Ырғыз өңірі


Пән: География
Жұмыс түрі:  Материал
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 34 бет
Таңдаулыға:   

“ Туризм” кафедрасы

СЕМЕСТРЛІК ЖҰМЫС

Тақырыбы: ЫРҒЫЗ ӨҢІРІ

2010 жыл

ЖОСПАРЫ:

1. Кіріспе

2. Ырғыз өңірінің тарихы

3. Географиялық орналасуы

4. Халқы

5. Табиғи қорлары

6. Қоршаған ортаны қорғау

7. Экономикасы

8. Тарихи-мәдени ескерткіштері

9. Қорытынды

10. Пайдаланылған әдебиеттер

1. Кіріспе

Көлемі жағынан дүниенің кейбір елдерін артқа тастап, Швейцария сынды мемлекеттің аумағындай жерді жайлап жатқан Ырғыз өлкесі тұран ойпатында орналасып, Сарыарқамен шектесіп жатыр. Бұл кешегі Кеңес заманы кезінде үш ауданға енші беріп бөлшектеуден қалған алақандай аумағы ғана. Бұл табиғаттың өзі сыйға тартқан төрт өзен, сексен көлі, түзде жортқан аң, мен ұшқан құсы, тайдай тулаған балығымен аты шыққан өлке. Барша қазақ даласы сынды Ырғыз алқабы да сайраған көне шежіренің куәсі. Иса пайғамбар дүние есігін ашардан сан ғасыр бұрын-ақ сылқылдап ағып жатқан көне Ырғыз өзенінен дүниені тітіренткен Дарий патшаның, Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің дабылы жер жарған қалың қолдары бел суытып, шөлдерін қандырған. Бұл жерден қалың қазағына жанға жайлы қоныс іздеп, желмаясымен арман қуып Асан қайғы бабамыз өткен. Қазақтың әз Тәукесі мен әйгілі Әйтеке би, алысты ойлаған Әбілқайыр хан осы өлкені қоныс етсе, тәкаппар басынимей откен көкжал Кенесары шатырын тіккен. Ел басына төнген ұлы нәубет-«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның» тұсында ұлы Абайдың ата-бабалары Ырғыз өзенінің бойын паналап, атасы Ырғызбай осында дүниеге келіпті. Халқымыздың сан ғасырлар бойғы құдайы көршісі Ресеймен ең алғаш пәтуаға келген де осы жер. Орыстың озық туған ұлдары Даль, Добромысловтар осы даланың дәмін татқан, Украинаның ұлы кобзарі Тарас Шевченко қазақ даласының құдыретін «Ырғыз қаласы» арқылы әлемге танытқан. Осы өлкенің көгінде Зәуреш қыздың арманы Мұхиттың мұңлы сарыны төгіліп, Айман-Шолпан қос ару аққуға айналып, әлі күнге дейін қалықтап жүргендей. Мұнда барша халыққа білім сәулесін сепкен Ыбырай жаққан бір шырақ одан сайын жарқырай жанып тұр. Осында жанын берсе денамысын бермеген халықтың батыр ұлдары ақ патшаның да, қызыл патшаның да жарлығына мойынсұнбай, қасқая тұрып, тәуелсіздікке бір қадам жақындата түсті. Ырғыз жері исі қазақ жұртына танымал ұлдар мен қыздарды бауырында тербеген киелі топырақ.

2. Ырғыз өңірінің тарихы

Ата-баба шежіресін, аймақтың ақтаңдаққа толы кешегі тарихын, өткен ақиқатын біліп, сол қасиетті бастауларымызды қанымызға сіңіре, негізімізді мұқалтпай болашаққа көз салмақ болсақ, алдымен халық санасына, ғұламалар тұжырымына, сондай-ақ сартап болған архив сөрелеріне, көне шежіре беттеріне үңілеміз.

Барша қазақ даласы сынды Ырғыз алқабында сайраған көне шежіренің куәсі, ол тек Ырғыз өзенімен ғана емес, осы аймақ ата-бабасының тарихымен де толы. Сондықтан болар, Ырғыз өңірін азат халқына атамекен етсем деп талай тарлан аталарымыз, аяулы ардагерлеріміз қанын төгіп, асыл жанын сарп етті. Бұл жерден қалың қазағына жанға жайлы қоныс іздеп, желмаясымен арман қуып Асан Қайғы баба өтті. Осынау шежіресі түгенделіп бітпеген, қойнына қилы-қилы замандар сырын бүгіп жатқан өңір туралы ежелгі грек жазбаларынан бергі жерде қағаз жүзіне түскен деректер аз-кем ғана. Олардың өзімізге аян ең ескісі әйгілі парсы падишаһы Дарий біріншінің сақтар даласына жасаған жорығы жайлы жазбада Ырғыз өзені туралы айтылып кетеді де, қалың таудың бетін елден аулаққа бұрып «жол көрсетемін» деп, парсы әскерін қалың құмды шөлдің ортасына алдап бастап апарып, апатқа ұшыратқан, өз теңдесі жоқ ерлік жасап, қаза тапқан Шырақ есімді жігіт туралы баяндалады. Ырғыз өңірі қазақ даласында өткен, тарихи, мәдени, саяси, тұрмыстық, әскери оқиғалардың қандайынан да шет қалған жоқ. Мысалға, монғол шапқыншылығының батысқа барар шамасындағы алғашқы шайқастары осы өңірмен байланысты болды. Ол кезде күш-қуаты мол моңғол мемлекетінен ешқандайда да кемдігі жоқ Хорезм Сырдарияның оң жағалауымен Иран мен Тигр аралығындағы тау асуларына, оңтүстігінде Аравия жарты аралына дейінгі ұлан-ғайыр аймақта дәуірлеген орасан зор саяси, әскери күш еді. Бұл кезде орыстың оңтүстік далаларында ұзақ жылдар бойы атойлаған қыпшақ бірлестігі сол ұзақ күрестерде біршама қажығанмен әлі де маңайын сескендіретін құбылыс болатын. Қуатты Хорезм осы жұртпен барынша саяси жақындасуға тырысқанымен екінші жағынан одан ерекше сақтанды да. Сол жақындасуда бірде илігіп, бірде тіксініп жүрген қыпшақтар Хорезмге ауық-ауық сес көрсетіп тұрды. Сондай кикілжіңнің бірінде Хорезмнің әміршісі Мұхамед шах Қыдыр ханның қыпшақ қатарына күш көрсетуге бара жатқан жолында, кейбір деректер бойынша, жауласқан меркіттерді қуып келе жатқан Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының қолымен 1216 жылы Ырғыз өзенінің маңайында қақтығысқан. Содан кейін, көп ұзамай, Адриатика теңізіне барып тірелген моңғолдық қалың қол, қаһарлы күш орнатқан әйгілі Алтын Орда заманы басталды. Оның 1243 жылдан 1395 жылға дейін созылған бір жарым ғасыры Орда билік жүргізген Дунай мен Ертіс аралығындағы Жошы ұлысы билеген орасан зор аймақтың тарихында, соның ішінде Ырғыз өңірінде де ынтымақты уақыттағы өрлеу мен гүлденудің, алауыздық туғанда құлдырау мен өшудің сабақты іздерін қалдырды.

Бұл өңірді Алтын Орда ханы Тоқтамыс та, әйгілі Ақсақ Темір де қалың қол ертіп басып өткен. Темірдің шежірешісі Гиясиддин әйгілі Әмірдің дәл осы өңірде Мандай, Маңқанай-Ырғыз өзені-Ақтасты-Құйлыс аралығында 100 мың әскерімен аң аулап, «ақ қырғын» жасап, қажыған ауыр қолды қызылға жарытып тастағанын айтады .

Күллі Кіші жүздің ұлыс бегі, қазақтың үш ұлы биінің бірі, Әлімнің Төртқарасы ішінде Сейтқұлдың Бәйбегінен тарайтын, ұлы батыр, Самарқан Әмірі Жалаңтөстің немере туысы Әйтеке би осы өңірде билік құрып, халық тағдырын шешуге ғұмырын арнаған. Осы өлкеде ұлы Абайдың бабасы Ырғызбай дүниеге келген. Әйгілі «Ақтабан шұбырынды» тұсында Ырғыз-Нұра-Есіл бойында қаптаған қалмақты тоқтатып, Арғын, Қыпшақ руларының едәуір бөлігі мен Кіші жүз қолын біріктіріп жауға тойтарыс беріп, жеті жыл бойы жау шебін ұстап тұрған, кейін кейбіреулер айтып жүргендей «сатқындықтан» емес, өзге амалдың жоқтығынан шаршаған Әбілқайыр хан орыс мемлекетімен достық шартына қол қойған.

Кіші жүздің Ресейге қосылуы Ырғыз тарихындағы ерекше кезең. Бұл фактордың кейінгі жылдары Ырғыз тағдырының ерекше қалыптасуына бірден-бір ықпалы болды. Сол кезеңнің шиеленіскен оқиғаларының шешімін дұрыс болжаған көреген Әбілқайыр 1726 жылы-ақ Ресейге қосылатын ниетін білдіріп, империялық мемлекеттің ығынан пана іздеген. Бірақ, император бұл тілекті шешімсіз тастаған еді. Кейін, 1730 жылы Әбілқайыр елшілік өкілдікпен Сейтқұл Құндағұлов пен Құтылымбет Көштаевты өтініш хат беріп Анна Иоановнаның қабылдауына жібереді (Бұл жөнінде заманымыздың заңғар жазушысы, Әбіш Кекілбаевтың «Үркер», «Елең-алаң» атты тамаша романдарында мейлінше терең баяндалады. Жазушы осы романын жазарда Ырғыз жерін көп аралаған) . Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бұл өтінішін қабылдаған патша 1731 жылы 19 ақпанда Кіші жүзді Ресейге қосу туралы тарихи грамотаға қол қойды. Сол жылы қазан айында патшаның осы құжатын Кіші жүздің игі жақсыларынан ант алып, ресми куәландыру үшін А. И. Тевкелев бастаған Ресей елшілері Ырғыз жерінде (Маңтөбеде) отырған Әбілқайырханның ордасына келді. А. И. Тевкелев осы дипломатиялық сапарында Әбілқайыр хан ордасына 60 адаммен келіп, екі жылдан астам тұрды. Ол Кіші жүз елінің ордасына осы елдің Ресей қол астына алынғаны туралы Әбілқайыр атына берілген грамотаны үлкен салтанатпен тапсырады. Әйел патша Анна Иоановнаның бұл сеніміне риза болған Кіші жүздің үш батыры мен 27 ру басы, старшындары Әбілқайырдың бастауымен 1731 жылы 10 қазанда Ырғыздың Маңтөбесінің баурайында Ырғыз өзенінің жағасындағы жазықта тігілген хан ордасында патша үкіметіне ант берді.

Кейінірек Ресейдің ашық отарлау саясатына ел ішінде наразылық туа бастады. Патша үкіметі енді қазақ халқы үшін аса қауіпті астарлы саясатқа көшті. Онысы халық қозғалысын қазақ даласының өз төрінен бақылауға алып, көтеріліс бола қалса, тез жаншып-басу үшін стратегиялық маңызы бар жерлерден әскери бекіністер салу еді. Қазақ даласын отарлауды көздеген патша үкіметі 1839 жылы Орынбор әскери губернаторы В. А. Перовскийдің бастауымен Орск-Ырғыз-Арал-Қазалы-Ақмешіт аралығын зерттеп, әскери бекіністер салатын жерлерді белгілейтін экспедиция шығарды. Сол бекініс нүктелерінің бірі - Жармола биігі болды. Алғашында Орал әскери бекінісі, кейін Ырғыз атауына көшкен бұл бекіністің іргетасы 1845 жылы мамыр айында қаланып, толық құрылысы жиырма жыл жүргізіліп, 1865 жылы аяқталған. Жармола биігі бекініске қажетті базаның барлық талаптарына жауап беретін аса ыңғайлы обьекті ретінде қабылданды. Бұл бекіністің орнын белгілеген ұлты неміс, Ресейге 1823 жылы келген Орынбор әскери округі бас штабының полковнигі Иван Федорович Бларамберг өзінің «Естеліктер» деген кітабында былай деп жазады: «14 күн бойы көліктен түспестен шұғыл жүре отырып, мен Орал бекінісін салуға қолайлы орын таңдап алу үшін Ырғыз өзенінің төменгі құйлысына келіп жеттім. 1841 жылғы экспедициядан бері Ырғыз өзенінің оң жағындағы биік қабақ - Жармола есімде жүретін, ол алыстан көрінуші еді. Мен бірден соған тарттым. Ырғыздың тайыз суын кешіп өтісімен Жармоланы тауып дәл суретін түсіруді бұйырдым. Бұл жер шамамен Орскіден 400 шақырым қашық. 1845 жылы әулие Александр күніне жаңа форт (бекініс) салтанатты жағдайда ашылды. Инженер-прапорщик Михайловтың басшылығымен бекініс құрылысы жедел жүргізіліп, бірнеше тұрғын үйлер, қызмет үйлер, әскери жатақ, оқ-дәрі қоймасы, ат қорасы сияқты бірінші кезектің объектілері іске қосылды. Мұнан кейінгі жылдары православие діні шіркеуінің үйі, 10 орындық аурухана, почта үйлері салынды». Бекініс құрылыстарын жүргізген Орал әскери казактарының құрметіне бұл объекті Орал әскери бекінісі деп аталады. Орал әскери бекінісінің салынуы сол тұстың өзінде-ақ дүниежүзілік назарға іліне бастады. Фридрих Энгельс 1858 жылдың 3 қарашасында «Нью-Йорк дейли трибюн» газетінде жариялаған «Ресейдің Орта Азияға қарай қозғалуы»деген мақаласында бұл жөнінде: «Өзі аттас өзен бойындағы Ырғыз қырғыз (қазақ) даласының оңтүстік бөліктерін қорғаудың орталық пункттері қызметтерін атқаруда, олардың Орал өзені бойындағы қалалардың арасында жол бойымен көлемі кіші форттар, сонымен қатар бір-бірінен он немесе он екі миль қашықтықта құдықтар салынды» деп жазды. Жармола 1860 жылдарға дейін радиусы екі-үш жүз километрге дейін тұрақты елді-мекені жоқ шалқар алаптағы некен-саяқ отырықшы қоныс болды. Оның сол күйкі көрінісін өз көзімен көріп, 1848 жылы жол күнделігіне түсірген Т. Г. Шевченко бекініс үйлері көрінісінің сұрықсыздығын, алыстан қарағанда адамдар мекенінен гөрі мал қоралайтын қашаға немесе қой-қорасына көбірек ұқсайтынын жазады.

Батыс Қазақстан өлкесінің шығысындағы аса үлкен Ырғыз аймағы 18-ғасырдың аяғына дейін көп жері ақтаңдақ жатқан географиялық кеңістік болды. Тек қана 19- ғасырдың басынан бастап осы провинциялық мекенге Кіші жүздің көшпелі рулары, кейін Ресей мен Орта Азиядан қоныстанушылар келіп орналаса бастады. Ырғыз шикізатының сауда жарнамасы аз-ақ жылда атырабы алты жүз километрге созылатын кеңістікке оқшау түскен Орал әскери бекінісінің бекетін қала дәрежесіне жеткізді. 1868 жылы Ырғыз (Жармола) Торғай облысының уездік қалалары категориясына енді. 1869 жылға дейін Орал әскери қамалы қызметін атқарған Ырғыз сол жылдан бастап ресми Ырғыз қаласы атанды. Қала атағын 1925 жылға дейін сақтады.

3. Географиялық орналасуы

Ырғыз ауданы Ақтөбе облысының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Ол республикадағы үш облыспен қатар шекараласатын бірегей ауданның бірі болып саналады. Солтүстік-шығысында Қостанай облысымен (ұзындығы 240 км), шығысында Қарағанды облысымен (170 км), оңтүстігінде Қызылорда облысының Арал ауданымен (140 км), оңтүстік-батысында Ақтөбе облысының Шалқар ауданымен (220 км), солтүстігінде Әйтеке би ауданымен (300 км) шектеседі. Ауданның сыртқы шекарасының жалпы ұзындығы 1070 км-ге созылады. Аудан аумағының шеткі нүктелері бойлық бойынша 60 0 С 30´ - 60 0 С 20´, ендік бойынша 47 0 С 05´ - 49 0 С 15´ аралығында орналасқан.

Жер көлемі жағынан облыста Шалқар, Байғанин аудандарынан кейін үшінші орын алады. Тұран ойпатына орналасып, Сарыарқамен шектесетін, солтүстік-батысынан оңтүстік-шығысына дейінгі ұзындығы 250 км-ге, ал солтүстік-шығысынан оңтүстік-батысына дейінгі көлденеңі 160 км-ге созылып, 41, 5 мың км 2 аумақты қамтыған аудан жері Ақтөбе облысының 13, 7 пайыз жерін алып жатыр. Бұл аумақ Армения Республикасынан (29, 8 мың км 2 ) 1, 4 есе, Молдовадан (38 км 2 ) едәуір көп, Швейцария мемлекетімен (41 мың км 2 ), Ресейдің Москва облысымен (47 мың км 2 ), Астрахань (44, 1 мың км 2 ) облыстарымен тең, Орлов (24, 7 мың км 2 ), Рязань (39, 6 мың км 2 ) облыстарынан едәуір үлкен.

Аудан жерінің 260 гектары егістік, 48934 га шабындық, 3368895 га жайылымдық, 3279 га орман-тоғай, 1162 га бұталы, 6577 га сортаң-батпақ, 67914 га су асты, 6496 га жол асты, 952 га құрылыс асты, 66431 га құм, 15593 га жар-қабақ, 564518 га басқалай жер болып келеді.

Аудан құрамында қазіргі таңда 7 селолық округ, 20 елді мекен бар. Аудан орталығы - Ырғыз селосында 5492 адам тұрады (2009) . Ырғыз ауданы халқының жалпы саны 14771 адам (2009) . Жерінің ұлан-ғайыр кеңдігіне қарамастан, аудан халқы саны жағынан облыста соңғы орында. Аудан тұрғындардың 99, 8%-ын қазақтар құрайды

. Қазақстандағы бүкіл жер беті оңтүстіктен солтүстіктен қарай еңіс тартса, Ырғыз ауданының аумағы керісінше солтүстіктен оңтүстікте қарай еңіс келеді. Басты өзендер - Ырғыз бен Торғайдың терістіктен оңтүстікке қарай аққан ағын суы Құрдымға құйып, жер бедерінің сан ғасырлық түзілуін, қайталанбас табиғатының қалыптасуын қамтамасыз еткен.

Аудан жері жер бедерінің сипатына қарай геоморфологиялық тұрғыдан 2 ауданға бөлінеді. Оның біріншісі, Мұғалжар тауының сілемдері, теңіз деңгейінен 200-250 м биіктікте жатқан бұл жайпақ үстірттер Ырғыз өзенінің оң жақ сағаларымен енсіз, терең алқаптарға тарамдалып, Сарыбастөбе (теңіз деңгейінен биіктігі 205 м), Мәні әулие (211, 8 м), Темірастау (241, 3 м), Сарысай (275, 4 м), Бөкенбай шоқысы (240, 3 м), Суық бет (240, 5 м), Қабанқұлақ (213, 1 м) биіктері бір-бірімен жалғасып Айырқызыл құмына тіреледі. Аталған сілемдер аудан аумағында 150 шақырымға созылып жатыр.

Ырғыз өзенінің сол жақ бөлігінен қарағанда мұнартып, созылып жатқан аласа тау жоталары алыстан көз арбайды. Іргесінде 4-5 шақырым жерде ағып жатқан Ырғыз өзенінің теңіз деңгейінен биіктігі 130, 7 метр болса, Мәні әулие жотасының биіктігі 211, 8 м.

Ырғыз өзенінің сол жағын жағалай орналасқан Төлебай (246, 2 метр), Бесмола (225, 2 метр), Бесоба (232, 2 метр), Қызылқабақ (214, 8 метр) биіктіктері мен жоғарыдағы аталған Ырғыз өзенінің оң жақ жағалауындағы үстірттерінің арасы бағзы заманда Ырғыз өзенінің арнасы 4-5 шақырымға жайылып ағып Шалқар теңізіне құйғанын аңғартып-ақ тұр.

Екінші морфологиялық аудан Торғай-Арал маңының төрткүл жазықтығы (Торғай үстірті) ауданның шығыс бөлігін алып жатыр. Ол солтүстіктегі Нұра биіктігінен (теңіз деңгейінен 200 м) басталып, Торғай-Ырғыз өзендері аяғында және Шалқар теңіз еңісіне (небәрі 50-70 метр) дейін созылады. Үстірттің рельефінде ондаған метр биіктігі бар тік жар, кейбір жерлері су арналары мен тілімдеген төрткүл биіктер болып келеді. Қараатозған (151, 5 м), Нұра (166, 4 м), Құланақ (160, 2 м), Ақназар (160, 1 м) Айырбидайық (140, 7 м), Шалқар (184 м), Ақжар (183, 4 м), Жанайшоқы (190, 6 м), Сұңқарқия (191, 5 м), Қосбүйрек (158, 8 м), Жаманай (209, 5 м), Мыңсай (180, 2 м), Атанбас (193, 3 м) шоқылары бір-бірімен тізбектеліп, 250 шақырымға созылып жайғасқан.

Үстірттің бетінде, әсіресе, Торғай, Ырғыз, Өлкейек өзендерінің аяқтарында және Арал маңының терістігінде бос сулы көп ойпаттар, сортаңдар мен тақырлар көп. Жазықтың оңтүстік бөлігі Арал маңы ойпатындағы биіктіктер 80-150 метр аралығында құбылады. Мұндағы алқаптарды көлемді құмдар алып жатыр. Солардың ішіндегі ең ірілері Айырқызыл, Нарқызыл, Жаманқұм, Тәуіп болып Аралдың Қарақұмымен жалғасады.

Ауданның топырақ жамылғысы жер бедерінің рельефіне сәйкес және топырақ құрылымын жасайтын жыныстардың литологиялық құрамының алмасуына байланысты әр түрлілігімен ерекшеленеді. Ауданның топырағы негізінен ашық-қызғылт топырақ және қоңыр топырақты болып, екі аймаққа бөлінеді.

А ш ы қ - қ ы з ғ ы л т т о п ы р а қ. Бұл аймаққа ауданның батыс жақ бөлігіндегі Құмтоғай, Қызылжар селолық округтерінің және Қалыбай елді мекенінің жерлері жатады. Топырақ құрамы құмайтты. Оның құрамында сор, сортаң, тақыр және шалғындық-қызғылтты топырақтар бар.

Қ о ң ы р т о п ы р а қ. Негізінен ауданның оңтүстігіндегі шөлейтті аймақ құмақты, саз және құмы көбірек топырақ болып келеді. Біртектес қоңыр топырақ жамылған алқаптар сор, сортаң, тақыр және ауқымды құмақ жерлермен шектеседі. Топырақ күзгі және қысқы жауын-шашынмен ылғалданады.

4. Халқы

Аудан құрамында 7 селолық округ, 20 елді мекен бар. Аудан орталығы - Ырғыз селосында 5492 адам тұрады (2009) .

Ырғыз ауданы халқының жалпы саны 14771 адам (2009) . Жерінің ұлан-ғайыр кеңдігіне қарамастан, аудан халқы саны жағынан облыста 13-орын алады. Аудан тұрғындардың 99, 8%-ын қазақтар құрайды.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1845 жылы Орал бекінісі деген атпен салынған Ырғыз көп ұзамай-ақ тоғыз жолдың торабына айналып, қала атанады, уезд орталығы болады. Уездің жер көлемі үлкен аумақты қамтыды. Қазіргі Шалқар, Әйтеке би аудандарының жері осы Ырғыздың уезіне қарап, тұрғын халқының саны да көп болған. Әсіресе, 1915 жылы халық саны 120 мыңға жуықтаған (1-кесте) .

1880-1915 жылдардағы Ырғыз уезіндегі халық саны

Жылдар
Үй саны
Халық саны
Жылдар:

1880

1881

1886

1893

1900

1903

1904

1905

1908

1910

1915

Үй саны:

14917

14826

15163

16635

18441

19144

19544

19781

20181

20251

21689

Халық саны:

74585

73617

75815

74835

93835

97005

100387

98260

106082

108073

119306

Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы халқымыздың басынан өткерген түрлі қасіреттер мен қиындықтарды, ашаршылық пен соғысты Ырғыз елі де бастан кешірді. Ырғыз ауданынан екі аудан бөлініп шықты. Мұның барлығы тұрғын халықтың санының азаюына әкеліп соқтырды.

Соңғы 30 жылда аудан халқының саны әуелі көбейіп, кейін азая бастаған. 1979 жылмен салыстырғанда 1989 жылы тұрғындар саны 1607 адамға, яғни 10, 7 пайызға өскен, ал 1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы халық саны 1029 адамға, немесе 6, 2 пайызға кеміген. Ал 1999 жылмен салыстырғанда 2009 жылы 839 адамға, яғни 5, 3 пайызға азайған (2-кесте) .

1979-2009 жылдардағы аудандағы халық санының өзгерісі

Жылдар
Тұрғындар саны
Ерлер
Әйелдер
Жылдар:

1979

1989

1999

2009

Тұрғындар саны:

15032

16639

15610

14771

Ерлер:

7627

8394

7999

7327

Әйелдер:

7405

8245

7611

7444

Тұрғындар санының 1989-1999 жылдар аралығында төмендеп кетуіне сол жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиыншылықтардан халықтың қалаға үдере көшуі себеп болды. Бұл үдеріс 1999-2009 жылдары баяулағанымен әлі де толық тоқтаған жоқ.

Халықтың 1054-сі, яғни 7, 1%-ы зейнеткерлер, ал, 252 адам, яғни 1, 7%-ы мүгедектігіне байланысты не жасына қарай зейнетақы алатындар, сондай-ақ жеке адамның асырауындағылар.

Аудандағы халық санының өсуі елімізге тән демографиялық дамудың үрдістерімен сипатталады. Бұл орайда қоғамдық өмірдің алуан түрлі салаларындағы өндірістік қатынастар мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің ерекше мәні бар. Халықтың табиғи өсіп-өнуі - еңбек ресурстарын толықтыра түсудің бірден-бір бастауы. Статистикалық деректер бойынша, ауданда бала туу деңгейі мен халықтың табиғи өсуі соңғы жылдары облыс бойынша орташа деңгейден артық болып отыр.

Аудандағы халықтың 49, 6% ерлер болса, 50, 4%-ы әйелдер. 70 жасқа дейін еркектер саны басым болса, 50 жастан бастап әйелдер саны көп. Ауданда 2525 отбасы бар. Ұлттық ерекшеліктеріне байланысты ата-анасы мен үйленген балалары бір шаңырақта тұратын отбасылар да жиі кездеседі. Осыған орай, отбасындағы адамдардың орташа саны 5-6 адамнан келеді.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Қызылорда экологиялық ахуал
Ақтөбе өңірінің тарихи топонимиясы
14-15 ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақстан аумағындағы мемлекеттер
Ұлытау өңірінің тарихи географиясы (XV ғ. – XIX ғ. соңы)
Арал өңiрiнiң проблемаларын кешендi шешу жөнiндегi 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламаны бекiту туралы
Ақтөбе облысына сипаттама
Ақтөбе облысының территориясына туристік - экскурсиялық маршрут жасау
Шығармаларының тәрбиелік мәні
Оғыз мемлекеті. Мемлекеттің ыдырауы
Жаңа тас дәуірі
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz