М. Мақатаев өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер тұлғасы


Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Салиха Мустафаева
М. Мақатаев өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер тұлғасы
ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫС
«050205 - филология » мамандығы
Алматы 2013
МАЗМҰНЫ
Кіріспе . . . 4
І - тарау. XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы әдеби үдеріс және оның М. Мақатаев поэзиясымен сабақтастығы . . . 7
ІІ - тарау. М. Мақатаев өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер тұлғасының бейнеленуі . . . 36
Қорытынды . . . 61
Әдебиеттер тізімі . . . 63
Кіріспе
Мұқағали Мақатаевтың азаматтық пафосы биік, сыршылдық тынысы кең, шынайы тіршілік өрнектеріне қанық шығармалары қазақ әдебиеті тарихында алпысыншы жылдардан бастап өзіндік ерекше орнымен көрінді де, ақын ұлттық поэзиясының бірегей бітімді біртуар тұлғасына айналды.
Ақынның алғашқы жырлары 1948 жылдарда Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінің беттерінде жарияланды. 1954 жылы «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналында бір топ өлеңдері жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» газетінде өлеңдер топтамасы (Әбділда Тәжібаевтың қоштауымен) оқырманға жол тартты. Арада он жыл салып, 1964 жылы тұңғыш кітабы «Ильич» атты поэмалар жинағы жарыққа шықты. 1966 жылы «Армысыңдар, достарым!» атты өлеңдер мен поэмалар кітабы, 1967 жылы «Қарлығашым, келдің бе?» атты жыр жинағы оқырман қолына тиіп, қаламгерлік беті айқындалған, өзіндік қолтаңбасы бар ақынның тұлғасын танытты. Соңғы жинақтарының тақырыптарынан-ақ («Армысыңдар, достарым!», «Қарлығашым келдің бе?» ) ақынның өз үні мен таным дүниесі бедерленіп бой көрсетті.
Жазушылық жолы осылайша сәтті басталған жас ақынның бұдан былайғы барлық саналы өмірі поэзия тынысымен тығыз байланыста өтті. Өмірінің екінші жартысында бірыңғай еркін әдеби шығармашылық іске шығып алды. «Поэзия! Менімен егіз бе едің? Сен мені сезесің бе, неге іздедім?!», - деп тебіренетін Мұқағали бүкіл ғұмырын, жан дүниесін қалтқысыз өлең жолына арнады. Талантты да шамырқанысты ғұмыр кешіп, үдете өнімді жазды. Талантты бай, ішкі рухани қуаты берік ақын небір тамаша лирикалық жырларын ұсынды. «Мавр», (1969), «Дариға - жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) жинақтары қазақ поэзиясында өзіндік белесті із қалдырып, өз оқырмандарын тапты.
1976 жылы жарық көрген «Өмір - дастан» атты таңдамалы өлеңдері мен поэмалары ақындық өмірдің бір түйінді белесіндегі қорытындысы секілді көрінді. Келесі, 1978 жылы жарияланған «Өмір−өзен» кітабын авторы көре алмады.
Ақын поэма, дастандарымен, талантты лирикалық шығармаларымен, әлем әдебиетінің кесек туындыларын қазақ тіліне аудару арқылы қазақ әдебиетінің тарихында ерекше тұлғалы орын алып, жарқын да шынайы талантымен кеңінен танылып үлгерді. Ақын соңында бай да талантты қаламнан туған мұралар қалдырды. Оның жеке өмірі мен шығармашылық ізденістерінің ішкі бірлігі, тұтастығы, дүние құбылыстарына деген шыншыл да сезімтал ақындық көзқарасы туындыларынан барынша айқын аңғарылады. Шығармашылық өмірінің алғашқы қалыптасу кезеңі бүкіл кеңес әдебиетінде үлкен серпіліс тудырған алпысыншы жылдардағы «жылымық» жылдарына тұспа-тұс келген ақын дүниетанымы одан кейінгі социалистік қоғамдағы тоқыраудың әуелгі жылдарында күрделі қайшылықтарға ұшырады. Ал, өткен ғасырдың соңындағы қайта құру, Қазақ елінің тәуелсіздік алу кезеңін ақын өз көзімен көре алмай кетті. Көзінің тірісінде де ақын ретінде жақсы танылып, әдебиеттен өз үнімен дараланған суреткердің мұраларына көзқарас, ықылас күшейе түсті. «Бәсіре» (1981), «Зов души» (1981), «Соғады жүрек» екі томдық таңдамалы шығармалар жинағы (1982), «Шолпан» (1984) қалың оқырман қолына тиді. 1991 жылы үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді.
Ақын У. Уитменнің «Шөп жапырақтары» (1969), В. Шекспирдің «Сонеттерін» (1970), Дантенің «Құдіретті комедиясының», «Тамұқ» атты бірінші бөлімін (1971) қазақ тіліне аударып жариялатты.
Мұқағали өлеңдері - ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай еуроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңін шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, түрлендіре байытты да, сонысымен қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашып, ұлттық поэзияның шашасына шаң тимес тарланбозы ретінде мәңгілік ұялап қалды. Сонымен қатар, ақын қазақ лирикасын XX ғасыр әдебиетінің озық дәстүрлерімен талантты түрде құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай, жарасымды дамытты. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» дегенде де ақын өзінің суреткерлік сырын алға тартқан [1, 608-610-б. ] .
Тақырыптың өзектілігі: Қазіргі таңдағы мәдениет тоғысындағы жаһандану үрдісіне бағыт бұрған заманда ұлтымыздың рухани әлемін байытқан тұлғалардың мұраларын зерттеу - заман тудырып отырған қажеттілік.
М. Мақатаев поэзиясы жөнінде арнайы монографиялық зерттеулерден көре, оның жекелеген өлеңдерін талдаған ұсақ мақалалар басым. Ал, ақын жайындағы іргелі зерттеулер, Мұқағали поэзиясын тереңінен қопаратын, оның ішкі әлемін терең бойлап талдаған еңбектер ілеуде біреу ғана. Осы тұрғыдан алғанда, М. Мақатаев поэзиясы қазақ поэзиясының аясында тақырыптық, идеялық, көркемдік жағынан жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
Тақырыптың зерттелуі: Қазақ әдебиеттану ғылымында поэзияның жанрлық, түрлік-стильдік мәселесі, лирикалық қаһарман, көркемдік жүйе проблемасы әдеби үдеріс аясында және жекелеген қаламгерлердің шығармашылығы арқауында зерттеліп келе жатыр. Зерттеу еңбегімізде нысана етіп алып отырған М. Мақатаев поэзиясы жөнінде әр жылдары М. Қаратаев, Ә. Кекілбаев, Б. Кәрібаева, Б. Асылжанұлы, М. Тілеубаева т. б. мақалалар жазса, Қ. Алпысбаевтың «Мұқағали өрнегі», С. Әбішеваның «Поэтическая система», «Мир природы: структура и система» монографияларында ақын шығармаларына терең талдаулар жасалады. Сонымен қатар, К. Хамидуллаевтың «Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі», А. Қазанбаеваның «М. Мақатаев лирикасының лексика-грамматикалық ерекшеліктері», Б. Бегманованың «М. Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты», Ж. Өтейұлының «Мұқағали поэзиясының көркемдік жүйесі» деген тақырыптардағы диссертацияларында ақын шығармалары белгілі деңгейде зерттелді.
Зерттеудің мақсаты: Зерттеудің басты мақсаты - Мұқағали Мақатаев өлеңдеріндегі лирикалық кейіпкер тұлғасы мәселелеріне тоқталып, ғылыми тұрғыдан зерттеу.
Зерттеудің міндеттері:
- М. Мақатаев, Т. Молдағалиев, С. Жиенбаев, Қ. Мырзалиев, Ф. Оңғарсынова т. б. ақындар шығармаларының лирикалық кейіпкер тұлғасын зерттеу, салыстыру;
- Ақын поэзиясындағы адам болмысын, лирикалық кейіпкер тұлғасының табиғатын ашу;
− Мұқағали поэзиясының тіл көркемдігін талдау;
- М. Мақатаев және т. б. ақындар шығармашылығының болмыс-бітімін, ұлттық ерекшеліктерін саралау;
- Ақынның дүниетанымына, эстетикалық қабылдау сезіміне, стиль көрінісіне сипаттама жасау.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Жұмысты жазуда әдебиеттану ғылымындағы осы зерттеудің тақырыбына қатысы бар отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми-теориялық талдаулары, тұжырымдары басшылыққа алынды. Атап айтқанда, А. Байтұрсынұлы, М. Қаратаев, Ә. Тәжібаев, З. Қабдолов, З. Ахметов, С. Қирабаев, Қ. Алпысбаев, Т. Шапай т. б. ғалымдардың еңбектері негізге алынды. Ал, қазақ поэзиясындағы лирикалық кейіпкер сипатын зерттеу барысында Әл-Фараби, Аристотель, В. Г. Белинский, Л. Тимофеев, Л. Гинзбург, Ф. Ницше, В. Назаренко т. б. зерттеулеріндегі тұжырымдар назарға алынды.
Зерттеуде салыстырмалы тарихи талдау, жинақтау және қорыту әдістері пайдаланылды. Сонымен бірге мұрағат деректері, арнайы зерттеулер мен баспасөз бетінде жарық көрген материалдар сұрыпталды.
Зерттеу жұмысының негізгі дереккөздері. Зерттеу жұмысы мұрағат құжаттары, шетел, қазақ-орыс ғалымдарының лирикалық кейіпкер зерттеулеріне арналған құжаттар жинақтары негізінде жазылды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытындыдан тұрады. Жұмыстың соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
І-тарау. XX ғасырдың 60-80 жылдарындағы қазақ поэзиясындағы әдеби үдеріс және оның М. Мақатаев поэзиясымен сабақтастығы
Қазақ әдебиеттану ғылымында лирика жанры жан-жақты зерттеу обьектісінеайналып, оның тарихына, әдеби процестегі алар орнына байланысты әр түрлі еңбектер жазылғанмен назардан қағыс қалып келе жатқан мәселе бар. Ол− лирикалық тұлға проблемасы. Жалпы, теориялық тұрғыдан әлдеқашан негізделіп, практикада /сын мақала, зерттеу еңбектерде/ жаппай қолданылып келе жатса да, оның терминдік нақтылығы, ұғымдық ауқымы, лирикалық кейіпкердің автормен ара қатынасы төңірегіндегі айтыс-тартыс әлі де болса өз шешімін тапқан жоқ. Бұл айтыстар диапозоны лирикалық кейіпкер - қолдан жасалған ұғым, өлеңдегі субьект -автордың нақ өзі деген пайымнан бастап, лирикалық "мен" - творчестволық тұлғаның жеке басымен еш байланысы жоқ, автобиографиялық тұрғыдан оған мүлде қатыссыз бейтарап бейне дегенге дейінгі пікірлер қайшылығының аралығын қамтиды. Аталмыш термин пайда болған уақыттан /1921ж. / бергі қалыптасқан әдеби-сын дәстүрінде бұл атау еркін, бірақ көптеген реттерде жадағай мағынасында қолданылып келді. Автор мен лирикалық текст мазмұнының ара қатынасындағы әрқилы сипат-сапаларды ескермей, терминді талғамсыз қолдану, бұл мәселенің төңірегінде ауық-ауық теориялық пікір қақтығыстарын тудырып, мұның өзі, түптеп келгенде, лирикалық тұлға категориясының ұғымдық шек-шекарасын айқындай түсуге септігін тигізді. Осындай соңғы ірі айтыстардың бірі - 60-шы жылдары орыс әдебиетші ғалымдарының арасында болғаны белгілі. Жарияланған мақала аттарынан-ақ пікірлердің бір-бірінен қай дәрежеде алшақ жатқаны айқын көрініп тұр. В. Томашевский мен В. Назаренко лирикадағы «мен» − ақынның өзі дей отырып, лирикалық «мен» немесе лирикалық кейіпкер ұғымын тек декаданстық поэзия еншісі етіп көрсетеді. Олардың бұл тұжырымға келуі, шынында да, сол тұста «лирикалық кейіпкер» терминінің әркімнің өз қалауы, өз түсінігінше ретті-ретсіз жердің бәрінде әр түрлі мағынада жаппай қолданылуына байланысты еді. Теориялық түсініктегі ала-құлалықты В. Томашевский мына тұрғыда жіктеп көрсетеді: I/ «кейде ақын өлеңде өз ойлары мен сезімін емес, әлдебір «жалпылама» тұлғаның ой-сезімін өрнектейді деп есептеледі; II/ «кейбір поэзия туралы жазып жүргендер «лирикалық герой» терминін «ақын» сөзінің синонимі ғана деп түсінеді; III/ « басқа бір зерттеушілер «лирикалық герой» ақынның өзінен мүлде басқа нәрсе деп қарайды». Міне, осы түсініктерді алға тарта отырып, ол «лирикалық кейіпкер» дегеніміз - әдебиеттанудағы құр елес, өлеңде ақынның жеке басынан басқа ештеңе де жоқ деген қисынға тоқтайды. З. Паперный, Ст. Рассадин, А. Урбан, Л. И. Тимофеев сияқты ғалымдар мен сыншылар, егер лириканың «поэзияның поэзиясы» /В. Г. Белинский/ екені, демек өнер екені қандай шындық болса, лирикалық кейіпкердің ақынның нақ өзі емес, оның лирикадағы образы екені сондай ақиқат екенін, өйткені өнер заңдылығы бойынша, көркем образ бен протатип тең бола алмайтынын орнықты дәлелдеді. Біздің қазақ әдебиеттануы мен сынында бұл термин төңірегінде пікір қайшылығы болғанмен (бірақ бұл лирикалық кейіпкер ұғымы барлық ретте бірдей өз орнында, ғылыми түсінік тұрғысында қолданылады деген сөз емес ), осы мәселеге қатысты өз пайымы мен позициясын ғылыми тұрғыдан дәйекті түрде айқындай кеткен жеке - жарым пікірлер айтылмай қалған жоқ. Мәселен, Серік Қирабаев: " лирикалық кейіпкер деген ұғымға қарсы кейбір пікірлер де осы күні бой көрсетіп жүр. Мәселе оның атауында емес. Ақын сезімінің иесі - өлеңде болатыны хақ. Оны тек автордың өзі деп қарау жеткіліксіз. Лирикалық геройдың сезім- күйі, ой талабы қашан да бір ақын өмірінің шындығынан гөрі мол да, жан-жақты болады" [2] - деп жазады. Қазіргі қазақ әдебиеттануы мен сынында «лирикалық кейіпкер» ұғымының байырғы атаудай етене, сіңісті болып кеткені сонша - бұл терминнің қолданылар өріс-ауқымы қанша, қандай тарихы бар екені ескеріле де бермейді. Ал лирикалық шағармаларды талдау, жалпы поэзиядағы даму процесі мен әрқилы көркемдік құбылыстарды зерттеп, танып білуде әдебиетшіге өзгеріс, тыныс қана емес, елгезек құрал да бола білген осынау қарымды теориялық түсініктің қалыптасу, даму жолы, қазіргі қалпы және оның кешегі-бүгінгі қазақ поэзиясына қатысты туралы аз-кем әңгіме өрбіту - методологиялық тұрғыдан орынды болмақ.
Лирикалық кейіпкер /лирический герой/ ұғымын алғаш негіздеп, оған атау берген - Ю. Тынянов. Орыстың ұлы ақыны А. Блок қайтыс болғаннан кейін, көп кешікпей жазылған «Блок туралы» [3] деген мақаласында /1921 ж. / ол ақынның бүкіл поэзиясын тұтас көрініс, бірегеі құбылыс ретінде кейіптеп тұрған нақты адам бейнесі бар екеніне тоқтала келіп, әдебиеттану ғылымына теориялық құны өте маңызды лирикалық кейіпкер категориясын енгізді. Содан бергі уақыттың ішінде жаппай қолданылып, үйреншікті терминге айналған бұл атау жөнінде әдебиетші ғалымдар арасында ауық-ауық пікір таласы көтеріліп, лирикалық кейіпкер ұғымының ауқымын, теориялық мән-мағынасын айқындай түскен, тереңдей зерттеген еңбектер жарыққа шықты [4] . Кезінде мерзімді басылымдар бетінде де бұл мәселенің қызу талқыға түскені белгілі [5] . Терминнің шек-шекарасы, ол қамтитын құбылыстар мен белгілі нышандар ауқымы әлі де болса талассыз емес. Әйтсе де, осы ұғым, осы атау пайда болғалы бері жарық көрген еңбектер мен зерттеулер бұл мәселеге әрқилы көзқарастар, бірін-бірі толықтыратын, немесе, тіпті келетін пікірлер ұсына отырып, лирикалық кеіпкер категориясына мынадай жалпы сипаттама береді: лирикалық кейіпкер - лирикадағы ақын образы, нақты авторлық «меннің» обьективтенуі. Жеке өлең ғана емес, тұтас өлеңдер циклынан, өлеңдер кітабынан, лирикалық поэмадан, белгілі бір ақынның лирикалық туындыларының бүкіл жиынтығынан көрініс табатын, өзінше ерек тағдыры, жеке адамдық болмыс-бітімі, ішкі әлемі, психологиясы айқын дараланған, нақтылы мінез ерекшеліктерімен кейіп алған толыққанды бейне болып табылады.
Міне, осы тұрғыдағы лирикалық кейіпкердің пайда болу, қалыптасу жолы жалпы лириканың даму эволюциясымен тікелей байланысты. Лириканың тууын, басқа әдеби тектерден спецификалық айырмашылығын зерттеушілер индивидуальдық, яғни жеке «меннің» өрісі өзін «ұлттың субстанциялдық тұтастығынан» /Гегель/ бөліп қарай бастаған кезеңімен байланыстырады. Гегельдің эстетикасында лирикалық поэзияның жанрларға жіктелуінің өзі субстанциялдық және субьективтік негіздердің әрқилы қарым-қатынасымен түсіндіріледі. Лирика станциялдық жағын да жатсынбайды, ол тек адамның ішкі жан-дүниесін тереңдей ашу мәнерімен ерекшелік сипат танытады[6] .
Лирикалық кейіпкер - ең алдымен, көркем бейне. Шындықты көркемдік тұрғыда тану мен өрнектеу процесі, творчестволық субьектінің яғни, ақынның осы процестегі рухани қызметінің қажыр қозғалысы лирикалық кейіпкер бейнесінен айқын көрінеді. Сондықтан жеке өлеңде бедерленген сезім-күй, ой-толғаныс ақынның бүкіл шығармашылығы контексінде қаралып, автордың поэтикалық жүйесіне логикалық-психологиялық тұрғыдан табиғи кірігіп жатқан, тиянақ-тұтастығы, жалғасар өрісі бар бірегей көрініс, әрі бүтіннің бөлшегі ретінде танылуы заңды болмақ. Яғни, сол жеке бір өлеңдегі ой-сезім - кездейсоқ айтылған сыр емес, ақынның бүкіл лирикасында сомдалған әдеби тұлғаның, демек, лирикалық кейіпкер көңіл-күйінің бір сәті, жан-дүниесінің бір бұлқынысы; азаматтық тұрғысы, рухани өресі, мінез болмысы айқындалған сол тұлғаға ғана тән құбылыс, соның бойына ғана шақ сөз.
Лирикадағы ең таласты мәселенің бірі - ондағы эстетикалық тұрғыда сомдалған образдың автордың өз басымен ара-қатынасы, яғни лирикалық бейненің ақынның өз тұлғасымен дәлме-дәл түсуі немесе айырмашылығы қай дәрежеде деген сұрақ. Гегель: «лирикалық туындының орталық «персонажы» - оны жаратушының өзі, ең алдымен, оның ішкі әлемі» - дейді. Әйтсе де, бүгінгі өреде, лирикалық кейіпкер мен оны «жаратушы» ақынның арасына абсолютті теңдік белгісін қоюға әсте болмайды. Лирика туралы пікір айтқан философ, әдебиетшілердің қай-қайсысы да ақынның сол жеке сырларының жалпыадамдық сипатының талассыздығына қол қояды. Лириканы «таза лирика», «қолданбалы лирика» деп бөліп тастап /бұл жерде «қолданбалы деп некрасовтық мағынадағы лириканы айтып отыр/, «идеалды» лириканың моделін сипаттаған орыс философы, ақын, әдебиет сыншысы В. Соловьевтың өзі де лирикада адам жанының ішкі сұлулығы дүниенің обьективті мазмұнымен үндесетінін, сол жалпыға тән мағына-мазмұнның жеке сана арқылы көркем қорытылатынын» жазады [7, 210-с. ] . Лирикадағы «менді» автордың нақ өзі деп түсінетін дәстүрді сынай келіп, сыртқы өмірбаяндық фактілерді мүлде жоққа шығаруға болмайтынын, көркем шығармадағы субьект творчестволық тұлғаның «өзге, әдеби болмысы» екенін, ал, Г. О. Винокур «жеке тұлғаның лирикалық мазмұндағы өзгеше болмысы ақынның өз өмірбаянына жаңа ғұмыр дарытатынын» Д. Мотольская, К. Соколова дәлелдеді. Атақты неміс философы Ф. Ницше: «лириктің образдары - ақынның өзінен басқа ешкім де емес, тек бұл оның әр қилы формада обьективтенген тұрпаты, сондықтан осынау ұлан ғайыр әлемнің кіндік-тұтқасы ретінде ол «Мен» деп сөйлеуге әбден хақылы; бірақ бұл «Мен» эмприкалық реальды Меннің өзіне ұқсамайды, ол - жалпы әр нәрсенің тегінде, негізінде жатқан бірден-бір мәңгілік қасиет, ақиқат-мән ретінде көрінеді»[8, 73-74-с. ] - дей келіп осы арқылы лирикті жалаң субьективті ақын деген түсінікті жоққа шығара отырып, тіпті ақынның өзін бүкіл ой-сезім әлемімен, түптеп келгенде, сол өзі жаратқан лирикалық генийдің /Ницшенің атауы/ танымы деп біледі. Мәселен, философ өзі алғашқы грек лиригі деп білетін Архилох өз туындысында енді кәдімгі, құмарлықтан өртеніп күйіп жанған, сүйген, жек көрген Архилох емес, керісінше лирикалы, яки әлемдік гений түп-төркін қасірет қайғыны адам-Архилохтың кейпінде символдық мәнде бейнелейді деп түсінеді. Біздің көзқарасымызда, бұл ойлардың да ақын мен лирикалық кейіпкердің ара қатынасын парықтауда үлкен маңызы бар.
Лирикалық кейіпкер - ақынның «өз болмысының өзге сапаға көшуі» екенінің иллюстративтік айқын бір мысалы испан ақыны Фернандо Пессао творчествосы. Оның алты өлеңдер кітабының әрқайсысы бір-бірінен мүлде өзгеше қолтаңба танытып, алтауы алты талантты ақынның жеке творчествосындай әсер қалдырады екен. Әр кітаптың өз лирикалық кейіпкерлері бар және олардың жан-дүниесі бір-біріне ұқсамайтын бөлек-бөлек әлем [9, 89-с. ] . Бұл - ақын қиялының шексіз кеңістігін, оның басқа болмысқа түрлену /перевоплощение/ қабілетінің ерекше мүмкіндігін көрсететін мысал. Бірақ, мұнан ақын жаны - қай қалыпқа құйылса, соның мүсінін алып шығатын, өзіндік порым-бітімі жоқ әлдебір «сұйық» материя сияқты деген ұғым тумаса тиіс. Нендей түрге түсіп, қандай пішінмен құбылса да, негізгі «материал» - ақын жаны, творчестволық тұлғаның өз болмысының сәулесі екені айқын болса керек. Латын Америка әдебиетінің классигі, XX ғасырдың үлкен ойшылдарының бірі Х. Л. Борхес «Уитмен туралы жазбаларында» Уитменнің кейіпкері - оның өзі дейтін түсініктерді сынай отырып, Уитмен әдебиетшіні құдай тектес - кейіпкер - Уитменмен шатастыруға болмайды» [10, 159-с], - дейді. Өмірдегі Уитмен - көп сөзі жоқ, ұстамды, байыпты адам, кейіпкер-Уитмен - өртше лапылдаған қызған темперамент иесі. «Шөп шашағындағы» бақытты кезбе бұл өлеңдерді жаза алмайтынын түсінген абзал. Борхес Уитменнің өмірдегі «барлық адамдарға ұқсауға», солардың әрқайсысына «сіңіп» кетуге тырысқанын, сол арқылы бүгінгі күні «бәріміздің сырласымызға, өзімізге, бақытымызға» айналғанын жазады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz