Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасы – Қазақстанның ортағасырлық қалаларын зерттеудің жаңа кезеңі


Пән: Мәдениеттану
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 108 бет
Таңдаулыға:   

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «МӘДЕНИ МҰРА»

БАҒДАРЛАМАСЫ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ

ҚАЛАЛАРЫН ЗЕРТТЕУДІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Кіріспе . . . 3

  1. Батыс және Орталық Қазақстан қалаларының зерттелуі1. 1. Сарайшық қаласындағы қазбалар . . . 81. 2. Жайық қалашығының зерттелуі . . . 191. 3. Бозоқ қала жұртындағы қазбалар . . . 30
  2. Оңтүстік Қазақстан аумағындағы қалалардың зерттелуі

2. 1. Сауран қаласының зерттелуі . . . 41

2. 2. Отырар қаласының зерттелуі . . . 57

2. 3. Арыс өзенінің бойындағы қалалардың зерттелуі . . . 72

2. 3. 1. Жуантөбе қалашығы . . . 72

2. 3. 2. Қараспантөбе қалашығы . . . 86

Қорытынды . . . 98

Пайдаланылған әдебиеттер . . . 100

Қосымшалар . . .

КІРІСПЕ

Жұмыстың жалпы сипаты. Ұсынылған диссертация Қазақстан аумағындағы бірқатар ортағасырлық қалалардың Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберіндегі археологиялық зерттелу барысына арналған. Диссертацияда еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі белгілі шаһарлардың археологиялық зерттелу тарихы, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жаңа кезеңдегі зерттелуі хронологиялық тәртіппен ұсынылады.

Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Мәдени мұра ұғымы халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған рухани және заттай мәдениетін көрсететін, сол халықтың жүріп өткен тарихи жолынан сыр шертетін бағалы жәдігерлік қоры болып табылады. Мәдени мұра ұғымына халықтың рухани-мәдени құндылықтары - ұлттық мәдениет, ауызша және жазбаша әдебиет ескерткіштері, дәстүрлер, әдет-ғұрыптармен қатар, халықтың заттай мәдениеті - тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштері де жатады.

Заттай мәдениеттің негізгі бөлігін археологиялық ескерткіштер мен табылған археологиялық олжалар құрайды. Археологиялық мәдени мұраға көне тұрақтар, оба-қорымдар, көне қалалар, қамал-қорған орындары, кесенелер мен мазарлар, басқа да архитектуралық ескерткіштер жатады. Олар жан-жақты кәсіби түрде зерттелген жағдайда халықтың өткен тарихы туралы көптеген құнды мағлұматтар алуға болады.

Қазіргі қоғамда мәдени мұраны зерттеу аса маңызды әрі өзекті болып отыр. Себебі жаппай жаһандану мен ғылыми-техникалық прогресс кезінде жекелеген тұлғалар мен бүтіндей халықтардың ерекшеліктері ұмыт болуға жақындай бастады. Сондықтан да халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан төл тарихы мен мәдениетін тиянақты зерттеу үшін ерекше маңызға ие бағдарлама дүниеге келді.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың 2003 ж. 13 қаңтардағы № 1277 Жарлығына сай ҚР Үкіметінің 2003 жылғы 5 қыркүйектегі № 903 қаулысымен бекітілді. «Мәдени мұра» бағдарламасы сонымен қатар ҚР Президентінің «Ішкі және сыртқы саясаттың 2004 жылға арналған негізгі бағыттары» атты Қазақстан халқына Жолдауында да аталған болатын. Аталмыш бағдарлама 2004-2006 жж. арналып, еліміздің археологиясы саласында жаңа белестер ашып берді, қазба жұмыстары жаңа қарқынмен жанданып, көптеген жаңа зерттеулер қолға алынды. «Мәдени мұра» бағдарламасы тек археологияда ғана емес, жалпы Қазақстанның мәдениет саласында айтарлықтай оқиға болып табылды.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы тарихи және мәдени байлықтарды қорғау, зерттеу және насихаттауға арналған. Оның негізгі мақсаты - елдің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және қалпына келтіру. Соның ішінде археология саласындағы басты мақсаты - маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін зерттеу және қайта жаңғырту болып табылды. Бағдарламаға енген ғылыми бағыттардың кешені ұлттық стратегияның қалыптасуында тиімді факторлар саналады. Бағдарламаның бір тарауы тарихи-археологиялық бағыт, археология және сәулет ескерткіштерін зерттеп, оларды мұражай-қорық, туризм нысандары және консервациялау мен реставрациялаудың жаңа әдістері мен тәсілдері қолданылатын ғылыми орталығы ретінде сақтау.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында бүкіл Қазақстан аумағы бойынша жүздеген ескерткіштер зерттеліп, мыңдаған көне жәдігерлер табылды. Халықтың сан ғасырлар бұрынғы қалдырған заттай асыл қазыналары ұрпақтарымен қайта қауышты. Отан тарихы жаңа ескерткіштермен, ең бастысы бұрын белгісіз болып келген жаңалықтармен, жаңа мәліметтермен толықты. Ел мұражайлары мен зертханалары да соңғы бірнеше жылда жаңа экспонаттарға қанықты, мұндай науқан бұрын болмаған болатын.

«Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстанның ортағасырлық қалаларын зерттеуде жаңа кезең болып табылды. Бағдарлама аясында еліміздің ежелгі қалалары жан-жақты зертелді, олардың зерттелуінде үлкен жаңа мүмкіндіктер ашылды. Көшпелі өркениетті қалыптастырған халқымыздың қалалық мәдениетпен де бірге біте қайнасып, жүздеген қалаларды дүниеге әкелгені мәлім болды. Әлбетте, Қазақстанның ежелгі қалалары кеңес дәуірінен-ақ белгілі болатын, бірақ бағдарлама арқылы отандық зерттеушілер көне шаһарларға жаңа тәуелсіз көзқарастар тұрғысынан қайта қарауға мүмкіндік алды.

Жазба деректерде аталатын ортағасырлық қалалық мәдениет пен қалалардың ашылуы Қазақстан археологиясында жарқын құбылыс болып табылды. Қазақстан туралы тек таза көшпелілер елі деген пікірлер туғызып келген тұжырымдарға қарсы біздің еліміздің өзіндік далалық өркениеттің бесігі болғаны дәлелденді. Зерттеуші-ғалымдар қазақ жеріндегі ежелгі қала орындарын кеңес дәуірінен бастап зерттей бастаған болатын. Дегенмен жаңа бағдарлама қалалық мәдениетті жаңа тұрғыдан зерттеуге зор септігін тигізді.

Қазақстанның ежелгі қалалық мәдениетін зерттеу бүгінгі таңда ерекше қолға алынған өзекті әрі маңызды шаралардың бірі болып отыр. Қалалар тарихын білу арқылы келешек ұрпақтар өз ата-бабаларының қалдырып кеткен асыл мұраларын сезіне алады. Үйінділер астында қалған көне шаһарларды қайта тірілту, сан ғасырлар бұрынғы жәдігерлерді сөйлету аса қажетті іс болып қала беруде. Дәстүрлі түрде көшпелілер мекені есептелетін қазақ даласының қала мәдениетін одан әрі зерттеу ешқашан да өзектілігін жоймақ емес.

Тақырыптың зерттелу деңгейі. Төңкеріске дейінгі кезеңдегі шағын зерттеулерді қоспағанда, Қазақстанның ежелгі қалаларын зерттеуде кеңес дәуірінде Ә. Х. Марғұлан, С. П. Толстов, М. Е. Массон, А. Н. Бернштам, К. А. Ақышев, Е. И. Агеева, Т. Н. Сенигова, Г. И. Пацевич, М. С. Мерщиев, Л. Б. Ерзакович, С. М. Ақынжанов сияқты белгілі археолог-ғалымдар, кеңестік кезеңде және соңғы жылдары К. М. Байпақов, З. С. Самашев, М. Е. Елеуов, Е. А. Смағұлов, М. Қожа, Б. Байтанаев, М. Хабдулина және т. б. үлкен еңбектер сіңірді. Аталған мамандар еліміздің ортағасырлық қала мәдениеттерінің зерттелуіне зор үлестерін қосты.

Қазақстанның ортағасырлық қалалары туралы кеңес дәуірінде де, тәуелсіздік жылдарында да біршама жазылды, бірқатар іргелі еңбектер пайда болды. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Қазақстанның ортағасырлық қалалары туралы Марғұлан [1], Агеева, Пацевич [2], Бернштам [3], Сенигова [4] т. б. белгілі зерттеушілер үлкен еңбектер қалдырды. Аталған зерттеушілер қазып зерттеген қала орындары «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде де қайта зерттелді.

1970-1980 жж. да Қазақстанның ежелгі шаһарлары туралы айтарлықтай еңбектер дүниеге келді, олардың арасында белгілі археолог-ғалымдар К. А. Ақышев, К. М. Байпақов, Л. Б. Ерзаковичтің ел аумағындағы аса ірі ежелгі қалалардың бірі - Отырар шаһарына арналған үш кітаптан тұратын іргелі еңбектері де болды [5-7] . Отырар қаласындағы зерттеулер 2004-2011 жж. «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде де жалғасқан болатын. Бағдарлама аясындағы соңғы жылдар зерттеулері үшін 1970-1980 жж. зерттеу нәтижелерінің маңызы зор болған еді.

Өткен ғасырдың 90-жж. соңында да Қазақстанның ортағасырлық ескерткіштері, соның ішінде бірқатар қалаларындағы археологиялық зерттеулер жалғасты, нәтижелері ғылыми мақалалар мен кейбір кітаптар түрінде жарық көрді. Қазба жұмыстары сәл кейіннен «Мәдени мұра» бағдарламасына ұласты.

2004 ж. бастап «Мәдени мұра» бағдарламасы іске қосылды, бұл Қазақстан аумағындағы ежелгі қалалардың зерттелу тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылды. Жылма-жыл жүргізілген көптеген археологиялық қазбалар, еліміздің түкпір-түкпіріне шығарылған экспедициялар жұмыстары нәтижесінде ортағасырлық қалалар тақырыбында көптеген тың жаңалықтар ашылды, жаңа еңбектер жарық көрді. Қалалық мәдениетті зерттеу барысында тек дәстүрлі Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу өңірлері ғана емес, Батыс, Орталық Қазақстан аймақтарындағы бірқатар қала орындары зерттеу нысанына айналды.

Дегенмен, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберіндегі Қазақстанның ортағасырлық қалаларының зерттелу тарихы арнайы зерттеу тақырыбына айналмаған. Бұл сауал әлі күнге дейін жеке зерттеу ретінде қарастырылмады. 2004-2011 жж. аралығында бағдарлама аясында зерттелген ежелгі қалалардың көлемі біршама көбейді. Осының нәтижесінде жеке-жеке қалалардың зерттелуіне арналған еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде Жайық қалашығы, Сауран, Отырар, Сарайшық және т. б. көне қалалардың археологиясына арналған зерттеу еңбектерді атауға болады. Бұл қалалар соңғы он жылға жуық уақыт «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелген болатын. Сол себепті Қазақстанның ортағасырлық қалалары туралы соңғы жылдары жарық көрген кітаптарды тікелей «Мәдени мұра» ықпалымен шығарылған деп есептеуге болады. Олардың авторлары белгілі зерттеуші-ғалымдар - К. Байпақов, М. Елеуов, Е. Смағұлов, З. Самашев және басқалары кеңестік археология мектебінен өткен тәжірибелі мамандар болып табылатын. Аталған ғалымдар Қазақстанның қалалық мәдениетін зерттеуде қажымай еңбек етті. Олардың бірқатары қазір де өз істерін жалғастырып, ортағасырлық қалалар бойынша бірден-бір белгілі мамандар болып қалуда.

«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында аталған ғалымдардан кейін орта және жас буын өкілдері де белсенді жұмыс жасай бастады. Олардың қатарында - А. Нұржанов, Д. Воякин, Е. Ақымбек, Р. Шербаев және т. б. атауға болады. Бұлардың көпшілігі бағдарлама шеңберінде жеке қазба нысандарын басқарып, зерттеу қорытындыларын көптеген жарияланымдар мен мақалалар түрінде жарыққа шығарды.

Қорыта келгенде, «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде ежелгі Қазақстан қалаларының зерттелу тарихы мен мәселелері жеке тақырып ретінде қарастырылған емес. Бұл мәселе алдағы уақыттарда шешімін табады деген сенімдеміз.

Зерттеу жұмысының деректік негізі. Зерттеу жұмысының басты деректік негізі ретінде «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде өткізілген қазба жұмыстарының жыл сайынғы археологиялық есептері пайдаланылды. Қазақстанның ортағасырлық қалалары аумағында жүргізілген қазба нәтижелері бойынша жарық көрген еңбектер мен мақалалар кеңінен қолданылды. Қазба жұмыстарының сызбалары мен тезистік деректері де пайдаланылды.

Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың басты мақсаты 2004-2010 жж. зерттеу жүргізілген Қазақстан аумағындағы бірқатар ортағасырлық қалалалардың «Мәдени мұра» шеңберіндегі зерттелу барысын хронологиялық түрде сипаттау, қазба жұмыстарының кейбір нәтижелерін беру. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қол жеткізілген археологиялық жетістіктерді сипаттау арқылы осы бағдарламаның Қазақстан археологиясы ғылымында қаншалықты маңызды кезең болып табылғанын көрсету. Осы мақсаттарды орындау барысында төмендегідей міндеттер қойылды:

  • «Мәдени мұра» бағдарламасының Қазақстанның ортағасырлық археологиясындағы маңызын көрсету; Бағдарлама шеңберінде зерттелген бірқатар қалалардың қазба барыстарын сипаттау; Бағдарлама аясында зерттелген қалалардың оған дейінгі қысқаша зерттелу тарихын көрсету; Жұмыста сипатталған ортағасырлық қалалардағы қазба нәтижелерін қорыту; Тарихи-мәдени ескерткіштерді сипаттау арқылы елімізде туризмді дамытуға үлес қосу.

Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Зерттеу жұмысы Қазақстанның ортағасырлық қалаларының «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде зерттелуі барысын біршама тиянақты сипаттайтын алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Жұмысты орындай келе біз төмендегідей жаңалықтарға қол жеткіздік:

  • «Мәдени мұра» бағдарламасы қазақ археологиясы саласын жаңа деңгейге көтерген аса маңызды құбылыс; Жұмыста сипатталған «Мәдени мұра» шеңберінде зерттелген қалалардың қазба нәтижелері хронологиялық бірізділікте жан-жақты суреттелді; Зерттеу нысандары ретінде Қазақстанның әралуан өңірінің ортағасырлық қалалары алынды; Қала жұрттарындағы негізгі қазба нәтижелері жүйелі түрде көрсетілді; Сипатталатын ескерткіштер негізінде «Мәдени мұра» бағдарламасының Қазақстан археологиясы ғылымына қосқан үлесі айқын көрсетілді.

Зерттеудің қорғауға ұсынылатын тұжырымдары:

  • Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы Қазақстан археологиясына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа табыстар сыйлаған маңызды кезең; Бағдарлама еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуде, сақтауда, және қалпына келтіруде аса маңызды роль атқарды; Бағдарлама қалың жұртшылыққа еліміздің тарихи-мәдени ескерткіштерін насихаттауға айрықша үлес қосты; Бағдарлама аясында Қазақстанның бірнеше ондаған ірі және шағын қала жұрттары зерттеліп, мыңдаған жәдігерлер халық игілігіне айналды; Бағдарлама бұрын белгісіз болған немесе зерттелмеген археологиялық нысандардың анықталып, зерттелуіне жағдай жасады; Бағдарлама Қазақстанда туризм ісін дамытуға ерекше серпін берді; Қазақстанның тарихи құндылықтарын халықаралық деңгейде насихатталуына зор мүмкіндіктер ашты; Еліміздің тарихы тереңге кететіндігі халықаралық деңгейде тағы бір дәлелденді.

Зерттеу нысаны: Дәстүрлі түрде далалық көшпелілер мәдениеті таралған болып есептелетін Қазақстанның отырықшы мәдениет орталықтары, атап айтқанда еліміздің әр өңірінде орналасқан бірқатар ортағасырлық қалалары негізгі зерттеу нысаны болып табылады.

Зерттеу пәні ретінде ел аумағында орналасқан бір топ ортағасырлық қалалардың археологиялық тұрғыдан зерттелуі, соның ішінде Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде зерттелуі алынып отыр.

Зерттеу жұмысының методологиялық негізі мен зерттеу әдістері. Қазақ даласының батыс пен шығыс өркениеттерінің арасында орналасуы, екі үлкен этномәдени үрдістердің тоғысқан жерінде орын тебуі, далалық көшпелі және қалалық отырықшы мәдениеттердің біте қайнасып, қатар дамуы зерттеу жұмысының әдістемелік негізі ретінде салыстырмалы талдауды қолдануды талап етті. Диссертацияны жазу барысында қолданылған негізгі зерттеу әдістері қатарына - жүйелік талдау, теориялық-методологиялық ұстаным, салыстырмалы-тарихи талдау, сипаттап баяндау әдістерін жатқызуға болады.

Зерттеу жұмысының қолданыстық маңызы. Зерттеу нәтижелері мен тұжырымдарын отандық археология ғылымының тарихы, даму мәселелері, ежелгі қала мәдениетінің тарихы бойынша еңбектер жазуда, жоғары оқу орындарында студенттерге арнайы курстар оқуда пайдалануға болады. Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді насихаттау жұмыстарында, туризм ісін дамытуда, әртүрлі тарихи көрме-экспозицияларды өткізуде де қолданысқа ие бола алады.

Диссертация құрылымы: зерттеу жұмысы кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымша иллюстрациялардан тұрады.

1 БАТЫС ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУІ

  1. Сарайшық қаласындағы қазбалар

Жайық бойында орналасқан көне Сарайшық шаһары - қазақ тарихында аса маңызды орын алатын ескерткіштердің бірінен саналады. Ол Жайық өзенінің оң жағында, Атырау қаласынан солтүстікке қарай 55 км жерде орналасқан. Қала орнының қазіргі сақталған аумағы 600х600 м. Соңғы жетпіс жылдай уақыт ішінде Сарайшықтың 1100х300 м немесе 320 га аумағы Жайықтың суы шаюынан және басқа да сыртқы факторлардан жойылып кеткен.

Тарихи деректер бойынша шаһар ХІІІ ғ. ортасында Бату хан тұсында негізі қаланған. Қала арқылы Ұлы Жібек жолы өткен, Сарайшық шаһары туралы Әл Омари, Казвини еңбектерінде аталады. Қала ХV-ХVІ ғғ. Ноғай Ордасының, Қазақ хандығының астанасы болған. Осы шаһарда Алтын Орданың бірнеше хандары, Ноғай Ордасының билеушілері, қазақ ханы Қасым хан жерленген. Сарайшық қаласы 1570-1580 жж. Жайық казактарының толассыз шабуылдары нәтижесінде қирап, құлдырауға ұшырады.

Сарайшық өзге қалалармен қатар, Ертістен Дунайға дейінгі ұлан-байтақ өлкені билеген - Жошы ұлысының алғаш құрылған бірінші онжылдығында салынған. Жошы ұлысы кейінірек Алтын Орда атанғаны белгілі. Бұл қалалардың құрылыстары алғашында нөкерлер, шонжарлар және ел басқарушы ақсүйектер үшін Сарай және әкімшілік ғимараттар ретінде бой көтерген. Орталық ғимарат төңірегінен кейіннен біртіндеп қолөнершілер, еркін тұрғындар, көпестер және басқа да адамдарға арналған үй-жайлар салына бастаған. Сарайшық осындай қалалардың бірі болып табылған еді. Ол стратегиялық жағынан Еуропа мен Азияның түйісер тұсынан ұтымды орналасты, Еуропа елдері мен Еділ бойындағы Алтын Орда астаналары - Сарай Бату және Сарай Беркеден Хорезм қалаларына, Иранға, Үндістанға және Қытайға баратын құрлықаралық керуен жолының бойынан ірге көтерді.

Сарайшық туралы жазба деректер. Қала туралы анағұрлым ертерек мәлімет бергендердің бірі - араб саудагері әрі жиһанкезі Ибн Батута еді. Ол мұнда 1333-1334 жж. келген. Ибн Батута өзінің «Саяхатнама» атты еңбегінде былай деген: «Сарайдан шығып, он күннен кейін біз Сарайджук деген қалаға жеттік, джук - «кіші» деген мағына береді. Ол Ұлысу деп аталатын үлкен әрі ағысы қатты өзеннің жағасында орналасқан. Онда Бағдаттың көпіріндей қайықтардан жасалған көпір бар . . . Осы қалада біздің аттылы-арбалы сапарымыз аяқталды. Біз онсыз да арып-шалдыққан ат-көлігімізді қаладағы арзаншылыққа байланысты, әр жылқыны төрт күміс динарға бағалап, төмен бағамен саттық. Арбаға жегу үшін біз түйелер жалдадық. Бұл қалада түркіден шыққан тақуа діндар кісінің тұрақ жайы бар, оның аты - Ата. Ол бізді қонақ қылды әрі батасын берді. Біз осы арадан Хорезмге дейін отыз күн суыт жүрдік, жол бойы тек екі сағат, бірде түс кезінде, енді бірде тек ақшамда ғана аялдадық» [8, 36-б. ] .

XVII ғ. өмір сүрген белгілі тарихшы және мемлекет билеушісі Әбілғазы Баһадүр хан да Сарайшық туралы жазып қалдырған. Ол Сарайшықтың негізін Бату хан салған деген пікір айтқан. Оның бұл пікірімен кейінгі зерттеушілер де келіседі [9, 12-б. ] . Әбілғазы қала туралы: « . . . Берке хан болғаннан кейін ұлы той жасап, көп сыйлықтар берді. Барлық аға-інілеріне Бату хан бағындырған ұлыстарды бөліп берді, қағанға көп сый-сияпат жіберді. Бір күні құдай тағала Берке ханның көңіліне мұсылмандықтың ұрығын сеуіп, өз дінінің бос нәрсе екенін білдірді. Бір күні аттанып ағасының салдырған Сарайшық атты шаһарына барды. Мұнда Бұқарадан көп керуен келіп жатыр еді. Ол керуеннің ішінен екі жақсы кісіні бір аулақ жерге шақыртып, мұсылмандықтың шарттары мен тарихын сұрады. Бұл кісілер мұсылманшылықты жақсы баян қылды. Берке хан таза жүрегімен мұсылман болды. Одан соң кіші інісі Тоқай-Темірді шақырып, бұл сырын оған айтты, ол да мұсылман болды. Сосын ол халқын исламға сенуге жарлық берді . . . » [10, 99-б. ] .

Берке ханның Алтын орда мемлекетінде ислам дінінің негізін қалағаны белгілі. Әбілғазының дерегі бойынша ол мұсылман діні туралы алғаш Сарайшық шаһарында танысқан. Ең маңызды мәлімет автор бұл шаһарды Беркенің ағасы, яғни Бату хан салдырған деп көрсеткен. Сонымен қатар, Әбілғазы Баһадүрдің жазуынша, Сарайшықта Алтын Орданың хандары мен басқа да атақты адамдар, ірі шонжарлар жерленген. Шаһардың ұлылығы - мұнда тек мұсылман діндарларының жерленгендігінде ғана емес, оның Алтын Орда хандарының қасиетті зиратханасына айналғанында.

Сарайшықтағы хандар зиратында ең алғаш жерленген билеуші ретінде 1266-1280 жж. билік құрған Мөңке Темір хан аталады. Оның тұсында Алтын Орда Моңғол империясының орталығынан толықтай дербестікке ие болды. Сарайшықта келесі жерленген хан - 1280-1312 жж. ел басқарған Тоқта хан болатын. Оны Марко Поло «Батыстың патшасы» деп атаған. Сарайшықтан табылған ең көне теңгелер Тоқтаның билік құрған кезеңіне жатады. Сарайшықта кейіннен Алтын Орда хандары - Жәнібек пен оның ұлы Бердібек жерленді. Жәнібек 1342-1357 жж. ел билеген болатын. Ол 1342 ж. Сарайшыққа Орта Азиядан келген тақ мұрагері өз ағасы Тыныбекті өлтірген еді. Дегенмен, мықты билеуші болған Жәнібектің өзі де қарсыластарының айдап салуымен өз ұлы Бердібектің қолынан қаза тапқан. Бұл оқиғалардың барлығы Сарайшық қаласында талай маңызды әлеуметтік-саяси оқиғалардың орына алғанын көрсететін. Қала бүгінде де талай сырды бүгіп жатыр.

Ақсақ Темірдің тарихшысы болған Ибн Арабшах та өз жазбасында Сарайшықты атап өткен. Ол Әмір Темірдің жорықтары жөнінде жаза отырып: «Оның алдыңғы қатарлы әскерлері Азаққа дейін жетіп, Сарай, Сарайджук, Хаджитархан қалаларын және бүкіл осы аймақтарды талқандады», - деп жазған. Бірақ ғылымда қалыптасқан пікір бойынша, Темір Сарайшықты қиратпаған.

Белгілі ортағасырлық қазақ сұлтаны Ораз-Мұхамедтің жазбасында да Сарайшықтың аты аталады. Ол Қасым хан туралы тоқтала отырып: «Қасым хан біраз уақытқа дейін әкесінің ұлысында билік құрды және көптеген көрші елдерді бағындырды, оны бүгін барлығы да есте ұстайды. Ол Сарайшықта қайтыс болды және оның зираты да қазір сонда орналасқан», деп - жазған. Осы деректі белгілі қазақ тарихшысы Қадырғали Жалайырдың «Жами ат Тауарих» еңбегі растайды [11, 121-б. ] .

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Сырдария өзенінің орта ағысындағы қалалар мен елдімекендерде бұрын және соңғы жылдарда жүргізілген зерттеулер кезінде алынған деректер
Жамбыл облысындағы ортағасырлық қалалардың тарихы виртуалды картасын пайдалану саласы
«Ұлы Жібек жолының – Қазақстан туристік экскурсияны жандандыру мен дамытудағы маңызы»
Саурандағы археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуі және зерттеулер барысынданда аршылған нысандар
Алтын Орда дәуіріндегі Сыр бойы қалаларының қалыптасу тарих
Отырарда жүргізген жұмыстары нәтижесінде
Ортағасырлар дәуірі кезеңіндегі Арыс өзені бойындағы қалалық мәдениеттердің дамуы мен генезисі
Сақ дәуіріндегі ескерткіштерге археологиялық зерттеулер
Кейінгі ортағасырлық Сауран шаһары (XIV-XVІІІ ғғ)
Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz