Қазақ тіліндегі белгілілік пен белгісіздіктің функционалды-семантикалық категориясы


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 33 бет
Таңдаулыға:   

ӘОЖ 811. 512. 122`36 Қолжазба құқығында

Тураева Айгүл Тасболатқызы

Қазақ тіліндегі белгілілік пен белгісіздіктің

функционалды-семантикалық категориясы

Мамандығы 10. 02. 02 - қазақ тілі

Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

А В Т О Р Е Ф Е Р А Т Ы

Қазақстан Республикасы

Алматы, 2008

Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды

Ғылыми жетекшілер: филология ғылымдарының докторы, профессор

Е. Жанпейісов, филология ғылымдарының

кандидаты Б. Қапалбеков

Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы А. Омарова

филология ғылымдарының кандидаты Ғ. Танабаев

Жетекші ұйым: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық

институты

Диссертация 2008 жылы "25" сәуір сағат 14. 00-де ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .

Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .

Автореферат 2008 жылы "25" наурызда таратылды.

Диссертациялық кеңестің

ғалым хатшысы, филология

ғылымдарының докторы, профессор Ж. А. Манкеева

ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Зерттеудің өзектілігі. Тілдік категорияларды мағыналық жағынан қарастыру соңғы кезде тіл теориясында да, практикасында да жаңа қарқын алып келеді. Бұл орайда әсіресе функционалды-семантикалық категорияларды егжей-тегжейлі сипаттауға бағытталған функционалды грамматикаға ерекше мән беріліп отыр. Жалпы тіл білімінде функционалды грамматика (лингвистикалық функционология) мәселелерінің қолға алынғанына көп уақыт өткенмен, қазақ тіл білімінде бұл сала енді-енді сөз бола бастады.

Қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік категориясы осы кезге дейін арнайы зерттеу нысаны болмаған. Оның парадигмалық ұйымдасуы, тілдің түрлі деңгейлеріндегі берілу жолдары анықталмаған болатын. Алайда мұндай зерттеудің қажеттілігі функционалды грамматика, типология, тіл тарихы, аударма теориясы мен тәжірибесі, қазақ тілін оқыту әдістемесін сабақтастыра қарастырудан туындап отырған қазақ тіл біліміндегі қазіргі таңдағы кешенді бағытпен байланысты. Осымен байланысты жұмыстың өзектілігі мен мақсатын белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын қалыптастыратын тілдік құралдарды анықтап, талдау, оларды семантикалық қызметінің ортақтығы негізінде бір өріске біріктіруден көруге болады.

Соған сәйкес бір грамматикалық-лексикалық өріс компоненттерінің мәндерін айқындай отырып, өрістің құрылымын, элементтерінің арасындағы қатынасты сипаттау да кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып табылады. Себебі грамматикалық бірліктердің қызметін талдау тілдің түрлі деңгейлерінің элементтерін талдауды қажет етеді. Осы тұрғыдан алғанда, белгілілік/белгісіздік категориясын прагматика мен референция мәселелерімен байланысты сөз етудің маңызы ерекше. Осы мақсатта жұмыста белгісіздік/белгісіздік мәндерінің грамматикалық және лексикалық жолдармен берілуі де арнайы сөз болып, соның нәтижесінде қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік фунционалды-семантикалық категориясының тұтас сипаты мен оның ішкі құрылымын көрсетуге тырыстық.

Соңғы кездегі қазақ тілін зерттеуден ғылым жетістіктері қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік категориясын да жан-жақты талдауға мүмкіндік береді, атап айтқанда, нысанына сәйкес зерттеу тіл құбылыстары жүйелі талдауға негізделеді. Бұл ұстаным қазіргі таңда жеке тілдік категорияларды функционалды тұрғыдан зерттеуде ерекше маңызға ие болып келеді.

Жұмыстың мақсаты. Белгілілік/белгісіздік категориясын функционалды-семантикалық категория ретінде қарастырып, оның мәндерінің әртүрлі тілдік жағдаяттардағы берілу жолдары мен қызметін талдау. Осы мақсатқа жету жолында бірнеше нақты міндеттерді орындау көзделді. Атап айтқанда:

- белгілілік/белгісіздік категориясын функционалды-семантикалық аспектіде қарастыру;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының тұрпат межесі мен мазмұн межесіндегі инварианттары мен варианттарын анықтау;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының жекелеген мәндерінің тілдің түрлі деңгейлеріндегі берілу сипатын көрсету;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын функционалды-семантикалық макроөрістер негізінде сипаттап, өзіндік ерекшеліктерін айқындау;

- шағын (микро) өрістерді анықтап, олардың өзара әсерін және соның нәтижесінде қалыптасатын осы категорияның жекелеген мәндерінің арасындағы қатынасты сипаттау.

Зерттеу нысандары. Жұмыстың зерттеуіне белгілі көркем әдебиет мәтіндері негіз болған. Жекелеген көркем шығармалардың өзіндік ерекшеліктері, автордың стилистикалық қолданыстары әртүрлі болғанмен, белгілілік/белгісіздік категориясының түрлі құралдармен берілуінің жан-жақты функционалды қолданысын бейнелей алады.

Жұмыстың ғылыми жаңалығы. Белгілілік/белгісіздік категориясы функционалды-семантикалық категория ретінде қазақ тіл білімінде алғаш рет арнайы сөз болып отыр. Аталған категорияның ішкі құрылымы, инварианттар мен варианттардың парадигматикалық қатынаста берілуі, нақты жағдаяттардың қолданысы мен макро-, микроөрістердегі мәндері де зерттеу жұмысында тұңғыш рет арнайы қарастырылады.

Жұмыстың теориялық құндылығы. Зерттеу нәтижесінде тілдік жүйенің түрлі деңгейлеріндегі белгілілік/белгісіздік категориясының қызметінің жан-жақты қарастырылуы қазақ тілінің функционалды грамматика мәселелеріне арналған еңбектерге өз дәрежесінде теориялық үлес қоса алды. Жұмыс нәтижелерін лексикалық семантика, синтаксис, мәтін лингвистикасы бойынша жазылған еңбектерде, прагмалингвистика, коммуникативті лингвистика мәселелерінің түрлі салаларының өзара байланысын сипаттайтын еңбектерде пайдалануға болады.

Жұмыстың практикалық құндылығы. Зерттеу жұмысының нәтижелерін қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар мен әдістемелік жұмыстарда, жоғары оқу орындарына функционалды грамматика, аударманың теориясы мен тәжірибесі, әдеби тіл, тіл мәдениеті, морфология, синтаксиске арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазуда пайдалануға болады. Сондай-ақ қазақ тілі теориясы мен типологиясына арналған арнайы курстар мен арнайы семинарларды жүргізуде пайдалануға болады.

Зерттеу әдістері. Жұмыста қолданылған әдістер белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының жекелеген конституенттерінің өзіндік ерекшелігінен туындайды. Зерттеу барысында тілдің түрлі деңгейлері, белгілілік/белгісіздік категориясының морфологиялық, синтаксистік, лексикалық жолдармен берілу жолдары талдануына байланысты тілді жүйе ретінде қарастыруға мүмкіндік беретін сипаттама әдісі қолданылды.

Сонымен қатар белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын жан-жақты толық ашу үшін, нақты айтқанда, шағын өрістер арасындағы шекараны айқындау үшін трансформация әдісі, дистрибуция және белгілілік/белгісіздік мәндерінің семантикалық компоненттерін айқындау үшін компонентті талдау әдістері қолданылды. Сондай-ақ белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы өрісінің ортақ құрылымы мен жекелеген семантикалық белгілерін анықтау мақсатында "өріс" әдісі қолданылды. Талдау барысында өріс талдауын сандық талдаумен байланыстыратын кешенді талдау қолданылды. Белгілілік/белгісіздік жағдаяттарын, белгілілік/белгісіздік мәнінің берілу жолдарын айқындап, сипаттауда, белгілілік және белгісіздік мәндерінің семантикалық варианттарын анықтауда тұтас контекстер пайдаланылды.

Қорғауға ұсынылған тұжырымдар:

- қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік категориясы - функционалды-семантикалық категория болып табылады. Оның ұғымдық статусы тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табатын көптеген семантикалық варианттардан құралады.

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы лексикалық, морфологиялық, синтаксистік деңгейлерде нақты көрініс табады;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы тілдік қолданыста, контексте анық көрінеді;

- қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы - ұғымдық категория болып табылады;

- белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының инвариант мәні тыңдаушыға заттың таныс не бейтаныс болуына негізделеді;

Жұмыстың талқылануы. Зерттеу жұмысының негізгі түйіндері мен тұжырымдары республикалық басылымдарда 9 мақала түрінде жарияланып, 6 халықаралық ғылыми-теориялық конференцияларда баяндалды.

Жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспеден, үш тараудан, қорытынды мен пайдаланылған әдебиет тізімінен тұрады.

ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ

Диссертацияның "Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының негізгі белгілері" атты бірінші тарауында белгілілік/белгісіздік категориясының танымдық сипаты, референция теориясымен байланысы, тіл прагматикасына қатысы, қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалдық-семантикалық категориясының парадигмалық жүйесі, оларға негіз болатын критерийлер, қызметі, белгілілік және белгісіздік мәнін білдіретін жағдаяттар көрсетілді.

Тілді функционалдық тұрғыдан зерттегенде, сөйлеу барысындағы грамматикалық бірліктердің қызметіне баса назар аударылады. Яғни ұғымдар мен олардың тілдегі көрінісі сарапталады, сөйлеуші санасындағы коммуникативті маңызды категориялар тексеріледі. Олардың тіл құрылымында өзіндік орны болады. Сөз етіп отырған белгілілік/белгісіздік категориясы да ұғымдық категорияға жатады. Белгілілік/белгісіздік категориясы тілдік категория ретінде өте күрделі құбылыс болып табылады. Функционалды-семантикалық категория ретінде ол басқа категориялармен тығыз байланыста қарастырылып, сана жұмысына байланысты тұрғысынан сөз болуы керек. Тілдік категория ретінде ол тілдік семантика, ұйымдасу тәсілдері, берілу жолдары тұрғысынан сипатталуы керек.

Белгілілік/белгісіздік категориясын тануда ғалымдар арасында бірқатар пікірталастар да кездеседі. Рылов Ю. А. оны грамматикалық категорияға жатқызса [1], Крушельницкая К. Г. коммуникативті-синтаксистік категорияға [2], Алехина М. И. контекстуалды категорияға жатқызса [3], Ревзин И. И. оны "жасырын синтаксистік категория" деп атайды [4] . Тілдік семантикаға деген қызығушылықтың артуы, ғылымдардың байланысы тілді де тұтас жүйе ретінде қарастырып, белгілілік/белгісіздік категориясы мәндерін сан қырлы сипатын анықтауға жол ашып отыр. Белгілілік/белгісіздік категориясының мәні жағдаят сипатымен тығыз байланысты. Мұнда сөйлеуші позициясына ерекше мән беріледі, себебі оның нысанға қатысы, тыңдаушыға әсері т. б. байланысты сөйленістің белгілілік деңгейі анықталады. Белгілілік/белгісіздік мәндерінің жиынтығы тілдік бірліктердің көптүрлілігімен ерекшеленеді.

Қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының құрылымы өте күрделі. Ол имплицитті (морфологиялық, синтаксистік, лексикалық құралдар арқылы) және эксплицитті түрде көрініс табады. Тіл фактілерін функционалдық тұрғыдан қарастырғанда ғана тілдің түрлі деңгейлеріндегі құралдарды бір категория (белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы) шеңберінде сөз етуге болады.

Белгілілік/белгісіздік категориясын референтті категория ретінде қарастыру есімдердің мәніне ғана емес, тілдік емес нысандарға, сөйленіс пресуппозициясына, тілдік және тілдік емес контекстерге, сөйлеуші мен тыңдаушының орнына, олардың аялық білімдеріне назар аударуды қажет етеді. Белгілілік/белгісіздік категориясының логика-семантикалық және прагматикалық сипатын тексеру белгілілік/белгісіздік сияқты инвариантты мәнді анықтауға да мүмкіндік береді. Белгілілік мәні анафора, дейксис немесе сөйлесушілердің аялық білімінің нәтижесінде туындауы да мүмкін. Белгілілік/белгісіздік категориясы өз ішінен оппозиция құрайды, соған байланысты оларды бір-бірінсіз қарастыру дұрыс нәтиже бере алмайды. Жалпы есімдер заттық мәнде жұмсалып, нақты зат атауларымен референтті қатынаста болған жағдайда ғана белгілілік/белгісіздік оппозициясын бере алады. Жалқы есімдер негізінен нақтылық мәнде жұмсалады.

Бірінші рет қолданылған белгісіз зат есімнің коммуникативті жүгі мол болып, ол сөйленістің ремасына жатады. Тема мен рема барлық сөздерге түгелдей қатысты болса, белгілілік/белгісіздік зат есімге ғана қатысты болады. Ремалық жалпы есім интродуктивті сөйленісте алғаш сөз болған семантикалық компонент ретінде сипат алады. Рема құрамында белгісіз зат есімнің қолданылуы жүйелі сипат алады. Белгілілік/белгісіздік семантикалық категориясының негізгі белгісі адамның сөйлеу қызметімен, нақты коммуникация актімен байланысты. Белгілілік/белгісіздік оппозициясы бір зат не құбылыс туралы сөйлесушілердің, коммуникация мүшелерінің хабардар болуы негізінде көрініс табады. Кацнельсон С. Д. белгілілік/белгісіздік мәндерін "сөйлеу барысында жаңа, бұрын айтылмаған заттар" туралы сөз болуымен байланыстырады [5] . Мәтінде алғаш рет сөз болған нәрсеге қатысты белгісіздік мән көрінсе, бұрын айтылған, белгілі нәрсе туралы сөз болғанда, белгілілік мән көрінеді. Сөйлеуші кез келген нәрсе туралы сөз еткенде, оның тыңдаушыға таныс не таныс еместігін міндетті түрде ескеріп отырады. Зат не сөйлеуге негіз болған адам тыңдаушыға бейтаныс болған жағдайда сөйлеуші белгісіздік мән қолданады. Ал сөйлеуші мен тыңдаушыға таныс жайттар сөз болса, есім сөз белгілілік мәнде жұмсалады. Заттың таныс не бейтаныс болуы сөйлеуші мен тыңдаушы позициясына байланысты, яғни сөйлеуші тыңдаушыға заттың қаншалық дәрежеде таныс екенін ескереді.

Кейде адресатқа референт белгісіз болғанымен, есім тобы белгілілік мәнде жұмсалуы мүмкін. Мәселен, менің әке-шешем деген тіркес әрқашан да белгілілік мәнде жұмсалғанмен, олар туралы адресант таныс болмауы да мүмкін. Белгілілік логикалық тұрғыдан қарастырылғанда, негізінен заттың не адамның жекешелік тұлғасымен байланыстырылады. Адамның әке-шешесі жалғыз болғандықтан, менің бір әкем немесе менің бір анам деп қолданылмайды.

Белгілілік/белгісіздік семантикалық категориясы тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс тауып, белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық өрісін түзеді. Белгілілік және белгісіздік мәндерінің берілу жолдарын айқындауда даралау, жинақтау, жалпылау, нақтылау, тұтастық жағдаяттары айқындалды. Жұмыста зерттеу айтылым деңгейінде жүргізілді. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының жекелеген мәндері - белгілілік те, белгісіздік те түрлі деңгейдегі құралдар арқылы көрініс табады. Алайда оларды өзара бірлікте, байланыста қарастыру қажет. Себебі олар бірінсіз-бірі тілдік жүйе құрай алмайды. Себебі олар біртұтас жүйе құрауы үшін коррелятының болуы шарт. Осыған байланысты белгілілік/белгісіздік категориясының ертедегі жазбалардағы көрінісін арнайы зерттеген ғалым Сабитова З. К. былай дейді: " . . . Определенность и неопределенность как частные значения функционально-семантической категории определенности/ неопределенности выражаются разноуровневыми средствами, которые находят свое ококнчантельное воплощение в предложении. При этом существенным и необходимым является рассмотрение языковых единиц, выражающих значения определенности и неопределенности во взаимосвязи, в системе, поскольку подход к любой единице языка как изолированной исключает появление у нее той или иной формы, если она не вписана языковую систему" [6, 4-б. ] .

Референция теориясы белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясы сөйлеу актімен, сөйлеушімен байланыстыра қарастырылады. Бұл дәстүрлі тіл білімінің шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Белгілілік/белгісіздік функционалдық-семантикалық категориясы есімдердің референттігіне, яғни ақиқат шындықпен сәйкес келуіне негізделеді. Сондай-ақ коммуникация процесі сөйлемнің грамматизациялануына, яғни референция актінің сөйлеушінің коммуникативті ниетіне байланысты анықталады.

Белгілілік/белгісіздік категориясын сөйлеу прагматикасымен тығыз байланыста қарастырудың мәні зор. Сөйлеу барысында сөз болған заттың сөйлеуші мен тыңдаушыға таныс, белгілі болуы коммуникация қызметі үшін қажетті талаптардың бірі болып табылады. Ал зат тыңдаушыға таныс болмаса, сөйлеуші оны сипаттау үшін оған ұқсас басқа заттармен салыстыра отырып, түсіндіруі керек болады. Функционалдық бағыттағы зерттеулерде грамматикалық тұлғалардың тілдегі қолданыстарының мазмұндық жағына, сондай-ақ нақты семантикалық аяға қатысты жағдаяттар түріне ерекше назар аударылады. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының ерекшелігі сөйлеу актінде көрініс тауып, коммуникациямен тығыз байланыста болады. Қандай да бір мағына контексте, тілдік жағдаятта көрініс табады. Контекст түрлері грамматикалық тұлғалардың нақты белгілі бір қызметте қолданылу мүмкіндігін сипаттайды. Контекст тілдік бірліктердің грамматикалық мағыналарының негізгі шарты болып табылады.

"Қазақ тіліндегі белгілілік функционалдық-семантикалық категориясының құрылымы" деп аталатын екінші тарау белгілілік мәнінің имплицитті, эксплицитті берілу жолдарын талдай отырып, белгілілік мәнінің семантикалық инвариантын анықтауға арналған.

Белгілілік/белгісіздік категориясының арнаулы көрсеткіштері (артикль) болмағанмен, ол тілдің бірнеше деңгейлеріндегі құралдар арқылы көрініс табады. Белгілілік/белгісіздік категориясын білдіретін лексикалық құралдар ретінде белгісіздік, сілтеу, жіктеу есімдіктерін, морфологиялық құралдар ретінде табыс септігі мен ілік септік жалғауларының түсіп қалуы, синтаксистік құралдар ретінде интонация, сөздердің орын тәртібі, сөйлемнің актуалды мүшеленуі т. б. атауға болады. Белгілілік/белгісіздік категориясы тілдің бірнеше қабатындағы құралдар арқылы берілгенмен, мағынасының ортақ болуына байланысты бір функционалды-семантикалық өріс аясына біріктіріледі [7] .

Функционалды грамматика принциптеріне сәйкес белгілілік/белгісіздік категориясы мынадай белгілерден құралуы керек:

1) оның семантикалық инварианты болуы керек, ол варианттар жүйесінде қызмет етуі керек;

2) оның тілдік жүйенің ең болмағанда екі деңгейін қамтыған өзіндік берілу жолдары болуы тиіс;

3) семантикалық даралау белгілері тілдің түрлі деңгейлерінде көрініс табуы керек.

Белгілілік/белгісіздік категориясы - темпоралдылық, аспектуалдылық т. б. категориялармен салыстырғанда, өзіндік ерекшеліктерге бай функционалды-семантикалық категория болып табылады. Ол шақ, жақ мәндері де қамтиды.

Қазақ тілінде нақтылы-жақты сөйлемдер 1 және 2-жақ тұлғасындағы есімдіктер арқылы көрініс табады. Мен, сен, біз, сіз есімдіктері бастауыш қызметінде жұмсалған сөйлемдер әрдайым белгілілік мәнінде жұмсалады, себебі аталған есімдіктер сөйлеу актіне қатысушыларды білдіріп, ең анық, нақты, белгілі болып табылады. Бірінші жақ тұлғалы есімдік сөйлемде белсенді субъект болады, сол себепті мұндай жіктеу есімдіктер белгілілік мәнінде ғана жұмсалады: Мынадай сұрапыл кезде бұл қалада тұрып болар емес, мен кеттім, бұл топан басылған күні сатармын (Ә. Кекілбайұлы, Кек. 69-б. ) . Мен өз еркіммен сенің етегіңнен ұстауға ырзамын, мырзам, мен сенен қалмаймын, мені алып кет, әйтпесе мен өлемін! - деп безектеді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 221-бет. ) .

Екінші жақтық жіктеу есімдіктерімен салыстырғанда, бірінші жақ тұлғалы есімдіктер жиі түсіп қалатынын байқауға болады. Бұл 1-жақ тұлғаларының мағынасының тұрақтылығына, белгілілік мәнінің күштілігіне, прагматикалық ерекшеліктеріне байланысты болса керек. Себебі олар түсіп қалса да, олардың нақтылы-жақтық мәні өзгермейді. Мысалы:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім.

Адамның бір қызығы - бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім, - деп келетін өлең жолдарында "мен" есімдігі жасырын келгенімен, өлең жолдарының соңындағы бірінші жақ тұлғалы етістік арқылы "мен" есімдігінің мәні беріліп тұр. Сол арқылы тұтас сөйлем, сөйленімдер белгілілік мәнінде, нақтылы-жақтық мәнде қолданылған.

Көпше тұлғалы 1-жақ етістік тұлғаларының мәні жекеше тұлғалы 1-жақ тұлғаларымен салыстырғанда, біршама жалпы да күрделі болып келеді. Сол себепті оларда нақтылық, даралық жоқ.

Екінші жақ тұлғалы есімдіктердің белсенділігі сөйлеуші тарапынан берілетіндіктен, ол нақтылауды қажет етеді. Сол себепті сен, сендер, сіз, сіздер есімдіктері жиі қолданылады. "Местоимение ты - это не только специальный показатель адресата речевого акта, но и опосредованный выразитель субъективности повествования, который отреженно свидетельствует о самом говорящем, о его эксплицитном присутствии в данной речевой ситуации. Местоимение ты выступает в обязательной коммуникативной связи с я, так или иначе представленном в высказывании или за его пределами - в ответных репликах адресата [8, 52-с. ] .

Ал 3-жақтық жіктеу есімдіктеріне келсек, олардың өзіндік ерекшеліктері байқалады. Атап айтқанда, 1, 2-жақтық жіктеу есімдіктері нақты адамға қатысты қолданылып, сөйлеу актіне қатысушыларды нақты көрсетсе, 3-жақ жіктеу есімдігі белгілілік мәнінде де (нақты, белгілі адам), белгісіздік мәнінде де (нақты емес, бейтаныс адам) қолданылуы мүмкін.

Бірақ Өрбике басын кекжең еткізіп: - Мен оның қатыны болғым келмейді. Ол тым кәрі, маған күйеу болғаннан әке болуға ылайық. Сәнді Сүлеймен әрі жас, әрі көркем, ол бұдан да көп береді. Оған тек мен бір ауыз сөз айтсам болғаны, - деді (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 211-б. ) .

1, 2-жақ тұлғалы есімдіктер негізінен адамдарға қатысты болса (персонификация құбылысынан басқа), 3-жақты есімдіктер адамдарға да, заттарға да қатысты болуы мүмкін. Сол себепті 3-жақ тұлғалы етістіктері бар сөйлемдер субъектінің адам не зат болуына байланысты өзара ажыратылады (субъект-адам немесе субъект-зат) . Мысалы:

Ол шын қазанаттың тұқымы тәрізді шәлкес, бірақ біздің қолымыз осы, мұндай асауды үйрету - қаниб (Ж. Аймауытов. Шығ. 2-том. 213-б. ) .

Сиыр дегенің, түйе дегенің қара құрттай қаптап жыртылып айырылушы еді . . . Олар қайда? (Ж. Аймауытов. 2-том. 159-б. ) .

3-жақ жіктеу есімдіктерінің 1, 2-жақ жіктеу есімдіктерінен тағы бір ерекшелігі - олар сілтеу мәнін білдіру үшін де жұмсала алады. Мысалы:

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қазақ тіліндегі белгілілік функционалды-семантикалық категориясы
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы
Абайдың қара сөздеріндегі көсемшенің синтаксистік қызметі
Морфология саласының теорияларын зерттелу сипаттары
А. Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы
Aғылшын және қaзaқ тілдеріндегі келер шaқ
Артикльдердің аудармасы
Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы (Ы.Е.Маманов еңбектері негізінде)
Аспектуалдық категориясына жалпы сипаттама
Есімдіктер
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz