүмкіндігі үлкен қауіп ретінде қарастырылады, өйткені қалыптасқан жаңа тәуелсіз елдердің халқы көп ұлтты, ал көптеген халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен деңгейде тұр. Сонымен бірге үшінші елдер тарапынан болуы мүмкін әскери шабуыл шынайы қауіпті екендігін ескеру қерек.

Есірткілер мен қару-жарақтың заңсыз айналымы, терроризм, халықаралық қылмыстар шегі жоқ проблемалар болып табылады, сонымен бірге олар біздің ішкі проблемаларымыздың белгілі бір себебі болып саналады.

Сондықтан да Орта Азиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде 21. 04. 2000 жылы Өзбекстанның ұсынысы бойынша оның қатысушылары терроризммен, саяси және діни экстремизммен, трансұлттық ұйымдастырылған қылмыспен және Келісім тараптарының тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне ықпал етуші қауіптермен күресу бойынша бірлескен іс-әрекеттер жөніндегі Келісімге қол қойды.

ТМД елдері ішінде терроризмге қарсы әрекет ету саласындағы ынтымақтастық едәуір жанданды. Аталған құбылыстармен күрес «Шанхай бестігі» қызметінің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Сонымен қатар азиялық бағытта терроризммен және экстремизммен күрес мәселелері Қазақстан Республикасының Президентінің СВМДА-ны шақыру бойынша инициативасын дамыту жөніндегі жұмыстары шеңберінде қарастырылады. Біздің еліміз Азия континентінде қауіпсіздік құрылымдарын құру үшін әрекет етеді [1] .

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі Азия үшін өзекті болып табылады. Мұнда 3, 5 млрд-тан астам адам өмір сүреді, әлемдік ЖҰӨ-нің 55%-ы өндіріледі, әлемдік сауданың 40%-ы шоғырланған. Сонымен қатар бұл аймақ өте тұрақсыз аймақтың бірі болып сипатталады. Осы уақытқа дейін Азияда көптеген қақтығыстар, өзара сенімсіздік орын алып келеді.

Интеграциялық процестердің дамуы осындай экономикалық, саяси, әлеуметтік мәселелерді шешуге, осы елдердің әрқайсысының саяси хал-ахуалын жақсартуға, оларда мекендейтін және тарихында көптеген ортақтығы бар халықтар достығын нығайтуға ықпал ететін болады.

Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Президенті өзінің Қазақстан халқына жолдауында «Біздің ары қарайғы интеграциялануымыз - бұл аймақтағы тұрақтылыққа, прогреске, экономикалық және әскери-саяси тәуелсіздікке жүру жолы» дегенді атап көрсетті. Бұл әлемде жинақталған интеграциялық бірлестіктердің қалыптасу тәжірибесінің әрекет ету қажеттілігін туындатады. Бірақ та қазіргі кездегі ғылымда жаһандану, және ХЭИ процестерінің әлемдік шаруашылық байланыстарға ықпал етуін бағалаудың ортақ қөзқарасы қалыптаса қоймады.

Осылайша, бірқатар ғалымдар жаһандану мен интеграцияның ұлттық экономикаларға тигізер қаупін, экономикасы нашар дамыған елдердің индустриалды дамыған елдерге тәуелділігінің күшеюін, дағдарыстық құбылыстардың таралу көздерін көре отырып, оларға жағымсыз баға береді. Осыған қарама-қарсы негізде әлемдік экономиканың, халықаралық қатынастардың бүкіл жүйесінің ары қарайғы прогресінің қозғаушы факторлары ретіндегі жаһандану мен интеграция жөніндегі пікірлер де туындайды. Кейбір ғалымдар көңілді мынаған аударады, яғни әлемдік шаруашылық байланыстардың жаһандануы елдің жаңа ғылыми-техникалық жетістіктерге тартылуы мен тәжірибе алмасуы үшін жаңа мүмкіндіктерді ашуға және мемлекеттің әлемдік экономикадағы барлық нишаларды(«қуыстарды») алуына мүмкіндік береді.

ХЭИ және хаһанданудың халықаралық қатынастар жүйесінің дамуына ықпал етуін бағалаудағы қарама-қайшы пікірлер олардың қарама-қайшы және тұрақсыз феномендер екендігін дәлелдейді.

Бұл процестердің адамдық өркениетке ықпал етуін объективті бағалау үшін тәжірибеге жүгіну керек. Жаһанданудың тереңдеуі нәтижесінде қазіргі кезде Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы алшақтық, яғни байлық пен кедейшілік арасындағы дәстүрлі алшақтық азаю орнына, күн санап өсіп келеді. Әлемнің кейбір жерлерінде өмір сүру жағдайларының абсолюттік нашарлауымен сипатталған қоғамның тікелей құлдырауы процесі байқалады. Екі әлеуметтік полюстердің тарихы біріне-бірі қарама-қайшы бағытта қозғалып бара жатыр.

Сондықтан да, ТМД елдері үшін интеграцияның даму сатылары теориялық мәселелерін және осы процеске ықпал етуші факторларды зерттеу, сонымен бірге ТМД-да интеграциялық байланыстардың қалыптасуы тәжірибесін талдау үлкен мәнге ие болып отыр. Осыларға негізделе отырып, жұмыста халықаралық экономикалық интеграцияның тәжірибесі қарастырылады. Бірақ та бұл ХЭИ сферасында біз осы елдер тәжірибесін көзсіз көшіруіміз керек дегенді көрсетпейді. Ол үшін біз елдердің ұлттық спецификаларының ерекшеліктерін, посткеңестік кеңістікте қалыптасатын тенденцияларды анықтап алуымыз керек, сонымен қатар Батыс Еуропаның ХЭИ-ның элементтері мен механизмдерінің ішінен посткеңестік елдердің экономикасына белгілі бір дәрежеде тиімді болатынын таңдап алып, қолдануымыз керек. Біздің пікірімізше, интеграция мәселелерін кешенді түрде зерттеу Қазақстан Республикасы қатысатын интеграциялық топтастықтар қызметінің механизмдерін жетілдіруге арналған тәжірибелік ұсыныстарды беруге мүмкіндік береді.

Сәйкесінше, жоғарыда аталған жайттар осы диссертациялық жұмыс тақырыбын таңдауға себепші болды.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты - посткеңестік мемлекеттердің әлемдік шаруашылыққа экономикалық интеграциялануын зерттеу және осы негізде оның дамуындағы ерекшеліктер мен қазіргі кездегі тенденцияларды анықтау.

Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей теориялық, әдістемелік және талдаушы міндеттерді шешу қажеттілігі туындайды:

- әлемдік шаруашылықтың жаһандануы және посткеңестік мемлекеттердің дамуының экономикалық моделінің трансформациялануы жағдайында посткеңестік кеңістіктегі экономикалық интеграцияның теориялық негіздемесін (анықтамасын) беру;

- посткеңестік мемлекеттердің әлемдік шаруашылықтағы тиімді әрекет етуінің маңызды шарты ретіндегі ТМД мемлекеттерінің экономикалық интеграциялануының ерекшелігін көрсету;

- экономикалық интеграцияның нәтижелілігін өлшеуге қатысты экономикалық әдебиеттегі әдістемелік жолдарды нақтылау;

- посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық құбылыстардың типтік заңдылықтарының жүзеге асырылуын бағалау, олардың пайда болу ерекшеліктері және мемлекеттер үшін интеграция жағдайларының алғышарттарын жүзеге асыру;

- посткеңестік кеңістіктегі аймақтық экономикалық интеграцияның нәтижелілігі мен проблемаларын айқындау.

Зерттеу объектісі - посткеңестік елдер және соның ішінде Қазақстан қатысатын интеграциялық бірлестіктер қызметінің негізгі бағыттарын құрудың себептерін талдаудың және олардың алдында тұрған проблемаларды шешудің мүмкін жолдары.

Зерттеу нысаны болып ТМД шеңберіндегі халықаралық экономикалық интеграцияның дамуының саяси-экономикалық, әлеуметтік-құқықтық факторлары, осы жерде қалыптасатын интеграциялық жағдайлар мен олардың даму болашағы қарастырылады.

Зерттеудің теориялық және әдістемелік негізін әлемдік экономика мен халықаралық байланыстар саласындағы отандық және шетелдік ғалым-экономистердің еңбегі құрайды.

Жұмыста ресми үкімет шешімдері, заңдар, құқықтық актілер және әр түрлі шет елдермен бекітілген келісімдер қолданылды. Зерттеудің ақпараттық базасы ретінде статистика агенттігі, ТМД-ның халықаралық статистикалық комитеті, Қазақстан Республикасының ведомстволары мен басқа да министрліктер, сондай-ақ экономикалық ынтымақтастық ұйымдары және халықаралық экономикалық ұйымдардың мәліметтері пайдаланылды.

Диссертациялық зерттеуді орындауда жүйелі және кешенді ғылыми қорытындылау әдістері, экономикалық және жүйелі талдау мен болжау әдістері, әлеуметтік және математикалық статистика қолданылды.

Жұмысты орындау барысында кең көлемдегі ақпараттар қолданылды, олар посткеңестік кеңістік елдерінің әлемдік шаруашылық процестеріне интенсивті тартылуы жағдайында, интеграциялық бірлестіктердің қалыптасуы саласындағы әлемдегі экономикалық жетістіктерін қорытындылайды.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы және қорғауға ұсынылатын тұжырымдар посткеңестік кеңістіктегі аймақтық экономикалық интеграцияның даму мәселелерін зерттеу мен қорытындылаудың кешенді және біртұтас тұжырымдармен анықталады. Қорғалатын тұжырымдарға мыналар жатады:

- әлемдік экономиканың жаһандануы жағдайындағы аймақтық интеграцияның табиғатын түсіндіру, оның негізгі бағыттары мен көріну нысандары нақтыланды;

- халықаралық экономикалық интеграцияның экономикалық әдебиеттегі мәнісін түсіну эволюциясы қарастырылды және нақтыланды, оның негізіне мынадай белгілер енді: планетарлық көлемі, аймақтық деңгейі, фирмалар деңгейі, мемлекеттің ролі және нарық пен мемлекетттің үйлесімі;

- ғылыми әдебиеттегі посткеңестік кеңістіктегі аталған интеграциялық құбылыстардың классикалық заңдылықтарының ерекшеліктері, олардың көріну тереңдігі мен дәрежесі айқындалды;

- достастықтағы интеграциялық процестердің ерекшеліктері және олардың даму тенденциялары анықталды және жүйеленді;

- «әртүрлі жылдамдықты және көп деңгейлі интеграция» қағидасы бойынша ТМД елдері жүйеленді және қажетті шараларды жүргізудің 4 сценарийінен тұратын интеграциялық саясаттың болашағын анықтауға қатысты тәсілдемелер ұсынылды;

- экономикалық тетіктер және саяси - құқықтық құралдар мен әдістер жиынтығы ретіндегі интеграция механизмі айқындалды, олардың көмегімен ұлттық шаруашылықтардың жақындасуы мен өзара бейімделуі процесі жүзеге асырылады.

Жұмыстың тәжірибелік маңызы. Диссертациялық жұмыс Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің «Қазақстан Республикасының әлемдік шаруашылыққа интеграциялануы» тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жұмысының (ГБ №16) жоспарына сәйкес орындалды.

Әлемдік шаруашылыққа интеграцияланудың модельдерін жасау кезіндегі негізгі тұжырымдар ретіндегі зерттеудің нәтижелерін, соның ішінде қорытындылар мен ұсыныстарды, интеграцияның моделін әлемдік шаруашылыққа енгізудегі негізгі тұжырымдарды қолдануға болады. Диссертациялық зерттеудің негізгі қорытындысы мен шешімдерін елдердің ұзақ мерзімдік болашақтағы әлеуметтік экономикалық бағдарламаларына ұсынуға болады. Сондай-ақ, «сыртқы экономикалық сектор» бөлімдерінде инвестициялық шешімдердің техникалық- экономикалық негізін қалауда, өнеркәсіптік саясатта қолданылуы мүмкін.

«Халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша жоғары білімді мамандарды дайындау процесінде, атап айтқанда, «Халықаралық экономикалық қатынастар» және «Халықаралық экономикалық интеграция» курстарында қолданылды.

Диссертациядағы теориялық қорытындылар, әдіснамалық ережелер және әдістемелік жолдар Қазақстан Республикасының министрліктері мен ведомстволары үшін өте маңызды болып саналады, олар экономиканың даму стратегиясының жобаларын жасау мен түзету және әлеуметтік-экономикалық реформаларды тереңдету бағдарламаларын жасауда қажет болады.

Зертеу тәжірибелерінің қолдау табуы. Жұмыстың зерттеу нәтижелері келесі халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференцияларда баяндалды: «Қазақстан экономикасын реттеу стратегиясы: XXI ғасырға көзқарас» (Алматы, 2000), «Қазақстан Республикасының ғаламдану жағдайындағы ұлттық экономикасы» (Алматы, 2002), «Қазақстанның БСҰ-ға кіруі: жүйелік жағдайларын талдау, оң бағыты, теріс салдары» (Алматы, 2004) .

Зерттеу нәтижелерінің жарияланымы. Диссертация тақырыбы бойынша жалпы көлемі 5, 0 б. т. 11 ғылыми мақала, оның ішінде 5 мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитеті ұсынған басылымдарда жарияланды.

Жұмыстың құрылымы мен көлемі . Диссертациялық жұмыс 124 бет көлемінде ұсынылған. Диссертация кіріспеден, үш тараудан, қорытындыдан, қолданылған әдебиеттер тізімінен, оның жалпы саны 100, 18 кестеден, 2 суреттен және қосымшалардан тұрады.

Негізгі бөлім

Кіріспеде тақырыптың өзектілігі мен қазіргі кездегі проблемаларының зерттеу қажеттілігі көрсетілген.

Посткеңестік мемлекеттердің әлемдік шаруашылыққа экономикалық интеграциялануын зерттеу және осы негізде оның дамуындағы ерекшеліктер мен қазіргі кездегі даму тенденцияларын анықтау арқылы елдердің интеграциялануының нәтижелілігін бағалау.

Посткеңестік кеңістіктегі аймақтық экономикалық интеграцияның даму мәселелерін зерттеу мен қорытындылау негізінде кешенді және біртұтас тұжырымдарды нақтыланды. Экономикалық тетіктер және саяси - құқықтық құралдар мен әдістер жиынтығын қолдана отырып интеграция механизмдерін айқындау, олардың көмегімен ұлттық шаруашылықтардың жақындасуы мен өзара бейімделуі процесінің жүзеге асырылуы қарастырылды.

Бірінші тарауда халықаралық экономикалық интеграцияның теориялық негіздемесіне көңіл аударылып, экономикалық әдебиеттердегі интеграциялық түсініктерге және мемлекеттердің ұлттық экономикасының әлемдік қауымдастыққа араласу процестерін бағалауға қатысты көзқарастарға көңіл аударылды. Қазіргі кездегі шаруашылық байланыс түрлерінің жаһандану процесіне тартылуы және олардың халықаралық көлемде өте тығыз байланыста болуы халықаралық экономикалық интеграцияның кең етек жайғанын көрсетеді.

Осы орайда халықаралық экономикалық интеграцияның туындауы мен дамуын зерттеген атақты ойшылдардың пікірлері қарастырылып нақтыланды. Оның негізіне төмендегідей белгілер енді: планетарлық көлемі, аймақтық деңгейі, фирмалық деңгейі, мемлекеттің ролі және нарық пен мемлекеттің үйлесімі.

Бірінші тараудың екінші параграфында экономикалық интеграцияның тиімділігінің өлшеудің экономикалық әдебиеттердегі әдістемелік жолдары қарастырылды. Қазіргі кезде экономикалық интеграцияның нәтижелілігін анықтау үшін бірнеше тәсілдемелер қолданылады: Дж. Вайнердың «ағымды туындатушы» және «ағымды ауытқытушы» және т. б тәсілдердің шектеулі сипаты бар екендігі көрсетіліп, жаһандану жағдайындағы халықаралық экономикалық интеграцияның ерекшеліктерін ескере отырып, олардың көмегімен интеграцияның дамуының сандық және сапалық параметрлері анықталды. Ол екіге бөлінеді: абсолюттік көрсеткіштер және салыстырмалы көрсеткіштер. Болып жатқан интеграциялық процестердің нәтижелерін сипаттайтын абсолюттік көрсеткіштер жүйесі нақтыланды. Оларға: ІЖӨ-нің көлемдері, өзара сауда көлемі, капитал ағымының көлемдері, бірлескен кәсіпорындардың өсуі, кооперациялану дәрежесі, халықтың миграциялану деңгейі, сонымен бірге елдердің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің кең спектрі.

Сондай-ақ салыстырмалы көрсеткіштер жүйесіне жататындар: сыртқы сауданың жан басына шаққандағы шамасы, ІЖӨ-дегі елдер мен одақтың үлес салмағы, сыртқы экономикалық қызмет (сыртқы сауда) және ішкі өндіріс көлемінің арақатынасы; ІЖӨ-дегі экспорттық (импорттық) құраушының көрсеткіші, икемділік коэффиценті (сыртқы сауда айналымы индексінің қоғамдық өнім индексіне қатынасы арқылы есептеледі) ; салалардағы жекелеген өнім түрлерін өндірудегі экспорт үлесі; шаруашылық салаларындағы жекелеген өнім түрлерін тұтынудағы импорт үлесі; тұтыну тауарларындағы импорттық өнімнің үлесі; жалпы және жекелеген тауар топтары бойынша сыртқы саудадағы елдің үлес салмағы; сыртқы сауданың географиялық құрылымы.

Әлемдік экономика өмірінде аймақтық интеграциялық топтардың құрылуы мен олардың өзара бірлесіп іс-қимылдар жасауында үлкен жеткілікті тәжірибелер жинақталды. Осы тәжірибелерді Қазақстанның аймақтық интеграциялық топтарға, оның ішінде Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа қатысуы мен оны одан әрі дамытуда ескерудің маңызы зор. Бұл орайда әсіресе Еуропа елдерінің өзара қарым-қатынасының қалыптасуы мен даму тәжірибесінің маңызы зор екендігіне көңіл аударылды.

Әлемдегі мемлекеттер арасындағы интегрциялық процесстердің даму теориясында ТМД мен Еуропалық Одақтың басты айырмашылықтарын салыстырып, зерттеудің маңызы зор. Бұл салыстырмалы талдау диссертациялық жұмыста қарастырылып отыр.

Демек, ТМД - бүгінгі таңдағы ірі аймақтық бірлестіктердің ішіндегі әлемдік шаруашылық процесіне енуде өзіндік жолы мен даму ерекшеліктері бар бірлестік болып табылады. Осы орайда жұмыстың келесі тарауы ТМД мемлекеттерінің экономикалық интеграциялануының диалектикасына арналған.

Жұмыстың екінші тарауында посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестерді зерттеуге арналған. ТМД мемлекеттерінің экономикалық интеграциясының даму эволюциясына тоқталып, осы елдердің экономикалық дамудың және нарықтық реформалаудың әртүрлі деңгейде тұрғанын, әсіресе өзара байлансытардағы қиындықтардың болуы, сондай-ақ өсудің қарқыны мен экономикалық өсудің көрсеткіштерінің әртүрлі деңгейде тұрғаны анықталды.

Посткеңестік кеңістіктің жаңа мыңжылдыққа қадам басуы жағдайында дамудың жағымды көрсеткіштері көрініс таба бастады. Экономикалық дамудың тиімділігінің негізгі индикаторы ІЖӨ-нің өсу қарқыны көрсеткендей, ТМД елдеріндегі нарықтық реформа, экономикалық өсудің айтарлықтай жоғары қарқынын қамтамасыз етуде. 2003 жылы ТМД көлемінде алдыңғы жылмен салыстырғанда ІЖӨ-нің орташа көрсеткіші 7, 2%-ға өсті.

Интеграциялық біріктіруді ұйымдастыру мәселесінде және ынтымақтасып шаруашылық жүргізудің бірыңғай (біртұтас) тетіктерін нақты іс жүзіне асыруда бірқатар жағымсыз жағдайлар кездескенмен, ТМД құрылғалы 14 жылдың ішінде елдер экономикасының тұрақты өсуінің жағымды тенденциясы да байқалды.

Ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, экономикалық қатынастарды түрлендіру мәселелерін қарастыратын болсақ, ТМД экономикалық және индустриалық даму деңгейлері әртүрлі, әрі әлеуметтік салалары да әр басқа мемлекеттерден тұрады. Достастық елдердің экономикалық жағдайларындағы үлкен айырмашылық әр елдің өзіне ғана тән нарықтық қалыптасудың әртүрлі деңгейімен, өндірістік құрылымдар мен салалық мамандандырулардың әр қилылығымен және әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асырудағы өзіндік ерекшеліктердің көптігімен түсіндіріледі. Сондықтан да, экономикалық қатынастарды түрлендіру нарықтық институционалдық орталарды қалыптастырудың жалпы бағытында ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып жүзеге асырылады.

Елдер экономикасының тұрақты өсу тенденциясына келетін болсақ, бұл арада мынаны айта кету керек. Қазіргі уақытта ТМД елдерінде барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша тұрақты өсудің жағымды тенденциясы сақталып отыр. ІЖӨ - нің өсуі негізінен өнеркәсіптің дамуы есебінен орын алды. 2004 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Украина да ІЖӨ 2003 жылдағы кезеңмен салыстырып қарағанда 13, 4%-ды құрады, өнеркәсіп өндірісі - 14, 4% болды, ал Белерусияда - 10, 8% және 15, 7%, Тәжікстанда - 13, 6% және 16%, Қазақстанда - 2, 1% және 10, 3%.

ТМД республикаларында өнеркәсіп өндірісінің өсуінің негізгі факторларына бұрынғыша мұнайдың, шикізаттың ішкі және сыртқы әлемдік бағалары мен қолайлы нарық конъюнктурасы болып қала берді. Ішкі факторлар рөлі айтарлықтай төмен болып тұрған кезде экспорттық құраушыларға деген тәуелділіктің жоғары деңгейі сақталып қалған. Мәселен, Ресейде 2004 жылдың І-жартыжылдығында өнеркәсіп өндірісінің 80, 7% өсімі экспортпен қамтамасыз етілген. Мұндай жағдай Қазақстанда да ұшырасады. Осы жылы сыртқы экономикалық конъюнктура экспорттаушылар үшін өте қолайлы болып тұр. Жыл басында энергия тасымалдаушылардың әлемдік бағасы көптеген сарапшылардың болжамдарынан әлдеқайда жоғары болды. 2003 жылы Достастық бойынша орташа есеппен алғанда 2002 жылға қарағанда экспорт 25, 5%-ға, ал импорт 24%-ға артқан, мұнайдың жоғары бағасымен байланысты экономикалық өсім бірқатар елдердің құрылымдық реформаларындағы прогрестің болмауын қалқалап көрсетпейді. Соңғы жылдардың ішінде халық табысы мен еңбек ақысының өсімі бүкіл Достастық елдері бойынша өндіріс тиімділігінің өсімінен асып түскен. Мұның себебі: ішкі даму факторлары мен сыртқы конъюнктура қолайлы болып тұр. Осыған қарамастан көптеген елдерде табыс деңгейі төмен, табыстағы теңсіздік елдердің арасында да белең алып тұр. ТМД елдеріндегі халықтың басым бөлігі кедейшілікте өмір сүріп жатыр, өмір деңгейіне кері әсерін тигізетін факторлар: жұмыссыздық, тұтыну нарығындағы бағаның өсуі, әлеуметтік қорғау жүйесінің әлсіздігі.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақстан экономикасы және оның әлемдік шаруашылыққа интеграциясы
Толық экономикалық одақ
Халықаралық экономикалық интеграция
ТМД-ның ролі мен маңызы Қазақстан
ТМД интеграциясының экономикалық, әскери жақтарын қарастыру
ХХІ ҒАСЫРДЫҢ БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАРЫ: МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН КЕЛЕШЕГІ
Қазақстанның Ресей мемлекеті үшін маңыздылығын сараптау жұмысын
Халықаралық валюта жүйесі жайлы
Еуразиялық интеграция кез келген басқа интеграция сияқты объективті деңгейде
Орталық Азия қауіпсіздігінің мазмұны мен механизмдері шеңберіндегі мемлекеттік егемендік мәселесі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz