Лингвистикадағы бейвербалды амалдар


Пән: Тілтану, Филология
Жұмыс түрі:  Дипломдық жұмыс
Тегін:  Антиплагиат
Көлемі: 64 бет
Таңдаулыға:   

КІРІСПЕ

Диплoм жұмыcының cипaттaмacы: Коммуникацияда екі амал бар. Олар вербалды және бейвербалды амалдар. Қатысым әрекетінде тек қана вербалды амал емес, бейвербалды амалдар да қатар қолданылады. Тіл білімінде вербалды амалдардың зерттелу ауқымы кең екендігі айтпаса да мәлім. Ал, бейвербалды амалдар, олардың түрлері, мағыналық топтары, шығу тарихы жайлы зерттеулер ХХ ғасырдан бастау алып, бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Көптеген зерттеушілер осы екі амалды жеке-жеке алып барынша қыр-сырын ашуға тырысты. Соның арқасында қазіргі таңда аталған амалдар жайлы зерттеу жұмыстары мен еңбектер саны жетерлік. Біз де бітіру жұмысымызда осы екі амалдың ерекшеліктеріне тоқталамыз. Дегенмен, біздің жұмысымыздың алдыңғылардан өзгешелігі - қатысым әрекетінде вербалды амал мен бейвербалды амалдың қатар қолданылуы мен олардың бір-біріне әсерінің қандай екендігіне мән беруімізде. Бітіру жұмысымызда осы екі амалдың қатар келгендегі қызметтеріне, ақпаратты берудегі рөліне тоқталамыз.

Диплом жұмысының өзектілігі: Сөйлеу үдерісіндегі вербалды және бейвербалды амалдардың коммуникативтік мақсатқа сай қайсысының басым түсетіндігін анықтау және вербалды амал мен бейвербалды амал үнемі қатар жүретіндігін айқындай келіп, қайсысының қай кезде басым құрал болатындығын, осы уақытқа дейін екіншілік, яғни көмекші қызмет атқарады деп келген бейвербалды амалдың өзі де негізгі қызметке көшетін сәттері болатынын дәлелдеу біздің жұмысымыздың өзектілігі болып табылады.

Диплом жұмысының зерттеу нысаны: Қатысым әрекетіндегі вербалды және бейвербалды амалдардың бір-біріне әсері.

Диплом жұмысының мақсаты: Қатысым әрекетіндегі вербалды және бейвербалды амалдардың бір-біріне әсерін және осы екі амалдың қайсысы ақпаратты нақты және дәл беретінін анықтау. Аталған мақсатты орындауда алға қойылатын міндеттер:

• Бейвербалды амалдарға қатысты негізгі зерттеулермен таныса отырып, зерттеу бағыттарын айқындау;

• Паралингвистика мен экстралингвистиканың арақатынасын ажырату;

• Бейвербалды амалдардың тақырыптық аспектіде классификациясын анықтау және жүйелеу;

• Тілдегі вербалды және бейвербалды амалдардың қатар қолданысындағы қызметтерін салыстыру;

• Вербалды және бейвербалды амалдардың қызметінің ұлттық, стилистикалық, жыныстық, жас ерекшеліктеріне қарай қолданысын ажырату;

• Қатысым әрекетіндегі вербалды және бейвербалды амалдардың жағдаятқа сай қайсысының қызметінің басым тұрғанын анықтау;

Диплoм жұмыcының тeopиялық еңбектері мен дереккөздері:

Зерттеу жұмысымыздың материалына ағылшын, орыс және қазақ ғалымдарының бейвербалды амалға қатысты зерттеу жұмыстары арқау болды. Олар: ежелгі ғалымдардан М. Т. Цицеронның «Об ораторе» кітабы, Әл-Фарабидің «Риторикасы», ағылшын және орыс зерттеушілерінен Ш. Баллидің «Общая лингвистика и вопросы французского языка» (1955), Я. Рейковскийдің «Экспериментальная психология эмоций» (1979), О. С. Ахмановтың «Вопросы оптимизации естественных коммуникативных систем» (1971), С. Аленикованың «Язык жестов» (1985), Г. В. Колшанский «Паралингвистика» (1974), И. Н. Гореловтың «Паралингвистика» (1977), «Невербальные компоненты коммуникации» (1980), қазақ тіл білімі ғалымдарынан М. Жұмабаевтың «Педагогика» (1992), Қ. Жұбановтың «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер» (1998), К. Ахановтың «Тіл білімінің негіздері» (1978), Т. Қордабаевтың «Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары» (1987), Р. Әмірдің «Ауызекі сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері» (1997), Ф. Оразбаеваның «Тілдік қатынас» (2005), Г. Піралиеваның «Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері» (2003) атты көлемді еңбектері, Д. Э. Розенталь, М. А. Теленкованың «Словарь справочник лингвистических терминов» (1985), Б. Момынова, С. Бейсенбаеваның «Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша сөздігі» (2003), «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 7-том» (1983) сияқты т. б анықтамалар мен сөздіктер.

Диплом жұмысының практикалық бөлімінде дереккөздер ретінде «Троя» (Великобритания, США, 2004), «Табу» (Қытай, 1999), «Жемчужина дворца» (Оңтүстік Корея, 2003), «Непохищенная невеста» (Үндістан, 2005), «Жаужүрек мың бала» (Қазақстан, 2012) фильмдері және М. Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы (2000, ІІ том), С. Мұқановтың «Мөлдір махаббат» (2006), Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» (2006) шығармалар жинағы, Ш. Мұртазаның «Қызыл жебе» романы (1994, І том), қазіргі заманауи қаламгерлерімізден Ұ. Доспанбетовтың «Жылусыз от» (2009), Е. Әбікенұлының «Министр» (2014), Д. Амантайдың «Қастерле мені» (2000) атты жинақтары, сондай-ақ күнделікті тұрмыстағы адамдардың, өз қатарластарымның бейвербалды амалдары алынды.

Диплом жұмысын зерттеудегі әдіс-тәсілдер: Зерттеу әдістері мен тәсілдерін белгілеу жұмыстың алға қойған мақсаты мен міндеттеріне байланысты айқындалды. Жұмыс барысында салғастырмалы әдіс, сипаттау әдісі мен құрылымдық зepттeу әдicтepi пaйдaлaнылды.

Диплом жұмысының нәтижелері:

- паралингвистика мен экстралингвистиканың арақатынасы ажыратылды;

- бейвербалды амалдардың қайсысы биологиялық, қайсысы әлеуметтік құбылысқа тән екендігі анықталды;

- зерттеушілер ұсынған бейвербалды амалдардың таксономиясын жүйелей келе, бейвербалды амалдарға не жатқызатынымыз белгілі болды;

- вербалды және бейвербалды амалдардың қатысым әрекетіндегі қызметі айқындалды;

- қатысым әрекетінде вербалды амал мен бейвербалды амалдардың қандай жағдайда негізгі қызмет атқаратыны мысалдар арқылы дәлелденді;

- бейвербалды амалдың қай кезде көмекші рөлде, қай кезде қызметі вербалды амалмен тең түсетіні айқындалды;

- қимылдарды салғастыру, салыстыру барысында қарым-қатынастағы бейвербалды элементтердің мағынасы ашылды;

- бейвербалды амалдың тілмен арақатынасы, қимылдарды орындаудағы органның қызметі және сөзбен суреттеудегі қимыл түрлері ажыратылып, мысалдар арқылы дәлелдене түсті.

Зерттеу жұмыcының құpылымы: Диплoмдық жұмыc кірiспедeн, үш бөлімнeн, қoрытынды, пaйдаланылған әдебиеттеp тізiмі мен глоссарийден тұрaды.

1 ЛИНГВИСТИКАДАҒЫ БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ЖАЙЫ

Адам әлемі - коммуникация әлемі. Л. Витгенштейн айтпақшы, адам өзін-өзі адам ретінде тек қана басқа адамдармен коммуникациялық байланыс жүйесіне енген соң сезінеді екен. Қарым-қатынасқа «1. Пікір айту ауызша әрі сөйлеуші мен тыңдаушының жүзбе жүз отырып қатысуы; . 2. Пікір айту диалог түрінде, яғни екі немесе бірнеше адамның қатысуы; 3. Пікір айту ешқандай дайындықсыз емін-еркін әңгіме үстінде құралады» деген Рақыш Әмірұлының тұжырымы арқау болады [1, 23] .

Кез келген тілдік бірлік өзге бірліктер және формалармен тығыз қарым- қатынаста, байланыста болғанда мән-мағынамен толығады. Жалпы сөйленістің екі жағы болады, біріншісі - коммуникация кезінде коммуниканттардың арасында қандай байланыс болатындығына негізделген практикалық мәнмәтін (контекст) болса, екіншісі, лингвистикалық контекст көлеміндегі семантикалық бірліктердің мәні басқа тілдік бірліктермен тығыз байланыста алып қарауға болатын қыры, бұл - екінші жағы. Өйткені, тіл дегеніміз ең алдымен жай ғана тілдік бірліктердің жиынтығы емес, ол - жүйе, жүйе әлденеше сөйленістердің топтамасынан, фразалық құрылымдардың жиынтығынан тұрады. Яғни белгілі бір хабарды жеткізу мақсаты көзделген кезде нақты бір тілдік бірлік қатысым әрекетінің құрамына қосылады. Ол күрделі бірлік. Осы күрделі бірлік адамдардың бір-бірімен пікір алмасуын қамтамасыз етеді де, тілдік ұжымның, ұжым мүшелерінің өзара қарым-қатынасқа түсуін, өзара байланысын іске асырады.

Коммуникацияда адамдар қарым-қатынасты іске асыру үшін сөйлеумен қатар, ойды әсерлі жеткізу мақсатында түрлі тілдік және тілден тыс, тілдік емес, тіл айналасындағы құралдарды пайдалану дағдысын қалаптастырған. Осы тіл айналасындағы құралдарға ольфакторлық (иісті сезу), көзбен көру, құлақпен есту сияқты тілдік және тілдік емес құралдар жатады.

Ғалымдар ғылым тілінде тілдік құралдарға вербалды амал элементтерін жатқызады да, тілдік емес құралдарға бейвербалды элементтерді жатқызады. Коммуникацияның осы екі элементінің арақатынасы қандай межеде танылуы керек деген мәселеге байланысты бүгінгі таңда қалыптасқан пікірлердің өзіндік жүйесі бар.

Біз өзімізге үйреншікті туған-туыс, дос-жаран арасында отырғанда коммуникацияның көптеген компоненттерден тұратын кешенді әрі үзіліссіз үрдіс екендігіне мән бермейміз. Бәлкім, бөтен шетелге сапарға аттанғанда ақпараттың тек қана тіл арқылы ғана емес, сонымен қатар, көптеген басқа арнамен жететіндігін түсінеміз. Қарым-қатынас вербалды (сөйлеу мен сөзге негізделген) және бейвербалды (сөзге негізделмеген дене мен қолдың қимылы, ишаралар, (бас изеу, бас шайқау, қол сермеу, және т. б. ) көзқарас, бет-бейнедегі мимика сынды көптеген құрамдас бөліктерден тұратындығын сонда нақ түсіне бастағандай боламыз.

Міне, осындай тілдегі вербалды амал мен бейвербалды амалдар арасындағы әсерлесу туралы алдыңғы буын ғалымдардың концепциялары жайлы осы тарауымызда жан-жақты сөз қозғайтын боламыз.

1. 1 Бейвербалды амалдар жайлы қазақ, орыс тіл білміндегі зерттеулер

ХХ ғасырдың бірінші жартысында тілтану ғылымында басты назарда болған тіл жүйесі болатын. Дегенмен 60-жылдардың ортасынан бастап лингвистер тілдің екінші жағы - сөйлеу құралы және дискурсқа аса мән бере бастады. Осыдан кейін лингвистика саласына айтушы мен тыңдаушы арасындағы қарым-қатынас пен оның іске асу барысындағы ерекшеліктерін зерттеу өзекті мәселе болып кірді. Х ғасырда бейвербалды қатынас құралдары туралы алғаш зерттеу жасаған шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби өзінің «Риторика» атты ғылыми трактатында: «Әңгіме айтатын адамның бет әлпетінің кейпі, оның денесінің тұрқы мен мүшелерінің қалпы сол адамның қылығы болып табылады. Мәселен, осы жағдай тыңдаушыға төніп келе жатқан үрейлі оқиға туралы хабарлаған кезде болады. Бұл сәтте оның бет әлпетінен зәресі ұшу, қорқыныш нышаны аңғарылуы тиіс, немесе ол әлдебір затқа қимыл- қозғалыс арқылы нұсқап, не басқа біреудің нұсқағанын істейді. Бұл оның ақиқаттығына сенімін арттырады . . . » дей келе, қарым-қатынасқа түскенде адамға тән мінез-құлықтың қаншалықты маңызды екендігін көрсеткен [2, 7] . Байқағанымыздай коммуникацияға деген қызығушылық адамдар арасында ерте кезден-ақ орын алған, бірақ сөйлеу құралдарын ғылыми тұрғыда зерттеудің тарихы біздің ғасырымыздан алыс емес.

Қатысым әрекетіне байланысты зерттеу жұмыстары лингвистикалық қана емес, сондай-ақ физиологиялық, психологиялық, психологиялық, антропологиялық, психолингвистикалық, методологиялық, педагогикалық бағыттарда да жүргізілген.

Ғылыми эксперименттер көрсетуі бойынша жест, дене қимылдары вербалды амал жеткізе алмаған эмоционалды, танымдық, нормативтік ақпараттарды тасымалдайды екен.

М. Аргайл және оның әріптестерің зеттеу қорытындысына көз салсақ, бейвербалды белгілер вербалды амалдарға қарағанда анағұрлым ақпаратты көп береді. Осыған байланысты орыс тілтану ғылымының зерттеушісі Н. Грейдина былай дейді: « . . . невербальные каналы оказывают в 1, 67-12, 50 раз больший эффект с сравнении с вербальными знаками» [3, 24] .

Бұл көрсеткішті Р. Бердвистелла дәлелдей түседі. Оның эксперименті де сөйлесу барысындағы ақпараттың 30-35% вербалды амал арқылы, қалған пайызы бейвербалды амалдарға тиесілі екенін дәлелдейді.

А. Мейерабиннің де зерттеу жұмыстарынан да осыны аңғарамыз. Бұл концепцияны О. К. Тихомирова: «невербальный смысл элемента всегда больше по объему, чем его вербализованный эквивалент»-деп толықтырады [4, 80] .

Г. В. Колшанскийдің көзқарасы да осыған сай келді. Тек ол сөйлесуші адамдардың жеке қасиетіне, мінезіне, әлеуметтік статусына байланысты өзгеру мүмкін екендігін ескерте кетті.

В. А. Лабунская қатысым әрекетіндегі адамның бет-әлпеті серігінің назарын аударту үшін маңызды рөл атқарады деген қорытындыға келеді. Эксперименталды материалдардың көпшілігі мимикалық тіл негізінен адамға туа біткен және ол әмбебеп: кез-келген бет бұлшық етінің қозғалысы барлық адамзат баласында бір мағынаны береді. Мысалы, П. Шифенхефель көзбен сәлемдесуді «әмбебап» сәлемдесуге жатқызады. Шифенхефель осындай сәлемдесулердің әлеуметтік контактіге түсуге дайын екендігін айғақтайды. Қарым-қатынас кезіндегі бейвервалды амалдар барлық халықта бірдей болмайды, олардың қолданылуы белгілі бір ұлттың, халықтың дүниетанымына, мәдениетіне сәйкес келеді деген пайымдауға келген зерттеушілер де жоқ емес. . Бұл туралы Г. Н. Снасопова: «Әрине, кей жағдайда кинемалық кодтарды шешу ұлттық білім аясы негізінде мүмкін болады, себебі түрлі мәдениеттер мен инттелектуалдық дәстүрлер кинемалар төңірегінде де «өз» әлемін, «өз» тәжірибесін бейнелейді және оны түсіндіре алады», - деп түйіндейді [5, 82] .

Жалпы адамдардың қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі - тілдік қатынас, екіншісі - тілсіз қатынас. Тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың ұқсастықтары да, айырмашылықтары да бар. Бұл қатынастардың сәйкес жақтары: олардың екеуі де, біріншіден, адамдардың бір бірімен байланысын қамтамасыз етеді. Екіншіден, тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір дерек, ой, мағлұмат хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін. Үшіншіден, тілдік, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады.

Осы мәселе жайында зерттеуші Ф. Оразбаева ғалым Э. П. Шубиннің ойларына мынадай тұжырымдарын береді. Э. П. Шубин вербалды қатынастан бейвербалды қатынастың айырмашылығы бар екенін көрсетеді. Вербалды қатынас адамдардың саналық және физикалық әрекеттеріне қызмет ететінін айта отырып, вербалды қатынаста адамның ойлау қабілеті негіз болатынын көрсетеді. Тілдік қатынас - амалдар қарым-қатынасының ерекше формасы, ой бөлісу түрі [6, 223 ] . «Тілдік қатынас-сөйлеу тілі арқылы ұғынысу, түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге кеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның даму үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алысуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді» [ 7, 11] . «Қарым-қатынасына қатысты әрекеттер екі үлкен тармақтан тұрады. Оның бірі - тілдік қатынас, екіншісі - тілсіз қатынас» [7, 12] . Ғалым Ф. Оразбаева тілдік қатынас пен тілсіз қатынастың айырмашылықтары мен ұқсастықтарын өз еңбегінде былайша саралап өтеді:

1) адамдардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адам арасындағы қатынасқа қызмет етеді;

2) тілдік қатынаста да, тілсіз қатынаста да белгілі бір нәрсе хабарланады, бірақ тілсіз қатынаста хабар шартты түрде болуы мүмкін;

3) тілдік қатынас та, тілсіз қатынас та адамдардың өзара түсінісуіне жол ашады [6, 12] . Ғалым тілдік қатынастың ерекшеліктеріне тоқтала келе, екі түрлі айырмашылығын көрсетеді: «Біріншіден, тілдік қатынас - әмбебап, яғни жан-жақты, өйткені ол адамдардың барлық саналық және физикалық әрекеттеріне қызмет етеді. Екіншіден, тілдік қатынас бірінші пайда болады, яғни алғашқы кезеңде тұрады, өйткені оған адамның ойлау қабілеті негіз болады» [6, 43] .

Дыбыстық тіл - адам баласының бір-бірімен пікір алысу, қарым-қатынас жасаудағы ең басты құралы болғанымен, олар тек сөз арқылы ғана емес, сонымен қатар дененің түрлі қимыл-қозғалысы, таңба, белгі сияқты амалдар арқылы да түсінісе алады. Тілдегі осы сияқты таңба, ым мен ишарат, пантомимо тілімен қарым-қатынас жасауын зерттеу теориялық та практикалық жағынан маңызды. Қоғамдағы адамдардың арасында дыбыстық тілге көмекшілік қызметті атқаратын амалдардың бірі - таңба. Қазақ тіл білімінде таңбаны ғылыми тұрғыдан қарастыру ХХ ғасырдан бастап қолға алынып келеді. Тілтанушы ғалым Қ. Жұбанов еңбегінде: ақпарат алмасудың «басқа амалдары бар» дегеніміздің мәнісі мынау: сүгрет арқылы көп оқиғаны білдіруге болады. Әр алуан дабылдар (сигнал) мезгілді, келе жатқан жақсылық, жамандық жайларынан жұртты хабардар етеді», - деген тұжырым жасайды [8, 213], ал ғалым К. Аханов «Сөз бен таңба тепе-тең емес. Сөздің екі жағы «дыбысталу және мағына» бар екені белгілі. Сөздің осы екі жағының қайсысы таңбалық қызмет атқарады деген сұрақ туады. Бұл тіл білімінде әлі де шешімін таппаған өте-мөте күрделі проблема болып саналады» - [9, 123] деген тұжырым жасаса, ғалым Т. Қордабаев «Жалпы тіл білімі» еңбегінде: «Қандай да болмасын белгілі бір материалдық көрсеткішті таңба деп санау үшін, ол өзінің материалдық табиғатына тән емес, қосымша қызмет ретінде жүктелен бір нәрселерді білдіруі, хабарлауы қажет. Адамдар кез келген затты таңба ретінде пайдалана алады. Мысалы: терезе алдына бір шоқ гүл қою арқылы «үйде бөтен адам бар» дегенді хабарлай алады, бірақ ол үшін хабар берушімен хабар алушы арасында келісім болуы қажет. Олай болмағанда, таңба қосымша қызметін атқара алмайды» [10, 237] - деп таңбаның хабар алысу құралы екендігін дәлелдейді. Осыған орайлас пікірді белгілі ғалым Б. Номан: «Таңбаны қолдану үшін адамдар алдын ала бір-бірімен таңба жайлы келісіп алулары тиіс [11, 5] - деп жазды. Бұл берілген тұжырымдардан кез келген көмекші таңбалар арқылы» түрлі оқиға жайындағы мәліметті беруге болатындығын және мұндай коммуникативтік қызметті атқаруы үшін адамдардың арасында алдын ала келісімнің болуы қажет екенін байқадық. Тілші ғалым Ф. Оразбаева бұл жасанды таңбалардың тілдік таңбалардан құрылымы, қызметінің көлемі, мәні жағынан өзгешелігі бар екенін айта келіп, былайша саралайды:

1. Дыбыс тілі және оның таңбалары семиотикалық хабаршы таңбалардай тек бір нәрселерді мәлімдеп қана қоймайды, сонымен бірге ол - айналадағы өмірді танып-білудің, ойды қалыптастырып, дамытудың да құралы, басқаша айтқанда, адам баласының бүкіл күресі мен дамуының құралы;

2. Лингвистикалық таңбаларды белгілі біреулер, яки, шағын бір ұжым жасамайды. Ол сол тілде сөйлейтін бүкіл қауымның табысы, сондықтан ол тілдік ұжым мүшелерінің барлығына да белгілі, жалпыхалықтық болады.

3. Қызметі жағынан алғанда, лингвистикалық емес таңбалар алдын-ала белгілеп қойылған белгілі бір жайды ғана хабарлайды, білдіреді. Олардың коммуникативтік рөлі сапасы жағынан да, сандық жағынан да мейлінше шағын, бір объектіге ғана тәуелді.

4. Тілдік таңбаларды іріктеп, екшеп, түрлендіріп, алуан түрлі хабарларды жан-жақты етіп құбылтып беру мүмкіндігі бар.

5. Лингвистикалық емес таңбалар жүйесінде таңбаның бір ғана предикаттық мәні бар. Ол ұсақ таңбаларға бөлшектенбейді. Сондықтан бұларда таңбалардың иерархиялық құрылысы, белгілі тәртіпте бір-бірімен байланысқа келуі дегендер жоқ. Өз жүйесіндегі басқа таңбалармен мағыналық байланысы болмағандықтан, әр таңбаның өзіне белгілеп берілген бастапқы мазмұны өзгермейді, басқа таңбалар мазмұнына әсері болмайды. Тілдік емес таңбалардың өнімсіз болатыны осыдан [6, 345] . Зерттеуші пікірінше, кез келген жасанды таңба алдын ала белгілеп қойылған бір ғана ақпаратты жеткізеді, коммуникативтік қызметте пайдалану үшін адресат пен адресанттың арасында оның мағынасы жайында келісім болуы шарт.

Коммуникацияның бейвербалды амалдарына байланысты Ж. Аймауытов беттің ымын мимика, ал ымдасуды пантомимо деп атап, олардың өзіндік ерекшеліктерін сипаттап, нақты мысалдармен дәлелдейді. Тілші ғалым Т. Қордабаев: «Ым тілі жасанды емес, ол ұрпақтан ұрпаққа ауысып, мұра ретінде беріліп отыратын табиғи құбылыс. Шарттылық ым тілінде тым елеусіз, сондықтан ол негізінде интернационалдық құрал, оны бірінің тілін бірі білмейтін адамдар да түсіне алады. Барлық халықта жұдырық көрсетуді қорқыту деп, қол бұлғауды шақыру деп түсінеді. Сөйленістің вербалды тәсілдерімен бірге жүретін кинесикалық, проксемикалық, просодикалық амалдар мен қимылдар лингвистикада бейвербалды қатынастың құрамында болатынын түсіндіреді. Бейвербалды құралдар да дыбыстық сөздер сияқты өте тиімді және ыңғайлы болып есептеледі. Шынында да, адамдар бірін-бірі белгілі бір дыбыстар арқылы ғана емес, амалдар арқылы да түсінісе алады [10, 234] десе, тілтанушы Б. Момынова мен С. Бейсенбаевалар: «Дене тілі, ым мен ишарат - тілдің әлеуметтік, психологиялық лингвистика сынды салаларының фактілерін салыстыра, салғастыра отырып, кешенді зерттеуге қол жеткізуге болатын, қазақ тіл біліміндегі теориялық тұғыры әрі толық анықтала қоймаған жаңа сала. Кейбір ым мен ишараттың тұтас сөйлем немесе сөз, фраза орнына жұмсала беретінін ескерсек, қазақ тілінің лексика, синтаксис және фразеология, семантика салаларын зерттеуде әлі толық пайдаланылмаған, бірақ пайдалануға тиісті материал екені айқындалып шыға келеді» [12, 7] деген тұжырым жасайды. Тіл білімінде дыбыстық тіл мәселесі қашан да зерттеушілердің қарасытыратын негізгі нысаны болып келгенін жоққа шығара алмаймыз. Ал сөйлеу әрекеті немесе тілдесім кезіндегі көмекші құралдардың коммуникативтік құзіреттілікті қалыптастыру мен тілдесімде алатын орны мен қызметі, семантикасы, құрылымдық-мағыналық жағы, компоненттік құрамы жете зерттелмей келе жатыр.

... жалғасы

Сіз бұл жұмысты біздің қосымшамыз арқылы толығымен тегін көре аласыз.
Ұқсас жұмыстар
Бейвербалды амалдардың теориялық негізі
Қазақ тіліндегі эмоционалды сөздер
М.Мағауиннің «Аласапыран» тарихи романындағы ұлттық мәдениеттің тілдік көрініс
Қазақ тіліндегі бейвербалды элементтердің көп мағыналылығы
Лингвомәдениеттану ғылымының зерттелу жайы
Жарнама дискурсының қатысушылары - жарнама беруші мен тұтынушы
Əлеуметтік гендерлік зерттеулер
Шешендік сөздер жайлы
Лингвомәдениеттану ғылымының теориялық негізі
ПСИХИКАЛЫҚ ЖАЙ-КҮЙЛЕР АТАУЛАРЫНЫҢ ЛИНГВОСТИЛИСТИКАЛЫҚ СИПАТЫ
Пәндер



Реферат Курстық жұмыс Диплом Материал Диссертация Практика Презентация Сабақ жоспары Мақал-мәтелдер 1‑10 бет 11‑20 бет 21‑30 бет 31‑60 бет 61+ бет Негізгі Бет саны Қосымша Іздеу Ештеңе табылмады :( Соңғы қаралған жұмыстар Қаралған жұмыстар табылмады Тапсырыс Антиплагиат Қаралған жұмыстар kz