Тасмола археологиялық мәдениетінің әскери қару-жарақтары және ат әбзелдері


ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
Тақырыбы: «Тасмола археологиялық мәдениетінің әскери қару-жарақтары және ат әбзелдері»
МАЗМҰНЫ
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Тәуелсіз Қазақстанның тарихын зерттеу және ондағы қандай да болмасын мәселелерді ашудың еліміз үшін маңызы зор. Тарихты зерттеп білу арқылы халық өзінің, жерінің құндылықтарын, қасиеттерін білуге мүмкіндік алады. Яғни ұлттың өзін-өзі тануы өз тарихын тану арқылы жүреді.
Ерте темір дәуірі - бүкіләлемдік адамзат өркениетінің қалыптасуы мен дамуы барысын, оның айтулы жетістіктерін зерделеуде аса зор маңызы бар тарихи кезең болып табылады. Бұл б. з. б. 8-7 ғасырлардан бастап, ерте ортағасырлар дәуіріне дейінгі кезеңді, яғни б. з. 6 ғасырына дейінгі уақытты қамтиды.
Ерте темір дәуірінде суармалы егіншілікке негізделген көнешығыстық өркениет елдерінде (Месопотамия, Алдыңғы Азия, Кіші Азия, Үндіқытай, Солтүстік Африка т. т. ) мемлекеттік жүйе мен саяси институттардың нығаюы процесстері жедел қарқынмен дамыды. Еуропада рим, грек өркениеттері дамып, латен, гальштат сияқты аса көрнекті мәдениеттер гүлденді.
Осы уақытта Еуразия далалары кеңістігіндегі этностар өмірінде шынайы ғаламат өзгерістер басталды. Б. з. б. І мыңжылдықтың бас кезінде шығыстағы Монғолиядан батыстағы Дунайға дейінгі табиғаты қатал, құрғақ далаларды мекендейтін бақташы, бақташы-егінші тайпалардың мал шаруашылығының жайылымдар мен су көздерін пайдалануды маусымдық шектеудің күрделі де қатаң жүйесіне негізделген жылжымалы түрлеріне көшуіне тура келді. Жаңа заманның еуроцентристік ғылымы қатал табиғатты дала жағдайында мал шаруашылығын өрбітудің бұндай айрықша түрлерін «көшпелі», «жартылай көшпелі шаруашылық» деп атады. Мал шаруашылығының жаңа түрлеріне көшу далалық табиғат жүйесінің ерекше жағдайларында өмір кешкен қола ғасыры тайпалары экономикасының дамуының нәтижесі болып табылады. Қазақстан аумағында шаруашылықтың бұл түрінің негіздері қола дәуірінің соңғы кезінде, беғазы-дәндібай заманында қаланды. Мамандардың пікірінше, малшылықтың жылжымалы түріне ауысуына дала тұрғындарының тек ішкі дамуы ғана емес, ауа райының өзгеруі де нақты ықпал етті. Сол заманда бұл ауысу оңтайлы, үлкен прогрессивті мәндегі көрініс еді, ол даланың табиғат қорларын барынша толық пайдалануға мүмкіндік берді.
Осы кезеңдегі Орталық Қазақстанның ежелгі малшыларының мәдениеті неғұрлым көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген Тасмола қойнауының атына сәйкес Тасмола мәдениеті деп аталды. Оны ерекше бөліп алуға тастар тізбегі бар обалар - «мұртты обалар» деп аталатын ерекше үлгідегі ескерткіштер себеп болды. Мұндай ескерткіштер қазақтың үсақ шоқылы өңірінен тыс жерлерден, мысалы, Қазақстанның шығыс және оңтүстік облыстарынан (Оба, Көктал, Ащысай және Еділ бойы («Үш ағайынды» аңғары) кездеседі, бірақ олардың кең тараған негізгі өңірі Орталық Қазақстан болып табылады.
Жоғарыда аталған мәселенің барлығын қорытындылай келе, түйетініміз тақырып бүгінгі күннің кезек күттірмес келелі мәселесі. Бұл зерттеліп отырған тақырыптың өзектілігінің айғағы болып табылады.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Зерттеу жұмысының басты нысаны болып табылатын Тасмола мәдениетінің ескерткіштері, құрылымы және шаруашылығының зерттелу деңгейі басты төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады:
Бірінші кезеңге 1946-1959 жылдардағы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының құрамында жұмыс жасаған Ә. Х. Марғұлан мен М. Қ. Қадырбаевтың зерттеулері жатады [1, 34 б. ] .
Екінші кезеңге 1959-1968 жылдары Шығыс Сарыарқаның оңтүстігі, солтүстік пен орталық аймақтарына қосылып зерттелуі жатады. Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы құрамындағы ерте темір дәуіріне бағытталған М. Қ. Қадырбаев басқарған зерттеушілер тобы 1959-1963 жылдары Орталық Қазақстанның шығыс аймақтарынан керемет ескрткіштер ашады (Екібастұз ауданындағы Шідерті өзені жағалауындағы Тасмола 1-6 және т. б. қорымдар) [2, 303-433 бб. ] .
Үшінші кезең 1970 жылдың басынан бастап басталады. 1980 жылдың аяғына дейін аймақты зерттеу жұмыстары тоқталып қалуына байланысты аудандарда ескерткіштер аз көлемде ғана зерттелді (4 жерлеу ескерткіші және 5 адам жерленбеген «мұртты» обалар) . 1988-1993 жылдары Бейсенов А. З. бастаған жеке топ 50-ден астам қорғандық жерлеу ескерткіштерде қазба жұмыстарын жүргізген, олардың 38-і б. д. д. 7-4 ғасырларға жататын ескерткіштер, 13-і б. д. д. 3-1 ғасырларға жатады. Территориясы бойынша 47 қорған Баянауыл ауданында орналасса, төртеуі Қарқаралы ауданында орналасқан [3, 17 б. ] .
Және соңғы кезеңге жататын кейінгі зерттеулерге келетін болсақ 2005-2007 жылдары Орталық Қазақстанның Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында Сарыарқа археологиялық экспедициясы жүргізген (жетекшісі т. ғ. к. А. З. Бейсенов) зерттеу жұмыстары жатады. Аталмыш зерттеу жұмыстары барысында Қызылсүйір, Едірей қоныстарында, сонымен қатар қорымдық ескеркіштерге қазба жұмыстары жүргізілді [4, 266 б. ] .
Диплом жұмысының мақсаты. Қарастырып отырған мәселеміздің маңыздылығы мен оның бүгінгі күндегі өзектілігін ескере отырып, қолда бар деректерді толық пайдалана отырып, Тасмола мәдениетінің қару-жарақтары мен ат әбзелдері мәселесін жан-жақты ашып көрсету, жоспар бойынша алынған мәселелерді барынша талдап, зерттеу жүргізуді диплом жұмысының басты мақсаты етіп алынды.
Диплом жұмысының міндеттері. Дипломдық жұмыстың мақсатын ашуда мынадай міндеттерді іске асыру басшылыққа алынады:
- Тасмола мәдениетінің XX ғасырдағы зерттелу тарихын қарастыру;
- Тасмола археологиялық мәдениетінің жаңа ескерткіштері және қазіргі уақыттағы зерттелу деңгейін сипаттау;
- Алыс қашықтықта қолданылатын қару-жарақ (садақ, найза және т. б. ) түрлерін жан-жақты сипаттама жасау;
- Жақын қашықтықта қолданылатын қару-жарақтардың (пышақ, қанжар, шақан және т. б. ) типологиялық жіктеу мәселелерін талдау;
- Аталмыш кезеңге қатысты ауыздықтарды жіктеу;
- Тасмола мәдениеті ескерткіштеріне тән сулықтарға салыстырмалы талдау жасау.
Диплом жұмысының деректік негізі. Диплом жұмысымыздың дерек көзі ретінде пайдаланған материалдарды бірнеше топтарға бөлуге болады. Олардың негізісі осы салада зерттеу жүргізген ғалымдардың іргелі еңбектері және ұйымдастырылған археологиялық экспедициялардың барлау, зерттеу жұмыстарының есептері, олардың мұрағат қорларында сақталған ескерткіштердің түсірілген жобалары мен суреттері сонымен катар археологиялық қазба барысында алынған мәліметтер, табылған экспонаттар басты деректер ретінде пайдаланылды.
Деректер тобына жарыққа шыққан географиялық, энциклопедиялық жинақтардың материалдарын жатқызуға болады. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында дерекнамалық материалдарды жинастыра отырып, олардың археологиялық тұрғыдан алатын маңызын анықтауға тырыстық. Бұл ретте баспадан жарық көрген материалдар нысанаға алынып отырды. Дерек ретінде БҒСБК аясында жарыққа шығатын ғылыми және ақпараттық мәліметтерге бай мерзімдік басылымдардың материалдарын да негізге алдық.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Тасмола мәдениеті ескерткіштерінің осы уақытқа дейінгі зерттелу тарихы бір жүйеге келтірілді. Аталмыш мәдениетке тән қару-жарақтардың типологиясы жасалып, жіктелді. Тасмола мәдениеті ескерткіштерінен жинақталған ат әбзелдері өзге ерте темір дәуіріне тән мәдени кезеңдермен салыстырыла отырып, сипаттама жасалды. Жалпы ерте темір дәуірінің мәдени өміріне қатысты тың мәліметтер жинақталып, олардың өзара байланыстары айқындалды.
Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері Мәселені талдауда біз соңғы жылдары отандық археология ғылымында болып жатқан түбегейлі теориялық және методологиялық өзгерістерді негізге алдық. Бұғанға дейін жекелген аймақтарға қатысты археологиялық зерттеулердің қалыптасуы мен дамуы жайында тек жалпылама немесе өлкетанушылық тұрғысынан баяндалып келгендігін ескере отырып, зерттеу методологиясы объективтік, жүйелілік, тарихи-салыстырмалық тәрізді ғылыми таным принциптеріне негізделген. Ресми деректер қатарындағы патшалық, кеңестік дәуірлер тұсындағы құжаттар мен зерттеулер сын көзбен, тәуелсіз мемлекет мүддесі тұрғысынан сарапталып, тарихи салыстырулар негізінде талданды.
Жүргізілген археолгиялық зерттеулердің нәтижелері мен жарық көрген ғылыми еңбектер, мақалалар өткен тарихымызды теориялық тұрғыдан талдауда кеңінен пайдаланылды. Зерттеу барысында соңғы уақыттарда қалыптасып келе жатқан жаңа бағыттағы ғылыми ой-пікірлер мен тұжрымдарды, жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан жазылған еңбектер басшылыққа алынды. Сондай-ақ зерттеуде археологиялық барлау, қазба және нақты-тарихи, салыстырмалы-тарихи талдау, жинақтау, қорыту және логикалық, мазмұндық жүйелеу әдістері қолданылды. Мәселе нақты тарихи қажеттілік, тарихи тағылым, тарихи процестің объективтілігі тұрғысынан қарастырылды.
Диплом жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараушаға бөлінген үш тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады. Кіріспеде, алынып отырған тақырып төңірегінде жалпы түсініктер беріліп, бүгінгі таңдағы маңыздылығы баяндалады. Зерттеудің үш бөлімінде тақырып жан-жақты талданып, сараптау, ойқорытындылар жасалады. Соңында Тасмола мәдениетіне тән суреттер қосымшалар ретінде берілген.
1 Тасмола археологиялық мәдениетінің зерттелу тарихы
1. 1 XX ғасырдың ортасы мен соңындағы зерттелу тарихы
Қазақстанның ерте темір дәуірі мәдениеттерінің Орталық Қазақстан жерінде тараған осы түрін жоспарлы бағытта зерттеудің басталғанына 60 жылдан асты. Тасмола мəдениетінің зерттеліп, оның деректерінің ғылыми қолданысқа енуі ең алдымен Ә. Марғұлан, Ә. Оразбаев, М. Қадырбаев сынды кəсіби археологтардың есімімен тығыз байланысты [5, 175 б. ] .
Аталмыш мәдениет өзге көршілес аймақтарда таралған ескерткіштерден ерекше құрылыс орындарымен ерекшеленеді. Оны бұлай ерекшелеп қарастыруға тастар тізбегі бар обалар - «мұртты» обалар деп аталатын ерекше үлгідегі ескерткіштер себеп болды. Мұндай ескерткіштер Қазақтың ұсақ шоқылы өңірінен тыс жерлерден, атап айтқанда, Қазақстанның шығыс және оңтүстік облыстарынан (Көктал) және Еділ бойынан («Үш ағайынды» аңғары) кездеседі, бірақ олардың кең тараған негізгі өңірі Орталық Қазақстан болып табылады [6, 196 б. ] .
1920-1940 жылдар Қазақстанда археология ғылымының қарқынды дамуымен сипатталады. Республикада археологиялық ғылыми ізденістердің дамуына одақтың ғылыми мекемелері мен орталықтары, жергілікті ғылыми өлкетану орталықтары, үйірмелер, музейлер ат салысты.
«Мұртты» обалардың деректері ғылыми қолданысқа енгеннен бастап, олар ерте темір дәуірін зерттеушілер назарынан тыс қалған емес. Ең алғаш 1927 жылы Л. Ф. Семенов Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Қаратал селосы жеріндегі Ақкөл көлінің маңынан тас тізбектері доға тәрізді шығысқа бағытталған корғанды тапты [7, 79-84 б. ] .
Ең алғаш Б. Н. Бракованың «Ближайшие задачи в археологическом изучении Казахстана» атты мақаласында алғаш қарастырылады. Қазақстанның кең-байтақ өлкесі ол кезде «ақтаңдақ» болып қалды, яғни көптеген зерттеушілер үшін жабайы кеңістік болып немесе скиф пен минусин мәдениетінің торабы болып көрінді [8, 13 б. ] . Tемір дәуірінің аршылған қорғандары туралы алғашқы үзінді мәліметтер 1929 жылғы М. Н. Лентовскийдің еңбектерінде көрінеді. 1930 жылы Б. Н. Жданов Үлкен Чебачье өзені жағасынан екі «мұртты»қорған тапты. Олардың бірінде топырақ шұңқырда жерленген мәйіт табылды. Олжалардың арасынан алтын сырғалар, қола айна, аргиллит ілгек табылды. Бірақ бұл заттар ғылыми айналымға ширек ғасырдан соң ғана кірді [9] .
1932 жылы П. С. Рыковтың жетекшілігімен Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының экспедициясы Қарағанды облысында зерттеу жүргізді. П. С. Рыков өз зерттеулеріне сүйене отырып, сол кезге дейін «мұртты» обалардың археологиялық жағынан зерттелмей келгендігін айта келіп, аталмыш ескерткіштер әлі де жұмбақ күйде қалып отыр деген пікір айтты. Бұдан кейін де М. П. Грязнов, И. В. Синицын, А. А. Козырев сынды ғалымдар «мұртты» обалар хақында өз ойларын жазып кетті [10] . 1933 жылы Қарағанды облысында П. С. Рыков жетекшілік еткен Нұра экспедициясы ең алғашқы қазба жұмыстарын жүргізді. Нұра мен Сарысу өзендерінде скиф-сарматтар кезеңіне жататын қорғандар аршылды. Сол кезде Шерубай - Нұра ауданындағы Дәндібай мекенінде «мұрттты» қорғандар зерттелді, оның үйіндісі астынан тек күйдірілген от қалдықтары ғана табылды [11, 9 б. ] .
1940 жылы С. В. Киселев Қарағанды облыстық мұражай қызметкерлерімен бірге Қарағанды облысында «мұртты» обалары бар қорымдарды (Бесоба) зерттеген [12, 162 б. ] .
«Мұртты» обаларды неғұрлым жүйелі түрде зерттеу ісін 1946 жылы Ә. Х. Марғұланның жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізді [13, 84 б. ] . Осы жылдан бастап 1955 жылдарға дейін ерте көшпенділердің обаларына, оның ішінде бірнеше «мұртты» обаларға қазба жұмыстары жүргізілді. Одан кейінгі үш жылда қазба жұмысы жүргізілген обалардың саны 38-ге дейін жетті, оның 19-ы «мұртты» обалар болып табылады [12, 163 б. ] . Осы көрсеткіштердің өзі ғұрыптық құрылысы бар обалардың көп екеніне дәлел бола алады.
Ә. Х. Марғұлан Орталық Қазақстан аймағы «мұртты» обалардың ерекше шоғырланған жері екенін жөне басқа аймақтарда бұндай мөлшерде кездеспейтінін айта келіп, алғашқы ғылыми пікірлерін білдірді [14, 306 б. ] .
Ә. Х. Марғұлан «мұртты» обалардың функциясы касиетті күншығыс елін көрсететін шығыс идеясы, Беғазы-дәндібай кезеңінің жерлеу ескерткіштеріңде де, соның ішінде Беғазы некрополі мазарларының ұзын дәліздерін қайталайтын «мәңгілік тұрақ қақпасы секілді, шығысқа қаратылған кірер ауыз» деп атаған. Сонымен бірге ерте темір дәуірі тайпаларының өлген адамдарын қастерлеп, ас берген жерлерінде салынып отырған ғұрыптық ескерткіштер деді [15, 54 б. ] .
Әлкей Марғұлан Орталық Қазақстан аумағында «мұртты» обалардың алғашқы топтарын ашып, олардың тұңғыш ғылыми сипаттамасын жасау, осы ескерткіштерді ғылыми күн тәртібіне қою ісіне үлкен үлес қосты. 1951 жылы Ә. Х. Марғұлан ерте темір дәуірінде көшпенділердің Орталық Қазақстан аймағында қоныстану шекарасын сызып, ол олардың жерлеу орындарының орналасу ерекшелігіне назар аударды. Cонымен қатар, Орталық Қазақстан аумағында басқа өлкелерде мұндай мөлшерде кездеспейтін ерекше бір ескерткіштер тобы бар екендігі жайлы үлкен перстпективалық пікірді ұсынды [2, 306 б. ] . Шын мәнісінде бұл ашылғалы тұрған жаңа археологиялық мәдениет туралы алғашқы ғылыми болжамдар еді.
1952-53 жылдары өлкетанушы А. И. Семенов Қазақстанның солтүстігіндегі Половинное өзені жағасынан ерте темір дәуіріне жататын қорған аршып алды. Жерлеу шұңқырында басы батысқа қаратылған екі қаңқа, оқтың сүйек ұшы, садақтың құрсауы, темір қылыштың фрагменті табылды. Жерлеу бұйымдары Солтүстік Қазақстанның тарихи мұражайында сақтаулы.
1959 жылы Қазақ ССР ҒА ның ірі-ірі төрт отрядтан тұратын археологиялық экспедициясы ұйымдастырылып, оның бір отрядын қола дәуірі бойынша Ә. М. Оразбаев басқарды. Экспедиция жұмыстары негізінен Ертіс-Қарағанды су каналы өтетін Орталық Қазақстанның жазығында жүргізіліп, дайындық жұмыстары нәтижесінде 3 мыңға жуық ескерткіштер бар екені анықталған. Қазба жұмыстары сол жылы Қарағанды облысы Ворошилов ауданында, Ботақара қола дәуірі қоршаулары, Осакаров ауданында Ақбұлақ (Шортанды ІІ) қола дәуірі қоршаулары және Павлодар облысы Куйбышев ауданында Тасмола, Нұрманбет (Қаражал) қола дәуірі қоршаулары, сондай-ақ Павлодар облысының Ермак ауданында Ақмола қола дәуірі қоршауларына қазба және барлау жұмыстарын жүргізеді. Бұлардың ішінде ең көп мәлімет берген Павлодар облысы Куйбышев ауданындағы Екібастұз ауылының жылқы фермасы жанындағы Шідерті өзенінің жағалауындағы Нұрманбет қола дәуірі қоршаулары болған. Онда қола дәуірінің алпысқа тарта қоршаулары тізімделіп, 40 қоршаудан 60 қабір қазылады. Ескерткіштердің хронологиялық мерзімдемесін ғалым б. з. д. ХІІІ-ХІ ғғ. межелейді. Бұл ескерткіштер жөнінде Ә. М. Оразбаев 1960 жылы «Білім және еңбек» журналына қысқаша ғана мақала берумен шектеліп, қазба деректерінің күнделіктері мен сызбалары мұрағат деректері болып қала берген [16, 3-43 б] .
1958-1968 жылдары жүргізілген жұмыстардың басты орталығы Шығыс Сарыарқаның солтүстік және орталық аудандарына ойысты. 1957 жылдан бастап ОҚАЭ-ның құрамындағы ерте темір дәуірінің жеке отрядын басқарған М. Қ. Қадырбаев 1959-1963 жылдар аралығында Павлодар облысы Екібастұз ауданындағы Шідерті өзенінің бойындағы Тасмола 1-6, Қарамұрын 1-2, Нұрмамбет 1, 2, 4 обалары сынды керемет ескерткіштерді ашты.
1964-1966 жылдардағы жұмыстар Шығыс Сарыарқаның орталық аудандарындағы ескерткіштерді зерттеуге бағытталды. Шет ауданындағы Талды өзенінің аңғарындағы Қызылқой, Талды-2, Ақсу-2 қорымдары қазылды. Павлодар облысының Баянауыл ауданында Қорғантас қорымы, Қарқаралы ауданында Қараоба қорымы зерттелді. Бұл ескерткіштер жөнінде тек қана сипаттамалар ғана сақталған, себебі ескерткіштердің мәнді дәйектер алынбағандықтан [17, 112-116 б. ] .
1967-1968 жылдар аралығында, сондай-ақ, Шығыс Сарыарқаның оңтүстік шегіндегі Балхаш өңірінің солтүстік-шығысындағы қорымдарды зерттеуге көңіл бөлінді. Қотанемел 1-3, Жалғызтау, Тесіктас1-2 т. б. қорымдарының бірқатар обалары ашылды. Осы жұмыстар нәтижесі 1975 жылы жарияланды. Жерлеу орындарын сипаттау, олардың белгілі бір мдениетке жататындығын анықтаумен қатар, М. Қ. Қадырбаев табылған қола құралдардың химиялық құрамын зерттеуге және оны Шідерті металымен салыстыруға көп көңіл бөлді [18, 127-132 б. ] . Ғалым осы жылдардағы жемісті ізденістері нәтижесінде Орталық Қазақстанның ерте темір дәуіріне қарасты Тасмола археологиялық мәдениетін ашып, оның негізгі сипаттамасын береді [2, 304-433 б. ] . М:Қ. Қадырбаев «мұртты» обалардың негізгі тобы - осы тасмола тайпаларының қалдырған жәдігерлері екендігі анықталды, олардың таралу картасы, сондай-ақ, төрт түрді қамтитын типологиясы жасалды [2, 308-310 б. ] .
М. К. Қадырбаев «мұртты» обалардың ғұрыптық мәнін ашуда жоғарыдағы ғалымдар пікірлерін қолдай отырып, жылқы сүйектерінің молынан кездесуіне байланысты жылқыны қастерлеудің маңызы бар екенін баса айтып, ғылымға енгізді.
Археология ғылымына «мұртты» обалар деген атпен енген ерекше ескерткіш түрін зерттеуде алғашқылардың бірі болып өз ойын білдірген Ә. М. Оразбаев есімі екені баршамызға белгілі. Осы ескерткіштердің таралу аймағы кең болғанымен де, зерттелу жағы соңғы жылдарға дейін түбегейлі колға алынбай келді. Бірак азды-көпті болса да зерттеушілер пікірлері бір жерден шығып, карама-қайшылықсыз даму үстінде болды.
Ә. М. Оразбаев та «мұртты» обаларды ғұрыптық ескерткіштер деген пікірді ұстанды. Оның болжамы бойынша, мұндай ескерткіштер ежелгі дәуірдің діни салтанаттары кезінде құрбандыққа ат шалу дәстүрімен, қасиетті күн төңіріне табыну идеяларымен сабақтас болғандығын айтты [19, 176 б. ] . 1950-60-шы жылдары М. К. Қадырбаев ескерткіштердің алғаш типологиясын жасап, оларды мерзімдеп, Орталық Қазақстанның ерте темір дәуірі бойынша Тасмола мәдениетін ашты [17, 303-308 б. ] .
Ә. М. Оразбаевтың еңбектерінің құндылығын арттыра түсетін келесі бір жұмысы Орталық Қазақстан жеріндегі ерте темір дәуірінің Тасмолалық ескерткіштерге жасаған жаңғыртпасы мен сол құрылысты жасаушы адамдар дүниетанымына деген көзқарасы. Тасмола мәдениетіне тән археология ғылымына «мұртты» обалар деген атпен енген ерекше ескерткіш түрін зерттеуде алғашқылардың бірі болып өз ойын білдірген де Ә. М. Оразбаев болатын. Мұртты обаларды ғұрыптық ескерткіштер ежелгі дәуірдің діни салтанаттары кезінде құрбандыққа ат шалу дәстүрінің, қасиетті күн тәңіріне табыну идеяларымен сабақтас болғандығын айтты. Сөз болып отырған ескерткіштердің негізгі мәнін ашуда «Жанайдар қорымындағы мұртты обаның архитектурасы» атты еңбегінде тереңірек үңіліп, жан-жақты ашуға тырысты [19] . «Мұртты» обалардың құрылысын даму эволюциясын қола дәуірінің ғұрыптық шеңберлерінен бастау алатынын айтады. Тас тізбегінің басындағы үйіндісі немесе шеңбері соның сарқыншағы дейді. Осындай өз дәлелдерімен байламдарын айта келіп Жанайдар қорымындағы «мұртты оба» Қазақстандағы ең көне архитектуралық құрылыстардың бірі дейді. Ә. М. Оразбаевтың бұл еңбегі ғылымда «мұртты обаларды» зерттеудегі ең алғашқы архитектуралық жаңғыртпа жасау болып табылады.
Жанайдар қорымы Қарағанды облысы, Ұлытау ауданындағы Қаракеңгір өзенінің шығысына карай 10-12 шақырым жерде кішігірім төбенің етегінде орналасқан. Жалпы Қаракеңгір өзені жағасына қола дәуіріне жататын 58 қоршау және екі «мұртты» оба орналасқан. Бірінші «мұртты» оба қоръшының шығыс шетінде орналасса, екіншісі одан 200 метр оңтүстікке қарай орналасқан. Қорымда қола дәуірінің үш қоршауы және бір «мұртты» оба зерттелінді [19, 177 б. ] .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz