Қылмысты тергеу кезінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту


Жұмыс түрі: Дипломдық жұмыс
Тегін: Антиплагиат
Көлемі: 96 бет
Таңдаулыға:
Қылмысты тергеу кезінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен
мән-жайларын қайта жаңғырту
МАЗМҰНЫ
ОҚИҒА БОЛҒАН ЖЕРДІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ МЕН МӘН-
ЖАЙЛАРЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
Тергеу әрекеттерінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-
жайларын қайта жаңғыртуды тактикалық тәсіл ретінде пайдалану
мәселелері
Оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта
жаңғыртудың ұғымы, маңызы және түрлері
Оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта
жаңғыртудың процессуалдық негіздері мен оның қатысушылары
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Жұмыста тергеушінің қылмысты тергеу барысында жүзеге асыратын танымдық қызмет заңдылықтары қарастырылады.
Әдістанымдық, ғылыми танымдық тұрғыдан және қылмыстық іс жүргізу заңнамасында қарастырылған дәлелдеу құралдары арқылы танымдық әдістер мен тәсілдердің маңызы түсіндіріледі, қылмыстық әрекетті тану кезінде пайдаланылатын әдістер мен тәсілдер кешенді түрде зерттелінеді.
Дипломдық жұмыс тергеу барысының танымдық, гносеологиялық маңызын монографиялық тұрғыдан зерттеуді танытады, оның түпкілікті мақсаты тергеушінің болып өткен оқиғаның мән-жайлары мен жай-жапсарларын қайта жаңғырту болып табылады. Әрбір іс жүргізу әрекеттірінің - оқиға болған жерді тексеру, тергеу эксперименті, жауап алу және тағы басқаларына байланысты аралық, сондай-ақ тікелей таным тәсілдері ретінде қайта жаңғыртудың барлық аспектілері зерттелген.
Зерттеу тақырыбының өзектілігі . Қазіргі жағдайда сот-құқықтық реформасын іске асыруда құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасын жүзеге асыруды қамтамасыз ету саласында қылмысты ашу мен тергеу процестерін жетілдіру мәселесі ерекше маңызға ие болып отыр. Құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасына сәйкес адам, оның өмірі мен денсаулығы, ар-ожданы мен қадір-қасиеті, қол сұғылмаушылығы мен қауіпсіздігі Қазақстан Республикасында аса жоғары әлеуметтік құндылық, ал құқықтары мен бостандықтарын бекіту және қамтамасыз ету - мемлекеттің міндеті болып табылады.
Қылмыстарды ашу мен қылмыстық істерді тергеу - күрделі танымдық процесс, ол қылмыстық іс жүргізу заңында егжей-тегжейлі реттестірілген. Оның нұсқауынан тыс болатын кез келген теріс әрекеттерге жол беруге болмайды, мұның өзі заңның бұзылуы ретінде бағаланады. Алдын-ала тергеу жүргізу кезіндегі тергеушілер қызметінің іс жүргізу формасы ретінде тергеу әрекеттері танылады, олар сондай-ақ дәлелдеу тәсілі ретінде де анықталады.
Заң әдебиеті мен құқықты қолдану тәжірибесінде олардың танымдық мүмкіндіктерін кеңейтуге деген заңды қызығушылық пайда болады, іске асыру тактикасы әзірленеді әрі жетілдіріледі, тергеушінің танымдық қызметін жетілдіруді ұйымдастырудың жаңа формалары іздестіріледі.
Тергеу әрекеттерінің тізбесі қылмыстық іс жүргізу заңнамасында реттелген, ол кеңейтілуге жатпайды. Алайда, егер жауап алу, тану үшін көрсету сияқты мұндай әрекеттер жалпы танымалдыққа ие болса (теориялық әрі тәжірибелік тұрғыдан), онда ҚР ҚІЖК-нің 238-бабы және 239-баптары «айғақтарды оқиға болған жерде тексеру мен нақтылау», «тергеу экспериментінде» қарастырылған тергеу әрекеттерінде көзқарастар бірлігі болмайды.
Дәстүрлі түрде бұл тергеу экспериментіне қатысты болып келеді, өйткені мұнда құқық қорғау органдарының танымдық мүмкіндіктері, ақпарат алу тәсілдері толық шамада жүргізілмейді. Бірақ мынаны атап өтуге болады, оқиға болған жердің жай-жапсарларын қайта жаңғырту міндеті оқиға болған жерді тексеру, жауап алу, куәландыру сияқты дәстүрлі тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде де тиісті шамада шешілмейді. Осыдан келіп оқиға болған жердің жай-жапсарлары мен мән-жайларын қайта құрастыруды жүргізу, алынған нәтижелерді бағалау тактикасын таңдау және дәлелдеу барысында танудың әрбір әдісінің рөлін анықтау мәселері туындайды.
Қоғамдық қатынастарда, мемлекеттің қылмыстық саясатында болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, тергеушінің танымдық қызмет механизмі мен құқықтарын, тергеу әрекеттерінің барлық қатысушыларының құқықтары мен міндеттерін егжей-тегжейлі қарастыра отырып, оларды ҚР Конституциясы және ҚР қылмыстық іс жүргізу заңнамасы талаптарына сәйкестендіру қажет.
Келтірілген жай-жапсарлардың жиынтығы атап өтілген мәселелердің жаңа ғылыми әзірлемелерін өзекті мәселелер қатарына жатқызуды алдын-ала анықтаумен, дипломдық жұмыстың зерттеу тақырыбын таңдап алумен байланысты болып келеді.
Тақырыптың зерттелу деңгейі . Тергеушінің танымдық қызметі барлық уақытта ғалымдардың назарын өзіне аударып келді. Қылмыс сияқты осындай күрделі әлеуметтік құбылыстарды тану маңызы және қылмыстың мән-жайларын тану барысында орын алатын проблемалар қайсыбір дәрежеде Г. Р. Арцищевский, А. Ф. Аубакиров, Р. С. Белкин, А. Н. Бегалиев, И. Е. Быхов-ский, А. Н. Васильев, Н. И. Гуковская, Ф. В. Глазырин, А. Я. Гинзбург, Е. Г. Жакішев, А. В. Дулов, С. Е. Еркенов, В. Ф. Ермолович, М. В. Ермолович, Ш. М. Мажитов, А. А. Исаев, О. Д. Ким, В. П. Колмаков, В. И. Комиссаров , И. О. Коновалова, М. О. Корниенко, В. В. Куванов, В. Г. Лукашевич, И. М. Луз-гин, Б. М. Нургалиев, П. Д. Нестеренко , В. И. Попов , А. Р. Ратинов, Б. А. Салаев, М. В. Салтевский, С. С. Степичев, Б. Х. Төлеубекова, В. М. Уваров, М. Н. Хлын-цов, К. Н. Шакиров, С. А. Шейфер және тағы басқа ғалымдардың жұмыстарында зерттелді.
Атап айтсақ, қылмыс әрекетін тану үшін үлгілеу, оқиға болған жердің мән-жайлардың қайта құрастыру әдістерін пайдалану А. Ф. Аубакиров, В. В. Куванов, И. М. Лузгин, А. Р. Ратинов, К. Х. Халиков, М. Н. Хлынцов, сияқты ғалымдар тарапынан зерттелініп өткен. Алайда, қылмыстың жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту жолымен тану кезінде бірқатар мәселелер туындайды, олар танымның осындай тәсілдерінің психофизиологиялық негіздерін, болған оқиға фактілерін қайта қалпына келтіруді өткізудің тактикалық шарттарын анықтау, осындай тәсілдерді қолданудың процессуалдық негіздерін анықтау бойынша жекелеген ғылыми зерттеулерді қажет етеді.
Зерттеудің обьектісі тергеу іс-тәжірибесі, қылмыстық істер мұрағатының материалдары, прокуратура мен соттардың қадағалау нәтижелеріне шолу жасау болып табылады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің негізгі міндеті мәселенің жағдайын талдаудан, оқиға болған жердің жай-жапсарлары мен мән-жайларын қайта жаңғырту кезінде қолда бар дәлелдерді тексеру мен дәлелді ақпараттар алу процесін жетілдірудің теориялық ережелерін және концептілік негіздерін кешенді түрде әзірлеуден көрінеді. Мұның өзі түпкілікті нәтижеде қылмыстық істердің тез, сапалы әрі тиімді зерттелуін қамтамасыз етуі тиіс.
Қойылған мақсатқа байланысты, жұмыста келесі міндеттерді шешу қарастырылған:
- оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту ұғымын анықтау мен зерттеу, қылмысты тергеу кезіндегі танымдық әдіс ретінде оның мазмұнын ғылыми тұрғыдан негіздеу;
- сот өндірісінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғыртудың жүзеге асырылу формаларын анықтау;
- тергеушінің ойлау қызметі шеңберінде оқиғаның жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғыртуды пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
- іздестіру тергеу әрекеттері шеңберінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғыртуды қолданудың тактикалық негіздерін әзірлеу: оқиға болған жерді тексеру, мәйітті тексеру, куәландыру, заттарды тексеру, тінту;
- тергеу экспериментін жүргізу, оқиға болған жерде айғақтарды тексеру мен нақтылау кезінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғыртуды қолданудың тактикалық негіздерін әзірлеу;
- оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту әдісін қолдануға байланысты қылмыстық іс жүргізу және қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу.
Зерттеу жұмысының құрылымы мен көлемі . Дипломдық жұмыстың құрылымы ғылыми зерттеудің негізгі мақсаты мен міндеттеріне сай келеді. Зерттеу жұмысы кіріспеден, екі бөлімнен, төрт тараушадан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттерден тұрады.
1 ОҚИҒА БОЛҒАН ЖЕРДІҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫ МЕН МӘН-ЖАЙЛАРЫН ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУДЫҢ ТАНЫМДЫҚ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ
1. 1 Тергеу әрекеттерінде оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғыртуды тактикалық тәсіл ретінде пайдалану мәселелері
Қылмысты тергеу дегеніміз - болып өткен оқиғаны тану. Материалдық дүние көрінісінің құбылыстары мен қасиеттерінің жалпылама өзара байланысы, өзара тәуелділігіне орай бірде-бір құбылыс, соның ішінде қылмыстық әрекет із-түссіз өтуі мүмкін емес. Ол қылмыс оқиғасына тікелей қатысатын обьектілерде, сондай-ақ осы қылмыс оқиғасының материалдық жағдайында қандай да бір өзгерістер тудырады.
Қылмысты тергеу кезіндегі таным барлық кезде тікелей сипатқа ие болады. Ол болып жатқан қылмыс оқиғасын тікелей бақылау арқылы іске асырыла алмайды, олай болған жағдайда танушы - тергеуші куә рөлін иеленуі тиіс, ол шындығында оқиғаның қандай көлемде болғандығын қайталай алмайды, бұл жағдайда әрекеттері қылмыс ретінде саралануы тиіс. Қылмыстық істер бойынша тану обьектісі айқын болып тұрмайды. Оның негізін тікелей қабылдана алмайтын өткен күннің жасырын және жасырылушы фактілері құрайды. Жауапкершілік алдындағы қорқыныш қылмыскерлерді өздерін білдірмеуге мәжбүрлейді.
Қылмысты тергеу түрлі мазмұндағы фактілік деректерді жинау арқылы жүргізіледі, осы деректер арқылы таным аралық сипатты иеленеді. «Қабылдаудан абстрактылық ойлауға және одан тәжірибеге» [2, с. 194-216; 2, с. 152-153], деген ақиқатты тану туралы диалектикалық ереже қылмысты тергеу кезінде әсер етеді [4, с. 3-5] . «Қабылдау» оқиға болған жерді тексеру, мәйітті тексеру, куәландыру формасында іске асырылады, соңынан ойлау арқылы қылмыс оқиғасын және материалдық түрде тыйым салынбаған сипаттағы оқиғаның жекелеген үзінділерін қайта жаңғырту үшін абстрактілі ойлауға жол беріледі. Бүкіл таным процесі күрделі сипатқа ие. Тергеуші қылмыскердің қылмысты жасауының бүкіл механизімін тану үшін, оның барлық әрекеттерін қайта жаңғыртуға, ойлау арқылы қайта құрастыруға мәжбүр болады.
Қылмысты тергеу кезіндегі таным процесінің өзіндік ерекшеліктері барлық көрнекті ғалым криминалистердің жұмыстарында атап өтілген. Олардың барлығы келесі қасиеттерді көрсетуде бірыңғай пікірге келеді: тану үшін мемлекеттік өкілеттігі бар адамдар таным субъектілері болып табылады, олардың қызметі белгілі бір іс жүргізу формасында, заңға қатаң сәйкестілікте іске асырылады, танымдық қызмет заңда белгіленген мерзімдермен шектеледі [4, с. 3-10], мұның өзі қоғамның бүкіл мүшелері арқылы танылады, тергеушінің танымдық қызметі қай жағдайда да мүдделі адамдардың тарапынан күшті қарсылық көрсетілу жағдайында өтеді, ол өте жасырын сипатта болады, кейде ұйымдасқан үлгіде ашық, дөрекі сипатта келеді [5, с. 5] . Соңғы жылдары Қазақстандық криминалистикада қарсылық көрсету және онымен күресу шараларына арналған бірқатар Дипломдық жұмыслық зерттеулер пайда болды [7, с. 7] .
Таным әдістері мен критерийлері туралы мәселелер қылмыстарды тергеу кезінде ерекше маңызға ие [9, с. 24] . Олардың негізгілері қылмыстық іс жүргізу құқығы және криминалистиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу пәні бола отырып, сонымен маңызды дәлелдеу көздеріне, фактілік деректерді жинау құралдарына айналды: тексеру, жауап алу, тінту, тергеу эксперименті, оқиға болған жерде айғақтарды тексеру және т. б. [10, с. 124] . Қылмыс туралы ақпарат жинаудың көрсетілген құралдары алуан түрлі қызметке ие, көлемді, маңызды болып келеді, мұның өзі теория мен тәжірибеде танымдық ақпарат көздері және сондай-ақ дәлелдеудің іс жүргізушілік көздері ретінде қарастырыла бастады. Сондықтан заңнама актілерінде - одақтас республикалардың қылмыстық іс жүргізу кодекстерінде бекітіледі [11, с. 21] .
Ғылымтану адамның танымдық қызметінің амалдарын, тәсілдерін жүйелейді, оларды функциялық мүмкіндіктеріне, қолдану механизмдеріне, қолдану субъектілеріне, зерттеу обектілеріне қарай жіктейді [12, с. 265] . Криминалистика ғылым ретінде ғылымтанудағы танымал әдістер жиынтығын шығармашылық тұрғыдан қайта жасады, оларды қылмысты ашу, тергеу міндеттерін шешуге бейімдеді, келесі схема бойынша жүйеледі: диалектикалық әдіс, жалпы ғылыми әдіс, арнайы әдістер [13, с. 29] . Осы жіктемеден бұрын өткен ғасырдың бірнеше ондаған жылдар бойында криминалистер арасында пікірталас жалғасып келді [12, с. 136] . Мәселен, А. Р. Ратинов әдістердің басқаша бір жіктемесін ұстанады. Ол әдістерді келесі топтарға бөліп қарайды: бірінші топ - диалектикалық әдіс, екінші топ - жалпы әдіс және үшіншісі - жеке ғылыми әдістер [14, с. 28-29] . М. И. Лузгин тану әдістеріне қарай барлық әдістерді екі үлкен топқа бөлуді ұсынады: ойлау қызметімен байланысты әдістер және әртүрлі техникалық құралдарды қолданумен байланысты әдістер. Алғашқы топқа ол көптеген ғалым - криминалистердің жалпы ғылыми әдістер ретінде қарастыратын әдістерін жатқызады [15, с. 14] .
Жалпы ғылыми әдістерге олардың жан-жақтылығы тән. Жетекші теоретиктердің бірі Р. С. Белкин жалпы ғылыми әдістер жүйесіне мыналарды жатқызады: бақылау, өлшеу, суреттеу, салыстыру, эксперимент, үлгілеу, зерттеудің математикалық, кибернетикалық және эвристикалық әдістері [23, с. 342-345] . Н. С. Полевой жалпы ғылыми әдістер деп мыналарды санайды: бақылау, абстракциялау, салыстыру, суреттеу, эксперимент, үлгілеу, ойлаудың логикалық тәсілдері - талдау, өңдеу (синтез), индукция, дедукция, аналогия [16, с. 18] . А. В. Дулов мынадай әдістерді келтіреді: үлгілеу, аналогия, ұқсастыру, генетикалық талдау, болжаулар ұсыну, ғалым оларды жалпы әдістерге жатқызады [17, с. 38-39] . В. Ф. Ермолович танымның жалпы ғылыми әдістерін келесі түрде атап көрсетеді: бақылау, салыстыру, өлшеу, эксперимент, үлгілеу, қайта құрастыру (реконструкция ), талдау, өңдеу, индукция, дедукция, аналогия, абстракциялау және формаландыру әдістері және т. б. Тағы басқалары қандай екендігін, өкінішке орай авторлар ашып көрсетпейді [18, с. 21] . Көріп тұрғанымыздай, нақты жалпы ғылыми әдістерді және әдістердің топтарын анықтауда өзіндік айырмашылықтар бар. Біздің көзқарасымыз бойынша, Р. С. Белкин ұсынған жалпы ғылыми әдістер жүйесін ұстанған дұрыс. Әрине, бұл жүйенің кейбір ұстанымдары тартысқа толы, ол толықтырулы және түзетілуі тиіс, ал біздің зерттеулеріміздің өзі осыған арналады [12, с. 342-345] .
Тергеу әрекеттерінің маңызы жалпы ғылыми әдістер арқылы ашылады. Жалпы ғылыми әдістер әрбір тергеу әрекетін жүргізу кезінде қолданылады, бірақ олардың кейбірін жүргізу кезінде белгілі бір жағдайда жалпы ғылыми әдістердің бүкіл жиынтығы қажет етіледі. Бәрінен бұрын барлық жалпы ғылыми әдістерге деген қажеттілік оқиға болған жерде тексеру кезінде туындайды немесе олардың кейбіреулері ғана қолданылады. Әрбір тергеу әрекетінің тану мүмкіндіктерінің шегі әрбір жалпы ғылыми әдіс арқылы анықталады және ашылады. Сондықтан біз үшін әрбір жалпы ғылыми әдістің шектеулі мүмкіндіктерін білу аса маңызды. Ғылымның даму логикасы, ғылыми және практикалық қызметтің алуан түрлі міндеттері алуан түрлі әдістерді тудырады. Мұның өзі материалдық дүние обьектілерін зерттеуге арналған жаңа әдістердің пайда болуымен немесе ғалымдардың криминалистика теориясында бейнеленген дәстүрлі тәсілдерін нақтылаумен байланысты келеді [13, с. 17] .
Алғаш рет криминалистика теориясында жалпы ғылыми әдістер туралы 50-жылдардың басында жазыла бастады. Осы уақытта олар ұйымдасқан түрде қолданылған жоқ, мәселен, оқиға болған жерді тексеру немесе сол кездегі тергеу әрекеті аясында тікелей оны жүргізу кезінде қолданылды, мұның өзі олардың танымдық мүмкіндіктерін шектей түсті [55, с. 18-80] . Негізінен оларға бақылау, суреттеу, өлшеу жатады. Эксперимент [20, с. 187], үлгілеу [21, с. 127] сияқты мұндай әдістер 60-жылдардың басында ғана жалпы ғылыми әдістер мәніне ие болды. Егер үлгілеу осы уақытқа дейін ғылыми-теориялық және тәжірибелік мәнге ие болса, бірақ оның барлық мүмкіндіктері танылмаған болса, онда әдіс ретінде эксперимент сол бір 60-жылдары теориялық және тәжірибелік тұрғыдан ғана зор маңызға ие болып кеткен жоқ. Ол оқиға болған жерді тексеру, тінту сияқты дәлелдемелердің басқа да көздерімен бір қатарда тұрды. Алайда, осы жалпы ғылыми әдіске қатысы тұрғысынан сол кезде және қазіргі уақытта да қылмыстық іс жүргізушілерде де, кримналистерде де оның маңызы мен іс жүргізу формаларын түсіндіруде бірыңғай әдіс жоқ. Оны тергеу эксперименті немесе оқиға болған жерді тексеру мен нақтылау немесе оқиға болған жердің жай-жапсары мен мән-жайларын қайта жаңғырту сияқты түрлі іс жүргізу формаларында қарастырылып келген және қарастырылып жүр. Сондай-ақ оны таным әдісі ретінде де қарастырады, эксперименттік әдіс [22, с. 18] немесе қайта құрастыру әдісі [20, с. 67], я болмаса қылмыстың мән-жайларын қайта жаңғырту әдісі деп те атайды [23, с. 37] .
С. П. Митричевтің атап өтуінше, тергеу эксперименті қолда бар дәлелдерді, атап айтқанда, айыпталушылар немесе куәлардың айғақтарын тексеру құралы ғана болып табылады, сонымен бір уақытта ол жаңа дәлелдерді алудың іс-жүргізушілік формасы бола алмайды [22, с. 10] .
Кейбір авторлар, мәселен, С. С. Степичев сол кездің өзінде «Оқиға болған жерге баруды жеке тергеу әрекеті» ретінде қарастырып келді. Мұнда оқиға болған жерді тексеру, жауап алу және тергеу экспериментінің жеке элементтері болғанымен, ол осы әрекеттердің бірде-біріне қосылуы немесе жатқызылуы мүмкін емес [3, с. 23] .
Кейіндеу А. И. Васильев пен С. С. Степичев тергеу тәжірибесінің қажеттіліктерін ескере отырып, жеке тергеу әрекеті ретінде оқиғаны қайта жаңғыртуға қатысты теориялық негіздер мен тәжірибелік ұсыныстар әзірлеу, соның негізі ретінде оқиға болған жерде айғақтарды тексеруді алды [22, с. 85] .
Тергеу экспериментінің табиғаты мен маңызына қатысты сол кезде екі түрлі көзқарас болды. Бірінші көзқарас өкілдерінің пікірінше, тергеу эксперименті жеке тергеу әрекеті емес, тергеулік тексерудің бір түрі немесе тіпті тексеру немесе тануды жүргізу кезінде дәлелдерді тексерудің тактикалық тәсілі болып табылады. Бұл пікірді М. С. Строгович, Р. Д. Рахунов, И. М. Якимов, П. И. Тарасов-Радионов және т. б. қолдайды. Алайда, М. С. Строгович тергеу эксперименті өзінің заңды табиғаты бойынша өрлеу сатысындағы тексерудің ерекше бір түрі болып табылатындығын атап өтеді [25, с. 317] . И. М. Якимов тергеу эксперименті - куәлар немесе айыпталушылардың айғақтары арқылы белгіленген дәлелдерді тексеру мақсатында, фактілерді немесе болған оқиғаны жасанды түрде қайта жаңғырту немесе фактілерді бейнелеу болып табылады деп атап көрсетеді [26, с. 54] . П. И. Тарасов-Радиновтың ұсынысы бойынша, егер тексеру кезінде қайсыбір күрделі емес эксперименттерді жүргізу қажеттілігі туындаса, мәселен, есіктің дыбысын шығармай ашу мүмкіндігі болса, тергеуші осы әрекетті орындаған соң хаттамада оқиға болған жердің тексерілуін бейнелеп көрсетуі тиіс [27, с. 103] .
Сонымен қатар басқаша бір көзқарас та болды, оны жақтаушылар тергеу экспериментін жеке тергеу әрекеті деп санады, мұның өзі оны басқаларынан жүргізу тактикасы мен алынған нәтижелерді бағалауы арқылы ерекшеленді. Мұндай көзқараста Н. И. Гуковская, В. П. Колмаков, Л. Е. Ароцкер, Ф. К. Диден-ко, Р. С. Белкин, Ш. М. Мажитов, А. Я. Гинзбург және т. б. жатады. Мәселен, В. П. Колмаков пен Л. Е. Ароцкер, кейіннен В. П. Колмаковтың өзі тергеу экспериментін жеке тергеу әрекеті деп санады. Ол белгілі бір оқиғалар болып өткен, жасанды түрде құрылған жай-жапсарлар дәлел алу мен тексеру үшін жүргізілуі тиіс деп есептеді [28, с. 40; 29, с. 2] . Н. И. Гуковская тергеу эксперименттерінің түрлері мен оларды жүргізу тактикасын анықтап берді [30, с. 6] . Р. С. Белкиннің көзқарасы бойынша «оқиғаның жай-жапсарын қайта құрастыруды тергеу экспериментінің бір түрі деп санады» [20, с. 30] .
Тергеу эксперименті және айғақтарды тексеру мәселесіне арналған жоғарыда келтірілген көзқарастар ілгері сипатта болды, криминалистік тактиканың танымдық мүмкіндіктерін кеңейте түсті. Бірақ тергеу тәжірибесі сол уақыттағы іс жүргізу формасымен шектелген еді.
... жалғасы- Іс жүргізу
- Автоматтандыру, Техника
- Алғашқы әскери дайындық
- Астрономия
- Ауыл шаруашылығы
- Банк ісі
- Бизнесті бағалау
- Биология
- Бухгалтерлік іс
- Валеология
- Ветеринария
- География
- Геология, Геофизика, Геодезия
- Дін
- Ет, сүт, шарап өнімдері
- Жалпы тарих
- Жер кадастрі, Жылжымайтын мүлік
- Журналистика
- Информатика
- Кеден ісі
- Маркетинг
- Математика, Геометрия
- Медицина
- Мемлекеттік басқару
- Менеджмент
- Мұнай, Газ
- Мұрағат ісі
- Мәдениеттану
- ОБЖ (Основы безопасности жизнедеятельности)
- Педагогика
- Полиграфия
- Психология
- Салық
- Саясаттану
- Сақтандыру
- Сертификаттау, стандарттау
- Социология, Демография
- Спорт
- Статистика
- Тілтану, Филология
- Тарихи тұлғалар
- Тау-кен ісі
- Транспорт
- Туризм
- Физика
- Философия
- Халықаралық қатынастар
- Химия
- Экология, Қоршаған ортаны қорғау
- Экономика
- Экономикалық география
- Электротехника
- Қазақстан тарихы
- Қаржы
- Құрылыс
- Құқық, Криминалистика
- Әдебиет
- Өнер, музыка
- Өнеркәсіп, Өндіріс
Қазақ тілінде жазылған рефераттар, курстық жұмыстар, дипломдық жұмыстар бойынша біздің қор #1 болып табылады.

Ақпарат
Қосымша
Email: info@stud.kz