Қазақ әйелі концептісінің этномәдени сипаты


ӘОЖ 811. 512. 122:396 Қолжазба құқығында
БАЙҒҰТОВА АҚЛИМА МАРХАБАТҚЫЗЫ
"Қазақ әйелі" концептісінің этномәдени сипаты
10. 02. 02 - қазақ тілі
Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін
алу үшін дайындалған диссертацияның
АВТОРЕФЕРАТЫ
Қазақстан Республикасы
Алматы, 2008
Жұмыс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында орындалды.
Ғылыми жетекшісі: филология ғылымдарының докторы,
профессор Ж. Манкеева
Ресми оппоненттер: филология ғылымдарының докторы
Р. Шойбеков
филология ғылымдарының кандидаты
С. Жапақов
Жетекші ұйым: Абай атындағы Қазақ ұлттық
педагогикалық университеті
Диссертация 2008 жылы 25 сәуірде сағат 16. 00 де ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы 10. 02. 06 - түркі тілдері және 10. 02. 02 - қазақ тілі мамандықтары бойынша филология ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғайтын Д 53. 38. 01 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады (050010, Алматы қаласы, Құрманғазы көшесі, 29) .
Диссертациямен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Орталық кітапханасында танысуға болады (050010, Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28) .
Автореферат 2008 жылы 25 наурызда таратылды.
Диссертациялық кеңестің
ғалым хатшысы міндетін атқарушы
филология ғылымдарының докторы М. Малбақов
ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Кейінгі онжылдықтар белесіндегі зерттеулер этносты, ұлт мәдениетін тіл арқылы анықтауды негізгі қағида етеді (Ә. Қайдар, Е. Жанпейісов, Р. Сыздық, Н. Уәли, Ж. Манкеева, Г. Смағұлова, Қ. Жаманбаева т. б. ) . Нақты айтқанда, тілді тұтынушы ұлтты алғашқы орынға қоятын лингвистикадағы антропоцентристік парадигма өз аясында жаңа бағыттарға жол ашуда. Осымен байланысты Г. Снасапова, Ш. Елемесова, Ф. Қожахметова, М. Күштаева, Қ. Қайырбаева, Н. Аитова, А. Әмірбекова, Ж. Саткенова сынды жас ғалымдардың жұмыстарында тіл таным кілті деп қаралып, когнитивтік лингвистика мәселелері этнолингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика, әлеуметтік лингвистикамен тығыз байланыста зерттелген.
Осыған орай соңғы кездері қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы концепт табиғатын нақты дәйектер негізінде ашуға бағытталған еңбектердің көбейіп келе жатқаны байқалады. Ғалымдардың зерттеулерінде бақ, тағдыр, өмір, өлім, жан, қайғы, мұң, тары, батырлық, қаһармандық, соғыс, түр-түс, сұлулық, әсемдік, т. б. концептілердің мазмұны көрсетіліп, олар әр қырынан қарастырылған.
Ал мәңгілік тақырыптардың бірі - әйел мәселесі қоғамдық ғылымдардың ішінде, негізінен, қазақ әдебиеттануында көркем шығармалардағы әйел бейнесіне қатысты зерттеулерде кездеседі. Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры мен туған тілі арқылы сіңіре білген әйел-аналар аз емес. Қазіргі таңдағы ана тілінің тағдырында да, бүгіні мен ертеңінде де бағзы замандардағыдай аналардың алатын орны, атқаратын рөлін көрсету мен жаңғыртудың мәні ерекше. Алайда қазақ халқының ұлттық дүниетанымына сәйкес қазақ мәдениетіндегі әйелдің шынайы орнын тіл арқылы таныту, жаңаша зерттеп-зерделеу міндеті толық шешілген жоқ. Осымен байланысты ұлттың болмыс-бітімі, дүниеге көзқарасы мен рухани-мәдени құндылықтарына сәйкес әйелдің өзіндік табиғатын, қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік қызметімен сабақтас анықтау мәселесін ұлттық таным қорында тіл арқылы жинақталған әйел концептісі арқылы дәлелдеудің мәні ерекше. Оның өміршеңдік сипатына сәйкес қазіргі қазақ қоғамындағы "қазақ әйелі" концептісінің даму динамикасын, жаңару үрдісін анықтау зерттеу жұмысының негізгі ұстыны болып табылады, әрі оның өзектілігін де айқындайды.
Зерттеу нысаны. Қазақ халқының танымындағы "әйел" концептісіне қатысты атаулар, қазақ әйелдерінің таным-талғамын, көзқарасын, сезімін, психологиясын, сан иірімді ерекшеліктерін тануға, қазақ мәдениетіндегі орнын айқындауға мүмкіндік беретін тілдік бірліктер, лексико-фразеологиялық, паремиологиялық бірліктер, халық ұғымында қалыптасқан ұғым-түсініктер, қазіргі көркем мәтіндердегі, прецеденттік мәтіндердегі, мифология мен сакральды жүйедегі, топонимдердегі, т. б. "қазақ әйелі" концептісін дәлелдейтін деректерді зерделеу.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Қазақ әйелінің қоғам өміріндегі, ұлттық мәдениеттегі рөлі мен орнын оны сипаттайтын тілдік деректерді лингвомәдени бағытта айқындау, әйел концептісінің лексика-семантикалық, концептуалдық мазмұнын аялық білім деңгейі тұрғысында түсіндіру. Аталған мақсатты орындауда алға қойылатын міндеттер:
- "қазақ әйелі" концептісін антропоцентристік бағытта зерттеудің негіздерін айқындау;
- қазақ әйелінің "Ғалам бейнесі" контексіндегі концептілік аясын сипаттау;
- көркем мәтіндердегі, прецеденттік мәтіндердегі, мифология мен сакральды жүйедегі, топонимдердегі, т. б. "қазақ әйелі" бейнесін сипаттайтын деректерді концептілік жүйеде жинақтау;
- қазақ әйеліне қатысты тұрақты тіркестер, мақал-мәтелдер, теңеу, метафора, символдардың мазмұнындағы концептілік өрісті анықтау;
- "қазақ әйелі" концептісінің ассоциациялық өрісін психофизиологиялық, гендерлік, әлеуметтік сипатта көрсету;
- қазақ әйеліне қатысты онимдердің этномәдени сипатын түсіндіру;
- қазақ әйеліне қатысты тілдік бірліктердің әлеуметтік мәнділік деңгейін динамикалық жүйе ретінде көрсету;
- "қазақ әйелі" концептісінің ассоциативті тезаурусын түзу.
Зерттеу жұмысының дереккөздері. Халық ауыз әдебиеті мұралары, белгілі ақын-жазушылардың көркем туындылары, фразеологиялық, түсіндірме, диалектологиялық, паремиологиялық т. б. сөздіктер, тарихи-этнографиялық, мифологиялық деректер, мерзімді баспасөзден алынған тілдік деректер .
Зерттеу жұмысының әдіс-тәсілдері. Сипаттама, семасиологиялық, этнолингвистикалық, концептілік талдау, ассоциативтік эксперимент әдістері пайдаланылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен нәтижелері:
Зерттеудің негізгі жаңалығы - "қазақ әйелі" концептісін ғаламның көркемдік және тілдік аясында лингво-когнитивті деңгейдің бірлігі ретінде қарастыру. Соның негізінде анықталған мына жайларды зерттеудің жаңалығы және нәтижелері деп санаймыз:
- "қазақ әйелі" концептісі мәнінің ұлттық танымға сәйкес тілдік бейнесіне семантикалық, концептуалдық, этнолингвистикалық, психолингвистикалық талдау жасалынды;
- "қазақ әйелі" концептісінің аясына кіретін сөздер, көркем және прецеденттік мәтіндер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдердің мағыналары айқындалып, олардың этномазмұндық мәнін ашу арқылы қазақ халқына тән дүниенің тілдік бейнесі көрсетілді;
- ассоциативтік тәжірибе әдісін қолдану арқылы қазіргі ұрпақ санасындағы "қазақ әйелі" туралы қалыптасқан ұғым-түсініктер, ұлттық стереотиптер анықталды;
- аталған концептіге қатысты тілдік ұжымның аялық білімінің эксплицитті және имплицитті түрлері ажыратылды.
Зерттеудің теориялық маңызы және практикалық мәні. Зерттеудің нәтижелері мен пайымдаулары қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік зерттеулердің ғылыми-теориялық негіздерін нақтылай түсуге белгілі бір дәрежеде өз үлесін қосады. Зерттеу барысында талдау жасалынған тілдік деректерді қазақ тілінің түсіндірме, фразеологиялық, ассоциативтік сөздіктерді құрастыруға пайдалануға болады.
Зерттеудің нәтижелерін этнос тарихын, ұлттық дүниетанымды, ұлт мәдениетін тіл арқылы танытуға арналған дәрістерде, көркем мәтінді лингвистикалық талдауға қатысты арнайы курстарды жүргізуде, "Әлеуметтік лингвистика", "Лингвоелтану" пәндерін оқытуда, этнопедагогикалық тәжірибеде қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
қазақ әйелінің ойлау қабілеті, зейінзерде ерекшелігі, дүниетанымы, парасатпайым деңгейінің, мінезінің, еңбекқорлық, төзімділік, махаббат, сұлулық т. б. қасиеттерінің тілдік көрінісі - этносты сипаттайтын ерекше этноөзектік концептілер;
зерттеу мазмұнында талданған ассоциациялар, бағалау мен коннотациялар - қазақ әйелінің сезімдік, әлеуметтік, психологиялық, мәдени т. б. дәйегі, ұлттық сананың кілтін ашатын тілдік құралдар;
"қазақ әйелінің" концептілік бейнесі көркем және прецеденттік мәтіндерде, мифологияда, сакральды, топонимдік, антропонимдік жүйеде жасалып, символдық деңгейге көтерілген;
"қазақ әйелі" концептісі - ұрпақтан ұрпаққа беріліп, сақталған ұлттық таным ақпаратының санада қалыптасқан мәнмазмұны, қызметі;
тілде, жадта бұрыннан сақталған ақпаратты қабылдау, тану, өңдеу арқылы жаңа сапада жаңғырту "қазақ әйелі" концептісінің қазіргі қазақ қоғамындағы мәнін таным мен мәдениет сабақтастығын дәлелдейді.
Жұмыстың мақұлдануы мен жариялануы. Диссертацияның мазмұны, тұжырымдары мен негізгі нәтижелері төменде көрсетілген халықаралық ғылыми конференцияларда: "Қазіргі таңдағы ғылым мен білім" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Шымкент, 2005), "Педагогикалық білімнің өзекті мәселелері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Шымкент, 2006), "Әуезов оқулары - 5" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Шымкент, 2006), Т. Жанұзақовтың 80 жылдығына орай өткізілген "Қазақ тілінің лексикография, фольклортану мен көркем аударма мәселелері: қалыптасуы, дамуы мен болашағы" атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007) және ҚР БжҒМ А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жанындағы "Лингвистикалық жұма" атты ғылыми-әдістемелік семинарда (10 маусым, 2006) баяндалды.
Республикалық ғылыми басылымдар мен ғылыми жинақтарда диссертация тақырыбына қатысты 9 мақала жарияланды.
Зерттеу жұмысының құрылымы. Диссертация кіріспеден, екі тараудан, қорытынды мен пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, зерттеу нысаны, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдары түйінделіп, зерттеу әдістері, зерттеудің теориялық және практикалық мәні сипатталады.
Бірінші тарау "Ғаламның тілдік бейнесіндегі "қазақ әйелі" концептісі" деп аталады да, оның мазмұны алты тараушада сипатталады. 1. 1 Қоғамдық ғылымдар аясындағы "әйел" концептісінің сипатталуы. Адамзат тарихындағы іргелі түсініктердің қатарында "еркек-әйел" оппозициясының аталатыны белгілі. Ертедегі еңбектің жынысқа қарай бөлінісі еркектің асыраушы (аңшы т. б. ) ретінде тұрмыста үстемдікке ие болып, абсолютті тұлға ретінде орнығуына жағдай жасады. Ерлердің қызметі табиғатпен бірге әйелді де бағындырды. Ерлер әйелдерді өздерінің жартысы деп танып, оны өздерін толықтыратын екінші "мені" ретінде ғана мойындады, ол ұғым прецедентті мәтіндерде дәйектелді. Философтардың пайымдауынша, осылайша әлеуметтік прогресстің дамуы жыныстық теңсіздікке апарып соқты. Бұл тараушада осыны дәлелдейтін батыс, орыс, қазақ ойшылдарының адамзат тарихындағы іргелі түсініктердің бірі - "еркек-әйел" оппозициясы туралы пікірлері туралы сөз болады. 1. 2 "Қазақ әйелі" концептісінің психофизиологиялық негізі. "Қазақ әйелі" концептісінің кілтін ашуда әйел табиғатын, тілін оның психофизиологиялық жақтарымен қарастыру тиімді болмақ. Әрине, бұл аспектіде терең зерттеу қазақ тіл білімінде кенжелеу қалып жатыр.
Арнайы зерттеу жүргізген ғалымдардың пайымдауынша, ми жасушаларының қызметі ана құрсағының өзінде-ақ біздің ойлау жүйеміз бен мінез-құлқымыздың сипатын айқындайтын етіп ұйымдастырылған. Сол себепті о баста дүниеге бала әкелу, ана болу үшін жаратылған нәзік жыныстылар қандай жағдайда да өзінің аналық табиғатынан жырақтай алмайды. Мұның дәлелін көркем мәтіннен де айқын аңғаруға болады: Шешесінен көзін ашпай жатып айрылып, бетбейнесінің қандай екенін ұмытып қалған кішкене бала мынау қастарынан қалмай ербеңдеп жүрген ебілсебіл әйелді: "Апа!" дейтінді шығарды. Бауырына басын тығып ұйықтайтынды шығарды. Қараңғы түнде омырауына тұмсығын тығып пысылдап жатқан кішкене сәбидің кекілін сипап, кемсеңдеп жылап шығатын атымен бөтен бейтаныс әйелдің көкірегіне сүт жүгірді (Ә. Кекілбаев. Үркер) .
Ал енді еркек ақылдырақ па, әйел ме? Нейробиологтардың зерттеулеріне сәйкес ми салмағы әйелдерде шын мәнінде еркектерден азырақ (ерлердің миының салмағы орта есеппен - 1, 4 кг, ал әйелдердегі орташа көрсеткіш - 1, 3 кг), бірақ олардың ми иірімдері артығырақ. Сондай-ақ, әйелдердің миы олардың дене салмағының 2, 5 пайызына, ал еркектердікі 2 пайызына тең екені, ерлердің миының алдыңғы жағы көлемдірек, әйелдердікінің артқы бөлігі үлкенірек екені және әйелдерде екі жарты шарды байланыстыратын ми бөлігінің тығызырақ екені де анықталған. Арнайы тәжірибе жасаған шетел нейрохирургтары әйел миының екі жартышарындағы сөйлеу және ойлау қабілетін байланыстыратын нейрондардың қоюлығы ерлермен салыстырғанда 23% артық деп көрсетеді. Ал көрнекті психолингвист Н. И. Жинкин осы нейрондардың бала психологиясына, физиологиялық дамуына әсер етуімен бірге оның тілдік белсенділігін жетілдіруге де көп ықпал ететінін дәлелдеген болатын [1, 67-68] . Қойылған сұраққа бір сөзбен ғана қысқа жауап берудің орнына жолжөнекей болған оқиғаны да, оған деген өзінің көзқарасын да баяндап шығатын әйелдің көпсөзді болуы, ал ер адамдардың сұраққа қысқа да нақты жауап беруі осы ерекшелікке байланысты. Әйел табиғатына тән осындай заңдылықтар, ерекшеліктер қазақ әйеліне де ортақ. Оны тілдік деректермен дәйектеуге болады: - Е, е, көптен бері хабарласпаған болдыңыз ғой. Ағайынысыз ба, жақынысыз ба?
- Жиенімін.
- Жиенімін? Ойбай-ау, бізге де алыс болмадың ғой. Ошақтыға тиген әкемнің інісінің қызы бар деуші еді, сол сіз болып шықтыңыз-ау. Е, е, құда екенсіз ғой. Менің де бір сіңлім ошақтыға тұрмысқа шыққан. - Қымқа орнынан көтеріле берді де, әлдене есіне түсіп, ерніндегі күлкісін тыя қойды. - Кешір, айналайын, -- деді даусын бәсеңдетіп. - Қу тіршілік адамда ес қалдыра ма, ойымнан шығып кетіпті, - ол отыра қалып әлдене деп күбірлеп бетін сипады да қайтып тұрды. - Нағашыңыз армандап жүруші еді, қарындасым мен күйеу баламның иманы үйірусіз кетті деп. Құдай иманын саламат қылсын, өзіңе өмір берсін.
- Рахмет, жеңгей (Д. Исабеков. Тіршілік) .
О баста еңбек бөлінісіне байланысты пайда болған ерекшеліктер қазақ әйелінің де табиғатына, болмысына әсер етпей қоймады. Шындығында, әйелдер ерлерге қарағанда, физиологиялық жағынан нәзік, әлсіз, көп сөзге бейім, тым эмоционалды, әсершіл болғанымен, оларда руханилық басым, олар кемшілігін тез түсініп, бастапқы райынан тез қайтады. 1. 3 "Қазақ әйелі" концептісін әлеуметтік лингвистика тұрғысынан сипаттау. Қазіргі таңда тілдің әлеуметтік жіктелуі мен қоғамның жыныстық жіктелуінің өзара байланысын, әйел мен ер адамның тілдік және бейтілдік бірліктерді қолдану айырмасын [2] т. б. зерттейтін әлеуметтік лингвистиканың "қазақ әйелі" концептісін сипаттауда рөлі ерекше. Осы мәселелерге бағытталған лингвистикалық еңбектердің арасында гендерлік зерттеулерге айтарлықтай мән берілуде. "Гендер" ұғымын тілдік жағынан сипаттап, оның орыс тіліндегі ерекшеліктерін анықтауға зерттеуші А. В. Кирилина үлес қосты. Қазақ тіл біліміндегі антропоөзектік бағыттағы зерттеулердің арасында тіл мәселелерін гендерлік лингвистика аясында қарастырған еңбектердің қарасы молайғанын атап өткен жөн. Олардың қатарына Б. Хасанұлы, Г. Мамаева, Қ. Жанатаев, Г. Шоқым, М. Ешимовтің т. б. зерттеулерін жатқызуға болады. Ғалым Г. Шоқымның көрсетуінше, лингвомәдениеттанулық бағытта фемининдік және маскулиндік таптаурындардың (стереотип) тілдегі көрінісі, "еркектік" (мужественность) және "әйелдік" (женственность) тұжырымжасам, гендерлік метафоралар қолданысы (еркектік немесе әйелдік мағынасының жынысқа қатыссыз заттар мен құбылыстарға ауыстырылып қолданылуы) және мәдениетаралық қатысым деңгейінде т. б. зерттеулер жүргізілуде [2, 23] . 1. 3. 1 "Қазақ әйелі" концептісінің әлеуметтік сипатын гендерлік стереотиптер арқылы анықтау. Гендерлік зерттеулердің басты назарға алатын мәселелері - қоғамдағы ерлер мен әйелдерге деген қалыптасқан қарым-қатынасты айқындайтын мәдени және әлеуметтік факторларды анықтау, индивидтердің белгілі бір жынысқа жатуына байланысты мінез-құлық ерекшеліктерін, олардың еркекке және әйелге тән негізгі қасиеттерінің стереотиптік сипаттарын ашу. Зерттеуші А. Әмірбекованың пікірінше, "стереотиптер - ақиқат дүние туралы күнделікті қолданыста кеңінен танылған, сол зат не құбылысты, сол ситуация мен әрекетті, тұлға мен әлеуметті (дүниені) танудың санадағы қарапайым бейнесі, яғни дүние туралы таным-түсініктің қайталануынан тұрақталған адам санасындағы алғашқы сигналдар, яғни әрекеттер мен құлықтар шаблоны" [3, 33-34] . Ал И. А. Гусейнова мен М. В. Томская: "Гендерные стереотипы, представляющие собой стандартные, часто упрощенные и обобщенные мнения о представителях обоих полов, складываются и закрепляются в обществе посредством институализации и ритуализации пола" [4, 81] деп атап көрсетеді. Осы тұжырымдарға қарағанда, "қазақ әйелі" концептісін гендерлік стереотиптер арқылы да тануға болады. Мысалы, шығыс әйелдеріне тән стереотип түрі былайша көрініс табады: Ұлы бабамның алғашқы әйелі Бөрте Қоңырат қызы еді. Өзі де ибалы, инабатты әрі асқан сұлу жан еді. Жалпы Қаһан әйел жыныстыларды еркектерден оқшауландырып тұратын мінез - нәзік қылықтары болуды қатты қадағалайтын. Олар ақылды, үлкендердің алдынан кесіп өтпейтін ізгілікті, көреген жан болуы керек дейтін: кейін бұл қасиеттері бүкіл шығыс қыздарының қадетіне қалыптасты (О. Бөкей. Мұзтау) . "Әйел", "еркек " концептілерін зерттеу оларға қатысты стереотиптерді анықтаумен бірге аталған стереотиптердің тілдегі көрінісін зерттеу дегенге саяды. Соңғы жылдардағы зерттеулерге сүйене отырып, стереотиптер білім мен бағалауды сақтаудың айрықша формасы және мінез-құлықты бағдарлаушы концептілер болып табылады деп айтуға негіз бар. "Еркек" және "әйел" концептілері барлық мәдениетте кездеседі, оларға әдет-ғұрып, фольклор, мифтік санада, "дүниенің қарапайым ойсуретінде" айтарлықтай орын берілген. Алайда гендердің стереотиптік және аксиологиялық бағасы түрлі мәдениетте бірдей емес. Сондай-ақ әйелдер мен ерлердің әлеуметтік рөлі де бір-бірінен ажыратылады. Оны төмендегі мысалмен дәйектеуге болады: Ең соңынан кірген кішкене денелі қазақ әйелі ауыз үйдегі орыс жұмыскерлері мен орыс әйелдеріне қарап таңырқап тұрып қалыпты. Мойындарына дейін ашық, жалаң бас, еркектермен қатар отырған орыс әйелдері Күнзилаға, тіпті, таң көрінді. Шашын желкесіне қырыққан жас келіншек Елизавета Быкованың барлық еркектерден жоғары отырғаны ерсі де көрініп кетті. Жас әйелдің құлағы көрініп қалса, кесіп алардай тыйым салып қойған мұсылмандық күні әйелдің еркектермен қатар отырып сөйлесуі, даусын еркін шығарып күлуі деген нәрселерді білмейтін еді (Ғ. Мүсірепов. Оянған өлке) .
Еркектер мен әйелдер өздерінің мінезқұлқын гендерлік стереотиптерге, яғни ерлер мен әйелдердің өзін қалай ұстауы жөніндегі мәдениетте қалыптасып, орныққан көзқарастарға сүйене отырып, түзеді. Оны кесте арқылы шартты түрде былай көрсетуге болады:
1кесте: Әйел мен еркекке байланысты қоғамда қалыптасқан таптаурындар (стереотиптер) кестесі.
1. 3. 2 "Қазақ әйелі" концептісінің бейвербалды амалдар арқылы берілуі. Көркем мәтінде көрініс тапқан ұлттық сипаттағы кинемалардың мән-мазмұнын саралай келе, тілімізде жиі кездесетін бейвербалды элементтерді қолдану басымдылығына орай ер кісілерге, әйелдерге тән және ортақ кинемалар деп бөлуге болады. Мысалы, ер адамдар қарым-қатынасында "малдас құрып отыру", "төс қағыстыру", "қамшы тастау", "мұртынан күлу", "сақалын шошайту", "сақалмұртын сипау" т. б. ишараттары жиі көрініс берсе, ал "бетін шымшу", "шашын жаю", "шашын жұлу", "орамалын бұлғау", "қос бүйірін таяну", "ернін сылп еткізу" т. б. әйелдерге тән кинемалар болып есептеледі. Ал "қол бұлғап шақыру", "жағасын ұстау", "басын изеу", "мұрнын шүйіру" сияқты ым-ишарат түрлері ортақ болып келетіні анық.
Ері, баласы, жақыны, туысы қайтыс болған әйелдің қара жамылып, жоқтау айтуы - халқымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Қайғы-қасіреті мен шерлі көңілін жақынын жоғалтқан әйел бетін жырту, бетін тырнау, шашын жаю, шашын жұлу, қос бүйірін таяну сияқты паралингвистикалық амалдар арқылы білдіріп, қайтыс болған ерінің, баласының, туысының жақсы, асыл қасиеттерін жоқтау жырына арқау еткен. Ертеде көптеген халықта қатты қайғырғанда, бетін тырнап, айғыздаумен бірге шашын жұлып немесе тақырлап алып тастайтын дәстүр болған. Кейбір тайпаларда ері қайтыс болған әйел бұрымын кесіп, күйеуіне деген адалдық белгісі ретінде оны күйеуімен бірге жерлеген. Аталған бейвербалды амалдың қазақтың жоқтау жырларын айтқандa қолданылуы сол кезден қалған болуы керек: Бұл кезде Бөжейдің өз үйінің ішінде қара сұр бәйбіше шаршысын шорт байлаған. Қара шашын тарқатып, екі иініне жайып салған. Қан сөлден айрылып, сұрланып талған жүзінде көк тамырлары білінеді (М. Әуезов. Абай жолы) .
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz