Мұхтар ӘуезовтIң өмIрбаяны мен ғылыми - творчестволық көзқарасының қалыптасуы


l.
МҰХТАР ӘУЕЗОВТIҢ ӨМIРБАЯНЫ МЕН ҒЫЛЫМИ-
ТВОРЧЕСТВОЛЫҚ КӨЗҚАРАСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
1. 1. М. Әуезовтiң өмiрбаяны
Қандай да бiр қаламгердiң, ғалымның, қайраткердiң болмасын өсiп толысу, қоғамдық, танымдық, ғылыми көзқарасының қалыптасу жолында алуан түрлi өмiрлiк, тұрмыстық, әлеуметтiк хал-ахуалдардың себепкер болары сөзсiз. Сондықтан да бiз алдымен жазушының өмiрбаянына, қоғамдық-әлеуметтiк қызметiне қысқаша болса да тоқталып өтудi жөн көрiп отырмыз. Өйткенi кiм-кiмнiң де творчестволық тұлғасын, болмыс-бiтiмiн тану оның өмiр тарихын бiлуден басталады. М. Әуезовтiң өзi Абай творчествосын жан-жақты зерттегенде оның өмiрбаянын анықтауға үлкен мән берiп, бiрнеше рет қайта-қайта оралып толықтыра түскенi белгiлi. 1933 жылы жазған өмiрбаянында: “Болашақ ақынның туыстан ала келген қалпы бар. Ата салтымен қалыптанған өмiрi бар. Ата-бабадан, әке-шешеден нәсiлi көшкен мiнездерi бар” /1/-деп бастайды. Әрине, М. Әуезовтiң өмiрбаянын жазуды Абайдың өмiр тарихын жазумен салыстыруға болмайды. Басқасын айтпай-ақ қойғанда, жазушының өзi бiрнеше рет автобиография етiп жазған екен. Одан тыс өзi көзi тiрiсiнде мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарына арналған оқулықтарда, әдебиет тарихы туралы зерттеулерде жазушы өмiрбаяны әлденеше рет жазылған. Сондай-ақ, күнi кешеге дейiн М. Әуезовпен бiрге өсiп, бiрге оқып, қызметтес болған кiсiлер өз естелiк мәлiметтерiн жазып, жариялап келдi. Соңғы кездерi жазушы өмiрi жайлы жазылған деректi, көркем туындылардың өзi оншақты болып қалды. Яғни, бұдан байқалып отырғандай, жазушы өмiрiнiң әрбiр кезеңi, сәтi ресми, бейресми хатқа түсiп таңбаланған. Оның iшiнде: жазушының туысқан бауыры Ахмет Әуезовтiң “Бала Мұхтар”, “Жас Мұхтар” атты кiтаптары, белгiлi жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбаевтың “Бесiгiңдi түзе!” және “Бесiгiңдi аяла”, “Бесiгiңдi ая!” атты М. Әуезовтiң творчестволық өмiр жолын кеңiнен баяндауға арналған көлемдi де көрнектi портрет-эссесi, танымал қалам қайраткерi Дүкенбай Досжанов пен Кәмен Оразалиннiң бiрнеше романдары, кiтаптары аса құнды көп мәселелердi, мағлұматтарды ашып бере алған. Дегенмен осы сияқты тағы басқа да көптеген бағалы еңбектерде жазушы өмiрiнiң кей кезеңдерiне, әсiресе алғашқы өмiр жолына байланысты бiр-бiрiмен қиғаш, қайшы келiп қалатын, әлi де анық, толық ашылмай, айтылмай жататын тұстары кездесiп отырады. Өйткенi, естелiк жазушылардың есiнде бәрi қаз-қалпында сайрап тұра бермейтiнi өзiнен-өзi түсiнiктi, көркем шығармаларда тарихи нақты деректер сол күйiнде сақталуы мiндет емес, ал жазушының өзi автобиографияларында өмiрiнiң барлық кезең сәттерiн тәптiштеп тiзбектей бермей, замана қыспағына, қызыл идеологияның қасаң шеңбер-шебiне сәйкес кей тұстарынан аттап өтiп, кей жәйттердi айтпай кеткен жерлерi де кездесiп отырған. Сондықтан да бiз осы жайларды ескере отырып, сол еңбектердегi негiзгi дерек мағлұматтарды бiр-бiрiмен және өзiмiздiң түрлi архивтерден ақтарып анықтаған қолда бар материалдармен салыстыра, сабақтастыра отырып, жазушының өмiр жолын өз пайымдауымызша жүйелеп, қысқаша шолып өтудi жөн көрдiк.
Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте қазiргi Семей облысы, Абай ауданы, М. Әуезов атындағы кеңшардың Бөрлi ауылында (бұрынғы Семей уезi, Шыңғыс болысының 8-ауылында) дүниеге келдi. Бөрлi-Семей қаласы мен Абай ауданының орталығы Қарауыл селосымен екi аралықта шамамен екi жағына да жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан.
Мұхтардың әкесi-Омархан, атасы-Әуез ескiше сауатты, көзi ашық, көкiрегi ояу, Абаймен сыйлас, құда-андалы жақын қарым-қатынаста болған. Ақынның “Разаққа” деген белгiлi өлеңiнде:
Мына үйде отыр Разақ,
Елдiң жөнiн айтар ма,
Шақырып алып сұрасақ.
Үлкен қожа-ортан қол
Өзгелерi-аты жоқ пенен шынашақ.
Сонда Абайдың немересi Әбубәкiр-Омархан ағам ше?-дегенде:
Оны дағы байқармыз
Бiраз ғана сынасақ-
деп келедi.
Ұлы ақынның М. Әуезовтiң тiкелей басқаруымен 1957 жылы шыққан екi томдық академиялық жинағының түсiнiктерiнде: “Бұл өлең алғаш рет 1933 жылғы баспаға кiргiзiлген. Разақ-Абай елiнiң жiгiтi. Осы өлеңдi Абай Разақ құрбысы Әубәкiр дегендiкiне келiп отырғанда айтыпты. Үлкен қожа деп отырғаны-Әуез” /2/-деп жазады. Жақын құда-жекжаттар арасында жарастықты әзiл-қалжың түрiнде айтылған бұл өлеңнен басқа да ел арасында әңгiме аңыздар кездесiп отырады.
Омарханның екi әйелi Нұржамал мен Мәдинадан (бауыры Самархан қайтыс болған соң әмеңгерлiкпен алған) көп уақыт ұл баласы болмай, қыздары: Қорлықа, Рақия, Гүлсiм, Зүбайлалардан кейiн Нұржамал Мұхтарды туады. (Одан екi жыл кейiн Үмия деген қарындасы туған. Мәдинадан Мұхтармен құралыптас Бiләл туады. ) Қазақтың қалыптасқан ата салты бойынша Мұхтарды атасы Әуез бен әжесi Дiнәсiл бауырына басып тәрбиесiне алыпты. Басқа балалары мен немерелерi сияқты оны да атасы бес-алты жасынан өзi оқытып, сауат аштырады. Әуез Мұхтарға бала жастан Абай өлеңдерiн жаттатып өсiредi. Екi үйдiң ортасында тел емiп “бейнетсiз, бурақан үй тентек бала болып өскен” ерке Мұхтар: “ең алғашқы” тiзенi” Абайдан көрдiм. Өлеңiн күндiз де, түнде де жаттадым . . . Сонымен бiр қыс, бiр жазда Абайды түгелге жақын жаттап шығып едiм” /3/-деп еске алады. Мiне, келешек ұлы эпопея тудырған суреткердiң, салиқалы зерттеулер қалдырған ғұлама ғалымның творчестволық бағыт бетiн белгiлеген бастау бұлағы, нәр алған құнарлы тамыр-тереңi осыдан басталса керек.
Жазушының ата-аналары дәулетi асқан бай болмағанымен кедей де емес, өздерiне жетерлiгi болған сияқты. 1919 жылы 19 қарашада өзi толтырған iс-қағаздардың iшiндегi “Совет мекемелерiнiң қызметкерлерiне арналған анкетаның” сұрақтарына жазушы: “ата-анам малшылық кәсiппен айналысады, дәулетi орташа, елу қой, бес қарасы бар” /4/-деп жауап жазған екен. Әкесi Омархан 1909 жыл, шешесi Нұржамал 1912 жылы екеуi де елу жас шамасында, атасы Әуез 1918 жылы 90 жасқа таянып қайтыс болады.
Ендi М. Әуезов қай жылдары, қандай оқу оқыды деген мәселеге келсек, оның Семейдегi бес кластық қалалық орыс училищесiнде оқып, сонан соң мұғалiмдiк семинарияны бiтiргенi белгiлi. Соның өзiнде жазушының өмiрбаянын орта мектепке, жоғары оқу орындарына арнап жазған оқулықтарда әртүрлi, бiр-бiрiнен өзгеше мағлұматтар келтiрiлгенi байқалады.
Ертеректегi орта мектепке арналған оқулықта белгiлi мұхтартанушы ғалым Б. Сахариев: “М. Әуезов Абай ауылындағы бастауыш орыс мектебiнде оқиды, бұдан кейiн Семей қаласындағы жетi жылдық көлемiндегi орыс мектебiне оқуға түседi” /5/-десе, профессорлар М. Сильченко мен Н. Смирнова: “ . . . ол төтенше оқытатын медресенi тауысқан болатын” /6/-деп жазады. Академик М. Қаратаев жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен арнайы зерттеулерiнде: “Мұхтардың әкесi Омарханның ықтиярына қарамай, Қасымбек немере iнiсiн 1908 жылы Семейге апарып медресеге берудiң орнына орыс мектебiне бередi” /7/-деп жазады.
Көрiп отырсыздар, бұл еңбектерде анау айтқан өрескел қателiк болмағанымен, әрқайсысы өзiнше тон пiше берген. Әдiлдiгiн айту керек, бұл турасында архивтерде де, жазушының 50-жылдардан бергi өзi жазған өмiрбаяндарында да нақты деректер жоқ болатын. Жазушының 1928 жылы анкеталық сүраққа жауап түрiнде жазған-“Өз жайымнан мағлұмат” атты өмiрбаяны көп уақыт бойы ешкiмге белгiсiз күйiнде, әуелде Смағұл Садуақасовтың жұбайы Мәскеу медицина институтының профессоры Елизабетта Әлихановна Бөкейханованың қолында, кейiннен елiмiз тәуелсiздiкке ие болғанға дейiн жазушы музейiнiң жабық қорында жатқан едi. Сондағы жазушының мәлiмдеуiнше: “Оқуды бес-алты жасқа келген соң үлкен әкемнен оқи бастадым. Сол кiсiнiң алдынан хат танып, түбi оқитын болған соң 9-10 жасымда әкеммен бiрге туысқан ағам Қасымбек қасына алып, басында бiр жыл Семейдегi Камали деген қазiреттiң медресесiнде мұсылманша оқытты да, артынан орысшаға бердi. Орыс оқуына әуелi өзi дайындады. Содан кейiн бiр қыс ел iшiндегi ауылнай школдан, Әбiш Қасенов деген Семей семинариясын бiтiрiп шыққан қазақ учителiнен оқып, келесi жылы күз Семейдiң “пятикласный городской учелищесiне” түстiм. Содан әрi мектептегi оқу тәртiппен кеттi” /3, 6-б/-деп жазған. Одан ары училищенi 1915 жылы бiтiрiп, семинарияға түскендiгiн, ал семинарияны “арасында ауырып, оқуды бiрлi-жарымды тоқтатып, доғарып қойып жүрiп”, 1919 жылы бiтiрiп шыққаны туралы мәлiмдеген.
М. Әуезов әдеби, ғылыми творчестволық еңбекпен шындап айналысуды осы семинария қабырғасында бастап, болашақ үлкен суреткерлiк, ғалымдық биiк тұғырдың алғашқы iзi, қадам жолы осында салынады. 1917 жылы “Еңлiк-Кебек” пьесасы қойылып, “Алаш”, “Сары Арқа” газеттерiнде 4-5 мақаласы, 1918 жылы “Абай” журналында жиырмаға тарта еңбектерi жарияланған болатын. Заман талабына үн қосқан, болашақ бағыт бетiне iз салған, қоғамдық-әлеуметтiк, ғылым, мәдениет мәселелерiн сөз ететiн ол еңбектер өз алдына арнайы әңгiмеге арқау болары сөзсiз.
Ендiгi мәселе М. Әуезовтiң осы 1919-1922 жылдардағы қоғамдық-әлеуметтiк қызметi жайлы. Көп уақыт бойынша жете ашылмай, аз-кем айтылған тұстарда әртүрлi алып-қашпа әңгiмеге тиек болған жазушының осы саладағы қызметiне бiршама кеңiрек тоқталу қажет деп бiлемiз. “Өз жайымнан мағлұматтағы” жоғарыда келтiрiлген үзiндiнi жалғастырсақ: “Бұл кездерде февраль төңкерiсi болған. 19-шы жылдың аяғында кеңес өзгерiсi болды, әлеумет қызметiне араласып кеттiк…” /3, 7-б/-деп түйiндеген екен. Ары қарай атқарған қызметтерi жайлы ешнәрсе айтылмайды да, қай жылдары қандай шығармалар жазғаны баяндалады. 50-жылдардан бергi жазған өмiрбаяндарында да М. Әуезов ол қызметтерi жайлы нақты деректер келтiрмей, жалпылама айтып өтедi де, тек 1946 жылы 30. 01. күнi толтырылған жеке iс-қағаздарында:
1) ХI. 1919 - Х 1920 зав. казах. п/отделом Семипалатинского облисполкома.
2) I. 1921 - V. 1921 зав. казах. отделением облсуда.
3) V. 1921 - VIII. 1921 зав. отд. юстиции облисп. член президума облисп.
4) VIII. 1921 - ХI. 1921 преседатель облисполкома.
5) ХI. 1921 - ХII. 1922 член президиума КазЦИК. Оренбург.
6) ХII. 1922 - V. 1923 член редколлегии журн. “Чолпан” Ташкент.
7) 1923-1928 учился в ЛГУ.
8) 1928-1930 проходил аспирантуру при фак. востоковедения САГУ” /3, 20-б/-деп, ары қарай одан кейiнгi қызметтерiн де тiзiп өтедi. Мұнда жазушы сол жылдардағы негiзгi қызметтерiн түгелге жуық нақтылай қамтыған деуге болады. Дегенмен, архивтер мен баспасөз мағлұматтары бойынша аздаған қосымша толықтыруды да қажет ететiн сияқты. Семей облыстық архивiнен М. О. Әуезовтiң 23. ХII. 1919 ж. басталып, 10. IХ. 1920 ж. аяқталған 11 парақтан тұратын жеке iс-қағаздарын және 19. XI-31. ХII. 1920 аралығындағы М. Әуезовке және басқа қызметкерлерге қатысты папканы қарастырғанымызда жазушының өзi көрсеткен қызметтерге қосымша мынадай деректердi анықтадық.
1919 жылдың аяғында М. Әуезовтi қызметке тағайындау жөнiнде бұйрықта, қызметтiң ресми атауы “зав. 0бшим Подьотделом по инородческой части” деп аталған екен де кейiнгi құжаттарда қысқаша “киротдел” деп жазылыпты. 1920 жылдың 10 қыркүйегiндегi Губревкомның N135 протоколының көшiрмесiнде: “Слушали: 4. 06 удовлетворении ходатайства зав. киротделом тов. Ауэзова, ввиду отьезда для продолжения образования, о смешении его с должности зав. киротделом. Постановили: Просьбу тов. Ауэзова удовлетворить. Временно заведование киротделом возложить на члена губревкома тов. Аймауытова” /4/-деп жазған екен. Бұл жерде бiз Мұхтардың сол тұста да қызметтiң қызығына түспей, оқуға талпынған талабын атап көрсетпек болдық. Бiрақ оның қалай, не себептен жүзеге аспай қалғаны әлi анық емес. Келесi толтырылған 1920 жылдың 19. ХI-30. ХII аралығындағы iс-қағаздарында М. Әуезов:
“4. Место службы в настояший момент и занимаямая должности-редактор киргизской газеты “Казах тiлi” органа Семгубисполкома губбюро РКП” /4/-деп жазады. Бұл кезеңдегi М. Әуезовке байланысты бiраз құжат қағаздар облыстық партия архивiнде сақталғаны белгiлi. Бiз ертеректе де, кейiндеу де түрлi себептермен ол құжаттарға жол таба алмаған едiк. Ал қолда бар деректер бойынша М. Әуезов Коммунистiк партия қатарында 1919 жылдың аяғынан 1923 жылдың басына дейiн мүше болғанын анықтадық. Оны жазушының өзi алғашқы және кейiнгi толтырылған iс-қағаздарында көрсеткен. Семей облыстық партия архивiндегi материалдар негiзiнде “Иртыш” газетiнiң 1967 ж. 17 қыркүйектегi N185 санында “Семипалатинские годы Мухтара” деген мақаласында доцент А. Романов мынадай мағлұматтарды келтiредi: жоғарыда аталған қызметiнен соң ары қарай 1920 ж. 1 желтоқсанынан губерниялық билер кеңесiнiң төрағасы, онымен қоса газет редакторы және губерниялық халық ағарту бөлiмiнiң штаттағы қызметкерi болған екен. Келесi жылдың 28 мамырынан бастап, алда өтетiн партконференцияның редакциялық комиссиясы мүшелiгiне сайланып, Қарқаралы уезiнде және басқа жерлерде дайындық жұмыстарын жандандыруға атсалысады. 23-маусымда РКП(б) губкомының кеңейтiлген мәжiлiсiнде оның үгiт-насихат бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне бекiтiледi. Ал, 12-тамыз күнi губком мен губревкомның уездердегi кеңес және партия ұйымдары өкiлдерiмен бiрлескен кезектi мәжiлiсiнде Семей губерниялық атқару комитетi төралқасының (президиумының) төрағасы болып сайланады. Қыркүйекте бүкiл қазақтар сьезiне, қазан айында өлкелiк партия сьезiне делегат ретiнде қатынасыпты. 1921 жылы қарашадан 1922 жылдың желтоқсаны аралығында Қазақстан Орталық Атқару Комитетiнiң (КазЦИК) президиум мүшесi болып сол кездегi Қазақ АССР-ының астанасы Орынборда iстегенiн жоғарыда келтiрдiк. Сол кезде М. Әуезов әрi КазЦИК-тiң жауапты (саяси) хатшысы, әрi “Еңбекшiл қазақ” газетiнiң редакторы қызметтерiн де қатар атқарады.
Мiне, осындай үлкен облыстық, республикалық ауқымдағы қоғамдық-әлеуметтiк басшылық қызметтер атқару барысында жас қайраткер М. Әуезов сол кездегi елдiң, халықтың, ұлттың мүддесiне, мұң-мұқтажына қатысты келелi iс-тiршiлiктердiң басы-қасында болғандығы сөзсiз.
М. Әуезовтiң осы жылдары Кеңес өкiмет орындарында шын берiлiп iстеген тиянақты қызметiн кейiннен басқаша, бұрмалап баға-лаушылық болды. 1932 жылғы тергеудiң айыптау қорытындысында: “М. О. Әуезов айыпталады: 1. Контрреволюциялық ұйымға енiп, өзiнiң жат пиғылын iске асыру үшiн ұйымның тапсырмасы бойынша ВКП(б) мүшелiгiне өткен, 12-партсьезде ұлт мәселесi жөнiнде Бөкейханов, Садуақасовтардың бетке ұстаған платформасын қолдап, колонизаторлыққа қарсы күрестi желеу етiп, өз жұмыстарында ұлтшылдық көзқарасты жүргiзiп отырған . . . 2. Советтiң мемлекеттiк аппаратында өз ұйымдарының сойылын соғатын кiсiлердi енгiзуге күш салған . . . ” /8/-деп көрсетедi. Дәл осы сияқты айыптауды Голощекиннiң 1930 жылғы баяндамасында да келтiрген болатын.
Бiздiң аңғаруымызша, М. Әуезов Кеңес үкiметiнiң, компартия-ның алғашқы кезеңде жүргiзген саясатына езiлген ұлттарға еркiндiк, теңдiк деген бағдарламасы мен ұранына шын сенiп, сол күйiнше түсiнген. Ол өз елiне адал еңбек етсем деген басты бағдарына әрқашан да берiк бола бiлдi. Сондықтан да бұл жерде iштi-тысты қызмет жасаған Әуезов емес, керiсiнше оны шатастырған сол кездегi өкiметтiң сөзi мен iсi қабыспайтын бұралаң, бұқпантай саясаты болды.
Д. Досжановтың “Абақты” атты кiтабында келтiрген М. Әуезовтiң тергеу кезiндегi жауаптарына көз жүгiртiп көрейiк: “Алаш-Орда адамдарының астыртын жел беруiмен коммунистiк партияға өттi деген шындыққа жанаспайтын жала. Өз басым губерниялық комитеттiң қызметкерлерi Кожевников пен Мой жолдастардың кепiлдiк беруiмен партияға өткем” /8, 16-б/-деген ауызба-ауыз берген жауабы тергеу протоколына тiркелген екен. Одан әрi 1931 ж. 29. Х. күнi жазған Бiрiккен саяси Бас басқарма коллегиясына қазақ ұлтшылдары деген iс бойынша қамаудағы Әуезов Мұхтардың арызында: “Колонизаторлық көзқарастан әлi құтыла қоймаған жергiлiктi партия қызметкерлерiнiң кең тараған ескiлiк салты менiң көңiлiмдi тез қалдырды. Бiздiң iшiмiздегi колонизаторлық көзқарас ұлттық намысымды қоздырды, (жоспарлы ұлтшылдықты өз өмiрiмде ұстанған емеспiн), мендегi көңiл-күйiндегi ғана ұлтшылдық едi. Партия қатарынан шығуыма бiрден бiр себеп-осы” /8, 26-б/-деп ағынан жарылады.
Мiне, осындай себептермен жазушы 1922 жылы қараша айының аяғында биiк лауазымды қызметiне де, партиялығына да, саясатқа да қолды бiр-ақ сiлтеп, өз бетiнше Тәшкенге кетiп қалады. Сол үшiн 1923 жылы ақпан айында “За нарушение партдисциплины и за национализм” деп партия қатарынан шығарылады /3, N271, 57-б/.
Тәшкенге келген бойда М. Әуезов өзiнiң негiзгi өмiрлiк мақсаты-оқуын ары қарай жалғастыру үшiн Орта Азия Коммунистiк Университетiне (САКУ) еркiн тыңдаушы болып, әрi сол кезде ендi құрылған “Шолпан” журналын шығарысуға Тоқтыбаевпен бiрге қызу кiрiсiп кетедi.
Оқырманға бұрыннан мәлiм, 1918-1924 жылдары РСФСР құра-мында болған Түркiстан АССР-iнiң Сырдария, Жетiсу губерниялары қазiргi Қазақстанның Қызылорда, Оңтүстiк Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Талдықорған облыстарын, Семей облысының бiраз жерлерiн қамтитын едi. Сол жылдары және кейiнiректе Ташкент қаласында қазақ-қырғыз Бiлiм Комиссариаты, Қазақ Халық Ағарту Институты ашылып, қазақ тiлiнде “Ақ жол”, “Жас Алаш”, “Жас Қайрат” газет-терi, “Шолпан”, “Сана”, “Сәуле”, “Жас Қайрат”, “Лениншiл жас”, “Кедей айнасы”, т. б. журналдары шығып тұрған. Өзбекстан Орталық Мемлекеттiк архивiндегi мерзiмдi баспасөздер анкетасында: “Шол-пан” журналының қызметкерлерi кiмдер деген сұраққа: М. Әуезов пен М. Жұмабаевтар аталып, редколлегия мүшелерi: Тоқтыбаев пен Әуезов деп көрсетiлiптi, “Сана” журналының қызмет-керлерi ретiнде оның редакторы Х. Досмұхамметовпен бiрге Жұмабаев, Жәленов, Әуезов, Оспанов, Тынышбаев т. б. аталған екен /9/.
М. Әуезов аз ғана уақыт iшiнде осы басылымдарға оннан астам әңгiме, әдеби-сын мақалаларын жариялап, едәуiр мол еңбек сiңiргенi байқалады. 1923 жылы қыркүйек айынан Петроград (Ленинград) университетiнiң қоғамдық ғылымдар факультетiне (ФОН) тiл-әдебиет бөлiмiнiң орыс-славян секциясына оқуға түсiп сол жылдың аяғына дейiн оқиды. Осы жылы желтоқсан айында Семей облыстық оқу бөлiмiнiң, жергiлiктi өкiмет орындарының шақыруымен оқуын үзiп, 1925 жылдың күзiне дейiн Казпедтехникумде, мұғалiмдердi қайта дайындайтын курстарда қазақ әдебиетiнен, Семей губерниялық пар-тия мектебiнде Россиядағы революциялық қозғалыстар тарихынан сабақ оқытып, Орыс географиялық қоғамының Семей бөлiмшесi тө-рағасының орынбасары, Семей Губкомы мен губ. атқару комитетiнiң органы “Таң” журналының редакторы қызметтерiн қатар атқарып, өлкетану, әдебиеттану бағытында маңызды жұмыстар жүргiзiп, әдеби-көркем шығармаларын жариялаған. Ол туралы Ленинград архивiнде сақталған М. Әуезовтiң студенттiк қағаздарының iшiндегi Семей губ. атқару комитетiнiң төрағасы Тоқтабаев бастаған бiрнеше ресми қызметкерлердiң ЛГУ басшыларына жолдаған қатынас қағазында толық баяндалған /10/. М. Әуезов 1925 жылы күзде университетке қайта келiп оқып, 1928 жылы бiтiрiп шығады.
Осы кезеңде жазушы оншақты әңгiме, бiрнеше әдеби сын мақалалармен қатар “Әдебиет тарихы” (Қ-О. 1927) атты үлкен оқулығын, “Қаракөз” (Семей, 1926) пьесасы мен “Қараш-Қараш оқиғасы” (1927), “Қилы заман” (Қ-О. 1928) сияқты повестерiн жариялап және баспа бетiн көрмей жоғалып кеткен бiр роман, бiр пьеса, “Сұғанақ сұр” повестерiн жазған екен. Жоғарыда аталған, 1931 ж. қамауда жатып Бiрiккен саяси Бас басқарма Коллегиясына жазған арызында М. Әуезов:
“Барша қабiлетiм жазушы болуға арналуы керек деп жас күнiнен армандағанын”, “23-24 жылдардан бастап-ақ саясатпен айналыспауға бел буғанын” айтып, “былайғы өмiрiмдi әдебиетке, педагогтiк, ғалымдық жолға арнағанды ақыл көрдiм. Бұл жол қызықтырып әкеткенi ғажайып, өзгедей қызық бар деп ойламадым” /8, 27-б/-деп жазады.
М. Әуезов 1928 жылы университеттi бiтiрген соң Тәшкенге келiп, Қазақ Оқу-ағарту институты және Орман шаруашылығы техни-кумында қазақ әдебиетiнен сабақ берiп, 1929 жылдан САГУ-дiң түркология кафедрасында аспирант, әрi ғылыми қызметкер болып iстеген екен. САГУ-дiң бюллетенiнде (1929 ж. 18-кiтап, 150-бет) 1929 жылдың 1-июньдегi мәлiметi бойынша ғылыми қызметкерлердiң iшiнде: “М. О. Әуезов-по кафедре турецкой филологии (востфак), Х. Д. Кемеңгеров-по кафедре тюркологии (востфак) оқытушылардың iшiнде: “Е. О. Омаров-казахский язык (востфак, сельфак) ” аталады /11/.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz