Оңтүстік Балқаш маңы аумағының шөлдену мәселелері


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 67 бет
Таңдаулыға:
МAЗМҰНЫ
КІРІCПE . . . 3
1 ОҢТҮСТІК БАЛҚАШ МАҢЫ АУМАҒЫНЫҢ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ . . . 51. 1 Эолдық құмдардың пайда болу ерекшеліктері . . . 5
1. 2 Тектоникалық-геологиялық құрылысы және геологиялық даму тарихы . . . 10
2 ОҢТҮСТІК БАЛҚАШ МАҢЫ АУМАҒЫНЫҢ ГЕОМОРФОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ . . . 18
2. 1 Оңтүстік Балқаш маңы аумағының геоморфологиялық зерттелу тарихы . . . 19
2. 2 Шөлді аймақтарының бедер пішіндері . . . 22
2. 3 Геоморфологиялық құрылысы . . . 29
2. 4 Бедердің даму тарихы . . . 40
3 ОҢТҮСТІК БАЛҚАШ МАҢЫ АУМАҒЫНЫҢ ШӨЛДЕНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ . . . 43
3. 1 Қазіргі кездегі бедержаралу үдерістері . . . 45
3. 2 Оңтүстік Балқаш маңы аумағының экологиялық жағдайы . . . 56
Қoрытынды . . . 60
Пaйдaлaнғaн әдeбиeттeр тізімі . . . 62
Қосымша . . . 65
КІРІСПЕ
Шөлдену-жаһандық экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелердің айқын көрінісін білдіреді. Шөл аймақтарының пайда болуына климаттың аридтілігі, топырақтың және өсімдіктің дефляциялық және эрозиялық әрекеттер нәтижесінде беткі бөліктерінің бұзылуы, эолдық үдерістердің қарқындылығы және тағы басқа табиғи факторлар ғана әсер етіп қоймай, антропогендің іс-әрекеттердің, яғни егістік және жайылым жерлерді тиімсіз пайдалану, су ресурстарын ысырапсыз қолдану сияқты жағдайлар да табиғатқа кері ықпалын тигізіп жатыр.
Қазақстан жерінің көп бөлігі шөл аймағында жатыр, соның ішінде Оңтүстік Балқаш маңы аумағын ерекше атап айтуға болады. Себебі, бұл өңірдің шөлденуіне табиғи және антропогендік факторлар қатар әсер етіп отыр.
Аумақтың шөлдену мәселелерін қарастыру үшін бұл өңірдің геоморфологиялық жағдайын сипаттап, бедердің геологиялық құрылысы мен тектоникасын, бедержаралу үдерістерінің маңызын айқындауымыз шарт. Осы тұста бұл бедер пішіндердің тарихи жағдайына тоқтала келе, бедердің қалыптасуындағы ерекшеліктер, атап айтар болсақ Балқаш көлі қазаншұңқырының осы төңіректегі басқа көлдермен байланысының болуы, әрі З. Сваричевскаяның 1965 жылғы зерттеулерінің нәтижесінде көне Балқаш көлінің деңгейі қазіргісінен 10 метрдей жоғары болғандығы анықталған.
Қарастырылып отырған аймақтың бедерінің даму тарихына сай бұл аудандағы мезозой-кайнозой түзілімдердің қалыңдығы мен таралуына байланысты неогенге дейінгі, неоген-төрттік және төрттік кезеңге бөлуге болады. Ал, жоғарғы төрттік кезеңінің басында аридтік сипаттағы климат орын алып, мұздықтардың қарқынды еруіне байланысты ұлғайған су көлемі Балқаш көлі ойпаңын толтырып, соның әсерінен көне Балқаш көлі құралды. Сол кезде қазіргі Балқаш, Сасықкөл, Алакөл және Жалаңашкөл кірді
Оңтүстік Балқаш маңы аумағында кездесетін негізгі ахуалды шөл алқаптары «бақанас» құрғақ арналарын кесіп өтетін Тауқұм, Сарыесік-Атырау құм және тақырлы, сазды-құмды жазықтар. Бұл өңірде көбінесе өсімдікпен бекітілмеген қырқалар, төбешіктер, құм шағылдары кездеседі. Геоморфологиялық құрылымына, таралу ерекшеліктеріне сай бұл жазықтар көлдік, аллювийлік, аллювийлік-көлдік, аллювийлік-проллювийлік және эолдық жазықтарға жіктеліп, олардың бедер пішіндерінің әртүрлі болуымен сипатталады.
Ал, енді қазіргі кезеңдегі бұл аумақ құрғап, ылғалдылығы да азайып, шөлді жерге айналған. Қазіргі уақытта бұл өңірдің бедержаралу үдерісіне батпақтану, су басу, тұздану, эолдық және антропогенді үдерістерді жатқызуға болады. Бүгінгі таңда аталған үдерістердің қарқыны күн өткен сайын өршіп барады.
Аталған бедер пішіндердің түрлерін ескере отырып, әрі аумақтың геоморфологиялық сипаттамасын қорытындылай келе, ArcGIS бағдарламасы арқылы А. Р. Медеу басшылығымен жасалынған масштабы 1:5000 000 Қазақстанның геоморфологиялық картасының негізінде масштабы 1:500 000 Оңтүстік Балқаш маңы аумағының геоморфологиялық картасын жасалынып, осы төңіректің геоморфологиялық жағдайын анық көруге мүмкіндік туды.
Келесі маңызды мәселе, яғни қазіргі бедержаралу үдерістерінің таралуын айқын көрсету үшін С. Б. Қуанышбаевтың 2010 жылғы зерттеу жұмыстарының негізінде «Оңтүстік Балқаш маңы аумағының қазіргі бедержаралу үдерістерінің картасы» құрастырылды. Бұл карта арқылы қарастырылып отырған ауданда қазіргі уақытта жүріп жатқан үдерістердің таралуы мен оның қарқынын байқай аламыз.
Оңтүстік Балқаш маңы аумағының геоморфологиялық және геологиялық жағдайынан басқа шөлдену мәселесі бойынша осы өлкенің табиғи және антропогендік әрекеттер нәтижесінде табиғи орта жағдайының өзгеруі орын алып отыр. Әсіресе, ауданның гидрографиялық жүйесіне қарқынды әсер етуші факторларды атап айтуға болады. Су режимінің бұзылуы құмды алқаптардың құрғап, жарамсыз жерлерге айналуына себепші болмақ. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмай, бұл аймақты барлық жағынан зерттеп, әрбір іс-әрекетімізді алдын-ала жоспарлап, түрлі табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізіп, шөлдену сияқты жаһандық мәселелерді ғылыми тұрғыдан бағалай біліп, кең байтақ даламызды қауіп-қатерден сақтай алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
Оңтүстік Балқаш маңы аумағында қазіргі кезде бедер пішіндер өзгеріп, қолданысқа мүлдем жарамсыз сор және сортаң жерлердің пайда болуына ықпал етіп отырған ауданның гидрографиялық жағдайының өзгеруін де айта аламыз. Әсіресе, адамның шаруашылық іс-әрекетінің әсері, яғни егін алқаптарын суару кезінде суды бейберексіз пайдалану, жер жырту, химикаттар арқылы залалсыздандыру және су қоймаларын салу арқылы су режимінің бұзылуы, әрі қарастырылып отырған аудандағы негізгі су нысаны болып табылатын Іле өзенінің трансшекаралық сипаты көрші Қытай елінен бастау алуының өзі шешілуі қиын мәселе болып отыр.
Сонымен, қарастырылып отырған аймақты жан-жақты зерттеу арқылы ғана, осы аудандағы ең ауқымды мәселелердің өзін біртіндеп шешуге болатындығы анық. Табиғи орта жағдайын тым ушыққан күйге жеткізбей, толығымен күйрегенше күтіп отырмай, онымен күресу, алдын-алу шараларын ұтымды жүргізе біліп, әрбір іс-әрекетімізді ғылыми тұжырымдардың негізігінде орындау өзіміз үшін, барша адамзат үшін тиімді болып табылады емес пе?
1 ОҢТҮСТІК БАЛҚАШ МАҢЫ АУМАҒЫНЫҢ ГЕОЛОГИЯЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Оңтүстік Қазақстан аумағы палеозойдың соңында жазыққа айналып, фундаменті қаланды. Бор және палеоген кезінде барлық аумақтағы шөгінділерінің қалыңдығы 1-2 км эпиконтинентті теңізбен көмкеріліп жатты. Бұл шөгінділер көне палеозой-орта мезозой бедер пішіндерін тегістеді. Олигоцен кезінде теңіз шегініп, көлдік және өзен шөгінділері құрылды. Жоғарғы олигоцен кезінде аллювийлік фациялар дамып, ойыстар ағын арқылы тереңдеп, ол өзендердің кең таралғанының дәлелі. Кішігірім аумақта тектоникалық қозғалыстардың дифференциясы байқалады және амплитуданың көтеруі мен төмен түсуі орын алады [1] .
1. 1 Эолдық құмдардың пайда болу ерекшеліктері
Эолдық түзілімдер (грекше аilos-желдің құдіреті) - желдің ұшыруы, тасымалдауы және аккумуляциялық әрекетіне байланысты пайда болған түзілімдер. Олар желдің ұшыруынан және желдің есуінен жинақталған түзілімдер.
Желдің ұшыруынан пайда болған түзілімдер әдетте жер шарының тропиктік және субтропиктік өлкелерінің аридті және жартылай аридті зоналарында, сонымен қатар қоңыр-салқын еңдіктердің шөлдік өзен аңғарларында және ежелгі материктік мұз жамылғысының шетіне таяу жалғасқан перигляциялық аймақтарда жиі кездеседі.
Жалпы құмдардың жаралу тегі-өзен, көл, теңіз түзілімдерінің және эллювийлік түзілімдердің жел әрекетіне ұшырауынан пайда болған. Қарастырылып отырған құмды алқап Балқаш маңындағы Іле өзенінің және көл түзілімдерінің желмен ұшырылып тасымалданғаны нәтижесінде түзілген. Құм алқаптарының қалыңдығы 10-15 метр, тіпті 100 метрге дейін жетеді.
Эолдық түзілімдерді зерттеу үшін геоморфологиялық талдау өте маңызды. Соққан желдің күшіне, жел бағытының тұрақтылығына және оның өзгергіштігіне, құм түйірлерінің мөлшеріне, өсімдік құрамының сипатына және басқа факторларға байланысты, эолдық аккумуляцияның түрлі пішіндері қалыптасады, олар: құм төбешіктері, шағылдар, шағыл тізбектері, тізбек құмдары, құм дөңдері, т. с. с. Әсіресе, шағылдар мен құмды төбелер көп таралған. Құм шағылдары симметриясыз, үстінен қарағанда жарты айға ұқсаған немесе орақ пішіндес жел ескен бағытқа көлденең орналасқан құмды бедер. Оның екі жақтағы ұшы жел соққан бағытты көрсетеді. Биіктігі 5-40 метрге жететін, жел жақ беті жайпақтау 5-15 0 , қарсы жағы, яғни ық беткейі қысқалау және еңкіш (-28-38 0 дейін), яғни құмның табиғи құлама бұрышына сәйкес. Екі ұшының арасында жел ұйытқығандықтан ойма шұңқырлар пайда болады. Бір-біріне жақын орналасқан шағылдардың шеттері іргелес келіп шағылдар тізбегін құрайды [2] .
Шөлді аймақтардан басқа өңірлердегі бедердің эолдық пішіндері өзендер мен өзге де су қоймаларының жағалауында қалыптасып, құм төбешіктерінің түрлі-түрлі морфологиялық пішіндерін (сақиналы, найза тәріздес, парабола тәріздес және т. б. ) құрайды.
Ұсақ түйірлі материалдың тасымалдануы бірінші кезекте үйінді бөлшектерінің көлеміне және ауырлығына, олардың пішініне, екіншіден, жел күшіне байланысты. Ірілеу сынықтар құйын немесе дауыл соққан кездерде жер бетінен жоғары көтеріліп, бірнеше мәрте ұшып тасымалданады, сөйтіп жер бетіне сан рет аунап түсіп, домалай жылжиды. Мұндай тасымалдануды «сальтация» дейді. Эолдық тасымалдануға ең жиі ұшырайтын бөлшектер құм түйірлері. Олар көбінесе жер бетінен 1-2 метр биіктікке ұшады. Оның 80 %-ы желдің, яки құйынның төменгі қабатында, 10-20 см биіктікте жылжиды. Осы жылжу барысында құм бөлшектері бір-бірімен соқтығысып, қақтығысып гуілдеген дыбыс шығарады, соқтыққан құм уатылып-ұсақталады, тегістеліп жалтырайды. Кварц түйірлері минералдардың ішіндегі ең төзімділері болғандықтан, олар құм құрамының негізгі бөлшегі рөлін атқарады.
Ал, шаң-тозаңның тасымалдануы әдетте едәуір биіктікте өтеді. Шаңды дауыл кезінде ауа ағыстары ұсақ тозаңдарды жүздеген метрге дейінгі биіктікке көтереді, сөйтіп олар желдің ықпалымен алыс-алыс қашықтықтарға тасымалданады.
Сайып келгенде, ғалымдардың зерттеген деректері бойынша, эолдық құмдардың төмендегідей ерекшеліктерін байқауға болады: 1) құм түйірлері бір-бірімен соқтығысып-қақтығысуы салдарынан олар уатылып-ұсақталған түйірлерден тұрады, олардың арасында сырты тегіс емес бөлшектері де кездеседі; 2) құм бөлшектерінің мейлінше іріктелген (түйірлердің көп бөлігі, яғни 90-99%-ы өте ұсақ яки мөлшері 0, 05-0, 25 мм арасындағы псаммитті фракциялардан құралады; 3) кварц түйірлері үгілу және тасымалдау үдерісіне өте төзімді болғандықтан, олар эолдық құмдар құрамының негізгі бөлшегі болып табылады. Кварцтан басқа эолдық құмдарда гранат, циркон, силлиманит түйірлері жиі кездеседі; 4) құмдардың химиялық құрамы өзгермелі: кремнезем (SiO 2 ) мен темір тотығының (Fe 2 O 3 ) мөлшері көбірек, ал кальций тотығының (CaO), магний тотығының (MgO), алюминий тотығының (Al 2 O 3 ) мөлшері аздау; 5) эолдық құрамындағы темірлі минералдардың химиялық үгілуі әсерінен олардың түстерінде сарғылт, қою-сұрғылт өңдері басым; 6) эолдық түзілімдер көбінесе қиғаштау және қисая айқасқан қабатталу белгілерімен ерекшеленеді, бұл шоғырлану үдерісінің динамикалық ерекшеліктеріне байланысты болып келеді [3] .
Эолдық түзілімдердің тағы бір айқын диагностикалық белгісі - олардың құрамында жел күшімен қозғалған құм ұнтақтарының қақталуы салдарынан пайда болған көпбұрышты түйірлерінің көп болуы.
Эолдық құмдардың жасын анықтау өте қиын. Оның төменгі шекарасы бастапқы түзілімдердің беткі қабатынының жасына байланысты. Егер де эолдық түзілімдердің бастапқы көзі төрттік кезеңге дейінгі түпкі таужыныстар болса, онда оларды бөлшектенбеген төрттік түзілімдерге жатқызады. Қазіргі кездегі жер бетінде тұрақсыз бекімеген көптеген жылжымалы құмдардың жасын голоцен деп белгілейді.
Эолдық құмдар арасындағы қақталу қабықтарының, қазба тоңдық бедер пішіндерінің палеогеографиялық болжауды жүзеге асырудағы рөлі өте маңызды. Қақталу қабықтары-минералданған грунттық сулардың капиллярлық көтерілуі салдарынан жинақталған карбонаттардың, гипстың және өзге де тұздардың шоғырлануы нәтижесінде қалыптасқан тығыз қабаттар. Ал, қазынды топырақтар (погребенные почвы) өздерінің қалыптасуы сәтіндегі физикалық-географиялық жағдайлардың индикаторы, яғни куәсі рөлін атқарып қана қоймай, сол жағдайлардың ырғақты түрде өзгеруін де саралауға мүмкіндік береді.
Лёсс қабатындағы қазынды топырақтың даму ерекшеліктері үздіксіз-үзікті шоғырлану үдерісінің анық куәгері және өте маңызды таңбалы қабаты болып саналады.
Желдің есуі нәтижесінде қалыптасқан суперфляциялық түзілімдер арасында екі фацияны ажыратуға болады, олар - жамылғы лёсс түзілімдері мен жамылғы жаңартаулық күл түзілімдері.
Жамылғы лёсс түзілімдер түйірлерінің диаметрі 0, 1-0, 01 мм арасындағы өте ұсақ бөлшектерден тұратын құмайтты, жақсы іріктелген таужынысы. Құрамында құм бөлшектері (1-0, 1мм) өте аз, олар 1 %-дан аспайды, сазды топырақтар (0, 01 мм-ден төмен) - 15%-дан 40%-ға дейін, коллоид фациялары-2, 15%.
Жамылғы лёсс түзілімдері негізінен эолдық әрекеттің әсерінен пайда болады. Лёсс тозаңы әдетте жел күші азайғанда шөгеді. Сонымен қатар, осы тозаңдардың шөгуіне ылғалдың конденсациясы да өз әсерін тигізеді, яғни лёсс тозаңдарының жаңбыр тамшыларымен және қармен қоса түзілуі ықтимал. Мысалы, тозаң бөлшектері қатты жел әрекетінен 12 км биіктікке көтеріліп, 6000 км-ге дейінгі қашықтыққа тасымалдануы мүмкін [4] .
Көптеген зерттеушілер лёссты сарғылт түсті, қабатты белгілері жоқ, карбонатты, кеуекті (40-50%), көбінесе құмайтты бөлшектерден құралған, минералдық құрамы кварцитті, арасында жұмыршақтар мен тасберіштер жиі кездесетін континенттік түзілімдерге жатқызады.
Лёсс таужыныстарының өзіне тән қасиеттерінің бірі - отыру қабілетінің жоғары болуы. Ылғалдылығы аз жағдайларда бұл таужыныстардың механикалық беріктілігі күрт төмендейді. Лёсс таужыныстарының ылғалды өз бойына сіңіруінен туындайтын бұл қасиетін инженерлік-геологиялық зерттеулерде қатты ескеру қажет, себебі лёсс үстінде тұрғызылған құрылыстар деформацияға өте бейім. Сондықтан, лёсске тұрғызылған ғимараттар орнықсыз болып келеді тіпті құлап қалуы да ықтимал. Мысалы, Қазақстан даласында тұрқы табақша тәріздес, тереңдігі кейде 2 метрге жететін, не одан асып түсетін ойылымдар кең таралған. Дала өңірлерінің осындай ойылымдары ауыл шаруашылығында пайдалануды қиындатады. Әсіресе, ирригациялық арналарға бірінші рет су жібергеннен кейін лёсс топырағының отыру құбылыстары айқын байқала бастайды. Сонда арнаны бойлай тереңдігі 10-15 метрге жететін жарықтардың бірнеше қатары пайда болады. Жарықшақтармен шектелген бөлікшелері бірнеше сантиметрге 1-2 метрге дейін төмендеп шөгеді. Отыру табанының ені 80 метрге дейін жетеді немесе одан асады. Деформация нәтижесінде арнаның бойлық және көлденең қимасының пішіні өзгереді де, оның әрекет режимі бұзылады.
Сонымен, лёсс дегеніміз дәнекерленбеген борпылдақ таужыныстарға жататын, басқа түзілімдерге мүлдем ұқсамайтын ерекше қалыптасқан таужыныс. Оны қолмен оңай сындырып, күрекпен оңай қазуға болады. Түйірөлшемдік құрамының біркелкі болуына байланысты лёсс таужыныстарында қабатталу белгілері байқалмайды. Бұлар біркелкі бөлшектерден тұратын бағана тұрқылас пішіндер, құлама құздар мен тік жарлар түзуге бейім келген ерекше таужыныс. Егер морфологиялық жағынан лёсске ұқсас, бірақ жоғарыда айтылған лёсске тән белгілері болмаса, мұндай таужыныстарды лёсс іспетті құмдақтар деп атайды.
Лёсс жіне лёсс іспетті таужыныстардың көп бөлігі - үзікті шоғырланған қазынды түзілімдер. Лёсстың түзілуі палеоклиматтың ырғақтылығына, яғни климат фазаларының өзгеруіне байланысты. Негізінен, біркелкі бөлшектерден тұратын лёсс түзілімдердің өзінде қабаттылық белгілері байқалмаса да, оларды жұқа қабатты топырақ қабаттармен дәйекті түрде алмасуы байқалып қалады. Лёсс қабатталуының белгісі осы түзілімдер қалыптасуының палеогеографиялық жағдайын зерттеуде, яғни климаттық-стратиграфиялық сұлбалар құрастыруда өте маңызды рөл атқарады.
Лёсс қалыптасуы туралы ресми қабылданған бірыңғай теория жоқ. Сондықтан ғалымдар арасында әр түрлі пікірлер бар. Солардың ішінде эолдық теория басымдау, бұл теорияға сәйкес лёсс желдің әсерінен ұшқан шаң-тозаңдардың жинақталуы салдарынан пайда болған деп есептейді. Көптеген зерттеушілердің пікірі бойынша, лёсс таужыныстарының қалыптасуы үш кезеңге бөлінеді: 1) алғашқы құмайтты материалдардың пайда болуы; 2) құмайтты материалдардың тасымалдануы және шөгуі; 3) құмайтты материалдардың лёсс таужынысына ауысып өзгеруі. Осындай әрекеттердің мысалы ретінде Іле Алатауының солтүстік баурайында жатқан лёсс таужыныстарының көзі Оңтүстік Балқаш маңында дамыған Тауқұм және Сарыесік-Атырау тізбекті құм алқаптарында болғандығын айта аламыз. Бұл құбылыстарды Б. А. Федоровичтің 1963 жылғы зерттеулері нәтижесінде құрастырылған сұлбасынан байқаймыз, яғни «Азиядағы құмдар мен лёсстың таралуының сұлбалық картасы» 1-суретте көрсетілген, әрі осы сурет арқылы эолдық әрекеттер әсерінен құмды алқаптардың беткі қабатының желмен ұшып, құм түйірлері мен шаң-тозаңдар алыс жатқан аймаққа шөгуі тегін еместігін аңғаруға болады. Оңтүстік Балқаш маңы аумағы жазық болғандықтан, бұл өңірде жел әрекетінің қарқыны бірден бәсеңдей қоймайды. Іле Алатауы бөктеріне барып тіреледі де, сол жерде шөгеді.
Сурет 1 - Азиядағы құмдар мен лёсстың таралуының сұлбалық картасы [5] .
Балқаш маңының солтүстік-батыс және солтүстік-шығыс бағытында алмасып отыратын маусымды желдер Тауқұм және Сарыесік-Атырау құмды алқаптарын құрап, осы желдердің әсерлі бағыты бойынша тізбекті құмдар оңтүстік-шығыс бағытқа созылып жатыр. Мұнда желдің орташа жылдамдығы 6-7 м/с, ал кейбір күндері секундіне 40 метрге дейін жетеді. Бірақ тауға жақындаған сайын желдің жылдамдығы бәсеңдейді. Мысалы, Алматы қаласынан небары 70 шақырым қашықтықта орналасқан Қапшағайдағы құйындатқан жел бүкіл елге мәлім, ал Іле Алатауының бөктеріндегі тау етегінде жел мүлдем болмайды деуге де болады. Анда-санда ғана таудан жазыққа немесе жазықтан тауға қарай бағытталған жел әрекеті байқалады. Бұл тау-аңғар желдері (горно-долинные ветры) немесе аңғар желі (фён) деп аталады. Алматыдан жоғары дамыған жазық бетті саты тәрізді төбешіктер, яғни бөктер таулар түгелімен дерлік лёсс материалынан құралған. Лёсс орман белдемінің жоғары шекарасына дейін, яғни 2600-2800 метр биіктікке дейін тараған. Таудан шайылған лёсс тас қиыршықтастармен алмасып деллювийлік немесе пролювийлік түзілімдерге ауысуы ықтимал. Сондықтан лёсс түзілімдерінде кейде қабатталу белгілері де пайда болуы ықтимал.
1. 2 Тектоникалық-геологиялық құрылысы және геологиялық даму тарихы
Оңтүстік Балқаш маңы аумағының тектоникалық құрылысына тоқталар болсақ, Қазақстанның тектоникалық аудандастырылуы бойынша қарастырылып отырған аудан Жоңғар-Балқаш геосинклинді жүйесіне кіреді және келесі тектоникалық құрылымдардан тұрады: оңтүстік батыстан жиектеп тұрған Шу-Іле антиклинорийі, Балқаш ойысы, Лепсі ойысы, Тастау-Арғанаты, Солтүстік Жоңғар тау жиектері, Қопа-Іле ойысы және Қарой, Базой, Итжон үстірттері [6] .
Жаңа тектоникалық этап Альпі кезеңінен басталды. Жарылымдар бойымен ірі вертикальді құбылыстар орын алады.
Балқаш депрессиясының үстіңгі беті біршама жазық болып, Балқаш көліне қарай еңіс келеді. Бұл депрессия неоген кезеңінде құрылып, кең платформалық иінді ойыс болып келеді. Қарастырылған аумақтың іргетасының геологиялық құрылысы палеозойдың эффузиялық-шөгінді, интрузиялық жыныстарынан және мезозой-кайнозой шөгінділерінің қалың қатқабатынан тұрады.
Депрессияның ерекшелігі бұл жерде континенттік генезистегі неоген және төрттік шөгінділері кеңінен дамыған. Тек қана жеке кішігірім аудан бөліктерінде саздардан, терригендік триас, юра, бор және палеоген шөгінділері бар. Неоген жүйесінің жыныстары қимада көп бөлікті алып жатыр, бірақ депрессияның жиектерінде ғана жер бетіне шығып жатыр. Төрттік жүйенің шөгінділері барлық жастық буындарынан тұрады. Қарастырған депрессияның қалыптасуы толығымен аяқталмады, әрі бүгінгі таңда да төмен ойысу үрдісі жалғасып жатыр. Оның дәлелі қазіргі кездегі жекелеген блоктардың жер бетінде көрініс беруімен ерекшеленеді [7] .
Жаңатектоникалық қозғалыстардың әсерінен Іле өзенінің ағу бағытының өзгеруі орын алды.
Жоғарғы төрттік кезеңде Іле өзені аңғарының бірінші жайылма үсті террасасы қалыптасты, ал қазіргі төрттік кезеңде өзен аңғарының жайылма бөлігін құрайды.
Қарастырылып отырған ауданның геологиялық құрылысы негізінен, палеогеннен төрттік жүйенің қазіргі кезде дейінгі кайнозой түзілімдерінен тұрады.
Ауданның геологиялық даму тарихын төрт кезеңге бөлуге болады: кембрийге дейінгі кезең, каледон кезеңі, герцин кезеңі және альпі кезеңі.
Кембрийге дейінгі кезеңде аумақтың барлық бөлігінде шөгінділердің жиналу үдерісі орын алды. Кембрийде қарқынды магмалық әрекеттер басталып, кембрийге дейінгі кезеңде қатпарлану үдерісі және шөгінділердің жиналуы аяқталды.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz