Мұхамбет Салық Бабажанов еңбектеріндегі қазақ этнографиясы


Мұхамбет Салық Бабажанов еңбектеріндегі қазақ этнографиясы
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 7 1 Қазақ халқының рухани мәдениетіне қатысты этнографиялық деректер . . . 12
- Бөкей ордасындағы оқу ісі туралы деректер . . . 12
1. 2 М. Бабажановтың Бөкей ордасындағы діни мәселелер туралы жазбалары . . . 17
1. 3 М. Бабажановтың қазақтың мақал, мәтел, жұмбақ, тақпақтары туралы жазбалары . . . 20
2 М. Бабажановтың қазақ тұрмыс тіршілігіндегі өзгерістер туралы жазбалары . . . 25
2. 1 М. Бабажановтың орыс жағрапия қоғамындағы қызметі . . . 25
2. 2 Қазақтың тұрмыс тіршілігі туралы деректер . . . 28
2. 3 Жылқы шаруашылығы мен аңшылыққа қатысты жазбалары . . . 34
3 М. Бабажанов еңбектерінде патшалық Ресейдің отаршыл саясатының зерделенуі . . . 43
3. 1. Бөкейліктердің Оралдың орыс-казактармен қарым-қатынасы туралы . . . 43
3. 2 Жер мәселесіндегі әділетсіздіктер туралы деректер . . . 47
3. 3 М. Бабажановтың қазақ ұлтының болашағы жөніндегі тұжырымдары . . . 52
Қорытынды . . . 58
Пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімі . . . 61
Қосымшалар . . . 63
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Бүгінгі және келер ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру мен дамыту өткеніміздің әлеуметік тәжірибесі арқылы қалыптасады. Ел тарихын, өзің өскен ортаның тарихын, тарих қойнауындағы әрбір құбылыстың, өзгерістердің қыры мен сырын терең білу арқылы тарих даналығына қанығамыз. Тұлғатану арқылы жас ұрпақтың ұлттық рухы биік болуына қызмет етеміз. Себебі, тарихымызда сан-салалы қызметімен елге адал қызмет етіп, тарих төрінде орын алған тұлғаларымыз жеткілікті.
Тарихтың бетінде, халықтың есінде аты да, хаты да сақталған, мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухани қазынасына айналып отырған қазақ жерінің қасиетті тұлғалары аз емес. Олардың озық тобын толықтыруға лайық талай боздақтардың есімі таптық өшпенділікке суарылған кешегі кеңес заманында ұмыт қалдырып келді. Олардың атын атауға мұралары мен еңбектерін білуге тыйым салынып, тосқауыл қойылды. Ал бүгінгі бұл қымбатты есімдер, олардың мұралары халқына қаз қалпында қайтарылуда. Ежелден қазақ жері қарақан бастың қамын ғана ойлайтын құл емес, халқына ұл болып туған озық ойлы тұлғаларға кенде емес. Олар қазақ болғаннан бері барлық ғасырларда да кездеседі. Кешегі Абай, Ыбырай, Шоқандар өмір сүрген ХІХ ғасырда да аз болмаған. Солардың бірі - қазақ жерінен шыққан зерделі тарихшы, этнограф, дарынды публицист Мұхамбет-Салық Бабажанов. Мұхамбет-Салықты ел-жұрты көбіне Салық деп қысқартып атаған. Ол 1834 жылы Бөкей ордасында қазіргі Орда ауданында туған. Әкесі Жәңгір ханның қайын атасы, Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің шығуына себеп болған қанқұйлы қатыгездігімен қазақ жұртшылығына кеңінен танылған Қарауылқожа Бабажанов [1, 114 б. ] . Бірақ, «Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз, жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз» дегендей халық қатал әкеден туған қайрымды ұл Салықты көзі ашық, көңілі таза, жаны жомарт, жүрегі кең адам ретінде таниды.
М. Бабажанов есімі белгілі Жәңгір ханның мектебін бітіріп және оның қамқорлығымен 1845 жылы М. Бекмұхамедов, Ж. Ниязов, М. Жантөриндермен бірге Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқыған 8 жастың бірі. Бұлардың бәрі де кейін ел алдында абыройлы қызмет атқарған алғашқы білімді қазақ азаматтарының қатарынан орын алды. Кадет корпусын аса зейінділігімен оқып, үлгілі-тәртібімен бітіріп көзге түскен ол 1851 жылы Орынбор қаласындағы Шекара комиссиясына 19 жасында жұмысқа орналасады. Алайда, сол кездегі теңсіздік, әділетсіздік, патша әкімдерінің жергілікті халықтарға жасаған шектен тыс озбырлығы, Жайық бойын жайлаған казактардың мейрімсіздігін көріп, аталған жұмыста көп тұрақтай алмайды. Жас Салық халық жағына шығып, олардың сөзін сөйледі. Жәбірленушілердің арыз-шағымын жазып беріп, оның оң шешілуіне қолынан келгенінше жәрдем жасады. Оның бұл ісі әрине, патша әкімдеріне ұнамады. Ақыры өтірік-шыны аралас дәлелдер тауып, Салықты жұмыстан қудырды, жер аудартты, соңына аңдушы қойды. Дегенімен қайда жүрсе де өзінің білімімен, әділеттілігімен, азаматтық жолдан таймаған оның жақсы қасиеттерін таныған Орынбор Шекара комиссиясы оны Ішкі Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің кеңесшісі етіп тағайындайды [1, 115 б. ] .
Бабажанов қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни нанымы, аңшылық кәсібі жөнінде еңбектер жариялады. Халықтың көне тарихи мұраларын, аңыз-ертегілерін, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін жинап, зерттеді. Ресей музейлері мен ғылыми мекемелеріне қазақ тарихы мен тұрмысына қатысты археологиялық, этнографиялық жәдігерлер жіберді. 1861 жылы Орыс георграфиялық қоғамының мүшесі болып сайланды. Этнография бөлімінің жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін 1862 жылы аталмыш коғамның күміс медалімен марапатталды.
Кеңес өкіметі кезінде мүлде атаусыз қалған М. Бабажанов есімі қазақ елі теңдік, азаттық алғаннан өз тұғырына қайта көтерілді. Ресей Географиялық қоғамына мүшелікке Шоқан мен Семенов-Тянь-Шанскийдің кепілдеме бергені оның ғалымдық дәрежесін айқындай түседі. Мұның сыртында ғылыми еңбектері үшін М. Бабажанов Ресей Географиялық қоғамының күміс медалімен Орта Азия және Қазақстан ғалымдары арасында тұңғыш алған қайраткер екенін де айтып өткен жөн. Ең алдымен айтар сөз сан қырлы саңлақ талант өз отанына, ел-жұртына деген ыстық та айнымас махаббатын ерекше қабілеті арқылы танытып та, дәлелдеп те берген ары биік, ойы терең, ақылы кемел азамат ретінде өмірден ерте өтті. М. Бабажанов - ХІХ ғасырдың орта кезінде Шоқанмен қатар шыққан белгілі ғалымдардың бірі. Тағы бір ғажабы оның өмірі де, өнері де, өресі де, тіпті білім дәрежесі де Шоқанға өте ұқсас. Екеуі де текті атадан, екеуі де зиялы ортадан, екеуі де бір мектептен. Ең ақыры тағдыры да ұқсас болды, екеуі де өмірден ерте өтті [2, 71 б. ] .
М. Бабажановтың атын шығарған оның ғылыми-этнографиялық және публицистикалық шығармалары еді. Сегіз қырлы, бір сырлы ғалымның бұл еңбегі айрықша тоқталуды талап етеді. Қуғындағы кезінде де, бақытты кезінде де ол қаламын қолдан түсірмей, әділдік, шындық жолындағы өткір мақалаларын жариялап, күресін тоқтатқан жоқ. 1854 жылдан бастап Санкт-Петерборда, Орынборда және іргелес Астрахань губерниясында шығып тұратын «Северная пчела», «Санкт-Петербургские ведомости», «Деятельность», «Охота», «Волга», «Орыс географиялық қоғамының хабарлары мен жазбалары», «Этнографиялық жинақтар» сияқты газет-журналдарды жаздырып алып, оқыды және оларға мақалалар жазды. М. Бабажанов заманы алғашқы қазақ зиялыларының туып, өсуі мен шетел және орыс саяхатшылары мен ғалымдарының қазақ өлкесін зерттей бастауымен тұтас келді. Орыстардың жергілікті халық өмірі мен тарихын, әдет-салтын білмей жазған, көбінесе теріс пікірде құраған мағынасы тайыз мақалаларын оқыған ғалым қолына қалам алып, көптеген мәселелерді өзі жазды. Және білгірлікпен дәйекті түрде жазды. Оның бұл мақалалары жоғарыда аталған газет-журналдар кідіріссіз жариялап тұрды. М. Бабажановтың жазған ғылыми еңбектері, табыстары айта берсек өте мол. Нарын құмынан табылған әйел мүсініндегі балбал тас үшін ол күміс медальға ие болды. Сонымен бірге ғалымның батыс қазақ жерінің кен байлығы, географиялық ерекшеліктері топономика, этнография, тарих саласындағы еңбектері де бар [3, 4б. ] . Ғалымның еңбектері қазіргі уақытта қазақ этнографиясы үшін құндылығын жоймайтын құнды деректер болып табылады. Мұхамбетсалық Бабажановтың жоғарыда аталған саяси-қоғамдық, ғалымдық, шығармашылық - еңбектерін зерттеп ашып көрсету тақырыптың өзектілігін көрсетеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Салықтың өмір жолы, ғылыми мұралары аз зерттелген. М. Бабажанов еңбектерінің көпшілігі көз тірісіндеде және дүниеден өткеннен кейін жарияланған. Бір өкініштісі сол, оның баспасөзге басылмай қалған еңбектері табылмай кеткен. Артына көп мұра қалдырған М. Бабажанов туралы тек соңғы жылдары көп еңбектер жарық көре бастады.
Салық Бабажанов туралы біршама толық мағұлмат берген көрнекті этнограф-ғалым, тарих ғылымының кандидаты Едіге Алдабергенов Масанов еді. 1965 жылы зерттеу экспедициясының құрамында жүріп, қайғылы қазаға ұшыраған ғалым артына көптеген ғылыми мұраларын қалдырды. Оның 1964 жылы «Россиядағы қазақ халқының этнографиялық тұрғыдан зерттеу», сондай-ақ 1966 жылы «СССР-дағы қазақ халқының этнографиялық тұрғыдан зерттеу тарихының очерктері» деген еңбектері жарық көрген. Осы еңбектерінде Алтынсарин Ы, Дауылбаев Б, Жантөрин С. А, тағы басқалармен бірге Салық Бабажановтың өмірі мен мұралары туралы айтылады [4] . Осы еңбектен Салық туралы біршама толық мағұлмат алуға болады.
Салық Зимановтың «Россия и Букевское ханство» деген еңбегінде Бабажанов туралы шағын түсініктеме мен оның мақаларынан келтірген [5] . 1889 -1990 жылдарда Ү. Сұхамбердина «Дала Уалаяты» газетінде 1888-1894, 1885-1828 жылдарда басылған мақалалардың жинағын шығарды [6] . Осы жинақтағы газеттің 1876 жылғы 28, 33 сандарында, 1877 жылғы 10-12, 31 сандарында Бабажановтың қазақ мақал, мәтелдерін бастырғаны туралы айтылады [6] . Сонымен бірге Қазақтың мемлекеттік ұлттық кітапханасының сирек кітапханасының сирек кітаптар қорында Н. П. Ивлев пен Н. Э. Масановтың «Этнограф и публицист ХІХ в М. С. Бабажанов» деген машинкаға басылған 18 беттік қолжазба сақталған [7] . 1990 жылы жарық көрген «Мұра атты» жинақта К. Отарбаевтың «Мұхамбет Салық Бабажанов» атты мақаласы басылған [8] . Оның бер жағында 1993 жылы профессор Х. Мадановтың алғы сөзі мен Салық Бабажанов «Этнографиялық мақалалар» деген еңбек жарық көрді, [9] оған оның мақаласы енген. Салық жөнінде біршама толық мағұлматты профессор Х. Маданов пен тарих ғылымдарының кандидаты А. Мұсабаева екеуі жазып жариялаған «Мұхамбет Салық Бабажанов» атты кітаптан алуға болады [10] . Одан басқа да Т. Боранғалиұлы (/«Егемен Қазақстан» 24. 11. 1995ж. ) . С. Даумов («Жас Алаш», 16. 07. 2002ж. және 29. 06. 2002ж. ) және басқа көп ғалымдар көп еңбек сіңірді. 2007 жылы «Алтын кітап» баспасынан шыққан 50 томдық Қазақ этнографиясының кітапханасы кітабының 19-шы томы Мұхамбет Салық Бабажановқа еңбектеріне арналды [11] . Осындай білімді, зиялы қауым арқасында М. Бабажанов өмірге қайта оралды
Зерттеудің деректік негізі. М. С. Бабажановтың «Қымыз туралы жаңалық», «Орал казак-орыстары мен Ішкі Орда қазақтарының айтысы», «Ішкі қазақ Ордасының жылқылары және оны бағу», «Нарын құмы жөніндегі мәліметтер», «Ішкі Бөкей ордасындағы аңшылық» және өзге де мақалалары мен зерттеу еңбектері өте құнды дерек көздері болып табылады. Әсіресе, мұндағы жылқы, қымыз жөніндегі жазбалары күні бүгінге дейін құны жоғалмайтын дүниелер. «Заметки киргиза о киргизах» («Қазақтың қазақтар туралы жазбалары») 1861 жылы Санкт-Петерборда басылған. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасының, Отырар кітапханасының қорларында сақталған, сонымен қатар БАҚ беттерінде жарияланған М. С. Бабажановтың мақалалары диплом жұмысының деректік негізін құрайды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Диплом жұмысының негізгі мақсаты Мұхамбет Салық Бабажанов еңбектеріндегі қазақ этнографиясын жан-жақты зерделеу болып табылады. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттер қойылды:
- Бөкей ордасындағы оқу ісі және діни мәселелер туралы деректерді жан-жақты талдау;
- М. Бабажановтың қазақтың мақал, мәтел, жұмбақ, тақпақтары туралы жазбаларын талдау;
- Мұхамбет Салық Бабажановтың орыс жағрапия қоғамындағы қызметін қарастыру;
- Қазақтың тұрмыс тіршілігіндегі өзгерістер туралы деректерді талдау;
- Жылқы шаруашылығы мен аңшылық туралы деректерді зерделеу;
- Бөкейліктердің Оралдың орыс-казактармен қарым-қатынасы, жер мәселесіндегі әділетсіздіктер туралы деректерді тыңғылықты талдау;
- Мұхамбет Салық Бабажановтың қазақ ұлтының болашағы жөніндегі тұжырымдарын зерделеу.
Зерттеу жұмысының теориялық-методологиялық негізі. Тақырыпты талдауда біз соңғы жылдары заман ағымына байланысты отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңа методологиялық бағыттарды негізге алдық. Зерттеу барысында жүйелілік, объективтілік, тарихи-салыстырмалылық секілді ғылыми таным принциптерін басшылыққа алдық. Сондай-ақ, осы тақырып төңірегінде соңғы уақытта қалыптасқан жаңа ғылыми бағыттарды, тұжырымдар мен ой-пікірлерді мүмкіндігінше нақты басшылыққа алып, зерттеу барысында талдау, жинақтау, қорыту әдістері қолданылды.
Тұлғатану мәселесі қоғамдық ғылымдардың ішінде, негізінен, тарих, этнология ғылымдарында тұлғаға қатысты зерттеулерде кездеседі. Жоғарыда аталған ғалымдардың бүгінгі таңда әлі де ғылыми теориялық мәнін жоймаған қағидалары, көзқарастары басшылыққа алынды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:
- М. Бабажанов жазбаларында Бөкей ордасындағы оқу ісі мен діни мәселелер туралы жан-жақты жазылған;
- М. Бабажанов қазақ халқының мақал, мәтел, жұмбақ, тақпақтары жөнінде ғылыми мақалалар жазып, құнды тұжырымдар қалдырған;
- Мұхамбет Салық Бабажанов орыс жағрапия қоғамында қызметте жүрсе де қазақ халқының игілігі үшін қызмет жасады;
- Қазақтың тұрмыс тіршілігі, жылқы шаруашылығы мен аңшылық туралы туралы құнды деректер қалдырған;
- Ресейдің отаршыл саясаты, жер мәселесіндегі әділетсіздіктер туралы деректер қалдырған. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне енген өзгерістер талданған;
- Мұхамбет- Салық Бабажанов қазақ ұлтының болашағы жөнінде құнды ғылыми тұжырымдар қалдырған. Бұл тұжырымдар бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ.
Диплом жұмысының құрылымы: Дипломдық жұмыс кіріспеден, үш тараудан әр тарау үш тақырыпшадан, қорытынды мен пайдаланған деректер мен әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
1 Қазақ халқының рухани мәдениетіне қатысты этнографиялық деректер
1. 1 Бөкей Ордасындағы оқу ісі туралы деректер
Мұхамбет-Салық Бабажанов - туған халқы және оның ар-абыройы мен теңдігі үшін қайрат-жігерін аямаған, әділдік жолдан таймаған аяулы, білімді, зерделі азаматтардың бірі, публицист, ғалым-этнограф әрі экономист. «Ақылы жоқтың - арманы жоқ» дейтін қазақтың білімді, ғылымды аңсамаған, оған ұмтылмаған күні жоқ. Сондықтан да оның нақты көріністері біздің қазіргі тіршілік салтымыздың шешуші, айқындаушы күші болып табылады. Өйткені қол жеткен деңгейді онан әрі жетілдіру үшін халқымыздың мәдени дамуындағы өзекті мәселелерді шешу үшін қам жемесек ілгерілеу, алға басу болмайды. Мұны ХІХ ғасырдың орта шеніндегі Ішкі орда билеушілері де жақсы түсіінген. Сөйткенде олар оқу-тәрбие жұмысы белгілі бір жүйеге, бірізге түсірілген, ғылымның әрбір саласын мағұлмат беретін мектеп ашу мәселесін ойластырған.
Осындай оқу орынының ұйымдастырылуы үшін қажырлы қам-қарекет жасаған Жәңгір хан 1826 жылы Қазан қаласына барып, ондағы университетте болды [12, 8 б. ] . Оқу орнының ұстаздар ұжымы, ғылыми кабинеттеріндегі бай мұралармен танысқанда университет редакторы Фукске өзінің жастарды дәл осындай университеттерге түсіп оқу үшін дайындайтын мектеп ашқысы келіп жүргенін айтқан. Фукс риза болып «Өзінің жас кезінде, хандығының бас кезінде, тіпті Ордада бірде-бір үй тұрғызылмаған кезде оның білімнің пайдасы жөнінде осы бастан ойлануы қандай ғанибет!» - депті сонда.
Шынында да Жәңгір хандықты қолға алғанға дейін білім беру мәселесі Ішкі ордада қозғаусыз жатқан іс еді. «1801 жылға дейін - деп жазады Салық Бабажанов, - осындағы қазақтарға «жазу» деген сөз де тіпті таныс емес еді, «жазу»деген сөзді ертегілердегідей қиял-ғажап сияқты, мысалдар айтсақ ауадағы бу секілді елестейтін. Осы кезден бастап, яғни Орал өзенінің оң жағына көшіп келгеннен кейін біздің адамдар «жазу»дегеннің өз ойыңды сөзбен жеткізіп беретін құрал құдіретті керемет екенін түсіне бастады . . . Халық арасында үлкен әңгіме мен ынта, талап тудырды. Барлығы да тіпті мәртебелі хан да жазудың қасиеттеріне бас имей тұра алмады. Осының өзі-ақ қазақтарға жазудың - сауаттылықтың құдіреттілігін мойындатты» [9, 16 б. ] . Осы құдіретті игерудің бірден бір жолы мектеп ашу, жастарды оқу, білімге тарту еді. Мұны Бөкей хан да, Жәңгір хан да жақсы түсінді. Жәңгір хан жоғары орындарға, патша әкімшілігіне әлденеше мәрте хат жазып, Ордада қазына есебінен мектеп ашуды сұрап өтініш жасады. Бірақ бұл мәселенің шешілуі ұзаққа созылып, тек 1841 жылы ғана оған ресми рұқсат алудың сәті түсті. Сол жылғы сәуір айында сұлтан-правитель Шоқа Нұрғалиевке жолдаған осы хатында істің орайласып келе жатқанын хабарлап, Жәңгір хан былай деп жазған. «Биылғы жылы мен Ордада мектеп ашуды ойлап отырмын. Өз балаларын орташа ақымен оқуға беруге тілек білдіргісі келгендердің бәрі маған өтініш жасай алады. Өзінің қарауындағы халықты, әсіресе сұлтандарды балаларын мектепке оқуға беруге үгіттейді деп есептеймін», деді Жәңгір хан. Бұдан әрі ол мектеп ашудың қазақ халқы үшін қаншалықты пайдалы екенін мынандай өзек жарды сөздермен жалғастырған: «Сіз тумаластарыңыз бен достарыңызға тиісті адамдардың бәріне қәзір ғылымның соншалық зор пайда әкеліп отырғанын, біздің немерелеріміз соншалық жақсы өмір сүре алмайтынын, алдағы уақытта сауатсыз және орыс тілін білмейтіндердің рубасы және басқа қызметке тағайындамайтынын, бізге қазақтардан дәрігерлердің болуы соншалық пайдалы және тиімді екенін, қандай да бір талабымыз бен ақшалай шығынымыздың егер ол жасөспірімдерді оқытуға жұмсала жүз есе жемісті болатынын, басқа игілікті және қайырымды істен гөрі ғылымды дамытуда Алла тағаланың заңдары мен ақиқаты жөніндегі білімді игеріп, Ресейдің ұлы патшасы мен халыққа адал қызмет ету қажеттігін түсіндіруге сіздің күш-жігеріңіз бен ақыл әсеріңізді жұмсайтыныңызға сенемін» [13, 170 б. ] .
Бұл тұста хан ордасында мектеп ашуға әзірлік қызу жүргізіліп жатқан болатын. Терезелерін оңтүстікке қаратып салдырған екі қабат мектеп үйі іске қосылып, жан-жақты жабдықталып, шәкірттерін қабылдауға әзір тұрды. Бұрын мұндай мектепті көріп білмеген ордалықтар мұнда оқудың орысша жүретінін естігенде балаларымызды шоқындырада деп оған үрке қарады. Бірақ Жәңгір хан өзінің екі баласын бірдей осы мектепке беріп, шоқыну жағынан қауіптің жоқ екенін жұрттың көзін жеткізді. Сонымен оқуға іріктеліп 25 бала алынды. Бұл оқушылардың 16-ы үйден келіп, жетеуі сол мектеп үйінің ішінен ашылған жатақанға орналасып, басынан оқыған. Оқу ақылы болған.
«Осы мектепке оқушыларды тізімдеу кезінде сыңаржақ пікір қайшылығы болмай қалмаған», деп жазады «Жәңгір хан» кітабының авторлары. Ханның шіріген бай, анау- мынауды менсіне бермейтін кертартпа билерінің бірі Шыман «Білімге жүгіну төре мен қожаның тұқымына жарасқанмен қара сирақ қазаққа жараса ма? Оқу шіркін де оқығанның бәріне бірдей емес, зерделісіне таңдап қонатын шығар, көзін тырнап ашқаннан қозының соңына түсіп, боғын қурайға шаншып өскен кем талап ертеңгі күні «би» астында нұқат, «ти» астында нұқаттан аса алмай мектептің қадірін қашырар. Одан да балам қағазға үңілсін, қалам шұқысын деп жүрген қара сирақтардың баласын алты қырдың астына айдап сал», деп ханға кеңес айтып, мектепке тек қана ығай мен сығайдың ұрпақтарын алдырмақшы болған [14, 20-21 бб. ] . Хан оқу-білімге талапты жастың бәріне ортақ деп мұндай кертартпа пікірлерге құлақ аспай, мектептегі оқу сапасын, тәртіп, тәрбие жайын өзі бақылап, жөн сілтеп отырған. Жәңгірдің мұндай әділдігі мен оқу-білім жолындағы күш-жігерін жұрт жоғары бағалады. «Өзінің ордасында ол мектеп ашып, онда Мұхаммед хадистерін үйрететін және орысша сауатылықпен орыс тілін оқытатын 60 адамдық орын болды, - деп жазады Салық Бабажанов. - Бұл мектеп әлі күнге дейін Жәңгір мектебі аталып, Ордада өмір сүріп жатыр. Қазір мұнда 30 балаға Орданың шаруашылық қаражатынан ақша төлеп тұрады. Жасыратын жоқ, айта кеткен жөн, Ішкі орда халқы өздерінің мәдени өмірлерінің Бөкей ханға әсіресе Жәңгір ханға алғыс айтуға міндетті» [9, 73 б. ] .
Жәңгір мектебі аталып өмірге келген бұл оқу орнының ашылуы кезінде Ішкі ордадағы орасан зор қуанышты оқиға болды. Оны көру, хан жаңалығын құттықтап, қайырлы болсын айту үшін тарту-таралғысын алып, хан ордасына халық ағылды. Олар өз ұрпақтарының келешегін осы мектеппен байланыстырылып, оған зор үміт артты.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz