Сағырбайұлы Құрманғазы


Сағырбайұлы Құрманғазы
Құрманғазы Сағырбайұлы, 1998 Қазақстан пошта маркасы,
Сағырбайұлы Құрманғазы (1823-1896) - қазақтың ұлы күйші-композиторы.
Өмірбаяны
Туып-өскен жері Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Топырақ бұйырған орыны - Астрахань (Ресей) облысының бұрынғы «Шайтани батага», қазіргі «Құрманғазы төбе» деп аталатын жер.
Шыққан тегі - Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал, нағашы жұрты - Беріш руы. Қалмақ шапқыншылығы кезінде асқан ерлігімен көзге түскен Ағатай батырдың есімі исі Берішке ұран болған. Одан берідегі Өтеміс би, Махамбет ақын, Исатай батыр бір ғана Беріш руының емес, исі қазақтың ардақты ұлдары.
Құрманғазы сахараның даңғыл көкірек дәулескер күйшісі Соқыр Есжанның алдын көріп, Дәулеткерей сияқты жайсаң күйшімен сырлас болып, Шеркеш, Байжұма, Баламайсаң сияқты күйшілердің өнерінен өнеге алған.
Шығармалары
Құрманғазының ғұмыр кешкен уақыты, әсіресе оң солын танып, өмір-тіршілікке белсене араласа бастаған кезі мейлінше күрделі еді. Бұл кезең патшалық Ресей жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға басынған кезі болатын. Қашанда ел басына келген нәубеттің ауырлық тауқыметі ең алдымен еңсесі биік ерлердің иығына түсетін әдеті. Замана зобалаңы Құрманғазыны да от-жалынымен шарпып бағады. Оның «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан», «Ертең кетем», «Бозқаңғыр», «Пәбескі», «Терезеден-есіктен», «Бозшолақ», «Бұқтым-бұқтым», «Не кричи, не шуми», «Арба соққан», «Аман бол, шешем, аман бол», «Қайран шешем» сияқты күйлері замана басқа салған зобалаңның бір-бір бекеті сияқты. Ол қатал тағдырдың кез келген талқысына өнерімен жауап беріп, өнерімен белгі қалдырып отырған.
Құрманғазы өмірге ғашық күйші. Тіршіліктің нұрлы сәттеріне ол балаша қуанып, қалтқысыз сезімге бөлене алады. Оның «Қызыл қайың», «Ақжелең», «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын», «Серпер», «Назым», «Балқаймақ», «Бұлбұлдың құрғыры», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Қуаныш» сияқты күйлері өмірге іңкәр жанның жүрек лүпілі сияқты.
Құрманғазыны суреткер ретінде айрықша даралап көрсететін қасиет - ол концептуалды күйші. Бір ұрпақ емес, екі ұрпақ емес, бірнеше ұрпақтың тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының рухани болмысына тән. Оның «Жігер», «Көбік шашқан», «Кішкентай», «Ақбай» сияқты күйлері өзі ғұмыр кешкен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына берілген күйші философтың бағасы.
Құрманғазының асқақ рухы бір ғана музыка саласына сиятын құбылыс емес. Мұндай тегеурінді дарынның болмысы біртұтас ұлттың рухани болмысына айғақ бола алады. Ұлт тағдырындағы тарихи ұлы өзгерістердің барша қуаныш-қайғысы қашанда біртуар перзенттерінің тағдыр-талайымен шендесіп жатады. Бұл, орайда, Құрманғазы өзінің қайталанбас өнерімен ғана емес, өмірімен де туған халқының бүкіл қасиетіне, сол бір алмағайып аласапыран кезеңнің хал күйіне ең жарқын айғақ бола білді. Ол өзінің қанатты күйлерімен поэзиядағы Махамбет сияқты ғылымдағы Шоқан сияқты, майдан даласындағы Кенесары сияқты, өршіл рухына қылау түсірмей, замана тауқыметін қайыспай арқалап ғұмыр кешті.
Күй-ата күмбірі
Біз туған жылы 1823 жыл деп дәлелденген Құрманғазы бабамыздың бірінші күйі (немесе алғашқы ел зердесінде қалғаны дейміз бе) кішкентай Құрманғазының үлкен ұлт-азаттық көтерілісін бастаған ағалары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына ереуілші ретінде ере алмай ернін тістеп толғанған драмаға толы “Кішкентайы”. Бұл ұлы дарияның бүлкілдеген көзі, ұлы таудың алғашқы түйірі, ұлы даланың ұлының додаға түскен тағдырының дауылпаз күйі болды. Ұлт тарихын саз тілінде жазып, тіл мен дінді түсініп мойындамаса да, сазға селт етіп, сезімге бой ұрып саз тілінен тарихты оқи алатын дүние жүзіне күй шалқыды. Моцарт, Бетховен, Шопен, Верди - олар Құрманғазыны кездестірген жоқ, ести де алмады. Ол кезде батыс пен шығыстың ара қашықтығы, өркениет айырмашылығы өте зор еді. Осы жерде Никита Савичевтің “Уральские войсковые ведомости” газетінде жариялаған - Құрманғазының нағыз кемелденген күй-көкірекке айналған кезеңі 1869 жылы жазылған, (бәлкім, Құрман бабамыздың өзі де оқыған болуы мүмкін) біздің заманымызға дейін жеткен сары қағаздың құны өте жоғары. Бұл мақала Құрманғазыны әлем сол кезде-ақ мойындады деген сөз. Құрманғазының күйлерінің соншама жоғары бағалануы қазақ ұлтына деген әлем назарының қызығушылығындағы соны “импульс” десек дұрыс. Ақын, журналист Н. Ф. Савичев: “Атағы бүкіл Бөкей Ордасына мәлім, бірінші домбырашы Құрманғазы Сағырбаевпен танысу мүмкіндігін туғызып, маған үлкен сезім мен саз әсерін сыйлаған Б. мырза болатын. Танысқан бойда домбырасын күйіне келтіріп ешқандай дайындықсыз кенеттен Құрманғазы басын сәл бір жағына шалқайта отырып күмбір күйді төгіп жіберді. Мен алғашқыда қатты таңғалдым да сәлден соң тәнті болып ғажап күй тұтқынына айналдым. Екі ішекті, елеусіз ғана жұпыны, алғашқы адамзат қоғамына тән дерлік аспаптан сазға ұқсас бір дыбыстың шығуы мүмкін деп ойлау қиын еді. Бірақ адам мүмкіндігі, дарын қабілеті шектеусіз - домбырадан саф таза мөлдіреген күй сазы шалқыды. Әсем әуеннің қырғыз халқына тән екені белгілі болып тұрғанына қарамастан оның анықтығы, түсініктілігі тұрғысынан алғанда домбырадан туған сазды әлем үлгі тұтарлық саздық шығармалармен қатар қоюға болатындығы айқын сезілді. Оның басты себебі Құрманғазы Сағырбаевтың домбырада ойнаған сазы сол әлемдік шығармаларды тудырған бұлақ көзі, бастауы - дарын мен шабыттан туған еді. Мен оның орындаған күйлерін еркін шырқаған қараторғай әнімен не бұлбұл үнімен тең ұғар едім, жоқ, олай теңеу олқы соғар еді, саздың ауқым, арнасын аша алмас еді, бұл саз құралы - домбыраның жұпынылығы күйшінің қанатты ой-қиялдарын қаншалықты шектеп отырғандығын есептемегеннің өзінде.
Бір сөзбен айтқанда, Сағырбаев саз әлеміндегі санаулы дарынды жандардың бірі, егер оның еуропалық сауаты болған жағдайда ол әлемдік саз кеңістігіндегі жұлдыздардың ең биігі де, жарығы да болған болар еді…” (ауд. Қ. Е. ) .
Міне, ақын, журналист (саздық сауаты да бар) Н. Ф. Савичевтің (1821-1885 ж. ж. ) Құрманғазының көзі тірісінде жазылып бізге дейін жеткен қасиетті құжат іспеттес сарғайған қағаздан сайрап тұрған алтыннан асыл дерегі. Моцарт, Бетховен, Шопен, Верди сынды сазгерлер (Құрманғазы бабамыздың замандастары деуге болады) қатарына қазақ Құрманғазы Сағырбаевты қойып берді, ұлыларды ұластырды деуге болады. Бертін келе бабамыздың күйлері шартарапқа шалқыды, әлем Құрманғазыны таныды, қазақ өнеріне құлақ түріп мойындады, саз өмірі, құдіреті мойындатты. Бұл екпін мен жігер, дауыл мен дабыл, азап пен азаттық, қуаныш пен көз жасы біріккен қоғам өмірі мен адам арманы араласқан симфония болып тұтасты. Тұтасты да төрткүл дүниеге тарады, таңқалдырды. “Сарыарқа” мен “Серпер”, “Адай”, “Балбырауын”, “Перовский маршы” сияқты бір-ақ туар туындыларға бір ғана Қазақстан тар болды, бұл шедеврлермен сусындау әлемге қажет болды. Құрманғазының “Серпер”, “Кісен ашқан”, “Ақсақ киік” күйлері алғаш рет А. В. Затаевичтің “Қазақтың 500 ән-күйлері” жинағында жарық көрді. Бұл 1931 жыл болатын. Ал 1933 жылы Алматыда қазақ халқы тарихындағы ең бірінші домбыра оркестрі құрылып, ол ұлы күйшінің шығармаларын дирижер және көркемдік жетекшісі Ахмет Жұбановтың басқаруымен халық құлағына жеткізе бастады. 1936 жылы Мәскеу қаласында Үлкен театр сахнасында Ахмет Жұбановтың жетекшілік етуімен “Сарыарқа”, “Адай”, “Серпер”, “Балбырауын” күйлері тартылды. 1954 жылы Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі Орал, Поволжье, сонымен қатар Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Украина және басқа да Кеңестер Одағы аумағының түкпір-түкпірінде Құрманғазы күйлерін күмбірлете, керней-сырнайлата орындаған болса, 1960 жылы Құрман баба шығармалары Венгрияның астанасы Будапеште тыңдармандарымен табысты. Бүгінгі таңда Құрманғазы сазы түрлі симфониялар мен операларда ойналып, сұлу шығармалардың сырын қанықтыра түсуде. “Ер Тарғын” операсында Е. Брусиловский “Балбырауын” күйін соңғы кульминациялық сәтіне пайдаланса, “Сарыарқа” күйінің үзінділерін Л. Хамиди мен А. Жұбанов “Төлеген Тоқтаров” операсында айбынды аккордтай дауылдап, Кеңес Армиясының шабуылы екпініндей тартылады. “Адай” мен “Түрмеден қашқан” “Аманкелді” кинофильмінде арғымақтар дес бермей бәсекеге түскен бәйге мен Аманкелді батырдың ақ казактардың түрмесінен қашқан тұстарында тартылады, тұлпарлар тұяғының дүбірімен үндесе, батырдың батылдығы, сарбаздың салқын қандылығымен сәйкесе тартылады. 1987 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы опера және балет академиялық театрында А. Жұбанов пен Ғ. Жұбанованың “Құрманғазы” операсы алғаш рет театр сахнасынан көрінді. Ұлы Құрманғазы бабамыздың бай мұрасын зерттеп, оны ел құлағына жеткізіп жүрген ұжымның бірегейі - Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерватория. 1974 жылы Құрман бабамыздың шәкірті, атақты композитор-күйші, ұлы бабамыздың ұзарған өмірі іспеттес Дина Нұрпейісова туралы көркем фильм түсіріліп, Құрманғазы рөлін марқұм, талантты, табиғатынан актер болып жаралған Нұрмұхан Жантөрин сомдаған еді. Ал енді ұлы сазгер, қара шанақтан қанат қаққан қыран күйлері қияға көтеріліп кеткен, күмбірі әлемнің көк аспанының астын кернеген, естігенді елітпей, еңіретпей, тебірентпей, дауыл болып соқпай, дабыл болып қақпай қоймайтын Құрманғазы Сағырбаевтай теңдесі жоқ дара дарын қазақ өнерінің атасы, өз ұлтын әлемге танытушының алғашқысы дәрежесінде мойындалып, әлемнің саусақпен санарлық саз символына айналған жарық жұлдыздарының бірі туралы деректі не көркем кинофильм түсірілсе, баба алдындағы борышымызды, “мәдени мұрамызды” молайта, аша түскеніміз болар ма еді деген ой келеді. Құрманғазы туралы кинофильмнің (әлем қарарлықтай сападағы) жоқтығы атымызға сын болып түйіледі.
Сөз бен саз егіз, бірі ақын мен жазушының аспандай арманынан жаратылса, екіншісі сазгердің тулаған жүрегінен туар саф алтын. Қазақ халқының мақтанышы, қазақ өнерінің өз ұлдары - сөз бен саздың - бірінің атасы ұлы Абай десек, екіншісінің атасы ұлы сазгер Құрманғазы Сағырбайұлы. Екеуі де “мыңмен жалғыз алысты”, бірі сөзіне сыйынды, бірі сазына сыйынды. Мұхаммед бабамыздың ізін озбыр уақыттың уақ та жұққыш тозаңынан тазартып отырушылар болды, адам табиғатының түбінде азапқа апарып тірейтін арамзалықтан азат болуын аңсап, өз өмірлерін сол қасиеттіліктің эталонындай етіп өткізді. Ал қоғам ше? Қараңғы қоғам, қарабайырлық қасиеттілерін тани алды ма? Жоқ. Өзімшіл, өркөкірек, пәс пиғылды старшын, қанаушыдан басқа “қасиеті” жоқ Әубәуір Ақпаев Құрманғазының күйі ертеңгі күнгі елдің өнер туына, ұлт ұранына, рухына айналарына көзі жетуі мүмкін емес еді. Оның көзін ой-санасын басқан шел Құрманғазыны зындан түбіндей сыз заманның суық түрмесіне айдады. Жанша типтес жағымпаздар жарық жұлдызды жер етуге қаншама тырысып бақты. Бұған куә Ақшоқы байдың ауылындағы қыз ұзату тойындағы болған жәйттер. Бәйгеге еш дайындықсыз қосылған Құрманғазының аты Қалбаңқұлақ Шыман байдың баласы Жаншаның Кертөбелін шаң қаптырып бірінші болып келеді. Бұған қомыстанған Жанша өз палуанын Құрманғазыға қарсы қояды. Бұл күрестің нәтижесінде де Жанша масқара болады. Жанша жендеттері Құрманғазыны қапияда қолға түсіріп Орда түрмесіне қаматады. Сөйтіп, халықтың ұлы, елінің ерекше дарынды дауылпаз сазгері, өлмейтін өнерімен ұлтының болашағын байытып, болмысын айшықтап жүрген қанатты Құрманғазы жәй ғана жердегі “барымташыға” айналып шыға келеді.
Қияға шарықтар қиял-арманды қыран-күй қапаста бір жылдай уақыт отырады. Бірақ аруақты рух аласармайды. Түрмеде отырып “Ертең кетем” күйін тұтқындарға тыңдатқан Құрманғазы сол түні түрмеден қашып шығады.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz