Қазақ халқындағы жүзге кірмейтін субэтникалық топтар: тарихи-этнографиялық зерттеу


«Қазақ халқындағы жүзге кірмейтін субэтникалық топтар: тарихи-этнографиялық зерттеу»
Кіріспе
Тақырыптың өзектілігі. Тарихи өзгерістер салдарынан ұмыт қалған дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғырту, жан-жақты зерттеу арқылы ұлттық құндылықтарды арттыру қазіргі кезеңде аса қажет екені даусыз. Бүгінгі күнде этнологтардың зерттеу бағыттарының бірі, жалпы этнос құрамындағы белгілі бір этникалық топтың болмысы болып табылады. Осы орайда этностың тұтас бейнесі мен ерекшелігін құрайтын - этностың шығу тегі, оның басқа халықтармен қарым-қатынасы, туыстық байланыстары т. б. мәселелерін зерттеу этнография, антропология ғылымындағы арнайы міндеттердің бірі.
Қазақстан тарихындағы қожалар, сунақтар, төрелер, төлеңгіттер сияқты субэтникалық топтардың этногенезі мен этникалық тарихын және этномәдениетіндегі ерекшеліктерін ғылыми тұрғыда зерделеу қазақ этнографиясы үшін маңызды мәселелердің бірі. Сол себептен зерттеудің басты мақсаты қазақ халқындағы субэтникалық топтардың шығу тарихы, олардың территориялық орналасуы және тұрмысы мен мәдениетін, оларға қатысты аңыз-әпсаналар мен әулиелі жерлер мен киелі орындар туралы аңыздарды да тарихи дерек ретінде пайдаланып, толыққанды, жан-жақты тарихи-этнографиялық тұрғыда зерттеп саралау заман талабы.
Қазақтар арасында генеалогиялық қатынасқа түспейтін субэтникалық топтардың шығу тарихы, саяси әлеуметтік құрылымы мәселелері осы уақытқа дейін төл тарихнамамызда шынайы зерттеліп бір арнаға түсе алмай келген. Кейбір зерттеулерде бұл мәселелер үстірт қарастырылған.
Қазақ қоғамында қожалардың және төрелердің әлеуметтік категория ретінде танылуына байланысты, олардың құқықтық, қоғамдық және жеке нормалық тәртіптеріндегі әдет-ғұрып заңдары, оның дәстүрлі құқы мен ережелерінде құқықтық артықшылықтары мен міндеттері анықталды. Осылайша уақыт өте келе олардың қоғам дамуына сай дараланып, басқа руларға қарағанда тұтас келбеті ерекшеленді.
Мәселен, қожалар өзіндік болмыс-бітімімен әдет-ғұрып, салт-дәстүріндегі ішкі этномәдени ерекшеліктерімен дараланған этникалық топтың бірі. Қазақ қожалар қазақи этномәдени ортада өмір сүргендіктен, олардың өзіндік әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысында кейбір ерекшеліктің сақталғандығына қарамастан, сол халықпен сіңісуі де қоғамдық табиғи заңдылық. Мұндай этномәдени ерекшеліктерге мән беріп, олардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі мен тұрмысына жергілікті ортаның әсерін де қарастыру зерттеу жұмысының барысында орын алады. Сондықтан да олардың әдет-ғұрып, салт-жораларындағы ерекшеліктері, айырмашылықтары мен өзгешеліктері жаңа және дәстүрлі салттық жүйелердегі нақтылы этномәдени көріністері - этнология ғылымында зерттеушілер назарын аударып отырған тақырыптардың бірі.
Қазақстан тарихында қожалардың этникалық шығу тарихы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу аймағында ислам дінінің енуі негізіндегі рухани процестермен тікелей байланысты. Еліміздің қоғамдық саяси өмірінде қожалар ұрпақтарына жала жауып, қуғын-сүргінге ұшырату кезеңі ХХ ғ. ортасына дейін белең алды. Қожалардың қазақ даласында дін уағыздап таратудағы орны мен діни қызметтердегі ролі «панисламист», «дін таратушы», «дін таратушылар ұрпақтары» деп танылып, қожалардан шыққан ақындар мен жазушылар, ғалымдар сияқты жеке тұлғаларға да теріс көзқарас қалыптасты. Олардың тарихымызда елеусіз қалуының басты себебінің бірі де осы еді.
Ал төрелердің Қазақстан тарихындағы орны Шыңғысхан жоығымен байланыстырылса, басқа кіші субэтникалық топтар әр түрлі себептермен өз қауымдарынан шығып, басқа рудың құрамына еніп кеткен топтардың да бар екендігі этнология ғылымындағы баса назар аударатын мәселелрдің бірі.
Орта Азия мен қазақ халқының тарихындағы субэтникалық топтар сол халықтардың арасындағы этникалық топтардың бірі ретінде өмір сүре отырып, олар жергілікті халық арасында шартты түрде «қожалар», «төрелер», «сунақтар», «төлеңгіттер» деген атпен белгілі болды.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бүгінгі күнге дейін қазақ халқындағы жүзге кірмейтін рулар, олардың этникалық бітімі мен өзіндік этномәдени болмысы өз алдына арнайы зерттелмеген. Қазақ халқында жүзге кірмейтін рулар дегенде, ең алдымен қожалар мен төрелерге ғана баса назар аударылып, басқа субэтникалық топтар туралы айтылмайтындығы, әрине тарихи шындық.
Қожалар мен төрелердің шығу тарихы мен олардың Орта Азия мен Қазақстан аумақтарында қоныстануы ХҮІІІ ғ. мен Қазақстан тарихының төңкеріске дейінгі алғашқы жылдарындағы этнографиялық және тарихи зерттеулер болып табылатын Ресей тарихнамасында бірен-саран сипатталды. Бұл кезеңдегі зерттеулер Ресейден Қазақстанға жіберілген бірқатар ғылыми экспедициялардың жүргізілуі нәтижесінде жүзеге асқан. Осы деректер қожаларды Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтары (ізбасарлары, серіктері) Әзіреті Омар, Әзіреті Оспан, Әзіреті Әлі, Әзіреті Әбубәкір Сыдықтан таратса, тқрелер тұқымын Шыңғысханның үрпақтары деп таратады. Сондықтан да сол кезеңдегі зерттеулерде қожалар халық арасында мұсылман дінін таратушылар делінсе, ал төрелер Шыңғысхан ұрпақтары ретінде, ел басқару ісінде ерекше орын алып, қазақ қоғамының құрамындағы «ақсүйек», «асыл сүйек» топтар екендігін сипаттаумен ғана шектелген.
Біз үшін диплом жұмысын жазу барысында көмекші, әрі ең басты құралдардың бірі ретінде 50-томдық «Қазақ этнографиясының кітапханасы» бойынша біраз мәліметтер алынды [1] .
1768-1774 жж. Ресей Ғылым Академиясы ұйымдастырған экспедиция қазақтардың тұрмысы мен шаруашылығын зерттеуге бағытталды. Осы экспедиция басшысы П. С. Паллас және экспедиция мүшелерінің бірі этнограф И. Г. Георги еңбектері қазақ қоғамының саяси және әлеуметтік құрылымы мен шаруашылығы, отбасылық және туыстық қатынастар мәселелеріне түсінік берді. Бұл еңбектерде қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымындағы қожалар мен сұлтандар тарихына аздап тоқталып, олардың «ақсүйектер» тобына жататынын атап өткен. Мәселен, П. С. Паллас қырғыздар арасындағы қожалардың бұрынғы ата-бабаларын қадірлі, құрметті адамдар деп сипаттаса, осы экспедиция мүшелерінің бірі этнограф И. Г. Георги қырғыздарда ақсүйек топ әртүрлі, олардың жоғарғы тобын сұлтандар, орта тобын - билер, ал төменгі тобын жаратылыстары шын пейілді (шынайы табиғи адамдар) адамдар - қожалар құрады деп атап көрсеткен.
ХІХ ғ. басындағы қазақ тарихы үшін маңызды тарихи-этнографиялық тұрғыда жазылған еңбектердің бірі А. И. Левшиннің [2] зерттеуі болды. Бұл еңбекте қазақ қоғамының саяси, әлеуметтік-экономикалық және географиялық жағдайы мен этнографиялық мәліметтері, халықтың жанұялық-некелік қатынастары, бала тәрбиесі және өлікті жерлеуге байланысты жосын-жоралғылар, ас беру салттарындағы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер т. б. толығырақ қамтылып жазылды. Ал, төрелер мен қожаларға қатысты, олардың шығу тарихы, қожалар қыздарын басқа қазақ руларына бермейтіндігі және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бойынша қазақ қоғамының әлеуметтік статусындағы төрелер мен қожалардың орны сипатталды.
ХІХ ғ. соңында да қазақ қоғамының шаруашылық, әлеуметтік және әдеттік құқықтарын жинау мен отбасы және неке тарихына байланысты зерттеулер Н. И. Гродеков, А. Н. Харузин, Ш. Ибрагимов, Г. Загряжский, П. Е. Маковецкий еңбектері құрайды. Бұл еңбектерде қожалар мен төрелердің этникалық тарихына шолу жасаумен бірге, олардың жанұялық-некелік қатынастарына байланысты сипаттаулар П. Е. Маковецкий, Н. И. Гродеков еңбектерінде орын алғандығын Қазақ этнографиясының кітапханасы бойынша көз жеткіздік [1] .
Қожалар туралы басты шежірелік дерек «Насаб-наманы» ең алғаш жазып қалдырушы ХІІІ ғ. өмір сүрген Сафи ад-дин Орұң Қойлақы болды. Мұнда ҮІІІ-ХІІ ғ. ғ. Қазақстан тарихы мен осы кезеңдердегі ислам дінінің Қазақстан жеріне келу мен таралу тарихы, яғни Қазақстан өңіріне ислам дінін таратушылар мен сопылықтың пайда болуы, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан мен Сырдың төменгі ағысына дейінгі аралықтағы Қарахан билігі жөніндегі деректер баяндалған. Мұның қолжазба транскрипциясын 1992 ж. алғаш қазақ тілінде жарыққа шығарғандар Ә. Қ. Моминов пен З. З. Жандарбек болды [3] . Бұл Насаб-нама нұсқасында да Орта Азия мен Қазақстан территориясына ислам дінін таратушы Мұхаммед-Ханафия ұрпақтары: Әбдіжалил баб, Әбдірахим баб және Ысқақ бабтар екендігін атап өткен. Осы «баб» сөзінің мағынасын Ә. Марғұлан «ата», «әулие» мағынасында қарастырып, ислам дінін жақтаған абыздар деп есептеген [4] .
Қазақ халқындағы төрелер мен төлеңгіттердің этникалық қалыптасуы мен олардың қазақ халқы арасында таралуы туралы мәліметтер А. Шамғонов зерттеулерінде көрініс берсе [5], төлеңгіттердің қазақ халқындағы субэтникалық топ екендігін баса айтқан зерттеушілердің бірі М. Қ. Асылбеков [6] болды.
Қазақстан тарихын әлеуметтік-экономикалық, тарихи-этнографиялық тұрғыдан алғаш зерттеушілердің бірі Ш. Ш. Уәлиханов (1835-1865) болды. Ол Қазақстан, Орта Азия, Шығыс Түркістан тарихы мәселелерін, қырғыз, ноғай, өзбек, ұйғыр халықтарының тарихын, этнографиясын, фольклорын зерттеді. Ол өз зерттеуінде Кіші Бұқараның аумақтық негізін сипаттай отырып, ортаазиялық дін басыларын тұқым қуған Мұхаммед ұрпақтары сейіттер мен қожалар, шейхтар т. б. деп атап, олардың мемлекеттік деңгейдегі қызметтеріне жоғары баға беріп, онымен қоса сейіттердің халық арасындағы беделді әрекеттерін құптамайтындығын да білдірді [7] . Ал төрелерге қатысты олардың генеалогиялық мәселесін де өз зертеуінен қалдырмады [8] .
Қазақ қоғамының әдеттік құқықтық жүйесіндегі қожалардың басқа қазақ руларына қарағанда әлеуметтік құқық мәртебесінің жоғары екендігі жөнінде мағлұматтар көп кездеседі. Мысалы, 1824ж. Омбы Уақытша комитетіндегі қазақтардың әдеттік құқықтары мен ережелері жөніндегі бабында қожалар мен сұлтандардың, яғни тқрелердің құқықтық статус мәселесіндегі жеңілдіктері мен артықшылықтары аталады [9] .
Жалпы жүзге кірмейтін руларға байланысты ең маңыды тағы бір шежірелік дерек көзі Сайдаққожа Жүсіпұлының 1875 ж. Бұқарада 500 дана болып шыққан «Қазақ тайпаларының тарихы» деп аталатын еңбегі. Мұнда «жүзге кірмейтін қазақ рулары» деп төрелер, қожалар, сунақтар, төлеңгіт, құрама т. б. тайпаларды атап, қожалар тобына сейіттер, Қорасан тобы, Жүсіпқожа, Түрікпен қожа рулары жататындығын айтқан. Бұл шежірені Жезқазған облысы, Жәйрем қаласының тұрғыны Айтқожа Әбдірахманұлының көмегі арқылы Ж. Бейсенбайұлы жариялаған [10] .
Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы қожалардың қалыптасу тарихы ислам дінінің осы өңірлерде таралуымен тікелей байланысты. Ислам дінін алғаш қабылдау Қарахан мемлекеті тұсында болғандығын көптеген зерттеушілер еңбектерінен кездестіреміз. Мұндай еңбектер қатарына белгілі зерттеуші В. В. Бартольд еңбегін [11] жатқызуға болады. Ол еңбегінде діни қызмет саналатын ишандықтың сипаттамасын беріп, Орта Азия мен қазақ даласында ислам дінінің еніп, қалыптасуының тарихын жазады. Оның пікірі бойынша, қазақ даласының алғаш мұсылман дінін қабылдауы Қарахандық яғма тайпасынан шыққан билеуші Сатұқ Боғрахан Абд ал Керим заманында іске асты.
Орта ғасырлық жазба деректердегі жарлықтарда қазақ даласында Шыңғысхан ұрпақтары мен дін иелерінің ерекше вакуфтық жер иеліктерін иеленгендігі туралы мәліметтер ХҮ-ХҮІІІ ғ. ғ. қазақ хандығы тарихы материалдарында орын алды [12] .
ХҮ-ХҮІІІ ғ. ғ. қазақ қоғамының саяси құрылымы мен әлеуметтік жүйесі, оның экономикалық жағдайы С. З. Зиманов, М. Бижановтардың [13] еңбектерінде жақсы зерттелгенін атап өткен жөн.
ХҮІІІ-ХІХ ғ. ғ көшпелі қазақ елінің этноәлеуметтік, саяси-шаруашылық құрылымына, отбасы мен қауымына терең тарихи-этнографиялық талдау жасаған Ж. О. Артықбаевтың зерттеуінде «асыл сүйек» аталған қожалардың қазақ қоғамындағы әлеуметтік орны ерекше жақсы талданған. Ал, Тәуке хан тұсындағы қазақ хандығының саяси, әлеуметтік және экономикалық хал-ахуалын зерттеуде «Жеті жарғы» баптары бойынша төрелер мен қожаларға берілген құқықтық статусқа мән берген Э. Т. Телеуованың [14] зерттеуі назар аударарлық.
Қожалардың мұсылман дінін таратуда насихатшылық роль атқарғандығы, сопылық және ишандық дәстүрлі діни қызметтердің ірі өкілдері ретінде танылғандығын Р. М. Мустафина[15], Н. Д. Нуртазина [16], А. К. Султангалиева [17] еңбектерінде сипатталды. Бұл еңбектерде қазақ даласындағы мұсылмандықтың қалыптасуы мен таралуына тарихи талдау жасалынып, дін беделділері саналған қожалар мен сейіттердің сопылық және ишандық қызметтердегі орны ерекше болғандығы көрсетілді.
Орта азиялық көлемдегі ислам дініне, оның негізгі бағыттары мен ағымдарына қатысты және ислам дінін таратудағы тарихи тұлғаларға тоқталып өткен, соның ішінде «ишан», «пір», «қожа» терминдеріне қатысты мәліметтерді Ресей империясы территориясындағы ислам деп аталатын энциклопедиялық сөздік құрады [18] .
Қожалардың әулеттік шежірелері жөніндегі мәліметтер өте құнды. Олар «Қорасан қожалар» шежіресі, «Айқожа ишаннан бүгінгі күнге дейінгі тараған ұрпақтар» шежіресі, «Сәйітнама», «Сайд Сабұлт қожалар» шежіресі, «Қылауыз қожалар» шежіресі, «Шәмші қожалар», «Сунақтар және сунақ қаласы» шежірелері және Қытайдағы қазақтар арасындағы қожалар туралы деректер [19] . Бірақ, бұл шежірелердің кейбірі сыни көзқарасты қажет етеді.
Қожалар шежіресін зерттеуде З. З. Жандарбектің еңбегі [20] қомақты үлес болып табылады. Ол өз жұмысын «Насаб-наманың» нұсқалары негізінде, оларды өзара салыстырып талдауға арнаған. Бұл зерттеу жұмысында Насаб-наманың 7 нұсқасы мен 31 қолжазбасын негізгі зерттеу нысаны етіп алады. Қолжазбалар негізінен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан республикаларында тұратын қожа әулеттерінен алынған.
Cондай-ақ соңғы жылдары жүзге кірмейтін рулардың тарихи қалыптасуы мен теорриториялық орналасуы бойынша да бірқатар еңбектер жарық көрген. Мәселен, Ж. О. Артықбаевтың «ақкөл жайылма өңірінің қожалары» деп аталатын еңбекте Орталық Қазақстан өңіріндегі қожаларға қатысты мәсіметтер айтылса [21], М. А. Алпысбестің «Қазақ шежіресі - тарихнамалық деректанулық зерттеу» [22] деп аталатын еңбегінде жүзге кірмейтін руларды шежірелік деректер негізінде сөйлетсе, Н. Сабитовтың «Геналогия Торе» [23] деп аталатын еңбектерінде төрелердің геналогиялық қалыптасуы мен этникалық тарихына сипаттама берілсе, «Қазақ халқының құрамындағы қожалар»деп аталатын З. Ибадуллаеваның қолжазба [24] материалы да диплом жазу барысында пайдаланылды.
Ең бастысы архив материалдарының негізінде жазылған И. В. Ерофееваның «Родословные казахских ханов и кожа» [25] деп аталатын еңбек біздің зерттеуіміздің ең басты дерек көзі бола білді.
Тарихнамалық шолу көрсеткеніндей, қазақ халқындағы жүзге кірмейтін субэтникалық топтар туралы мәліметтер әртүрлі дерек көздері мен зерттеулерде кездеседі.
Диплом жұмысының деректік негізі Кеңес дәуіріне дейінгі зерттеулерді құраған «Қазақ этнографиясының кітапханасы», Ш. Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев зерттеулері мен М. Ж. Көпеевтің «Қазақ шежіресі», С. Жүсіпұлының 1875 ж. Бұқарада шыққан «Қазақ тайпаларының тарихы»сияқты шежірелік деректер болды.
Тақырыпты зерттеудің мақсаты мен міндеттері.
Диплом жұмысының негізгі мақсаты қазақ қоғамындағы жүзге кірмейтін субэтникалық топтардың- қожалардың, тқрелердің, тқлеңгіттердің, кірмелер мен шала қазақтардың өзіндік этникалық тарихы мен этникалық территориялық орналасуын көрсету болып табылады. Бұл мақсат мынадай міндеттерді тудырды:
- тарихи деректер мен ел арасынан жинақталған этнографиялық материалдарға сүйене отырып, қазақ халқы құрамындағы қожалар мен төрелердің этникалық шығу тегі, қалыптасуы, территориялық орналасуын сипаттап жазу;
- қожалар мен төрелер субэтникалық тобының тарихи қалыптасқан әлеуметтік ерекшеліктерін белгілеу;
- қожалар мен төрелердің далалық құқықтық заңындағы артықшылықтары мен жеңілдіктерін сипаттау;
- қазақ халқындағы басқа да жүзге кірмейтін кірмелер, төлеңгіттер, құрама сияқты рулардың этникалық шығу тарихы мен қалыптасуын тарихи-этнографиялық деректер негізніде айқындау.
Сондықтан да диплом жұмысында бұл міндеттерді де орындауға тырыстық.
Диплом жұмысының методологиясы мен әдістері. Тақырыпты талдауда біз соңғы жылдары заман ағымына байланысты отандық тарих ғылымында болып жатқан жаңа методологиялық бағыттарды негізге алдық. Зерттеу барысында жүйелілік, объективтілік, тарихи-салыстырмалылық секілді ғылыми таным принциптері басшылыққа алынды.
Осы мәселені сараптағанда біз этникалық, этноәлеуметтік процесстер, субэтникалық топтар жөніндегі Л. Н. Гумилевтің[26] теориялық еңбектері басшылыққа алынды.
Диплом жұмысының құрылымы. Диплом жұмысы кіріспеден, үш тараудан, алғашқы тарау үш тармақшадан, екінші тарау екі тармақша, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымшадан тұрады.
1 Қазақ халқы құрамындағы қожалар мен сунақтар тарихы
1. 1 Қожалардың этникалық тарихы ментерриториялық орналасуы
Қазақ жүздерінің құрамына кірген көптеген тайпалар мен рулардың саны да, олардың кірген уақыты мен шыққан жері де (тегі де) бірдей болмағаны күмәнсіз. Алайда, бір этностың ірі құрылымдық элементтері ретінде олар қазіргі қазақтардың ортақ этникалық бейнесінің қалыптасуында маңызды орын алған, сондықтан бұл процестегі олардың тарихи маңызы өте зор. Ендеше, қазақ халқының этникалық тарихын зерттеуде, этнос ішіндегі құрылым ретінде жүздер зерттеушілердің назарынан тыс қалмауы тиіс [27, 23 б. ] . Сондықтан да қазақ халқының құрамындағы қожалардың да шыққан тегі мәселе ауқымына байланысты келелі мәселелердің бірі. Қожалар қазақтар арасында ғана емес, Орта Азия халықтарында да, мәселен, өзбек, түрікмен, тәжік, татарлар арасында да өмір сүреді. Осы орайда, олар шартты түрде сол өмір сүрген ортасына қарай «қазақ қожа» аталуына қарай «өзбек қожа», «түрікмен қожа» және «татар қожа» аталады.
Субэтнос - өз мүшелерінен құралатын өзара комплиментарлық негізінде өзінің мінез-құлық стереотипі және қарама-қарсы қою кезіндегі этникалық жүйе. Субэтнос - этнос дәрежесінен төмен этникалық таксон. Әр түрлі субэтнос болуы этнос тұрақтылығының мәнді белгісі, өйткені субэтнос симбиоз қатынасында бола отырып, өзара міндеттерін бөліседі. Антогониялық емес қарсыластық жолымен субэтнос этностың бірлігін бұзбастан, ішкі құрылымын иілгіш етеді.
Этногенtз процесі кезінде субэтнос бір‑бірімен алмасып, пайда болып әрі жұтылып отырады. Мәселен, Ресей этногенезі барысында субэтнос казактар, поморлар, сібірліктер, («челдондар»), ескі дәстүрді ұстанушылар және т. б. бөлініп шықты. Этноста жетекші роль атқаратын субэтнос ерекшеленеді. Мысалы, XX ғасырдың басына дейін дворяндар жетекші болды, кейбір субэтнос бұрын дербес болған этностың реликт формасы болып табылады. Мәселен бірегей провансалдық роман этносы субэнос этногенез барысында француз этносына айналды [28, 160 б. ] .
Көріп отырғанымыздай субэнос белгілі бір аумақты мекендейтін этнографиялық топ, сословие, конфессионалды қауым және т. б. формаларда бола алады, алайда олардың қандай да бір этностың субэтникалық тобын сақтауы кезінде мінез‑құлық және қоршаған ортаға қарама-қарсылығы бірдей болады.
Қазақ халқының құрамында генеалогиялық қатынасқа түспейтін топтар төрелер мен қожалар, сондай-ақ кіші субэтникалық топтар да орын алады.
Қожалар үш жүзге кірмейтін тайпалар ішіндегі өздерінің болмыс-мінезімен, әдет-ғұрпымен дараланған субэтникалық топтың бірі. Қожалар тобы тарихи-табиғи күрделі процесс нәтижесінде қалыптасқан этнос құрылымының элементі болып табылатын этникалық жүйе ретінде қазақ ұлтының бір бөлігіне айналғанына да көптеген ғасыр өтті. Этностың құрылымындағы мұндай даралану Л. Н. Гумилев бойынша, субэтнос болып табылады [26, С. 108] . Субэтникалық ұғым белгілі бір этностан әлеуметтік, мәдени, әдет-ғұрыптық, тілдік, территориялық ерекшелігі бар топ. Осы орайда, қожалардың әлеуметтік ерекшеліктері мен этномәдениетінде кейбір ерекшелікті белгілерi сақталғандықтан, ол қазақ халқының құрамындағы субэтникалық топтың бірі саналады.
Қожалар елдің рухани өмірінде мұсылмандық мәдениеттің ең жоғарғы қызметшісі, сондықтан да Орта Азия мен қазақ халқы арасында мұсылман дінін таратып уағыздаушы, әрі Мұхаммед пайғамбардың алғашқы халифтарының ұрпағы болып есептеледі.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz