Мазмұн мен пішін


Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай . . .
Абайдың осы сөзінде аса терең мағына жатыр. Шын мәнісіндегі өнер туындысының айрықша асыл қасиетін, сыртқы түрі мен ішкі сырының тамаша үндестігін осыдан артық дәл тауып айту қиын. Әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеннің өзі де осы - көркем шығарманың шынайы сұлулығы, яки «тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісімі».
Мазмұн мен пішін - күрделі мәселе, іргелі философиялық ұғым. Мазмұн мен пішін - тек өнер ғана емес, өмірдегі ақиқат шындықтағы кез келген затқа және құбылысқа тән нәрсе.
Мазмұн мен пішін ең алдымен бір - бірінен айырылмас байланыста, бірлікте; бірінсіз бірі жоқ, яғни мазмұнсыз пішін жоқ, пішінсіз мазмұн жоқ.
Пішінді алайық. Пішін дегеніміз - бір нәрсенің пішіні; басқа ережесі жоқ. Осныың енді ішкі қасиеті; анықтамасы бар, ол - мазмұн.
Мазмұнды алайық. мазмұн дегеніміз - бір нәрсенің мазмұны; басқа ережесі жоқ. Осының енді сыртқы қасиеті, анықтамасы бар, ол - пішін.
Мазмұн мен пішіннің бірлігі осының өзінен - ақ анық көрініп тұрғандай. Мазмұн пішіннің ішкі қасиеті, пішін мазмұнның сыртқы анықтамасы болғанда ғана әрқайсысы өзінен - өзі айқындай алады. Жалғыз - ақ осынау мазмұн мен пішіннің бір - біріне ауысу, көшу процесінің негізінде мазмұн жататынын ұмытпау керек. Қандай жағдайда болсын, әуелі мазмұн туады да, өзін анық айқындау үшін өзіне пішін іздейді. Демек, мазмұн мен пішіннің мызғымас бірлігінің негізінде мазмұнның пішіннен басымдығы (примат) жатады деп ұққан жөн.
Енді осы ұғымды көркем әдебиетке көшіріп көрелік.
Әдебиеттегі мазмұн мен пішін деген не?
Бұл арада тағы да біз сөз өнерінің қоғамдық санаға қатысын, әдебиеттің объектісі - өмір, предметі - адам екенін, өмір шындығынан тыс, адам тағдырынан сырт өнер туындысы болмайтынын еске түсіреміз. Сана - шындықтың сәулесі болса, адам санасының мазмұны - сол адам таныған шындық екені мәлім. Сонда әдеби шығарманың мазмұны - өз эстетикалық идеалының тұрғысынан суреткер таныған ақиқат өмір де, пішіні - осы шындық тұтастырыла жинақталған көркем образдар жүйесі, яки әдеби қаһармандар өмірі екенін түсіну қиын емес. мәселен, «Ботакөз» романының мазмұны кәдімгі ақиқат өмірде болған келелі шындық - Қазан социалистік революциясының арқасында қазақ даласындағы ұлт-азаттық қозғалысының жеңісі нәтижесінде Қазақстанда Совет өкіметінің орнауы. Осы шындықты жазушы өзінің эстетикалық идеалының тұрғысынан суреттеп көрсетті. Бұл жердегі мазмұнның пішіні - Сәбит Мұқанов романында көркем жинақталған әдеби қаһармандардың, дәлірек айтқанда, Асқардың, Ботакөздің, Амантайдың, Кенжетайдың, Кузнецовтың, Темірбектің, Бүркітбайдың, Сағиттың, Асанның, Итбайдың, Байтөбеттің, Кулаковтың, Кошкиннің, Сарбастың, Құзғынбаевтың, Мадиярдың, Базарханның қым-қиғаш күрес пен тартысқа толы қиян-қилы тағдыр тіршілігі. Осынау әр алуан кейіпкерлердің шытырман өмірі - өзара қарым-қатысы, іс-әрекеті, бірін-бірі жақсы көру не жек көру сезімдері арқылы біз Қазан алдындағы қазақ аулының хал-күйін, тұрмыс - тіршілігін, салт - санасын, әдет - ғұрпын, мақсат - мүддесін көзбен көргендей танып, біліп, сол дала қазақтарының революцияға қалайша келгенін, азаттық жолындағы шешуші шайқастарға қалай шыққанын, ақыр аяғында жаңа өмірге қайтіп жеткенін аңғарамыз. Романдағы әр қаһарман өз дәуірінің өзекті оқиғаларына қалай қатысқанын, көркем бейне, қоғамдық характер ретінде қалай қалыптасқанын байқаймыз. Сонда біз автор биік эстетикалық идеал тұрғысынан шынайы, шебер суреттеген қазақ даласындағы дәуірлік шындық - ұлан-асыр күрестер мен тартыстарға толы сегіз жыл (1912 - 1920) ішінде қазақ халқының басынан кешкен аса мәнді һәм күрделі әлеуметтік - саяси оқиғалар шығармадағы кейіпкерлер тағдырымен жіксіз кірігіп, бірігіп, тіпті тұтасып кеткенін көреміз. Дәл осы арада әдеби шығармадағы мазмұнның пішінге көшуі бұлардың айта қалғандай идеалық - көркемдік бірлікке ауысқанын көреміз. Жазушы таңдап тапқан пішін бұл жерде өзінің мазмұнын әрі толық, әрі терең ашып тұр. Шығарманың көлемі де дәл осы тереңіне сай; кейіпкерлер саны да оқиға мөлшеріне лайық; олардың мінез-бітімдері мен қимыл - характтері де тарихи шындыққа сай нанымды, ұтымды, романда суреттелген дәуірдің қоғамдық заңдылықтарын айқын ашып, автордың асыл мұратына мүлтіксіз мегзеп тұр. «Тас бұлақтың суындай сылдыраған өңкей келісім» дегеніміз де, міне, дәл осы еді.
Көркем шығарманың күллі құны мен қасиеті оның мазмұны мен пішінінің осы бірлігінде жатыр. Лев Толстой кез келген көркем шығарманың құны мен қасиетін үш түрлі сипатына: «а) мазмұн сонылығына, ә) пішініне немесе өзіміз әдетте көп айтатын, талантқа, б) автордың шығарма предметіне байсалды көзқарасы мен ыстық ықыласына» қарап бағалаған. Бұл тегін емес-ті. Шынында да мазмұнға қажет қасиет - сонылық: бұрын-соңды ешкім қозғамаған тың тақырыпты тың идеяға жинақтау. Содан соң пішін: шығарманың сюжеті мен композициясындағы шеберлік. Мұның өзі тарлан талант қана көтере алар ауыр жүк екені де рас. Ақыр аяғында, жазушының өзі мүсіндеп, мінездеп, жинақтап, даралап отырған адам бейнелеріне мығым байсалдылығы, қалтқысыз ауған ыстық ықыласы. Міне, бұл үш сипат түгел тұрғанда нағыз өнер туындысы да талапқа сай болары сөзсіз.
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескертетін бір нәрсе - бір мазмұнның бірнеше пішіні болатыны. Өмірде де, өнерде де солай. Өмірдегі көрінісін алып қарасақ, пролетариаттың тап күресінің неше алуан пішіндері бар екені саяси әдебиетте сан рет дәлелденгенін көреміз: мәселен стачка - жеке стачка ма немесе жаппай стачка ма, бәрібір, - тап күресі болып табылады. Манифестация, демонстрация, өкілдік орындарға және сондайларға қатынасу - мұның өзі жалпы парламенттер ме немесе жергілікті өзіндік басқармалар ма, бәрібір, - бұлар да тап күресі болып табылады. Осылардың бәрі де тап күресінің өзінің әр алуан пішіндері болып табылады . . . Енді өнердегі көрінісін бажайлап байқасақ, мысалы, совет халқының Ұлы Отан соғысының ғылым мен әдебиеттегі пішіндерінің әр алуандығын өз алдына қойғанда, бір ғана сөз өнерінің өзінде, айталық, Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңызы» мен Хамит Ерғалиевтің «Әке сырындағы», яки поэзиядағы пішіні бір бөлек. Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқасы» мен Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндеріндегі», яки прозадағы пішіні бір бөлек болса, Мұхтар Әуезов пен Әлжаппар Әбішовтің «Намыс гвардиясындағы», яки драматургиядағы пішіні өз алдына бөлек. Осының өзі тағы да, жоғарыда айтқанымыздай, пішіннен мазмұнның басымдығын аңғартса керек.
Алайда пішін әдейі мазмұнға тәуелді, бейтарап нәрсе деуге болмайды. Пішіннің атқарар ролі - белсенді роль. Шығарма мазмұнының ұтымдылығы да, оқырманға жетімділігі де оның пішініне тығыз байланысты. Анығырақ айтқанда, пішіннің әсемдігі - суреткер шеберлігі. Әрбір ірі суреткер өз шығармасының пішініне айрықша зер салатыны тектен-тек емес. Л. Толстой «Ревизордың» пішіні жайлы былай деген: «Гоголь өзінің комедиясын дөрекі, осал жазсыншы, оны қазіргі оқығандардың миллионнан бірі де оқымаған болар еді». Бұл - шындық.
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін екінші бір нәрсе, - мазмұнға қарағанда, пішіннің өзгерімпаздығы. Өмірде де, өнерде де солай. Айталық, махаббат. Бұл - өмірде тұрақы шындық, өнерде мәңгілік тақырып. Абай әдемі айтқан:
Махаббатсыз - дүние бос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Бірақ өмірдің осы шындығының өнерде көркем жинақталу пішіні әр дәуірде әр алуан. Мәселен, қазіргі махаббатты баяғының Ләйлі - Мәжнүннің немесе Қыз Жібегі мен Төлегенінің арасындағы сезімдерше суреттесе, осы дәуірдегі мазмұнға мұндай пішін сай келмеген болар еді. Демек, бір мазмұнның өзі әр дәуірде әр түрлі пішінге көшіп отыратыны хақ.
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін үшінші бір нәрсе - мазмұн мен пішіннің тарихи категория екендігі. Әрбір жаңа дәуірде көне мазмұн тың пішін тауып, жаңғырып, жасарып қан қоймайды, әр дәуір өз шындығын, демек өз мазмұнын ала келеді. Мәселен, ғасырлар бойы үнсіз мүлгіп, тылсымдай тынып, құлазып жатқан қазақ даласына Қазан революциясынан кейін күре тамырдай тарамданып темір жол жосылды да, оның бойымен бұрын-соңды бұл маң көрмеген жаңа көлік - поезд жүйткіді. Бұл - өмірдегі жаңа шындық болса, өнердегі - жаңа мазмұн. Осы мазмұнды әдебиетте пішіндеу қалам қайраткерлерін жаңа ізденулерге салды. Даладағы бұл құбылысты, қимылды, жылдамдықты, айталық, баяғы Тайбурылдың шабысын суреттегендей:
Ол төбе мен бұл төбе,
Бауыры шұбар көл төбе.
Онан да өтіп жөнелді,
Қамыстының қазды көл,
Қоғалының қулы көл,
Шеңгелдінің желді көл.
Шағалалы шалқар көл,
Қызғыштының қызды көл,
Құмыра, қотан Қос көлден,
Айналасы бес көлден,
Бәрінен өтіп жөнелді, -
деп сыпыртып соға беруге болмайды. Жаңа өмірдегі жаңа шындық өнерге тың мазмұн болып еніп, ол өзіне соны пішін іздейді. Осы мазмұнға Сәкен Сейфуллин өзінің «Советстан» поэмасында мынадай пішін берді:
Советстан, біздің стан, Советстан
Экспресс талма екпінді шабыстан.
Гуле жүріп,
Үні құрып,
Қалсын ұлып,
Ескі жалған арттан қалмай жабысқан . . .
Кондуктор
Қарап тұр
Жол ұзақ,
Айдап бақ!
Уклон бар,
Терең жар,
Сақ бол, сақ!
Так - так - так.
Айдап бақ,
Рудзутак,
Трат - тат - тат!
Бұл арада жаңа мазмұн өзіне үндес жаңа пішін туғызған. Өлеңді оқып отырғанда адам кәдімгі поезд үстінде келе жатқандай тербелген сезім құшағында болады. Өлеңдегі әрбір ырғақ, тыныс, екпін оқырман құлағына зулап асып бара жатқан экспрестің дыбысын жеткізгендей. Әрине, бұл өлеңнің пішінін мазмұнына қылапсыз сай, төрт аяғынан тең басқан мінсіз нәрсе демейміз. Осы тұстағы өлеңдердің «пішін жағынан жетіліп болмағанын» кезінде Сәбит Мұқанов біліп айтқан. «Бірақ, - депті ол, - мазмұн жағынан біздің еңбекші жазушылар мақтана алады. Қазақтың еңбекші табы өскен сайын, еңбекші жазушылары жедел өсіп келеді. Сондықтан еңбекші жазушылардың жазған сөзінің мазмұнына пішіні ілесе алмай отыр».
Мазмұн мен пішін жайын сөз еткенде, ескеретін тағы бір нәрсе - жаңа мазмұнға жаңа пішін іздеуге әбден болады; бірақ пішін іздеу бір бар да, құр пішінділікке (формализмге) салыну өз алдына басқа. Соңғысынан, әрине, сақ болған жөн. Модернистерде қолға ілінер «шығыршық жоқ, бос қуыстың айналасын әсем әшекейлеген әшейін құр шиыршық қана бар» екенін А. Блок дәл тауып айтқан. «Пішінді мазмұннан айырып, мазмұнды құртудың, керісінше, мазмұнды пішіннен ажыратып, пішінді жоюдың» (Белинский) бір көрінісі - осы.
Сонымен, әдебиеттегі мазмұн мен пішіннің бірлігі дегеніміз сөз өнеріндегі орасан зор маңызды заңдардың бірі, өнер туындысының көркемдігі үшін ауадай қажет жағдай болып табылады. Көркем шығармадағы мазмұн мен пішіннің бірлігі - оның етене бүтіндігі, эстетикалық бағалылығы.
Әдебиеттегі мазмұн мен пішін дегенді белгілі бір көркем шығармадағы затты деректерге көшірсек, былай болар еді: шығарманың мазмұны - оның ақиқат шындыққа негізделген тақырыбы мен идеясы да, пішіні - әдеби қаһармандардың өзара қарым-қатынасына, тағдыр тартысына негізделген сюжеті, композициясы және жазушының өмірді өнерге айналдырған ең негізгі құралы - суретті сөзі, яки көркем шығарманың тілі.
. . . Абай өлеңдері өзінің мазмұнына сай қазақ поэзиясына мүлдем тың формалар енгізді. Солардың бәрін сайып келгенде ерекше аңғарылатын бір нәрсе - Абай поэзиясының құнарлы, байсалды, ойлы әуенге түсуі, ауызекі сөз ырғағына жуықтауы. Абай «таза өнерді» мансұқ етіп, қалың бұқараның көкейіне қонымды формаға барды. Буын мөлшерінің біркелкілігіне құрылатын қазақтың силлабикалық жырына Абай батыл жаңалық енгізгенде, орыс поэзиясынан үйренгенін көреміз. Әрине, Абай ол дәстүрді қалай болса солай қолдана салған жоқ. Өз халқының рухына мейлінше жатық етіп қолданды. Екі тәжірибені білген ол орыс поэзиясының ішкі ырғағын, десте-десте екпінін қазақтың ежелден келе жатқан халық жырының серіппелі бума-бунақтарына ұластыра, бауырластыра түсті. Осының нәтижесінде қазақ өлеңінде тың да келісті де ырғақ, ұйқас туды, бір сөзбен айтқанда, жаңа форма пайда болды.
Сен сені не етесің,
Мені тастап,
Өнер бастап,
Жайыңа
және алдап,
Арбап,
Өз бетіңмен сен кетесің,
Неге әуре етесің.
Міне, бұл жолдарды кәдімгі үйреншікті жыр әуенімен желдіріп оқып кетуге болмайды. Кідіріп, салмақпен оқымасқа шараң жоқ. Абай поэзияны сөз ырғағына жуықтастырды дегенде, осы жағын айтамыз. Ал ұйқасы қазақ өлеңінде бұрын болмаған ұйқастар.
Абай қазақтың жазба әдебиетінің негізін салды. Бұл әдебиет тарихи жағдайларға сай поэзиядан басталды. Қазақ поэзиясы жаңа сапамен, жаңа формалармен байыды, қоғамдық күрестің құралына айналды.
Ол фольклорлық шығармалардың әбден қалыптасып қалған дәстүрлеріне, әдістеріне, формаларына тәуелді болмай, жаңа тәсілдер, жаңа формалар, тың образ жүйелерін, сөз орамдарын таба білді. Өз заманының озық ойлы адамы ретінде, Абай поэзиясының идеясын биіктете, пікірін байыта, сезімін тереңдете түсті. Осы бағытта ол өлеңнің ішкі формасына көбірек ден қойды.
Абай мұрасын зерттегендер ақынның жаңадан 17 форма жасағанын анықтады. Асылы, бұл өлеңнің сыртқы формасы болса керек. соған Абай поэзиясының үнділік, орамдылық, қарапайымдылық жаңалықтарын қоссақ, форма байлықтары шексіз ұлғая түспек.
Осындай форма жаңалығын Абай «Қатыны мен Масақпай» сияқты өлеңдерінде тереңдете, қырландыра түседі.
Сырмақ қып астына
Байының тоқымын.
Отының басына
Терінің қорқымын,
Бүксітіп,
Бықсытып,
Қоқсытып келтірді.
Осының бәрімен
Көңілінде міні жоқ
Жүзінің нәрі мен
Бойыңның сыны жоқ.
Бүкшиіп,
Сексиіп,
Түксиіп өлтірді.
Өлеңде үй - ішінің көңілсіз түйтпегі, мінезі шайқау әйелдің жағымсыз қылықтары суреттеледі. бұны әннің әуеніне салып жіберсе мысқыл оншалықты әсерлі болмай қалар еді. Сол үшін де Абай әр сөзін шегелеп айтады. Желдіртіп өте шықпайтындай етіп, салмақпен оқитын тәсіл табады. Ол - жаңа форма. Өлеңнің бастапқы жолдары 6 буыннан құрылса, кейіпкердің ең бір сүйкімсіз кезеңін таңбалайтын ортаншы жолдар 3 буыннан (бір сөзден) құралады.
Бүксітіп,
Бықсытып,
Немесе:
... жалғасыБүкшиіп,
Сексиіп, -
- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz